17 Мойын: шекаралары, аймақтары және үшбұрыштарына сипаттама беріңіз
Шекаралары. Мойынды шартты түрде омыртқалардың көлденең өсінділері арқылы өткізілетін фронталды кеңістік арқылы алдыңғы және артқы бөлімдерге бөледі. Алдыңғы бөлімінде тіршілікке маңызды «мойынның ішкі ағзалары» орналасқан, ал артқы («желке» деп аталатын) бөлімінде, негізінен бұлшықеттер жатады. Жоғарғы шекарасы, бастың төменгі шегіне сәйкес, иек астынан төменгі жақсүйектің астыңғы шетімен оның бұрышына дейін және оның бұтағынан сыртқы есту тесігі арқылы емізік тәрізді өсіндінің ұшына дейін, одан әрі жоғарғы желкелік сызықпен сыртқы шүйделік төмпеге дейін, әрі қарай қарама-қарсы жағына жалғасады. Төменгі шекарасы төссүйектің мойындырық ойығынан басталып, бұғана бойымен жауырынның акромиондық өсіндісіне дейін, әрі қарай жетінші мойын омыртқаның қылқанды өсіндісімен жалғастыратын сызық бойымен өтеді.
Мойынның алдыңғы бөлімінде екі ірі аймақты ажыратады: ішкі медиалды және сыртқы латералды үшбұрыштар. Медиалды үшбұрышпішіні шамалы ромб тәрізді, жоғарыда төменгі жақсүйектің төменгі қырымен, сонымен қатар төс-бұғана емізіктік бұлшықеттің алдыңғы шетімен шектелген. Төс-бұғанаемізіктік бұлшықеттің алып жатқан аймағы, соның атымен аталады. Аталған бұлшықеттің артқы шетімен және трапеция тәрізді бұлшықеттің алдыңғы қырымен және төменде бұғанамен шектелген үшбұрыш-латералды болып табылады. Медиалды үшбұрышты тіласты сүйегі арқылы жүргізілетін көлденең сызықпен екі аймаққа бөледі: 1) тіласты сүйек үсті; 2) тіласты сүйек асты. Тіласты сүйек үсті аймақта мынадай кіші үшбұрыштарды ажыратады: иек астылық (trigonum submentale) (жұп емес) – ол тіласты сүйекпен (төменде) және қосқарыншалы бұлшықеттердің алдыңғы қарыншаларымен шектеледі. Сонымен қатар, жұп (оң жақ және сол жақ) жақастылық (trigonum submandibulare) үшбұрыштар, олар төменгі жақсүйектің төменгі қырымен және қосқарыншалы бұлшықеттің алдыңғы және артқы қарыншаларымен шектелген.
Тіласты сүйек асты аймақта төмендегідей жұп (оң жақ және сол жақ) екі үшбұрыштар орналасқан: ұйқы үшбұрышы (trigonum caroticum) және жауырынкеңірдектік үшбұрыш (trigonum omotracheale). Ұйқы үшбұрышы – үстінен қосқарыншалы бұлшықеттің артқы қарыншасымен, астынан-жауырын-тіласты бұлшықеттің жоғарғы қарыншасымен, ал артқы жағынан төс-бұғана-емізіктік бұлшықеттің алдыңғы қырымен шектелген. Жауырын – кеңірдектік үшбұрыш – медиалды жағынан тереңде жатқан кеңірдектің үстімен жүргізілетін ортаңғы сызықпен, латералды төменгі жақтан-төс-бұғана-емізіктік бұлшықеттің алдыңғы шетімен, латералды жоғарғы жағынан жауырын-тіластылық бұлшықеттің жоғарғы қарыншасымен шектелген. Жоғарырақ аталған латералды (яғни, сыртқы) үшбұрыш өз кезегінде төменнен жоғары қарай қиғаш өтетін жауырын-тіластылық бұлшықеттің төменгі қарыншасымен тағы жұп (оң жақ және сол жақ) екі кішірек үшбұрышқа бөлінеді. Жоғарғысы (үлкендеуі) – жауырын – трапециялық үшбұрыш (trigonum omotrapezoideum), төменгісі (кішісі) – жауырын – бұғаналық үшбұрыш (trigonum omoclaviculare) деп аталады. Төс – бұғана – емізіктік аймақ – осы бұлшықеттің алып жатқан шекарасына сәйкес келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |