13-СҰРАҚ. Қазақ тілінің тарихи лексикологиясы. Тарихи лексикология – жалпы тіл білімінің сүбелі де күрделі салаларының бірі. Оның зерттеу объектісі – лексика және оның пайда болу жолдары мен даму заңдылықтары. Демек, тарихи лексикологияның жалпы лексикологиядан басты айырмашылығы – ол тіл фактілерін зерттеуде тарихи принципке сүйенуде. Ол белгілі бір тілдің лексикасын жалпылама емес, нақтылы бір халықтың азаматтық тарихына байланысты, сол халықтың мәдениетіне, дүниетанымына, салт-сана, әдет-ғұрпына т.б. экстралингвистикалық факторларына қатысты зерттелуі керек. Қазақ тілі тарихи лексикологиясына қатысы бар проблеманың бірі – қазақ халқының этногенезі мен глоттогенезі. Бұлар этнос пен этнос тілінің тарихи бір мезгілде, бір географиялық ортада және белгілі бір әлеуметтік жағдайда қалыптасуына байланысты құбылыстар. Қазақ халқының негізін құрушы көптеген ру-тайпалардың этнонимдері мен «қазақ» этнонимінің этимологиялық табиғаты, көне тарихымыздың куәгері ретінде қазақ топырағында сақталып келе жатқан жер-су атаулары, өлке-өлкені мекендеген ру-тайпалардың тілдік ерекшелігі ретінде сақталып бізге жеткен диалектизмдер, көне дәуір мен орта ғасырлардың тасқа қашалған сыналы жазулары мен жазба ескерткіштері – осылардың бәрі де этнос пен этнос тілінің тарихын айқындауға қажетті тілдік деректер. Махмұд Қашғаридың «Диуанында» кездесетін ру тобының атауы арғу мен қазақ және басқа түркі халықтарының құрамына енген этникалық компонент арғын этнонимінің төркіндестігі -н (-ун //-ын) элементінің табиғатына байланысты екенін тілшілер жақсы біледі. Ол түркі, монғол тілдеріне ортақ элемент болып саналады (бай > баян, ной > ноян).
14-СҰРАҚ. Орыс тіліндегі тюркизмдер Орыстүркі тілдерінің байланысын, қарымқатынасын зерттей келе, орыс тілінде түркі сөздерін зерттеу XVIII ғасырдың екінші жартысында басталды. Орыс тіліне ертеден еніп, әбден сіңісіп кеткен түркі сөздері қазіргі орыс тілінің ішкі заңдылықтарына толық бағынып, соған сәйкес фонетикалық, грамматикалық өзгерістерге ұшырап отыратыны белгілі.
Әйтсе де орыс тіліндегі түркизмдерді зерттеу мəселесі əлі де бірқатар жəйттерді жан-жақты зерттей түсуді талап етті. Осыған орай жарияланған еңбектердің бірі – «Орыс тіліндегі түркі сөздерінің сөздігі». Бұл сөздікте орыс тіліне енген екі мыңға жуық түркі сөздері қамтылған. Осы кітаптан бірнеше мысал келтірейік: орыстар «гоголь» деп «көкала үйректі» атайды (қазақша «көгіл»); деньги – тамға, яки теңге; ералаш (беспорядок, путаница) – аралас; кабак (трактир) – қабақ, яғни шарап құятын ыдыс; калита (сумка) – қалта; кочевать – көшу; лощадь – алаша ат; маяк – байрақ, жалау, штандарт; мишень – нысан; стакан – тостаған; сурок – суыр, тормоз – тұрмас, тоқтамас; туша – төс; уйма – үйме; урон – ойран [1]. Сондай-ақ орыс тілінің элементтері де қазақ тіліне еніп, қалыптасып, қазақ тілінің фонетикалық, грамматикалық нормаларына сəйкес өз тұлғасын өзгертіп жібергені мəлім. Әсіресе қазақ даласына жаңа əкімшілік жүйенің орнауына, орыс əскерінің келуіне, екі ел арасындағы əлеуметтік-экономикалық байланыстардың тереңдей түсуіне байланысты орыс тілінің элементтері қазақ тіліне көбірек енді. Бұлар болыс (волость); сот (сут), бекет (пикет); майыр (майор); солдат, жандарал (генерал); самауыр (самовар); кереует (кровать); бөкебай (пуховый); камыт (хомут); соқа (соха); шәйнек (чайнек); божы (вожжи); кір (гири для весов); күркебай (круговой), піркәшік (приказщик); доға (дуга), т.б.