Кімге не?
Дидактикалық міндет. Адамдардың мамандығы мен құрал-сайманын байланыстыруға үйрету; шығармашылық ойын арқылы үлкендердің еңбегіне деген қызығушылық, көмектесуге ұмтылу, әр түрлі маман иелері болып ойнауға тәрбиелеу.
Ойын ережесі. Жұмыс құралдарымен сәйкестендіру арқылы мамандықты атау. Мұндай қызметкерді қайдан көргенін еске түсіру.
Ойын әрекеттері. Қажет заттарды іздеу.
Ойын барысы. Тәрбиешінің үстелінің үстінде әр түрлі мамандық иелерінің жұмыстарына қажет құралдар – ойыншықтар жатыр. Олар: «Дәрігер Айболит» медициналық құралдар, бақша шаруашылығына арналған құралдар (тырнауыш, күрек, шапқы), ас үй ыдыстары, кір жуғыш машина, үтік, шаңсорғыш, балға, сүргі, шегелер, гайка кілті (конструктор) және т.б.
Тәрбиешіі ойыншыларды бір-бірден өз үстеліне шақырады. Ол бір құралды қолына алады да оны атайды. Қалған балалар бұл құралдардың кімге қажеттігін айтады. Мысалы, бала балғаны көрсетіп атаса, қалған балалар хормен: «Ол ағаш ұстасы мен балташыға қажет» дейді.
Егер бір мамандыққа қажет бірнеше құрал-сайман болса, тәрбиеші оны тауып беруді тапсырады. Шақырылған балалар үстелге келіп қажет затты тауып, оны дұрыс атайды. Әр түрлі маман иелерінің құралдары аталғанша ойын жалғаса береді. Ойынды былай аяқтауға болады: балалар екі топқа бөлінеді; бір топ құралдарды атаса, екінші топ мамандықты. Қай топтың құрамындағы балалар қателеспесе, сол топ жеңеді.
Достарыңызбен бөлісу: |