2,1 Батыс Түрік қағанатының ішкі және сыртқы саясаты Батыс Түрік қағанатында әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастардың ала-құла, үстемдік ету мен бағыну түрлерінің алуан түрлі болуына қарамастан, Батыс Түрік қағанатында таптардың құрылу және ертедегі феодалдық қоғамдық қатынастардың біршама тез қалыптасу үрдісінің жүргені анық. Қарапайым халық “қара бұдұн”, ал әлеум. құрылымның ең төм. сатысының тәуелді тобы “тат” деп аталған (қ. Тат). “Татсыз түркі болмас, бассыз бөрік болмас” деген көне мәтелге қарағанда түркі шонжарлары қарамағында таттар саны аз болмаған. Батыс Түрік қағанатында көшпелі мал шаруашылығы басым сала болды. Сонымен бірге Іле, Шу, Талас өзендері бойында егін ш. дамыды. Ежелден егіншілікпен айналысқан. Орталық Азия мен Шығыс Түркістандағы аймақтар да Батыс Түрік қағанатына қараған. Ұлы Жібек жолының Батыс Түрік қағанатын басып өтуі мұнда қалалық мәдениеттің өркендеуіне ықпал жасады. Құлан, Навакет, Суяб, Тараз, Меркі, Испиджаб қалалары сауда, қолөнер орталықтары ретінде әйгіленді. Қағанаттың халықаралық экономикалық және саяси байланыстар аясына тартылуына соғдылық көпестер үлкен рөл атқарды. Жетісуда егіншілік мәдениеті, құрылыс өнері, түрлі қолөнер кеңінен дамыды.Түріктер теңге соғуды игерді. Теңгелер түрік қағандары атынан соғылғанымен, олардағы сөздер соғды тілінде жазылды. Батыс Түрік қағанатында жазба мәдениет дамып, әдеби дәстүр қалыптасты. Батыс Түрік қағанатының халқы Көк тәңіріне, Ұмай анаға, Жер анаға, Су анаға тағзым етті. Қағанатқа Ұлы Жібек жолы арқылы әлемдік діндерді уағыздаушылар ене бастаған. 626 жылы қаған ордасына Үнді елінен Будда дінін уағыздаушы Прабхакарамитра он шақты серігін ертіп келген. 627 жылы келген қытайлық будда мамасы Сюань Цзянь түрік қағанының будда діні жөніндегі көзқарасы туралы жазып қалдырған. Сондай-ақ, Батыс Түрік қағанатында зороастра, несториан, манихей діндерін жақтаушылар да болған. Бұлардың қызметі халықты түрлі діндерге тартып, қағанаттың негізі—дәстүрлі діни наным-сенімді әлсіретуге, сол арқылы мемлекетті ыдыратуға бағытталған. Батыс Түркі қағаны Шегу (610—18) мен Тон жабғу (618—30) қағандар тұсында күшейіп, мемлекеттің шекарасы кеңейе түскен. Шегу қаған шығыстағы шекараны Алтайға дейін жеткізіп, бүкіл Тарым жазығы мен Памирге дейінгі аймаққа өз билігін жүргізген. Шегуйдің інісі Түн жабғу қаған мемлекеттің батыстағы шекарасын кеңейту саясатын жалғастыра отырып, өзінің қысқы тұрағын Суябқа көшіріп, ал Мыңбұлақ деген жерді жазғы қонысына айналдырған.