Түркі әлемінің атақты екі ұлы ойшылы: әл-Фараби және Ясауи



жүктеу 123.89 Kb.
Дата10.09.2017
өлшемі123.89 Kb.
Жақыпбек Алтаев

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессорі,

философия ғылымдарының докторы

әл-Фараби орталығының директоры

altaev.kaznu@gmail.com

87017441280
Түркі әлемінің атақты екі ұлы ойшылы: әл-Фараби және Ясауи
Орта ғасыр түркі мәдениетінің толысып ең дамыған тұсы. Х-шы ғасырда осы түркі әлемінің ең биік ғұлама философы Абу Насыр әл-Фараби ежелгі Отырар қаласында дүниеге келді. Ол дін мен философияның арақатынасын терең зерделеп гармониялық бірлікте толықтыра түсті. Әл-Фараби түркі дүниесінің ойлау мәдениетін, дүниетанымын өзінің энциклопедиялық білімімен әлемді таңқалдырды. Ол ғылымның көптеген саласын терең меңгеріп, бірнеше тілдерді яғни түрік, парсы, араб, грек тілдерін жетік меңгерді. Аристотельден кейінгі Екінші Ұстаз атанды. 2010 жылы ЮНЕСКО-де 18-ші қарашада Париж қаласында өткен әл-Фарабиге арналған Халықаралық дөңгелек үстелдің белгілі қоғам қайраткері ақын Олжас Сүлейменовтың ұйымдастыруымен болған бұл іс-шара көпшіліктің күтпеген таңқалдыралық жағдай болды. Бұл ұлы ғұлама ойшыл философтың керемет әлем ойларының таусылмас терең білімінің күштілігін танытқан түркі ойшылының әлемді мойындатқан сәттерінің бірі болды деп айта аламыз.

Ал енді әл-Фарабидің Аристотель философиясын танып білуі жөнінде айтар болсақ, ол антикалық философия мен ислам философиясын байланыстыра білді. Тек әл-Фараби еңбектері арқылы ғана танымал ортағасыр ойшылдары Платон мен Аристотельдің философиялық көзқарасын дұрыс түсініп, бағалай білді.

Әл-Фарабидің антика дәстүрімен байланыстылығынан осының арқасында оның Аристотельден кейнгі «Екінші ұстаз» атанып, даңққа бөленгенін айтатын болсақ, әл-Фараби жастайынан-ақ ұлы Аристотельдің, Платонның, ерте дүниедегі Грецияның басқа да философтарының шығармаларымен түп нұсқасынан танысқаны жөнінде бізде деректер бар.

Француз философы Этьен Жильсонның айтуынша ортағасыр ислам философтары әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн Синаның еңбектерін оқып танып білмей Томас Аквинскийдің Дунс Скот және басқа да еуропа философтарының еңбектерін түсіну мүмкін емес. Әл-Фараби еңбектері ортағасыр еуропалық қайта өрлеу үдерісінің дамуына тікелей ықпал етті.

Әл-Фарабиді маңызды екі мәселе толғандырды:

1) Платон мен Аристотель философиясы арасындағы қайшылықтарды жойып, оларды үйлестіру;

2) Исламдық дүниетаным мен ежелгі грек философиясы арасындағы көзқарастар қайшылығын жою.

Сол замандағы грек философиясына қарсы айтылған сыни пікірлердің бірі – Платон мен Аристотельдің бір-бірімен қарама-қайшылығы еді. Егер философия жалғыз Ақиқатты тануға жол ашатын болса, екі ең ірі философиялық жүйе көзқарастары бір-біріне қарсы бола ала ма? Егер екі жүйе де адамды Ақиқатқа жетелейтін болса, оларда ешқандай қарама-қайшылықтар жоқ; егер қарама-қайшылықтар бола тұра, екі философиялық жүйе де дұрыс деп танылса, бұл философияның толық жетілмегендігін, Ақиқатқа жол аша алмайтындығын меңзейді. Сол заман философиясына қарсы айтылған пікірлердің мазмұны осындай сыни мағынада болған.

Бұл сынға жауап ретінде әл-Фараби «Аль-джамам бейт рай аль-хакимейн Ефлятун аль-лияхи уа Аристо» еңбегін жазады («Екі философ – Қасиетті Платон мен Аристотельдің көзқарастарын ортақтастыру»). Бұл еңбегінде әл-Фараби Платон мен Аристотельдің айырмашылығы тек қана әртүрлі тілдік стильдерді қолдануында және өмір салтында екенін көрсетеді, ал қос ойшылдың философиялық көзқарастары ортақ болғанын айтады. Кітаптың басында әл-Фараби философияның пәні жайлы айтып, ғылымдардың классификациясын келтірген, одан әрмен Платон философиясының қысқаша мазмұнын берген, ал кітаптың соңғы бөлімінде Аристотель философиясының негізгі сипаттамаларын атап өтіп, екі ойшылдың көзқарастарының ортақтығы мен үндестігін көрсетеді.

Әуелде III ғ. Александриялық мектеп өкілдері Амин мен Порфирий де екі гректің философиясын ортақтастырумен айналысқан, бірақ әл-Фарабидің көздеген мақсаты өзгеше еді. Әл-Фарабидің ойынша, философия - Ақиқат және сол Ақиқатқа жету жолы, яғни барлық ұлы ойшылдар мен философтар ұзақ ой-толғаулар нәтижесінде бір нәрсеге келеді, осы тұрғыдан алып қарағанда, олардың барлығы дерлік Ақиқатты іздеуші бір мектеп өкілдері, сондықтан әртүрлі философтар арасындағы айырмашылықтар баршаға ортақ Ақиқатты әртүрлі жолмен көрсетуінде. Әрине, әл-Фарабидің осы әрекеті қаншалықты нәтижелі болғаны туралы сөз таластыруға болады, сонымен бірге бұл әдістің ислам әлемінің кейінгі ойшылдарына айтарлықтай ықпал еткені сөзсіз. Мәселен, әл-Фарабидің қалыптастырған гректік философия негізіндегі философиялық ойлау институтын оның ізбасарлары болған мұсылмандық философ-перипатетиктер грек философиясының белгілі бір өкілін алға тартса да (Мысалы, ибн Сина – Платонды, ибн Рушд – Аристотельді), әл-Фарабиден кейін қалыптасқан перипатетикалық философияның шегінен шықпаған.

Әл-Фарабидің Аристотель мен Платон философиясын сабақтастыруындағы тағы бір мақсаты – Аристотель философиясының исламдық дүниетанымға қайшы келетін тұстарын Платон философиялық ілімімен «толықтыру» еді, бұл жерде александриялық неоплатонизм мектебінің философиялық зерттеулері маңызды рөл атқарды. Бірақ нәтижесінде әл-Ғазали әл-Фарабидің бұл әрекетін сынға алады. Аристотель философиясы бойынша терең білімі мен керемет философиялық қабілеті, тіл білімі, математика, астрономия және сол заман ғылымының өзге де салаларындағы жан-жақты білімінің арқасында әл-Фараби мұсылмандық Шығыста «аль-муа`ллим ас-сани» «екінші ұстаз» деген атаққа ие болады.

Философия жайлы айтқанда әл-Фараби гректік «фәлсафа» сөзін немесе араб тілінің «хикмет» (даналық) сөзін қолданған. Әл-Фараби Платон мен Аристотель философияның ойлау жүйесін даналық пен құдыретті жаратылыс идеясымен байланысын қалпына келтіруге, шынайы философияны құдыретті даналыққа қайшы келмейтінін көрсетуге тырысқан.

Сонымен әл-Фараби еңбектерінің маңыздылығы бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпаған, ол философияны/ақыл-ойды сеніммен/дінмен үйлестіру мәселесін қарастырған.

Әл-Фараби дін мен философия арасындағы байланысты үш тұрғыдан қарастырады:

1) Жаратушыға деген қатынас. Исламда Құдай ұғымы басты, ұйытқы ұғым болып табылады; ал Аристотель үшін Бірінші себеп түсінігі негізгі емес.

2) «Вахий» ұғымы – «шынайы сенім», бұл ұғым грек философиясында кездеспейді. Осы себептен әл-Фараби пайғамбарлық, оның таңғажайып кереметтері мен сырлары жайлы бірқатар түсіндірмелер ұсынған.

3) Философияға қабілеті жоқ қарапайымдылар («а`ввам) мен таңдаулылар болып табылатын философтар арақатынасы. Әл-Фараби бұл мәселені жалпы педагогикалық тұрғыдан талдаған, ал шын мәнінде бұл философия мен дінді ортақтастыру мәселесімен байланысты болған.

Грек философиясы дүниеге деген детерминистік қатынаспен ерекшеленеді, сол себепті жалғыз Жаратушының бар екенін мойындай алмайды. Ежелгі гректік дүниетанымы бойынша болмыс әуелде хаос түрінде болған, әрмен келе Демирург-Құдай оны жүйелі қалыпқа (космос) келтірген. Арситотель Жаратушы жайлы айтқанда, оны дүниені бар етуші және қозғалысқа келтіруші «Алғашқы түрткі» ретінде сипаттайды. Ислам бойынша, Жаратушы-Аллах бүкіл әлемді бар етуші, болмыстағы барлық құбылыстар мен өзгерістер тек құдайдың еркімен және құдыретімен болады. Аллахтың еркінен тыс ешнәрсе жаратылмайды және ешқандай өзгеріс болмайды. Дәл осылай Аллах үнемі шариаттың қағидалары мен заңдары арқылы дүниені басқарып отырады. Аллах өзін адамның әлеуметтік, рухани, саяси өмірінде тіпті күнделікті тұрмысында танытады.

Жаңа платоншылдықта қалыптасқан «Жалпыға ортақ» ұғымын исламдағы «таухид» («бірқұдайлық») ұғымымен ортақтастыру әрине өте қиын мәселе болған. Неоплатондық «Бірегейлік» ұғымы мұсылмандарға, еврей философтарының ықпалына ұшырап жетті, олар бұл концепцияны еврейлік Торадағы Жалғыз Құдай ұғымымен сабақтастыруға ұмтылған. Әл-Фараби жаңа платоншылдық жолымен жүріп «эманация» теориясын құрастырған. Осы көзқарас тұрғысынан қарасақ, Құдай Платон мен Аристотельдің және неоплатониктердің түсінігінше Бірегей, дүниедегі барлық нәрселер Құдайдан таралады. Демек, Жаратушы өзін және өз болмысын ойлай алатын ақыл-парасат. Ақыл-парасат, ақыл-парасатпен танушы, ақыл-парасат арқылы танылған осы үшеуі тұтас нәрсенің аспектілері, Жаратушының мәні болып табылады. Бір сөзбен айтқанда білім, танушы, танылған нәрсе ортақ болады, ал Жаратушы әр нәрсенің түпкі және жалғыз себепшісі. Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындары туралы» еңбегінде өзінің парасат туралы концепциясын ары қарай дамытып, Жаратушы мен оның жаратылыстарының арасында жеке сана, тұлға мен функцияларға ие аралық күштердің бар екенін атап өткен. Сонымен, осы жолмен әл-Фараби исламдық діни ілім мен философияны үндестіруге ұмтылған. Шындығында әл-Фарабидің эманация туралы концепциясы Аристотельдің мәңгілік әлем концепциясынан көп ерекшеленбеген. Материя толықтай Құдайға тәуелді, бірақ әл-Фарабидің ойынша ол Құдай арқылы жаратылғандықтан, мәңгілік сипатқа ие болуы әбден мүмкін. Эманация теориясының іргелі идеясы бұл – Жаратушының өз болмысын білетіндігі туралы идея. Бұл білім дүниенің жаратылысының түпкі себебі мен алғашқы мақсаты болып табылады. Сонымен, эманация теориясы онтология тұрғысынан алып қарағанда, үздіксіз қызметтің нәтижесі.

Әл-Фараби пайғамбарлықтың құпиясын рационалды түрде түсіндіруге талпынған. Сонымен бірге әл-Фараби пайғамбарларды философтармен байланыстыратынын байқауға болады. Осы философиялық әдіс тұрғысынан, пайғамбар да, философ та «жасампаз парасатпен» «акл-и фа`аль» байланыс орнатуға қабілетті таңдаулы («хаввас») жандар болып табылады. Олардың арасындағы жалғыз айырмашылық бар – философ бұл күйге ой-толғаулар мен теориялық ойлау әдісі арқылы жетеді, ал пайғамбар – қиял күші арқылы.

Әл-Фараби атап өткендей, кейбір ерекше зерек адамдар, пайғамбар болмаса да, терең сезімдер мен шабыт арқылы осындай қиял күшіне ие болуы мүмкін. Ойшыл осындай адамдар философтар екенін айтады.

Дін ой-қиял арқылы байланысатын болса, философ бұған дұрыс логикалық ойлау тәсілі арқылы және болмысты терең зерделеу арқылы қол жеткізеді. Екеуі де бір жерден нәр алады, бірақ философ материалды әлемді бақылау арқыл сол әлемді Жаратушыны таниды, ал пайғамбар жан тазалығы арқылы материалды әлемнің жаратушылық негізіне көз жеткізеді. Сол себепті әл-Фараби үшін діни ақиқат пен философиялық ақиқат арасында айырмашылық болуы мүмкін емес, өйткені философия да, дін де Жаратушымен байланысты – тек біріншісі ой-толғаулар арқылы, екіншісі қиял арқылы.

Әл-Фарабидің келесі бір маңызды идеясы – бұл адамзат қоғамын үш категорияға бөлуі: «а`ввам» - қарапайым халық, «мутакаллимдар» - философиялық дәлелдемелер қолданып ой толғаулар жүргізуге қабілетті, білімді діни оқымыстылар мен философтар. «А`ввам» ешқашан философиялық дәлелдемелер арқылы ақиқатты тани алмайды. Олармен тек қарапайым сөз тіркестерін, мысалдарды қолданып сөйлесуге болады. «Мутакаллимдармен» әл-Фарабидің ойынша тіпті тіл табысу қиын, себебі олар тек сөз жаңылыстыру мен жанжалдар жүргізу әдісін қолданады. Философтар бұл топшылауда, ең жоғарғы орынға ие, өйткені олар Ақиқатқа жол бастайтын таңдамалы тұлғалар.

Әл-Фараби философия мен дінді толықтай үндестіре алмады, себебі ол діни мәтіндердің мазмұнынан алшақтағысы келмеген «Калам» өкілдерінен қолдау таппаған эманация теориясын қолданды, бірақ кейбір діни мәселелердің интуитивті-сезімдік түсіндірмелеріне арқа сүйеген бірқатар суфилерден қолдау тапты.

Эманация теориясы бойынша, болмыс Жаратаушыдан пайда болды. Бірақ, бұл Жаратушының еркіне тәуелді болды ма, немесе эманация өз еркімен жүзеге асты ма деген сауалға жауап жоқ. Сонымен бірге бұл теория бойынша, Жаратушы мен әлем арасында көптеген жалғастырушы-субстанциялар (мутавассыт) бар. Аллах барлық нәрседен хабардар ма, немесе білетіні шектеулі ме деген сауалға да анық жауап жоқ, себебі болмыс Жаратушыдан десек, эманация теорясы бойынша, Ол өзінен басқа ешнәрсені білмейді. Нәтижесінде бұл толық детерминизмге әкеледі, немесе Жаратушының ерікке ие бола алмайтынын мойындауға (!). Суфилер үшін эманация біршама өзгеше түрде болған – Жаратушы өзін айнадан көргендей көргісі келді, бұл Жаратушы өзін адам мен болмыстан көруі арқылы жүзеге асты; немесе Жаратушы танылуды қалады.

Сонымен қатар, философ пайғамбармен теңесе алады деген идея әл-Фарабидің кейбір еңбектеріне жүгінсек, тіпті одан асып түсуі ислам әлемінде ешқашан қабылданбаған. Пайғамбардың басты қасиеті – Алланың өзі оны барлық адамға тән қателіктер мен күнәлардан қорғайды, сол себепті Жаратушы оны әртүрлі жаңылулардан сақтайды. Ал, философқа келетін болсақ, тіпті ол «жасампаз парасат» арқылы Жебірейіл періштемен байланыс орнатты десек, оның біліміне жеке басының мүдделері мен қалауларының, ол өсіп жетілген мәдени ортаның, алған білімінің әсері болмайтынына кепілдік жоқ. Сонымен қатар, әл-Фарабидің өзі де, мұсылман әлемінің басқа да философ-перипатетиктері мойындағандай, әр адам өзінің қабілеті мен парасатының деңгейінде пайғамбарлар жеткізген Құдіретті сенімнен («вахий») қажет пайданы алады; ал философтар «хаввас» - «таңдамалы» деп аталған шектеулі көлемдегі адамдарға қана пайдасын тигізе алады. Демек, егер дін мен философияның көздеген мақсаты бір болса (адамды Ақиқатқа жеткізу), дін бұл мақсатты әмбебап, барлық адамдарға түсінікті және Жаратушының өзі қателіктерден қорғаған әдіс арқылы жүзеге асырады.

Ал, Қожа Ахмет Ясауиге келетін болсақ ол (қазіргі Түркістан) бұрынғы Иассы қаласында дүниеге келіп, Түрік әлемінде фундементалді роль атқарды. Ол Түркілік мистицизмді әлемге тарата білді сондай-ақ материалдық дүниені білімге сүйене отырып таныта білді. Ол өзінің интелектуалды білімінің арқасында дүние құдай туралы ойларын синтездей отырып мынадай күшті сөздерді жазып қалдырды. «Әрбір адам білім жолымен жүрген жағдайда ғана адам зорлықтан бойын аулақ ұстай алады».

Оның ұлы Азия даласына жасаған ықпалы соншалықты үлкен болғаны XIV-ші ғасырдың аяғында атақты Темірланның өзі Ясауи тұлғасына бас иіп, өзінің қарамағындағы адамдарға Ясауиге арналған Түркістан қаласында салтанатты кесене тұрғызуға бұйрық берді. Бұл кесене ислам архитектуралық ойларының керемет асыл жауһары болды. (2002 жылдан бастап бұл кесене ЮНЕСКО тізіміне тіркеліп қорғанға алынды).

Ясауидің басты көздеген мақсаты – құдаймен табысу, оның бейнесін көру. Құдайды тану сопылар үшін бүкіл өмірінің мәні болып табылады. Ясауи былай дейді: «Кімде кім құдайды есіне алса, ол онымен өзінің табысқанын көре алады».

Ясауи суфизмнің ең биік шыңы оның пайғамбар жасына келгенде, менің пайғамбардан артық өмір сүруім мүмкін емес деп, жер астында қазылған жеке бөлмеде қалған өмірін өткізуі еді. Ол «Мұхаммедті жаратылыстан тыс адам ретінде көрсетіп, оны құдай қатарына қосты».

Суфизмдегі негізгі доктрина құдайды мистикалық сүю болып табылады. Сопылар мистикалық сүю арқылы экстатикалық ұмтылыстарымен, жан жүйесінің азап шегуімен және кездесуге құлшынумен, құдаймен табысуға тырысады. Ясауи ілімінде бұл доктрина оның «таным» теориясының бөлінбес бөлігі бола отырып, ерекше орын алады», - дейді белгілі Ясауи суфизмін зерттеуші ғалым К.Тәжікова.

Ахмет Ясауи адам мен қоғам мәселелеріне де назар аударып, оларға дәстүрлі мұсылмандықтан айырмашылығы бар ұсыныс беруге әрекет жасайды. Оның дүниетанымында этикалық ойлар да басым. Ясауидың этикалық көзқарастары құдай және оны тану ілімімен тығыз байланысты. Мораль сопылардың құдайды тану жолындағы негізгі талаптарынан туындайды. Адамгершілік тазалығы мен моральдық жағынан жетілгендікті Ясауи оппозициялық суфизм позициясы тұрғысынан шешеді. Ол адам бойында кездесетін даңққұмарлық, күншілдік, екіжүзділік, надандық кекшілдік, алдау сияқты жаман әдеттердің болатынын өкінішпен айтады. Ясауи іліміндегі адамгершілік ойлары дін арқылы түсіндіріледі. Жақсылық пен жамандықәділеттілік пен әділетсіздік, адамның жақсы және жаман іс-әрекеттері сияқты моральдық сипаттары оның құдайға сенуіне байланысты болды. «Кімде-кім жамандық жасаса ол күнәдан арыла алмайды, кімде-кім жақсылық жасаса ол құдайдың сүйіктісі болады», - дейді.

Ахмет Ясауидің пайымдауынша, ол өзін-өзі тазаруға, кемшілігін жоюға, игілікті іс істеуге шақырған адам адасуы, әділетсіздік және жамандық жасауы мүмкін емес. Ол өзінің жолын қуушыларды өзін-өзі жетілдіруге шықыра отырып, адамгершіліктің құдайдан шығатыны туралы ойдан аулақ ұстайды. Оның саяси және әлеуметтік көзқарастарының негізінде де этикалық бастау жатты. Түйіндеп айтар болсақ, А. Ясауидың «Диуани Хикметінде» айтылған ойлармен үндес, сабақтас болған Ахмет Игүнекидің негізгі шығармасы «Ақиқат сыйында», Сүлеймен Бақырғанидың «Ақыр заман», «Бақырған» атты өлең жинақтарында болмыс туралы түсінік тұтасымен діни-мистикалық мазмұнда қалыптасқандықтан бұл дүниенің алдамшы екендігіне Иассаның ғұламаларының ешқайсысы күмән келтірмейді. Жаратылыстану деңгейлері исламның космогониялық ұғымдарымен бірге қайнасып жатыр. Өмірдің мағынасы аллаға, хаққа жалбарынып, құлшылық ету, күнәдан тазару. Жаратқанға деген сенім ішке жиналған қасиетті нұр.

Ясы ғұламаларының ойларынан сан ғасырдан кейінгі Абай мен Шәкәрімнің философиялық дүниетанымдарында көрініс беретін «нұрлы ақыл», «жан қуаты» деген ұғымдардың шығу төркінін ұғасың. Л.Толстойдың зұлымдыққа қарсыласпа деген қағидасының негізінде дүниеге келтірген діни-философиялық ілімі осы Ясылық машайықтардан бастау алғанын байқаймыз.

«Бағзы біреу тепсе, разы болып мойнын ұсынған» («Диуани хикмет»), «Біреу зәбір-жапа жасаса, қарымына рахат көрсет» («Ақиқат сыйы»), «Жамандық жасаған кісіге сен жақсылық жаса» («Ақиқат сыйы»), «Кімде кім сөксе, аяғымен тепсе, қарымына қолын өбеді. Ондай сабаздар қуаныш, рахатқа жолығады» («Диуани хикмет»).

Ясылықтар тіл мен білімнің қажет екенін және оның ерекше қасиет екенін мойындайды. Ясауи тіл құдіретін аллаға мінажат етуге жұмсауды үндейді. Білімді қиямет күні алла-тағала алдында есеп-қисап берудің таптырмас құралы деп есептейді. Ясауилықтардың еңбектерінде этикалық ойлар, сараңдық – жомарттық, көнбістік – тәкәппарлық, нәпсі – қарыз, қайырымдылық – қайырымсыздық, жуастық – қаталдық, қасірет-қуаныш сияқты этикалық ұғымдар қарастырылады. Мысалы, А. Игүнекидің «Ақиқат сыйында»: «Мінездің жақсысы – әдептің мінсізі, ал жомартық – ол сараңның айнасы», - деп керемет ойлар, өсиеттер айтылады. «Хикметтердің» көпшілігі шешендік нақыл сөздерге толы. Ясауи қолыңнан келсе халқыңа әділ бол, қызмет ет, керек болса жаныңды оған құрбан қыл, - деп өз дәуірінің үлкен перзенті екендігін биік гуманистік деңгейде таныта білді.



Түйіндеп айтар болсақ, түркі әлемінің атақты екі ойшылы қос интеллектуал әл-Фараби мен Ясауидің әлемдік өркениетке қосқан үлестері тарихта белгілі. Әсіресе, олардың Батыс Еуропалық ғалымдарға жасаған ықпалы қайта өрлеу дәуірінің дүниеге келуіне де үлкен әсерін тигізді деп айта аламыз.

Әдебиеттер:


  1. Мец А. «Мусульманский Ренесанс»., М., 1973.

  2. Ахмет Ясауи. «Диуани Хикмет». Қазан. 1904.

  3. Н.Келімбетов. Ежелгі дәуір әдебиеті. А., 1991.

  4. Ж. Алтаев, А. Қасабек «Қазақ философиясы». А., 2015.


Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет