10 Декомпрессиялық трепанациясы: көрсеткіштері, тәсілі, асқынуы және қолданылатын арнайы аспаптарға сипаттама беріңіз
Декомпрессивті бассүйек трепанациясы (лат. t. cranii decompressiva; латынша de - бір нəрсені алып тастау, compressio қысым; Кушинг синонимы) —самай аймағында самай сүйекті бассүйегі негізіне дейін алып, қатты ми қабығын ашу. Мидың ығысуы нəтижесінде науқастың жағдайы күрт нашарлағанда жасалады.
Көрсетілімдер: Мидың ісіктері, гидроцефалия, тағы басқа мидың аурулары салдарынан бассүйек іші қысымның жоғарылауы және мидың негізгі патологиялық ошағына операция жасауға келмейтін жағдайларда, мидың ісінуінен болатын ауырсыну деңгейін азайту үшін жасалады. Операция барысында бас сүйектерінің біреуінің бөлігін алып тастайды да, мидың қатты қабығын тіліп ашады. Соның нәтижесінде жұмсақ тіндерден тұратын қиындының астында, ми затының томпайып көтерілуіне мүмкіндік туғызатын қосымша кеңістік пайда болады. Декомпрессиялық трепанацияны патологиялық ошақтың дәл үстінен жасайды (егер диагноз қойылса), немесе оң жақ самай аймағына Кушинг әдісімен жасайды (егер патологиялық ошақ орны белгісіз болғанда).
Кушинг әдісімен бассүйекке декомпрессиялық трепанация жасау. Теріні тілуді бетсүйек доғасының жоғарғы шетінің орта кезінен бастайды да, қиғаш жоғары бағытта және шамалы артқа қарай жүріп, төбе (шеке) сүйектің төмпесі тұсында аяқтайды. Бетсүйек доғасының жоғарғы шетінен төмен қарай, ешқашан тілік жасауға болмайды, себебі бет нервінің тармақтарын кесіп жіберу қаупі бар. Теріні астындағы шелмай қабатымен, одан кейін апоневрозын тіледі, содан соң жарақаттың шеттерін екі жақты бағытта сылады. Одан әрі теріге жасалған тіліктің сызығымен самай бұлшықетінің фасциясын талшықтарының ұзынша бағытымен тіледі де, астындағы сүйек қабығын тіліп, оны распатор көмегімен екі жақты бағытта сүйектен ажыратады, соның нәтижесінде самай сүйектің қабыршақ бөлігін 6х6 немесе 7х7см көлемінде жалаңаштайды. Аршылған сүйек бөлігінің ортасынан бұрғымен бір тесік жасайды, содан кейін сол тесіктен бастап сүйектік қысқышпен самай сүйектің 6х7см көлемдегі учаскесін кертіп, резекция жасайды. Трепанациялық саңылау жасалғаннан кейін, мидың қатты қабығының бетін мұқият қарайды және оның қысымын саусақпен басып тексереді де, айқыш тіліктер жасап қатты қабықты ашады. Кесілген тамырларды байлайды немесе клипсалар салады. Ми затының ерекше томпайған кездерінде, декомпрессияны жақсарту үшін, мидың қатты қабығына қосымша радиалды тіліктер жасауға тура келеді. Операция бастың жұмсақ тіндерін өз қабаттарының ретімен жабумен аяқталады.Сүйек қабығына, самай бұлшықетіне, оның фасциясына және апоневрозға түйіншелеп кетгуттік тігістер салады, ал теріні жібек жіппен тігіп тастайды.
Хирургиялық араласудың асқынулары самай сүйекті тілген кезде пайда болған трепанация тесігінің шеттерінде қалған өткір шығыңқы жерлермен байланысты болуы мүмкін. Бұл шығыңқылар саңылау саңылауына шығып тұрған миды жарақаттап, қан кетуді немесе ми тінінің некрозын тудыруы мүмкін. Мидың ұлғаюы кезінде тым кішкентай саңылау оның бұзылуына әкелуі мүмкін. Бұл асқынулар әдетте екінші операцияны қажет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |