19. ХХ ғасыр басындағы діни-ағартушылық бағыт (Шәді төре Жәңгірұлы, Нұржан Наушабайұлы, Мақыш Қалтайұлы). Шәді Жәңгірұлы – Шығыс тақырыбынан молынан игерген ақын. Шаян, Қарнақ, Бұхарадағы Көкелташ медреселерінде оқыған. Ақын нәзира дәстүрі бойынша Шығыс сюжетіндегі елеулі оқиғалар мен тұлғаларды дастан етіп жырлайды. Оның біразын кітап етіп бастырады. «Хайбар хиссасы» (Қазан, 1910), «Хикаят Қамар-уз-заман» (Ташкент, 1910), «Русия падишаһлығында Романов нәсілінен хөкманлық қылған падишаһлардың тарихтары һәм Ақтабан шұбырыншылық заманына бері қазақ халқының ахуалы» (Орынбор, 1912), «Хикаят Уәрәқа Гүлша ғашық уә мағшуқ» (Ташкент, 1913), «Назым Сыяр Шәриф» (Ташкент, 1913), «Назым түркі фики Қайдани» (Ташкент, 1913-1914) т.б. кітаптары тарихтан мәлім. Ақын шығармаларында ислам құндылықтарына ерекше екпін түсіріп отырады. Мысалы, істеген ісі насырға шапқан әрі онысына өкінген «Орқа-Күлшедегі» кейіпкер Халал бүй дейді:
Ажыратып қанша ренжіттім,
Опасыз дүние бұл үшін.
Мұсылман қылмас іс қылдым,
Азғырғандардың тілі үшін.
Құтылмаққа себеп жоқ,
Жатқызып айтып тігісін.
Өлімге лайық күнәм бар,
Ойлаған уақытта дұрысын.
Шәді өлеңдерінде ой, пәлсапа, адамның жан дүниесінің сыры мен сыны қатар өріліп отырады. Өмірдің өтпелі екені туралы ақын:
Болғанмен қанша күші тіреуленген,
Адамның әрекеті құралмайды.
Хадисі Апылатондай болса-дағы,
Бәрібір бір қалыпта тұра алмайды,-
деп жазады. Қалай дегенде Шығыс тұлғалары мен ислам қасиеттерін, ұлттың асыл мінезін ерекше жырлаған Шәді дәстүр мәселесін көбірек байыптады. Мақыш Қалтайұлы заманында мұсылманша жетiк оқып, Шығыс пен Батыстың бар құндылығын халқына жеткiзуге тырысып көп кiтап жариялаған, жаңалық атаулыны елiм бiлсе, меңгерсе деп армандаған. Ұлт рухы аяққа тапталған шақта соны көтермек ниетте Һәм халқын ағарту мақсатында «Қазақ ахуалынан бахыс еткен манзума» (1909-1910), «Бір ғибрат сөз», «Қазақтың айнасы» (1910), «Насихат қазахия» (1911), «Бар уақиға», «Тура жол» (1912) атты кітаптар жариялап, Ғ.Рашидидің «Сақ сұқ халлері», З.Каримидің «Айна» жинақтарын (1913) аударып бастыртты. Дiндар Мақыштың сөзiне дәйек болған өнер – кең ұғым (бүгiнгi “искусствоның” баламасындай емес). Шығыс түсiнiгiн сiңiрген ақын үшiн адам игiлiгiн жасалынғанның бәрi – өнер, сонымен қатар адамның күн көру мақсатындағы қарапайымнан күрделi амал-тәсiлдерiне дейiнгiнiң күллiсi – өнер.
Әдебиетiміздің елшілдік-милләтшiлдiк кезеңінде Мақыш Қалтайұлы шығармашылығы да ерекше көрiнді. Көшбасшы iздеу сарыны, “қазақ кiмнен кем” деген ұстаным Мақышқа да тән.
…Көз де бар, құлақ та бар бiзде-дағы.
Ол бiлгендi сен де бiл, iзде-дағы.
Адамбыз айтарлық сөз ақылменен,
Табылар талап қылсаң сiзде-дағы, -
дейдi ол. Ақын дiн мен ғылым – милләт iсiнiң iлгерiлеуiне себепшi деп есептейдi. Сондықтан мал-дүниеңдi дiн мен ғылымға шаш деп кеңес бередi. М.Қалтайұлы ұлт – халықтың жай бiрлестiгi емес, айрандай ұйыған, тәрбиелi, иманды отбасылардан құралған жамағат екенiн дәлелдейдi.
Достарыңызбен бөлісу: |