13 тақырып. ХІХ ғ ІІ жартысындағы Қазақстандағы педагогикалық ой -пікірлер



Дата20.11.2021
өлшемі31.09 Kb.


13 тақырып. ХІХ ғ ІІ жартысындағы Қазақстандағы педагогикалық ой -пікірлер

Дәріс жоспары

  1. Мұсылмандық мектептерді реформалау

  2. Жаңа әдістемелік мектептер мен медреселер.

  3. Ш.Уалихановтың көзқарасындағы білім беру оқыту және тәрбиелеу жүйесіне байланысты мәселелер

  4. А.Құнанбаевтің педагогикалық көзқарастары

ХІХ ғ. екінші жартысында Қазақстаннан жылына орта есеппен 3-3,5 миллион сомның малы сатылып отырды. Әсіресе алыпсатарлар тауарды ақшаға алып, оны ауылда тоқты-торымға, немесе келесі жылғы бұзауға қарыз беріп, халықтың қолындағы малын тегіннің аз-ақ алдында алып тонауға кірісті. Қазақ даласына ақша капиталының енуін, сауда-саттықтың күшеюін, адамдардың пиғылының ақшаға ауып, қайыр-садақа беру, имандылық, кішіпейілділік пен мейірімділік, қадір-қасиеттің азаюын, патша өкіметінің отарлау саясаты кезіндегі ел билеу жүйесіндегі жүгенсіздік пен парақорлық, зорлық-зомбылықтың күн сайын күшейіп бара жатқанын көзімен көріп жаны ауырған Дулат, Шортанбай, Мұрат сияқты “Зар заман” ақындары “заманның азуы, ақсақалдық тәртіптің ыдырауы” деп жаңалыққа тосырқай қарады. “Сары орыстың бәрі орыс – кәпірлер билеген заман” деп түңілді. Осы тығырықтан шығудың жолын көрсете білген ХІХ ғ. екінші жартысында қазақ даласынан шыққан прогресшіл-демократияшыл Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Ахмет сияқты ағартушы ойшылдар болды. Олар орыстың Н.Г.Чернышевский, В.Г.Белинский, Н.А.Некрасов, Н.Г.Герцен, Добролюбов сияқты демократ ұлдарының еңбектерін оқып-танысып, олардың халықшылдық идеяларынан қуат алды. Қараңғы қазақ елінің бақытқа жету жолы тек оқу-ағарту ісімен байланысты деп түсінді.

Қазақтың ұлы педагог-ағартушысы Ыбырай Алтынсарин өзінің “Өнер-білім бар жұрттар” деген өлеңінде тастан сарай салғызған, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған, теңізде кеме жүздірген, өнер мен техниканы еркін меңгерген батыс, орыс халықтарының өнері мен ғылым-білімін үйрену керек деп қарады. Ал ұлы ойшыл ақын Абай өзінің өлеңдері мен философиялық қара сөздерінде “Өнер-білім орыста тұр. Орыстың тілі, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі” деп насихат айтты. Салтыков-Щедрин, Лев Николаевич Толстой сияқты орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауымынан үйренуге шақырды. Ал Омбының кадет корпусында оқып орыс мәдениетімен тереңірек танысқан Шоқан Уәлиханов “Біздің келешегіміз орыс халқымен тығыз байланысты” деп есептеді.

ШоқанУәлихановтың ағартушылық-халықшылдық көзқарасы (1835–1865).Қазақ топырағында ағартушылық-халықшылдық идеяның туын алғаш көтерген, қазақтың ұлттық мәдениетін орыс, батыс ғалымдарына танытуға ерекше еңбек сіңірген ғалым Шоқан Уәлиханов болады.

Ол өзін терең тарихшы, ерінбес этнограф, батыл саяхатшы, талмас географ, білгір әдебиетші, шебер суретші, жалынды публицист, нәзік психолог, тәлімгер ұстаз ретінде көрсете білді. Небәрі отыз-ақ жыл өмір сүрген Шоқан аз өмірінің ішінде бүкіл әлем ғылымдарының көптеген салаларын терең меңгеріп, шығыс елдері мәдениетін зерттеуде ондаған аса құнды еңбектер қалдырып кетті.

Шоқанның шығыс елдерінің ауыз әдебиеті үлгілерін жастайынан көп білуге, біріншіден, оның өскен ортасы: әжесі Айғаным мен әкесі Шыңғыс әсер етсе, екіншіден, Шыңғыс ауылдары қазақтың әнші-күйші, сал-сері, өлеңші-жыршы, ақындары жиі-жиі жиналып, өнер сайысына түсетін ортасы болды. Шоқан тіпті Омбыдағы кадет корпусында оқып, еуропаша білім алып жүрген кездің өзінде де қазақ-қырғыз елінің әдебиеті мен мәдениетінен қол үзбеді. Оған себеп, сол кездегі Батыс-Сібір губернаторының орталығы Омбы қаласында қазақ-қырғыз сұлтандарына арналып салынған қонақүйдің болуы, қазақтың болыс-сұлтандары жандарына ақын, әнші, күйші, сазгер өнер адамдарын ерте келіп, Омбыдағы қонақүйде жиі өнер сайысын ұйымдастыруы, Шоқанның өзінің орыс достарын осы жиынға алып барып, қазақ өнерін тамашалауы болды. Оның үстіне, патша үкіметінен қуғын көрген, орыстың демократ-интеллигенттер тобының саяси сенімсіздігі үшін Сібірге жер аударылып Омбыға жиналуы, солардың ішінде жан-жақты білімді, озық ойлы Иван Васильевич Ждан-Пушкин, Николай Федорович Костылецкий, Александр Андреевич Сотников, Василий Петрович Лобадевский, т.б. Шоқанға сабақ беруі, ал оның өз достары Н.Г.Потанин, С.Ф.Дуров, Ф.М.Достоевский, А.Н.Майков сияқты ақын-жазушылардың, этнограф, фольклорист ғалымдардың болуы келешек ғалым Шоқанның Батыс, Шығыс елдерінің әдебиеті мен тарихын, салт-дәстүрі мен тұрмыс тіршілігін, діні мен тілін терең зерттеуге әсер етті.

Ш.Уәлиханов Шығысты зерттеуші ұлы саяхатшы П.П.Семенов - Тянь-Шанскийдің нұсқауымен Батыс – Сібір генерал губернаторы Госфорттың тапсырмасы бойынша 1856-1857 жылдары Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың, Қытайдың Жоңғария даласына бару сапарында ол шығыс халықтарының, оның ішінде қазақ, қырғыз, ұйғыр, дүнген халықтарының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, діни наным-сенімдерін, фольклорлық шығармаларының шығу тарихы мен ерекшеліктерін зерттеуге арнап, “Сібір қарамағындағы қазақтардың сот реформасы туралы записка”, “Жоңғария очерктері”, “Қырғыздың Манас жыры туралы”, “Шаман дінінің қазақтар арасындағы қалдықтары”, “Абылай”, “Ұлы жүз қазақтары туралы”, т.б. деген еңбектерін жазды.

Шоқанның алдына қойған басты мақсаттарының бірі – өз халқының өмірін жете зерттеп, кең даласы мен дархан халқын, өзіндік көне мәдениетін берісі орыс, әрісі еуропа жұртына таныстыру еді.

Шоқан өз халқының ар-намысын қызғыштай қорғап, қазақ халқын “тағы халық” деп қарау мүлде қате, теріс түсінік дей келіп, өз халқының тарихын мәдениеті ерте танылған елдермен сабақтастыра зерттейді. “Біздің халықтың бай және поэзиялық құны жоғары, реалистік әдебиеті бар. Ол шығыстың эпосына емес, индогермандық эпосқа ұқсайды…”. Қазақтар да бәдәуилер сияқты жаратылысынан өлеңші және ақын” дейді.

Шоқан өзінің осы еңбегінде ұйғыр, қытай, дүнген, қазақ, қырғыз жұрттарының салт-дәстүріне, мәдени ескерткіштері мен діни көзқарастарына тоқталады.

Шоқан Петербургтегі орыс география қоғамының шақыруымен 1860ж. ақпанында Петербургке келіп, 1861 жылғы мамырға дейін бір жылдан астам сонда болып, Қашғария сапары жөнінде Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментінде есеп береді. Өзінің бұрынғы Омбыда кездескен орыс достарымен және осы сапарында Н.Г.Чернышевский, И.С.Тургенев, Т.Г.Шевченколармен кездесіп пікірлеседі. Шоқанды Қашқария сапарының қорытындысы бойынша Александр ІІ патша арнайы қабылдап, “Әулие Владимир” орденімен марапаттап, штабс-ротмистерлік әскери атақ және ақшалай сыйлық береді.

Шоқан мемлекеттік жауапты істермен айналыса жүріп, халықты оқу-ағарту ісіне шақыруды үнемі есінде берік сақтаған. Халықтың келешегі тек оқу-ағарту, мәдениет ісімен байланысты деп қараған. Шоқан 1862 жылы өзінің ДОСы Ф.М.Достоевскийге жазған бір хатында Атбасар округіне аға сұлтан болуға талпынғанын,өкімет қаржысымен орыс-қазақ мектептерін ашып, балаларды тегін оқытпақ болғанын білдіреді. Шоқан әдебиетші, тарихшы, фольклор зерттеуші, саяхатшы ғалым болуымен бірге сурет, бейнелеу өнерімен де айналысқан.

Абай Құнанбаевтың (1845-1904) педагогикалық көзқарастары.Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін салушы ғана емес, сонымен бірге ұлы ойшыл педагогы.

Оның поэтикалық шығармалары мен “ғақлия” сөздеріпәлсапалық, этикалық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалық ой-пікірлерге толы.

Ұлы ойшыл адамдар жаратылысында бірдей емес дейтін нәсілдік көзқарасқа қарсы шыға отырып (отыз төртінші қара сөз), “адамның туысы, дене бітімі, шыққан жері, бармақ жері бәрі бірдей… Адам баласы анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар тәннің құмарлығы. Екіншісі – білсем екен деу – жан құмарлығы”… (жетінші, қырық үшінші сөз) деп ой түйіндей келе, “адам бойына жан құмарлығы арқылы жиналатын нәрсенің аты ақыл, ғылым… ол талаптылықпен ерінбей еңбек еткен адамның қолына түседі…” деген қорытынды жасайды.

Абайдың дүниені тану жөніндегі көзқарасында диалектикалық сарын басым. Ол табиғат құбылыстары бір-бірімен өзара байланыста, үнемі өзгерісте, дамуда болады, адам қоршаған ортаны – табиғаттың ішкі сырын білім-ғылым арқылы танып біледі – деп қарады.

Ол қазақ халқының саяси-экономикалық және мәдени жағынан артта қалушылығы – оның феодалдық-патриархалдық қатынасынан, рулық талас-тартыс етек алған көшпелі тұрмысынан деп қарайды. “Күнде ұрлық, күнде төбелеспен күн кешкен” алты бақан алауыз елінің “жақсыларына” налыған Абай “малыңды жауға, басыңды дауға” салып, өміріңді қор қылмай татулас, бірлесіп ел боп “егіннің ебін, сауданың тегін” үйрен, “жан аямай кәсіп қыл” деп өсиет айтты. Ол қазақ ауылындағы тап тартысын көре білді, сол таптық қанаудан құтылудың жалғыз жолы оқу, ағарту мәселесі деп қарады.

Ол оқудағы мақсат халыққа адал қызмет ету деп ұқты. Жастарды білім-ғылымды меңгеруге шақырды.

Сол кездегі кейбір оқыған жастардың білімді шен алу, шекпен кию үшін пайдаланып, парақорлықпен, алдап-арбаудың құралы етуге тырысқанына ызаланған Абай:

Ойында жоқ олардың

Салтыков пен Толстой.

Я тілмаш, я адвокат,

Болсам деген бәрінде ой, –деп сөкті.

Тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімде деп ұққан Абай:

Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу оқып білім алған.

Би болған, болыс болған мақсат емес,

Өнердің бұдан өзге бәрі жалған, - дейді.

Ел болу үшін қала салып отырықшы болу керек, егіншілікті кәсіп ету, мектеп салып, оқу оқып, білім алу қажет, тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімде ғана тұр деп жар салады. Өнер-білімсіз қоғамның пайдалы азаматы болудың мүмкін емес екендігін терең түсінген ол: “Барыңды салсаң да балаңа орыстың ғылымын үйрет… өнер де, ғылым да орыста тұр. Орыстың ғылымы, өнері дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі…” – деп озық мәдениетті орыс халқын өнеге етті. Абай бас қатыратын жаттамалы діни оқуға қарсы болды.

“Ақыл – ардың сақтаушысы” деп қарап, адамгершілік мәселелерін жоғары бағалап, ар тазалығы үшін күресуді дәріптеген ұлы ағартушы –

Ынсап, ұят, ар-намыс, сабыр, талап,

Бұларды керек қылмас ешкім қалап…

Терең ой, терең ғылым іздемейді

Өтірік пен өсекті жүндей сабап, – деп кейбір жастардың іс-әрекетіне кейістік білдіреді.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой.

Бес асыл іс көнсеңіз, – деп, ел қамын ойлаған жастардың бойында қандай қасиеттердің болуы керектігін тізбектейді. Ақылды азамат болу үшін адам бойындағы қасиеттердің қалыбы үш нәрсеге байланысты екендігін айтады:

“…Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек”, – деп адам мінезіндегі орынсыз мақтан, ойсыздық, салғырттық, жалқаулық, күншілдік, көрсеқызарлық сияқты жаман әдеттердің ақыл мен ойды тоздыратынын айта келіп, естігенді еске сақтау, көргеннен үлгі-өнеге алу, жаман әдет-дағдылардан бойын аулақ ұстау, нәпсіні ақылға жеңгізу, ұстамды болу сияқты адамгершілік қасиеттерді қастерлейді.

Ұлы ойшыл Абай адамның өсіп, жетілуіндегі тәрбиенің рөліне ерекше тоқтала келе, өзінің он тоғызыншы қарасөзінде “Адам баласы туа сала есті болмайды. Естіп, көріп, ұстап, татып, естілердің айтқандарын есте сақтап қана естілер қатарында болады. Естіген нәрсені есте сақтау, ғибрат алу ғана есті етеді”, – деп ақыл-естің тәрбиенің жемісі арқылы жетілетінін ғылыми тұрғыда дәлелдеп береді. Абай “сүйекке біткен мінез сүйекпен бірге кетеді” дейтін теріс көзқарасты әшкерелеп, адам мінезі өмір барысынан сабақ алып, өзін қоршаған әлеуметтік орта әсерінен өзгеріске енеді, ол іс-әрекет арқылы көрінеді деген тұжырым жасайды. Адам мінезінің түрлерін адамгершілік, моральдық, имандылық тұрғыдан қарастырып, оларды жақсы және жаман деп жіктейді. Әдептілікті, сыпайылықты, құмарлықты, тәуелсіздікті, беріктікті жақсы мінезге жатқызса, сенгіштікті, арсыздықты, мақтаншақтықты, қулықты, жауыздықты т.б. жаман мінез деп есептейді. “Егер есті кісінің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айында бір, өмірді қалай өткізгенің жайында өзіңнен өзің есеп ал” – дейді. Яғни адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесінің маңызы мен мәніне ерекше тоқталады. Абай: “Адам баласы бір-бірінен ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі ақымақтық”, – дей келе, адамды тәрбиелеудегі қоғамдық ортаның рөлінің ерекшелігін саралап көрсетеді. “Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның өзінің замандастарының бәрі виноват”, – дейді. Нәсілдік көзқарасқа қарсы Абай адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге байланысты екенін дәлелдей келіп, өзінің отыз жетінші сөзінде: “Мен, егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім”, – деді.

Абай жастардың белгілі бір мамандықты игеруін қуаттайды. Өзінің отыз үшінші қарасөзінде “Егер мал керек болса, қолөнерін үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды” деп, жастардың сегіз қырлы, бір сырлы, өнерлі азамат болуын, белгілі бір өнер үйреніп, пайдалы іспен шұғылдануын, адал еңбекпен мал табуын уағыздаған ұлы ақын оларға:

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болса, арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан, - деп өмірден өз орныңды таба біл, қоғамның пайдалы азаматы бол деп өсиет айтады.

Абай махаббат мәселесіне де ерекше көңіл бөліп, жастарды жұбайлық өмірге үлкен жауапкершілік сезімімен қарауға шақырады. Өзінің “Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат” (1891) деген өлеңінде отбасы өмірінің этикасын, ерлі-зайыптылардың бір-бірімен сыйласымды өмір сүруін ескерте келіп, күнделікті тіршілікте кездесетін қиындық атаулыны қол ұстаса отырып жеңе білуге жастардың әзір болуын талап етеді.

Абайәйелдіңбасбостандығын, жастардыңсүйгенінеқосылыпмахаббаттыөмірсүруінқорғаушыболды.



Ұлы ақын Абайдың педагогикалық көзқарасындағы басты нысана “Атаның баласы болма, адамның баласы бол… жақсы көпке ортақ, пайдаң еліңе, халқыңа тисін” деген гуманистік ой-пікірді қуаттауы еді. Оның жастарды тәрбиелеудегі педагогикалық көзқарастары дүниежүзілік педагогика классиктері Ж.Руссо, Д.Дидро, И.Кант т.б., орыстың ойшыл ұлы педагогтары: Л.Н.Толстойдың, К.Д.Ушинскийдің ағартушылық ой-пікірлерімен терең қабысып жатыр.

Абай ұрығын сепкен оқу, өнер-білім, адамгершілік, әдеп, мораль мәселелері бүгінде қазақ халқының рухани азығына айналып отыр.

Достарыңызбен бөлісу:




©melimde.com 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
Сабақтың тақырыбы
бойынша жиынтық
Сабақтың мақсаты
жиынтық бағалау
Сабақ тақырыбы
ғылым министрлігі
тоқсан бойынша
рсетілетін қызмет
Жалпы ережелер
бағалауға арналған
қызмет стандарты
бекіту туралы
Сабақ жоспары
Қазақстан республикасы
жиынтық бағалаудың
жиынтық бағалауға
тоқсанға арналған
Әдістемелік кешені
республикасы білім
бағалау тапсырмалары
арналған жиынтық
арналған тапсырмалар
білім беретін
туралы хабарландыру
Қазақстан республикасының
бағалаудың тапсырмалары
арналған әдістемелік
мерзімді жоспар
пәнінен тоқсанға
Қазақстан тарихы
Реферат тақырыбы
Қазақ әдебиеті
Жұмыс бағдарламасы
бағдарламасына сәйкес
болып табылады
нтізбелік тақырыптық
Мектепке дейінгі
біліктілік талаптары
оқыту әдістемесі
республикасының білім
әдістемелік ұсыныстар
мамандығына арналған
әкімінің аппараты
туралы анықтама
жалпы білім
қойылатын жалпы
жалпы біліктілік
Конкурс туралы
қазақ тілінде
білім берудің
мемлекеттік әкімшілік