1-апта. Кіріспе



бет20/76
Дата20.09.2021
өлшемі426.37 Kb.
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   76
1917 жылдың көктемі мен жазында қазақ еңбекшілерінің арасынан тыл жұмыскерлерін біріктіретін ұйымдар, “қаражұмыскерлер” одағы және революциялық-демократиялық жастар ұйымдары құрылды. Жұмысшы, солдат және шаруа депутаттарының Кеңесіне жақын ұйымдар пайда болды. Бұлар — “Верный қалалық мұсылман жұмыс шыларының біріккен одағы”, Жаркенттегі “Жұмысшы одағы”, Қазақстанның оңтүстігінде құралған “Мұсылман еңбекшілерінің одақтары” (иттифактар). Кейінірек, 1917 жылы Мәскеуде “Мұсылмандар одағының” V съезі ашылды. Онда “Ислам Кеңесі” (“Шура-и-ислам”) құрылды. Шураның жұмысына Қазақстаннан Ж.Досмұхамедов, Ж.Ақбаев, К.Тоғысов, М.Шоқай және басқа қайраткерлер қатысты. “Ислам Кеңесі” өзі нің алдына біртұтас “Үлкен Түркістан” мұсылман мем лекетін құру мақсатын қойды.

Жастардың қоғамдық ұйымдары. Олардың саны 20-ға жуық болды: Омбыда “Оқушы жас тардың демократиялық одағы”, Ақмолада “Жас қазақ”, Спасск зауытында “Жас жүрек”, Петропавлда “Талап”, Семейде “Жанар”, Меркеде (Әулиеата уезінде) “Қазақ жастарының революциялық одағы”, т.б. Соңғы ұйымды Т. Рысқұлов басқарды. Олардың кейбірі большевизм туының астына кіріп, социализм жағына шықты, енді біреулері “Алаш” партиясының соңынан еріп, қазақтың ұлттық мемлекеттігін құру идея сын қуаттады.

Мұсылман үкiметтерiнiң құрылуы. 22 қарашада Ферғана хандығының бұрынғы астанасы Қоқан қаласында Бүкiлтүркiстандық төтенше IV съезд ашылды. Оны ашқан М. Шоқай Ресей мен Түркiстандағы саяси жағдайды сипаттай келiп: “Орталықта болып жатқан оқиғалар шетаймақтарды өзiн-өзi қорғаудың және ұлы ұлттық төңкерiстi құтқарудың жайын ойлауға мәжбүр етуде”, — деп мәлiмдедi. Съезд “Түркiстан — Ресей Федерациясының құрамындағы аумақтық орналасуы жағынан автономиялық республика” деп жариялады. Түркiстанавтономиясының нормаларын белгiлеу Құрылтай жиналысына тапсырылып, азұлттардың құқықтары барынша сақталатындығы айтылды. Автономиялық Түркiстан үкiметiн басқаратын Уақытша Кеңеске премьер-министр және Ішкi iстер министрi болып М. Тынышбаев сайланды. Кейiнiрек оны М. Шоқай алмастырды. Жаңа мемлекеттiк құрылым “Туркестони мухтариат” (Түркiстан автономиясы) деп аталды. Автономияда ислам мемлекеттiк дiн ретiнде қабылданды. Съездiң Түркiстан ха лық тарына Yндеуiнде: “…Қазiр бұғаудан азат болған Түркiс танға өз жерiнiң қожайыны болып өз тарихын өзi жасайтын күн туып отыр” делiндi.

1918 жылғы қаңтарда Ташкент Кеңесi мұсылман үкiметiн жоймақшы болды. Қызыл жұмысшылар отрядтары, армян партиясы — “Дашнакцутюннiң” қарулы милиция отрядтары және Ташкент гарнизонының бөлiмi Қоқанға қарсы аттандырылды. 5 ақпанда Қоқан қаласы шабуылмен алынды. Yш күн қырғын салып, талап-тонағаннан кейiн қала өртелiп жiберiлдi.

Тарихта "Алаш" партиясының саяси ұйым болып құрылуының бастауын 1917 жылдың 21-28 шілде аралығында өткен бірінші Бүкілқазақ съезі айқындап берді. Съезд жұмысына сол кезде қазақ даласының алты облысынан: Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Ферғана және Бөкей ордасынан делегаттар қатысты. Съезде 14 мәселе күн тәртібіне қойылды: мемлекеттік басқару жүйесі; қазақ облыстарының автономиялығы туралы; жер мәселесі; халық милициясын ұйымдастыру; земство туралы, халық ағарту ісі; сот ісі; дін мәселесі; әйелдер мәселесі; қазақтар облыстарында Құрылтай жиналысына делегаттар сайлау; бүкілресейлік мұсылман съезі туралы; қазақ саяси партиясын құру туралы; тағы басқалары. Осылардың ішінде өзінің мазмұны мен саяси маңызы жағынан ұлттық автономия, жер мәселесі мен Құрылтай жиналысына дайындық мәселелері бірінші кезекте, өте саяси пікірталас жағдайында талқыланды. Мысалы, ұлттық автономия туралы А. Байтұрсынов пен М. Дулатов тәуелсіз автономиялық Қазақ мемлекетін жақтап сөйлесе, Ә. Бөкейханов қазақ ұлттық-территориялық автономияның Ресейдің құрамында болуын жақтады. Бірақ, ол мемлекет демократиялық федеративті парламенттік республика негізінде құрылуына басты назар аударды. Бүл көзқарас көпшілік делегаттардың қолдауына ие болды. Сонымен съездің қарарында: "Қазақ облыстары территориялық-ұлттық автономия құқығын алуы тиіс" деп жазылды. Сондай-ақ, жер мәселесі де қызу талқыға салынды. Съезд Қазақстанның барлық региондары мен Бұхара, Ферғана, Хиуадағы қазақтар қауымдастығынан Құрылтай жиналысына ұсынылған 81 кандидаттың 78-ін депутат етіп сайлады. Олардың арасында "Қазақ" газетінің жетекшілері, қазақ ұлттық-либералдық қозғалысының көсемдері Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, аймақтардан А. Ермеков, Х. Ғаббасов, Ж.Х. Досмұхамедовтар, М. Тынышбаев, М. Шоқаев, С. Асфендияров болды.

Съезде қаралған барлық мәселелер талқыланып, шешімдер қабылдану барысында қазақ ұлт зиялыларының ықпалы басым болып отырды. Сайып келгенде, Орынборда өткен бірінші Бүкілқазақ съезі "Алаш" қазақ ұлттық саяси партиясын шын мәнінде заңдастырды. Атқару комитеті негізінде партияның басқарушы органы сайланды. 10 баптан тұратын "Алаш" партиясының бағдарламасы құжат ретінде қабылданып, 1917 жылы партияның басылым органы болып съезде бекітілген "Қазақ" газетінің 251- санында жарияланды.

1917 жылдың көктемі мен жазында қазақ даласында барлық қоғамдық топтардың қозғалыстары арта түсті. Бұл кезеңде аймақта көппартиялық жүйе орын алды. Көптен күткен саяси тәуелсіз зайырлы ұлттық мемлекет құруға мүмкіндіктер туды.

Сонымен, қорыта айтқанда, Кеңестік дәуірдегі Коммунистік партияның идеологтары Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін буржуазиялық ұлтшылдық қозғалысының көрінісі деп бағалап келді. Алайда, біздің жоғарыда атап көрсеткеніміздей, жалпы Алаш қозғалысы, соған байланысты XX ғасыр басындағы қазақ ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметінде "ұлтшылдықтың", "буржуазияшылдықтың" ешқандай да белгісі болған емес. "Алаш" қазақ халқының нағыз ұлттық демократиялық партиясы болды. Сондықтан, қазіргі де, болашақ ұрпақтың да санасында оның өмір сүрген уақыты қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған өзінің толық тәуелсіздігін қалпына келтіру жолындағы күресінің ең маңызды бір кезеңі деп бағалануы керек.



Қазақстан кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйенің қалыптасу тұсында (1920-1939жж.) Қазақстандағы “Жаңа экономикалық саясат”. Қазақ Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы (Қазақ АКСР, Қазақстан) (қаз. Қазақ Аптоном Сотсіжалістік Советтік Респұблікась, Қазаƣьстан, қаз. Қазақ Автономиялы Социалистік Кеңестік Республикасы, Қазақстан) — Қазақстан аумағындағы РКФСР құрамындағы әкімшілік-шекаралық бірлік, Қазақ  ұлттық автономиясы. 1925 жылдың 15 маусымынан 1936 жылдың 5 желтоқсанына дейін өмір сүрді. Бастапқыда бұл автономия Қырғыз Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы (1920-1925) деп аталып келді, кейіннен 1925 жылы ҚазАКСР орталық атқару комитетінің төрағасы "қырғыз" деген атауды "қазақ" деген атаумен алмастыру туралы қаулысымен Қазақ АКСР-ы деп аталынды. ҚазАКСР-ның әкімшілік орталығы - алдымен Қызылорда (1920-1924), кейіннен 1927 жылдан бастап Алматы қаласына көшірілді.

Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы — бұрынғы КСРО құрамында болған одақтас республикалардың бірі; ол 1920 ж. 26 тамызда құрылды және алғашқы кезде Қырғыз АКСР-і деп аталып, РКФСР құрамына кірді, 1936 ж. 5 желтоқсанда одақтас республикаға айналды. КСРО-ның Азиялық бөлігінің оңтүстік-батысында орналасты, солтүстігінде РКФСР-мен, оңтүстігінде Түрікмен КСР-мен, Өзбек КСР-мен және Қырғыз КСР-мен, шығысында Қытаймен шектесті, батысында Каспий теңізі. Қазақ КСР-ы — жер көлемі жағынан РКФСР-ден кейінгі екінші, халқының саны жағынан РКФСР мен Украинадан кейінгі үшінші одақтас республика болды. Жері 2724,9 мың км². Астанасы — Алматы қаласы. Әкімшілік жағынан 19 облысқа, 210 ауданға бөлінді, 82 қаласы болды.

Қазақ АКСР–інің құрылуы 1919 жылы 10 шілдеде РСФСР Халық Комиссарлар кеңесі «Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру туралы» декрет қабылдады. Ол өлкедегі ең жоғарғы әскери – азаматтық басқарма болып саналды. Казревком құрамына Семей, Ақмола, Орал, Торғай облыстары, Астрахань губерниясының шығыс бөлігі кірді. Казревком төрағасы С. Пестковский болды. Мүшелері: А. Байтұрсынов, Ә. Жангельдин, Ә. Әйтиев, Б. Қаратаев, С. Сейфуллин, С. Мендешов, М. Сералин, В. А. Радус – Зенькович, А. Авдеев т. б.

Казревком міндеттеріне біріншіден, контрреволюция мен интервенцияға қарсы күресу; екіншіден, өлкеде мемлекеттік, шаруашылық, мәдени құрылыс орнату және үшіншіден өлке Кеңестерінің құрылтай съезін әзірлеу болатын.
1920 жылы 9 наурызда Алашорданы тарату туралы Казревком шешімі қабылданды. Казревком мәдени құрылыста біршама жұмыстар атқарды: – «Ұшқын» газетін шығарды.
1920 жылы 26 тамызда «Қырғыз (қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік республикасын құру туралы» декрет жарияланды. Орынбор қаласы – астана (1920 – 1924 жж.). Территориясы – Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, Манғышлақ уезі, Красноводск уезінің бір бөлігі, Астрахань губерниясының бір бөлігі. Жетісу мен Сырдария облыстары Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік республикасының құрамына енгізілген болатын (1918 ж). Халқы – 5 млн.-ға жуық адам. 1920 жылы 4 қазанда Орынбор қаласында Қазақ АКСР Кеңестерінің съезі өтті. Мұнда жоғарғы өкімет органдары сайланды: Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С. Мендешев, ал қазақ АКСР – інің Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В. А. Радус – Зенькович болды. Съезде «Қазақ АКСР еңбекшілері құқықтарының декларациясы» қабылданды.

Декларацияда Қазақ АКСР – нің мемлекеттік басқару органдары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері айқындалды. Қазақ АКСР – нің құрылуының тарихи маңызы: 1) Қазақ халқының ғасырлық арманы орындалуының көрінісі.  2) Отаршылдыққа қарсы күрес нәтижесі.  3) Ұлттық қайта өрлеу жолындағы алғашқы қадам. Шекарасы 1932 жылдары батысында Төменгі-Волжск өлкесімен. солтүстік-бастысында - Ортаңғы-Волжск өлкесімен, солтүстігінде - Орал облысымен, солтүстік-шығысында Батыс Сібір өлкесімен, оңтүстігінде - Орталық Азия Кеңестік республикаларымен, оңтүстік-шығысында Қытаймен шекарала жатты. Ауданы мен халқы (1933 жылғы 1 қаңтарында) 2 853 мың шаршы км. құрады. Халқы - 1931 жылдың 1 қаңтарындағы санағы бойынша - 7 260,5 мың  адам, оның ішінде қала тұрғындары (1926 жылығы санақ) - 911,2 мың  адам болды. Империяның жерді тартып алуы қарқынды жүргенін айту керек. 1893— 1905 жылдарда өлке тұрғындарынан 4 млн десятина жер алынды. 1906—1912 жылдар аралығында жер алу 17 млн десятинаны құрады. Бәрін қосқанда, 1917 жылы қазақтардан 45 млн десятина жер тартып алынып, көшіп келгендерге берілді.

Отарлық саясаттың бір көрінісі орыс шаруаларының шетке ағысының кең ауқымда жүруімен де көзге түсетінін айту керек. Егер он жыл ішінде (1895—1905) далалық облыстарға 294 296 жан қоныс аударса, ал келесі 1906—1910 жылдары олардың саны 770 000 адамға жетті. Қоныс аудару үдерісі Қазақстан тұрғындарының ұлттық құрамын түбегейлі өзгеріске ұшыратқанын атап кету қажет. Осылай 1897 жылғы санақ бойынша Дала өлкесінде тұратын орыстар 20% болса, 1917 жылы 42%-ға дейін өсті. Осы уақыт ішінде қазақ ауылдарының тұрғындары 17,6%-ға дейін өскенде, орыс шаруалары мен казактар 4,5 есе артқан.

Азамат соғысының жағымсыз қорытындыларын да көрсете кеткен дұрыс. Азамат соғысында 8 млн адам қаза тапты. Қызылдар мен ақтардың қимылынан алдымен қарапайым халық зардап шектi. Олардың қайсысы болса да малды, ең алдымен, жылқыларды өз қарамағына алып, қазақтар ара сында күштеп мобилизация жүргiздi, ауылдарды және даланы өртке орады. Атамандар Дутов пен Анненковтың казактары ерекше қатыгездiгiмен көзге түстi.

Осы тұста қазақтың ұлттық мемлекеттiгiнiң қайта қалпына келтiрiлуiн, Қазақ автономиялы Кеңес социалистiк республикасының құрылуы жайлы тоқтала кетсек. ҚазақСР-i құрылуының тарихи маңызы. Қазақ автономиясының құрылуы және оның тарихи маңызы. Патша үкiметi Оралдан асып, Тынық мұхитқа жетер жолда Еуразия аумағын мекен еткен жауынгер елдi бағындыру үшiн екi ғасырға жуық аяусыз күрес жүргiзiп келдi. Қазақ халқын отарлық езгiден азат ету, эволюциялық-конституциялық жолмен автономиялық ұлттық мемлекет құру идеясы қозғалыстың негiзгi өзегiне айналды. Осылай XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыс өзiнiң даму барысында қазақтың ұлттық мемлекеттiгi Алашорда үкiметiн құруға алып келген едi.

1919 жылы 10 шiлдеде В. И. Ленин Қырғыз (Қазақ) өл кесiн басқару жөнiндегi революциялық Комитет туралы Декретке қол қойды. Онда Қазақ революциялық комитетi өлкенiң ең жоғары әскери-азаматтық басқармасы ретiнде құрылатыны айтылды. Декретте оның мақсаттары мен мiндеттерi — контрреволюция мен интервенцияға қарсы күресу, өлкеде мемлекеттiк, шаруашылық және мәдени құрылыс үшiн жағдай жасау, Қазақстанда Кеңестердiң Құрылтай съезiн әзiрлеу белгi лендi. Революциялық комитеттiң қарауына Астрахан губерниясының қазақтар тұратын өңiрлерi мен Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары кiрдi.

Қазақ жерiнiң Қазақ АКСР-iнiң қарамағына бiрiгуi Орынборды Қазақстан құрамына енгiзуден басталды және оның маңызы зор болды. ҚазАКСР-iнiң тұңғыш астанасы болған Орынбор (1920—1924 жж.) оның қалыптасуы мен дамуында елеулi рөл атқарды. РК(б)П Орталық Комитетi мен Бүкiлресейлiк Орталық Атқару Ко митетi Қостанай уезi еңбекшiлерiнiң өтiнiшiн қолдады. Қостанай аймағын Қазақстан құрамына қосу қажет екенiн Кеңес үкiметi атына жолдаған жазбасында А.Байтұрсынұлы мен М.Сералин жан-жақты дәлелдеп бердi. Батыс Сiбiрге енiп, бұрыннан қазақ жерi болып келген Ақмола және Семей облыстары Қазақстан құрамына қосылды.

В. Ленин әзiрше сенiмге ену мақсатымен орыс емес ұлттарды үркiтпей, Кеңес жағында ұстай тұру үшiн ол кездегi республикалар мен облыстардың ерекшелiктерiн ескере отырып, даулы аумақтық мәселелердi шешуде Қазақстанның мүддесiн жақтады. Пiкiрталастар барысында өз халқының тарихын тамаша бiлетiн Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, Ә. Ермеков, М. Сералин және басқалар ресми деректемелерге сүйене отырып, ол жердiң ежелден қазақтiкi екендiгiн дәлелдейтiн айғақтарын алға тартты. Қазақ АКСР құрамында Семей (Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан және Қарқаралы уездерi), Ақмола (Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл уездерi мен Омбы уезiнiң бiр бөлiгi), Торғай (Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз және Торғай уездерi), Орал (Орал, Iлбiшiн, Темiр және Атырау уездерi) облыстары, сондайақ Маңғыстау уезi, Закаспий облысы, Красноводск уезiнiң 4-және 5-адай болыстары, Астрахан губерниясы ның бiр бөлiгi (Каспий теңiзiнiң солтүстiкшығыс жағалауы), Бөкей орда сы және теңiз жағасындағы округтерге жапсарлас жатқан болыстар ендi.

Ұлт-азаттық қозғалысының дүмпуiн ескерген Кеңес үкiметi аумақтық даулар мен алауыздықтарға, сондай-ақ жергiлiктi қызметкерлердiң шовинистiк және ұлтшылдық пиғылдарына тойтарыс бере отырып, қазақ халқын қайта қосу мәселелерiн шешiп бердi. 1921 жылы Ақмола және Семей облыстары Сiбiр ревкомы қарамағынан Қазақ АКСР-iне берiлдi. Сол жылы Қазақстан Орталық Атқару Комитетiнiң декретiмен Жайық және Ертiс өзендерi бойындағы бұрын казактар иеленiп келген 10 шақырымдық өңiр қазақ халқына қайтарылды. Орта Азияны ұлттық-мемлекеттiк жағынан межелеу барысында Кеңестiк Шығыста ұлт республикалары құрылып, қазақ жерiнiң бiртұтас Қазақ республикасы болып қалыптасуы аяқталды. Соның нәтижесiнде Сырдария облысының Қазалы, Ақмешiт, Түркiстан, Шымкент уездерi, Әулиеата уезiнiң көп бөлiгi, Ташкент, Мырзашөл уездерiнiң бiр бөлiгi, Самарқан облысы, Жизақ уезiнiң бiрнеше болысы, Жетiсу облысының Алматы, Жаркент, Лепсi, Қапал уездерi, Пiшпек уезiнiң бiр бөлiгi Қазақстанға қарады. Республика аумағы 1/3-ге кеңейiп, 2,7 млн шаршы шақырымға жеттi, халқы 1 млн 468 мың адамға көбейiп, жалпы саны 5 млн 230 мың адам болды. Қазақтар бүкiл республика халқының 61,3%-ын құрады (1926 жылғы санақ деректерi бойынша).

1924 жылы Қазақстанның астанасы Қызылордаға көшiрiлдi. Алайда билiк иелерiнiң ұйғаруы бойынша астана мұнда да көп тұрақтамай, 1929 жылы Алматыға ауысты. 1925 жылы өткен Кеңестердiң бүкiлқазақстандық V съезi “Қырғыз халқының тарихи дұрыс атауын қалпына келтiру үшiн қырғыздар алдағы уақыттарда қазақтар деп аталсын” деген қаулы қабылдады. Осы жылғы 15 маусымдағы Бүкiлодақтық Орталық Атқару комитетiнiң қаулысымен Қырғыз АКСР-i Қазақ АКСР-i деп аталатын болды.

1918-1920 жылдардағы азамат соғысы Қазақстан өлкесінің экономикалық жағдайын көптеген жылдарға кері шегерді. Өндіріс орындары жұмыс істемеді. 1913 жылмен салыстырғанда Қазақстанда мұнай өндіру 4 есеге, көмір өндіру 5 есеге кеміді, ал мыс рудасын өндіру мүлде тоқтады. Халық шаруашылығының жалпы өнім өндіруіндегі өнеркәсіптің үлесі 1920 жылы бар болғаны 6,3 процент болды.

Ауыл шаруашылығы да өте күшті дағдарысқа ұшырады. Орал губерниясында егістік жерлер 2 есеге, ал Жетісу аймағында 3 есеге кеміді. Ең бірініші кезекте ұлттық байлықтың негізгі көзі болып саналатын мал шаруашылығы құлдырады. Соғыс жылдарында мал саны 10,8 млн. басқа кеміді, оның 2 млн-ы жылқы, 6,5 млн-ы ұсақ мал болды.

Сонымен қатар 1921 жылы ҚазАКСР-ң жеті губерниясының бесеуі құрғақшылыққа душар болды. Осыған байланысты 1921 ж. бұл аймақтарда астықтың жалпы түсімі 5 млн пұт деңгейде ғана болды. Ал жергілікті халықтың бір жылғы астық пен астық тұқымдығына мұқтаждығы 22 млн пұт көлемін қамтиды, яғни залал 17 млн пұтты көрсетті. Ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығын бұдан да қиын жағдайға душар етті. 1920–1921 жылдар аралығындағы жұттан кейін мал басы 1917 жылмен салыстырғанда 75% кеміді.

Азамат соғысының аяқталуына және елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының ауыр күйзелісіне қарамастан, кеңес үкіметі күштеуге негізделген азық-түлік саясатын одан әрі жалғастырды. Орталық үкіметтің 1920 жылы 20 шілдедегі “Сібірдегі артық астықты алу туралы” декретінің күші Қазақстанның солтүстік аудандары мен Семей губерниясына да тарады. Осы декретке сай 1921 жылдың тамыз айларына дейін бүкіл елдегі шаруаларға 119 млн пұт (РСФСР көлемінде 423 млн. пұт) төтенше салғырт төлеу жүктелсе, соның ішінде 35 млн. пұт Солтүстік Қазақстанға міндеттелді. Тапсырманың 26 млн пұты Семей облысына міндеттелінсе, тек Қостанайдың өзінен 6 млн пұт астық алынды. Артық өнімдер ғана емес, азыққа қолданылып отырған астық және тұқым қоры да тәркіленіп отырды. Астық салығы, мал шаруашылығымен ғана айналысып отырған аудандарға да салынды. Оны төлеу үшін олар малдарын сатып, астық сатып алуға мәжбүр болды. Бұған қоса ет салығы, тағы басқа да “төтенше” салықтар қосылды. Осы “төтенше” салықтардың қолайсыздығы туралы кеңестердің бірінші Семей губерниялық съезінде уез халқының атынан сөз сөйлеген Ә.Бөкейханов салғырт мөлшері өте жоғары екендігін айта келе: “Біз қырғыздар, алдағы уақытта бізге дұрыс қарауларыңызды өтінеміз, бізге осы жылы болғандай бізде болмайтын нәрселерді, тауық жұмыртқа, сабын секілді заттарды тапсыруды жүктемесеңіздер екен” – деп өтініш жасады.

Азық-түлік саясаты әскери-революциялық әдістерді қолдану арқылы күштеп жүргізілді. Мысалы: Павлодар азық-түлік басқармасы (упродком) 1920 жылы желтоқсан айынан 1921 жылдың ақпан айы аралығында әскери трибуналдың көмегімен шамамен 160 дейін тұтқындау мен 70-80 тәркілеуді іске асырған. ҚАКСР ХКК-нің ұйымдастырушылық-инструкторлық бөлімінің баяндамасында (1920 ж. 1 желтоқсаннан 1921 ж. 1 наурызға дейінгі аралықта): “Павлодар шаруалары қарсылық көрсетті, сондықтан упродком оларға қарсы ең қатаң жазалау шараларын қолдануды ұсынады, яғни тұтқындаудан тәркілеуге дейінгі шаралар күшімен ғана азық-түлік салғырттының 40%-ін орындауды ұйғарды” деп көрсетілген. Сол кездегі ақпарға қарағанда, Бөкей губерниясы да азамат соғысы жылдарында Қызыл Армия бөлімдері мен азық-түлік отрядтары тарапынан ойранға ұшыраған.

1921 жылы өлкедегі астықтың жалпы түсімі соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда 3 есеге төмендеді. Түркістан республикасына қарайтын оңтүстік аудандарда азық-түлік жағдайы мүлде қиындады. Түркістанға Сібірден, Солтүстік Кавказдан, Рессейден тасылатын астық соғыс жылдарындағы ауыр жағдай мен темір жол транспортының жүйесіз жұмысы кесірінен мүлдем доғарылды. Өлкенің өз ішінде астық даярлау ісін тәртіпке келтіру мақсатында атқарылған шаралар нәтижесіз аяқталды.

Кеңес үкіметінің солақай саясатының нәтижесінде Республиканы сұрапыл аштық жайлады. Бөкей губерниясында – 100 мың адам, Оралда – 400 мың, Семей губерниясында – 500 мың, Орынбор – 445, Ақтөбеде – 360 мың адам ашықты. Күн көрудің барлық көзінен айырылған халық баудай түсе бастады. Көшпелілер арасында өлім ересек тұрғындардың 30 процентін қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 проценті қырылған. Әулиеата уезінде халықтың қатты қырылғандығы соншалық, бұрынғы бірнеше болысты біріктіріп бір болыс ұйымдастыруға тұра келді. “Әулиеатада шіри бастаған өліктерді жинап алуға мұрша жоқ”- делінген Түрікатком атына жолданған жеделхаттардың (телеграмма) бірінде. Ал енді ҚАКСР-ң әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссариатының берген мәліметінде (1921 ж. мамыр): “Ақмола уезінің шаруашылығы толық күйреуде. Қазақ халқы тек ашығып қана жатқан жоқ, шетінен қырылып жатыр және кейінгі уақытта Қытай территориясына мүлде қоныс аударуда, енді олардың қайтып келулері екіталай”, – делінген. 1920 ж. 20 сәуірде Ақмола упродкомының атына мынадай мазмұнда хат келген: “Шу мен Ақтау болыстары қырғыздарының жағдайы өте нашар, қыста тақыршылық салдарынан мал қырылды. 300–500 малы болған шаруалардың қолында тек 100 басқа дейін ғана малы қалды. Қырғыз халқы көмекке мұқтаж. Халықтың бір бөлігі сүзек пен аштықтан қырылып қалды. Қазақтар 165 мыңнан 100 мыңға дейін кеміді”. Осы секілді мәліметтер басқа жерлерден де келіп жатты. Жалпы зерттеушілер 2 млн 300 мыңнан аса адам ашықты, 1 млн-ға жуығы аштық пен аурудан өлді деген мәліметтерді келтіреді.

Қазақ қоғамын жайлаған аштықты Орталық Кеңес үкіметі мойындамады. Республиканың кейбір басшылары мен орыс жұртшылығы негізінен өлкенің көшпелі тұрғындарын қамтыған сұрапыл аштықты “кездейсоқ, тұтқиылдан тап болған зобалаң” ретінде бағалады. Қазақтардың қырғынға ұшырауын қуаттаған кейбір жергілікті басшылар жағдайды тіптен шиеленістіріп жіберді. Мысалы, Түркістан Орталық Атқару комитетінің мәжілісінде осы мәселелерге өзінің көзқарасын айтқан партия басшыларының бірі, өзін “Түркістандық Ленин“ атандырған Н.Тоболин: “… қырғыздыр экономикалық жағынан әлжуаз, марксистердің көзқарасы бойынша бәрібір қырылуы ықтимал. Сондықтан да төңкеріс үшін (қажетті) қаржыны аштықпен күреске шығындағаннан гөрі… майдандарды қолдауға жұмсаған маңызды”, – деп мәлімдеген болатын.

Мұсылман зиялы қауымы арасынан мұндай соракылыққа қарсы шыққан Т. Рысқұлов болды. Ол аштықпен жүйелі түрде күресу үшін, құрамына бірнеше комиссариаттардың өкілдері кіретін арнайы ұйым құруды талап етеді. Түрікатқару комитеті Т. Рысқұловтың талап-тілектеріне тоқтап, аштықпен күресті өздерінің қызмет жағдайына сәйкес республиканың азық-түлік, жер шаруашылығы, денсаулық сақтау, қаржы, темір жол комиссариаттарына жүктейді. Аштықпен күрес ісін тікелей басқару мақсатында ерекше Орталық комиссия ұйымдастырылады, оның төрағасы болып Т. Рысқұлов тағайындалады. Бұл ұйым алғаш жұмысқа кіріскенде көптеген объективті қиындықтармен қатар, өзі тектес \азық-түлік ісіне қатысы бар басқа ұйымдар тарапынан жасалған қасақана іріткі салу әрекеттеріне ұшырайды. Осыған байланысты Т. Рысқұлов: “Қазір ашаршылыққа жаны ауырмайтындар мен аштықтың ауыртпалығы иығына түспегендердің бәрі ашыққандарға көмек көрсететін орган құрдық деп ойлайды, бұл органның ашаршылық әбден шегіне жеткен кезде құрылғанын біреуі айтпайды. Сіздерге айтарым: аштарға адамдардың қалдығы деп қарамаңыздар, тек сонда ғана ашаршылыққа қарсы тұра аламыз”- деген еді. Т. Рысқұлов жалпы Орталық комиссияның құрылуының өзін “дені дұрыс құбылыс емес” дейді. Үкіметтің құрамында аштықпен күресуге міндетті толып жатқан “экономикалық органдар бола тұра, мұндай ерекше ұйым құруға мәжбүр болудамыз” дейді. Өткір пікір таластардан кейін, яғни Т. Рысқұловтың аса зор еңбегінің арқасында Түрікатқару комитеті мен ХКК-і бұл Орталық комиссия қорына құнсызданған болса да 42 млн. сом қағаз ақша бөледі. Орталық комиссияның облыстар мен уездерде, болыстар мен қалаларда жергілікті мекемелері мен бөлімшелері ашылып, олардың басына сауатты мамандар отырғызылады. Т. Рысқұловтың орасан зор көңіл бөлген мәселесі – жас ұрпақты аштықтан аман алып қалу болды. Оның тікелей басшылығымен республиканың ашыққан, ауруға шалдыққан, қорғансыз жетім балалары үшін мемлекеттің арнайы қамқорлығында болатын балалар үйлерін ұйымдастыру туралы уақытша ереже даярланады. Бұл жұмысқа Орталық комиссияның барлық уездік және қалалық бөлімшелері тартылып, әрбір ірі елді мекендерде, қоғамдық тамақтандыру орындарында аш және ауру балалар үшін баспаналар босатып беріледі. Барлық мүмкін болған дәрігерлік көмек пен азық-түліктің құнарлы бөлігі ең алдымен балалар үйіне жеткізіліп отырады.

Т. Рысқұловтың талап етуімен Жер шаруашылығы халық комиссариаты аштарды жұмысқа орналастыру туралы ұсыныс білдіреді. Ескі жер суландыру жүйелерін жөндеуден өткізу және жаңадан салу жұмыстарына 3 ай бойы 137 520 адамды тарту көзделеді. Оларға осы уақыт аралығында 78187 пұт ұн, 6951 пұт күріш, 13913 пұт ет бөлінеді. Атқарылар жұмыс көлемі 15 812 000 сом мөлшерінде белгіленеді.

Аштықпен күрес комиссиясының жұмысына есеп берген баяндамасында Т. Рысқұлов Түркістан өлкесінің байырғы халықтарының сұрапыл аштыққа ұшырап, қатты қырылуына революциядан бұрынғы патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен әсіресе, революциядан соң орнаған кеңес өкіметінің шовинистік саясаты басты себепкер болғандығын ашық атап көрсетеді.

Қазақ орталық атқару комитеті (ҚОАК) аштыққа ұшыраған аудандарға өз тарапынан көмек көрсету шараларын ұйымдастырды. ҚОАК-ті жанынан аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету үшін комиссия құрылды. Республикалық комиссияны ҚОАК-нің төрағасы Мендешев басқарды. Мұндай комиссиялар губерния және уез деңгейінде де құрылды. Батыс Қазақстандағы ауыр жағдайды ескере отырып, КазАКСР ОАК-і ашыққандарға көмек беруші Орталық Комиссияның шешіміне сәйкес, бұл аудандардың тұрғындарын астық, картоп т.б. мемлекеттік салықтардан босатты. Семей губерниялық съезінің (6-12 тамыз 1921 ж.) шешімі бойынша губернияаралық көмек мөлшері 100 қойдан біреу, 101-200 аралығында –екеу, 300 ден артық болса-алты қой болып белгіленді. Сонымен қатар ҚОАК-ті аштық мәселесін Орталық үкімет алдына қою үшін өзінің өкілі етіп Киселевті Мәскеуге жібереді. Ол осы тапсырманың орындалуы жөнінде 1921 жылы 23 тамызда ҚОАК-нің отырысында баяндама жасайды. Киселевтың айтуы бойынша Орталық үкімет 25 адамнан тұратын комиссия құрған, бірақ ол аштық туралы оның дәлелдерін қабылдамаған. Өлке халқының мұндай нәубетті бұрын-соңды басынан кешпегендігі Орталық үкіметті ойландырмады да. Мұндай жағдай Кеңес өкіметінің өзі жүргізіп отырған саясатқа еш күмән келтірмей, оны толық дұрыс деп есептегендігінің айғағы еді.

Өлкенің аштыққа ұшыраған аудандарына Халықаралық ұйым - Американдық көмек ұйымы (АРА) тарапынан көмек көрсетілді. Халықаралық бұл ұйым Батыс Қазақстанда көпшілікке арнап тамақ ішетін асханалар және тамақ тарату пункттерін ашып, көптеген балаларды аштық өлімінен аман алып қалды.

Республиканың экономикасындағы ауыр дағдарыс, яғни мемлекеттің күштеу саясатына негізделген азық-түлік саясаты 1920-1921 жылдары шаруалардың кеңес үкіметіне қарсы стихиялы қарулы көтерілістерінің тууына әкелді. Көктем – жаз айларында басталған шаруалардың наразылықтары “Азық-түлік салғырты жойылсын!”, “Большевиктерсіз Кеңестер үшін!”, “Ерікті саудаға жол берілсін”, – деген ұрандармен басталып, қарулы көтерілістерге ұласты. Әскери бөлімдерде де толқулар басталды. 1920 жылы маусым айында Өскемен уезіндегі 530-шы жаяу әскер полкінде көтеріліс бұрқ етті. Осы айдың аяғында Павлодар мен Семейдің халқы көтеріліске шықты, оны есауыл Шишкин басқарды. Көтерілісшілер ірі станциялар – Лебяжье, Яшымевск т.б. басып алды. Шілде айында көтерілісшілер қатары 16 мың адамға жетті. 1920 ж. жазында Қостанай, Петропавл уездерінде және Батыс Қазақстанда азамат соғысында 22-ші дивизия командирі болған А.Сапожковтың басшылық етуімен ашық түрдегі көтерілістер кең қанат жайды.

1921 жылы қаңтарда Есіл мен Петропавлда, ақпанда Көкшетау уезіндегі Белогорск болысында, Атбасар мен Ақмола уездерінде көтерілістер болды. Шығыс Қазақстанда С. Токарев бастаған шаруалар мен казактар көтерілісі Қазақстанда 1921 жылдың аяғына дейін табанды күрес жүргізді.

1921 жылы наурызда Қазан төңкерісінің орталықтарының бірі болған Кронштатта матростар көтеріліске шықты. Олар билік партияға емес, халыққа берілсін деген ұран тастады. Бұл негізінен партияның жүргізіп отырған саясатына қарсы шығу еді. Кронштаттықтар негізінен Рессей селоларынан келген, флотта әскери міндетін өтеп жүрген, шаруалар еді. Олар Азамат соғысының аяқталуына байланысты армияны таратуды, шаруаларға жер мен онда өндірілген өнімді пайдалануға бостандық беруді, ақшаның тұрақтылығын қамтамасыз етуді және жұмысшыларға жалақы төлеуді талап етті. Бірақ көтерілісшілердің бұл талаптары партия басшылығы тарапынан үлкен қарсылыққа ұшырады.

Бұл көтерілістердің бәрі ұйымдасуы және қару-жарақпен қамтамасыз етілуі өте төменгі дәрежеде болғандықтан Қызыл Армия әскерлерімен талқандалды. Қазақстандағы көтерілісшілердің кей бөліктері Қытайға өтіп кетті. Елде көтеріліске қатысқаны үшін мыңдаған адамдар тұтқындалып, олардың 932-сі сотқа тартылды. Кеңес үкіметі бұл қарсылықтардың бәрін “контрреволюциялық баскөтерулер” деп бағалады.

Алайда большевиктер өздерінің биліктен айырылып қалу қаупінің күшейгенін, осыған орай шаруашылық саясатының мүлде жаңа принциптеріне көшу қажеттігін айқын сезді. Бұл жөнінде алғаш рет Троцкий 1920 жылы ақпанда БК(б)П Орталық Комитеті саяси бюросының алдында мәселе көтерді. Ол азық-түлік салғыртын азық-түліктің белгіленген мөлшеріне ғана негізделген салықпен алмастыру керектігін айтты. Бұл ұсыныстың негізгі арқауы ақылға қонымды экономикалық қатынасқа, яғни нарықтық қатынасқа өту идеясы еді. Бірақ бұл ұсынысқа В.И. Ленин мен саяси бюроның үш мүшесі қарсы шықты. Ұсынылған идея большевиктік принциптерге қарама-қайшы деп айыпталып, ұсақ буржуазиядық капитализмге қайта оралу көзқарасы ретінде әшкереленді. Троцкийдің ұсынысынан кейін бір жылдан соң, 1921 ж. ақпанда партияның ішінде елдегі экономикалық саясат жөніндегі пікірталас қайта өрбіді.

Партияның Х съезі (8 наурыз, 1921ж.) көтерілісшілерді айыптады. Ленин съезд ашылған күні сөйлеген сөзінде сауда бостандығының елде Кронштадттағыдай ақгвардияшылыққа, капитализмнің жеңісіне, яғни оның толық қайта қалпына келуіне әкелетінін атап көрсетті.

Алайда съезд жұмысының барысында большевиктер өз көзқарастарын өзгертуге мәжбүр болды. Егерде съезд басталған кезде олар сауда бостандығына қарсы болса, съездің соңына қарай сауда бостандығын және капитализм бостандығын пролетариаттың саяси билігіне балта шаппайтындай белгілі бір мөлшерде беруге болады деп шешті.

Сөйтіп съезд шаруашылық мүддені іске қосудың жаңа жүйесін жасаудың шараларын белгіледі, яғни соғыс коммунизм саясатынан жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылдады. Бұл саясаттың негізгі талаптарына 20 наурыз күнгі съезд отрысында өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін, келесі күні БОАК Саяси бюросының редакциясымен ресми түрде Декрет болып қабылданды.

Партияның Х съезінде қабылданған жаңа экономикалық саясаттың мәні неде?

Кеңес үкіметі мемлекеттің қолында ірі өндіріс орындарын, банкты қалдырып, жеке капиталды өндіріске ендіруге рұхсат берді. Мемлекеттік жерлер, кішігірім мемлекеттік кәсіпорындар белгілі мерізімге жеке шетел ұйымдары мен тұлғаларына жалға беріледі (концессия, аренда). Сауда бостандығы жүзеге аырылады, яғни мемлекеттің бақылауымен жеке саудаға рұхсат беріледі. Сауда негізінен ауыл мен қаланың ортасындағы негізгі байланыс көзіне айналуға тиіс болды. Сонымен қатар мемлекеттік және кооперативтік сауда да дамуы керек болды. Жеке ауыл шаруашылық қожалықтарына, жеке меншіктегі кішігірім кәсіпорын иелеріне жалдамалы еңбекті пайдалануға рұқсат беріледі. Еңбекке деген міндеткерлік пен еңбек армиялары жойылады. Өндіріс орындарын жұмысшы күшімен қамтамасыз ету еңбек биржалары арқылы жүзеге асырылатын болады. Елдегі ақша жүйесін нығайту қажет болды. Ақысыз қызмет көрсетуді жою, еңбекке ақшалай жалақы төлеу міндеттелді.

Жаңа экономикалық саясаттың аясында қабылданған міндеттердің ішіндегі ең маңыздысы – азық-түлік салғыртын, азық-түлік салығымен алмастыру туралы шешім болды. Азық-түлік салғырты кезінде шаруа қожалықтары өндірілген өнімнің өзін қамтамасыз етуге қажетті үлесінен артығын мемлекетке тапсыруға міндетті еді. Азық-түлік салығының ендірілуі, яғни белгіленген мөлшердегі ғана салықты өтеуге байланысты, олар өндірілген өнімнің артығын өз еркімен пайдалану құқығына ие болды. Бұл ендірілген салық жүйесіндегі өзгеріс өндіруші шаруа қожалықтарына өте қолайлы болды. Себебі олар енді өндірілген өнімнің белгілі мөлшерін ғана мемлекетке тапсырып, қалған өнімді сатуға немесе өзінің басқа қажеттерін өтеге мүмкіндік алды. Осыған байланысты енді шаруа қожалықтары егістік көлемін ұлғайтуға, сөйтіп өнімді көп өндіруге, яғни еңбек өнімділігін арттыруға ынталы болды.

Енді осы жаңа экономикалық саясаттың қазақ өлкесінде ендірілу әдістері мен жолдарын қарастырып көрейік. РСФСР ХКК-нің арнайы декреті бойынша бірыңғай азық-түлік салығы мал шаруашылығымен айналысатын аудандарға да ендірілді. Қазақстан ауылы мен деревнясында жаңа экономикалық саясаттың алғашқы азық-түлік салығы науқаны өте қиын жағдайда жүргізілді. Оның себебі ЖЭС ендірілген жылы да партия, кеңес және азық-түлік органдары азық-түлік салғырты саясатын жалғастырды да, ол бойынша дайындалған өнімдерді Орталыққа жіберу жөніндегі Еңбек және Қорғаныс кеңесінің тапсырмасын орындаумен айнылысты. Мысалы көшпелі мал шаруашылығы аудандарында алғашқы бірыңғай азық-түлік салығы 131,9% көлемінде орындалды. Бұл әрине соғыс коммунизм саясатының әрі қарай жалғасуы болды.

Сөз жүзінде ЖӘС ендірілгенімен, Кеңес үкіметі іс жүзінде баяғы қарқынмен экономикаға өзінің бақылауын жүргізуді тоқтатпады. Бірнеше ай бойы мемлекет қала мен деревня арасындағы айырбасты кооперация арқылы бақыламақ болды. 1921 жылы 7-ші сәуірде мемлекет өзінің арнайы декретімен кооперацияға фабрика – зауыттық өнімдерді ауыл шаруашылық өнімдеріне айырбастауды міндетті тапсырма етіп берді. Бірақ бұл мәселені жүзеге асыру өте қиын болды. Оның себебі мемлекеттің бақылауымен жүргізіліп отырған товар айырбасы жеке саудамен жарысқа түсе алмады. Оның үстіне мемлекеттік товар айырбасы ЖЭС-тың принциптеріне сай келмеді, яғни сауда бостандығына кедергі келтірді. Мұндай жағдай халықтың жаңадан ендірілген шаруашылық саясатына деген сенімсіздігін тудырды.

Жалпы алғанда Қазақстандағы алғашқы азық-түлік салығы 55%-ке ғана орындалды. Жиналған азық-түлік өнімдері республиканың тек аштыққа ұшыраған губернияларына ғана емес, сонымен қатар Поволжьеге, Башқұртстанға және елдің өнеркәсіп орталықтарына жіберілді. 1922 ж. қаңтар айында ғана Семей губерниясынан 225 вагон азық-түлік әкетілді, оның 170-і – Мәскеуге, ал қалғандары – Саратов, Қазан, Самара қалаларына жіберілді.

Жоғарыдағы аталған кемшіліктер біртіндеп азық-түлік салығы саясатының кең ендірілуі барысында жойыла бастады. Жаңа бірыңғай салық жүйесінің принциптері негізінен шаруалардың мүддесіне сай болды. Бұл принциптер ұсақ товар өндірушінің материалдық құштарлығын қамтамасыз етуге және оның өз шаруашылығындағы қорларына иелік ету еркіндігін арттыруға мүмкіндік берді. Осыған орай жүргізілген үгіт насиқат жұмыстары нәтижесінде республикадағы саяси жағдай біршама тұрақтанды. 1922 жылы жергілікті Кеңес органдарына қайта сайлау науқаны кезінде ауылдық-селолық тұрғындардың әлеуметтік-саяси белсенділігі бұрынғыға қарағанда біршама жоғарырақ болғаны осының айғағы. Алайда қайта сайланған болыстық және уездік кеңестердің 60%-ке жуығының құрамы бірқатар губернияларда коммунистер мен комсомолдарға берілді. Бұл большевиктердің саяси билік жүйесіндегі таптық және идеологиялық артықшылықтан айырылғысы келмегенінің көрінісі еді.

Жаңа экономикалық саясаттың негізінде ендірілген салықтың тұрақтылығы шарулар қожалықтарының күш алуына жағдай жасады. Соның нәтижесінде салық мөлшері жеке қожалықтар үшін біртіндеп азая бастады. 1924-25 жылдары бірыңғай салық мөлшері шаруа қожалықтарында өндірілген товарлы өнімнің 1/8 бөлшегін құраса, 1927-1928 жылдары –1/13 бөлшегін ғана құрады.

Кеңес үкіметі бірыңғай салық жүйесіне де өзінің таптық көзқарасы тұрғысынан келді. Салық науқанын жүргізу барысында салықтық жеңілдіктер беру шарасы одан әрі жүзеге асырылды. Сөйтіп арнайы жеңіл салық тәртібі ең алдымен кедей және әлсіз шаруашылықтарға берілуге тиіс деп есептелді. Кеңес үкіметінің кедей шаруашылықтарды көтеруге бағытталған салық жүйесіндегі жеңілдіктері, басқа да әлеуметтік-экономикалық шаралары шаруа қожалықтарын орташаландыруға бағытталған шаралар болды.

Ал енді кеңес үкіметінің қазақ шаруа қожалықтарына жасаған жеңілдіктерінің өзіндік себептері болды. 1924-1925 жылдары ауыл шаруашылық салығынан КазАКСР-ң бүкіл шаруашылығының 32,7%-і босатылса, 1925-26 жылдары – 33,8% босатылған еді. Әсіресе 1924-1925 жылдары мал өсіруші шаруашылықтың 72%-ке жуығын алым-салықтан босатты. Алайда бұл шаралар шын мәнінде кеңес үкіметінің өзінің таптық көзқарасын тиянақтылауға бағытталған шаралардан туындаған жоқ еді. Керісінше, амалсыздан іске асыруға мәжбүр болған шаралар болды. Оған Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы қиын жағдай, яғни көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтағы мал басының өте азаюы, соның нәтижесінде қазақ қоғамының экономикалық дағдарысқа ұшырауы негізгі себеп болды. Осыған орай большевиктер көшпелі мал шаруашылығын тиімсіз шаруашылық түрі деп есептеп, қазақ қоғамын да егіншілікке көшіру мақсатын көздеді. Осы мақсатқа жетудің бір жолы салық жеңілдіктерін беру арқылы қазақ қоғамын отырықшылыққа бейімдеу болды. РСФСР ХКК-ті мен ОАК-і 1924 жылы 17 сәуірде “ҚазАСР-нің көшпелі және жартылай көшпелі шаруаларын жерге орналастыру және отырықшыландыру туралы” қаулы қабылдады. Ол қаулы бойынша отырықшылыққа көшкен қазақ шаруашылықтары 5 жыл мерзімге салықтан босатылатын болды. Қазақстанда 1925-1926 жылдардың өзінде-ақ жерге орналастырылуына орай 29272 шаруашылық салықтан жеңілдік алды.

Кеңес үкіметі жаңа экономикалық саясат аясында ауыл шаруашылығын қалпына келтіру мақсатын көздеген ауылшаруашылық несие қоғамын құрды. Көшпелі жеке қазақ шаруашылықтарына 3-5 жылдық мерізімдерге жеңілдіктерге негізделген несиелер берілді. Сонымен қатар мемлекет тарапынан ауылшаруашылық машиналары мен құралдарын сатып алуға негізделген несиелер де белгіленді. 1924-25 жылдары республикаға кооперативтер мен коммуналар несиеге сатып алған 415 трактор әкелінді.

Революция мен азамат соғысы жылдарында ақшаның құнсыздануы мейілінше күшейіп кеткен еді. ЖЭС-тің аясында нарықтық қатнастардың күшеюі сауданың дамуына ықпал етті. Ал ол болса ақшаның тұрақтануына әсерін тигізді. Осы жағдайға байланысты ЖЭС-тің алғашқы кезінде ендірілген салықтың натуралді түрін партияның ХІІ съезі (1923 ж. сәуір) ақшалай түрде де өтеуге мүмкіндік берумен алмастырды. Ал 1924 жылы салықты өтеудің тек ақшалай түріне толық көшірілді. Осы жылы ақпан айында кеңес үкіметі ақша реформасын жүргізіп, кеңестік ортақ жаңа ақша өлшемі тұрақты сомды енгізді. Осы жағдайлар Қазақстанда жәрмеңкелік сауданың кең өрістеуіне жол ашты. 1926 жылы Қазақстанда 128 жәрмеңке жұмыс істеді. Бұл кездегі ірі жәрмеңкелер қатарына – Ойыл, Қоянды, Қарқара, Темір, Көкшетау, Атбасар жәрмеңкелерін жатқызуға болады. Осы кездегі жәрмеңке саудасының жалпы айналымы 20–23 млн сомды құрады. Сондай-ақ, осы өркендей бастаған жәрмеңкелік сауда да ауыл шаруашылығының дамуына ықпалын тигізді.

Қазақстанда 1921-22 жылдары ЖӘС аясында жүргізілген шаралардың бірі жер-су реформасы болды. Реформаның негізгі міндеті 1920 жылы құрылған ҚАКСР-нің территориясына қазақ жерлерін біріктіру болды. Патшалық биліктің жүргізген саясатының нәтижесінде Қазақстанда жер мәселесі өте күрделі мәселелердің біріне айналған еді. Осыған байланысты қазақ автономиясы құрамында жер саясатын жүргізуші жетекші орган - Жер комитеті құрылды. Ол қазақ автономиясы аясында қазақ жерлерін біріктіру мақсатымен 1921 жылы 7 ақпанда декрет қабылдады. Қазақ АКСР-ның Жер комитеті қабылдаған бұл декрет бойынша кезінде көш-қон қорына (переселенческий фонд) тартып алынып, пайдаланылмай тұрған, Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстарындағы бос жатқан жерлер, олардың 1917 жылға дейін алынғанына қарамастан, қазақтарға қайтарылды. Осы жылдың 19 сәуірінде Жер комитеті кезінде патша үкіметінің Сібір және Орал казак әскерлерінің тартып алған жерлерін қазақтарға қайтару туралы шешім қабылдады. Осы декретке сай қазақтар Ертіс бойында 177 мың, Орал өзенінің сол жағалауында 208 мың десятинадан астам жерлерді қайтарып алды.

1922 жылы 26 тамызда федералды жер комитеті мен БОАК-ті “Қазақстанда негізгі еңбекпен жерді пайдалану туралы” заң қабылдады. Ол заң 31 тамызда күшіне енді. Бұл заң бойынша әркімнің өз жерінде қалуға және ол жерді пайдалануға құқығы болды. Жер заңға сәйкес құжатталған жағдайда ғана оны пайдаланушы жердің иесі болады. Ал даулы жерлерге заңға негізделген съездің немесе жер органдарының шешімі қажет болды.

Осы негізгі заңнан соң 30 қазан 1922 жылы Рессей территориясын түгел қамтыған “Жер кодексі” қабылданды. Осы кезден бастап жер туралы бүкіл мәселенің бәрі мемлекеттің идеологиялық құндылықтарына негізделген құқыққа ие болы. Бұл кодекс бойынша жермен тұрғылықты халық қамтамасыз етілуі керек болды. Сонымен бірге автономияларға қосымша ұсыныстар мен негіздемелер жасауға рұқсат етілді. Бұл кодекс отрықшы-егіншілікпен айналысатын аудандарды қамтыды да, көшпелі аудандар мүлде кірмей қалды. Соның салдарынан қазақ қоғамы мүлде жермен қамтамасыз етілмеді.

Кеңес үкіметі патшалық үкіметтің жер мәселесіндегі отарлық саясатын жойғысы келгенмен, алайда жерді пайдалануды таптық тұрғыдан шешті. Соның нәтижесінде жергілікті қазақ халқы мен қонысаударушылардың құқығы теңестірілді. Алайда бұл белгіленген шараларды Қазақстан аумағында жүзеге асыру өте қиын болды. Себебі патша үкіметі кезінде жерге орналасқан басқа ұлт өкілдері ол жерден айырылғысы келмеді, үлкен қарсылық көрсетті. Оның үстіне олар өз иеліктеріндегі жердің межеленбеуін, яғни шекараларының айқындалмауын пайдаланып, жаңа жерлерді тартып алды.

Ал оңтүстік аймақтарда жер мәселесін шешу тіпті қиын болды. Бұл аймақтағы қонысаударушылардың үлкен қарсылық көрсетуіне байланысты жергілікті үкімет органдары күш қолдануға мәжбүр болды. Алайда қазақ жерлерін қайтару шараларын жүзеге асыруда бұрмалаушылықтарға жол берілді. Бұл аймақта тіпті отарлаушы-кулактарға барлық қонысаударушыларды жатқызып, кейбір орыс деревнялары мен казак хуторларын түгел үдере көшіртуге дейін жол берілді. Мысалы Түркістанда 151 орыс шаруаларының деревнялары, 175 казак хуторлары күшпен таратылды. Түркістан өлкесінен Рессейге 8084 қожалық көшірілді. Бұл шаралар қонысаударушылар мен жергілікті халық арасындағы ұлт аралық қатынасты шиеленістірді.

Жетісу және Сырдәрия облыстарында 1916 жылғы көтерілісті басып-жаншу кезінде тартып алынып, игерілген 250 мың десятина жер өз иелеріне қайтарылды. 12,8 мың десятина жерлер иелері табылмағандақтан кедейлерге бөлініп берілді. Алайда осындай шараларға қарамастан жер-су реформасына байланысты қабылданған бұл декреттердің шешімдерін жүзеге асыру мүлде селқос, немқұрайды түрде болды, кей жерлерде тіпті орындалмады да. Себебі Жер комитеттерінде бұрынғы көш-қон басқармасының чиновниктері қызмет етті де, олар реформаның тез жүзеге асуына мүдделі болмады. Сонымен бірге Декреттердің шешімдерін анықтайтын бағдарламалар жергілікті жерлерге өте кеш келді, тіпті олардың өзінде түрлі қарама-қайшылықтар болды.

ЖЭС-тің жүзеге асырылуы барысында Кеңес үкіметі Орта Азияда ұлттық-территориялық межелеу ісін де жүзеге асырды. Мәскеу Орталық Азиядағы Түркістан Кеңестік автономиясын (құрамында Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан, Қырғызстан территориялары және Сырдария мен Жетісу облыстары бар) ұлттық автономияларға бөлшектеп басқару саясатын ұстанды. Бірнеше ұлттардың біртұтас автономия құрып тұруын большевиктер Орталық үшін аса қауіпті деп есептеді. Осыған байланысты ұлттардың өзін-өзі басқаруы туралы ұранды желеу етіп, ұлттық-территориялық межелеуді жүзеге асырды.

Осы межелеу барысында Оңтүстік Қазақстан ҚазАКСР-нің құрамына енді. Бұл шараның нәтижесінде қазақ жерлерін біртұтас Қазақ республикасының құрамына жинақтау аяқталды. Бұрынғы Жетісу және Сырдәрия облыстарының құрамындағы қазақ уездері Қазақстанға берілді. Қазақ АКСР-нің территориясы 1/3 бөлікке ұлғайды. Территория көлемі 2,7 млн. квадрат километрге жетті, халық саны 5 млн. 230 мың болды. Қазақтар бар халықтың 61,3 процентін (1926 жылғы санақ бойынша) құрады. Алайда осы ұлттық-территориялық межелеу барысында Кеңес үкіметі тағы да жергілікті ұлт мүддесінен орыс ұлтының мүддесін жоғары қойды. Қазақ АКСР-нің астанасы болған Орынбор қаласы және оның аймағындағы біршама территориялар РСФСР құрамына берілді. Қазақ республикасының астанасы Ақ мешітке (Қызылорда) көшірілді. Ал оңтүстіктегі Ташкент қаласы мен оның маңындағы қазақтар орналасқан уездерді халықтың талабын ескермей, Өзбекстан республикасының құрамына қосты.

Осы жүргізілген шаралар жер және жерге орналастыру мәселесін шешуді өте қиындатқанымен, жаңа экономикалық саясат шеңберінде азық-түлік салғыртының азық-түлік салығымен алмастырылуы жекелеген шаруа қожалықтарының өз шаруашылықтарын өркендетуге ынталандырды. ЖЭС енгізілгеннен кейінгі 3-4 жыл ішінде қазақ ауылы мен деревнясы дағдарыстан шыға бастады. Мысалы: 1925 ж. егістік жердің көлемі 3 млн. гектар болса, 1928 жылы 4 млн. гектарға жетті, яғни бұл 1913 жылдың (4,4 млн. га) деңгейіне жеткендігін көрсетеді. 1925 ж. 92 млн пұт астық жиналса, 1927 ж. астықтың жалпы түсімі 1,4 млн пұтты құрады. 1925 ж. мал саны 1922 ж. салыстырғанда екі есе өссе, 1925-1928 ж. аралығында жыл сайын 5%-ке артып отырды.

Қазақстанның өнеркәсібі саласында да едәуір өзгерістер болды. Қазақстан халық шаруашылығы орталық кеңесі (ВСНХ) сегіз (Балық, Тері, Илецктұз, Павлодартұз, Батысалтын, Ақжалалтын, Сексеул, Спирт) трестерді және сантонин зауыты мен Қарғалы шұға комбинатын біріктірді. Губерниялық кеңестің құзырына жергілікті деңгейдегі өндірістер бағынды. Олардың көбі арендаға берілді. Сонымен бірге Қазақстанның көптеген өндіріс орындарын одақтың қорғанысына қажетті, оның мүддесін дүниежүзілік рынокта қорғайды деген желеумен бүкіл одақтық деңгейдегі трестерге біріктірді. КазАКСР-де одақтық деңгейдегі Ембімұнай, Алтайполиметал, Атбасцветмет сияқты трестер құрылды. Олар республика бюджетіне белгілі мөшерде ғана қаржы бөліп тұрды. Ал қалған табыстардың бәрі орталықтың иелігінде болды. Мұндай жоғарғы дәрежеде өндірістерді орталықтандыру саясаты кейін де үстем болды. Сөйтіп кеңес үкіметінің елдің өнеркәсібін қалпына келтіру мақсатында жүргізілген шаралары кейін республика экономикасына орталықтың үстемдігінің мейілінше күш алуына әкелді. Өндіріс орындарын орталықтанған трестерге біріктіру сонымен бірге өндіргіш күштерді региондарға орналастыруда кемшіліктерге жол ашты, яғни Қазақстан экономикасының ұзақ мерізімге шикізаттық сипатын айқындады.

ЖӘС аясындағы Республиканың халық шаруашылығында болған өзгерістер елдің дағдарыстан шыққанын, экономикалық дамуда жаңа үрдістің кең етек жайғанын көрсетеді. Елдің шаруашылық жүйесі нарықтық экономика қатынасына біртіндеп енді. Өлкенің экономикасы айқындалған көпукладты сипатқа ие бола бастады, яғни әртүрлі меншік формаларының қатар өмір сүру мүмкіндігі пайда болды. Меншіктің әртүрлі формаларының қатар қалыптасуы, олардың арасындағы бәсекелестік пен ұдайы өндірістегі бірін-бір толықтыруы халық шаруашылығының алға даму бағытын айқындады.

Большевиктер таптық мүддені қорғау принциптерінен ажырамаса да, жаңа экономикалық саясат аясында мемлекеттің экономикаға араласуы шектелді. Мемлекет белгілі мөлшерде ғана көпукладты ұдайы өндірісті кредит, салық жүйелері арқылы ғана реттеп отырды. Экономикалық өмірдің нақты дамуын қамтамасыз ететін мұндай саясат өте орынды еді.

Мұндай жағдай “Соғыс коммунизм” саясаты тұсындағы әкімшілік басқару әдістерін жандандырды. Экономикалық даму жүйесіне әкімшілік тұрғыдан араласу большевиктердің негізгі жұмыс әдісіне айналды. Таңдау мүмкіндігі, еркіндік, шаруашылық еріктілік туралы заңдар тек қағаз жүзінде қалып отырды. Экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясы күш алды. Дағдарыстардың бәрі осы жоспарлаудағы кемшіліктерден деп есептелді. Жергілікті партия және Кеңес органдары кооперацияны басқаруда әкімшілік әдіске жиі сүйенді. Алайда экономиканы мемлекеттің тарапынан жоспарлы түрде дамыту мен әкімшілік басқару әдістері нарықтық қатынаспен сәйкес болмады. Соған қарамастан таптық идеологияны ту еткен Кеңес үкіметі экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясына сүйеніп, 1925 жылдың аяғында өнеркәсіп өндірісін халық шаруашылығының жетекші саласы етіп белгіледі және оның жоғары қарқынмен дамуын қамтамасыз етті. Бұл ЖЭС аясында қалыптасқан көпукладты ұдайы өндірістік жүйенің қатар даму барысын шектеді, яғни 20-жылдардың аяғында ұсақ товар өндірушілерге қарсы күресті күшейтті. Соның нәтижесінде нарықтық қатынас тоқырады, яғни ЖЭС тоқтатылды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   76




©melimde.com 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
Сабақтың тақырыбы
Сабақтың мақсаты
бойынша жиынтық
Сабақ тақырыбы
жиынтық бағалау
ғылым министрлігі
рсетілетін қызмет
Жалпы ережелер
тоқсан бойынша
қызмет стандарты
бекіту туралы
бағалауға арналған
Сабақ жоспары
Әдістемелік кешені
Қазақстан республикасы
тоқсанға арналған
жиынтық бағалаудың
туралы хабарландыру
жиынтық бағалауға
арналған жиынтық
бағалау тапсырмалары
арналған тапсырмалар
білім беретін
республикасы білім
Қазақстан республикасының
бағалаудың тапсырмалары
мерзімді жоспар
Қазақстан тарихы
пәнінен тоқсанға
Жұмыс бағдарламасы
арналған әдістемелік
біліктілік талаптары
әкімінің аппараты
Қазақ әдебиеті
туралы анықтама
Мектепке дейінгі
мамандығына арналған
нтізбелік тақырыптық
қойылатын жалпы
жалпы біліктілік
Конкурс туралы
мемлекеттік әкімшілік
болып табылады
оқыту әдістемесі
жалпы конкурс
Реферат тақырыбы
қатысушыларға қойылатын
Қазақстан облысы
әдістемелік ұсыныстар
әдістемелік кешені
тақырыптық жоспар