Заманауи жедел полиграфиялық ҚҰралдарды қолданып жалған банкноттарды жасаумен байланысты технологиялық процестің негіздері



жүктеу 98.48 Kb.
Дата08.09.2017
өлшемі98.48 Kb.
ОӘЖ 811.113.
ЗАМАНАУИ ЖЕДЕЛ ПОЛИГРАФИЯЛЫҚ ҚҰРАЛДАРДЫ ҚОЛДАНЫП ЖАЛҒАН БАНКНОТТАРДЫ ЖАСАУМЕН БАЙЛАНЫСТЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТІҢ НЕГІЗДЕРІ
Дүйсенбаева Гүлзипа Жұмабайқызы

з.ғ.м., оқытушы Алматы Университеті, Алматы қ.

Қазақстан Республикасының әлемдік экономикалық жүйемен интеграциясы және мемлекет ішіндегі нарықтық қатынастардың дамуы жалған ақша белгілерін жасаумен және сатумен байланысты қылмыстардың тез өсуіне әкелді.

Тәжірибені талдау көрсетіп отырғандай, заңсыз ақша жасаудың заты болып жиі-жиі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің «10000», «5000», «2000» және «500» теңгелік банкноттары мен әртүрлі номиналдағы шетел валюталары, оның ішінде Ресей Федерациясының рубльдері, Америка құрама штаттарының долларлары мен Еуропаның еуросы табылады. Тек, 2008 жылы Қазақстан Республикасында жалпы сомасы 6769000 теңгені құрайтын 1285 жалған купюралар алынған, оның ішінде 1082 ұлттық валюта теңге (оның ішінде 10 мың теңгелік 575 дана; 5 мың теңгелік 117 дана; 2 мың теңгелік 155 дана, қалғандары басқа купюралар), 182 Америка Құрама Штаттары долларлары, 3 Ресей Федерациясының рублі, және 18 еуро.

Айналымнан әртүрлі номиналдағы әртүрлі елдердің жалған ақшалай белгілері алынып отырады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдарымен 2008 жылдың 8 айы ішінде тауар-ақша айналымынан жалған ақша жасаушылықтың 284,4 мың теңгені құрайтын 86 фактісі анықталды.

2007 жылдан 2008 жылға дейінгі аралықта жалған ақша белгілері тез азаюы байқалды, біздің ойымызша, ол келесі себептермен түсіндірілуі мүмкін:

Біріншіден, жаңа үлгідегі ұлттық валютаның енгізілуі;

Екіншіден, жаңа ақша белгілері дизайнының күрделенуі;

Үшіншіден, жаңа купюраларда қорғаудың заманауи жүйесін кеңінен қолдану.

Қазақстан территориясында жалған ұлттық ақша белгілерімен қатар, жалған шетел валютасы елеулі көлемде өткізіледі. 2005 жылдан 2008 жылға дейінгі аралықта шетел мемлекеттерінің 20410 жалған ақша белгілері, олардың ішінде жалпы сомасы 1 млн. 908 мың 233 долларды құрайтын Америка Құрама Штаттары долларының – 19476 данасы анықталды.

Біздің ойымызша, қалыптасқан ахуал себептері арасынан келесі факторларды бөліп көрсетуге болады:

1) ғылым мен техниканың заманауи жетістіктерін ескермеуі салдарынан жалған ақша жасаушылардың қылмыстық әрекеттерін ашу мен тергеудің қолда бар әдістемелер тиімділігінің төмендігі;

2) осы проблеманың шешілуін жан-жақты қамту кезінде ғылымның заманауи жетістіктерін жеткіліксіз қолдану;

3) осы санаттағы істерді ашу мен тергеу бойынша қызметті жүзеге асыратын тергеушілер мен жедел қызметкерлердің кәсіби біліктілігінің төмендігі.

Жоғарыда айтылғандардан байқағанымыз, сату мақсатында әртүрлі ақша белгілерін заңсыз жасау белгілі бір жағдайларды қажет етеді, оларды жүйелендіру келесі түрлерді анықтауға мүмкіндік береді:

1. Жалған ақша белгілерін жасаудың жоғарыда аталған тәсілдерінің бірін жүзеге асыру үшін арнаулы білімнің болуы. Бұл жағдайда осындай білім ретінде танылатыны:

– ерекше қолөнерлік мүмкіндіктерінің болуы, әсіресе жалған купюралар сурет салу тәсілімен жасалғанда, мысалы, бейнелеу өнері саласынан;

– стандарттық емес технологияны қолдану арқылы бар бейнені қайтадан бейнелеу үшін өнерпаздық дағдының болуы;

– көшірме қалыптарды дайындау саласында жетіспейтін білім орнын толтыру үшін арнайы әдебиеттердің болуы;

– жалған ақша жасауды жүзеге асыратын тұлғада бұрыннан бар технологияны қайтадан жасаудың жаңа жолдарын ойлап табуға әкелетін зерттеушілік ізденімпаздықтың болуы.

2. Ақша белгілерін дайындауға мүмкіндік беретін арнайы құрылғылардың, материалдардың болуы. Бұл жағдайда осындай құрылғылар ретінде келесілер танылуы мүмкін: әртүрлі пресстер, реактивтер, металл, тас бойынша құрал-саймандар және басқалар.

3. Арнайы жабдықталған, коммуникациясы (электроэнергия, желдету жүйесі, су құбырлары және басқалар) өткізілген үй-жайдың болуы. Мысалы, фотосуретке түсіру тәсілі тиісті техникалық құралдармен жабдықталған фотозертхананың болуын қажет етеді.

4. Өнімді бастапқы, ойда қалыптастырғаннан бастап, қылмыскер мұқтаждығын қанағаттандыратын жалған купюра ретінде жасап шығарғанға дейін ұзақ дайындық кезеңі өтеді. Мысал ретінде Ч. Боярскийдің ісін келтіруге болады, ол 1951 жылы Францияда орын алды және оның тергеуі 1951 жылдан 1964 жылға дейін созылды. Бұл жағдайда тергеуді қиындатқаны жалған франктердің сапасының жоғарылығы, ақша шығарудың – ақша дайындаудан бастап, жасанды түрде ескіруіне дейінгі барлық технологиялық циклінің болуы. Тергеу барысында, Ч. Боярскийдің қылмыстық кәсібін 1948 жылдан бастағаны және дайындық кезеңі 1951 жылы аяқталып алғашқы өнімі айналымға енгені анықталды [1].

Алматы қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті типографиялық құрылғыда жалған ақшаларды шығармақ болған жалған ақша жасаушылар тобын құрыққа түсірді. «Андорра» жеке шағын серіктестігінің (Алатау ауылында) типографиясының жайында «іскерлер» екі мыңдық теңгелерді 57 миллион 232 мыңға басып шығарған. Олар кейін тап сол тәсілмен жалған бес мың теңгелік банкноттарды басып шығармақ болған. Осы іс бойынша алты адам ұсталды. Барлық жалған ақшалар алынды [2].

Аталған фактілер жалғыз емес және олар газет, журнал, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі сайттарында жарияланған [3].

Жаңа баспалық, көшірмелік технологиялардың тез дамуына байланысты банкноттардың және мәнеттердің дизайні бойынша жаңа қорғаныс элементтерін әзірлеу, жаңа үлгідегі банкноттарға ауыстыру мен ендіру қажеттілігі пайда болды және ол 2003 жылғы 25 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Президентінің №1193 жарлығымен бекітілген, Ұлттық валюта банкноттары мен мәнеттерінің талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулысы негізінде 2006 жылдың 15 қарашасында іске асырылды [4].

Біздің зерттеуіміз жай көзбен қарағанның өзінде шынайы тиындардан елеулі айырмашылығы бар ұлттық ақша жүйесінің бірлі-жарым ғана жалған тиындарын анықтауға мүмкіндік берді.

Сонымен сандық технологияларға негізделген техникалық құралдардың зерттелген кешені жалған ақша белгілерін дайындау жолымен қылмысты жасау тәсілі түсінігінің элементті құрамын анықтауға мүмкіндік береді, соның ішінде:

– жиынтығында жалған ақша белгілерін жасауға мүмкіндік беретін арнайы кибернетикалық әдістемелер, тәсілдер мен құралдардың болуы;

– аталған қылмыс түрін жасауға ниеттері бар адамдар тобының болуы;

– жалған ақша белгілерін жасауға бағытталған білімінің болмауын жоятын білімнің, ептілік пен дағдылардың немесе қажетті арнайы ақпараттар көздерінің болуы;

– қажетті материалдар мен сандық технологияның техникалық қажеттіліктерін алуға қол жеткізу мүмкіндігінің болуы.

Бұл элементті құрам ресейлік ғалымдардың айтқан анықтамасына сәйкес келеді, оның мазмұны төмендегідей: «... жалған ақша белгілерін жасауға дайындалу тәсілдері – бұл қажетті материалдар мен техникалық құралдарды қолдану жолымен ... жалған ақша белгілерін жасауға бағытталған білім мен дағдыларды пайдалану және субъектімен іске асырылатын құралдар, әдістемелер, тәсілдердің белгіленген жиынтығы»[5].

Көріп отырғанымыздай жалған ақшаны сия бүріккіш және лазерлі принтерлерде дайындау кеңінен таралған.

Сонымен бірге ұлттық ақша жүйесі тек қағаз купюраларын ғана емес, сонымен қатар Үлбі металлургиялық комбинаты аумағында орналасқан Өскемен қаласындағы Ұлттық Мемлекеттік сақтау филиалында шығарылатын металл тиындарды да қамтиды[6]. Сары түсті тиындар нибрас металынан: 70 пайыз мыс, екі пайыз никель, 28 пайыз – цинктен жасалған. Ал, ақ түсті тиындар нейзильберден: 65 пайыз мыс, 15 пайыз – никель және 20 пайыз – цинктен тұрады. Мұндай ендірудің бір мысалы, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған. Украинадағы Полтава қаласында «Приватбанк» қызметкерлерімен номиналы 200 еуро болатын купюра анықталған. Жалған ақша жасаушы номиналы 200 теңгелік банкнотқа сия бүріккіш басып шығару тәсілімен еуровалютаның: Евроодақтың туын, «EURO» жазуын, жартылай жұлдыз және тағы да бірнеше ағылшын әріптерінің элементтерін қосқан. Сөйтіп, «… Бәйтерек Біріккен Еуропаның символы болды, ал Қазақстан картасы... оның жаңа белгісіне айналды». Сонымен қатар, басқа мемлекеттің жалған ақшасының банкке жетуі оның бірталай уақыт айналымда болғанын куәландырады.
ҚОРЫТЫНДЫ

Жалған ақша жасаушылық қылмысын ашу мен тергеудің ұйымдастырулық-тактикалық ерекшеліктерін зерттеу, тақырып бойынша теориялық және тәжірибелік маңызы бар, осы қауіпті қылмыспен күресті күшейтуге ықпал ететін, келесі негізгі тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді:

1. Жалған ақша жасаушылықтың соңғы уақытта жаңа сипатқа ие болғандығын ескерсек бұл құбылысты неғұрлым тиянақты талдау қажеттілігі пайда болады, сондай-ақ криминалистика тұрғысынан қарағанда құқық қолдану тәжірибесіне негізделген теориялық білімдерде белгілі дәрежеде кемшіліктер бар екендігі анықталды.

2. Осы проблеманы талдау, оны келесі кезектіліктегі кемшіліктер түрінде қарастыруға мүмкіндік береді:

– қарастырылып отырған қылмыстың терминологиялық аппаратындағы бір ғана объектілерге байланысты әртүрлі түсініктер болуына жол берілетіндігі;

– негізінен қылмыстардың жасалуының дәстүрлі тәсілдеріне бағытталған, сондықтан заманауи ғылыми-техникалық құралдарды ескермей, дәстүрлі қарсы тұру әдістерін ғана ұсынатын криминалистикалық сипаттама құрылымының жеткілікті өңделмегендігі;

– жалған ақшалардың жасалу технологиясы туралы көрініс алуға мүмкіндік беретін жалған ақша жасаудың техникалық және бағдарламалық құралдары тізімінің жоқтығы;

– қылмыстық ізге түсу органдарының құқық қолдану қызметін талдау арқылы, заманауи ақпараттық технологиялардың дамуын ескере отырып, қылмыстық дағдылардың пайда болуына ықпал ететін элементтердің құрылмағандығы;

– жалған ақшалардың пайда болу фактілері бойынша құқық қорғау органдарына жедел шаралар қабылдауға, сондай-ақ ол қылмысты тергеуге мүмкіндік беретін криминалистикалық тактика мен әдістеменің тиімді әдіс-тәсілдерінің болмауы.

3. Осы кемшіліктің бір бөлігін жою мақсатында «елеулі ұқсастық» ұғымының анықтамасы ұсынылады. Елеулі ұқсастық деп жәй көзбен қарағанда да, сондай-ақ арнайы криминалистикалық зерттеу кезінде де анықталатын, тұлғаға жалған ақшаны шынайы ақша ретінде қабылдауға мүмкіндік беретін, айналымдағы шынайы ақшалардың негізгі реквизиттерінің жалған ақшада болуын айту керек.

4. Жалған ақша жасаушылық қылмысының криминалистикалық сипаттамасының дәстүрлі құрылымын талдау барысында оны нақтылау қажеттілігі туындайды.

Қарастырылып отырған қылмыстың криминалистикалық сипаттамасы қылмыс қаруы түріндегі жеке элементпен толықтырылды. Нақты қылмыстың жасалуын шарттайтын негізгі ерекшелеуші белгі болып заманауи техникалық құралдарды, оларды пайдалану бойынша білім мен дағдыларды қолдану табылады. Криминалистикалық сипаттамаға осы элементті енгізу жалған ақша жасаушылықтың қылмыс ретіндегі табиғаты туралы криминалистикалық тұрғыдан толық көрініс алуға мүмкіндік береді. Ал, бұл өз кезегінде осы қылмыстарды ашу мен тергеуді қажетті бағытта жүргізуге ықпал етіп, тәжірибе қызметінің талаптарына жауап береді.

5. Жалған ақша жасаушылықты жасау тәсілдерін талдау заманауи полиграфиялық құралдарды қолдану қылмыстық технологияларын қамтитын қылмыс құралдарының тізімін жасауға септігін тигізеді. Мұнда жалған ақша жасаудың көрсетілген жоғары технологиялық құралдарын пайдалануға мүмкіндік беретін қылмыстық дағдылардың қалыптасуына ықпал ететін неғұрлым сипатты элементтер жекеленді.

6. Жалған ақша жасаушылықтың криминалистикалық сипаттамасы туралы жүйелендірілген білімдер жалған ақша жасаушылықтың жасау тәсілдерінің ғылыми негізделген жіктеуін жасауға мүмкіндік беріп, онда жалған ақша жасау тәсілдерінің күрделілік деңгейі, ұйымдасу элементтері, қылмыскерлердің әрекет етуінің аймақтық белгілері, жасандылау объектілері және басқалар ескерілді.

7. Ақшаларды жасандылау арқылы іске асырылатын қылмысты жасау тәсілі түсінігіне жататын құрамның элементтері өңделіп ұсынылды. Оған келесілер жатады: ақша белгілерін жасандылауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін арнайы тәсілдердің, әдістердің, құралдардың жиынтығы; жалған ақша белгілерін жасауға бағытталған сауатының болмауын жоятын білімнің, ептілік пен дағдылардың немесе қажетті арнайы ақпараттар көздерінің болуы; қажетті материалдар мен санды технологияның техникалық қосымшаларын алуға қол жеткізу мүмкіндігінің болуы.

8. Жүйелік көзқарасты пайдалану арқылы, айналымда жалған ақшалардың пайда болған сәтінен бастап жалған ақша жасаушылық бойынша сезіктелетін тұлғаның анықталуына дейін қалыптасатын біртектес тергеулік ахуалдардың жүйесі жасалды.

9. Жалған ақша жасаушылық қылмыстарын ашу мен тергеудің тиімділігін арттыруға септігін тигізетін ұйымдастыру шаралары аясында және олардың ерекшелігі мен жоғары өзектілігін ескеріп, ішкі істер органдарында қазіргі бар құрылым шеңберінде жалған ақша жасаушылық қылмысының алдын алуға, ашу мен тергеуге мамандандырылған бөлімдер құру ұсынылады.

10. Сонымен қатар, осы бөлімдер қызметінің нәтижелілігін арттыру мақсатында аталмыш қылмыстарды ашу мен тергеу субъектілерінің өзара әрекеттестік мәселелерін реттейтін ведомстволық нұсқаулықты әзірлеу және қабылдау қажеттілігі көрсетілді.

Осы мақалада қарастырылған жалған ақша жасаушылық қылмысымен күресу шаралары толық және өзара байланысты жүйені құрайды, оны ұйымдастырулық және тактикалық деп шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Ұйымдастырулық және тактикалық шаралар жалған ақша жасаушылық қылмыстарымен күресуге бағытталған негізгі күш есебінде танылады.

Әдебиеттер:

1. Гегель. Энциклопедия философских наук. Наука логики. – М.: «Мысль», 2004. – 1-том. – 590 с.

2. Солопанов Ю.В. Ответственность за фальшивомонетничество. – М.: ВШ МООП РСФСР, 2010. – 92 с.

3. Зварич В.В. Нумизматический словарь. –Львов: Вища школа, 2005. – 376 с.

4. «Қазақстан» Ұлттық энциклопедия. – 3 т. / бас ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас ред-сы, 2001. – 720 б.



5. Колташев И.Я. Расказывают бумажные деньги. – Алма-Ата: Мир коллекционера, 2007. – 205 с.

6. Болотский Б.С. и др. Фальшивые деньги (фальшивомонетничество) / под ред. профессора В.Д. Ларичева. – М.: Экзамен, 2002. – 384 с.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет