5 Мидың қабықтарының ерекшелігін сипаттап жазыңыз
Ми үш қабықпен жабылған – қатты қабық (dura mater), торлы қабық – (arachnoidea) және жұмсақ қабық (pia mater).
Мидың қатты қабығы жатады, ол жылтыр түсті екі жапырақшадан тұрады және арасында жұқа дәнекер тін болғандықтан, екі жапырақшаны бір-бірінен ажыратуға болады. Мидың қатты қабығы бірнеше жалпақ келген табақша тәрізді өсінділер жасайды, олар мидың жекелеген бөлімдерінің арасындағы саңылауларға кіріп, оларды бір-бірінен бөліп тұрады.
Мидың торлы (өрмекті) қабығы (arachnoideа) қатты қабықтың астында жатады, кейбір жерлерде онымен бірігіп кетеді, бірақ негізінен дәнекер тіннен құралған, тамырлары жоқ, мидың ойыстары мен жүлгелеріне кірмейді, жоғарғы бетінде орналасады.
Мидың жұмсақ қабығы (pia mater) миды қанмен қамтамасыз ететін қантамырларға бай, әсіресе жұқа қабырғалы веналары ерекше жалпақ болып келеді. Бұл қабық ми бетімен тікелей жанасады, оның барлық жүлгелері мен қарыншаларына кіреді, қантамырлық өрімдерді құруға қатынасады. Мидың торлы қабығы мен жұмсақ қабығының арасында ми-жұлын сұйықтығымен толған торлы қабық асты (субарахноидалды) саңылау тәрізді кеңістік орналасқан. Бұл одан әрі осы аттас жұлын кеңістігіне жалғасады.
6 Мидың қанмен қамтамасыз етілуі және веноздық қойнауларға сипаттама беріңіз.
Мидың қанмен жабдықталуы екі артериялық арнадан іске асады, олар – ішкі ұйқы және омыртқалық артериялар. Ішкі ұйқы артериясы (a.carotis interna) жалпы ұйқы артериясынан (a.carotis communis) бастау алады. Жалпы ұйқы артериясы мойындағы тіласты сүйегінің деңгейінде ішкі және сыртқы ұйқы артерияларына бөлінеді, одан әрі мойынның екі жағындағы оң және сол жақ ішкі ұйқы артериялары жоғары қарай жүріп бассүйектің сыртқы түбінде самай сүйектің пирамидасындағы ұйқы өзегінен өтіп, жыртық тесік тұсында бассүйек қуысының ішіне кіреді де, мынадай тармақтар береді: ұйқы-дабыл бұтақшалары (ұйқы өзегі ішінде – rami caroticotympanici), көз артериясы (a.ofthalmica), мидың алдыңғы және ортаңғы артериялары (a.cerebri ant.et med.), тамырлы өрімдер артериясы (a.chorioidea), артқы жалғастырушы артерия (a.communicans post.). Мидың алдыңғы артерияларын (оң және сол жақ) өзара жалғастыратын алдыңғы жалғастырушы артерия бар (a.communicans ant).
Мидың қатты қабығы сүйектерге бекінетін жерлерінде және шеті бос жиектерінде қуыстар (синустар) жасайды. Бұл веналық синустар мидың, көзұясының, есту ағзасының, мидың қатты қабығының өзінің, бас сүйектерінің веналарынан қанды қабылдайды. Синустар қатты қабықтың екі жапырақшасының арасында орналасады, белгілі жерлерде бұл жапырақшалар екіге ажырап, эндотелимен қапталған үшқырлы пішінді өзектерді құрайды.
Синустардың мынадай түрлерін ажыратады: 1) көлденең синус (sinus transversus) – диаметрі ең үлкені, шүйде сүйектің аттас жүлгесінде жатады, одан әрі 2) сигма тәрізді синусқа (sinus sigmoideus) жалғасады да, мойындырық тесігі арқылы ішкі мойындырық венасына құйылады. Көлденең синусқа ми орағының жоғарғы шетімен өтетін 3) жоғарғы сагиталды синус (sinus sagittalis sup.) құйылады. 4) Төменгі сагиталды синус (sinus sagittalis ing.) ми орағының төменгі шетімен өтіп, артқы жағындағы 5) тік синусқа (sinus rectus) қосылады, ал соңғысы көлденең синустардың біріне құйылады. 6) Шүйделік синус (sinus occipitalis) мишық орақшасының ішімен өтіп, ішкі шүйде төмпесінің тұсындағы синустық арнаға барып құйылады. Бұл арнаға сагиталды, тік, шүйделік және көлденең синустар келіп қосылады. 7) қуысты веналық синус (sinus cavernosus) түрік ершігінің екі бүйірінде сына тәрізді сүйектің үлкен қанаттарының түбірінде орналасқан.
Достарыңызбен бөлісу: |