1-апта. Кіріспе



бет19/76
Дата20.09.2021
өлшемі426.37 Kb.
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   76
Жоспары:

  1. Қазан төңкерісі және Қазақстанның саяси өмірі.

  2. Советтік биліктің орнауы. Алашорда және Қоқан автономиясы билік орындарының таратылуы.

  3. Қырғыз (Қазақ) АКСР - нің территориялық аймағының «жоғарыдан» белгіленуі.

Қазан төңкерісі — 1917 ж. 25 қазанда (қарашаның 7) Петроградта болған ірі әлеуметтік-саяси, тарихи оқиға. Көтеріліс В.И. Ленин  басқарған  большевиктер  партиясының жетекшілігімен жүзеге асырылды. Оған Петроград жұмысшылары, қала гарнизонының солдаттары мен Балтық флоты матростарының өкілдері қатынасты. Көтеріліс жеңіске жеткен күні кешкісін Петроградта ашылған Кеңестердің Бүкілресейлік ІІ съезі Уақытша үкіметтің құлатылғандығын және бүкіл елдегі өкімет билігі Кеңестердің қолына көшкендігін жариялап, В. И. Ленин дайындаған Бітім және Жер туралы декреттерді қабылдады. Алғашқысында 1914 ж. басталған І-дүниежүзілік соғысқа қатысушы елдердің үкіметтері мен халықтарына  аннекциясыз  және  контрибуциясыз демократиялық бітім жасау ұсынылса, Жер туралы декретте жерге жеке меншік жойылып, ол жалпы халықтық мемлекеттік меншік болып жарияланды. Съезде В.И. Ленин басқарған және жұмысшы-шаруа үкіметі аталған Ресей ХКК құрылды. Сонымен қатар Кеңестердің Бүкілресейлік ОАК-нің (БОАК) жаңа, большевиктендірілген құрамы сайланды.

Съезд В.И. Лениннің жұмысшыларға, солдаттар мен шаруаларға арналған үндеуін қабылдап, ол арқылы халықты барлық жерде жаппай Кеңес өкіметін орнатуға шақырды. Кеңес үкіметі көп ұлтты Ресей еңбекшілерін өз жағына тартуда айтарлықтай насихатшылдық рөл атқарған екі саяси құжат жариялады. Біріншісі 2 (15) қарашада жарияланған Ресей халықтары құқықтарының декларациясы, екіншісі 20 қарашадағы (3 желтоқсан) Ресей мен Шығыстың барлық мұсылман еңбекшілеріне деген үндеу болды. Бұл құжаттарда Ресейді мекендеген халықтардың теңдігі, олардың өздерінің мемлекеттік құрылысын өздері шешуге құқылы екендігі айтылып, ұлттық және этностық топтардың еркін дамуына, бұрынғы езілген ұлттардың өздерін-өздері билейтіндігіне кепілдік беріледі делінді. Мұның үстіне Кеңес өкіметі мен большевиктер партиясы Зауыттар мен фабрикаларға жұмысшыларға!, Жер шаруаларға!, Теңдік бұрынғы езілген ұлттарға! деген ұрандарды үзбей қайталаумен болды. Осы уәделер мен ұрандарға әуел баста бұқараның айтарлықтай бөлігі, ең алдымен, қоғамның жаппай кедейленген мүшелері сенді, сондықтан олардың өкілдері Кеңес өкіметін орнату үшін күреске қатысты.

Петроградтан кейін 1917 ж. қарашаның басында Кеңес өкіметі Мәскеуде, елдің өнеркәсіпті орталығы аудандарында жеңіске жетті, көп кешікпей бұл жағдай мемлекеттің ұлт аймақтарын, оның ішінде Қазақстанды да қамтыды. Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы ұзаққа созылды. Бұл кезде Кеңес өкіметі негізінен алғанда қалалар мен өлкенің басқа да ірі елді мекендерінде орнады. Ал ауылдар мен селолардың басым көпшілігінде Кеңес өкіметінің орнауы азамат соғысы басталғанға дейін, тіпті одан кейінгі жылдарға дейін жалғасты. Бұл өлкенің әлеуметтік-экономикалық артта қалуынан, жергілікті жұмысшы табы мен большевиктік ұйымдардың сан жағынан аз әрі әлсіз болуынан, ұлтаралық қатынастардың күрделілігінен шиеленісіне түсті. Мұның үстіне ұлттық-демократия Алаш қозғалысының жетекшілері Қазан төңкерісі мен Кеңес өкіметінің идеяларын қабылдамады. Ал Қазақстанда орналасқан Орал, Жетісу, Батыс Сібір және Орынбор казак әскерлерінің әскери үкіметтері Кеңес өкіметінің орнауына қарулы қарсылық көрсетті.

Кеңес өкіметінің Қазақстанда жеңіске жетуіне негізінен славян текті халықтардың (ең алдымен, орыстар мен украиндардың) өкілдерін біріктірген жергілікті гарнизонның солдаттары мен жұмысшы-солдат және шарауалар кеңестеріне топтасқан қоғамның кедейленген мүшелерінің өкілдері барынша ат салысты. Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату ісіне Ә. Жангелдин, С. Сейфуллин, К. Сүтішев, А. Асылбеков, Ә. Майкөтов, И. Дубынин, К. Шугаев, Я. Ушанов, А. Иманов, С. Цвиллинг, Т. Рысқұлов, Т. Бокин, П. Виноградов, Л. Емелев, Т. Өтепов, А. Розыбакиев, т.б. неғұрлым белсене қатысты.

Қазан төңкерісі кеңестік тарихнамада, Кеңес Одағы Коммунистік партиясының құжаттарында күллі адамзат тарихына түбірлі өзгеріс енгізген, жаңа заманды капитализмнен  социализмге  өту дәуірін ашқан 20 ғ.-дың басты оқиғасы - деп дәріптеліп келді. Шын мәнінде Қазан төңкерісі көп ұлтты Ресейдің, оның құрамына енген көптеген елдер мен халықтардың табиғи, эволюцияның даму жолын күштеп (революция, революцияшыл) қайта өзгерістер үрдісіне түсірді. 74 жыл өмір сүрген Кеңес Одағында ел өмірінің барлық салалары (экономика мен саясат, мәдениет пен руханият) сталиндік нұсқада, әміршілдік мәндегі тәжірибелер жасау алаңына айналды. Олардың барлығы да қазан төкерісі, социализм идеяларын жүзеге асыру үшін жүзеге асырылды деп түсіндірілді. Түбегейлі өзгерістер жасау тәжірибесінің зиянды салдарлары аз болмады. Олардың қатарына ауыл шаруашылығынкүштеп ұжымдастыру мен көшпенділердің зорлап отырықшыландырылуы нәтижесінде елді жайлаған ашаршылық салдарынан сан мыңдаған адамдардың қырылуы мен басқа елдерге ауа көшуін, көптеген мемлекет, қоғам, мәдениет, ғылым қайраткерлерінің әміршілдік жүйе ұйымдастырған саяси қуғын-сүргіннің құрбандарына айналуын, демографиялық саясат пен мәдени-рухани салада орын алған келеңсіздіктерді жатқызуға болады. Солай болса да, қазан төңкерісінен кейінгі 74 жыл Кеңес Одағы үшін, оның құрамдас бөлігі болған Қазақстан үшін, тек қана бос кеткен кезең емес. Атап айтқанда, Республиканың материалдық өндіріс жүйесі түбегейлі жаңарды, халықтың білім деңгейі күрт өсті, сапалы ғылым жүйесі қалыптасты, адамдар арасындағы қарым-қатынастар жақсарды.

1914 жылы басталған дүниежүзілік соғыстың салдарынан Ресей империясы үлкен дағдарысқа ұшыраған болатын: бірінші – экономикалық, екінші – саяси дағдарыс. Соғыстың салдарынан елдің шаруашылығы қирады, өндіріс орындары тоқтады, теміржол қатынасы бұзылды, ауыл шаруашылығы күйреді. Бұл дағдарыс жұмысшылар мен шаруалардың өкіметке деген үлкен наразылығын туғызды. Патша өкіметі бұл дағдарыстан шығудың жолын таба алмады, сөйтіп елді басқару қабілеті төмен болды. Осы аталған дағдарыс патша өкіметінің 1917 жылы ақпан айында құлауына себеп болды. Оны Ақпан төңкерісі деп атайды. Осы төңкерістің нәтижесінде қос өкімет - жұмысшылар мен шаруалардың кеңесі және буржуазиялық Уақытша өкімет құрылды. Патша өкіметі құлатылғаннан кейін бүкіл Ресейдегі сияқты Қазақстанда да қос өкімет орнады. Бұрынғы патша шенеуліктері, эсерлер, меньшевиктер және буржуазиялық ұлтшылдар басқарған буржуазиялық Уақытша өкімет органдарымен қатар халықтық өкіметтің жаңа органдары–жұмысшылар, шаруалар және солдат депутаттарынң кеңестері құрылды. Жергілікті жерлерде Уақытша өкіметті органдары құрыла бастады. Қазақстанда қазақ интеллигенциясы басқарған қазақтардың ұлттық облыстық және уездік комитеттері ұйымдастырлды. Оларға комиссарлар болып ұлттық интеллигенцияның өкілдері, атап айтқанда Торғай облысында Әлихан Бөкейханов Жетісу облысында Мұхамеджан Тынышпаев, Түркістанда Мұстафа Шоқай тағайындалды.

Патша өкіметінің құлатылуын Қазақстан еңбекшілері саяси және ұлттық азат алудың бастамасы ретінде қабылдады. Бұл жеңіс өлкедегі еңбекшілердің саяси белсенділігін арттырды. Қазақстанның әртүрлі қалаларында қазақ жастарының 20 шақты үйірмелері мен топтары пайда болды. Олар халық арасында листовкалар, сол күндердің көкейтесті мәселелеріне арналған тақпақ-өлеңдер таратты. Әулиеатада Тұрар Рысқұлов «Қазақ» жастарының революцияшыл одағы деген ұйым құрды. Оның құрамына қазақ халқының орташа және кедей топтарынан шыққан алдыңғы қатардағы жастар енді Буржуазиялық уақытша өкіметке үміт артқан қазақ зиялылары өз халқын еркіндікке жеткізуді, отарлаудан құтылуды арман етті. Осы мақсатқа жету үшін олар қазақтың ұлттық саяси партиясын құру жолын іздеді. Олар Қазақ газеті арқылы қазақ халқына арнайы үндеу жолдады. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда болған «Бүкілқазақтық» съезде Алаш партиясы қалыптасып, басшы органдарын сайлады. Оның құрамына Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышпаев т.б. кірді. Бұл партияның сол жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен екінші съезінде Қазақ автономиясы Алашорда үкіметі – ұлт Кеңесі құрылды. «Алаш» партиясының бағдарламасы бекітілді. Ол негізгі 10 бөліммнен тұрады. Олар: Ресей демократиялық федерация болып жариялану туралы; Ресей құрамында Қазақ ұлт автономиясын құру; Халықтар арасында тең құқықтық орнату; Дін туралы, дінді мемлекеттен ажыратып шығару; Елдегі билік және сот туралы; Елді қорғау, әскер және халықтық милиция құру; Халықтың табысына қарай салық салу; Жұмысшылар туралы; Ғылым және білім туралы; Жер мәселесі.

Жаңа құрылған үкіметтің құрамына 15 адам кірді, оның төрағасы болып Әлихан Бөкейханов бекітілді. Азамат соғысы басталғанда Алашорда үкіметі екіге бөлінді: оның Батыс Қазақстандағы бөлігін Халел, Жанша Досмұхамедовтар, Шығыстағы бөлігін Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов т.б. басқарды. Бірақ Уақытша өкіметтің өмірі де ұзақ болмады. 1917 жылы 25 қазанда Уақытша өкімет құлап, оның орнына большевиктер басқарған Кеңес өкіметі орнады. Бұл жұмысшылар мен шаруалардың билігі орнаған өкіметі еді. Оның мақсаты – пролетариат диктатурасының басшылығымен Ресейде жаңа қоғам – социализмді орнату. Бұл оқиға бүкіл әлемді дүр сілкіндірді, себебі социализмге жол ашуды бірінші Ресей бастады. Қазан төңкерісі елді экономикалық және саяси дағдарыстан шығуға жол ашты. В.И. Ленин бастған большевиктер партиясы осы дағдарыстан шығудың сара жолы – Ресейдің империалистік соғысты тоқтатып, бейбіт өмірге көшу деп білді. Сондықтан Ресей ең бірінші болып бірінші дүниежүзілік соғыстан шықты.

Кеңес өкіметі әуелі орталықта Петроградта орнады да, одан әрі тез арада Ресейдің шет аймақтарына дейін орнады. Ресейдің қол астында болып келген орыс емес басқа халықтардың еңбекші бұқарасы Қазан төңкерісінен кейін экономикалық-әлеуметтік күйзелістен шығумен бірге отаршылдықтың бұғауынан босанып, тәуелсіздік алатын шығармыз деп үміттенді. Большевиктер барлық ұлттар мен ұлыстардың, халықтардың теңдігі мен бостандығын, азаттығын жариялай отырып, оларды төңкеріс туының астынан кетпеуге шақырды. Кеңес өкіметі Қазақстанда да орнай бастады. 1917 жылы қазаннан 1918 жылы наурызға дейін Қазақстанның көптеген аудандарында Кеңес өкіметі орнады. Кеңес өкіметінің орнаған алғашқы жері Перовск (Қызылорда) қаласы болды. Мұнда жұмысшылар мен солдаттар өкімет билігін 1917 жылы 30 қазанда өз қолына алды. Перовскіде үлкен әскери гарнизон орналасқан еді және темір жол станцясы болатын. 1917 жылы қараша айының орта кезінде Кеңес өкіметі Черняев (Шымкент) қаласында жеңді. Қараша – желтоқсан айларында Кеңес өкіметі Әулиеатада (Тараз), Түркістанда, Қазалыда, Арал поселкесінде және Сырдария облысының басқа да ірі елді мекендерінде қан төгізсіз бейбіт жолмен орнады.

Петропавл қаласында жаңа өкімет 10 қарашада орнады. 1917 жылы желтоқсан – 1918 жылы наурыз аралығында Кеңес өкіметі Торғай облысының орталығы және Қостанай, Ақтөбе қалалары мен басқа да ірі елді мекендерде орнады. Семейде өкімет билігі жергілікті Кеңестің қолына 1918 жылы ақпанның орта кезінде көшті. Жетісуда Кеңес өкіметін орнату жылындағы күрес 1918 жылы көктеміне дейін соғылды. Себебі мұнда төңкеріс қарсыластары күштері басым болды. Верный қаласы Жетісу қазақ-орыс әскерлерінің орталығы болды, ал қазақтар патшаның тірегі болғаны белгілі. Кеңес өкіметі 1917 жылы наурыз айында Жаркент, Сергиопльда (Аягөз), Талдықорғанда, сәуірдің бас кезінде Лепсіде орнады. Кеңес өкіметінің ең соңғы орнаған ауданы –  Орал қаласы болды, онда жаңа өкіметтің билігі наурыз айында жұмысшылардың қолына көшті. Сөйтіп, 1917 жылдың қазан айынан бастап 1918 жылы наурыз айына дейін Кеңес өкіметі. Қазақстанның көп жерінде жеңіске жетті.

Сонымен Қазан төңкерісін қолдайтын күштер басым болған жерлерде жергілікті билік кеңестер жағына түгелдей шықты. Мұндай жағдай Қазақстанның Солтүстік-Шығыс облыстарының көптеген аудандарында, Сырдария және Бөкей ордасында орын алды. Бірақ төңкеріс қарсыластарының күштері көбірек шоғырланғыан Орынбор, Орал, Жетісу облыстарында өкімет билігі жұмысшылар мен шаруалардың қолына қарсылық көрсеткендерді талқандау арқылы көшті. Қазан төңкерісінен кейін Қазақстанда кеңестік аппарат құру және экономика саласында алғашқы өзгерістер енгізіле басталды. Ол негізіне төмендегідей шаралар болатын: ескі мекемелер, оның, ішінде уақытша өкіметінің комиссарлары, отарлау-шенеуіктік әкімшілік қоныстандыру басқармасы, бұрынғы сот жүйелері жойылып, өкімет билігі жұмысшы, солдат депутаттары кеңестерінің қолына өте бастады; Ескі мемлекеттік аппараты қирату отарлау саясатына берілген үлкен соққы болды. Ол еңбекшілердің кеңес жұмысына белсене қатысуына жағдай жасады; шіркеу мемлекеттен, мектеп шіркеуден ажыратылды; ерлер мен әйелдер теңдігі іске асырылды, адамдардың сословиеге бөлінуі жойылды; төңкеріске қарсылар мен күрес жөніндегі төтенше комиссиялар, милиция құрылды; кеңестердің жанынан еңбек, ағарту, денсаулық сақтау т.б. бөлімдер ашылды; заңдар, жарлықтар тек қана орыс тілінде ғана емес, қазақ тілінде де жарияланатын болды; кеңес қызметкерлерін даярлайтын курстар жұмыс істей бастады; облыстық кеңестер жанынан ұлттық қарым-қатынастарды реттейтін комиссиялар құрылды; жерге жеке иелік ету жойылып, Қазақстандағы шіркеу мен монастірлердің, помещиктердің, бай қазақ-орстардың, патша шенеуіктерінің иелігінде болып келген, срндай-ақ қоныс аудару қорындағы жерлер еңбекшілердің пайдалануына берілді.

1918 жылы Көктемде Түркістан автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды. Оның құрамында Қазақстанның оңтүстігіндегі Жетісу, Сырдария облыстары кірді. Ақмола, Семей облыстары орталығы Омбы қаласы болған Батыс Сібір өлкесіне,  Торғай,  Орал  облыстары  Орынбор  губерниясына,  Бөкей Ордасы Астрахан губерниясы қарамағына кірді. Қазан төңкерісінен кейін көп уақыт өтпей-ақ елде азамат соғысы мен шетел басқыншылығының жорығы басталды. Себебі төңкерістің жеңісі құлатылған қанаушы тап өкілдерінің қарсылығын тудырды. 1918 жылы 23 наурызда Орал қазақ-орыстары Гурьевте бүлік шығарды. Сол жылдың 28-29 наурызында ақ казактар алашордашылармен бірігіп Орал қаласында төңкеріс жасады. Ресейдегі азамат соғысының өрістеуіне Антанта елдері дем берді де, олардың көмегімен Сібірдегі Чехословак корпусының әскерлері бүлік шығарды.

Бүлікшілер Сібір қалаларымен бірге Қазақстанның солтүстіктегі қалалары  Петропавл,  Ақмола,  Атбасар,  Қостанай,  Семей  қалаларын басып алып, Кеңес органдардан қамауға алды. 1918 жылы жазында Кеңес елі үшін ең басты майдан – Шығыс майданы болды. Бұл бағытта ақтармен 4-ші армия ұрыс жүргізді. Осы жылдың жазында қазақ ұлттық әскери бөлімдер ұйымдаса бастады. Олар алдымен Жетісуда, одан кейін Орынбор мен Орал қалаларында құрылды. Бөкей ордасында қазақ атты әскер полкі Қызыл армияның құрамдас бөлігі болды. 1918 жылының аяғы мен 1918 жылының басында Әліби Жангелдин мен Амангелді Имановпен Торғайда екі атты әскер эскадроның, әскери оқу және пулемат топтарын, Ырғызда атты әскер құрды. Ақтөбе майданына 1918 жылы Әліби Жангелдин бастаған экспедиция Мәскеудан көп қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізді. Ақтөбе майданының қарулы күштері 1919 жылы 22 қаңтарында Орынборды, 26 қаңтарда Орал қаласын азат етіп, Қазақстан мен Түркістан аудандары мен Орталық Ресей арасындағы қатынасты қалпына келтірді.

1919 жылы көктемде Фрунзе бастаған қызыл әскер отрядтары Қазақстанның Солтүстік аудандарында Колчак әскерлеріне қарсы күрес жүргізді. Қазақстанда Колчактың тәртібіне қарсы ірі көтеріліс Қостанай уезінде болды. Ақмола, Семей облыстарында партизандық қозғалыстар өрістеді. Қазақстанның Солтүстік-Шығыс аймағында Жетісу майданы 1918 жылы тамыз және 1919 жылы қазанның орта кезіне дейін ақ гвардияшыларға қарсы табанды күрес жүргізді. Осы аймақтағы қорғаныс орталығы болған Черкасское селосын атауға болады. 1919 жылы орта кезінде Қызыл армияның шабуылдарының нәтижесінде Колчак әскерлері екіге бөлінді. Олардың бір бөлігі Сібірге, екіншісі Түркістанға қарай шегінеді.

Қызыл армияның Түркістан майданы 1919 жылы тамыз айының екінші жартысында Колчактың «Оңтүстік армиясын» біржолата талқандады. Осының нәтижесінде Түркістан майданының әскер бөлімдері Солтүстік Жетісуға жеткізліп, мұндағы қарсылықты тезірек басуға мүмкіндік берді. Сөйтіп, 1920 жылы наурызда азамат соғысының Қазақстандағы ең соңғы Солтүстік майданы жабылады. Азамат соғысы жылдарында Кеңес өкіметі «соғыс коммунизмі» саясатын жүзеге асырды. Оның негізгі мәні-кеңес елінің басқа да аудандары сияқты Қазақстанда да азық-түлік салғырты жүргізіледі. Ол бойынша шаруалардың күн көрісінен артылған азық-түлік әскер мен өндіріс орындарындағы жұмысшыларды асырау үшін ешбір өтеусіз алынды. Бұл жағдай шаруалардың табиғи наразылығын туғызды. Әсіресе, ауқатты шаруалар қатты наразы болды. Кеңес өкіметінің осы саясатына наразы шаруалар көтеріліске де шығып, көпшілігі жаңа өкіметке қарсы ақтардың жағында соғысы. Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Қазақстанда экономиканы қалпына келтіру, мемлекеттік құрылысты нығайту жұмыстары жүргізілді. Сол жылдары алғашқы ауыл шаруашылық артельдері, коммуналар, совхоздар пайда болды. 1920 жылы аяғында 999 колхоз, оның ішінде 132 коммуна, 778 артель, жерді бірлесіп өңдейтін 28 серіктестік (ТОЗ) құрылды.

1919 жылы 10 шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі төңкерістік комитет туралы» декрет қабылданды. Онда болашақ Қазақ мемлекетінің жер аумағы анықталды. 1920 жылы 30 сәуірде РК/б/П Орталық комитеті Қырғыз(Қазақ) облыстық бюросы құрылғаннан кейін өлкеде Кеңес өкіметін, мемлекеттік құрылысты одан әрі нығайту жұмысы жүргізіле бастады. Сол жылғы 17 тамызда РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі Қырғыз республикасы туралы Декрет жобасын мақұлдады. 26 тамызда БОАК пен РКФСР Халком Кеңесі РКФСР құрамында Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» жарлық қабылданды. Орынбор қаласы Қазақ АКСР-нің алғашқы астанасы болды



Тұтас Түркстан идеясының күйреуі. Қазақстан азаматтық-саяси қайшылықтар тұсында. Қазан төңкерісі және Қазақстанның саяси өмірі. Уақытша өкіметтің мемлекеттік институттарының ыдырауы, большевиктердің билікке келуі. Ресей халықтарының құқы Декларациясы (15 қараша 1917ж.) жариялануы. Желтоқсандағы жалпықазақ съезі. Ә.Бөкейхановтың төрағалығымен Алашорда (Халық кеңесі) үкіметінің құрылуы. Алаш автономиясын жариялауға даярлық. Қоқан қаласында Түркістан автономиясы (Қоқан Автономиясы) үкіметінің құрылуы. М. Шоқайдың естеліктері. Советтік биліктің орнауы. Алашорда және Қоқан автономиясы билік орындарының таратылуы.

Кеңес өкіметінің Қазақ комитеттерін "ұлттық-буржуазиялық" биліктің көрінісі ретінде тануы. Қазақ жері: "ақтар" мен "қызылдардың" текетірес күрестерінің аясында. Алашорда үкіметінің қазақ әскери жасақтарының іс-қимылдары. Қазақ халқын таптық тұрғыдан екіге бөлу. Соғыс қимылдарының бүкіл қазақ өлкесін қамтуы. "Әскери коммунизм" саясатының қазақ өлкесіндегі арандату әрекеттері. Қырғыз (Қазақ) революциялық комитетінің ұлттық мемлекет құру идеясын күйретуі. Алашорда үкіметіне "кешірім" жариялануы. А. Байтұрсынұлының В.И. Ленинге жолдаған хаттары, оларда большевиктер ұстанымына айтылғын сын. Қырғыз (Қазақ) АСР-ның құрылуы – ұлттық мемлекет құру идеясын таптық негіздегі мемлекет құру идеясымен ауыстыру. Қырғыз (Қазақ) АКСР - нің территориялық аймағының "жоғарыдан" белгіленуі. Қазақ АССР және Түркістан Республикасы.

Мұсылман бюросы және Түрккомиссия: саяси билік үшін күрес. Тұтас Түркістан идеясы, жеңіліс табуы. Т. Рысқұлов және М. Сұлтанғалиев. Басмашылар қозғалысы. Әнуар Паша және А.З. Валидов. Кеңестік тоталитарлық басқару жүйесінің негіздерінің қалануы. Жер-су реформасының мақсаты. Оны жүзеге асырудағы ауытқулар мен қателіктер. Қазақстандағы жаңа экономикалық саясат (ЖЭС). Оған көшудің әлеуметтік-экономикалық және саяси негіздері.

ЖЭС-тің мазмұны және оны жүзеге асыру ерекшеліктері. Қазақстандағы аштыққа қарсы қазақ зиялыларының күресі. Қазақ өлкелік партия комитетінің "қазақ ұлтшылдығына" қарсы күресі. Түркістан республикаларын ұлттық-мемлекеттік межелеу - біртұтас Түркістан идеясының біржақты күйреуі. Қазақ жерлерінің ҚКАСР құрамына біріктірілуі.

Ресейдегі ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы және оның Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге әсері.

Ә. Бөкейханов Минскiден былай деп сәлем жолдады: “Ресей халықтары үшiн Туысқандық, Теңдiк және Бостандық күнi туды. Жаңа үкiметтi қолдау үшiн қазақтардың бiрiгуi керек. Жаңа тәртiптi нығайту үшiн басқа халықтармен туысқандық байланыстарды күшейту қажет. Құрылтай жиналысы сайлауына әзiрлену керек. Бiрлiк пен әдiлдiк жолында күресiңдер!...”

1917 жылғы наурыз, сәуiр айларында әр жерде жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңестерi құрылды. Жекелеген қалаларда (Оралда, Верныйда, Ақмолада, Семейде, Әулиеатада) қырғыз (қазақ) ұлттық комитеттерi пайда болды. Кеңестермен бiрге Уақытша үкiмет органдары жұмыс iстедi. Орталық Ресейдегi сияқты Қазақстанда да қос өкiмет орнады.

Тыл жұмысындағылардың қайтып келуi және олардың революциялық үдерiске ықпалы. Тыл жұмысшыларының орыс жұмысшыларымен, солдат тармен қарымқатынаста болуы олардың саяси санасының өсуiне зор ықпал жасады. Тыл жұмысшылары ереуiлдерге шықты. Барлық жерде тыл жұмысшы ларының орыс солдаттарымен одағы нығая түстi.

Ақпан револю циясынан кейiн құрылған саяси партиялар мен ағымдар.

1905 жылы бой көрсеткен Алаш қозғалысы Ақпан революциясынан кейiн қайта жанданды. 1917 жылғы сәуiр, мамыр айларында Алаш партия сының облыстық, iшiнара уездiк съездерi болып өттi. Онда маңызды мәселелер қаралды.

Күрестi Әлихан Бөкейханов басқарды. А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ә.Ермеков, Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, Ж.Ақбаев және басқа көптеген адамдар оның пiкiрлес серiктерiне айналды.

Қазақтардың 1917 жылғы көктемдегi Семей облыстық съезi Жалпықазақ съезiне Қазақстанның болашақ автономиясын құруды ұсынды. 1917 жылғы 21—26 шiлдеде Орынборда Жалпықазақ съезi болып, оған Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетiсу, Сырдария, Ферғана облыстары мен Iшкi Бөкей ордасынан делегаттар қатысты. Съезд мемлекеттiк бас қару формасын, қазақ облыстары автономиясын, жер мәселесiн, халықтық милиция ұйымдастыру, земство, халыққа бiлiм беру, сот, рухани-дiни мәселелердi қарады. Қазақтың демократияшыл жұртшылығын қазақ мемлекеттiгi, демократиялық реформалар, ұлттың саяси өзiн-өзi билеуi үшiн қажеттi алғышарттар жасау мәселелерi толғандырды.

Ресейдiң шет аймақтарының 30 млн халқына ықпалын жүргiзген мұсылман қозғалысының қаулап дамуы бiрқатар ислам партияларының құрылуына алып келдi. 1917 жылғы қыркүйекте тұңғыш мұсылман партиясы — Түркiстан федералистер партиясы құрылды. Дiни сипатына қарамастан бұл саяси ағымдар Түркiстан мен Қазақстан жерiнде тұратын халықтардың жалпыұлттық мүдделерiн де бiлдiрдi. Сол кездiң өзiндеақ Қазақстанның кейбiр қалалары мен ауылдарында құрылған жастар ұйымдары белсендi жұмыс жүргiздi. 1917 жылы Әулиеата мен Меркеде “Қазақ жастарының революцияшыл одағы” құрылды. Ақмолада нақ сондай “Жас қазақ” ұйымы жұмыс iстедi. Кейiннен осы ұйымдардың кейбiр мүшелерi (С. Сейфуллин, Т.Рысқұлов) Қазақстанда Кеңес өкiметiн орнату жолын да жанқиярлықпен күрестi.

Ресейдегi сияқты, оның ұлттық аймағы — Қазақстанда да көппартиялы жүйе қалыптасты. Қазақстанда ұлттық, дiни, таптық, сословиелiк негiзде пайда болған әртүрлi партиялар мен топтар өзара келiсiмге келе алмай, бiр-бiрiмен шиеленiс кен айтыс жүргiздi.

Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тән дағдарыстың салдары болып табылатын 1917 жылғы Ақпан революциясының нәтижесінде патша үкіметі құлатылды. Ол Ресей халықтарының, оның алдыңғы қатарлы күштерінің патша билігіне, крепостниктік құрылысқа және отарлық езгіге қарсы көп жылдық күресінің жеңісімен аяқталды.

1917 жылы 28 ақпанда М.В. Родзянконың басшылығымен Мемлекеттік Думаның комитеті құрылып, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруді өз қолына алғанын мәлімдеді. 2 наурыз күні Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Петроград Кеңесінің арасындағы келісім бойынша Уақытша үкімет құрылды. Жаңа құрылған үкіметтің құрамы мен міндеттерін белгілеген Декларация да осы күні жарияланды. Онда: “Азаматтар! Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мүшелері астана жұртшылығы мен әскердің қолдауы, ниеттестігі арқасында қазіргі уақытта ескі режимнің қара күштеріне қарағанда анағұрым табысқа жетіп отыр. Қалыптасқан жағдай атқару өкіметін құруға мүмкіндіктер туғызды.

Осы мақсатта Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті бұрынғы қоғамдық-саяси қызметімен көзге түскен өкілдерден құрылған алғашқы кабинеттің министрлерін тағайындады”, - деп, князь Г.Е.Львов басқаратын кабинеттің министрлері көрсетілді. Бұл кабинет өз қызметінде: 1) саяси, діни, қарулы көтеріліс және т.б. істер бойынша амнистия жариялауды; 2) сөз және баспасөз бостандығын жария етуді; 3) ұлттық, діни және сословиялық шектеушіліктерді жоюды; 4) елді басқару формасын, конституциясын айқындайтын жалпыға бірдей жабық, тікелей дауыс беру арқылы сайланатын Құрылтай жиналысына тоқтаусыз дайындық жүргізуді; 5) полицияны милициямен алмастырып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына бағындыруды және т.б. демократиялық негіздерді басшылыққа алатынын мәлімдеді.

Патшалық билікті құлатқан Ақпан революциясын қазақ қоғамы зор қуанышпен қарсы алды. “Қазақ” газеті 9 наурыздағы санында: "…Киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды, жақсылық, қуаныш тек қана орыстікі емес, отаны Руссия болған жұрттың бәріне тегіс жақсылық, бәріне тегіс қуаныш" - деп жар салды. Ақпан революциясы қалың бұқараның саяси құқтарын кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады, олардың саяси күреске ашық араласуын қамтамасыз етті. Елдегі қоғамдық өмірде саяси партиялардың ролі орасан өсті. Революция патшалық цензураны жойды. Жұртшылық сөз және жиналыс бостандығын кеңінен пайдаланды.

Уақытша үкіметтің ұлттық мәселе бойынша қабылдаған алғашқы актілерінің бірі 1917 жылы 20 наурызда Ресей азаматтарының құқындағы діни наным-сеніміне, ұлтына қарай шектеушілікті алып тастауы болды. Көктен іздегендері жерден табылғандай болған халық Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуге даяр екендіктерін білдіріп, империяның түпкір-түпкірінен құттықтау жеделхаттар жөнелте бастады. Қызылжар қаласы мен уезінің мұсылмандары қалалық мешітте жұма-намаз күні бүкіл халыққа шаттық әкелген Уақытша үкімет мүшелеріне ұзақ өмір беріп, бақытты етуін Алладан өтініп, жаңа үкіметке алал қызмет етуге серт берді. Ресей тарихында бірінші рет діни нанымдық, нәсілдік кемсітушілік жойылды деп, ұлттар теңдігін қағаз жүзінде болса да, жария еткен бұл акт бұрынғы бұратана атанған езгідегі елдердің орыстармен терезесін тең сезінуіне жол ашты. Қазақ халқының Ақпан төңкерісін зор қуанышпен қарсы алуының мәні де осында болатын.

Ақпан төңкерісінің қазақтар үшін қаншалықты маңызды болғанын А. Байтұрсынов: “Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол, біріншіден, бұл революцияның оларды патша өкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында және, екіншіден, оларды өзімізді басқарсақ деген ескі үмітінің нығая түскенінде еді”, - деп түсіндіреді. Халықтың Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуіне оның 1916 жылғы 25 маусым жарлығының күшін жойып, енді бұратаналарды қара жұмысқа алуды тоқтатуын, ал 7 наурызда 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға амнистия жариялау сияқты шаралары да ықпал етті. Бұл жөнінде М.Дулатов: “Сары әскер” қарсылық қылған елдерге лек-легімен аттанып, қазақ-қырғыз даласын қызыл қанға бояуға кірісіп еді. Он айға жетпей патша өкіметі құламаса, Ресейдегі ұлы төңкеріс болмаса, не болар еді”, - деп жазды.

Самодержавияның құлатылғаны жайлы хабарлар жер-жерлерге жетісімен түрлі әлеуметтік топтардың, саяси партиялардың өкілдері жоғарыдан нұсқау күтпей-ақ, өздерінің қоғамдық ұйымдары арқылы жергілікті басқару органдарын құруды қолға ала бастайды. Қоғамдық негіздегі құрылған мұндай жергілікті басқару органдары: азаматтық атқару комитеті, біріккен қоғамдық құрама (коалициялық) атқару комитеті деген сияқты атауларға ие болды.

1917 жылдың 5 наурызына дейін Қазақстанда да қоғамдық негіздегі атқару комитеттері құрыла бастады. Мәселен, 3 наурызда Көкшетауда, 4 наурызда Қызылжарда, 5 наурызда Семейде біріккен қоғамдық ұйымдардың атқару комитеттері құрылды. Бұл ұйымдарға түрлі әлеуметтік топтар мен саяси партиялар мүшелікке ұмтылды. Бұл халықтың демократиялық басқару дәстүріне құлшына араласқанын аңғартады.

Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Уақытша үкімет билік орындарын құру туралы 5 наурызда арнайы қаулы жариялады. Осыған байланысты жергілікті басқаруда, ел өмірін жаңа мазмұнда ұйымдастыруда өзгерістер бола бастайды. Наурыз және сәуір айлары ішінде ескі әскери губернаторлық, уездік, болыстық және ауылнайлық басқару жүйелері жойылып, келмеске кетті. Олардың орнына Уақытша үкіметтің облыстық және уездік комиссарлық басқару жүйесі, сонымен бірге облыстық, уездік, болыстық және ауылдық деңгейде азаматтық комитеттер және олардың атқару орындары қалыптаса бастайды. Мамыр мен маусым айларында бұларға қосымша облыстық азық-түлік комитеті, жер комитеті және басқа осы сияқты басқару орындары құрылады.

Батыс майдан штабы жанынан земскі және қалалық одақтардың бұратана бөлімін басқарып жүрген Ә. Бөкейханов 20 наурыз күні Торғай облыстық комиссары қызметіне тағайындалды.

Қазақ елі патшалық Ресей құрамына енгеннен бергі уақытта оның бірде-бір өкілінің империяның әкімшілік жүйесінде губерниялық, облыстық деңгейді қойғанда, тіпті уезд бастығы дәрежесінде қызмет жасамағандығы мәлім. Империяның басқару жүйесінде қазақтар болыстық атқарудан жоғарғы қызметті иемденуге тиісті емес еді. Бұл тұрғыдан Ә. Бөкейханов ескі патшалық биліктің орнына келген Уақытша үкімет жағдайында облыстық басшылыққа келген бірінші қазақ болатын.

1917 жылы наурыз айы ішінде Орал облыстық комиссары болып Бизянов бекітілді. Ақмола мен Семей облыстары қарайтын Дала өлкелік комиссарлығына мемлекеттік кеңес мүшесі И.Лаптев жіберілді.

1917 жылы сәуірде Уақытша үкіметтің қаулысы бойынша Түркістан өлкесінде нақты тәртіп орнатып, күнделікті туындап отыратын мәселелерді сол жерде шешіп, өлкені басқару үшін Түркістан уақытша комитеті құрылды. Оның құрамына Мемлекеттік Дума мүшесі Н.Н.Щепкин, бірінші Дума мүшесі Ә. Бөкейханов, екінші Дума мүшесі М. Тынышпаев, үшінші Дума мүшелері С.Мақсудов, В.С. Елпатовский, А.А. Липовский, П.И. Преображенский, О.А. Шкапский және генерал-майор А.Дәулетшин енді. Комитеттің төрағасы болып Н.Н. Щепкин тағайындалды. Самарқан, Ферғана, Сырдария, Жетісу, Закаспий облыстарында және Хиуа мен Бұқара хандықтарындағы орыс поселкелеріне Түркістан комитеті Уақытша үкімет атынан билік жүргізуге өкілетті болды.

Ә. Бөкейханов Түркістан комитеті құрамына енгенімен, Торғай облыстық комиссары ретінде орны босап, оның қызметіне ат салыса алмады. Торғай облыстық комиссары Ә. Бөкейханов өз қызметінде жергілікті жердің салт-дәстүрін, ерекшеліктерін білетін азаматтарды, әсіресе қазақтың зиялы азаматтарын мемлекеттік басқару орындарына тағайындауды басшылыққа алды. Оның ұсынуы бойынша, Қостанай уездік комиссары болып бірінші және екінші мемлекеттік Думалардың мүшесі Ахмед Бірімжанов, Торғай уездік комиссары болып Ғұмыр Алмасов, Ырғыз уездік комиссары болып Тобыл округтік сотының мүшесі Ғабдолла Теміров бекітілді.

Қазақ облыстарында болыстық комитеттердің құрылуы барысында да баяғыша болыстыққа таласқандай таласып, ескі әдетке салған жағдайлар да кездесіп тұрды. Ол жөнінде “Қазақ” газетінде: “Көкшетау уезі Айыртау болысы сайлауында зор талас болды. Председательдікке сайланған Ысқақ Баймұрат баласы қонақасына көп қой, бір ту бие сойып, 3 мың сом ақша шығарып, үлкен партия жасап барып сайланып шықты. Махмұд төре Уәлиханов сайлауды бұзуға жол іздеп Көкшетауға келді” - делінген.

1917 жылы сәуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінің шешіміне сәйкес болыстық, ауылдық-азаматтық комитеттер ұйымдастыру үшін Ақтөбе уезіне 9 адамнан, Ырғыз уезіне 9 адамнан, Қостанай уезіне 12 адамнан, Торғай уезіне 6 адамнан тұратын комиссиялар құрды. Бұл комиссия болыстық комитеттерді ұйымдастыруға жан-жақты көмек көрсетіп, сайлаудың дұрыс өтуін бақылауға алды. Ақтөбе уезіне С. Досжанов, И. Ермұратов, Ж. Кенжебаев, Е. Өтемісов және т.б. құралған комиссия келіп 3 маусымға дейін 14 болыста болыстық комитет, 3 ауылдық комитеттің құрылуының басы-қасында болды.

1917 жылғы ақпан революциясынан кейін Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде белсенділіктің айтарлықтай арта түсуіне облыстық, уездік қазақ комитеттері үлкен әсер етті. Мысалы, 1917 жылдың 10 наурызында - Оралда (төрағасы - Әлібеков); 11-наурызында - Семейде (төрағасы - Р.Мәрсеков); Омбыда (төрағасы - Е.Итбаев); наурыздың аяғында - Верныйда (төрағасы - И.Жайнақов) құрылған және т.б. облыстың қазақ комитеттері "Қазақ" газетінің көмегімен бірден-ақ қазақтардың облыстық съездерін дайындауға кірісті. Олар съездерге дайындалу барысында облыстық қоғамдық және басқа комитеттермен де, Уақытша үкіметтің органдарымен де ынтымақтастық жасады. Мысалы, Ә. Бөкейханов - Торғай облысы бойынша, М. Тынышбаев Жетісу облысы бойынша (эсер А. Шкапскиймен бірге) Уақытша үкіметтің комиссарлары болды. Ал, А. Байтұрсынов, М. Шоқаев, М. Дулатов, Ж. Досмұхамедов, Х. Ғаббасов, Ж. Ақпаев, А. Бірімжанов, Ә.Кенесарин, Р. Мәрсеков, тағы басқа қазақ зиялыларының өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында жұмыс істеді. Осындай байырғы қазақ халқының, әсіресе, ұлт зиялыларының саяси белсенділігі өскен жағдайда 1917 жылдың көктемінде: Торғай (Орынбор қаласы, 2-8 сәуір, 300-ден астам делегат, төрағасы - А. Байтұрсынов), Жетісу (Верный қаласы, 12-13 сәуір, 81 делегат, төрағасы - И. Жайнақов), Орал (Орал қаласы, 19-22 сәуір, 800-ден астам делегат, төрағасы - Ж. Досмұхамедов), Ақмола (Омбы қаласы, 25 сәуір-5 мамыр, 150-ге жуық делегат, төрағасы - А. Тұрлыбаев) қазақ облыстық съездері өткізілді. Бұл съездер ұлт азаттығын, жер мәселесін, діни, мәдени, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және басқа да проблемаларды шешу жолындағы күрестегі қазақ қоғамының қалың топтарының стратегиялық міндеттерін белгілеуге ұмтылуымен қатар, олардың осы мақсаттарға жетудегі тактикалық бағыттарын жасау жолында өздерінің одақтастары мен қарсыластарын да ашық көрсетуге тырысты. Облыстық съездердің ішінде Торғай съезі көлемі мен қабылданған шешімдері бойынша айрықша ерекшеленді. Съезд жұмыстарына Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, А. Қалменов, М. Шоқаев, М. Жұмабаев және басқа да сол кезеңдегі жас қазақ ойшылдары шешуші ықпал жасады. Соның арқасында съезд шешімдерінде "Алаш" қозғалысының бағдарламалық талаптары өз көрінісін тапты.

Сонымен қатар, байырғы қазақ жұртшылығының түрлі топтарын біріктіріп, олардың аттарын анықтау мен шешу мақсатында Торғай съезі Бүкіл қазақ съезін шақыруға қаулы қабылдап, оны шақыру мен бағдарламалық құжаттарын дайындау үшін ұйымдастыру бюросын сайлады. Оның құрамына Ә. Бөкейханов, М. Дулатов бастаған қазақ ұлт зиялыларының белгілі тобы енеді. Съезд осы жылы мамыр айында Мәскеуде өткізуге тиіс болған Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегаттар сайлады.

1917 жылы мамырда Петроградта бірінші Жалпы ресейлік мұсылмандар съезі болып өтті. Съезде ұлттық-территориялық федеративті негіздегі демократиялық республика ұлттық автономия құру мәселелері қаралды.

Сонымен, Ақпан революциясының жеңісінен кейін Қазақстанда қоғамдық-саяси өмірдің біршама жандануында Ресейдің саяси партиялары, әсіресе олардың жергілікті ұйымдары мен топтары өз әсерін тигізді. 1917 жылдың көктемінде болып өткен облыстық қазақ съездері болашақ партияның бағдарламасын әзірлеуге көмектесіп, съездерге қатынасқан делегаттар мен қазақ комитеттерінің мүшелері "Алаш" партиясының әлеуметтік негізін құрады. Осылайша, 1905 жылдың өзінде-ақ құруға әрекет жасалған "Алаш" партиясы іс жүзінде 1917 жылдың мамыр айында қалыптасып, ал оның ресми тіркелуі 1917 жылдың желтоқсанында жүзеге асқан еді.

Қазақстанда Қазан төңкерiсiнiң алдында қалыптасқан саяси ахуал. Мұсылман үкiметтерiнiң құрылуы және олардың большевиктермен қақтығысы. Ташкентте мұсылман жұмысшылары депутаттарының Кеңесi пайда болды. Бiр қатар аудандарда қазақ депутаттарының Кеңестерi құрылды. Бұқара санасының өсуiне қарай олар шаруа депутаттарының Кеңестерiмен бiрiктi. 1917 жылғы маусымда шаруа және қазақ депутаттарының бiрiккен Қостанай уездiк Кеңесi, Өскеменде шаруа, казак және қазақ депутаттарының уездiк Кеңесi құрылды. Нақ осындай кеңестер көптеген өзге уездерде де пайда болды.

Жұмысшы депутаттары Кеңестерiнiң бастамасы бойынша Петропавлдың, Семейдiң, Оралдың, Перовскiнiң кәсiпорындарында, кен зауытында және мұнай өнеркәсiбi кәсiпорындарында 8 сағ-тық жұмыс күнi енгiзiлдi.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   76




©melimde.com 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
Сабақтың тақырыбы
бойынша жиынтық
Сабақтың мақсаты
жиынтық бағалау
Сабақ тақырыбы
ғылым министрлігі
тоқсан бойынша
рсетілетін қызмет
Жалпы ережелер
бағалауға арналған
қызмет стандарты
бекіту туралы
Сабақ жоспары
Қазақстан республикасы
жиынтық бағалаудың
жиынтық бағалауға
тоқсанға арналған
Әдістемелік кешені
республикасы білім
бағалау тапсырмалары
арналған жиынтық
арналған тапсырмалар
білім беретін
туралы хабарландыру
Қазақстан республикасының
бағалаудың тапсырмалары
арналған әдістемелік
мерзімді жоспар
пәнінен тоқсанға
Қазақстан тарихы
Реферат тақырыбы
Қазақ әдебиеті
Жұмыс бағдарламасы
бағдарламасына сәйкес
болып табылады
нтізбелік тақырыптық
Мектепке дейінгі
біліктілік талаптары
оқыту әдістемесі
республикасының білім
әдістемелік ұсыныстар
мамандығына арналған
әкімінің аппараты
туралы анықтама
жалпы білім
қойылатын жалпы
жалпы біліктілік
Конкурс туралы
қазақ тілінде
білім берудің
мемлекеттік әкімшілік