Қазақ тілі мен моңғол тілдерінің қарым- қатынасы. Қазақ пен моңғол тілдерінің қарым-қатынасын үлкен екі дәуірге бөліп қарауға болады: біріншісі- көне дәуір де, екіншісі- ХІІ ғасырдан кейінгі Алтын орда дәуірі. Көне дәуірді қамтитын тілдік ұқсастықтар бұл тілдердің туыстығын білдіреді. Лексикалық байлығымыздағы моңғол әсерін Қазақстан топырағындағы көптеген жер-су атауларынан табамыз: Нарынқол, Қарақол, Нұра, Алтынемел. Нарын – моңғол, қалмақ, бурятша сараң, қатты деген мағынада, қол- гол моңғолша ойпат, өзен деген сөз. Нұра моңғолша нуур- өзен,эмел- моңғол, қалмақ, бурят тілдерінде ер,ер-тоқым, бел, асу мағынасындағы сөздер. Қазақ және орыс тілдерінің қарым-қатынасы. Түркі тілдері мен орыс тілінің арасындағы қатынасты ғалымдар бес кезеңге бөліп қарайды. Бірінші кезең -І-ҮІІІ ғғ.,екінші кезең -ІХ-ХІІ ғғ. . Үшінші кезең- ХІІІ-ХҮ ғғ.,төртінші кезең -ХҮІ-ХІХ ғғ.,бесінші кезең- Қазан төңкерісінен кейінгі дәуір.
26.Көне жазба ескерткіштер тілі мен қазақ тілінің сабақтастығы
Қазақ тілінің қалыптасу, даму кезеңдерін айқындау жалпы түркі тілдерінің даму жолдарымен тікелей байланысты.Түркі тілдері алты түрлі дәуірді басынан кешірген: Алтай дәуірі (шамамен б.з.д.Ш ғасыр), Хун дәуірі (б.з.д. Ш ғасырдан-б.з.Ү ғасыр ), Көне түркі дәуірі (Ү-Х ғасырлар), Орта түркі дәуірі (Х-ХҮ ғасырлар), Жаңа түркі дәуірі (ХҮ-ХХ ғасырлар). Алтай дәуірі дейтін атау тіл білімі тарихында белгілі «алтай гипотезасымен» байланысты қойылған атау.Ғылым бұл дәуірде қазіргі түркі, монғол, тұңғыс, маньчжур тілдеріне ортақ тіл болған деп есептейді.
Екінші кезеңі түркологияда « Хун дәуірі » деп аталатын мерзім.Сөйтіп
Түркі тілдерінің (халықтарының да) қазіргі батыс және шығыс топтарының қалыптаса бастауы осы Хун империясынан басталады .
Бұл кезеңде оғыз-қарлұққыпшақ тіл бірлестігі қалыптасты. Бірақ оғыз,қарлұқ,қыпшақ тілдері (тілдік бірлестіктері) бір-бірінен айқын жіктеле қойған жоқ.Түркологияда Ү-Х ғасыр көне түркі дәуірі деп аталып жүр. Бұл алғашқы Түркі мемлекетінің - түркі қағанатының дәуірі,түркі жазуының, түркі жазба тілінің дәуірі.Сол жазбалар тілін екі түрлі топқа бөлетін пікір де орнықты. Олар - Орхон-Енисей ескерткіштері және көне ұйғыр тілі ескерткіштері. Орхон-Енисей ескерткіштері тілдік сипаты жағынан бүгінгі түркі тілдерінің қайсысын да еске түсіреді, солардың қайсысының да көне заманғы архетипі ретінде қарастырыла алады.
Көне түркі жазбаларында сол тілдік бірлестіктердің, сондай-ақ жеке тілдер: қыпшақ, оғыз, қырғыз, ұйғыр, т.б.тілдердің ерекшеліктері көрініс тапқан.
Қазақ тілі тарихы үшін ХІ-ХҮ ғасырлар аралығы – түркі бірлестігі дәуірінің екінші кезеңі, үлкен мәнді мерзім болды. Бұл дәуірде Юсуф Баласағұнның «Құдатқу білігі », Махмуд Қашқаридың «Диваны » жазылды. Осы дәуірде Әлидің «Қисса-и-Жүсіп », Сараидың «Гүлстан биттүркиі», Хорезмидің «Мухаббат намесі» тәрізді қыпшақ жазба тілінің ескерткіштері мен Абу Хайианның грамматикасы, 1245 ж. Түрікше-арабша-моңғолша-парсыша сөздік тәрізді грамматикалық зерттеулер мен сөздіктер, «Кодекс Куманикус» тәрізді қыпшақ сөйлеу тілінің мұралары , ХҮ-ХҮІІ ғ. армян жазулы қыпшақ қағаздары жасалды.
ХҮ-ХҮІ ғасырларда біртұтас қазақ тілі жайында айтуға мүмкіндік туады. Бұл заманда қазақтың бай ауыз әдебиеті туды, авторлық әдебиет – жазба әдебиет пайда бола бастады.
27.Түркі тілдеріне ортақ лексика
28.Тарихи фонетика
Тарихи фонетика
1.Дауысты, дыбыстардың дамуындағы тарихи өзгерістер: дифтонгтар, ескі түркілік о, у, ы, і, ү даустыларының қазақ тіліндегі көрністері.
2.Дауыссыз дыбыстар: қазақ тілінде кейін қалыптасқан дауыссыздар, ң –нің қалыптасуы, ғ, г дыбыстарының қазақ тіліндегі көрністері, ортатүркілік сөз ортасындағы з дыбысы, проалтайлық р дыбысының қазақ тіліндегі іздері.
3.Сөздің анлаут позициясындағы, сөздің абсолют соңындағы ерекшеліктер.
Тарихи фонетика бүгінгі тіліміздің фонетикалық жүйесінің құрылымы мен жүйелік заңдылықтарының қалыптасуын, даму ерекшеліктерін тусіндіруі қажет.
Көне түркі тілінде 8 дауысты дыбыс болған: а,е,ы,і,о,у,ө,ү. Көне түркі тілінде 16 дауыссыз фонема болған:б,п,д,т,к-қ,г-ғ,й,ч,с,ш,з,м,н,ң,л,р. Қ-к,ғ-г дыбыстары дербес фонемалық қызмет атқармаған.
Сөз басында д,г, ғ,н,ң,р,з айтылмаған. М,б дыбыстары сөз басында бірі екіншісінің орнына айтылады:мен-бен,маңа-баңа т.б. Сөздің басында н дыбысы тек екі сөздің құрамында ғана қолданылған: не,нең. Ұяң дауыссыздардан сөз басында қолданылатыны б дыбысы ғана: бір,бер.Аффикс құрамында айтылатын қ екі дауысты арасында ұяңдамайды: олуртуқынта,йегірмеке т.б. Көне түркі тілінде сөз соңында с,ш дыбыстары алмасып айтылған.
29.Тарихи фонетикалық заңдылықтары.
Сингармонизм.
1.Үндестік заңының даму тарихы. Сингармониялық варианттар.
2.Буын үндестігі, дыбыс үндестігінің қалыптасу тарихы. Қазақ тіліндегі фузиялық өзгешеліктер.
3.Түркі тілдерінің дамуында ұшырасатын метатеза, протеза, эпентеза, олардың себептері. Буын мен екпіннің даму тарихы.
Көне түркі тіліндегі сингармонизм де,қазіргі тілдегі сияқты, бірінші буынның сапасына негізделеді:бірінші буын жуан айтылса,қалған буындар да жуан, жіңішке айтылса, қалған буындар да жіңішке.Көне түркі тілінде дауыссыз дыбыстар үндестігі бірыңғай болмаған: ассимиляция және диссимиляция заңдылықтары қатар қолданылған.Мысалы: ташқа, төкті,болты, көрті т.б.
Қазақ тілінің негізін құраушы тіл-қыпшақ тілінде 8 дауысты дыбыс, 23 дауыссыз дыбыс қолданылған. Көне түркі тілімен салыстырғанда, қыпшақ тілінде жаңа дауыссыздар қосылған,олар:ж,х,һ,ф,в. ХҮ-ХҮІ ғасырлар арасында дауыстылар жүйесі ә,и,у дыбыстарымен толығады.Ә дауыстысы шығыс тілдерінің ықпалымен болса, и,у дыбыс қосындылары(дифтонг) тіл құрамында болған дыбыс өзгерістерінің нәтижесі.
Ү-ҮШ ғасыр жазбаларының тілінде де,орта ғасырлардың алғашқы кезеңіндегі жазбалар тілінде де ә фонемасы ұшырамайды.Ә фонемасы түркі тілдеріне шығыс тілдерінің әсерімен қалыптасты. Араб,парсы тілдерінде ғ,х ,соларға жақын дыбыстардан басталатын сөздер қазақ тілінде ә-ден басталып айтылып қалыптасқан. Мысалы: ғаскер-әскер, Һауа-әуе, Һауал-әуел,һар-әр .
Қазақ тілі дауыстыларының ішінде өзіндік тарихы бар дыбыстардың қатарына мыналар жатады: көне түркі тілінде сөздің басқы буынында айтылған у дыбысы қыпшақ тілдерінде ұ-ға айналған (қул- құл, уруш- ұрыс, улуғ-ұлық, қулақ- құлақ т.б.); кейбір сөздердің басында айтылатын ұ көне түркілік оғ дыбыс тіркестерінің көрінісі; оғ(ы)л- ұл,оғлан- ұлан.Бірақ көптеген сөздердің басындағы о – көне түркілік о дыбысы: оқ,оқта,орду,ол,ой т.б.
Қазақ тіліндегі у, и дыбыстары- дифтонг дыбыстар.Дифтонг деп танылуы алдынан көмескі болса да қысаң дауыстылар естіледі. У, и дыбыстары о баста дауыстылар мен ғ,г дауыссыздары тіркесінің жалғасы (уғ> у).Мысалы: суғ-су, елліг-елу, бег-би, йығ-жи, йығыл-жиыл т.б.
Сөздің абсолют басында не бірінші буынында айтылатын ө, ү дыбыстары көне түркі тілінің осындай дыбыстарына сәйкес келеді: өч-өш, өкүн- өкін, өлүг- өлік т.б.Көне түркі тілінде ү дыбысы екінші, үшінші буындарда да айтылған, қазақ тілінде қысқарып і-ге айналған. Ал қазақ тіліндегі і көп реттерде көне түркілік осындай дыбыстың жалғасы. Ү-ҮШ ғасыр жазбаларында е-нің і-ге сәйкестігі де ұшырасады.Мысалы:көне түркі тілінде ег,егіл,егү сипатында айтылған сөздер қазақ тілінде ій,ійіл,ійгі түрінде айтылады.
Сөздің басында қатаң дыбыстардың айтылуы-ежелгі құбылыс, осы құбылыс қазақ тілінде сақталған. Сөздің басындағы қатаң дауыссыздардың ұяңдануы орта ғасырларда болған. Көне түркі тілінде сөздің басында ғ, г дыбыстары жұмсалмаған, сөз соңында жиі айтылған : тағ, тег,сарығ,бег т.б. Кейін тілдің даму барысында сөз соңындағы ғ у-ға, й- ге, қ-ға айналған,кейбір реттерде түсіп қалған. Мысалы: бағ- бау, бақ, сағ- сау, сақ, бағ(ла)- байла, йығ- жый, кічіг- кіші, суғ- су т.б. Сөз ортасында айтылған ғ дыбысы қазақ тілінде у- ға,кейбір реттерде й- ге айналған, кейде түсіп қалған : ағыр- ауыр, бағыр- бауыр, ағыз- ауыз, йығыл- жыйыл, йығрыл- жыйырыл,ағулуғ- улы,қатығды-қатты т.б.
Көне, жаңа түркі тілдерінде сөз басында айтылмайтын дыбыс – ң. Сөз ортасында айтылатын ң дыбысы – көне түркілік нғ(нг) дыбыс тіркесінің жаңа көрінісі. Сөз басындағы кейбір сөздер құрамында ш дыбысына айналып кеткен: саш-шаш,сеш-шеш. Ал сөз соңындағы ш қазақ тілінде с- ға айналып кеткен: таш- тас. Революциядан бұрынғы дәуірлерде енген араб-парсы , орыс сөздері протезалық дыбыстармен қалыптасқан: үстел, ылай, ырас, ырза, ірет, орыс, ораза, іренжу. Пікір, уақыт, өмір, ресім, бөрене, тұрба, сымала сөздері эпентезалы қолданыстар. Сөз құрамында әр түрлі сырт жағдайларға байланысты сөз құрамында бұрыннан бар дыбыстар түсіп қалып қалыптасқан сөздер бар, оны элизия дейді. Мысалы: мағына – мән, мағлұм – мәлім, қазір – әзір, ұлығ – ұлы т.б. Метатеза деп сөздің өз ішіндегі дыбыстардың өзара орын алмасуын айтады: қарлығаш, қоңсы, жаңбыр ( қарғылач, қошны, йағмур).
Түркі тілдерінің өте ертедегі дәуірлерінде сөз көбіне бір буынды болған. Кейінгі кезеңдерде сөз құрамы күрделеніп, тілдің жалғамалық жүйесі қалыптаса бастаған кезеңде , кейінгі буындар алдыңғы буынның сапалық ерекшелігіне бағынды. Бұл даму барысында сингармонизм заңының қалыптасуына алып келді.Көне түркі тілінде дауыстылардың жуан-жіңішке үндесуі сөздің басынан аяғына дейін сақталады. Көне түркі тілінде буынның үш түрі де кездеседі.
30.Қазақ тілі тарихындағы жазудың түрлері
Достарыңызбен бөлісу: |