3-4 ДӘріс туризмнің Қалыптасып, даму тарихы

Loading...


Дата25.03.2020
өлшемі43.04 Kb.
3-4 ДӘРІС

ТУРИЗМНІҢ ҚАЛЫПТАСЫП, ДАМУ ТАРИХЫ
Туризм қоғамда белгілі бір орын алатын құбылыс ретінде және термин немесе түсінік ретінде тек XІX ғасырда ғана қалыптаса бастады. Одан кейінгі оның даму тарихы (XX ғасыр) өзіндік толығуымен, жетіле, күрделене түсуімен сипатталады. Алайда туризм термин ретінде, қоғамдық құбылыс ретінде бірден қалыптасқан жоқ. Оның қалыптасуына тікелей болмаса да, жанама түрде әсер еткен тарихи алғы шарттар немесе факторлар болды. Оларға жататындар: 1. Ерте ғасырлардағы, әсіресе, орта ғасырларда (VІІ — XІV ғасырлар) болған мемлекеттер мен халықтар арасындағы сауданың дамуы. 2. Орта ғасырларда және XІX ғасырға дейінгі мемлекеттер арасында болған соғыс қимылдары. 3. XV ғасырдан басталған жаңа жерлердің (Ұлы географиялық) ашылулары.

Сауданың дамуы халықтар мен мемлекеттер арасындағы экономикалық, мәдени т.б. қатынастарды нығайтты, жолға қойды, басқа мемлекеттер мен халықтар, олардың тілі, діні, салт-санасы, олар мекен еткен жерлердің табиғаты туралы мәліметтердің жиналуына негіз болды. Халықтар арасындағы сауда қатынастарының дамуы Ескі дүниеде (Еуразия құрлығында, басқа құрлықтыр ол кезде дамудың “төмендеу” сатысында тұрған) құрлық бойынша да және сонымен бірге су жолдары (кемелер) арқылы да жүрген. Сауда қатынастарының ең айқын айғағы, тарихтағы белгілі, Ұлы жібек жолының болуы. Бұл жол Шығыс пен Батысты, Азия мен Еуропа халықтары арасындағы байланыстарды қалыптастырып, олардың арасына дәнекер болды. әр түрлі тауарлар тасыған керуендер құрамында 10 мыңға дейін аттар, түйелер болған. Тауарлардың ішіндегі ең бағалысы әрине жібек матасы болған. Ол матадан Рим, Византия, Батыс Европа, Иран және Араб феодалдары мен атқамінерлері киім киген. Жібектен басқа ұлы Жібек Жолы арқылы сол кезде жоғары бағаланған фарфор, қымбат бағалы асыл тастар, шәй, қытай қағазы, қымбат металдар, бор, қару-жарақ, оқ-дәрі, жүзім, бұршақ, анар т.б. мәдени дақылдар және заттар тауарлар тасылған.

Жібек жолы сол кездегі Чанъаню (қазіргі Сиань) қаласынан басталып, ары қарай екіге бөлініп, бірі Турфан, екіншісі Хотон мен Яркенд арқылы Қашқарда тағы түйіскен. Турфан мен Қашқардан Орта Азия мен Қазақ жері арқылы одан ары Ресейге қарай жолдар кеткен. Қашқардан өткен соң қазіргі Ауғаныстаннан жол тағы екіге айырылып біреуі оңтүстікке Үндістанға, екіншісі батысқа Бағдадқа, одан ары қарай Жерорта теңізіне барып тірелген. Египетке, Византияға, Италияға т.б. елдерге жеткен. Керуендермен бірге жан-жаққа әр түрлі мақсатпен саудагерлер, жиhанкездерден басқа (кейде тұтқын құлдар түрінде) адамдар да барған. Олар арқылы бір елден екінші елдерге сол кездегі ғылыми, техникалық табыстар, шаруашылық тәжірибелер ауысқан. Ежелгі Үндістанның ғалымдары математика, медицина, тіл білімі салалары бойынша үлкен табыстарға жеткен. Бұл білімдер мен тәжірибелер Қытайға ауысып Қытай ғылымын дамыды, өз кезегінде Қытайдан ғылыми мәліметтер басқа елдерге ауысқан. VІІ ғасырдағы ұлы қытай ғалымы-географ Сюань Цзан Ұлы жібек жолы бойымен бірнеше рет Қытайдан Үндістанға сапары кезінде жолда кездескен қалалармен, өсімдіктермен, жануарлар дүниесімен, адамдар мен олардың өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен, дінімен, этникалық ерекшеліктерімен т.б. жете танысуға тырысып, мәліметтер жинаған.

Туризмнің қоғамдық құбылыс ретінде қалыптасуына белгілі-бір дәрежеде тарихи ғасырлардағы мемлекеттер арасында болған соғыстар да алғы шарт болған. Соғыстар алдындығы стратегиялық және тактикалық жоспарлар кезінде, алдын ала жүргізілген барлау (әскери барлау, барлау кезінде саудагерлерді пайдалану т.б.) арқылы тек ұрыстар болатын орындардың жер жағдайлары ғана емес, сонымен бірге қарсы мемлекеттердің табиғи ерекшеліктері, мемлекеттік құрылымы, саяси жағдайлары, халқының тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық ерекшеліктері, кәсібі, діні т.б. туралы мәліметтер жиналып қорытындыланған.

Үшінші алғы шарт — XV ғасырдан басталған жаңа жерлердің (құрлықтардың, дүние бөліктерінің) ашылуы болды. Мегелланның, Колумбтың, Куктың, Берингтің т.б. саяхатшылардың жасаған экспедициялары жер шарының басқа құрлықтары мен орындары жайлы білімдердің жиналуына мүмкіндік берді. Олар өз кезегінде бұл жерлер мен құрлықтардың болашақта игерілуіне жол ашты.

Алғашқы саяхатшылар.

Алғашқы саяхатшылар қатарына Океания (Мұхиттық аралдар) тұрғындары кіреді. Олар Оңтүстік-шығыс Азияда Микронезия, Тынық мұхитына, Маркиза аралдарына, Туамлту архипелагына (топаралына) Канос қайықтарымен жүзіп бара алған. Б.з.д. 500 ж. Полинезиялықтар 2000 мин қашықтықта орналасқан Гавай аралдарына дейін жүзіп барған. Жүзу барысында арнайы құралдардың болмағандығына қарамастан күн мен жұлдыздардың орналасуын, мұхит толқындарының, бұлттардың қозғалысына және құстардың ұшу жолдарына қарай отырып көкжиек сызығын бағдарлай білген. Олардың тұщы сулармен тамақ қорын қалай толықтырып отырғандығы бізге белгісіз. Жерорта теңізі жағалауының тұрғындары өз саяхаттарын сауда, діни және емдік, мақсатта пайдаланғандығы белгілі. Діни кітаптарда керуен жолдарымен саудагерлер, саяхатшылар жүріп өткен жерлері туралы мәліметтерді кездестіреміз. Ертедегі грек оқымыстылары б.з.д. 5 ғасырдағы Перадот б.з.д. 4 ғғ. Пидей т.б. жаңа территорияларды ашу басқа елдермен танысу мақсатындағы ұйымдастырылған жорықтарға қатысқандығы мәлім. Б.з.д. 776 жылдан бастап олимпиялық ойындардың өткізілуі, спорт сүйер қауымның, өнер адамдарының Жерорта теңізі маңы елдерінен көптеп қатысуына байланысты олимпия өтетін аймақта, демалатын, спорттық жарыс өтетін ареналардың салынуына мүмкіндіктер жасалады. Әртүрлі елдер, жерлер туралы мәліметтердің жиналуына орай Страбон (63 ж. б.з.д.), Птоломей (90 — 163 б.з.д.) карталарында географиялық тұрғыда картографиялық мәліметтер берілген.

Ертедегі Рим туризм тарихына өзіндік үлес қосты. Рим имперасы аумағы қалалары тарихи-табиғи нысандары туризмнің дамуының алғы шарты болып табылады. Римдіктер атпен 100 милдік қашықтықта жүруге қолайлы жолдар арқылы атақты Храм, т.б. тарихи ескерткіштерді табиғатта тамашалау мақсатында, серуен жорықтар ұйымдастырған. Египет аумағындағы ескерткіштер мен пирамидалар қызығып тамашалайтын танымдық нысандарға айналған. Рим империясының дәуірлеу заманында ауқатты римдіктер Грекияда білім алу мақсатында кейінірек ойын-сауыққа демалу, тынығу мақсатында адамдардың Грекияға көптеп келуін байқаймыз. Емдік мақсаттағы жылы минералдық бұлақтар пайдаланылған.

Осы кезден бастап Рим империясы аумағында мемлекеттік демалыс үйлері ашыла бастады. Олардың орналасуының өзі атпен бір күндік жол жүруге есептелінген. Олар мемлекеттің басты жолдар бойындағы қалаларда орналасқан. Саяхатшылар мен мемлекеттік қызметкерлер, хат тасушылар Рим қаласынан Кіші Азияға дейін т.б. шет аймақтарға шыға алған. Ұлы Александр патшалығы тұсында түркі жеріндегі Эффес қаласы ірі сауда орталығына айналған болатын (б.з.д. 334 ж.). Бұл қалаға жан-жақтан келуші адамдар тобы (туристер) акробаттар және сиқыршылар өнерін қызықтауға, көңіл көтеруге, демалуға келген екен. Рим империясының күйреуі (б.з. І ғ.) байланысты адамдардың бір қаладан екінші қалаға, бір елді мемлекеттен екінші мемлекетке барып қайту қозғалуы азайды. Инфрақұрлымдық салалардың, жолдардың демалыс аймақтарының іске жарамсыз болуы — ұры қарақшылардың көптігінен, саяхат серуен құру адам өміріне қауіп-қатер туғызды. Сондықтан да 15 ғ-ға дейін адамдардың көпшілігі киелі жерлерге бару мақсатында жолға шыққан. Еуропалықтардың крест жорықтары кезінде көрші жерлерді басып алу мақсатында адамдардың көпшілігі бөтен елдің жерін, байлығын басып алу мақсатында әскери жорықтың жолымен жүріп отырған. Нәтижесінде шығысқа қарай дін адамдарымен оны уағыздаушылар Еуропа халықтары, ал ауқаттылар емдік сауықтыру орындарына барып демалуға мүмкіндіктері болған. Адамдардың әр түрлі мақсатта өздері тұрған жерден шет территорияларға шығуы географиялық білімнің жаңа жер туралы мәліметтердің жиналуына әсер етті. Онда сипаттамалар, жазбалар картографиялық мәліметтер Афанасий Никитин, Марко Поло, Васко де Гама, Христофор Колумб сияқты саяхатшылар нәтижесінен байқаймыз.

15 — 17 ғ.ғ. Ұлы географиялық ашылыстар туризм тарихындағы қомақты орынға ие. Құрлықтар мен жаңа жерлердің ашылуы жиhанкездердің атпен, жаяу, қайық, кеме, темір жолдарды игеруге саяхатпен серуен экспедициялардың қалыптасуымен дамуына туризм түрлерінің шығуына, пайда болуына әсерін тигізді.

Орыс саяхатшыларымен жиhанкездердің географиялық ашылулары Евразияның зерттелмеген аймақтарын ашуға, игеруге ат салысты.

1639 ж Поярков, Дежнев, Масквитин И. Сібірді кесіп Охота теңізі жағалауына шыққан.

1643 — 46 ж.ж. В.Д Поярков Якутск жерінен Тынық мұхит жағалауына жетеді. Ал С. Дежнев Азия мен Америка арасындағы бұғазды, ал 1696 ж. В.Т Атласов Камчатканы ашып, орыс саяхатшыларын 1711 ж. Курил аралдарына шығарды. 1732 ж. И. Федоров экспедициясы Аляска жағалауына жетеді. В. Беринг Алеут аралдарын аша отырып Азия мен Америка арасындағы бұғазды анықтаған, картографиялық мәліметтер жинаған. XVlll ғасырдағы орыс саяхатшылары Д.Я Лаптев, Х.П Лаптев, С.И Челюскин, Г.И Шелиховтар Америка, Азия жағалауларын, Охота теңізі ауданын, Камчатка және Курил аралдарын, Жапонияның солтүстігін зерттеуде көп үлес қосты. XlX ғасырдың басына қарай адамдар мекен ететін құрлықтардың ашылу процесі аяқталды. Барлық ірі өзендер, үлкен көлдер зерттеліп, картаға түсіріледі. Адам мекендейтін аумақтардың жер бедерінің негізгі ерекшеліктері айқындалды.

XІX және XX ғасырларда полюстар маңы игеріліп, мұхиттар зерттелді, Азия құрлығының аз зерттелінген ішкі аудандары назарға алынды. Орыс саяхатшылары XІX ғасырдың басында алғашқы дүние жүзілік саяхаттар жасады. Олар Н.Ф Крузенштерн және Ю.Ф Лисянскийлер (1803 — 1804 жылдар) болды, олардың нәтижесінде Тынық мұхитта жаңа аралдар ашылды. Теңізшілер М.П Лазарев, Ф.Ф Беллинсгаузен Аустралияға, Полинезияға барды және Антарктиданы ашты (1821 ж). Саяхатшы Н.Н Миклухо-Маклай Жаңа Гвинеяны толық зерттеді (XІX ғасырдың 70 жылдары), ал орыс зерттеушілері П.П Семенов-Тянь-Шанский және Н.М Пржевальский т.б. Тянь-Шань, Памир және Моңғолия арқылы Орталық Азияға ене отырып бұл аймақтың игерілуіне зор үлестерін қосты.

XX ғасырға қарай орыс саяхатшылары мен теңізшілері Азияның көптеген шекараға жақын жатқан географиялық аудандары мен үлкен кеңістіктегі жерлерді, Еуропа мен Азияның барлық жағалауларын, Солтүстік Американың бірталай жағалауларын зерттеп шықты, басқа да жаңалықтар ашты.


Алғашқы туристік орындар.

Көне заманнан бері туристер үшін ерекше орындар баста назарда болып келген. Олардың ішінде бәрімізге белгілі әлемнің жеті кереметі де бар. Олар:

1) Сфинксті қосып алғандағы (қазірге дейін сақталған) көне Египет пирамидалары;

2) Вавилондағы (қазіргі Ирак) Семирамида аспалы бақтары;

3) Галикарнастағы (Түркия) мазар;

4) Олимпиядағы (Грекия) Зевс мүсіні;

5) Колос Родосский деп аталатын Гимос мүсіні (Грекияға жақын жатқан Родос аралы);

6) Александриядағы (Египет) жұлдызшам (маяк);

7) Эфестегі (Түркия) Артемидтер храмы немесе Диана храмы.

Дүние жүзіндегі ерекше орындарға сондай-ақ Тадж-Махал (Үндістан), Ұлы қытай қорғаны, Петр қалашығы (Иордания), Алып пиктограммалар (Перу), Машу-Пиешу қалдықтары (Перу), Боробудур будда храмдар кешені (Ява аралы) жатады.

Көне заманда осы орындарды көру үшін саяхаттар жасалынған. Осы жағдай қазіргі туристердің Ұлы Каньонды, Ниагара сарқырамасын, ұлттық парктерді, мұхиттарды, көлдерді және адам қолымен жасалынған үлкен қалаларды, мұражайларды, ескерткіштерді аралап көретіндігі сияқты нәрсе.
Алғашқы турагенттіктер.

1822 ж. Бристолдық (Ұлыбритания) Роберт Смарт өзін алғашқы параходттық агент ретінде танытты. Ол Бристоль каналымен жүретін және Дублинге (Ирландия) баратын параходтарға (кемелерге) жолаушыларды тіркей бастады.

1841 ж. Томас Кук әрбір жолаушыдан 1 шиллинг ала отырып Ланкастерден Лонгоборугқа дейін теміржол саяхатын көпшілік адамға (570) арнап ұйымдастырды. Бұл көпшілікке жарнамаланған алғашқы экскурсиялық поезд болады, ал Кук экскурсиялық поездардың алғашқы агенті түрінде көрінді. 1847 жылдан бастап Куктың компаниясы саяхаттар мен экскурсияларға деген билеттерді тек Англияда ғана емес, шет елдерге де тарата бастады. 1863 ж Кук үлкен туристік саяхатты Швейцарияға, ал 1868 ж Солтүстік Америкаға ұйымдастырды. қазіргі кезде Куктың компаниясы дүние жүзіндегі ең ірі туристік ұйымдардың бірі болып табылады. Жеке эксклюзивтік сапарларды ұйымдастырудың алғашқы маманы ағылшын Томас Беннет болды, ол Ослодағы (Норвегия) британ консулының хатшысы бола отырып, Норвегияға жеке адамдар үшін театр турларын ұйымдастырды. 1850 жылдан бастап ол жеке туристер үшін маршруттар, көлік, тамақ, туристік құрал жабдықтар ұсына бастады, олар үщін қонақ үй номерлері мен аттар туралы алдын-ала келісіліп отырды.
Алғашқы ұйымдастырылған экскурсиялар.

ІІ ғасырдың аяғы мен XVІІІ ғасырдың ортасында ұлы ойшылдардың ықпалымен Еуропаның кейбір оқу орындарында оқушылар үшін қысқа экскурсиялар мен жаяу серуендер қолданыла бастады. Олар белгілі поляк педагогы Ян Амос Коменскийдің әдістері бойынша оқыту мен тәрбиенің нақтылығы мен көрнекілігі үшін өткізілді.

Ресейде экскурсиялық қызмет XІX ғасырдың екінші жартысында қалыптасты. Бұл кезде жаратылыс тану әуесқойлар қоғамы Петербургте, Мәскеуда, Қазанда, Екатеринбургте, Тифлисте және басқа қалаларда белсенді жұмыс атқарды. 1902 — 1909 жылдары Кавказ тау қоғамы (Пятигорск) жұмыс істеді. 1905 жылы Ресейдегі алғашқы экскурсиялық мекелердің бірі — Қырым-Кавказ тау клубының Ялталық экскурсиялық бюросы құрылды. 1899 жылдан бастап Мәскеудегі Педагогикалық қоғамда гимназиялардың, коммерциялық мектептердің оқушылары үшін жалпы білім беретін экскурсияларды ұйымдастыру бойынша комиссия жұмыс істеді, ол Мәскеулік оқу аймағының жанындағы Орталық экскурсиялық комиссияның жұмысын да бағыттап отырды.

Экскурсиялық қызметтің дамуы тарихи, мәдени және табиғи ескерткіштердің, ансамбльдердің, мұражайлардың және әр түрлі көрмелердің ашылуымен қатар жүрді. Бұл жағдайда ғылыми қоғамдардың ұсыныстық қызметі, зиялы қауым өкілдерінің ұсыныстары әсер етті. 1872 ж. Мәскеуде Политехникалық мұражай, ал 1873 ж. Тарихи мұражай құрылды. XІX ғасырдың екінші жартысында Ресейде тау саяхаттары кең тарай бастады. 1877 ж. Тифлистегі Кавказ жаратылыс тану қоғамы жанынан елдегі алғашқы альпілік клуб құрылды. 1890 ж. Одессада құрылған қырым тау клубы өзінің филиалдарын Ялта мен Севостопольде ашты. XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында туризмнің дамуына көптеген ғылыми және әуесқойлық қоғамдар көп көңіл бөле бастады. Олардың ішінде Орыс география қоғамы, Жаратылыстану әуесқойлары қоғамы, Петербургтың халық университеттері қоғамы т.б. бар.

Экскурсиялардың, шыңға шығудың, жаяу жорықтар мен велосипед серуендерінің кең таралуы, көптеген ғылыми және кәсіподақтың қоғамдардың, ұйымдардың, оқу орындарының туризм мен экскурсияларға деген ынтасы, орыс зиялы қауымының саяхаттарды, қозғалыс пен танымдық экскурсияларды халықты ағарту үшін пайдалануға ұмтылуы туризм мен экскурсия әуесқойларының арнайы ұйымдарға бірігуіне алғышарт жасады. Сөйтіп, 1895 ж Орыс туристер қоғамы, ал 1901 ж Орыс тау қоғамы құрылды. Осы екі қоғам да 1917 жылға дейін негізгі туристік ұйымдар болды.
Алғашқы орналастыру орындары.

Қонақ үй индустриясының алғашқы кәсіпорындарының пайда болуы Ежелгі Риммен (б.з.д. 50 ж.) байланысты. Үлкен Рим империясында жұмыстармен жиі басқа жерлерге баратын әкімдер мен саудагерлер көп болды. Олар үшін қалалар мен елді мекендерде, басты жолдар бойында аялдау бекеттері салына бастады. Рим империясының құлдырауымен бірге (б.з.д. І ғасыр) бұл аялдау бекеттері мен таверналар тоқырап, тек орта ғасырларда сауда мен саяхаттың дамуына байланысты қайта жаңғырды. Еуропалық экономикалық қайта өрлеу дәуіріндегі қауырт дамуы, жаңа кәсіптердің, елдер арасындағы сауданың пайда болып, дамып, кеңеюі қонақ үйлерге деген қажеттілікті көбейтті. Сол кездерден бастап-ақ қазіргі қонақ үй индустриясының негізі қалана бастады.

Туризмнің қалыптасуындағы келесі кезең XІІ — XІV ғасырларда басталған кайта өрлеу және XVІІІ ғасырдағы Ағарту дәуірлері болды. Бұл ғасырларда оқу-білімінің, тәрбиенің, өнердің жан-жақты дамуына байланысты қоршаған ортамен танысу, тәрбие, оның ішінде әсіресе, дене тәрбиесі құралы ретінде, көп жағдайда балалар тәрбиесімен байланысты Европаның сол кездегі мемлекеттерінде, Батыс Еуропада, саяхаттар мен серуендер жиі пайдаланыла бастады. Олардың білім беру мен тәрбиенің маңыздылығы жайлы сол дәуірдің ұлы ағартушылары мен ойшылдары — Томас Мор, Руссо т.б. әр түрлі ойлар айтып, өздерінің еңбектерін жазып қалдырған.

Туризим толық түрдегі қоғамдық құбылыс және термин ретінде XІX ғасырда қалыптасты. Бұған ішінара сол кездегі параходтар мен темір жолдардың пайда бола бастауы әсер етті. 1815 ж. саяхатшы және жазушы Дж. Галиньяни Парижде ең алғашқы саяхат ұйымдастырды. 1829 ж. неміс саяхатшысы К. Бедекер өз бетінше саяхат жасаушылар үшін жол көрсеткіш кітапшалар дайындап шығарды. 1841 ж. ағылшын Томас Кук (1808 — 1892) алғаш Лестерде, сонан соң Лондонда коммерциялық (паушельдық — бірдей бағадағы) саяхаттарды ұйымдастырған алғашқы саяхаттар бюросын құрған, 1843 ж. ол теміржол вагондарын жалға алып және туристерді азықпен, ат сайыстарына деген билеттермен қамтамасыз ете отырып, алғашқы көп адамдық тур ұйымдастырған. Ал 1847 жылдан бастап Томас Кук Еуропаның әр түрлі елдеріне экскурсия билеттерін тарата бастады. Томас Кук халықаралық туризмнің негізін салушы болып есептеледі. 1854 ж. Т.Куктың бюросы үлгісі бойынша К. Ризель Берлинде алғашқы неміс саяхатшылар бюросын ашты. XІX ғасырдың екінші жартысында Еуропаның көптеген елдерінде туристік бюролар, фирмалар, клубтар ашылды. Мысалы, осы жылдары Лондонда велосипед саяхаты, Берлинде су саяхаты, Аустрияда тау саяхатшылар клубтары құрылып жұмыс істей бастады.

Дүние жүзінің экономикалық алдыңғы катарлы елдерінде кең көлемдегі туризм көп адамдық ұшақтардың пайда бола бастауының, автомобилдердің кең тарай бастауының, жол-көліктік жүйелердің дамуының, демалыс мерзімдеріне ақы төлеу жүйесінің ендірілуінің нәтижесі ретінде 1950 жылдардан бастап нығая бастады. 1970 — 80 жылдары туристер арасында көп таралған жақын жерлерге отбасылық автомобильдер саяхаттары, орташа және алыс қашықтықтарға жасалынатын авиачартерлік инклюзивтурлар, автобустық турлар мен теңіздік круиздік саяхаттар ұйымдастырды. Осы жылдары жаңа туристік аймақтар пайда болды. Халықаралық туристік ұйымдар, ішкі және халықаралық туризмнің рыноктары, туристік жарнама мен насихат сферасы қалыптасып, маркетингтің негізгі принциптері құрылды. Ал 27 қыркүйек —Дүние жүзілік туризм күні болып жарияланды. Дүние жүзілік туристік ұйымның берген ақпараты бойынша қазіргі кезде жыл сайын 2 — 2,5 млрд. туристік саяхаттар жүзеге асырылады (шет елдерге жасалынатыын саяхаттары қоса алғанда). 2000 ж. 390 млн. астам адам туристік саяхаттарға шыққан (дүние жүзі бойынша).

Туризмнің Рессей және бұрынғы ТМД елдеріндегі даму кезеңдері.

Рессейдегі туризм туралы алғашқы мәлімет XVІІІ ғасырға қатысты. 1777 жылдың желтоқсанында “Московские ведомости” газеті “Бөтен өлкелерге жасауға болатын саяхаттар жоспарын” газет бетіне басып шығарған. Бұл жоспарды құрған Мәскеудегі ақсүйектер пансионының иесі Вениамин Генш болатын. Ол Германия, Швейцария, Италия және Франция елдері бойынша осы елдердегі фабрика ісімен, өнермен және университеттермен танысу мақсатындағы саяхаттар үшін жас дворяндардың шағын тобын құруды ұсынды. Бұл жоспар туристік мақсатта шет елдерге коллективтік сапарларды ұйымдастырудың алғашқы қадамы болатын.

18 ғасырда Мәскеу және Санкт-Петербург қалалары бойынша алғашқы жол көрсеткіш басылымдар пайда болды. Олардың бірі: “Санкт-Петербургтың алғашқы 1703 жылдан салынуынан бастап 1751 жылға дейінгі тарихи, географиялық және топографиялық сипаттамасы” деп аталынады, авторы-архивариус Андрей Богданов (1779 ж.), ал екіншісі: өз бойында қазыналық көпірлердің, сарайлардың, шіркеулердің, монастырлардың, шағын көшелердің және үлкен көшелерің аттары бар императорлық, астаналық қала “Москваның суреттемесі” (авторы В.Г. Рубан, 1782 ж.) деп аталды. Бұл жолсерік кітапшалар сол кездердегі саудагерлерге арналған, тек жолаушылар мен көрушілерге арналып жасалынды. Богданов пен Рубанның және т.б-дың осындай жолсілтеме кітапшалары 18 ғасырдың аяғында жарық көрген Рессей астанасының ерекше жерлері мен олардың көркемдік бағасын сипаттайтын бірінші кітаптар болды.

19 ғасырдың 1-жартысында туризм Рессей азаматтарының тек бір ғана шектелген бөлігі (негізінен дворяндар мен көпестердің) айналысатын ісі болып қалып қойды. Саяхаттар көбіне батыс елдерге және Санк-Петербург пен Мәскеуге жасалды. Саяхаттар ұйымдастыратын арнайы мекемелер болған жоқ. Оларды насихаттауда саяхаттар туралы жазылған әдебиеттің рөлі жоғары болды. Мысалы ол жылдары Н.М. Карамзиннің “Орыс саяхатшысының хаттары” (1791 —1792), Н.И. Гречтің “Англиядан, Германиядан және Франциядан жол хаттары” (1839) т.б. кітаптар жарық көрді. Бұндай авторлардың көпшілігі шет елдерге жасалынған саяхаттарды сипаттап жазды. Ресейдің басқа бөліктеріне арналған жол сілтегіш кітапшалар пайда болды. Дмитриевтің “Мәскеуден Санкт-Петербургқа дейін және кері қарай жол сілтемесі”, 1847 ж. жарық көрді.

19 ғасырдың екінші жартысында орыс саяхатшылары Англиялық (дүние жүзі бойынша алғашқы тау саяхатшылары клубы 1857), Австриялық (1862), Швейцариялық (1863) т.б. тау саяхатшылары клубтары жұмыстарымен танысып, Альпі тауларындағы осы клубтар маршруттарымен жүріп өтті. Шет елдер клубтары үлгісімен 1878 ж. Тифлисте Рессейде алғаш рет тау клубы — “альпілік кавказ клубы және жаратылыстану әуесқойлары қоғамы” құрылған болатын, ол ресми түрде Рессейлік география қоғамының Кавказ бөлімшесінің құрамында болды. Алайда бұл қоғам көп жұмыс атқарған жоқ, небәрі 6 жыл да, бірнеше экскурсиялар жүргізіп, Кавказдың табиғаты туралы мақалалары бар бірнеше кітапшалар шығарды. Рессей туризмінің тарихында 1890 ж. Қырым тау клубы ретінде құрылған Қырым-Кавказ тау клубы көбірек із қалдырған. Бұл клубтың әсіресе Ялта бөлімшесі ерекше танымға ие болды, бұл бөлімшені ұзақ уақыт дәрігер В.Н. Дмитриев басқарды. Бөлімше Рессейде алғаш рет Қырымның ең қызғылықты жерлеріне; Бахчисарайға, Учан-Суға, Массандраға, Алупкаға, Ливадияға, Ай-Петриге көптеген туристік сапарлар ұйымдастырды. 1896 — 1913 жылдары бөлімше өткізген экскурсияларға 120 мыңнан астам адам Рессей қалаларынан келіп қатысты. Оқушылар экскурсияларын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінді, олар Қырымға өз мұғалімдерімен бірге топ-топ болып (тіпті әр топта 150 адамға дейін) саяхаттар ұйымдастырған болатын.

1885 ж. Петербург өзінің алдына Европа елдерімен таныстыруды мақсат етіп қойған және коммерциялық сипаттағы “Дүние жүзінің барлық елдеріне жасалатын қоғамдық саяхаттар үшін құрылған кәсіпорын”, ол кейінірек 1895 ж. жол-анықтауыш кітаптарды шығарумен, Рессей әр түрлі қалаларда туристерді қабылдауға арналған қонақ үйлерді құрумен, өз мүшелерінің ұжымдық сапарларын өткізумен айналысқан, кейінірек аты “Туристердің рессейлік қоғамы” болып өзгерген “Велосипедші-туристердің Рессейлік қоғамы” құрылды.

1910 ж. соңғы аталған қоғам өз бетінше жасалатын көп күндік экскурсиялар үшін материалдық жағдайлары жоқ адамдар үшін Кавказға, Қара теңізге, Оралға және Ресейдің басқа да аудандары мен аймақтарына саяхаттар ұйымдастырды. қоғам мүшелерінің шетелдерге жасалынған саяхаттары қатысушы адамдарың өздері құрған маршруттар бойынша шағын топтар арқылы жүзеге асты. Қоғамның Бельгияның, Австрияның, Англияның, Италияның және басқа елдердің туринг-клубтарымен жасаған келісім шарттарының нәтижесінде Рессейден келген туристер жол билеттерін сатып алу, қонақ үйлерде орналасу, велосипедтерді жөнге келтіру және кедендік төлемдер кезінде т.б. жерлерде жеңілдіктерге ие болды. Қоғам сонымен бірге оқушылармен жүргізілетін экскурсияларға көп көңіл бөлді, олар туралы “Русский турист” журналында әңгімелер, мақалалар жиі жарияланып тұрды.

1901 ж. Мәскеу-Казан теміржолының директоры А.К фон Мекканың ұсынысы бойынша құрылған Орыс тау қоғамы өз мүшелеріне арнап Кавказға арзан саяхаттар ұйымдастырды, Сол үшін аттар ұстады, қонақ үйлер мен қонақ жайлар құрып, саяхатшыларды тау құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етті. 1902 ж. Пятигорскіде, Кавказ Минералды сулары курорттарында демалушыларға экскурсиялық қызмет көрсету үшін Кавказдық тау қоғамы құрылғанды. Бұл қоғамның мүшелері Эльбрустың беткейлерінде “Кругозор” үйшігін салды, әскери-Осетин, әскери-Грузин жолдары бойынша, Эльбрустың етегіне, “Нарзандар” аңғарына арнайы маршруттар құрды. 1909 ж. Владикавказда тау клубы политехникалық қоғам жанынан құрылды. Кавказ туристер арасында кең түрде тартымды аймақ бола бастады. 1912 ж. Тифлисте туризмді Кавказда кең түрде қолдаудың басты комитеті құрылды. 1910 жылдары бүкіл ел бойынша Рессейде туристік қозғалыс қарқынды болды: көптеген қалаларда (Мәскеу, Ростов, Владивосток т.б.) экскурсиялық комиссиялар, бюролар, комитеттер, жеке туристік кеңселер құрылды. Олар туристік топтар мен жеке экскурсантардың астаналармен және губерниялық орталықтармен танысуы кезінде көмек көрсетуге арналды. Халықаралық туризмнің дамуына едәуір үлес қосқан 1908 ж. құрылған техникалық білімдерді тарату қоғамының үйлестіру бөлімінің экскурсиялық комиссиясы болды, ол 1908 — 1913 жылдары Германияға, Швейцарияға, Ұлыбританияға, Жапонияға және басқа мемлекеттерге 7000 мыңнан астам адам, оның ішінде, 4500 мұғалімдер (көпшілік адамдарға саяхаттар жеңілдіктермен ұйымдастырылды) жіберді. 1917 жылға дейін саяхаттар әуесқойлары тек астаналарды емес, солармен бірге, ірі губерниялық қалаларды, Қырым мен Кавказды игерді, Орта Азияда, Алтайда, Байкалда болды. Ішкі туризм шет елдерге қарағанда кең ауқым алды. Алайда мемлекеттік туристік ұйымдар бұрынғысынша құрылмады, туризмнің дамуы әуесқойлар мен жеке кәсіпкерлердің қызметтері бойынша айқындалды.

Кеңестер одағы кезіндегі туризмнің дамуы

Революциядан кейін бұған дейін өмір сүрген туристік қозғалыстың ұйымдастыру формалары: тау клубтары, экскурсиялық комиссиялар мен бюролар, жеке туристік кеңселер т.б. өздерінің өмір сүруін тоқтатты. Алайда 1919 жылдың ақпанында Халық ағарту комиссариаты жанындағы бірыңғай еңбек мектебі бөлімінде мектептердегі экскурсия жұмыстарын жандандыру мақсатында экскурсиялық секция құрылды. Ересектер арасында туризмді насихаттаумен Бас саяси ағарту кеңесінің экскурсиялық бюросы айналысты. Ол экскурсиялық әдіс-тәсілдемелер жасады, клубтар, кәсіподақтар т.б. ұйымдар жанынан ашылған экскурсиялық мекемелердің қызметтерін үйлестірді. Бұл бюро бірнеше экскурсиялық станциялар ашты. Олардың ішінде әсіресе Петроградта (1920 ж.) ашылған “Экскурсанттар үйі” станциясы өз қызметімен ерекше көзге түседі. Алайда экономикалық қиын жағдайларға байланысты бұл станциялар көп ұзамай жабылып қалды. Басты себебі экономикалық әлеуметтік жағдай деп есептейміз.

1920 жылдың басында бұрынғы, революцияға дейін болған рессейлік туристік қоғамдар (РТҚ) қайта жаңғырып, өз жұмыстарын жалғастыра бастады. 1927 жылдың басында жаппай-көпшілік туризмді дамыту үшін алғаш Мәскеу комсомол комитетінде, кейінірек Бүкілодақтық комсомол комитеті жанынан туризм бюролары ашылды, олар көптеген (20 мыңдай адам) әуесқойларды “пролетарлық туризм” деп аталған жаңа қозғалысты біріктірді. Туристердің өз еркімен құрылған қоғамдарын кеңейту мақсатында Рессей туристік қоғамы ашылды, оған 1928 ж. коммунистер мен комсомол мүшелері жаппай кіре бастады. қоғам жарғысы бойынша 1928 ж. кезексіз конференция өткізілді, жаңа басқарма сайланды, оның төрағасы болып партия және мемлекет қайраткері Н.В. Крыленко бекітілді. 1929 жылдан бастап РТҚ елдегі туристік қозғалыстың ұйытқысы болды, оның бөлімшелері көптеген басқа қалаларда, кәсіпорындарда, ұйымдар жанынан т.б. жерлерде ашылды. 1929 жылдың қаңтар айында бұл бұл қоғам пролетарлық туризм қоғамы болып қайта құрылды, жаңа жарғы қабылданды. Қоғам өзінің алдына туризмді еңбекшілер арасында кеңінен таратуды, туризмді әскерилендіру арқылы Кеңестер Одағының қорғаныс қабілетін нығайтуға көмек етуді, туризмге өлкетану элементтерін енгізуді мақсат етіп қойды. Пролетарлық туризм қоғамының бөлімшелері барлық жерде ашыла бастады, мүшлерінің саны 50 мыңға жетті, бір жылдың ішінде жасалған жорықтарға 300 мың адам қатысты. қоғам туристік кадрлар дайындай бастады, өзінің арнайы басылымдарының ішінде “Құрлықта және теңізде” журналы шыға бастауы дәлел.

1920 жылдардың соңына қарай елде туризмді ұйымдастырумен сондай-ақ Халық ағарту комитетінің шешімімен 1928 ж. құрылған “Советский турист” (“Совтур”) акционерлік қоғамы да айналысты. Оның мақсаты Кеңестер Одағының барлық аумағы бойынша турбазалар ашу және маршруттар құру болды. 1930 ж. елдегі туризмді дамыту жұмыстарын жақсарту мақсатында Халық комиссарлар кеңесі “Совтур” мен Пролетарлық туризм қоғамын қосып Пролетарлық туризм және экскурсия қоғамын құру жайлы шешім қабылдады. 1934 ж. Халық ағарту комитетінің Орталық балалар туристік-экскурсиялық станциясы құрылды. Халықаралық туризм бойынша ұйымдастыру жұмыстарымен бұл кезде 1929 ж. 11 сәуірде Еңбек және қорғаныс кеңесінің шешімімен құрылған Бүкілодақтық акцонерлік қоғам — “Интурист” айналысты. 1936 ж. Орталық Атқару комитеті туризм жұмыстарын өз еркіндігі негіздегі қоғам шеңберінде қалдыруды сапасыз деп тауып 17 сәуір күні туризм мен альпинизм бойынша барлық жұмысты Орталық атқару комитетінің жанындағы бүкілодақтық кеңесіне тапсырды. Осымен бір мезгілде бүкілодақтың кәсіподақ қоғамына альпинизм, жаппай туризм, алыс, жақын маршруттар бойынша жорықтар ұйымдастыруға басшылық жасау тапсырылған болатын. Бүкілодақтық кәсіподақ бұл мақсат үшін Туристік — экскурсиялық басқарма (ТЭБ) құрды. 1930 жылдары туристік кеуде белгілері, туристік клубтар пайда болды. ТЭБ көптеген ұйымдар мен оқу орындарында туристік бөлімшелер құрды, жоспарлы туристік маршруттар санын арттырды, бірқатар жерлерде туристік демалыс үйлерін салды, және турбазаларды жөндеуден өткізді. Соғыс кезінде көптеген турбазалар әскери емхана ретінде пайдаланылды.

1945 жылдан кейін ТЭБ-лар көптеген басқа жерлерде жұмыс істей бастады. Жаңадан турбазалар ашылды. 1950 ж. 67 туристік базаларда 40 мың адам демалса, 1955 ж. туристік базалардың саны 100-ге жетті. Өз бетінше ұйымдастырылатын туристік жұмыстар қайта өрлей бастады. 1949 ж. туризм біріңғай бүкілодақтық спорт классификациясына ендірілді. 1950 жылдары туризм дене тәрбиесі факультетерінде жеке сабақ болып ендірілді. 1958 жылдың маусым айында Бүкілодақтық комсомол комитеті шетелдік жастар ұйымдары мен туристер алмасу ұйымдастыру және Халықаралық жастар туризмі бюросын — “Спутникті” құру жайлы шешім қабылдады. 1962 ж. ТЭБ орнына Туризм бойынша орталық кеңес, ол 1969 ж. Туризм мен экскурсия бойынша орталық кеңес Бүкілодақтық кәсіподақтар қасынан құрылды. Кәсіподақтар қарамағына өз бетінше ұйымдастырылатын туризм толығымен көшті. Туризм сферасы бойынша кәсіптік шеберлікті жетілдіру үшін 1970 ж. Сходня қаласында (Мәскеу облысы) туризм-экскурсия қызметтерінің мамандығын көтеру үшін Орталық курстар ашылып, ол кейіннен, 1982 ж. Туристік-экскурсиялық ұйымдар қызметкерлерінің мамандығын жетілдіру институты болып қайта құрылды. Көптеген университеттердің география факультетінде 1960 —70 жылдары “Өлкетану және туризм — өлкетану жұмыстарын ұйымдастырудың әдістері” мамандығы ашылды (Дондағы Ростовта, Минскде, Киевте, Тбилисиде, Ташкенте т.б. жерлерде). 1979 — 80 ж. Мәскеуде елдегі ең ірі (9,5 мың орындық) қонақ үй комплексі “Измайлово” т.б. қонақжайлар мен (туристер үшін) орындар ашылды. 1988 ж. турбазалар мен қонақ үйлерде 42 мыңдай адам демалды, экскурсанттардың саны 207 млн адамға жетті.

Қазақстандағы туризмнің дамып қалыптасуы.

Қазақстандағы туризмнің қалыптасып, дамуы 1920 жылдардан кейін басталды. Республикада құрылған алғашқы оқу орны — Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының дене дайындығы кафедрасынан республика аумағы бойынша жорықтар ұйымдастырыла бастады. Бұл жорықтар шаңғы, тау және жаяу туризм бойынша ұйымдастырылды. Шаңғы туризмі бойынша Іле Алатауымен және оның етегімен және Қырғыз Алатауы етегімен Бурное селосына дейін Жамбыл облысының Жуалы ауданының орталығы жорықтар ұйымдастырылды. Бұл жорықтарды ұйымдастырушылар тау туризмінің және альпинизмнің мамандары болды (Белоглазов, Зимин т.б.). Жаяу туризм бойынша жорықтар Іле Алатауы арқылы Қырғызстан аумағына ұйымдастырылды (Сонгкөл, Нарын, Буам шатқалы, Көкшел-тау т.б.). Бұндай жорықтарға институт студенттері де қатысты. Жорықтар 1941 жылға дейін жалғасып тұрды.



Кейінірек 60-жылдары Алматы Дене шынықтыру институтынан туризм (спорт ретіндегі) кафедрасы ашылды және 1950 жылдардан бастап республика бойынша республикалық, облыстық, қалалық туристік кеңестер, комитеттер, оқушылар станциялары жұмыс істей бастады. 1968 жылдары алғашқы шетелдік туристер қабылданды. Олармен жасалған жорық (Чехославакия туристері) қырғыздың Тюп қаласына (сол кездегі Пржевальскі) жасалынды. Оларды бастап барлаушылардың бірі, көп жылдар бойы жасөспірімдер туристік станциясын басқарған Абдамбаев С. Қ. болды. 1990 жылдан кейін, Қазақстан және мемлекет дәрежесіне жеткен соң Туризм, жастар ісі және спорт министрлігі құрылды. Алматы мемлекеттік Абай атындағы университеттегі (бұрынғы қазақ педагогикалық институты) география-экология факультетінде республика, тіпті ТМД көлемінде алғашқылардың бірі болып туризм мамандығы және кафедрасы ашылды. Бұл мамандық бойынша екі түрдегі бағытпен (“халықаралық туризм” және “география-туризм”) мамандар дайындала бастады. Мақсат туристік жұмыстарды ұйымдастырушы кадрларды және халық шаруашылығының перспективалы бағыты ретінде туризмнің кәсіпорындарында жүргізілетін шаруашылық, қаржылық жұмыстар үшін мамандар дайындау қолға алынды.

Достарыңызбен бөлісу:
Loading...


©melimde.com 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін ызмет
Жалпы ережелер
ызмет стандарты
дістемелік кешені
бекіту туралы
туралы хабарландыру
біліктілік талаптары
кіміні аппараты
Конкурс туралы
жалпы біліктілік
ойылатын жалпы
мемлекеттік кімшілік
жалпы конкурс
Барлы конкурс
білім беретін
ызмет регламенті
республикасы білім
ткізу туралы
конкурс атысушыларына
біліктілік талаптар
атысушыларына арнал
бойынша жиынты
Республикасы кіметіні
идаларын бекіту
облысы кімдігіні
рсетілетін ызметтер
мемлекеттік ызмет
стандарттарын бекіту
Конкурс ткізу
мемлекеттік мекемесі
дебиеті маманды
дістемелік материалдар
дістемелік сыныстар
Мектепке дейінгі
ауданы кіміні
конкурс туралы
жалпы білім
рметті студент
облысы бойынша
мыссыз азаматтар
Мемлекеттік кірістер
мектепке дейінгі
білім беруді
дарламасыны титулды
Конкурс жариялайды
мелетке толма
разрядты спортшы
ызметтер стандарттарын
дістемелік кешен
директоры бдиев
аласы кіміні

Loading...