4.М.Қашқаридің «Диуани луғат-ит түрк» еңбегінде қарастырылған мәселелер
Диуани лұғат-ат-түрк — Махмұд Қашқари 1072-1074 жылдары Бағдат қаласында жазған түркіше-арабша сөздік. Ол түркі тілдері бойынша ең ауқымды және ең маңызды ежелгі тіл жәдігері. Оның қолжазба нұсқасы 638 беттен тұрады, онда 9000-нан астам түркі сөзінің араб тіліндегі егжей-тегжейлі түсіндірме-аудармалары қамтылған. Түркілердің тарихы, жағырапиялық таралуы, тайпалары, диалектілері және дәстүрлеріне бойынша қосымша мәліметтер берілген.
Классикалық араб лексикографиясының қағидалары бойынша дайындалған бұл сөздік Қашғарлы Махмұттың түркі тілі туралы білімінің ауқымдылығын ғана емес, араб филологиясы ғылымы бойынша дайындығының да көлемді екендігін айғақтайды.
Сөздіктің қазір бізге келіп жеткен жалғыз ғана жазба нұсқасы 1266 Дамаск (Шам) қаласында жаңадан көшіріліп жазылып, оны тек 1915 жылы ғана Әли Емірі ефенді Ыстамбұл қаласында кездейсоқ тауып алады. (Одан бұрынғы ғасырларда Антеплі Айни және Кәтіп Челеби сияқты ғалымдар сондай кітаптың бар екендігі туралы айтқан болатын.) Әли Емірінің көшірмесі 1917 жылы Талат пашаның (1874-1921) қолдауымен және Кіліслі Рифат білгенің (1873-1953) бақылауымен басылып шығып, бүкіл дүние жүзінің түркологтарының назарын өзіне аударды. 1928 жылы түрколог Карл Брокельманн сөздіктің егжей-тегжейлі түсініктемелермен жабдықталған алман тіліндегі аудармасын жариялады. Бесім Аталайдың қазіргі түрік тіліне аудармасын 1940 жылы Түрік тілі қоғамы басып шығарды. Соңғы жылдары шыққан Данковтың аудармасында соңғы ғылыми деректердің негізінде жасалған жаңа өзгерістер орын алған.
Аталмыш еңбектен түркі, соның ішінде қазақ дүниетанымына тән тәңірлік концептісін, ерлік, батырлық концептілерін, табиғат концептісін, отбасы концептісі мен жақсылық концептілеріне қатысты ойларды кездестіре аламыз.
«Диуани лұғат-ит-түрік» тілін зерделей отырып еңбекте тәңірлік концептісіне баса көңіл бөлінетінін аңғаруға болады. Орта ғасырлардағы түркі халықтарының тәңірге табынуы, тәңіршілдік дәстүрі жөніндегі мәліметтер еңбекте молынан кездеседі.
Сөздікте тәңірдің жаратушылық құдіретіне байланысты айтылған сөздерге мыналарды жатқыза аламыз:
Teŋri ažun türütti - «Тәңір дүниені жаратты»,
Teŋri ol yerig yaratgan - «Жерді жаратқан тәңір»,
Teŋri yalŋuk türpütti - «Тәңір адамды жаратты»,
Teŋri oɣul togturdı - «Тәңір ұл тудырды» т.б.
Осы жолдардың барлығынан түркілердің жалғыз бір жаратушының болғанына, оның дүниені, жерді, адамзатты жаратқанына сенгенін байқаймыз.
Тәңірдің құдіреттілігі мен парасаттылығына, шексіз, құдіретті күшке ие екендігіне байланысты айтылған сөздер де жиі кездеседі:
Umunč Teŋrige tut - «Үмітіңді Тәңірден күт»,
Teŋri meniŋ ıšım etti - «Тәңірі менің ісімді оңғарды»
Teŋri meni bayuttı - «Тәңір мені байытты»,
Ol Teŋri seni maŋa sevtürdi - «Cені маған сүйдірткен Тәңір» және т.б.
Махмұд Қашқари сөздігінде лингвистикалық, картографиялық, этнографиялық мәліметтер берумен қатар түркі халықтарына тән мақал-мәтелдерді жазып, оларға мағыналық талдау жасап кеткен.
М. Қашқаридің «Диуани лұғат ат - түрік» атты зерттеуі тек түрікше-арабша түсіндірме сөздік қана емес, сонымен бірге ол ежелгі түркі тілдері мен мен ауыз әдебиетін зерттеп, танып-білу үшін аса қажетті, теңдесі жоқ ғылыми еңбек болып табылады. Біз үшін ең маңыздысы - біздің жыл санауымыздың бұрынғы қадым замандарда жасаған сақтар мен ғұндар дәуірінде және түрік қағанаты тұсында өмірге келген тұрмыс-салт жырларының үлгілерін, мақал-мәтелдерді, шешендік сөздер мен афоризмдерді М.Қашқари өз «Сөздігіне» мысал ретінде енгізген.
Сол мысалдардан да «тәңір» лексемасының жиі қолданылғанын, түркі мақал-мәтелдерінің тілінде де тәңірлік концептінің сақталғанын байқауға болады.
Диуани лұғат-ит-түрік» еңбегінің жазылу кезеңі Қарахан мемлекетіндегі ислам дінінің гүлденуімен тікелей байланысты болды. Сол себепті де сөздік тілінің этнолингвомәдени көрінісін ислам дінінен бөлек алып қарастыра алмаймыз. Себебі Қарахан мемлекетінің идеологиялық негізі – мұсылман діні болған. Ескерткіш тілінде ıdhı «ие, еге» лексемасы жаратушы мағынасында қолданылған. Дәстүрлі наным-сенім бойынша адам бойында ұялаған немесе адаммен бірге жүретін, көрінбейтін тылсым күш те ие деп аталған. Соған сәйкес қазақ тілінде иесі бар, иесі қысты, иесі қозды т.б. сынды ұғымдар қалыптасқан. Сонау тәңіршілдіктен бастау алған Жаратқан ие, Жасаған ие, Тәңір ие, Түп ие деген ұғымдар түркі халықтарына ислам дінінің келуіне байланысты тек Алла Тағалаға қатысты айтылатын болған.
Қорыта айтқанда, М. Қашқаридің «Диуани лұғат-ит-түрік» сөздігінде лингвистикалық, этнографиялық мағұлматтар ғана емес, орта ғасырдағы сан алуан түркі халықтарының дүниетанымы, олардың сенімдері мен өмір салты, тілі, діні, мәдениеті жөніндегі құнды мәліметтерді кездестіреміз. Сөздік тілін зерделей келе сөздікте жиі ұшырасатын түркілік дүниетанымды танытатын ұғымдардың бүгінде қазақ халқында да өз маңызын жоймағанын, әлі де концептуалды дәрежеде сақталып тұрғанын айтуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |