Удк қазақстан кәсіби ұлттық суретшілердің туындыларындағы трансформациялық форма мен мазмұН ҚҰрастыру мәдениеті



жүктеу 133.71 Kb.
Дата19.03.2017
өлшемі133.71 Kb.
УДК
ҚАЗАҚСТАН КӘСІБИ ҰЛТТЫҚ СУРЕТШІЛЕРДІҢ ТУЫНДЫЛАРЫНДАҒЫ ТРАНСФОРМАЦИЯЛЫҚ ФОРМА МЕН МАЗМҰН ҚҰРАСТЫРУ МӘДЕНИЕТІ
Түгелбаева Айгерім Орынбасарқызы - Абай атындағы ҚазҰПУ-ң Өнер, мәдениет және спорт институтының 6М010700 - Бейнелеу өнері және сызу мамандығының 2 курс магистранты. Алматы қ-сы.

Автор мақалада Қазақстан кәсіби суретшілердің көркем өнер туындыларындағы форма мен мазмұнды құрастырудың алатын орнын, тарихи ерекшеліктерін т.б. с.с. теориялық мәселелерін жан жақты қарастырып, оларға терең анықтама беріп, сонымен қатар форма мен мазмұн арқылы қазақстан суретшілерінің көркем туындыларындағы трансформацияның мазмұндық және формалық ерекшеліктерін айқындап, оның басқа да ғылым салаларындағы көрінісін, бірлігін, өзіндік байланысын қарастырған.


Түйін сөздер: пішім, мазмұн, көркемөнер, философия, эстетика, өнертану, көркем туынды, шығармашылық, сыртқы сызық, перспектива, силуэт, мүсін, кескіндеме, сурет, бейнелеу өнері, реализм, портрет, суретші, символика, жанр, композиция, трансформация
Қазақстан тәуелсіздік заманындағы жаңа заманауи көркемөнер 1991 жылдан бергі кезеңді қамтиды десек, осы кезеңнің алғашқы он жылдығы ұлттық рухқа бөленген реализм ерекше үн қатты. Ұлттық сана сезімі оянған халық арасында ұлттық тақырыптарға деген сұраныс ерекше болды. Тәуелсіз мемлекеттің көркемөнерді бағытайтын еш идеологиясы да болмаса да, нарықтық экономикаға тез бейімделген көркем өнер суретшілерінің туындылары ұлт сұранысына толық жауап бере алды.

Жалпы суретшілерге бөтен болып қала берген нәрсенің барлығы көрерменге де бөтен. Мұндай жұмыс көрерменді толқытпайды, жанын тебірентіп, толғантпайды, әрине есінде қалмайды да. Дәл осыған «форма мазмұнды бейнелегенде, форма мен мазмұн арасында берік бірлік болады»- деген еді кезінде В.Г.Белинский. Кез келген картинада форма мен мазмұнның мәні маңызы ерекше. Көрермен кескіндеген суретіңізге қарап, тұңғиық тереңге шомылып кетсін десеңіз, форма мен мазмұн бірлігінің заңдылығын сақтаңыз. Форма мен мазмұнға мән беру бейненің маңызын, мазмұнын тереңдете түспек. Себебі, сонда ғана тақырыпқа терең мән берілетін болады. Барлық сәтті суреттерге ортақ бір қасиет - ол сіз бейне - бір сол суреттің ішіне терең еніп кеткендей боласыз, өзіңіз сол бейненің ішінде жүргендей күйге түсесіз. 

Мазмұн мен форма  дегеніміз ол қоғамдық, әлеуметтік дамудың барлық саласына қатысы бар жалпы  философиялық  категориялар. Мазмұн - белгілі бір заттар мен құбылыстарды құрайтын элементтер мен процестердің жиынтығынан құралса, ал  форма - мазмұнның өмір сүру тәсілі, оның құрылымы мен ішкі түзілісі екен. Форма мен мазмұн суретшілер үшін әр-дайым ашылмаған сыр болатын. Олардың мән мағынасын терең етіп түсіну үшін, суретші өзінің шығармашылық жолы барысында әр-түрлі технологияға, стильге тоқтам жасайды. Сондықтан да, картинаны салар алдында автор, болашақ өз шығармасының композициясын құруға әрекеттенбестен бұрын, әуелі форма мен мазмұнға баса көңіл аударады.



Мазмұн мен форма қандай құбылысқа болмасын іштей тән. Сондықтан оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Белгілі бір формасыз мазмұн болмайды, сол секілді таза, мазмұнсыз форма да жоқ. Форма әрқашан да мазмұнды, мазмұн формалы болып келеді. Осы екі категорияның өзара қарым-қатынасында басты рөлді мазмұн атқарады. Мазмұн үнемі дамып, өзгеріп отырады. Мазмұнға сәйкес форма да өзгерістерге ұшырайды. Мазмұн форманы белгілейді. Бірақ форма да мазмұннан қалыс қалмайды, өз тарапынан мазмұнға белсенді түрде әсер етеді.

Жаңа, өзінің мазмұнына сай келетін форма оның дамуына, ілгері басуына жәрдемдеседі. Ал өзінің мазмұнына сай келмейтін ескі форма оның дамуына кедергі жасайды. Мазмұн мен форма арасындағы сәйкессіздік ескі форманың орнын жаңа форманың басуымен шешіледі. Алғаш рет бұл категориялар ежелгі грек философиясында пайда болды. Онда біршама толық түсінікті  Аристотель берді.  Платон сияқты ол да форманы жеке заттар болмысының мәнісіне ұқсас деп түсіндірді. Сонымен бірге, Аристотель форма материялық заттардың айқындығы деп те айтады.[1] 

Форма мен мазмұн ертеректе көптеген ғалымдармен зерттеліп келе жатқаны баршамызға аян. Соған байланысты, мазмұнның жоқ дегенде төрт мағынасы, форманың болса, он түрлі мағынасы бар екен. Бірақ олардың барлығы өнерге қатысы жоқ. Өйткені философияда, эстетикада, өнертану сияқты ғылым салалары бойынша форма мен мазмұн, өзінің ғылыми сипатын табады. Басқа мағыналары болса, қысқара түседі. Дегенмен форма мен мазмұн көп мағыналы сөздер қатарында қала береді. Форма мен мазмұнға нақты теориялық анықтама беру үшін олардың бір-бірімен тығыз байланысын яғни дихтономиялық қасиетін және өз-ара ажыратылуын қарастыру абзал. Өйткені, форма мен мазмұнның өзіне ғана тән нақты ерекшеліктері жоқ. Айтарлық тарихи деректер бойынша Гегель: «Форма - мазмұнның формаға айналуы немесе мазмұн - форманың мазмұнға айналуы» деп түсіндіреді.[105] Практикада бұл екі терминді қолдану қиынға соқтырады.

Кейбір деректер бойынша мазмұн мен форма арасында ешбір айырмашылық жоқ, және де олар бір мағына негізінде қалыптасады деген тұжырым бар. Олай болса неліктен біз форма мен мазмұнды бір терминмен түсіндірмейміз? Яғни берілген тұжырым дұрыс емес. Бұны дәлелдеу үшін алдымен әр қайсына тән қасиеттерді анықтап, шығарманы анализдеу кезінде жеке сипаттап көру абзал. Форма - дегеніміз ол латын тілінен аударғанда «forma» пішін, сыртқы пішін көрінісі деген мағынаны береді. Оны бірнеше пунктер арқылы қарастыруға болады. Біріншіден шартты живопистегі немесе бастырмадағы силуэт. Дегенмен жеке пішіндерде форма өзінің бастапқы мағынасына ие болады. Живопистегі шығармаларда - жағыс, мүсіндік шығармаларда - сомдау деп бейнеленген нұсқаның пішіндік форма мағынасында пайдаланады. Екіншіден форма кең мағынада шығарма мазмұнының көркемдік шешім тәсілі. Үшіншіден форма жәй тілмен айтқанда қалып. [2,105б].

В.Г.Белинский форманың рөлін мазмұнды шынайы жеткізе білуімен оның көрерменге тигізетін эффективтілі әсермен байланыстырады. «Өнердегі форма»- дейді М.И.Калинин, адамның ойы мен ішкі дүниесіне толы көңіл күйінің сыртқы материалды көрінісі деген екен. [107,210б]. Бұл берілген тұжырымдармен келісуге болады, себебі шығармада көркем форма сызық, контур, перспектива, бояу түстері, жарық арқылы қалыптасып, материалдық көрініс береді. Тарихи жағынан форма ерте дамыды. Аристотель «форма мазмұн рөлін атқарған, мазмұн болса ол жаңа категория есебінде, жаңа гносеологияға сүйене пайда болған» - дейді. [3]

Жалпы форманың құрылу фундаменті үш негізден тұрады олар: сурет, колорит (бояу түстері және жарық-көлеңке), композиция. Осылардың біреуі ғана кез-келген шығарманың көркем формасын құрайтын басты акценті болып табылады және де оған шығарманың барлық ауыртпалығы түседі. Кескіндемеде атқарушы рөлді бояу түстері атқарады. Мысалы: көркем форманың негізін құрайтын бояу шығармада белсенділігін арттырып, негізігі мазмұнның жеке дара құраушысы болып қалады. Форма құру принциптерінің қалыптасуы, кезеңдерге сәйкес кескіндемеде әр-түрлі болды. Айтарлық ХVI - ғасырда форманы құру принципі - сурет болса, ХVIІ- ғасырда колорит артады да, ХІХ ғасырда өз белсенділігін шыңға көтереді. Бұған дәлел форманы құрушы құрал ретінде даралы тұлғалардың бірі Леонардо да Винчи суретті пайдаланса, колориттің жан-жақты қыр-сырын зерттеп, арттырған Тициан, ал жарық пен көлеңкеге көп көңіл бөлген Микеланджело болса керек.

Қарапайым және түсінікті форма мазмұнға толы көркем шығарманы дүниеге алып келеді. Бұдан мазмұн деген терминді түсіндіріп кетсек, мазмұн дегеніміз- объективті шынайы өмірдің, қоғамдық және табиғи көрінісінің сипаты. Сонымен қатар мазмұн дегеніміз белгілі көріністің негізі, қосымша, жалпы элементтермен соған қатысты процестердің бірлестігі. Мазмұн бұл - бүкіл ішкі, сыртқы, болымды, болымсыздан тұратын жиын. Осыған сәйкес мазмұнды екі түрде қарастыруға болады. Біріншісі: негізгі мазмұн, ол шығарманың нақты спецификасын қарастырады. Екіншісі: көлемді (объем) мазмұн. Көлемді мазмұн мазмұнның жан-жақтылығын, шынайы ортаның біртұтастылығын көрсетеді. Мазмұн форманың ішкі дүниесінің сипаты деп білсек те болады. Мысалы: Қазақстан кәсіби бейнелеу өнерінің қалыптасу кезеңінде белсенді жұмыс істеп, еңбегін сіңірген қазақ суретшісі Гульфайрус Исмаилованың «Қыз жібек рөліндегі Күләш Байсейтованың портреті» атты туындыға назар аударсақ, терең мазмұнды көріністі көруге болады. Күләш Байсейтова баршаға мәлім әнші, актриса. Оның образы бүгінгі күнге дейін көптеген суретшілер назарында.

Гульфайруз Исмайлова туындысында көлеміне қарай өте ауқымды, оның композициясы тікелей сахна көрінісімен байланысты. Суретшінің шеберлігінен Күләш образы сымбатты, әсем қазақ қызын бейнелейді. Мазмұны жағынан шығарма халқымызға тараған «Қыз жібек» оқиғасымен сипаттала отырып, реалистік формалар арқылы құралған. Ал, реализм формасы әрдайым терең көркем мазмұнға толы болады. Өйткені форманың негізгі мақсаты шығарманың мазмұнын ашу, көрермеге түсінікті етіп жеткізу, живописте қалыптасқан канондарды қолдана білу т.б.

Реализмде форма арқылы суретші, өз идеясы мен мазмұнын нақты да түсінікті етіп жеткізеді. Мазмұнның мәнісін ашқан кезде форма пайда болады. Сол себептен форма мен мазмұн әрдайым бірлесіп кенеп үстінде орнын табады. Егер де картина мазмұнсыз болса, форма өзінің негізгі құнын жоғалтады. Өнер теоретигі Б.Г.Реизов өз кезінде мынандай қортындыға келген - «форма мен мазмұн» көркем шығармада бөлінбейді, мейлі абстракциялық туынды болсын»- деген екен. Мұнымен келісуге болады, өйткені абстракцияның да өзі мазмұнымен мағынасына ие болады. Тек мүсін жәй ғана адам тұлғасының көрінісі болса ғана форма - мұзмұнды түкке қажет етпейді.

Форма мен мазмұн бірлестігін тағы былай дәледеуге болады. Кез-келген шығарма мазмұны сюжетпен және кейіпкердің психологиялық сипатымен шектелмейді. Өйткені, эмоционалды-мазмұнды мән құрайтын басты нәрсе - «форма». Көркем туындының жалпы көрінісін құрайтын элементтердің біртұтас композициялық жүйесін «форма» түсінігімен байланыстыруға болады, ал оның мен жайын, сыр сипатын түсіндіретін міндетті түрде мазмұн деп білеміз. Бірақ қандай да мазмұн мен форма бірлігі болмасын форма өзінің жекеменшігін, тәуелсіздігін сақтай алады.

Мазмұн мен форманың қарым-қатнасы тікелей олардың шығармада түйіндесуі мен бірлігі арқылы туады. Олардың ажырамас біртұтастылығы форманың мазмұнсыз, мазмұнның формасыз жеке дара болмайтындығының негізінде жатыр. Жеке дара форма, не мазмұнның кездесу түбінде болымсыз туынды, керексіз шығарма жатыр. Кейде форма мазмұнға, мазмұн форма элементеріне сәйкес келмейді, дегенмен көп жағдайда мазмұн форма арқылы көрінісін табады. Ол әрине олардың бірлестік күшіне, біртұтастылығына байланысты. Осы бірлестіктің арқасында мазмұн мазмұн болып, форма форма болып қарастырылады.

Белгілі орыс жазушысы мен ойшылы В.Г.Белинский жақсы айтқан еді: «форма мазмұнның көрінісі болғандықтан, екеуі бір-біріне тығыз байланысты, ал форманы мазмұннан бөлу - шығарманың мазмұнына нүкте кою болғаны, және керісінше мазмұнды формадан бөлу, яғни форманы құрту, жою».[4]

Композициядағы абстрактілі құрылым ол форма емес. Өйткені абстракция өзінің пайда болғанға дейінгі қалыптасқан форманың заңдылығын ұстанған жоқ. Сондықтан қалыптасқан жаңа форма мазмұнды жоққа шығарады. Сол себептен, шығарманың мазмұны бұзылады. Мұндай жағдайда формаға мазмұн тарапынан соққы тиеді, өзінің мазмұндық жолын таппаған форма шығарманы керексіз, мазмұнсыз хаосқа алып келеді [5]. Мазмұн мен форманың бірлігінің негізінде суретші ойы жатыр, ол тоқтаусыз формадан мазмұнға, мазмұннан формаға ауысады. Бұл арпалыс процессінде көркем шығарма дүниеге келеді. Мазмұны толықталады және де шығармашылық процесі кезінде формаға айналады. Бұл бірлік арқылы мазмұнды форма, форманы мазмұн ретінде сипаттаймыз. Форманы айтып келіп мазмұнды анализдеу және керісінше әрекеттену, әр-бір шығарманы толығымен танып, білуге алып келеді. Форма мен мазмұнның бұзылуын модернистік ағымнан байқауға болады. Онда суретшілер қалыптасқан көркем мазмұннан бас тартып, үйреншікті реалистік көркем форманы бұзады. Мұндай жағдайда шығарма әр-дайым бітпеген көрініс береді.

Мазмұн мен форма бірлігінің және бір ең негізгі принципі ол форманың өзіне тән тілі арқылы пайда болады да, табиғатына сәйкес көркем шығармаға мазмұн береді. Өткені, формаға қарағанда, мазмұн тілді пайдалана алмайды. Мысалы: кескіндемеде бояу форманы құрайтын тіл бола тұра түгелімен форманы дүниеге алып келе алмайды. Оған бояудың түстік бірлестігі, үйлесімі, тәртібі әсер етеді. Осылай форма ерекше бірлестік болып суреттегі мазмұнды дайындайды, оның құрылымына жағдай жасайды.

Форма мен мазмұнның құрылым процессі өзінің ұжымдық бірлігінің есебінде пайда болады. Мұнда форма өзіне тән қасиеттерінің атқарылу арқылы мазмұн ерекшелігінің функциясы болып табылса, мазмұн бүкіл ішкі процесстерін жүзеге асыра отырып, шығарманың практикалық мүмкіндігін шексіз етеді.

Берілген теорияны қорыта келе, форма жан - жақты структурасына байланысты кез-келген бейнелеу өнерінде кездеседі де, білгілі мазмұнның өзіндік функциясын құрайды. Осылайша форма мен мазмұн суретшілер тарапынан өзгеріске ұшырай отырып, шексіз бейнелеу өнер тарихында жаңа ағым, жаңашыл стиль енгізеді.

Әйгілі швейцар жазушысы, өнертанушы Генрих Вёльфлин (1864-1945жж.) формальді анализдің негізгі өкілі, өнертануда классикалық формальді әдісті құрған ғалым. Г. Вёльфлиннің ұраны: «форманы зерттеу, тек форманы және формадан басқа ештеме емес» - деген екен. [6,270 б.] Вёльфлиннің сұрағы: форманы қарастырған кезде мазмұнды қарастыруға бола ма? «жоқ» - дейді зерттеуші формалист. Өйткені, форманың өзінің эволюциясы бар, мүлде мазмұн мен байланысы да жоқ - деген тұжырым жасаған. Солай тұра форма дүниетаным, олар екеуі біртұтас балқыма, реалдылықта бір нәрсені екеуі бірге көрсетеді, абстракцияда ғана екеуі бөлінеді. Автор бұл жерде екі қарсы теорияны қарастырған еді.

Өнер формасы міндетті түрде көптеген мазмұндық сипаттың әсерінен пайда болады - оған уақыт, ғасыр мінезі, идеология, т.б. факторлар әсер етеді. Кейбір кезде форма пайда болу заңдылықтардан тыс шығады. Кез-келген бейнелеу өнері түрін алатын болсақ қандайда бір форма белгілерін көре аламыз. Ал осы бейнелеу өнеріндегі форманың көркем образ белгілерін қарастыра отырып «образ» деген терминге анықтама беретін болсақ, «образ» - өнердегі мазмұн ретінде, белгілі бір көзқарасты, ортаны қабылдауды қалыптастырады. Шығармада ол айқын көрінбегенімен нақты жанрда жиі кездеседі. Айтарлық пейзаж, портрет, натюрморт т.б. Образ анықтамасына сәйкес көркем мазмұн ретінде суретшілер тақырыптары шектеулерден тыс шығарады. Сонымен қатар, адамның ішкі ой өрісін ашады да, психологиялық тұрғыда авторлық позицияны жан-жақты түсіндіре біледі. Осылайша жеке тұлғаның әлемге, әдемілікке баулу, оның қасиеттерін ашып қалыптастыру алдыңғы қатарда тұрады. Суретші өзінің түсініктерін образға айналдыру қажет. Неге десек? Берілген формалар арқылы, идеялық проблемалардың шабытын басу үшін.

Образды өнерді қабылдау үшін, суретші еркін түрде көрерменді қызықтыра отырып формаларды дүниеге алып келуі керек. Осыдан форманың ерекше маңыздылығы туады. Көркем образды әр түрлі деңгейде түсінуге болады. Мысалы: әдебиетте қарапайым түрде мифологиялық образдарға мән беру, орынды формалар арқылы келтіре білу, ал живописте тұрмыстық реализмнен бас тарту, яғни белсенді фантастикаға бас бұра отырып кенепке символиканы енгізу. Сол арқылы көркем экспрессивті көркем көрініске итермелеу. Образды формалар қажетті көріністерді жаттап қалу мен оларға сүйене отырып идеяны оятуға әкеп соқтырады.

Форма жалпы көркем образдың екінші горизонт сызығы десе қателеспейміз. Ол адаммның қоршаған әлемге деген түсінігін бейнелейді. Образдың бір ғана даму сызығы объектив, мазмұнды бастауды қалыптастырады. Бірақ барлық шынайы ситуациялардан шыққан форма образбен бірігіп табиғи негізделген арнайы образды формаларларын дүниеге алып келеді.

Жалпы форма деген терминге тоқталып кетсек, көптеген гносологиялық сұрақтар туады. Соның бірі: «Қандай түрде форма туады?» Ал, өте де қиын проблема, жаңа форманың шығармашылықта туылуы. Бұл проблема бүкіл өнер түрлерінде де қатысты, және де әр бір суретшінің ішкі дүниесінің түпкірінде жатыр. Оны білу үшін суретшінің шығармашылығын жеке тұлға ретінде қарастыру тиімді. Өйткені форманың тууы индивид ішіндегі өнерге деген ізденістер арқылы дүниеге келеді.

Қазақ бейнелеу өнері шығармаларында форманың, бояу түсінің, материалдың, т.б. терең мазмұндық мәнге ие болуы немесе суретшілердің оларды сауатты пайдалана білуі арқылы композицияның астарлы мағынасын, айтылатын ойының басты идеясын күшейту көркем шығарманың табиғи сипатын арттыра түседі және де дәстүрлі шығарманың мүмкіндіктері реализм шеберіне сия бермейді. Екеуінің міндеті де екі түрлі. Реализм көзге көрініп тұрған нұсқаны бейнелейді., ал халықтық өнерде таңбалар, ою өрнектер мазмұндық мәнге және эмоциялы сезімге ие - деген екен танымал өнертанушы Б.К.Байжігітов. [7,15б.]

Бірақ бейнелеу өнерінің қоғамдық саналардан айырмашылығы сол, ол өмірді көркем образ арқылы көрсетеді. Мысалы: ғылыми мен өнер бір-бірімен өзгешелігін біз оның мазмұнынан емес, формасы арқылы білеміз. Біз терминдерді өз мағынасында қолданбағандықтан жаңсақ ұғымдарға жол беріліп келеді. Мысалы: «мазмұн» деген термин көбіне сюжеттің орнына ауысып, екеуі бір мағынада қолданыла беретіні жиі байқалады. Екі терминді шатастырмау үшін кейде «сюжеттік мазмұн», идеялық мазмұн деп әркім өзінше атап кеткен.

Әйгілі кеңес дәуірі кезеңіндегі әдебиеттанушы, аудармашы Л.И.Тимофеев өзінің кітабында [8] форма - дегеніміз ол образдар (яғни көркем образдар) делінген. М.Б. Шепилова көркем шығармалардағы көрінген кейіпкерлердің өмірі - мазмұнның көркем формасы болады дейді. Бұл екі пікірдің екеуі де жалпы бір арнаға құяды. Ал, қайсы бір еңбектерде көркем шығарманың көркем формасы дегеніміз, мазмұнды терең айқындаушы, түсінкті етуші әдеби, мейлі көркем композициялық «құралдар», яғни көркем шығарманың техникалық жақтары деп танимыз.

Ал енді композиция ұғымына анықтама беріп көрелік. Жалпы «композиция» - өнер түрінің ерекшеліктерімен, суретшінің оған таңған мазмұнымен, міндетімен, ойымен берілетін, көркем туындының қалануы десек, бұл көркем туындының сансыз бөлшектерінің бір-бірімен үйлесе, бітісіп кетуін және олардың бір-біріне, бүтін бір дүниеге бағына келе, оған ұласып кетуін ұйымдастыратын сол туындыға бірлік, бүтіндік сыйлайтын және оның түпкілікті аяқталуын мүмкін ететін туындының маңызды құрылымдылық қағидасы.  Тақырып белгіленген кеиін суретшінің дербес көруі, оның дәуірінің жалпы мазұны, бейнелеуге түрткі болған шынайы нысанның арасындағы байланысты анықтау керек. Суретшінің нысанды қалай көретінін, оны не қызықтыратынын, нені айрықшалайтынын, қалай бағалайтынын- оның мақсат-мүддесі нақты болу керек.

Қорыта келе мазмұн, белгілі бір форма арқылы көрінсе, форма белгілі бір мазмұнды жарыққа шығаратын, оны жұршылыққа түсінікті етіп, айқын жеткізуі деп білеміз.





  1. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.». 2010.

  2. Байжігітов Б.К. Бейнелеу өнерінің философиялық мәселелері: Кеңістік пен уақыт ырғағындағы сурет үлгілері. - Алматы: Ғылым-Өлке, 1998. - 250с.

  3. Аристотель философиясы. 3 т. /«Әлемдік философиялық мұра» сериясы. 2 томдық/ - Алматы: Жазушы, 2005.- 564 б.

  4. Горанов К. Содержание и форма искусстве.-М-1962. - 301 с.,76б.

  5. Горанов К. Художественный образ и его историческая жизнь. М-1970. - 290 с., 92 б.

  6. Арсланов В.Г. История Западного Искусствознания XX века: учебное пособие для вузов - М.: Академический проект, 2003. - 768 с.,

  7. Байжігітов Б. Атырау нақыштары. Альбом.- Алматы: Өлке, 1999. - 129 б.

  8. Л.И. Тимофеев. Теория литературы и фольклора. - М.,1950. - 116.



Резюме
Түгелбаева Айгерім Орынбасаровна - Магистрант 2 курса специальности 6М010700 – «Изобразительного искусство и черчение» института искусств, культуры и спорта КазНПУ имени Абая. г.Алматы
Культура составления трансформационной формы и содержания в произведениях профессиональных художников Казахстана
В статье рассматривается теоретические вопросы локализации, исторических особенностей составления трансформации формы и содержания в произведениях профессиональных художников Казахстана. А также автор дает определение к терминам трансформация, форма и содержание, глубоко анализирует роль, значение, сущность и взаимосвязь особенностей формы и содержания в художественных произведениях художников Казахстан с другими аспектами науки.
Ключевые слова: форма, содержания, художественное искусство, философия, эстетика, искусствоведение, картина, творчество, контур, перспектива, силуэт, скульптура, живопись, рисунок, изобразительное искусство, реализм, портрет, художник, символика, жанр, композиция, трансформация

Summary
Tүgelbaeva Aigerim Orynbasarovna-Master 2 degree 6M010700-"Fine Arts and drawing" Institute of Arts, culture and sports Kaznpu by a name of abaja. Almaty
Culture compilation of transformational form and content in the works of professional artists of Kazakhstan
This article deals with theoretical issues of localization, compiling historical transformation of form and content in the works of professional artists of Kazakhstan. As well as the author gives definition to the terms transformation, form and content, deeply analyzes the role, value, the entity and relationship characteristics of form and content in art works of artists of Kazakhstan with other aspects of science.
Keywords: the form, content, art, philosophy, aesthetics, art history, painting, creativity, contour, Vista, silhouette, sculpture, painting, drawing, graphic art, realism, portrait painter, symbolism, genre, composition, transformation




Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет