Тарихи-саяси аспекті аннотация



жүктеу 248.93 Kb.
Дата22.06.2017
өлшемі248.93 Kb.

Н. Әділжанов

Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті Phd докторанты

Астана, Қазақстан
ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҮРДІСТЕР: ФОРМАЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӨРКЕНИЕТТІК ҚҰБЫЛЫС РЕТІНДЕ

(ТАРИХИ-САЯСИ АСПЕКТІ)
Аннотация
Мақалада күні бүгінге дейін демократия мен демократиялық үрдістерді саясаттану пәні және оны саяси сипаттау тұрғысынан ғана қарастырылып, осыған орай оның ішкі мәніне тереңірек тарихи тұрғыдан үңіліп сараптау жүргізу ғылыми тұрғыдан алғанда тасада қалып келе жатқандығы айтыла келіп, батыстық және отандық зерттеушілердің еңбегі негізінде осыларға сараптау жүргізігу тырысады. Бұл тарихи, әлеуметтік, мәдени, психологиялық, этнографиялық, философиялық және т.б. зерттеулердегі демократиялық үрдіс құбылысының (феноменінің) теориялық негізін жасауға қазіргі қоғамдағы күн сайын өзгеріп, өсіп отырған заманауи дамулар талабынан туындап отыр. Өйткені тек өткеніміз бен оның тарихын жазуда ғылыми жаңаша суреттеуді ғана енгізіп қою ғана емес, оны қалпына келтірудегі зерттеулер негізіне методологиялық жаңалықтарды енгізу болмақ. Сондықтан болар, демократия мен демократиялық үрдістер тарихының пайда болуы – Батыстағы гуманитарлық ойлаудағы «тарихи-антропологиялық төңкеріс» деген атауменен ғылыми танымда ерекшелене бастағанын айтады.

Түйін сөздер: демократия, демократиялық үрдістер, саясаттану пәні, тарихи, әлеуметтік, мәдени, психологиялық, этнографиялық, философиялық, құбылыс, зерттеу
Нақтылы бүгінгі тарихи ғылыми көзқарастар мен түсініктер, тұжырымдар мен бағыттар тұрғысынан алғанда да, методологиялық және тарихнамалық жағынан алғанда да «демократия» «демократиялық үрдістер», «жаңартулар» (модернизациялау), «азаматтық қоғам» – тарихи білімдердің ерекше саласы, оның басты зерттеу пәні сан-қилы тарихи-мәдени, саяси-оқиғалық, этникалық және конфессионалдық мәнмәтіндегі (контекстегі) адамның үйреншікті, әдеттегі іс-әрекетінің аясы болып табылады. Олардың тарихын зерттеуде басты назар әртүрлі әлеуметтік топтардың өмірінде үнемі қайталанып отыратын, қалыпты және үйреншікті, олардың өмір сүру тәсілдері мен дағдысын, оған қоса айтқанда өмірлік құбылыстар мен оқиғаларға және мінез-құлықтар сарынына, осы үдерістер жүзеге асырылып жатқан қоғам, қоғам дамуы, оған тікелей ықпал ететін адамдардың тарихи санасы деген күрделі тұстары мен қырларын да кешенді түрде зерттеуге аударылады.

Демократиялық үрдістер түсінігінің тарихилығын қарастыруда, ең алдымен, оның саясаттану пәнінде берілетін анықтамасын басшылыққа аламыз. Дегенмен, оның тарихи-саяси аспектісінде қарастыруда тарих ғылымындарының мақсатына сай қоғамның дамуындағы тарихи үдеріс ретінде зерттеу нысанына аламыз. Сол үдерістердің адамзат қоғамындағы алатын орны мен тәжірибесін, бүгінгі қоғамдағы атқаратын қызметіне талдау жасаймыз. Ал оның мазмұнын ашу үшін жалпы демократия сөзі және түсінігінің шығу тарихына көз жүгіртуіміз қажет.

Қолданыста көп кездесетін орыс тіліндегі «демократия» сөзінің түсініктері сөздікте былайша беріледі: «демократия» (греч. Народ и сила, власть) – одна из форм власти, характеризующаяся официальным провозглашением принципа подчинения меньшинства большинству и признанем равноправия свободы и равноправия граждан» [1]. Дәл осы сөздікте демократияның тарихи дамуын үнемі есте ұстаудың қажеттілігі ең алдымен қоғамдық-экономикалық формацияның ауысуына, таптық күрестің сипаты мен шиеленісуне байланысты деп көрсетілген. Сондай-ақ буржуазиялық және социалистік демократияның ерекшеліктеріне де түсіндірме беріледі [1, 119-120-бб].

Ал кеңестік энциклопедиялық анықтамада «Демократия – греч. demokratia, буквально – народовластие, от demos – народ и kratos – власть», форма политической организации общества, основанная на признании народа в качестве источника власти, на его праве участвовать в решении государсвенных дел и наделении граждан достаточно широким кругом прав и свобод. Демократия в этой связи выступает прежде всего как форма государства» [2] деп беріледі. Ал шығыстық ілімдерде: «Демократия – бұл саяси құрылымның жүйесі, оның негізіне мынанадай ережелер кіреді: адам мемлекеттің «иесі»; үкімет тікелей халықтың сайлауымен болады; мемлекеттің экономикасы адамдардың тұтыну мүмкіндігінен құрылады; халыққа қызмет ету оның еркімен келісімділікте жүреді; халық мемлекетті басқаруға қатысуға құқылы; мемлекеттік биліктің қайнар көзі халық болып табылады; халық – мемлекеттік басқарудың нысаны емес, ол мемлекетті басқаратын «ие» [3, с. 217],- деп берілген. Ресей Ғылым академиясының академигі А.А. Кокошиннің жетекшілігімен жасалған «Современная мирополитическая семантика» жобасының қатысушылары дайындаған «Концепции и определения демократии: Антология» атты жинақта ХVII ғасырдың басынан бастап бүгінгі күнге дейінгі ресейлік, батысевропалық, американдық и қытайлық әдебиеттердегі демократияның тұжырымдары мен анықтамаларының антологиясына көзжүгіртер болсақ демократия ұғымына қоғамның дамуына қарай анықтамалық-түсініктер беріліп отыратындығын байқаймыз [3].

Демократиялық үрдістердің формациялық және өркениеттік құбылыс ретіндегі түсінігін толық ашу үшін, алдымен демократия түсінігін жан-жақты талдап алуымыз қажет. онымен «Демократия» - түсінігі ол саяси ғылымда маңызды болып келетіндігін атап өттік. Демократия - дегеніміз:



  • бір қалыптасқан ұйымның түрі, мүшелерінің шешім қабылдауына тек қатысуына негізделген;

  • қоғамдық құрылымның идеалы және оған сәйкес әлем көзқарасы;

  • халық билігі және демократияның мақсаты мен идеалының жүзеге асуы үшін әлеуметтік - саяси қозғалыс.

Демократияны мемлекеттік құрылым ретінде зерттеушілер оның мынандай белгілерін баса көрсетеді:

  • қоғамда көптеген қызығушылыктармен мүмкіндіктердің бар болуы;

  • саяси институтқа - топтарға кепілденген жолы;

  • жалпы сайлау құқығы;

  • өкіметтік институттардың іс-әрекеттік бақылауы;

  • саяси нормаға қатысты көпшілік қоғамның келісуі;

- пайда болған шиеленістерді бейбітшілік жолмен шешу [4].

Сондай-ақ демократияның анықталуы мен пайда болауы және сақталуының басты көрсеткіштері: Біріншіден, экономикалық дамудың биік деңгейі. Даму қорытындысы бойынша тұрақты экономиканың өсуі ең соңында демократияға әкелетіндігін көріп отырмыз. Екіншіден, қоғамда толеранттылықтың болуы, саяси азшылықтың құқығымен санасу және құрметтеу. Үшіншіден, қоғамның базалық құндылығына, тең құқығына қатысты келісімінің болуы десек, төртіншіден, халықтың, бұқараның саяси қатысушылыққа ұмтылысының басты көрінісі - сайлау түрінде байқалады.

Демократия «нысаны» (формасы) және демократия «үлгісі» туралы түсініктерге жалпылама тоқталар болсақ, жоғарыда көрсетілген белгілерге сай келетін кез келген саяси жүйені «демократия нысаналары» дейміз. Ал «демократия үлгісі» ұғымын алғаш зерттеушілер К.Б. Макферсон, Д. Хэлдпен ғылыми айналымға ендірілген. Олардың тұжырымдамасы бойынша «Демократия үлгісі дегеніміз демократия нысандарының негізгі элементтерін, оның негізін құраушы қатынастар құрылымын табуға және оны түсіндіруге бағытталған теориялық конструкциялар» [5], – деп беріледі.

Демократия нысандары – классикалық және либералдық деп бөлінетіндігін саясаттану ғылымына бәрімізге жақсы таныс. Демократияның классикалық формасы көне Грецияда калыптасқан. Қала-мемлекеттердің (полис) кішігірім территориясы тұрғындардың жеке және тығыз таныстығын, әрі өзара қарым-қатынасын қамтамасыз еткен.

Либералдық демократия белгілеріне келетін болсақ, онда ол классикалық демократияның қарама-қарсы түрі.

Қазіргі либералдық демократия алғышарттары XVII ғ. Батыс Еуропада конституция идеясының пайда болуымен және оның тәжірибесімен байланысты қалыптасқан. Бұл, біріншіден, билікті жүзеге асыру процедурасы тұрақты негізде құрылуы қажеттігін; екіншіден, басқару функцияларын бір қолда шоғырландыруға мүмкіндік бермеу керектігін білдірді.

Сонымен, қысқаша қайырғанда, демократия үлгілері - жалпы демократия формалары стихиялы түрде, мемлекеттік басқарудың тәжірибелік талаптарынан туындайды. Ал демократия үлгілеріне келетін болсақ, онда жағдай тіптен басқаша. Демократия үлгілері теориялық құрылымдар болғандықтан олардың өз авторлары да бар. Әртүрлі кезеңдерде қалыптасқан демократия тұжырымдарының ортақ негізі халықтың саяси билікке араласуы немесе қатысуы мәселесі болып табылады.

Демократиялық саяси жүйе – демократиялық тәртіпке негізделген басқару түрі болғандықтан, соның негізінде – адамның бостаңдығы, құқық кепілдігі қорғалатындығын бүгінгі қазақстандық демократиялық үрдістің даму барысынан анық көреміз.

Батыс зерттеушілері демократиялық тәртіптің немесе жүйенің келесі басқару түрлерін:


  1. Президенттік;

  2. Парламенттік;

  3. Жартылай президенттік жүйе (режим) деп жігін ажыратып көрсетеді.

Президенттік түрінде парламенттің заң шығарушылық қызметі президенттің ікелей қатаң бақылауында болады және үкіметті де өзі құрады, заңға вето салуға және заң шығаруға, құқығы бар, парламентті таратуға және парламенттік сайлауды мерзімінен бұрын жариялауға құқығы бар және т.б. Сондай-ақ мұнда билікті бөлу қағидаты толығымен қарастырылады және басшылыққа алынады. Оның классикалық түрі АҚШ-та қолданыста.

Ал Парламенттік режимде толық заңшығарушы билік Парламенттің қолында болады, мемлекет басшысы монарх немесе Парламентпен тағайындалған Президент болу мүмкін. Бұл жүйеде Парламент Президент ветосын қабылдамауға, оны орнынан алуға; Президент басқарып отырған Үкіметтің үстінен бақылау жүргізуге құқығы бар, билік бөлу приициптерінің өзара тығыз байланыстығы да байқалады.

Міне осылайша демократия түсінігіне біраз талдау жасап алдық. Ендігі кезекте, демократияландырудың ғылыми-теориялық мәселелеріне тоқталсақ.

Қоғамдағы саяси үрдістің, қазіргі уақытта көптеген зерттеушілерді қызықтырып отырған күрделі мәселесі – демократияландыру үдерісі екендігі ашық мәселе. Себебі, қоғамды демократияландыру саяси үрдістің маңызды түрі. Өздеріңізге белгілі өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бермен қарайғы он жылдықтар авторитарлық жүйелердің құлатылуына байланысты, көптеген мемлекеттерде, әсіресе кешегі социалистік жүйе орнына өз тәуелсіздігін алған жа мемлекетерде демократиялық институттардың орнығуларымен сипатталып отыр. Танымал американдық ғалым С. Хантингтон бұл үрдісті, көптеген елдерді қамтыған демократияландырудың үшінші толқыны деп көрсетеді. Сондай-ақ ол осы үрдісті әлемдік демократиялық төңкеріс ретінде сипаттай отырып, 90-шы жылдардың бас кезіндегі «демократияны» кез-келген авторитарлық жүйе (режим) түріне баламалы (альтернативті) жалғыз легитимді және өміршең құбылыс ретінде қарастырды [6].

Әйгілі зерттеуші С. Хантингтонның пікірінше, демократияландырудың бірінші толқыны, XIX ғасырда АҚШ-тағы демократиялық қағидалардың таралуымен байланысты. Бұл үрдіс 1826 жылы басталып бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына (1926) дейін созылды, бірақ одан кейін демократиялық үрдіс біршама тежелді. Алғашқы тежеліс – 1922-1942 жылдар аралығын қамтиды. Демократияландырудың екінші толқынын, бастапқыда Батыс Германияда, Италияда, Жапонияда ұлттық-социализмді жеңуімен байланыстырады да, оның мерзімін 60-шы жылдардың орта кезеңіне дейін (1943-1962) деп белгілейді де, екінші толқынның тежелуі 1954 пен 1974 жылдар аралығын қамтиды.

Ал 1974 жылдан бері қазіргі замандық демократияның үшінші толқыны басталады. Демократияландырудың үшінші толқыны Оңтүстік Европаның Испания, Греция сияқты елдерінен, содан кейін Латын Америкасына қарай таралды. Барынша қарқынды да қанатын кең жая алған демократияландырудың осы үшінші толқыны өткен ғасырдың 80-ші жылдардың ортасынан бастап Азияның бірқатар елдеріне, Европаның Орталық және Шығыс елдеріне, ал одан барып ҚСРО елдеріне кеңінен таралып кетті.

Дегенмен, С. Хантингтон күткендей және сол жолға түскен елдердің саяси даму тәжірибелері көрсеткендей, демократияландырудың үшінші толқыны барлық елде бірдей нәтиже берген жоқ. Өмір шындығы көрсеткендей, кейбір елдердегі демократияландыру үдерістері демократиялық жүйені енгізе алған жоқ. Мысалға, негізінен бұрынғы КСРО құрамындағы республикалардың барлығында бірдей демократиялық жүйе орнатылмады. Бұдан байқайтынымыз, демократияландыру үрдісінің өте күрделі де қарама-қайшылықтары толы үрдіс екендігі. Зерттеу барысында байқағанымыз, көптеген қоғамтанушы зерттеушілер демократияландыру үрдісінің толқын түрінде келіп тұратын сипатымен толықтай келісетіндігі. Сондай-ақ олар, «үшінші толқынның» өзіндік біршама ерекшелігі бар екенін дәлелдейді. Айырмашылығы:


  1. нәтижелердің ерекшелігі: үшінші толқынның «демократиялық ағымы» көп жағдайда нығайып біріккен демократиямен ұласпайды;

  2. трансформацияланушы саяси режимдердің алғашқы басты сипаттарының өзгешеліктері: классикалық авторитаризмнен Латын Америкасындағы әскери хунтаға дейін және Шығыс Европа елдеріндегі посттоталитарлық режимдерге дейін ұласуы;

  3. біршама ыңғайлы халықаралық мәнмәтіннің болуы [7].

Бүгінгі таңдағы қоғамдық ғылымдардың қай саласында болмасын демократияландыру үрдісін зерттеудің, оның мазмұны мен факторларын түсіндірудің түрлі баптары бар. Сондықтан болар, барлық қоғамтанушылар секілді бізде саяси ғылымдардағы басты түсініктерге және саясаттанушылар пікіріне жүгінеміз.

Осы саланың білгір маманы Ю.В. Мельвиль демократияландыру теориясын екі түрлі баптың шеңберінде қарастыруды ұсынады: біріншісі - құрылымды факторлардың талдануына сүйенетін - құрылымды бап; ал екіншісі - процедуралық факторларға бағытталған - процедуралық бап [8].

Алғашқы құрылымдық баптың белгілі өкілдері болып табылатын С. Липсет, Г. Алмонд, С. Верба, Р. Инглхарт, Л. Пай секілді т.б. зерттеушілер кейбір әлеуметтік-экономикалық және мәдени факторлар арасындағы тәуелсіздікпен түрлі елдердегі демократиялық жүйенің орнығуы мен сақталу мүмкіндіктерін анықтауға тырысады.

Аталмыш тәуелділік қоғамды демократияландырудың құрылымдық басты себебі ретінде саналады. Толығырақ түсіндіргенде, саяси үрдіске қатысушылардың субъективті ниеті мен әрекеттері емес, ол әр түрлі объективті қоғамдық құрылымдардың ықпалдарының алғы шарттары болып табылатындығында. Сондықтан, демократияның құрылымды алғы себептері ретінде негізгі үш тұрпат белгіленген:

1) ұлттық бірлік пен оған сәйкес ұқсастықты иемдену;

2) айтарлықтай жоғары деңгейлі экономикалық дамуға жету;

3) демократиялық қағидаттарды тануды көздейтін, негізгі саяси институттарға сенетін, өзара сенім мен азаматтық сезім, түсінік сияқты мәдени нормалар мен құндылықтардың кеңінен таралуы [9].

Жоғарыда айтылған, демократия шарттарының ішінен, барлық зерттеушілер тек біреуіне ғана еш күмән келтірмейді – ол, демократияға апаратын ұлттық бірлік пен ұқсастық. Соңғы екі шарт туралы өзара пікір келіспеушілігі мен сын-пікірлер баршылық.

Демократияның пайда болуының шарты ретінде қажетті мәдени құндылықтардың болуын сипаттай отырып, олардың ең алдымен тұрақты да орнықты демократияның қалыптасуына тиімді жағдайлар жасайтынын ескеруіміз де қажет.

Зерттеушілер Х. Линц пен А. Степанов, белгілі бір қайта құрудың соңғы қорытындысы ретінде бірнеше факторларды көрсетеді:

1) мемлекет пен тәуелсіз қоғамдық таптар мен бірлестіктердің өзара әрекеттестігін қамтамасыз ету арқылы азаматтық қоғамды қалыптастыру;

2) демократиялық процедуралар мен институттарды дамыту;



  1. құқықтық мемлекетті дамыту;

  2. жаңа демократиялық биліктің мақсатына қолдануына болатын тиімді мемлекеттік аппарат пен бюрократияның пайда болуы;

  3. мемлекет пен нарықтың арасында дәнекер болушы әлеуметтік институттар мен нормалар жүйесін жасау арқылы экономикалық қоғамды дамыту [10].

Демократияның теоретиктері қатарында Ж.-Ж. Руссо, Дж. С. Милль сияқты зерттеушілерді де жатқызамыз. Ж.-Ж. Руссоның демократия теориясы көбінесе қатысу теориясы, яғни адамдардың саясатқа қатысуы болып табылады. Оның пайымдауынша, қатысудың тұтастай құрылымының анықтамасы оның демократия теориясының негізгі сарынын жасап шығарудың, нақтырақ айтқанда: жеке тұлғалардың әлеуметтік-саяси мінез-құлықтарының сипаты мен мазмұнына деген демократиялық қатысудың ықпалы жайындағы мәселенің алғышарты ғана болып табылады [11]. Сонымен қатар, Ж.-Ж. Руссо демократияны толық мағынасында жүзеге асыру үшін бірнеше жағдайлардың қажеттігін көрсетеді: ең алдымен, мемлекет көлемі кішігірім болуы керек, себебі оның азаматтары бір-бірімен етене таныс болып, басқару мәселелерін шешу мақсатында бір жерге жинала алуы керек; екіншіден, өмір сүрудегі қарапайымдылық, ол істердің қордаланбауына және шешілуі қиын дау-жанжалдардың сирек болуы үшін қажет; үшіншіден, қоғамдық және мүліктік жағдайдағы теңдік. Және де Ж.-Ж. Руссо халықты екіге бөліп қарастырады: саяси ақылды жеткізуші халық; саяси артта қалушылыкты сақтаушы халық. Мінеки, осылай ол өзінің тікелей халықтық басқаруға қарама-қайшы заң шығарушы – көсем, халық тәрбиешісі ұғымын ендіреді. Жалпы алғанда, Ж.-Ж. Руссо, пікірі бойынша, демократия - мемлекеттік механизм ғана емес, сонымен катар адамдарды жетілдіру, олардың мүмкіңдіктерін дамыту.

Батыстық ғалым Й. Шумпетер өзінің демократиялық теориясында азаматтардың үкіметке жүргізетін бақылауы тек сайлаумен ғана шектелмей, сондай-ақ басшылықты саяси биліктен айыру құқығымен де байланысты екендігін көрсетеді. Ол халықтың бірегей және монолитті еркін басшылыққа алуға талпыну нағыз демократиялық саясаттан алшақ екендігін атап көрсетеді [12]. Й. Шумпетер ұсынған демократиялық теория саяси зерттеулерде азаматтардың саясатқа қатысу феномені мен сәйкес институттарды алдыңғы қатарға шығаратындығына көз жеткіздік.

Демократияның ең тұщымды да беделді тұжырымдамалары американдық ғалым Р. Дальдың тұжырымдамасы болып табылатындығы барлық қоғамдық ғылымдарда дәлелденген. Оның демократияны полиархия ретінде қарастыруы демократиялық қатысу институты жайындағы өте маңызды ой-пікірлерді қамтиды. «Демократия теориясына кіріспе» [13] деп аталатын және басқа да еңбектерінде Р. Даль демократиялық саясаттың мәнін құрайтын сипаттамаларды ұсынады. Ол да Й. Шумпетер сияқты демократияны белгілі бір саяси технология ретінде қарастырады, ал демократияның басты сипаттамалары болса сайлау үдерісін қалыптастыратын институттар жиынтығын құрайды дейді. Америкаңдық ғалым өз зерттеулерінде «Демократиялық теория, - деп жазады, - қарапайым азаматтардың жетекшілерді айтарлықтай жоғары деңгейде бақылау процесін зерттеуге бағытталған» [13, 63-б.].

Ал, италиялық зерттеуші Дж. Сартори өзінің «Демократиялық теория» атты еңбегінде көбіне полиархия тұжырымдамасына ұқсас демократия теориясын ұсынады. Ғалым тұжырымдамасының басты айырмашылығы - оның демократиялық жүйелердің тұрақтылық мәселесіне ерекше баса назар аударатындығында болса керек. Дж. Сарторидің ойынша, демократиялық идеал саяси тәртіптің ең басты деген негіздемелерін бағалаудың дерексіз белгісі қызметін атқара алады, алайда оны шын мәнісінде қолдану әрекеттері айтарлықтай шектеулі болуы қажет дейді. Бірақ демократиялық жүйе орнығып, тұрақтылыққа ие болғаннан соң-ақ, идеал екінші орынға шығуы керек деген пайымдау жасайды [14].

Ал қазақстандық белгілі философ ғалым, академик Ә.Н. Нысанбаев өзінің «Тәуелсіздік. Демократия. Гуманизм» атты монографиялық еңбегінде жаһандану дәуіріндегі нарықтық экономика мен демократиялық үрдістерге негізделген азаматтық қоғам құру жолындағы тәуелсіздік, демократия және гуманизм ұғымдарын өз ара тығыз байланыстыра отырып мәселені тереңінен қарастырады. Академиктің тұжырымдамасы бойынша: «Демократияландыру процесінде мемлекеттік өкімет билігі институттары мен қоғамның саяси мәдениетін жетілдіру ерекше рөл атқарады. Қазіргі қоғамдық дамуға тән нәрсе - қоғамның неғұрлым ашық бола түсуі және адамның құқықтарын құрметтеуге мән беруі. Құқықтық мемлекет жағдайында ең алдымен құқықтық заңдардың, соның ішінде әсіресе, негізгі заң ретінде Конституцияның басымдығы сөзсіз қамтамасыз етілетін болуы тиіс. Одан соң әрбір адамның, азаматтың, әртүрлі ұжымдар мен ұйымдардың бостандықтары мен құқықтарының заң жүзіндегі кепілдіктері туралы сөз етуге болады. Бұл жерде жеке меншік құқығын мойындап, танудың айрықша мән-мағынасы бар. Өйткені онсыз орташа тапты қалыптастыру, экономиканың нарықтық үлгісін дамыту мүмкін емес. Ал, мемлекеттік өкімет билігі институттарының жүйесі бүкіл саяси организмнің жалпыадамзаттық қазыналарға, демократияға, гуманизмге және жеке адамның бостандығына сәйкес қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етуі керек» [15].

Қазіргі демократиялық үрдістер ашық белең алған тұста азаматтардың құқығы мен бостандықтары да барынша кеңейген сайын, демократия идеалдарын тарату, демократиялық институтарды енгізу мен пайдалану, осылармен қатар тәуелсіз баспасөзді пайдалану, өз өкілдерін жергілікті өзін өзі басқару органдарына сайлау, сондай-ақ парламентке депутаттар жіберу мүмкіндіктерінің де молая түсуі қазақстандық демократиялық үрдістер үлгісінің өркениеттік құбылыс ретіндегі түсінігін тереңдете түседі.

Адамзат қоғамы, қалыптасуы мен дамуы, ондағы болып жатқан өзгерістер, үрдістер мен үдерістер барлық қоғамдық ғылымдардың зерттеу нысаны болса да, әр ғылыми сала өзінің ерекше зерттеу нысанын таңдап алады. Мысалы, осы демократиялық үрдістердің өзін тарих ғылымының зерттеуі - оқиғалардың шығу себептері, дамуы, салдары мен тәжірибесін алса, саясаттану ғылымы – мемлекеттік-саяси билік жүргізу жақтарын, экономиканың зерттеуі - өндіріс пен өндірістік қатынастарға, тұтыну мәселелеріне ықпалын, әлеуметтану ғылымы – қоғамдағы болып жатқан өзгерістердің әлеуметтік мәселелерімен тығыз байланысты. Яғни, әрбір қоғамдық ғылымдардың өзіндік зерттейтін мәселелері осылайша бөлініп алынады.

Демек демократияландыру үрдісі барлық қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарға ортақ зерттеу пәні ретінде қоғамды тұтас қарастырады деп айта аламыз.

Демократияландыру үрдісінің ортақ пән ретіндегі бір ерекшелігі сол, олар біртұтас кешенді сипатта болады да, оған талдау мен сипаттама беру де саяси-экономикалық, саяси-әлеуметтік, саяси-мәдени, тарихи-саяси жағынан біртұтастықта қарастырылады. Бұл бүгінгі қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың кешенді түрде сабақтастықта дамуының дәлелі бола алады. Өйткені, өздеріңізге белгілі жеке адам, тап, ұлт, демографиялық, кәсіптік топтар әрқашанда қоғамдық қатынастардың барлық жиынтығының субьектісі болып табылады. Сондай-ақ аталмыш өзара қатынастар мәселелері субьектілермен бірге біртұтас қоғамдық өмір және оның даму заңдылығы болып табылады.

Осыған орай демократиялық үрдістердің өркениеттік құбылыс ретінде сипатын қазіргі қоғамның мемлекеттік-саяси құрылысының өмір сүруі мен дамуының жалпы және ерекше әлеуметтік заңдылықтары жайлы адамдар мен олардың бірлестіктерінің өзара қарым-қатынастарында іске асырудың жолдары, формалары, әдістері жиынтығында, қоғамда жүзеге асырылып отырған демократиялық реформалардың тұрақтылығы мен өміршеңдігінің қазақстандық үлгісінің шеңберінде айқын көруге болады.

Көптеген елдердің қоғамтанушылары соңғы 25 жылда тоталитарлық және авторитарлық жүйелердің демократиялық жүйеге ауысу мәселелерін зерттеу нәтижесінде қазіргі замандық саясаттанудың бағыттарына көптеген өзгерістер енгізді. Қазіргі қоғамдық-саяси жүйе ретінде көрініс беріп отырған демократияның әлсіз және қайшылыққа толы екеніне байланысты біршама сындардың айтылып жүргені анық. Себебі, жалпы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарды алмаған күнде, тек бір ғана саяси ғылымдардың өзінде ғана демократияның бес жүзге жуық анықтамасы кездеседі екен. Онын себебі демократия туралы ілімдер сантүрлі қағидаттарға негізделеді. Сондай-ақ олардың көпшілігі көпұлттық мемлекеттердегі этникалық жағынан туындайтын мәселелерді ескере бермейді. Мысалы, қазіргі Украинада орын алып отырған саяси жағдай осының жарқын айғағы болып табылады. Қазіргі заманда көпұлтты елдерде демократиялық үрдістердің әртүрлі болатындығына сонымен қатар, сонау 1989 жылы шығыс Европаның біраз елдері тоталитарлық жүйеден демократиялық үрдістерге көше бастаған тұста да анық сезілген болатын.

Тәуелсіздікке қол жеткізген тұстан бергі еліміздегі жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық құрылымды жаңаша құру, жеке тұлғадан бастап азаматтарды және азаматтық қоғамды әлеуметтендіру жаңа сипат алуда. Қазақстан Республикасындағы саяси реформалардың жүргізілуі, әлемдік аренада қоғамды қазақстандық демократиялық реформалармен, былайша айтқанда, жаңартулар, яғни модернизациялаудың өзіндік ерекшелігі бар екендігін көрсетуде.

1995-2004 жылдары елімізде толығымен жаңарту үдерістері қоғамды демократияландыру үрдісімен тығыз жүзеге асырыла бастады. Осы жылдар ішінде еліміздің мемлекетік аппарат құрылымы жаңарды, сонымен қатар құқықтық мемлекет пен азаматтык қоғамның қалыптасуы қатар жүрді. Оның бастауында тұрған Қазақстан Республикасының Ата Заңы - Конституциясында елімізде еркіндік пен демократияға, бостандықтар мен кұқықтарға ерекше мән берілді. Қазақстандық қоғамды демократияландырудың рухани үлгісі толыққанды қалыптасты.

Сонымен демократияландыру үрдісінің формациялық және өркениеттік ерекше құбылыс екендігіне, оның тарихи-саяси аспектісін анықтау барысында көз жеткізгеніміз Қазақстан Республикасының азаматтық қоғамды демократияландыру жолындағы ұстанған саясаты тарихи қажеттіліктен туындаған объективті құбылыс. Дәл қазір Қазақстан қоғамы азаматтық қоғамды калыптастырудың бастауынан нақтылы шараларды жүзеге асыруға толықтай ауысты.

Мұндай нақтылы шаралардың бастамасы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 1998 жылдың 29 қыркүйегінде Қазақстан халқына «Елдегі жағдай, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары: жаңа ғасырда қоғамды демократияландыру, экономикалық және саяси реформа» жолдауында: «Тарихтың даму жолы елдің экономикалық және саяси дамуы қол ұстаса қатар жүруі керектігін, қосыла келіп, ғажап үн шығаратын скрипка мен виолончель сынды бірге тыныстауға тиістігін дәлелдеген үстіне дәлелдей түсуде.

Қазақстан үшін экономикасы дамыған ерен ел болу аздық етеді. Қазақстан демократия мен адам құқықтарының жақтаушысы әрі сенімді символы болуға тиіс.

Сіздерді мынаған сендіргім келеді: бұл айтқаным - болашаққа тілек қана емес, бұл - бүгінгі күннің көкейкесті міндеті.

Бүгінгідей тарихи күнде мен сіздерге қоғамды демократияландыру мен саяси реформалардың бағдарламасын ұсынамын, мұның өзі бізді ұлттық тарихымыздағы жаңа белеске алып шығатын шешім болмақ.

Қазақстандағы саяси реформалардың өзегін демократияландыру мен саяси ырықсыздандырудың негізгі жеті буыны құрайды» [16], – деп көрсетуінен бастау алғандығы ақиқат. Осы Жолдауда Президент атап көрсеткен жеті буын мыналарды қамтиды: 1) «Біріншіден, сайлау процесі адал, кең ауқымды болуы және кандидаттар мен сайлаушылардың оған белсене қатысуына жағдай жасауы тиіс»; 2) саяси партиялардың қоғамдағы орнын бекіте түсу «демократияны дамытуға бағытталған қуатты қадам» болып табылатындығы; 3) «Сенат пен мәжілістің барынша нығаюына, олардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, Қазақстандағы биліктің орнықтылығы мен сабақтастығына ұмтылуымыз керек»; 4) «Демократияландырудың төртінші, маңызды буыны - азаматтық қоғам құрудағы Үкіметтен тыс ұйымдардың рөлін күшейту»; 5) демократиялық қоғамның негізгі бір нышаны -тәуелсіз сот»; 6) «еркін, цензурадан азат, тәуелсіз баспасөзді қалыптастыру»; 7) «Қоғамның өркениеттілігі әйелге деген қарым-қатынасынан көрінеді» [16].

Осылайша ғасырлар тоғысы қарсаңында еліміздегі экономикалық, саяси және әлеуметтік-мәдени өзгерістерді демократияландыру мен терендете түсудің тиімді де жаңаша жолдары белгіленген.

Президенттің Жолдауында мемлекетті өкімет билігінің үш тармағын -атқарушы, заң шығарушы және сот билігін одан әрі жетілдіре түсудің, көппартиялық жүйені қалыптастырудың және жергілікті басқару жүйесінің ауқымын кеңейтудің аса маңызды міндеттері көрсетілген. Нақтылы мақсат пен міндет айқын - еліміздегі саяси жүйені өзгерту туралы болып отыр. Әлеуметтік және саяси тұрақтылық, еркін және алуан пікірлі бұқаралық ақпарат құралдары, тәуелсіз соттар, үкіметтік емес және әйелдер ұйымдарының азаматтық қоғам құрудағы халықтың демократиялық саяси мәдениетін арттырудағы атқарушы рөлі, мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдар арасындағы салауатты бәсеке - қазақстандық қоғамды демократияландыруға тән сипаттар, міне, осылар екендігі тарихи ақиқат.

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай қазақстандық қоғамды демократияландыру үрдісінің ауқымы да, түсінігі де, мазмұны да кең. Жиырма бірінші ғасыр табалдырығын біз осындай күрделі міндеттерді шешу арқылы ел экономикасы мен саяси ахуалының тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, батыл да нық сенімдермен аттаған болатынбыз.



Тәуелсіздік қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған асыл мұраты болатын. Ата-бабаларымыз қанын да, жанын да аямай, қанша арпалысса да, жете алмай кеткен қастерлі мақсатқа біздің ұрпақ ХХ ғасырдың аяғында дау-дамайсыз қол жеткізді. Әлем жұртшылығы халқымыздың дербес елдігін таныды, демократиялық мемлекет құрдық, ұлттық мемлекеттің барлық атрибуттары қалыптасты. Рухани бостандық, ой еркіндігі, халықтың рухани әлемі, ұлттық философия мен ұлттық тарих, қазақ ұлтының сонау көне сақтар мен ғұндар заманынан бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен ұлы жолын өркениеттік әдіснама тұрғысынан тереңірек зерделеу тәуелсіз және егемен Қазақстан жағдайында ғана мүмкін болды. Тек тәуелсіздік пен егеменділік жағдайында ғана Қорқыт ата, әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, т.б. ғұлама ойшылдар мен гуманистік көзқарас, қазақтың дәстүрлі дүниетанымы туралы бүкпесіз айтуға, айтып қана қоймай, жүйелі түрде зерттеуге халқымыздың бай рухани мұрасын игере отырып, ұлттық өзіндік сананы қалыптастыруға, біртұтас ұлт болып ұюға мүмкіндік алдық. Бұл орайда ендігі алдымызда тұрған келелі міндеттердің бірі – халқымыздың ежелгі тарихи, мәдени және рухани әлемінің тереңнен тартқан тамырларын анықтап, оларды қопара зерттеп, әлеуметтік-қоғамтанулық тұрғыдан біртұтас жүйеленген ұлттық және теориялық жағынан ұғынылған тарихымызды жасап шығу.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


  1. Философский словарь / под. Ред. М.М. Розенталя и П.Ф. Юдина. – М.: Изд. Политлитературы, 1963. – С.11-120.

  2. Большая советская энциклопедия. – М.: Советская энциклопедия, 1969-1978; Советский энциклопедический словарь. - М.: Советская энциклопедия, 1980. – С. 378.

  3. Концепции и определения демократии: Антология / Ред.-составитель и автор предисловия А.В. Фененко. – М.: Комкнига, 2006. – 224 с.

  4. Ильин М.В. Ритмы и масштабы перемен. О понятиях «процесс», «изменение» и «развитие» в политологии. - Полис, 1993. - № 2. - С 57-58.

  5. Хэлд Д. Модели демократии – пер. с англ. М. Рудакова. – М.: Дело, 2014. – 540 с.; Хэлд Д и др. Глобальные трансформации: политика, экономика, культура. / Пер. с англ. В. В. Сапова и др. - М.: Праксис, 2004. - 576 с.

  6. Хантингтон С. Столкновение цивилизаций. - М.: ООО «Издательство АСТ», 2003. – 603, [5] с.

  7. Хантингтон С. Третья волна. Демократизация в конце XX века / Пер. с англ. - М.: «Российская политическая энциклопедия» (РОССПЭН), 2003. - 368 с.; Хантингтон С Будущее демократического процесса: от экспансии к консолидации // Мировая экономика и международные отношения. - 1995. - № 10.

  8. Мельвиль А.Ю. Демократические транзиты. Теоретико-методологические и прикладные аспекты. - М.: Московский общественный научный фонд, 1999. – 105 с.

  9. Теория политической модернизации / Политология: Учебное пособие.  Ставрополь. 2006 [электронный ресурс]. URL: // http://all-politologija.ru/knigi/politologiya-uchebnoe-posobie/ (дата обращения 12.03.2014)

  10. Линц X., Степанов А. Государственность, национализм и демократизация // Полис. - 1997. - №5.

  11. Руссо Ж. Ж. Трактаты. - Москва. 1969. - С. 178-180.

  12. Шумпетер Й. Капитализм, социализм и демократия. - Москва, 1995. – С. 238-247.

  13. Даль Р. Полиархия, нлюрализм и пространство // Вопросы философии. – 1994. - №3. - С. 37-48.

  14. Сартори Дж. Вертикальная демократия // Полис. - 1993. - №2. - С. 80-89.

  15. Нысанбаев Ә.Н. Тәуелсіздік. Демократия. Гуманизм. – Алматы: Философия және саясаттану институты, 2006. – 78-б.

  16. Назарбаев Н.Ә. «Елдегі жағдай, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары: Жаңа ғасырда қоғамды демократияландыру, экономикалық және саяси реформа» атты Қазақстан халқына Жолдауы // Егемен Қазақстан. – 1998. – 30 қыркүйек.





Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет