Зәки Ахметов және халық поэзиясы Қ. М. Байтанасова



жүктеу 134.32 Kb.
Дата14.05.2017
өлшемі134.32 Kb.
Зәки Ахметов және халық поэзиясы

Қ.М.Байтанасова,

ф.ғ.к., доцент

Қазақстан, Астана

Поэзия әдебиетімізде ерте қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар жанр. Қоғамдықәлеуметтік өзгерістерге шапшаң үн қосуымен, жаңа сападағы жаңалықты тез сезінуімен поэзия үнемі алғы сапта танылып келеді. Қоғамның ілгерлеуімен қабат, идеялық мазмұны, көркемдік формасы жетілген тың поэзия туды. “Көркем сөз шығармаларының даму, жетілу, жаңа сапаға көшу тарихы фольклор мен жазба әдебиеттің өзара байланысы мен бірбіріне ықпалының замандар бойында үзілмей желі тартып келгенін дәлелдейді. Түрлі халықтарда тарихиәлеуметтік жағдайларына қарай кейде осы арна қатарласа дамыған, қайсы бір кезде осылардың біреуі алдыңғы шепке шығып отырған. Сонымен қатар, осы екі көркемдік ағынның жалпы даму бағытында ортақ үлкен заңдылықтар бар. Ол ауызша әдебиет дәстүрлерінің біртебірте жазбаша дәстүрге ауысу, ұласу тенденциясы” [1, 37].

Поэзия дамуының теориялық мәселелері өткен ғасырдың 30 жылдары көтеріле бастаған еді. Бұл жөнінде 1934 жылы С.Сейфуллин поэзияның тілі мен бейнелеу құралдары жөніндегі мақаласында айтқан. Өзінің қазақ фольклорына, жаңа кезең әдебиетінің тууына арналған мақалалары мен зерттеулерінде бұл мәселені М.Әуезов те қозғап, көркемдік ізденіс жасаудағы халықтық дәстүрді жоғары бағалайды. Қазақ поэзиясына арналған еңбектерінде жаңа сапада пікір айтқан зерттеуші Қ.Жұмалиев болды. Оның 1948 жылы жарық көрген “Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі” зерттеуінде Абай өлеңдерінің тілі, көркемдік құралдары, ақынның шеберлігі, Абайдың өзіне дейінгі поэзияға жасаған ықпалы талданады. Одан басқа, Т.Нұртазиннің, Б.Кенжебаевтің, Е.Ысмайыловтың, С.Қирабаевтың, Ә,Тәжібаевтің т.б. көптеген зерттеушілердің еңбектері бар. Солардың ішінде Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов көптеген жылдар бойы қазақтың өлең құрылысы мәселесіне еңбектерін арнады.

XX ғасыр қазақ халқы үшін есте қаларлық тұтас бір тарихи дәуір десек, соңғы жетпіс жылы біздің ұлт мәдениеті мен ғылымы үшін үлкен өркендеу кезеңі болды: осы кезеңде қоғамдық ғылымдар бұрын болмаған дәрежеде дамып, жаңа деңгейге көтерілді. Еліміздің қоғамдық ғылымдарының, оның ішінде, ұлттық әдебиеттану ғылымының іргесі бекіп дами түсуінде, 1950 жылдары таланттарымен көрінген бір топ жас зиялылар легінің рөлі ерекше болды. Сол таланттар шоғырының көш басында аса көрнекті ғалым, қазіргі ұлттық әдебиеттану ғылымының бірегей өкілдерінің бірі, академик Зәки Ахметов есімі ерекше аталады.

Әдебиеттану ғылымында З.Ахметов әдебиет тарихы, абайтану, әуезовтану, әдебиет теориясы мен әдебиеттану әдіснамасы туралы өзекті мәселелерді қамтыған іргелі зерттеу еңбектері арқылы, ұлттық әдебиеттану ғылымын республикадан тыс жерлерге де әйгілі етті. З.Ахметовтің әдебиет теориясы, поэтика, өлең құрылысы мен өлең жүйесі, абайтану мен әуезовтану проблемалары жөніндегі күрделі зерттеулерінің мәнмаңызы күн өткен сайын тереңдей түсуде. Халықтың қазыналы рухани мұраларында өлең болып өрілген өрелі танымның табиғатын тануға ұмтылдырған ұлы күштің астарында ұлтының ұлағатты ізгілік иірімдерін ашсам деген игі мақсатпен қоса, бала күннен көңілге жатталған, ауыз әдебиеті арқылы бойға сіңген қазақ сөзіне деген берілгендігі жатқан еді. Қазақ тілінің ұлттық бітім тұлғасының өзгешеліктері өлеңде бедерленген бейнелі сөздердің мәнмазмұнын, оның құлаққа жағымды, жүрекке жылы болуына ықпал ететін өлшем өрнектерімен, ырғақ саздың бірлігімен тұтастықта қарастырылуы тиіс екендігін дәйектеген бұл еңбек әдебиеттану теориясына айтулы жаңалық әкелді.

Зерттеушінің өзекті де іргелі зерттеуі – “Қазақтың өлең құрылысы” еңбегі. Бұл еңбекте көптеген материалдардың негізінде қазақтың өлең құрылысының заңдылықтары мен теориялық негізі жасалады. Бұл жөнінде академик С.Қирабаев: “Автордың концепциясында – басты екі мәселе назарға алынады: біріншіден, өлеңнің барлық элементтері бірбірімен тығыз байланысты; екіншіден, өлеңнің мазмұны мен формасы бөлінбейтін бірлікте” [2, 98]. Еңбекте өлеңнің ырғағы, оның өзіне тән ерекшелігі, ұлттық тілдің құрылымы жанжақты дәйектеледі. Ғалым қазақтың өлең құрылысының эволюциясына, өзгеру негізіне талдау жасайды.

Өлең сөз адамға ішкі мазмұнымен, бейнелілігімен, суреттілігімен ғана емес, айтылу әуезділігімен, ырғақүнділігімен де әсер етеді. Өлең сөздің әуезділігін арттыруға ұмтылу тек әсемдікке ұмтылу ғана емес. Тек ырғақ қуып кетсе, өлеңнің мазмұны солғындайды. Бұл міндет өлең сөздің барлық мүмкіншілігін, мағыналық, бейнелілік, ырғақинтонациялық, дыбыстық жағын сабақтас, үйлес алғанда ғана тең түседі. Өлең сөздің қара сөзден құрылыс жағынан айырмасы – онда мөлшерлі ырғақ болады. Өлең ырғағы – поэзияның өз еншісіне тиген сипат, әрбір өлең тармағының көлемінде мөлшерлі шек болатындықтан туатын ырғақ. Өлең сөздегі кейбір қарапайым ырғақөрнектер жай сөйлеу тілінде де кездесетін жағдай болады. Ұйқастың құрылысы тілдің дыбыстық құрылысымен, ал ұйқастың кезектеу реті тілдің синтаксистік құрылысымен көбірек байланысты. Зерттеу еңбектерінде қазақ поэзиясының құрылысын ғана емес, тілін де зерделеген ғалым 1970 жылы жарық көрген еңбегін “Қазақ поэзиясының тілі туралы” деп атады.

“Қазақ поэзиясының тілі туралы” еңбегінің алғы сөзінде автор: “қазақ поэзиясы бейнелі тілінің мәселесі қазақтың әдебикөркем шығарашылығымен байланыста қарастырылады. Тіл көркемдігі маңызды мәселелердің бірі, ол халықтың тарихи дамуымен, көркемдікэстетикалық көзқарасымен байланысты. Осы поэзия тілін, оның нәзік иірімдерін білмей, шығарманың мазмұнына терең бойлай алмайсың” дейді [3, 67]. Бұл кітап зерттеушінің поэзияға арналған екінші кітабы. Мұнда көтерілген мәселелердің маңыздылығын айқын тану үшін көркем сөз шығармашылығының ішкі қатпарына, поэтикалық тілдің нәзік тұстарына бойламай, көркем бейнені, шығарманың бүкіл мазмұнын түсіне алмайтынымызды айтсақ та жеткілікті. Себебі, халықтың тарихи өмірі, оның эстетикалық көркем көзқарасы поэзиямен бірлікте қарастырылады. Ал, бұл бірлік, поэтикалық тілдің бейнелі сипатынан анық байқалады. Бұл жөнінде зерттеушіғалымдар С.Қасқабасов пен Ө.Айтбаев мынадай пікір айтады: “Поэтикалық тілде болып жатқан күрделі процестерді тереңнен түсініп толғайтын заманымызда, жеке байқауларды қойып, қазақ поэзиясындағы тарихи дамудың заңдылығын дәлелдейтін күрделі жұмыстарға көшудің кезеңі келген болатын. Мәселе әдеби туындының түрі мен тіліндегі кейбір келісімсіз кедергілерді анықтауда ғана емес. Мәселе ақынның қандай ұлттық дәстүрге иек артып, өз тарапынан сол ұлттық поэзиямызға қандай жаңалықтар әкелуінде, қазақтың әдебикөркем шығармашылығының бейнелібедерлі мүмкіндіктерін қалай байыта, дамыта түсетінінде” [4, 511]. Зерттеуші еңбегінде қазақ поэзиясының тілін екі салада қарастырады. Бір жағынан, жалпы қазақ поэзиясының тіліне ортақ ерекшеліктерді айқындаса, екінші жағынан поэзиямыздың белгілі өкілдерінің тілін талдайды.

Автор тарихи дамудың басты кезеңдерін айқындау үшін, халық поэзиясының ауызекі айтылатын түрлерінің, төңкерістен бұрынғы жазба әдебиетінің және қазіргі поэзиямыздың тілін танытатын факторларды сөз етеді. Еңбекте қазақ әдебиетінің ұлттық түрін зерттеудің айырықша мәні бар екені ашылады. “Қазақ халық поэзиясының тілдікбейнелік құралдары” деген тарауда поэтикалық тілдің образдар жүйесін, қазақ поэтикалық тілінің ұлттық ерекшелігін, халық ауыз әдебиетінің поэтикалық ерекшелігін, қазақ фольклорына неғұрлым тән болып келетін образдар сипатын, қазақ халық поэзиясындағы әйелдер бейнесін, Біржан мен Сара айтысының тіл ерекшелігін, Махамбеттің тіл өрнегі мәселесін, халық поэзиясының өлең формасын талдайды. Зерттеуші поэзия тіліне әр үстейтін құбылту түрлеріне жекелей тоқталып, олардың өлең тілінде өрнек жасаудағы рөлін терең ашады. Бір ғана айқындауды материалдықзаттық және абстрактілік, метафоралық сипатта келетінін ажыратады. Оған мысал ретінде, болат қанжал, қара көз немесе болат төзім, қара ниет түрінде келуіне мысалдар келтіріп, олардың ұлттық бояу үстейтін қасиеттерін ашады. Теңеу поэзияда ең көп таралған тәсіл екенін, кейде беймәлім құбылысты белгілі ұғымдармен салыстыру арқылы, сол сөздің мағынасының кеңейе түсетінін, сол сияқты метафора мен символдың да ойды ауыстыра, тұспалдай берудегі мәнін талдайды. Қазақ поэзиясының көркемдігін зерттеу үстінде, ғалым ондағы бейнелеу мен ажарлаудың ұлттық сипатына тәптіштей тоқталады. Халқымыз ғасырлар бойы сахарада көшпелі тіршілік кешуі олардың әр маусымның ерекшелігін әбден бақылап, өздерінің сөз өнерінің бейнелілігіне қажетті тәсілдерді табиғаттан тапқанын айтады. Қазақтың салтдәстүрінің қай қыры да оның өмірімен, тұрмысымен, ұлттық ғұрыпмерекелерімен, киім киістерімен, астағамдарымен үндесе отырып, олардың дүниетанымынан да орын алғанын дәлелдейді. Соған орай зерттеуші жаратылыстағы аңқұс, табиғат құбылысының халықтың поэзиясынан көрініс тапқанын дәлелдейді. Оған мысал ретінде Біржан мен Сараның айтысынан (ақ сұңқар, аққу, тұлпар, бұлбұл, дүлдүл) үзінділер келтіреді.

Зерттеуші қазақ қоғамында үстемдік еткен патриархалдықфеодалдық жағдайдағы әлеуметтік мәселелерді аша отырып, сол замандағы сөз өнері түрлеріне, оның даму, сақталу, өзгеру жолдарына тоқталып, қазақ даласында болған шетел және қазақ зерттеушілерінің ойпікірлеріне тоқталады. Негізінен, олардың қайқайсысыда қазақ халқының сөз өнеріне деген ынтадарынын, суырыпсалма өнеріне деген ықыластарын таңырқай жазғанына тоқталады. Қазақ халқының сөз өнеріне аса талғаммен қарағаны, сөздің жұмсалуына, мәніне мұқият зер салғаны белгілі. Олардың халық арасындағы танылуына орай, меңгерген өнер түрлеріне байланысты түрліше аталғанын, жырау, жыршы, ақын, өлеңші дегендердің әрқайсысын даралап, орнықты уәждер келтіреді. Сол өнер иелерінің бірбірінен ажырататын қасиеттерін жекелей атап, ұқсастықайырмаларын саралайды.

Қазақ поэзиясының ерекшелігі, әсерлілігі сонда, ол өмірдегі, айнала жаратылыстағы жанды құбылыстарды бақылаудан, қабылдаудан, ұқсатудан туады. Сондықтан да қазақ поэзиясының тілі әсерлі, көркем, қабылдауға жеңіл болады. Осыған байланысты зерттеуші ауыз әдебиеті өкілдері мен жазба поэзиясы өкілдерінің шығармаларын салыстырып, ондағы бейне жасау, теңеу мен салыстырудағы үндестіктерге дәйектер келтіреді. Әсіресе, эпос, лироэпостық жырлар мен айтыс өлеңдердегі көркемдік тәсілдерді салыстыруы, ондағы әдісамалдардың жазба әдебиетінде ешқандай қиындықсыз кіріге қолданылғанын, мәселен, Абай, Сәкен, Ілияс поэзиясындағы ортақ бейнелерді талдауы аса қызғылықты.

Қазақ халық поэзиясындағы тіл өрнектерін қарастыру үстінде, зерттеуші әйел бейнесін берудегі тіл ажарлығына ерекше тоқталады. Эпикалық та, лирикалық та туындыларда әйел бейнесі тек сырт көркімен ғана емес, ішкі сұлулығымен де әспеттеле жырланатынына тоқталады. Зерттеуші бір ғана көзге байланысты бота көз, құралай көз, мөлдір көз, күлім көз, қара көз деген тіркестерді келтіреді. Бұл айқындаулардың тұрақталып, орныққан мәніне тоқталады. Кейде әйелдің сырт ажары мен ішкі сұлулығының қатар аталатынын ажарың атқан таңдай деген теңеумен келетінін айтады. Шындығында да бұл тіркесте атқан таң қандай таза, кіршіксіз болса, сұлудың да ішкі жан дүниесінің таза екенін меңзейді. Сонда халық поэзиясында қазақ әйелдерінің сымбаты күнделікті таныс, адамның көз алдындағы құбылыстармен жарасымды үндесе берілетінін айтады. Бұған дәлел ретінде зерттеуші Қыз Жібек, Ақжүніс, Назым бейнелерінің сипатталуын мысалға алады. З.Ахметов өзінің талдау нысаны еткен мәселелерін нақтылыққа құрады. Мәселен, тілдің бейнелеу кестесінің молдығын ауыз әдебиетінің қай жанрынан да табатынымызды айта келе, айтыстағы тіл бейнелілігін ашуда “БіржанСара” айтысын алады. Екі ақынның да төгілген сөз өрнегі, кестелі теңеу, салыстырулары бірінен бірі өтеді. Мәселен, Біржан:



Жалынмын жанып тұрған нөсерге өшпес,

Болатпын екі жүзді алмас кеспес, десе,

Сара:


Мойыным сұңғағындай жүзген қудың,

Лебізім шырынындай шәрбат судың,дейді [5,278].

Екі ақынның да қызыл сөзге дес бермес алғырлығы айтыстың әр жолынан аңғарылады. Мұның өзі күні бүгінге дейін рухани құндылыққа айналып отырған айтыс өнерінің өміршеңдігін дәлелдейді. Халық ақындарының шығармалары тұтастай алғанда, ауызша дәстүрде дамыды. Сөз өнерінің ірі майталмандары Бұқар, Махамбет, Біржан, Жамбыл шығармалары өзінше дара. Солардың ішіде өзінің тіл өрнегінің өзгешелігімен ерекшеленетіні – Махамбет. Әрине, ақын поэзиясында фольклорлық тәсілге сүйену байқалады. Бұл әсіресе, толғау мен жетісегіз буынды өлең үлгісінен байқалады. Махамбеттің өлеңдері өзінің тіл өткірлігімен, бейне жасаудағы сонылығымен дараланады. Оның көтеріліске байланысты үндеу сипатындағы өлеңдері де, Жәңгір ханға, Баймағамбетке арнаған өлеңі де алдымен жасқанбай қатал сөйлейтін ақынның өр тұлғасын танытады. Осы Махамбет поэзиясының тіл көркемдігіне тоқтала келе, зерттеуші З.Ахметов: “Махамбет өлеңдеріндегі күресшіл сарын, көтеріліс рухы алдымен көзге түседі. Ал, Исатай қайтыс болған кездегі, өзінің Нарыннан қуылған сәттегі өлеңдерінде эпостық сарын байқалады,дейді [3,67]. Өлеңдегі халықтық дәстүрді дамытып, түрлендіру, жетілдіріп, толықтыру жөнінен Махамбет ақындығының өзгешелігін зерттеуші айырықша атап көрсетеді. Ғалым “Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны” өлеңіндегі халықтың дәстүрлі бейнелеу нақыштарын қоса ақынның нақтылы өмір құбылыстарын жеткізуде ерекше, оқшау, бояу суреттерді де соншалықты мол туғызып отырғанын айтады. “Мен кескекті ердің сойымын, кескілеспей басылман” немесе “Еңіреп жүрген ер едім, жақсыларға еп едім, жамандарға көп едім” деген сенімді сипаттау сөздерден ақынның өз қолтаңбасы, сөз қолдану ерекшелігі айқын танылатынын көрсетеотырып, Махамбеттің сұлтанды “Қайраңнан алған шабақтай, қия бір соғып ас етсем” деуінде де салыстыру, сипаттау тәсілі ақиқат өмірден алынған әсерлерден туғаны анық байқалатынын айтады.

Махамбет  өлеңде халық ұғымына әбден сіңісті болған теңеу, тұспалдау, салыстыруларды қолданумен қатар, соларға ыңғайлас өзіндік қолданыстарды төгіп тастап отырған, сирек ұшырасатын ақындық шеберлікпен танылған сөз ұстасы. З.Ахметов осыны ақын поэзиясының табиғатын ауда нақтылы сөз қолданысты айқындап отырып, теориялық тұжырымдарға айналдыруында өзінің өлең сөз қисынын зерделеуге келгенде қара үзген үздік екенін жәнебір мойындатып кетіп отырады. Махамбеттің ақындық қуатын мейілінше жанды, сезімді ой орамдарына орап отырып, нақты ұғындырады. Мәселен, Махамбет поэзиясында көркем салыстыру, тұспалдаудың дамытылған түрлерінің молдығын ашады:

Мен шарға ұстаған қара балта едім,

Шабуын таппай кетілдім,

Қайраса, тағы жетілдім... Ақын мұнда бір “балта” сөзінің ауқымында ауыспалы, астарлы ой туғызып, күрделі метафоралық бейне жасап отырғанын айтады.

З.Ахметов қазақ өлеңіндегі жыр үлгісін теориялық жақтан негіздеуінде Махамбет поэзиясын үнемі назарда ұстаған. Кезінде М.Әуезов, Қ.Жұмалиев талдаған “Ереуіл атқа ер салмай” өлеңіне З.Ахметов жырдың айырықша бір үлгісі есебінде тоқталады. Жыр түйдегінің сипаттамасына үлгі болады. Ғалымның “жырдың” ұйқас, буын, бунақ, шумақ (түйдек) туралы теориялық негіздеуінің бір көрінісі – Махамбет поэзиясы. Жыр өлшемі, қазақ өлеңінің дәстүрлі жыр үлгісінде кездесетін тармақтардағы буын санының әркелкілігі туралы зерттеулерінде Махамбет поэзиясына ғалым жиі жүгінеді. Зерттеуші Махамбет поэзиясының дәстүрлі халық поэзиясымен байланысын өлең үлгісі жөнінен, өлеңдік құрылым жөнінен, тіл қолданысы жағынан айырықша қарастырып, ақынның қазақ поэзиясындағы өзіндік өзгеше өлең жасау үрдісіне айқын теориялық негіздемелер жасады.

Зерттеуші қазақтың өлең құрылысына тұтас монографиялық еңбегін арнаған. Оның ішінде халық поэзиясының өлең құрылысына аса мән бере зерттеген ғалым, қазақ өлеңдерінің буынға бағына жасалатынын, кейбір түркі елдерінде “бармақ”, “бармақ қисабы” терминдерінің қолданылатынын, негізінен қазақ өлеңінде он бір буынды және жетісегіз буынды өлшемдердің жиі кездестінін айтады.

З.Ахметов халық ауыз әдебиеті – халық шығармашылығы, суырыпсалма ақындардың туындылары және халық музыкасы қазақ халқы үшін қоғамдық санасезімінің негізгі қозғаушы күші болғандығын, бұл халықтың мол арналы поэзия жанрын өрістете түскені туралы айтады. Ондағы тіл өрнегіне көңіл бөлген зерттеуші ондағы бейнеліліктің бастауы көнеден арна тартқанын дәлелдейді. Бұл көне бастаулар көптеген халық өлеңдерінде (еңбек, ғұрыптық, тұрмыстық) көрініп, бұл кейіннен халықтық жеке лириканың пайда болуына әкелгенін айтады. Сол сияқты халық өлеңдерінде ежелден орныққан бірқатар өлең формаларының (мәселен, жетісегіз буынды жыр) бар екені даусыз екенін дәлелдейді. Көне ауызшапоэтикалық дәстүрдің жарқын мысалына көне сипатты елестететін сюжет, образ, композициясы сақталған эпостық жырлар жататындығын да айтады. Қазақтың көшпелі және жартылай көшпелі өмірін, тұрмыссалтын зерттеген көптеген зерттеуші ғалымдар оларда ауызша көркем сөз өнерінің дамуы биікте болғанын дәлелдейді. Ғалым Ш.Уәлихановтың пікіріне ден қойсақ, “поэзияға, әсіресе, суырыпсалма өнеріне бейімдік, барлық көшпелі халықта байқалғанын айтады. Көптеген саяхатшылар дала көшпенділерінде кез келген баланың төрт жол өлеңді ұйқастыра алатынын, сөйлегендегі тіл көркемдігін таңырқай жазған. Мұндай құбылыс монғолтүрік тайпаларына да тән екендігі айтқан” [6, 204]. Сонымен бірге, Шоқан халық арасында табан астында өлең құрастырып, шешен сөйлейтіндердің мол болғандығын, өлеңді музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен де орындай алу ерекшеліктерін көп зерттеушілердің қызыға жазғанын айтқан.

Зерттеуші З.Ахметов халық арасынан әнжыр орындаушылардың ерекшелей көрінгенін халық үнемі құрметтеп отырғанын айтады. Олар ел арасында әдемі, сазды дауысымен, суырыпсалмалық орындушылығымен дараланып шығып, жырау, жыршы, ақын деп аталғандарына талдау береді. Бұлардың ішіндегі көнесі жырау екені даусыз. Ол халықтың өткенкеткенін терең білетін, халықтың әлеуметтікқоғамдық өмірінде үлкен рөл атқарып, өзінің ақылгөй, даналығымен ерекшеленетінін айтады. Жыраудың шығармашылығының өз ерекшелігі болғандығын, оны толғау деп атайтынын, толғау  ойланыптолғанып, тереңнен ой қозғай айтылатындығын, олар таза халықтық формада жырланады. Мұндай өнер иесі шын мәніндегі жырау мағынасына толық жауап беретін Сыпыра жырау болғандығын айта келе, зерттеуші уақыт өте жырау тек айтушы, өлеңші ретінде қолданды дейді.

Халық ақындарының келесі түрі – жыршы. Тар мағынасында алғанда жыршы эпикалық өлеңдер мен аңыздарды орындаушы. “Жыршы – халықтың эпикалық поэзиясын, көне аңыздар мен әпсаналарды сақтаушы, жеткізуші”,деген пікірді айтқан Ә.Марғұлан, ақындарға қарағанда, олар тек кең эпикалық сюжетті, аңыздарды көне батырлар мен соғысжорықтарды жырға қосады,дейді [7,230]. Зерттеуші халықтан шыққан өнер адамдарына қатысты пікірлерді саралай келе, көбіне Ш.Уәлихановтың айтқан пікірлерін таратып, дәйектеп отырады. Зерттеуші халық ақындарының жырау, жыршы, өлеңші немесе ақын деп жіктеудің шарттылығын, олардағы бұл қасиет араласып, тоғысып отыратындығын айтады. Халық ауыз әдебиеті шығармашылығы тек XIX ғасырдан бастап қағазға жазыла бастағанын айта келе, олардың мәтініне көбірек назар аударылатынын, яғни олардың өмір сүру үстінде толығып, өзгеріске түсетінін байқаған. Осылайша, зерттеуші автор мәселесіне тоқтала кетеді. Дербес авторлықтың жеке ақындықпен қатысты екендігін, оған дейін олардың авторы халық болғандығын айтады. З.Ахметов халық арасында неғұрлым ұзақ жасаған туындылардың оларға жақын болатындығын, яғни, ел арасына таралу барысында, халықтың эстетикалық танымына жақын сөздердің, тіркестердің орныға түсетініне көз жеткізеді. Осыған байланысты халық шығармаларының тілі үнемі байып, жетіліп отырғанын айтады. Халық шығармаларын саралай келе, әрбір жанрда белгілі бір поэтикалық оралымдардың белсендірек қолданатынын айта келе, мәселен, лирикалық шығармаларда теңеудің көбірек кездесетінін дәлелдейді.

Зерттеуші З.Ахметов қазақ поэзиясындағы тұрақталған поэтикалық құбылтулардың астарында халықтың көшпелі мал шаруашылығының көрінісі жатқанын айтады. Халық поэзиясының тіліне тәптіштей тоқталған зерттеуші, қазақ фольклорының өзіндік ерекшелігін көрсетеді. Автор халық поэзиясының тілі бейнелілігімен, көркемдігімен ерекшеленетінін, көркемдік құралдарының синтаксистік, интонациялықырғақтық және дыбыстық тілдік құрылымы өте иілгіш, сан қырлы екендігін дәлелдейді.

Ғалым поэзиядағы, өлең жырлардағы бейнелі, өрнекті сөздер әлдеқандай бір ерекше сұлулап сөйлеуге әуестіктен емес, эстетикалық сезімнен, образды, бейнелі ойдан, дүниені ақынша, суреткерше қабылдаудан туатынын; өлеңге, өлеңмен жазылған шығармадағы әрбір суретке, әрбір сөзге поэзиялық сәулет, поэзиялық нәр, көрік беретін нәрсе – ақындық ойсезімнің тереңдігі мен көркемдігі екенін; өлең сөз кестесіндегі, поэзия тіліндегі көп ерекшеліктерді дұрыс түсіну үшін ақындық ойдың, көркем ойдың өзгешелігін, дүниені эстетикалық жағынан қабылдап, танытудың ең қуатты құралы екендігімен сабақтастыра дәлелдейді. Өлеңнің нәрі сөзінде болса, ол сөздің мәні оны қолданушының ұғымымен, түсінігімен, өмір шындығын тану қабілетімен, ойсезім қуаттылығымен астасып жатқанын философиялық тұрғыда тұжырымдайды. Өмірдің тылсым, құпия сырларының ақынның ой көрігінде шыңдалып, тыңдаушының көңіл көкжиегін кеңейтер сиқырлы дүниеге айқындалуының шарты – поэзияда қорытындылапжинақтау мен даралау, ортақ және жекелік сипаттардың өзара тоғысуы болып табылады. З.Ахметовтың іргелі еңбектері мен өзекті мәселелерді қозғаған зерттеулері әдебиеттану ғылымында алдыңғы сапта танылады. Себебі, ондағы негізгі идея, қисындар қазіргі тарихиәдеби процесте, әлеуметтік, көркемдік, эстетикалық басымдылық тұрғысынан бағалануда.



Әдебиеттер тізімі

  1. Бердібай Р. Кәусар бұлақ. -А., 1989

  2. Қирабаев С. Өнер өрісі. -А., 1971

  3. Ахметов З. О языке казахской поэзии. -А., 1970

  4. Академик Зәки Ахметов және руханият мәселелері. Республикалық ғылымитеориялық конференция материалдары. -А., 2003

  5. Айтыс. 1 том. -А., 1988

  6. Уәлиханов Ш. Таңдамалы шығармалар. -А., 1985

  7. Марғұлан А. О носителях древней поэтической культуры казахского народа. -А., 1959


Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет