Udc 373 02: 372. 891 К. Н. Мамирова, педагогика ғылымының



жүктеу 109.48 Kb.
Дата09.06.2017
өлшемі109.48 Kb.
UDC 373.1.02:372.891 К.Н.Мамирова, педагогика ғылымының

кандидаты,профессор м.а., Қазақ

мемлекеттік қыздар педагогикалық

университеті, Алматы қ.,

mamirova_kulash@mail.ru
ГЕОГРАФИЯ ПӘНІ ОҚУЛЫҚТАРЫН ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ЖАНАРТУДЫҢ ЖОЛДАРЫ
Summary

   In the article are examined innovative approaches of upgrade of school geography textbooks in domestic and foreign practice. Offered the ways and principles of updating the content of school textbooks.The textbook is presented as the project of the modern content of education and the learning process. The textbook is a strategic model of the learning process, because of its generality. At the same time, as in the tutorial contains all the educational material distributed over time, as well as methods and techniques of a particular study, it is a scenario that is model of real learning process. 



Comparative analysis of foreign and Kazakhstani experience of textbooks modeling, which showed that domestic authors used in the construction of an integrated and system-activity practices. In the books of Western authors (England, France, USA, etc.) are traced methods and techniques of discussion and controversy.
Аннотация

Мақалада география пәнінің оқулықтарын инновациялық тұрғыдан жанартуды жолдары қарастырылған. Мектеп оқулығы мазмұнын жаңартудың жолдары мен принциптері ұсынылған. Оқулық білім мазмұны мен жаңа оқу процесінің жобасы ретінде қарастырылып отыр. Оқулық - оқыту процесінің тұжырымдалған стратегиялық моделі. Сондай-ақ, оқулық оқу материалдарын уақытқа сәйкес бөлінген және нақты меңгеруге бағытталған әдіс-тәсілдердің сценарийі, яғни шынайы оқу үдерісінің моделі.

Оқулық жасаудың шетелдік және отандық тәжірибесін салыстыра талдау нәтижесінде Қазақстан оқулықтар авторлары кіріктіру және жүйелілік-іс-әрекеттік әдістері көбірек қолданылғаны анықталды. Ал батыс авторларының оқулықтарында /Англия, Франция, АҚШ және т.б./ дискуссиялық және пікір-таластық әдіс-тәсілдер орын алған.



Кейінгі жылдары Қазақстан Республикасының мектептері құзіреттілікті қалыптастыру тұрғысынан білім беру жүйесіне көшу үстінде. ҚР-ның білім беру жүйесінде тәуелсіздік алған жылдардан бастап бүкіл әлемдік білім кеңістігіне енуді мақсат еткен ресми құжаттар өмірге келді. Қазақстанның таңдап алған бағыты - ертеден қалыптасқан дәстүрлі оқыту жүйесін, біртіндеп - жаңа білім стандарттарына сай дамыту болды. Қазақстанның білім беру жүйесіндегі ендігі бағыты – құзыреттілік оқыту жүйесі деп аталатын оқытуға бетбұрыс жасау.

Қазақстан Республикасы тәүелсіздікке ие болғалы жалпы білім беретін орта мектептердің оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарын жасап шығаруға ерекше мән беріліп келеді. Өткен ғасырдың соңында егемен Қазақстанның орта мектептерінің дамуына бағытталған алғашқы тұжырымдамалық, нормативтік құжаттар жасалып, өмірге енгізіле бастады. Олардың алғашқылары "Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептердің даму тұжырымдамасы", "Жалпы орта білім мазмұнының тұжырымдамасы", "Қазақстан Республикасының жалпы орта білім берудің мемлекеттік білім стандарттары туралы ереже", "Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептердің мемлекеттік базистік оқу жоспары". Осылардың негізінде бастауыш, негізгі және жалпы орта білімнің мемлекеттік стандарттары, пәндік оқу бағдарламалары мен алғашқы төл оқулықтар жазылып шықты. Осылайша дербес Қазақстанның алғашқы оншақты жылында білім беру саласындағы өзіндік саясаты мен соған сәйкес ресми құжаттар, оқу-әдістемелік құралдар көпшілікке танымал бола бастады. Алғашқы күннен бастап қоғамның білім беру жүйесіне жүктеліп отырған әлеуметтік тапсырыстардың жүзеге асырылуы бүкіл әлемдік деңгейдегі жетістіктерді ескере отырып жүргізілді. Бұрыннан қалыптасқан кеңестік жүйенің білім беруіндегі ұтымды жақтарымен қоса дамыған шетелдердің соңғы жылдардағы бетбұрыстарына да біршама көңіл бөлінді.

Сан-салалы ғылымның, технология мен экономиканың, жалпы бүкіл адамзаттың және ұлттық өркениеттің даму қарқынына ілесетіндей ақпараттарды қамтитын оқулықтар жасап шығару, әрі оны әрбір мектеп шәкірті қызығып, ынталанып, өзбетінше игере алатындай етіп құрастыру – қазіргі заманғы педагогика ғылымының тездетіп шешімін табуға міндетті проблемалардың бастысы деп санауға болады.

Еліміздің жалпы білім беру жүйесіндегі аса ірі, әрі жауапты кезең 12-жылдық орта мектептің талап-тілегін қанағаттандыратындай Отандық жаңа төл оқулықтарды жасап шығару үшін, өзіміздегі жетістіктерді біле отырып, әлемдік деңгейдегі құзіретті оқытуға біраздан бері бет бұрған дамыған елдердің ғылыми-теориялық, әдістемелік, практикалық жетістіктерін сараптап, озық идеялар мен ұстанымдарды танып, қажеттілерін ескеріп, тиісінше қолдану мүмкіндігін анықтау қажет болды [1;б.4]. Ол үшін озық білім беруге бет алған шет және отандық тәжірибелерді зерттедік.

Мысалы, Франция елінде білім беру құралдарының жаңа түрлері болса да, мектеп оқулығы әлі де ұзақ уақыттар бойы шәкірттерге білім берудің ең тиімді де, әсерлі де құралы болып қала бермек. Бұл елде оқулықтың сыртқы келбеті, ішкі көркемдігі көз тартатындай түрленгенімен, оның педагогикалық процесте алатын орны біртіндеп эволюциялық жолмен айтарлықтай өзгерістерге ұшырап отыр. Француз ғалымдары қазіргі кездегі мектеп оқулығының анықтамасын былайша тұжырымдайды: оқулық – оқу процесінің тиімділігін жоғарылату мақсатында әдейілеп құрылымданып басылған құрал.

Франция ғалымдары оқулықты жасап шығарудың төмендегідей тұжырымдамалық негіздерін айқындады,олар:

- оқулық құрастырылғанда қаңдай оқыту технологиясын басшылыққа алдыңыз?

- оқулық құрастыруда қандай кезеңдер болды?

- оқу процесін жетілдіру үшін қандай оқу іс-әрекеттері ұсынылды?

- оқулықта оқытудың қаңдай әдіс-тәсілдері қолданылды?

- мектеп оқулығы қандай функцияларды атқарады?

Бұл тұжырымдық негіздер француз әдіскерлері мен мұғалімдерінің оқулық жасау ісіне алдын-ала үлкен дайындықпен жүйелі түрде кірісетінін көрcетеді. Арнайы дайындалған тұжырымдамада оқулық жасаушы авторларға, арнайы редакторларға, аудармашыларға ерекше талаптар қойылған. Автор оқулық жасайтын ғылым мен әдістеме саласында еңбек етіп келе жатқан жеке өзі де, ұжымымен де бірігіп іс атқаруға қабілетті маман болуға тиісті. Авторлар көбіне сұранысқа сай немесе өз ынтасымен оқулық жасаумен айналыса алады. Францияда авторлардың зияткерлік құқығы ежелден айқындалып заңдастырылған.

Оқулықтың тұжырымдамасын жасауға автор, редактормен қоса баспагер де араласады. Өндірістен шыққан оқулықты авторлар мен баспагер арасындағы келісім-шартқа сай көпшілікке тарату жан-жақты қарастырылып іске асырылады. Францияда оқулықтарды жасап шығарудың, оны таратудың кезеңдері алты жылға дейін созылуы мүмкін. Ол жасалатын оқулықтың қажеттілігін анықтаудан басталып, дайын болған кезде эксперименттен өткізуге дейін кезең-кезеңмен жалғасады [2;б.11].

АҚШ пен Ұлыбритания ғалым-ұстаздарының орта мектептің оқулықтарын жазуға орай көптен бері қалыптасқан ұстанымдары бар. Ол жоғары оқу орындары және университеттердің, әсіресе әлемге аты әйгілі Оксфорд, Кембридж, Гарвард, Массачучетс т.б. университеттердің ғалым – ұстаздары араласып, жалпы білім беретін жүйеге лайықты оқулықтарды жасау дәстүрге айналған. Мұның өзіндік себебі – өздеріне талапкер ретінде келетін мектеп түлектерінің білімі мен білігінің деңгейі, пәндік құзіреттіліктің қалыптасуын бірдей әдістемелік жолдармен іске асыруға жол ашу, көпдеңгейлі оқыту жүйесі арқылы күнібұрын әйгіленген университеттерге түсушілердің талабын қанағаттандырарлықтай шәкірттер дайындау. Мәселен, Кембридж бен Оксфорд университеттері ағылшындардың жалпы білім беретін мектептеріндегі 9 деңгейлі оқытудан да жоғары 14–16 деңгейлі білім алуды мақсат етіп, соған сәйкес тапсырмалар жүйесін жасап, өздеріне талапкерлер таңдайды.

АҚШ, Ұлыбритания сияқты елдерде соңғы 10 жылдарда жасап шығарған оқулықтарының бағыт – бағдарын анықтап, мазмұнын құрылымдауда түбегейлі өзгерістер енді. Бұрынғысынша пәндердің дәстүрлі атауы "география" демей тікелей өмірмен байланысы айқындалып , мысалы "География және қоғам", "География және тіршілік", "География және денсаулық" сияқты бағдарлы атаулармен шыға бастады. Әдетте ондай атаулар жоғары сынып оқушыларына арналған оқулықтар мен оқу-құралдарына тән. Сөйте тұра, негізгі мектептің оқулықтарының атаулары бұрынғысынша өзгеріссіз қалып отыр. Барлық жаратылыстану пәндері: физика, химия, биология, география, астрономия "ғылым негіздері" деген рубрикамен біріктіріледі. Ондағы өзіндік ұстаным – авторлардың оқушыларға бұл пәндердің ғылыми-практикалық негіздерін игертуді басты мақсат етіп алғандығы. Бағдарлы мектепке ауысқанда бүкіл материалдық дүниенің негізін зерттеуге бағытталған осы пәндердің мазмұны тікелей өмірмен, адамзат қоғамымен, табиғатпен, экологиямен байланыста болуына үлкен көңіл бөлініп, оқушыларға болашақ мамандықтарын саналы таңдауға мүмкіндік береді. Негізгі мектептегі пәндерде берілетін базалық білім, білік, дағдыны қалыптастыру үшін оқулық авторлары ең алдымен адам және қоғам үшін табиғатқа тәуелді тақырыптарды игеруден бастайды.

Ал мектеп оқулықтарының атқаратын функциясының түрі көп-ақ. Оқулықтың функциясы оны тұтынушыларға да, мазмұнына да тәуелді. Айталық, оқушылар үшін басты құжат оқулық болса, мұғалімдер үшін пәнді оқытуды баяндайтын оқыту кітабы. Оқушының қолындағы оқулық нақты функцияларға, мысалы, білім беруге жауапты болса, өз кезегінде оқытушы үшін білім беру деңгейін көтеруге әкелетін функцияға ие бола алады. Ал оқытушы кітабы өз пәніннен сабақты сапалы ұйымдастыруға жетелесе, екіншіден оқушының білімін жүйелеп кіріктіруге көмектеседі. Міне, осыдан-ақ кімге бағытталғанына қарамастан әдіскерлер мен мектеп ұстаздарының оқулыққа қатынасты функциясын аттыру үміті аз емес екендігін көруге болады.

Оқушыға қатынасты функциялар – оқулықтың кейбір функциялары мектептегі оқу үдерісіне қарай бағдарланған. Ал біразы оқу үдерісі мен күнделіктегі өмірдің немесе (болашақ) кәсіби қызметінің арасында байланыс табуға мүмкіндік береді.

Оқу үдерісіне қарасты функцияларбілімді жеткізу функциясы – бұл ертеден келе жатқан дәстүрлі әрі жұртқа танымал функция. Бір қарағанда білімді оқушыға жеткізудің құралы, әрі оқушылардың қызығуын есепке алмастан өзінің толық дедективті және жабық формада атқаратын функциясы. Соған бола оны жиі сынға ұшыратып отырады. Дегенмен мектеп оқулықтарының басқа да маңызды функцияларын атқаратынын айта кету қажет. Мысалы, ол үдерісін шектелген шеңберде білім беруге жол бермейді. Жалпы алғанда зерттеулер бұл функция оқушының білім жетістіктеріне оң әсері бар екенін көрсетті. Мектеп оқулығы жекелеген ұғымдарды, ережелерді, формаларды, терминологияны, дәйектерді т.б. игеру кезінде білім беру үшін қолданылады.

Қабілеттер мен құзіреттіліктердің даму функциясымектеп оқулығы білімнің белгілі бір жиынтығын игеріп қоймайды, ол сонымен бірге белгілі әдістер мен біліктердің жиынтығын меңгеруге бағытталған. Яғни еңбектену мен өмірлік дағдыларға ие болуға бағытталған. Бұл тілді игерудің дағдысы мен білігін дамытуға, дәл ғылымдарда зерттеу әдістерін меңгеруде, білімді құрылымдауда, ақпаратты іздеуге туындайды.

Қазақстанда жаңадан жасалып ұсынылатын оқулықтар мен кешендердің арқалайтын жүгі бұрынғыдан да салмақтырақ бола түсуге тиіс. Әр пәннен алатын білімі жеткілікті болып, оны орнымен өмірде қолдануға дағдыланған шәкірт тиісті құзіреттілікке ие болуға да шамасы келеді. Олай болса ең басты білім алу құралы ретінде ұсынылатын жаңа оқулықтардың өне бойында кездесетін теориялар, практикалық ақпараттардың көздегені - сол пәнге орай құзіреттіліктердің түр түрін біртіндеп оқушыға дарытатындай болуы.

Әр пән оқулығының мазмұнын игерудің сатыларының бірінен-бірі бөлінбейтін, өзара байланыста, тәуелділікте болатынын, оны оқушы өзі еңбектеніп, біртіндеп меңгеретіндей жағдайға жол ашатынын көреміз. Мұғалімнің мұндай жаңа мазмұнды игерудегі ролі мүлдем өзгеше - ол оқушының жұмысын басқарушы, ұйымдастырушы, керек жерінде үйретуші, ақыл-кеңес беруші, қамқоршы тұлға ретінде көрінеді. Білім беру процесі мақсатты ұйымдастырылған, өзара байланысты мұғалім мен оқушы іс-әрекетін қамтиды. Оқу процесін ұйымдастыру қорыта келгенде үш тәсілге сүйенетін болады. Олар – дара тұлғаға бағдарланған іс-әрекеттік, құзіреттілік, денсаулық сақтау тәсілдері. Соның ішінде құзіреттілік тәсілге келсек ол негізгі құзіреттіліктерді қалыптастыра отырып, дара тұлғаға тән сапалар кешенін дамытуға бағытталған.

Тұжырымдап келгенде, білім алу, құзіреттіліктерге ие болу дегеніміз - белгілі бір туындаған жағдай (жағдаят) кезінде қажетті іс-әрекеттерді жасауға әкелетін қабілетке баулу екен.

Жаңадан жазылып шығатын пән оқулықтарын оқу процесінің басты ақпараттық ядросына айналатындай етіп құрылымдануын талап етеді. 12-жылдық білім берудің стандарттық, нормативтік, әдістемелік талаптарын ескере отырып құрастырылған жаңа оқулықтардың функциясы мынадай болуы мүмкін:


  • әртүрлі сипатты ақпараттар болады;

  • оқу процесін тиімді ұйымдастыруға негіз болады;

  • оқушы-оқу материалдары-оқытушы арасында байланыс орнатады;

  • оқу процесіне өз үлесін қосады;

  • мазмұны арқылы білімді, білікті, құзіретті болуға жетелейді;

  • оқушылардың дара, жұппен, топпен жұмыс істеуіне көмектеседі;

  • мониторинг өткізуге және білім сапасын бағалауға жәрдемдеседі.

Бұл функциялардың ішінде бүгінгі дәстүрлі оқу процесі ішінде жиі кездесетіндері де, жаңаша сипатқа ие болғандары да бар. Мәселен, оқушының құзіретті болуы жеке өзі ғана емес, сыныптағы достарымен сабақ кезінде бірге жұмыс жасау, іс-әрекетке үйрену, жаңа материалды қаншалықты игергендігіңді бақылап, бағалай білу – оқулық атқаратын аса маңызды функциялардың қатарына жатады.

Жаңа оқулықтардың мазмұндық және құрылымдық ерекшеліктеріне тоқталайық. Кез келген оқулық мазмұны ғаламдық және ұлттық құндылықтарға жататын адамзат қоғамының бейімделген әлеуметтік тәжірибесінен құралады. Кез келген оқулықтың басты құрылымдық төрт құрауышы элементтері болады, олар:



  • нәтижесі білім кейпінде көрініс табатын танымдық әрекеттің тәжірибесі;

  • үлгіге сай жасау кейпіндегі белгілі әрекеттер жасау тәсілінің тәжірибесі;

  • дараланған бағдарлану кейпіндегі эмоциялық-құндылық қарым-қатынастарды іске асыру тәжірибесі;

  • проблемалық жағдаяттарда тиімді шешу қабылдай білу кейпіндегі шығармашылық әрекеттің тәжірибесі [3;б.11-14].

Бұрынғы оқулықтардың мазмұнында мектеп шәкіртіне білім беріп, біліктілік пен дағды қалыптастыруға баса көңіл бөлініп келгені мәлім. 12-жылдық оқу жүйесіне сай жасалған жаңа оқулықтардың оқушы алған білімді күнделікті өмірде, тұрмыста, кездейсоқ жағдаяттарда қолдануға жетелейтін мақсатта құрылымдануына баса көңіл бөлінуі тиіс.

Біздің ойымызша, құзіреттілікке жеткізетін оқулық мазмұнының ерекшелігі - дәстүрлі білім, білік, дағдыға бағдарланған жаңа ақпараттардың бәрі де ендігі жерде әрі қарай нақты өмірде кездесетін жағдаяттармен жалғасып жатуы міндетті. Оқулықтан оқып алатын білімін, қалыптасатын білігін, практика түрінде іске асыруға машықтанған қабілетін күнделікті тұрмыста, өмірдің әр кезеңіндегі кездесетін проблемаларды шешуге арналған жағдаяттық тапсырмаларды орындауға бағыттауға тура келеді. Басқаша айтқанда, оқулықта берілетін теориялық әрі практикалық ақпараттар легін есте ұстап, тексеру кезінде ауызша айтып, үйреншікті жаттығулар орындап дәлелдеп берумен шектелмей, оқушыны қажетті сәтте тікелей өмірге байланысты проблеманың шешімін табуға дағдыландыруға міндетті болады.

Айта кетерлік бір жайт, құзіреттіліктің түрі өте көп, ол пәндік сипатқа тәуелді болып келеді. Оқушы әрбір пәнді игергенде соған сай пәндік құзіреттіліктерге жете алады. Ал Мемлекеттік білім стандарты талаптарындағы негізгі түйінді құзіреттіліктер болса сыныптың барлық пәндерінің игергенде пайда болатын құзіреттіліктерді біріктіре қолданып шешетін жағдаяттық тапсырмаларды орындағандығында көрінеді. Жалпы құзіреттікті біртіндеп жүйелі түрде қалыптастыру ғана мүмкіндігі бар. Ол үшін әр оқушы оқулықтағы ақпараттың негізін өзі еңбектеніп оқып, өзбетінше меңгеруге дағдыланудан бастауы тиіс. Мұндай ерекшеліктер күнделікті сабақты ұйымдастыруда ескеріліп, мұғалімнің оқу процесін құзіретті басқаруына тікелей тәуелді болып шығады.

Жаңадан құрылымданатын оқулықтардың ерекшелігі – әр тақырыптың мазмұнында теориялық ақпараттардан гөрі практикалық іс-әрекетке сүйенген ақпараттардың молдау болуында. Ең оңтайлысы – оқушы жаңа тақырыптың мазмұнын игеру кезінде нақты жаттығулар мен кішігірім тапсырмаларды бірге орындап отыруын қамтамасыз ету. Олай болса, сабақ кезінде жаңа ақпаратты оқып үйренумен қатар тікелей жаттығулар орындауды оқулықтың мазмұнына кіргізуі керек. Авторлар бұл жайтты күні бұрын ескеріп, әр тақырыпты өткенде пайдаланатын оқу процесінің сценарийіне ұқсатып құрылымдаса өте ұтымды болады.

География мектеп оқулығының мазмұнын құрайтын оқыту нысаналар – жекелеген ұғымдар, түсініктер, теориялар, қатынастар, құрылымдық жүйелерді құрайды. Оқыту нысаналары мен оқу іс- әрекеттері оқулықтың педагогикалық мақсаттарына сай келуі тиіс

Қазақстан мектептеріндегі жоспарланған жаңа оқулықтар, оларды оқу үдерісінде қолдануы арқылы өзара байланысқан үш түрлі құзыреттілікке қол жеткізуге мүмкіндік беретін болады. Олар: ақпараттық құзыреттілік, проблеманың шешімін табу құзыреттілік және коммуникативтік құзыреттілік [4;б.32-35].


Әдебиеттер

1. Нурахметов Н.Н., Кусаинов А.К. и др. Модернизация казахстанских школ на основе обновления содержания образования. Алматы, 11 мая 2012.123 с.

2.Франсуа-Мари Жерар, Ксавье Роже. Разработка и анализ школьных учебников. Будапешт: АВ ОVО,1998.372 с.

3.Мамирова К.Н. Критерии отбора и структурирования содержания учебника. Ж. Вестник Академии педагогических наук Казахстана, № 2, 2011. 11-14 с.



4.Мамирова К.Н. Учебник будущего как комплексное средство учителя 12-летней школы. Сборник УМС РУМС МОН РК. А. КазГосЖенПУ. 12 мая 2012.32-35 с.




Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет