ТҰЛҒаның Өзін-өзі дамытуының Ғылыми-теориялық негіздері научно-теоретические основы саморазвития личности



жүктеу 84.49 Kb.
Дата09.09.2017
өлшемі84.49 Kb.
ӘОК

Мырзатаева Б.П.

«Тұран» университеті

Психология кафедрасының

доценті, психол.ғ.к.



ТҰЛҒАНЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ ДАМЫТУЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Научно-теоретические основы саморазвития личности

Тірек сөздер: іс-әрекет субъектісі, тұлғалық жетілу, тұлғалық өсу, өзін-өзі дамыту, жауапкершілік, өзін-өзі таныстыру, өзін-өзі көрсету, өзін-өзі дәлелдеу, өзіндік өсу, өзін-өзі белсенділендіру, өзін-өзі өсіру, өзін-өзі жетілдіру.

Қазіргі кезеңдегі қоғамның дамуы психологияға ерекше қызығушылықтың өсуіне әсер етті. Тоталитаризм заманы қайырылмасқа кетті. Нағыз демократияға алыс болғанымен, адамдар өздерін еркін сезіне бастады, мақсат-мүдделерін айқындап , оған бір табан жақындады.

Ғылымда адамға субъект ретінде қарау алдыңғы орындарға қойыла бастады. Соңғы кездері басылымдарда тұлға психологиясының әр түрлі аспектілеріне және оның қалыптасуына байланысты көптеген қызықты мәліметтер пайда бола бастады. Психологтарды, педагогтарды, философтарды, ең алдымен: «Адам өзін қалай қалыптастырады? Белсенділігін қалай арттырады? Өмірлік мақсатты таңдау немен байланысты? Дамыған қоғамдағы адамға не қымбат?» деген сұрақтар көбірек қызықтырады.

«Адам өзінің өмірлік іс-әрекетінің субъектісі, өз өмірбаянының, өз тағдырының авторы». Бұл дәлелді сезіну - психологияда үлкен өзгерістер жасады, бірқатар ерекше ізденістер туындады, іс жүзінде көрсетуге тікелей жол ашты. Еш нәрсе жоқтан пайда болмайды. Субъективтілік идеясын С.Л.Рубинштейн [1], Б.Г.Ананьев [2], А.Н.Леоньтев [3] және тағы басқа ғалымдар қарастырған. Бұл идеяның негіздері қарапайым: егер адам белсенділік көрсетсе, өмірлік мақсаттарын айқындап, жоспарларын жүзеге асыруына мүмкіндігі мол. Л.С.Выготский [4] 1926 жылы жазған «Педагогикалық психологиясында» мынаны атап көрсеткен: адамды тәрбиелеуге болмайды, ол - өзін-өзі тәрбиелейді, ал айналасындағылар, оған тек тұлға ретінде қалыптасуына қажетті материал береді.

Дамыту - бұл ересек адамдардың ықпалымен оқу-тәрбие жұмыстарына, өзін-өзі дамыту үрдісіне жағдай жасап, барлық субъектілердің қатысуымен іске асатын үдеріс.

Өзін-өзі дамыту, өсіру, жетілдіру, шамасы, өзіндік дамудың дәлме-дәл кескіні болар. Себебі, адам өз бетінше жақсы болуға ұмтылады, идеалға жақындауға тырысды, өз бойында жақсы қасиеттер пайда болуы үшін еңбектенеді, оқып-үйреніп, түрлі істермен айналысады, сол айналысу барысында, оның бойында көптеген жақсы қасиеттер пайда болады. Басқа сөзбен айтсақ, өзін-өзі дамыту - тұлғаның өсу кезінде оның қабілеттерінің, сапасының өсуіне де саналы түрде басшылық ету үрдісі.

Алайда кейбір адамдарға өзін-өзі жоққа шығару жағдайы - өзінің ештеңеге қауқарсыз екенін, керексіздігін, төмендігін дәлелдеу жағатыны да кездеседі.

«Тұлғаның өсуі» деп аталатын өзін-өзі дамытудың позитивті бағытына көңіл бөліп көрейік. Парапсихологияда, эзотерикада (эзотерика - құпия ілім) тұлғаның өсуі рухани тәжірибе ретінде қарастырылады, сананың өсуіне жоғары ілімді игеру арқылы қол жеткізуге болатыны алға тартылады. Бұл үшін парапсихологиялық қасиеттерді оятатын арнайы құралдарды, болашақты болжау қасиетін, телепатияны, телекинезді пайдаланады.

Ал шетелдің көрнекті психологтары К.Юнг бойынша тұлғаның өзін-өзі дамытуында даралық өсуге, жеке еркіндікке көңіл бөлінсе [5], А.Адлер бойынша ортаны басқаруға басқалардан артық, басым болу жолында білген-түйгенді бір арнаға ғана бағыттауға басым көңіл бөлінеді. А.Адлердің ойынша тұлғаның ішкі күштерінің өзін-өзі дамыту үдерісі әлеуметтену мен тұтастылыққа жету барысында атқарылады, мақсатқа бағытталған шығармашылық ұмтылысына байланысты [6].

Гештальттерапияда Ф.Перлз бойынша өз-өзіне сенімділік, өзін жағдайға байланысты реттеп, қажетті арнаға бағыттау көзделеді [7].

К.Роджерс [8], А.Маслоу [9], секілді гуманист-психологтардың пікірінше, адам - өзінің өмір жолын, рухани дамуын өзі қалыптастыратын біртұтас, ерекше тұлға. Тұлғаның өсуі өзі жеке, автономды болуы, толысуы, психологиясының сау болуының (К.Роджерс) немесе өзінің алдына биік мақсаттар қойып, соны орындауға ұмтылуының (А.Маслоу) арқасында мүмкін болады. Адам - белгілі бір мөлшердегі жауапкершілікті өзіне жүктеп, өзінің жан-жақты дамуына жағдай жасап, тығырықтан шығатын жолды тауып, өмірінің мақсат-мүддесін анықтай білуі керек. Мұны күшпен көндіру немесе әдейілеп ұйымдастыру мүмкін емес, сол себепті, өзін-өзі дамытуға мүмкіншілік жасап, тұлғаға бұл үрдіс кезінде көмек көрсетуде, бұрын жақсы нәтиже берсе де, қалыптасқан жолды әдейілеп таңуға болмайды [9].

Егер, біз өздігінен дамуға адам өмірінің барысында уақытта және кеңістікте өрістейтін өзгеше нысан ретінде қарасақ, оның бір мағыналы емес, жан-жақты екенін аңғарамыз. Бұл жерде өзіндік дамуды сипаттайтын жүйелі қимылдан өзіндік тануды сипаттайтын нысанды айыру өте қиын.

Мұның көптеген себептері бар, басты себептерінің бірі - бұлардың көптеген түрлерінің болуы. Өзіндік дамудың түрлерін мынадай сөздермен сипаттауға болады: өзін-өзі таныстыру, өзін-өзі көрсету, өзін-өзі дәлелдеу, өздігінен өсу, өз жоспарын жүзеге асыру және т.б. Бұл сөздерді біріктіріп тұрған «Өзін-өзі» - деген сөз, осы қимылдардың бәрін адам өзімен байланыстырады, өзіндік «Мен» деген сөз және адамдардың іс-әрекеттері тек өздеріне тән, жеке-дара болады.

Өзіндік дамудың қай түрлері маңызды? Олар: өзін-өзі дәлелдеу, өзіндік өсу, өзін-өзі белсенділендіру.



  • Өзін-өзі дәлелдеу - бұл өзіңді тұлға ретінде таныту.

  • Өзіндік өсу - бұл өзіңді мақсатыңа жеткізуге тырысу.

  • Өзін-өзі белсенділендіру - бұл өзіңнен бір күш-қуатыңды, шамаңды

тауып, оны өмірде пайдалану.

Осы түрлер өзіндік өсудің нысанын бейнелей алады және олар бір-

бірімен өте тығыз байланыста.

Қазіргі кезде өзін-өзі дәлелдеу психология ғылымында өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Оның философиялық, жалпы психологиялық қырларына зерттеу жүргізілуде, әсіресе жасөспірім шақта өзін-өзі дәлелдеудің негативті бағытқа бет бұрып кету мәселелері алаңдатып, осы мәселені кеңінен зерттеуге түрткі болды. Негативті бағытты ашып айтсақ, бұл есірткіге тәуелділік, темекі шегу, арақ ішу, заңға қайшы әрекеттерге бару.

Өзін-өзі дәлелдеу дегенге ғылыми анықтама беретін болсақ: «Өзін-өзі дәлелдеу - бұл өзіндік өсу аясында адам өзінің бір қасиеттерін, мінез-құлқын, белгілі бір жағдайларда өзін-өзі қалай ұстауын ашып, оны растайтын ерекше іс-әрекет».

Осы әрекеттердің түп-тамыры өзін-өзі дәлелдеу қажеттілігінен туындайды, ал ол адаммен қатар өмір сүретін, тірі табиғат өкілдері арасында өмір сүру үшін күрестегі алғашқы қажеттілік барысында түзіледі. Өзін-өзі дәлелдеу жалпы адамзатта 3 түрлі кейіпте болады: барлығына ұқсас болу, бәрінен жақсы болу, бәрінен жаман болу (бұл негативті әсерге бой алдырса). Алғашқы екі кейіп өзін-өзі дәлелдеу деп пайымдаймыз, ал үшіншісі - өзін-өзі жоққа шығару.

Өзін-өзі дәлелдеу түрлі басқа да негіздермен, атап айтқанда, өзін-өзі тану, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі белсенділендірумен тығыз байланысты. Өзін-өзі дәлелдеу нәтижесі бірден көзге көрінеді. Ол адамға өзінің қажеттілігін, пайдалылығын сездіреді, өз өмірі мен іс-әрекеттерінің мәнді, мағыналы екенін сезінеді, «Мен ешкімнен кем емеспін» нұсқауы орындалады, өзін барлық қиындықтарды шеше алатын, керемет бір өзгеше адам ретінде қабылдайды.

К.Роджерстің пікірінше, тұлғаны дамытудың негізгі бағыты - өзіне деген сенімді нығайту мен өзін-өзі сыйлау қабілетін қалыптастырудың нәтижесінде субъект «мінсіз Менге» ұмтылады [8]. Қазіргі тәжірибеде К. Роджерстің «тұлғалық өсу тобының» әдісі қолданылады. Ондағы қарым-қатынас барысында адамдың адаммен қатынастарын құру үшін қатысушылар бір-бірінің алдында ашылып, өздерінің сезімдері туралы айтады, мәндік мағыналарды іздейді, өмірлік таңдаудың еркіндігін алуға ұмтылады және ол үшін жауап береді. Неғұрлым білікті және қабілетті болу үшін осының барлығы шектеулі рухани әлеуетті ашуға көмектеседі.

Тұлғалық жетілуге теріс әсер ететіндер - өзгерістен қорқыныш, қорғаныс механизмдері, өз ағзасына сенбеушілік, конформизм. Тұлғалық жетілуді түсіндіруде А.Маслоудың [9] зерттеулеріне сүйенеміз: өсу – яғни әлеуеттіліктен қалмау деп түсінеміз. Немесе «тұлғалық өсу» деп А.Маслоудың қол жеткізген негізгі қажеттіліктері негізінде «жоғары» қажеттіліктерді қанағаттандыруды айтамыз.

Тұлғалық жетілуде өзін-өзі белсенділендірудің маңызы зор. А.Маслоудың анықтамасы бойынша, өзін-өзі белсенділендіру – бұл әркімнің өзіне берілген міндетін орындау, өзіне берілген қасиетті пайдалану арқылы айналасына әсер етуі. Өзін-өзі белсенділендіруге қажеттіліктен адамның өз өмірінің мәнін іске асыру мүмкіндігі туындайды [9].

Сонымен, өзін-өзі белсенділендіру үрдісінде адам болмысының екі бағыты тоғысады: өзіндік тану мен өзіндік өсу. Өзін-өзі тану арқылы, адам өзінің қажеттілігін мойындату үшін өз дарынын, қабілетін, мүмкіндіктерін барынша аша түседі және соларды пайдаланады.

Өзін-өзі белсенділендірудің қандай амал-әдістері бар? А.Маслоу оның 8 түрлі жолын бөліп көрсетеді:



  1. Бүкіл болмысымен бастан өткеру.

  2. Өмір әрқашан таңдау үрдісінен тұрады: алға жылжу немесе кейін

шегіну; жеке таңдаулар: өтірік айту немесе шындықты айту, ұрлық істеу немесе ұрламау және т.б., бір сөзбен айтқанда, өсуді таңдау мүмкіндігі.

  1. Адамның өзін-өзі тыңдай білу қасиеті, яғни өзгенің пікіріне емес, өз

пікіріне сүйену.

  1. Адал болу қасиеті, өзіне жауапкершілік ала білу қасиеті.

  2. Ерікті болу қасиеті.

  3. Өз мүмкіндіктерін өзектендіру нысаны және оның қорытындысы.

  4. Қатты күйзеліс, әп-сәттегі рахат сәттеріне кепілдік беруі мүмкін

емес, оны іздеп әуре болудың да қажеті жоқ.

  1. Адамның өз психологиялық патологиясын табуы, одан қорғануы

және оны жоюға күш салуы.

Гуманистік психология зерттеушілерінің бірі – В.Франкл бойынша, адам өмірінің мәні о баста берілмейді, оны іздеп табу керек, оны іздеп табудың үш жолы бар: біздің немен айналысуымыз (шығармашылық жасау және т.б.), біздің өмірден алатынымыз (күйзеліс, қуаныш және т.б.), тағдырымызды өзгерте алмауымыз себепті, солай қабылдауымыз. Осы құндылықтардың үш бөлігі бар: жасампаздық, бастан өткеру, қарым-қатынас [10].

Сонымен, қорыта келгенде, өзіндік даму қиын, күрделі, жан-жақты үрдіс екенін көрдік. Тұлғаны өзін-өзі дамытудағы басты мақсат — адамның өз қарымы мен қабілетін мейлінше толыққанды жүзеге асыру арқылы өзін таныту және жеке қасиетін ашу мүмкіндігі. Алайда, бұл қасиеттерді басқа адамдардың қатысуынсыз қалыптастыру қиын. Сондықтан қазіргі кезде аталған қасиеттердің дамуына білім беру жүйесінің, әсіресе жоғары оқу орындарындағы оқу-тәрбие үдерісінің ықпалының жоғары екені сөзсіз.
Әдебиеттер тізімі:


  1. Рубинштейн С.Л. Бытие и сознание человека и мир. – Киев, 2003.

  2. Ананьев Б.Г. Человек как предмет познания. — СПб.: Питер, 2001.

  3. Леонтьев А.Н. Проблемы развития психики. М., 1981.

  4. Выготский Л.С. Педагогическая психология – М., 1990.

  5. Юнг К. Конфликты детской души. – М., 1995.

  6. Адлер А. Индивидуальная психология. – История зарубежной психологии, Тесты//Под.ред. П.Я.Гальперина, А.Н.Ждан. – М.,1986.

  7. Перлз Ф. Опыт психологии самопознания. – М.,1993.

  8. Роджерс К. Взгляд на психотерапию. Становление человека. – М., 1994.

  9. Маслоу А. Дальние пределы человеческой психики. – СПб., 1997.

  10. Франкл В. Психотерапия на практике. – СПб.,1999.

Түйін

Мақалада тұлғаның қалыптасуындағы өзін-өзі дамыту мәселелерінің ғылыми негіздері қарастырылды. Ресей ғалымдарының іс-әрекет субъектісі ретіндегі адамға деген қөзқарастарына қысқаша шолу жасалды. Шетел ғалымдарының тұлғаның өзін-өзі дамытуы жөніндегі теориялары қысқаша талданды. Сонымен қатар, гуманист-психологтар К.Роджерстің тұлғаның өзіне деген сенімді нығайтуы мен өзін-өзі сыйлауы туралы, А.Маслоу ұсынған өзін-өзі белсенділендірудің амал-әдістері баяндалды.



Резюме

Summary

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет