«Ыстық-суық»
Дидактикалық міндет. Балалардың топтың бөлмесіндегі өсімдіктер жайлы білімдерін тереңдету; әуестік, тапқырлықты тәрбиелеу; сөйлеу қабілетін дамыту.
Ойын ережесі. Матрешка жасырынған өсімдікті дұрыс атағаннан кейін ғана оны алуға болады.
Ойын әрекеттері. Матрешканы іздеу, өсімдікті атау; матрешкаға жақындаса «жылы, жылы!» дейді, ал алыстаса, «суық, суық!» дейді, ал тіпті жақындағанда «ыстық!» дейді бәрі хормен.
Ойын барысы. Бөлме ішіндегі өсімдіктерді тәрбиеші балаларға жақсы көрінуі үшін және жақындауға ыңғайлы болуы үшін орындарын ауыстырып қояды. Содан кейін:
- Балалар, біз бүгін жаңа ойын ойнаймыз. Ол «Ыстық - суық» деп аталады. Қателеспес үшін ережені білуіміз қажет. Сендердің біреуің іздеуші (оны санамақпен таңдаймыз) боласыңдар. Ол есіктен шығады, ал біз матрешканы кез келген бір өсімдіктің астына тығып қоямыз. Біз «Кір!» деген кезде санамақшы матрешканы іздей бастайды. Егер ол көріп қалса, қай өсімдіктің астында тығылып тұрғанын айтуы қажет; содан кейін ғана ол матрешканы қолына алады. Біз санамақшыға көмектесіп отырамыз: егер ол матрешкадан алыс кетсе, «Суық, суық!» дейміз, ал жақындаса, «Жылы, жылы!» дейміз, тіпті жақындаған жағдайда «Ыстық, ыстық!» дейміз. Ал енді ережені қайталайық. (Балалармен бірге ережені қайталайды).
Тәрбиеші іздеушіге балалардың айтқан сөздеріне мән беруін ескертеді. Ойын басталады.
Санамақпен іздеушіні таңдайды, ол матрешканың тығылған жерін көрмес үшін есіктен шығады немесе теріс қарап тұрады. Матрешканы тығу балалардың ойынға деген қызығуылығын тіптен арттырады.
Ойын үшін бастапқыда 4-5, кейін 8 өсімдік таңдап алынады. Ол өсімдіктер орта буынның балалары білетін өсімдіктер олуы шарт. Мәселен, алоэ, раушан, шырмауық, қазоты, қыныгүл т.б.
Матрешканы тапқан бала «Мен матрешканы қазотының астынан таптым» немесе «Матрешка аспарагустың астында жасырыныпты» деуі керек. Бұдан соң ол матрешканы тәрбиешіге береді. Балалар тапсырманы қателеспей орындаған балаға қол шапалақтайды. Тәрбиеші балалардың дұрыс сөйлеуін қадағалайды, мысалы, аспарагустың жанында, қыныгүлдің артында, шырмауықтың астында.
Бұл ойын балалар бөлмедегі өсімдіктер жайлы білімдерін тереңдеткенше жалғасады.
Достарыңызбен бөлісу: |