2.3.2. Алдыңғы бүйір құрсақ қабырғасының қабаттары және әлсіз жерлерінің топографиясын сипаттап беріңіз.
Терісі жұқа, қозғалмалы,созылмалы және оңай қыртысталады . Лангер сызықтары жоғарыдан төмен және медиалды бағытталған. Іштің алдыңғы қаптал аймақ терісін Филатов әдісімен құрақтап, алыс аймақтарға көшіп қондыруға жиі қолданылады. Терінің қандандырылуы 6 — 7 жұп төменгі-артқы қабырғааралық, жоғарғы, төменгі құрсақ үстілік және бел артериялары арқылы жүреді. Тері астында сан артериясынан кіндікке қарай a.epigastrica superficialis, мықынның алдыңғы жоғарғы қылқанына қарай мықынды айналатын беткей артерия (a. circum flexa ileum superficialis) өтеді. Сыртқы жыныс артерия ( a. pudenda externa ) тармақтары қасаға аймағын қандандырады. Қолтық артериясынан шығатын кеуденің латералды артериясы ( a. thoracica lateralis) іштің жоғарғы бөлігін қоректендіреді. Құрсақтың жоғарғы бөлігінің қаны v. thoraco-epigastrica арқылы қолтық және бүғанасты веналарына құяды . Олар жоғаргы қуыс венасының саласы болады. Кіндік маңы веналары v.paraumbilicales арқылы қақпа венасымен ұштасады. Құрсақтың алдыңғы қабырғасының төменгі бөлігінің қаны, бел, төменгі құрсақ үсті, мықын сүйегінің айналасындағы веналар сан және сыртқы мықын веналары арқылы төменгі қуыс венасына құяды. Терінің нервтенуі төменгі 6 — 7 жұп қабырға аралық, 2 — 3 бел, мықын-шап, мықын-құрсақасты және жыныстық-сан нервтері арқылы жүреді. Құрсақтың алдыңғы-бүйір аймағында тері астындағы май қабаты болбыр және өте қалың болуы мүмкін. Тек ақ сызық бойында азайып, кіндікте тіпті май болмайды. Соган байланысты өтті перитонит кезінде, кіндік өтті сорып алып, оның терісі сарғаюы мүмкін (кіндіктің сарғаюы, Рансогоф симптомы). Іштің алдыңғы-қапталдағы қабырғасының меншікті шандыры құрсақтың қиғаш және көлденең бұлшықеттерін жауып, оларға құрылысы әр түрлі фасциялды құндақ түзейді. Іштің сыртқы қиғаш бұлшықетін жауып жатқан шандыр мықтылау болады. Ол бұлшықет апоневрозымен қосылып, төменде шап байламына, шап өзегінің беткей сақинасы мен шәует бауының қабықтарына бекиді. Меншікті шандырдың шамалы бөлігі, сан аймағына өтіп — lamina cribrosa fascia lataeve қосылып кетеді. Ішкі қиғаш және көлденең бұлшықеттерді жауып жатқан шандырлар өте жұқа, бір-бірімен шелді маймен шектелген. Бұл шандырлар бұлшықеттер ішіне де фиброзды перделер беріп, бір-бірімен қосылып кеткен. Сондықтан, оларды бұлшықет апоневрозынан ажырату мүмкін емес. Құрсақтың алдыңғы және қапталдағы бұлшықеттері, өздерінің орналасуына және талшықтарының бағытына сәйкес екі топ құрады: — латералды бөлік бұлшықеттері (сыртқы қиғаш , ішкі қиғаш , көлденең бұлшықеттер); — медиалды бөлік бұлшықеттері (тік және пирамидалды бұлшықет). Қиғаш және көлденең бұлшықеттер үш қабат болып орналасқан. Сыртқы қиғаш бұлшықет төменгі 8-ші қабырғалардан және fascia thoracolumbalis-тың беткей жапырағынан басталады. Оның талшықтары сырттан ішке және жоғарыдан төмен қарай бағытталган. Бұлшықет талшықтары құрсақтың ортаңғы сызығына жетпейді. Мықынның алдыңғы — жоғарғы қылқанын кіндікпен қосатын сызықтан төмендеу жерде, сыртқы қиғаш бұлшықет талшықтары апоневрозға айналады. Бұл жағдайды осы аймақтарға кесу жүргізгенде ескеру керек.
Достарыңызбен бөлісу: |