1-апта. Кіріспе

Loading...


бет8/76
Дата20.09.2021
өлшемі426.37 Kb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   76
1914 жылы 19 шілде-де (1 тамызда) басталған бірінші дүниежүзілік соғыс төрт жыл үш жарым айға созылды. Соғысқа 38 мемлекет қатысып, соғысушы елдердің 10 миллион адамы қаза тауып, 20 миллион адамы мүгедек болып қалды. Бірінші дүние жүзілік соғыста орыстар қолына неміс, австро-венгер және түрік әскерлерінен тұтқынға түскен 2,3 млн. солдаттар мен офицерлері болды. Оның 2,1 млн. Австро-Венгрияның әскери қызметкерлері еді.

Ресей әскерінің Бас штабының орналастырып бөлуіне орай немістер мен венгр тұтқындары румындар мен славян тұтқындарға қарағанда сенімді болып, олар Сібірге, Қиыр Шығыс пен Түркістан өлкелеріне жіберілді. Тұтқындар аталған өлкелерде жол, темір жол жөндеу жұмыстары мен қатар басқа да ауыр жұмыстарға жегілген болатын. Соғыс жүргізудің ережелерін және тұтқындардың құқықтарын белгілеген халықаралық келісімдер ХІХ ғасырдың екінші жартысында-ақ жасала бастады. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде соғысушы елдердің барлығының (соның ішінде патшалық Ресейдің де) тұтқындарға қатысты саясаты 1907 жылғы Гаага келісіміне негізделді.

Соғыс тұтқындарының алғашқы тобы Батыс Сібірге, Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарына 1914 жылдың тамызында келді, олардың арасында Австрия-Венгрия азаматтары көп болды. 1915 жылы көктемдегі мәліметтерге қарағанда Түркістан әскери округінде 139 374 төменгі әскери шендегі және 1 882 офицер орналастырылған.

Соғыстың бастапқы кезеңінде яғни 1915 жылдың көктеміне дейін соғыс тұтқындарын қабылдау және орналастыру үшін арнаулы лагерьлер құрылмаған болатын. Сондықтан да алғашқы соғыс айларында әскери тұтқындарды қабылдайтын арнайы мекеме тіпті оларды уақытша болса да орналастыратын казарманың болмауы жағдайды біршама күрделендірді. Әскери тұтқындарды шығыс аудандарға, соның ішінде майданнан шалғай орналасқан қазақ өлкесіне қоныстандыруы, орыс әскерінің Бас штабының және үкіметтің майданға жақын аймақтағы елден соғыста болып жатқан шындықты жасыруға тырысуымен-де түсіндіріледі.

Екінші жағынан: патша үкіметі әскери тұтқындардың жергілікті өлке тұрғындарымен жақындасуынан да қорқып, қазақтардан, жергілікті орыс тұрғындарынан оларды алшақ ұстауға тырысты. Әскери тұтқындардың басым көпшілігінің 97,8%-інің қатардағы әлеуметтік топтан шығуы отаршылдық жергілікті әкімшілікті қатты састырды.

Полицейлік бақылау күштері әскери тұтқындарды мейлінше халықтан жекелеп ұстауға тырысса да, әр түрлі ұлттардан тұрған жергілікті халық тұтқындар арқылы майдандағы жаңалықтарды білуге тырысты. Біртіндеп саяси жағдайдың революциялық бағытта дамуымен әскери тұтқындар мен жергілікті тұрғындар арасындағы қарым-қатынас та сенімді мазмұн ала бастады. Осындай бағыттың тереңдеуіне әсер еткен әскери тұтқындардың шаруашылық салаларына тартыла бастауы болды.

Қазақ даласының болмысы ХХ ғасырдың басында біртіндеп күрделене түстi. Ресей Азиялық Шығысты отарлауды же дел қарқынмен жүргiздi. 1907—1912 жылдардың өзiнде Қазақстанға Ресейден 2 млн 400 мың адам әкелiп қоныстандырылды. Қазақтар шұрайлы жерiнен айырылды. Сонау Столыпин реформасының бас кезiнде-ақ “Санкт-Петербургские ведомости” газетi: “Егер мемлекет мүддесi қырғыздарды құрбан етудi талап етсе, әрине, бұған қарсы шығудың керегi жоқ…” деп жазған болатын.

Бірінші дүниежүзілік соғыс Қазақстан экономикасының жылдам құлдырауына әкеліп соқты. Ауыл шаруашылығы өлкедегі егіншілік облыстар бойынша біркелкі дамымады. Ол құнарлы, егіншілік шаруашылығын жетік меңгерген аудандарда жақсы дамыды. Соғыс егін шаруашылығына да елеулі өзгерістер енгізді. Ең алдымен, ауыл шаруашылық бақша дақылдарының егіс көлемі ұлғайды. Мәселен, Қазақстан бойынша күзгі бидайдың егіс көлемі 1913 жылмен салыстырғанда 1917 жылы 63,5%-ға, жазғы бидай - 8,4%-ға, тары - 22,1%-ға, картоп - 46,3%-ға қысқарды. Ал бақша дақылдарының егіс көлемі 433,8 мың десятинадан 1115,0 мың десятинаға дейін, яғни екі еседен астам көбейді. Өлкенің солтүстік-батыс және батыс облыстары бойынша дәнді дақылдардың өнімділігі 1914 жылдан 1917 жылға дейін әр десятинадан алынатын 38,7 пұттан 29,8 пұтқа дейін төмендеді. Соғыс жылдарындағы өлке егіншілігі жағдайының сипатты ерекшелігі оның жүргізілуі деңгейінің төмендігі болды. Бұл енгізілген ауыспалы егіс жүйесінің болмауынан, жердің және тұқымдық материалдардың өңделу сапасының төмендігінен көрінді. Егіс көлемі мен өнім көлемінің қысқаруының негізгі себебі жұмыс күшінің жетіспеуі болатын. Мәселен, Ақмола облысының Көкшетау уезінен ғана 1915 жылы армияға ауыл шаруашылығымен айналысып келген орыс тілді халықтың 39%-ы шақырылды. Қазақстанның басқа да аймақтарында мұндай көріністер байқалып тұрды.

1916 жылғы 25 маусымдағы патша Жарлығы бойынша қара жұмысқа 19-дан 43 жасқа дейiнгi еңбекке жарамды барлық ер адамдар алынуға тиiс болатын. Түркiстан мен Дала өлкесiнен 500 мыңнан астам жiгiт алу көзделдi. Бұл жағдай қазақ даласында үлкен қобалжу туғызды. М. Дулатұлы айтқандай: “Жұрт сеңдей соғылды, түнде ұйқыдан, күндiз күлкiден айырылды”.

Көтерiлiске шыққан халық күш бiрiктiру қажет екенiн түсiндi. Верный уезiнiң көтерiлiсшiлерi Наманған және Таластың жоғары ағысындағы Әулиеата уездерiнiң көтерiлiсшiлерiмен байланыс орнатты. Көтерiлiске шыққан жергілікті қазақтар ұйғыр лармен, қырғыздармен және дүнген дермен күш бiрiктiрiп, қимыл жасады.

Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мiржақып Дулатұлы өздерi қол қойған үндеуде екi баламаны алға тартты: “Бiрi — барса, алынған жiгiттер қазаға, бейнетке аз ұшырайды, екiншiсi— бармай қарсылық қылса, елге зор бүлiншiлiк келедi…”

1916 жыл ғы 20 шiлдеде Түркiстан өлкесiнiң генерал-губернаторы болып тағайындалған генерал А. Куропаткин қандай амалды болса да қолданудан тайынбай, көтерiлiсшiлердi бағындыруға, лаң салушыларға қарсы күресу үшiн байырғы халықтың рулық немесе тайпалық араздығын пайдалануға нұсқау бердi. Өз кезегiнде Жетiсудың генерал-губернаторы М. А. Фольбаум жергiлiктi казактардан жазалау отрядтарын ұйымдастыру үшiн казак станицаларына асығыс түрде винтовкалар мен патрондар жiбердi.

Жазалау отрядтарының басшыларына: “Қырғыздардың топтасып бас қосуын бүлiк деп санап, ондайларды жаныштаңдар, толқудың алғашқы нышаны байқалғанда-ақ екiншi дәрежелi басшыларын болса да тұтқынға алып, дала сотына берiңдер де, дереу дарға асыңдар” деген нұсқау берiлдi.

Ер азаматтарды жаппай майданға алу мал шаруашылығының да құлдырауына әкеліп соқты. Оған сан және сапа жағынан үлкен зардап келтірді. Ұсақ мал көбірек, ал ірі мал азырақ өсіріле бастады. Байырғы халықтың басым көпшілігі тұратын жерлерде жылқы, түйе, ірі қара мал саны кеміді. Мәселен, Ішкі Ордада 1915 жылы жылқы саны 310,3 мың болса, ал 1916 жылы 160,2 мың болып, үлес салмағы жөнінен 48,5%-ға кеміп кетті. Маңғыстау уезінде, Сырдария мен Жетісу облыстарында да осындай көріністер байқалды.

Соғыс жылдарында қазақтың мал шаруашылығы, бірінші кезекте, мал жайылымдық алаптарды тартып алу салдарынан зардап шекті. 1913-1917 жылға дейін қазақ халқынан жалпы көлемі 764,4 мың десятина жайылымдық алаптың жылқы-ірі қара жайылатын 190 жайылымы тартылып алынды және жалға алуға даярланды.

Мал санының қысқаруы, ең алдымен, қазақ халқының армия қажеттері үшін мәжбүрлеу тәртібімен ет беруге міндетті болғандығынан орын алды. Сан миллиондық армияның өсе түскен қажеттерін қанағаттандыру мүмкін емес еді. Өйткені қазақ шаруашылығында мал саны жылдан-жылға азая берді. Сондай-ақ соғыс жылдарындағы мал санының қысқаруына ауық-ауық өткізіліп тұратын реквизиция да әсер етті. Патша үкіметі соғыс қажеттілігі үшін жергілікті халықтан түйе, жылқы, сиыр жинап отырды. Осы жылдарда Түркістан өлкесінен 300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың түйе әкетілді. 1914 жылдың ішінде Жетісудан ғана 34 миллион сомның малы мен мал өнімдері тасылып әкетілді. Қазақ шаруашылықтарында малды реквизициялау және жылқы малын есепсіз пайдалануға байланысты мал санының қысқаруы село мен ауылда шаруашылықты қалыпты жүргізуге кері әсер етті. Жылқы малы әсіресе солтүстік облыстарда азайып кетті. Соғыс жылдарында армияны жабдықтау үшін мол мөлшерде азық-түлік даярлау, мал және ет өнімдері бағасының өсуіне әкеліп соқты. Осыған байланысты бұл кезеңде өлкеде анағұрлым арзан ет беретін сала - шошқа шаруашылығы жедел дами бастады.

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған соң, Қазақстан өнеркәсібі де соғыс қажеттері үшін жұмыс істеді. Өлкедегі кен өнеркәсібінің маңызды салаларының бірі Успен және Сасық-Қарасу кеніштерінен темір кенін өндіру арта түсті. Бұл кеніштерден 1914 жылы – 246 пұт, ал 1916 жылы – 1551 пұт темір кені өндірілді. Соғыстың үш жылы ішінде темір кенін өндіру 6,3 есе ұлғайды. Салықтардың жоғарылығынан, қатынас жолдарының қашықтығынан, құрал-жабдықтардың жетіспеуі салдарынан және басқа себептерден алтын кеніштерінің саны қысқарды. Түсті металдарға деген қажеттіліктердің артуы және олардың бағасының күрт өсуі соғыс жылдарында түсті металлургияның, әсіресе Риддер және Скольский кеніштерінің дамуына түрткі болды. Түсті рудалар өндіру 1913 жылмен салыстырғанда 1917 жылы 25,3 есе өсе түсті.

Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында мыс рудасын негізінен “Спасск мыс рудалары” акционерлік қоғамы мен “Атбасар мыс кендері” акционерлік қоғамы өндірді. Бірақта, мыс кенін өндіру жылдан-жылға кеми берді. Жер қойнауын жыртқыштықпен пайдалану “Спасск мыс кені” акционерлік қоғамының Успен кенішіндегі барлық бай кенді (құрамындағы мыс 25%) алып қоюына әкеп соқты. Соғыс жылдарында Сарысу байыту фабрикасы салынды. Ол революцияға дейін құрамында 25-30% мыс бар 128 мың пұт шикізат өндірді.

Көмір өндіру Семей, Торғай, Ақмола облыстарында жүргізілді. Соғыс жылдарында Екібастұз кен орындары елеулі рөл атқарды. Ол Екібастұз қорғасын-мырыш зауытын, Ертістегі жекеше кеме қатынасын, Оралдағы Боголовск және Қышым зауыттарын көмірмен жабдықтап отырды.

Өңдеуші өнеркәсіп соғыс мұқтаждығына ет-сүт өнімдерін, былғары тауарлар және басқа да тұтыну заттарын беріп отырды. Әсіресе, былғары тауарларын өндіру өсті, бұл кезеңде өлкеде 139 былғары кәсіпорны жұмыс істеді. Олар негізінен Семей және Ақмола облыстарында орналасты және бүкіл ауыл шаруашылық өнімінің 64,3% -ын өңдеді. Шынына келгенде, былғары, тері және ішек-қарын өндірісінің майдагерлік кәсіпорындары одан әрі ұқсату үшін Ресейдің ірі өнеркәсіп орталықтары - Пермь, Вятка, Рига қалаларына өнім жеткізіп берді. Соғыс жылдарында интенданттық армия тарапынан былғары аяқ киімге және тері тондарға сұраным ерекше өсті.

Соғыс жылдарында жүн өніміне сұраным ұлғайып, өлкеде шұға өндіретін тұңғыш Қарғалы фабрикасы әскери тапсырыс орындап, шинельге арнап шұға дайындай бастады, сол сияқты соғыс сұранымына ет өнімін дайындауда Петропавлда ет-консерві комбинаты ашылса, Оралда мал соятын арнайы орын ашылды.

Өлкеге дайын өнім, киім-кешек пен аяқ киім әкелудің қысқаруына байланысты соғыс жылдарында осы қажетті бұйымдарды тігетін шеберлердің саны көбейді. Мәселен, 1916 жылы Верный қаласында 140 адам жұмыс істеген ірі шеберхана болды.

Өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың, қалалардағы еңбекшілердің жағдайы күрт нашарлады. Кәсіпорындарда жас балалардың, жасөспірімдердің, әйелдер мен соғыс тұтқындарының еңбегі кеңінен қолданылды. Жұмысшылар тәулігіне 10-12 сағат, ал кейде 16 сағаттан жұмыс істеді. Жұмысшылардың нақты жалақысы үнемі төмендей берді. Мәселен, Спасск зауытында 1914 жылы күндік жұмыс үшін – 1 сом 04 тиын, 1915 жылы – 94 тиын төленді. Мұндай жағдай өнеркәсіп орындарында барлығында дерлік болып жатты.

Селолар, қалалар мен ауылдар еңбекшілері жағдайының нашарлауы 1914 жылдың өзінде-ақ Қарағанды, Екібастұз шахталарында, Орынбор, Ташкент және Транссібір теміржолдары жұмысшылары арасында бас көтерулер мен ереуілдерге алып келді. Тіпті, соғыс жылдарында Қазақстанда халық бой көтеруінің бірі “әйелдер бүлігі” дейтіндер болды, оларды өкімет орындары үкіметке қарсылық деп қарады.

Шаруалар көтерілістері Қазақстанның солтүстік аудандарын да қамтыды. Мәселен, 1916 жылы 21 наурызда Торғай облысы Ақтөбе уезінің Ақбұлақ селосында 30 адам болатын солдат әйелдерінің тобыры көпестер - Незвановтың, Пряткиннің дүкендерін қиратады. Халық бұқарасының мұндай бой көрсетулерінің толқыны Қазақстанның басқа да аймақтарында орын алды. 1916 жылдың орта шеніне қарай жұмысшылардың үкіметке ашынуы үдей түсті. Нәтижесінде бұл жағдайлар қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысына зор ықпал жасады.

Шілденің бас кезінде Қазақстанның барлық аймақтарында дерлік стихиялы наразылықтар басталып, көп ұзамай қарулы көтеріліске ұласты. Халық ашу-ызасының алғашқы соққыларына тылдағы жұмыстарға алынатындардың тізімін тікелей жасаған болыс басқарушылары, ауыл старшындары және патша әкімшілігінің басқа да төменгі билік иелері ұшырады. Іс жүзінде тізімдер жасау жүйесі жаппай парақорлық пен бұрмалаушылыққа жол ашқан болатын.

Оның үстіне патшалық өкімет орындары лауазымды адамдарды, болыстарды, село және ауыл басқарушыларын, байырғы тұрғындардан шыққан төменгі шенді полицейлерді, имамдарды, молдалар мен мүдәристерді, ұсақ кредит мекемелеріндегі есепшілер мен бухгалтерлерді, жоғарғы және орта оқу орындарындағы оқушыларды, үкіметтік мекемелердің шенеуліктерін, дворян және құрметті азамат құқықтарын пайдаланатын адамдарды әскерге алудан босатты.

Стихиялы қозғалыс бірте-бірте ұйымдасқан сипат алып, қарулы көтеріліске ұласып, оның ірі ошақтары (Жетісу мен Торғайда) пайда болды. Көтеріліс бүкіл Қазақстанды қамтыды. Бұл көтерілістің басты мақсаты ұлттық және саяси азаттық болды. Сол арқылы ол қазақ халқының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы бұрынғы бүкіл күресінің қорытындысын шығарды. Көтерілістің негізгі күші ұлттық шаруалардың қалың тобы, сондай-ақ сол кезде туып келе жатқан жергілікті жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілер болды.

Сонымен бірге көтерілістің ұлт-азаттық сипатта болуы себепті қазақ халқының барлық топтарының өкілдері (екінің бірінде байлар, болыс басқарушылары, билер), сондай-ақ демократияшыл зиялылардың жекелеген өкілдері қатысты.

Жеке-жеке бұрқ еткен толқулар көп ұзамай қарудың күшімен жанышталып, жұмысшыларды реквизициялаумен майданға жөнелту басталды. Сол кезде “Қазақ” газетінің редакциясы тыл жұмыстарына жөнелтілген қазақтардың мұқтаждықтарына қызмет көрсетуді ұйғарды және осы мақсатпен барлық қазақ зиялыларына реквизицияланғандар жұмыс істейтін майдандарға өз еркімен барып, оларда бұратаналар бөлімін құруға шақырды. Зиялылар (көпшілік бөлігі мұғалімдер) бұған үн қосты және көп кешікпей Минскіде земство одағының жанынан бұратаналар бөлімі құрылды.

Көтерiлiске шыққан халықтың қалауымен көтерiлiсшiлердi Бекболат Әшекеев, Тоқаш Бокин (Верный уезi), Жәмеңке Мәмбетов, Ұзақ Саурықов (Қарқара), т.б. басқар ды. Түркiстан өлкесiнде 347 адам атылды, 168 адам жер аударылды. Сотсыз атылғандарда есеп болмады. Жетiсуда көтерiлiс жасаған ауылдардың 238 мыңнан астам халқы Қытайға ауып кетуге мәжбүр болды.

Торғай уезiндегi қыпшақ руының көтерiлiске шыққан қазақтары Орта жүздiң ықпалды биi Нияздың немересi, аса беделдi Әбдiғафар Жанбосыновты өздерiнiң ханы етiп сайлады. Атақты Иман батырдың немересi Амангелдiнi сардарбегi етiп тағайындады. Олардың жалпы саны 20 мыңға дейiн жеткен. Көтерiлiсшiлер қатарын Ырғыз дан, Қостанайдан, Ақтөбеден, Байқоңыр және Шоқпаркөл кенiштерiнен, Орынбор — Ташкент темiржолынан келген жұмысшылар толықтырды. Патша өкiметi көтерiлiсшiлерден аяусыз кек алды. 3000-ға жуық адам жазаланды. Жүздеген ауылдар өртелiп, көптеген бейкүнә адамдар атылды.

Жетiсу өңiрiнде қоныстанушылардың 94 елдi мекенi көтерiлiсшiлердiң шабуылына ұшырады. Ұлтаралық қақтығыстардың салдарынан орыстар мен украиндерден 2,5 мыңнан астам адам өлдi және жараланды. Патшалық генералитет пен отаршыл әкiмшiлiк айдап салған шенеунiктер, қоныстанушы шаруалар, казактар жазалау жасақтарына қосылып, қазақ ауылдары мен қырғыз ауылдарын ойрандауға қатысты. Осындай жағдайда IV Мемлекеттiк Думаның мiнберiнен А.Ф. Керенский жазалаушыларды әшкерелеп, патша үкiметiн және Түркiстан мен Дала өлкесiнiң отаршыл әкiмшiлiгiн сынға алды.

1916 жылы Қазақстан жерiндегi қазақтардың саны жарты миллионға жуық кемiдi.

Әлихан Бөкейханов былай деп жазды: “Қазақ-қырғыз осы көтерiлiсте көп адамын өлтiрiп, шаруасын күйзелтсе де, келешекке қандай ел екенiн бiлдiрдi… Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мiнбейдi, бұғаудан босамайды, ерi құлдықтан, әйелi күңдiктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды”.

Жетісудағы көтеріліс тарихын: 1) шілде - стихиялық наразылық көріністері, 2) тамыз - оның қарулы көтеріліске ұласуы және 3) қыркүйек-қазан - көтерілістің біртіндеп бәсеңдеуі және жеңіліс табуы деген кезеңге бөлуге болады.

М. Тынышбаевтың мәліметі бойынша, 25 маусымдағы патша жарлығы Жетісу қалаларында 8 шілдеде белгілі болған. Облыстың жекеленген уездерінде жұмысшыларды шақыру туралы телеграммалар одан бұрын, 2 және 3 шілдеде келіп түскен. Шілде айының бас кезінде-ақ толқулар Верный уезінің батыс және оңтүстік бөліктерін қамтып, оларда көтерілісшілерге Бекболат Әшекеев, Тоқаш Бокин, Аққоз Қосанұлы және басқалар басшылық етті. Соғыс ошағы ұлғайып, халық наразылығы үдеп кетуіне орай, патша үкіметі ендігі тұста көтеріліс қимылдарын басу үшін іс-шаралар қолдануды ұйғарды. Нәтижесінде 17 шілдеде Жетісуда және Түркістан өлкесінде соғыс жағдайы жарияланып, патша үкіметі мұнда ірі әскери күштер алып келді. Әскери гарнизондарды нығайтып, Жетісудағы қоныс аударушы халықтың ауқатты топтарынан қазақ және қырғыз көтерілісшілерін жазалау үшін қарулы отрядтар құрды. Жетісу облысы Жаркент уезі көтерілісшілерінің Асы жайлауында, Қарқараның таулы алабында, Жалаңаш, Құрам елді мекендері аудандарында, Лепсі уезінің Садыр-Матай болысында және басқа жерлерде патша жазалаушыларымен ірі қақтығыстар болады.

Осындай жағдайда Верный уезінің басында Б. Әшекеев Жетісудың бытыраңқы көтерілісшілер топтарын біріктіру үшін шаралар қолданып, 1916 жылғы 13 тамызда Ошақты деген жерде әр түрлі болыстар өкілдерінің съезін шақырады. Съезде тыл жұмыстарына адамдар алу туралы жарлық шығарған үкімет орындарына қарулы қарсылық көрсетуге дейін барып, бағынбауға шешім шығарды. Өз жақтастарымен Үшқоңыр тауындағы Ошақты сайына орнығып алған Б.Әшекеев қарулы қарсылыққа дайындала бастады, сонымен бірге көтерілісшілердің қатарын жаңа күштермен толықтыру жөнінде шаралар қолданды.

Алайда, бұл әрекеттер айтарлықтай жетістіктер бермей Б. Әшекеев басшылығымен орын алған Жетісудағы ұлт-азаттық көтеріліс басылып-жаншылады. 7 қыркүйекте Верный қаласында Верный әскери гарнизонының соты болып, көтеріліс басшыларының бірі Б. Әшекеевті өлім жазасына кесіп, дарға асу туралы үкім шығарды. Соттың үкімін облыстың әскери губернаторы Фольбаум нақ сол күні бекітіп, үкім бір күннен соң, яғни 1916 жылғы 9 қыркүйекте Верныйдың жанындағы Боралдай деген жерде орындалады. Сотсыз және тергеусіз атылғандарды есептемегенде, сот үкімімен Түркістан өлкесінде 1917 ж. 1 ақпанына дейін 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеге жабылуға кесілді. 300 мың қазақтар мен қырғыздар Қытайға қашуға мәжбүр болды.

22 қазанда А.Иманов бастаған 15 мың қол Торғай қаласын қоршады. Қаланы қоршау бірнеше күнге созылып, қоршау кезінде генерал-лейтенент А. Лаврентьевтің жазалаушы корпусы қалаға қарай үш бағытта бет алды. 16 қарашада А.Иманов бастаған 12 мың адамға жуық сарбаздар Түнқойма пошта станциясына шабуыл жасайды. Көтерілістің негізгі көпшілігі адам күшін сақтау үшін қарашаның екінші жартысында Торғайдан 150 шақырым жерге жетіп, Батпаққара ауданына шоғырланады. Осы жерден 1916 жылғы қарашаның екінші жартысынан 1917 жылғы ақпанның ортасына дейін жазалаушыларға қарсы партизандық жортуылдар жасалады. Көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында Татырда, Ақшығанақта, Доғал-Үрпекте, Күйікте шайқастар болды. Шайқас 1917 жылғы ақпанның екінші жартысына, яғни ақпан революциясына дейін созылды.

Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі Торғайдан өзге барлық аймақтарда қатаң басып-жаншылды. Семей және Ақмола облыстарында көтерілісшілерге қарсы 12 атты әскер жүздігі, 11 күшейтілген жаяу әскер ротасы қимыл жасады, ал Торғай көтерілісшілеріне қарсы патшалық өкімет орындары 17 атқыштар ротасын, 18 казак жүздігін, 4 атты әскер эскадронын, 18 зеңбірек, 10 пулемет және басқаларды әкеп төкті. Осыған қарамастан, Торғай облысында көтеріліс патша үкіметі құлатылғаннан кейін ғана тоқтады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының сан ғасырлық қозғалысының тарихында ерекше орын алады. Бірінші дүниежүзілік соғыс жағдайларында көтерілістің жалпы жұрт таныған басшылары Ә. Жанбосынов, А. Иманов, Ж. Мәмбетов, Ұ. Саурықов, Б. Әшекеев, О. Шолақов, А. Жүнісов, С.Қанаев көтерілісшілердің саяси көсемдері Т. Бокин, Т. Рысқұлов, С. Меңдешев, Ә. Жангелдин, Б. Алманов және басқалар кезінде Сырым Датов, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов, Жанқожа Нұрмұхамедов, Кенесары Қасымов және басқалар жүргізген тәуелсіздік жолындағы күреске халықты көтерді. К. Қасымов басшылық еткен ұлт-азаттық қозғалыстан кейін 1916 жылғы көтеріліс бірінші рет кең-байтақ өлкенің барлық аймақтарын әр түрлі дәрежеде қамтып, бүкілқазақтық сипат алған көтеріліс болды. 1916 жылғы көтерілістің айрықша ерекшелігі өлкенің бірқатар аудандарында (негізінен, Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында) оған қазақтармен қатар қырғыз, ұйғыр, өзбек және басқа да халықтар өкілдерінің де қатысуы болды.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұтас алғанда Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың одан әрі асқына түсуіне себепші болды. Ол Ресейдегі әскери-отаршылдық басқару жүйесінің іргесін шайқалтып, шығыстың отар халықтарының импералистік езгіге қарсы XІX ғасырдың басында өріс алған бүкіл ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі болды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   76
Loading...




©melimde.com 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
Сабақтың тақырыбы
Сабақтың мақсаты
бойынша жиынтық
Сабақ тақырыбы
жиынтық бағалау
ғылым министрлігі
рсетілетін қызмет
Жалпы ережелер
тоқсан бойынша
қызмет стандарты
бекіту туралы
бағалауға арналған
Сабақ жоспары
Әдістемелік кешені
Қазақстан республикасы
тоқсанға арналған
жиынтық бағалаудың
туралы хабарландыру
жиынтық бағалауға
арналған жиынтық
бағалау тапсырмалары
арналған тапсырмалар
білім беретін
республикасы білім
Қазақстан республикасының
бағалаудың тапсырмалары
мерзімді жоспар
Қазақстан тарихы
пәнінен тоқсанға
Жұмыс бағдарламасы
арналған әдістемелік
біліктілік талаптары
әкімінің аппараты
Қазақ әдебиеті
туралы анықтама
Мектепке дейінгі
мамандығына арналған
нтізбелік тақырыптық
қойылатын жалпы
жалпы біліктілік
Конкурс туралы
мемлекеттік әкімшілік
болып табылады
оқыту әдістемесі
жалпы конкурс
Реферат тақырыбы
қатысушыларға қойылатын
Қазақстан облысы
әдістемелік ұсыныстар
әдістемелік кешені
тақырыптық жоспар

Loading...