7 Бассүйек ми жарақаттарын хирургиялық өңдеу жолдарына сипаттама беріңіз.
Скальпелмен жарақаттың шетін айналдыра доға пішінді екі тілік жасайды. Терінің шетін астындағы теріасты шелмайымен қоса ені 0,5см аспайтын етіп тіліп алып тастайды. Жасалған тіліктің ұзынша орналасуы магистралды қантамырлар мен нервтердің жүрісіне сәйкес, яғни радиалды бағытта болуға тиіс. Жарақаттанған тері тамырларынан аққан қанды тамырға астындағы апоневрозбен қоса арнаулы қантоқтатқыш қысқыштарды бекіту арқылы тоқтатады. Операциялық жараны тігер алдында қысқыштарды біртіндеп шешеді де, қантамырларды «Москит» қысқышының ұшымен ұстап тұрып, коагуляция жасайды. Тамырға коагуляция жасау барысында терінің шетін күйдіріп алмауды ескеру қажет. Шытынап сынған сүйектің айналасындағы сүйек қабығын сынған жерден 0,5-1см шамасында шеткері бағытта распатор арқылы сүйектен ажыратады. Бос жатқан сүйек сынықтарын пинцетпен алып тастайды. Сынған сүйектің сүйек қабығымен бекінген ірі бөліктерін элеватор көмегімен ептеп көтереді. Сүйектің иректісті тегіс емес шеттерін Люэр қысқышымен тістеп қырқып тастайды.
Диплоэлық тамырлардан аққан қанды сүйектің қанап тұрған бетіне балауыз пастасын жағу арқылы тоқтатады. Пастаның артық бөліктерін кез келген құрал көмегімен алып тастайды. Зақымданған сүйектің шығарушы (эмиссарлық) веналарынан аққан қанды мынадай жолмен тоқтатады: қанап тұрған сүйек аймағының қабығын міндетті түрде сүйектен ажыратады, зақымданған тамыр орналасқан сүйек тесігіне күшпен басып балауыз пастасын жағады. Кей кезде мұндай жерге коагуляция да жасайды. Мидың қатты қабығы аман болған жағдайда, бастың жұмсақ тіндерінің жарасын түйіндік тігістер арқылы біржола тігеді. Егер мидың қатты қабығы зақымданған болса, онда оның жыртылған шеттерін қайшымен шамалап қияды да, түйіндік тігістермен тігіп тастайды. Мидың қатты қабығының тамырларынан қан кеткенде, зақымданған тамырдың екі жақ ұшына да тігіс жасау және лигатурамен байлау арқылы немесе клипстер салу жолымен тоқтатады. Қатты қабықтың жарақаттанған тамырларына клипс салу тек тамырдың кесілген шеті жағынан ғана мүмкін, оның өзінде клипс тамырды мидың қатты қабығымен қоса қысу керек. Мидың қатты қабығының бетіндегі «нүктелік» қан шығуды сутегінің асқын тотығы ерітіндісімен ылғалданған жұқа мақта немесе мәрлі көмегімен тоқтатады. Мидың өрмекті қабығынан өсетін пахион грануляцияларынан қан кету қауіпті болады, себебі оны тоқтату оңайға түспейді. Мәрлі тампоны әдетте нәтиже бере қоймайды. Бұл жағдайда, жараны тез құрғатып, қанап тұрған жерге гемостатикалық губканың көп мөлшерлі кесектерін сеуіп, одан соң ылғалды мәрлі шаригімен немесе хирургиялық салфеткамен қыса басу қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |