Табиғаттың бiртұтастығы идеялары жаратылыстану пәндері мазмұнының Ғылыми негiзi



жүктеу 71.6 Kb.
Дата29.04.2017
өлшемі71.6 Kb.
ТАБИҒАТТЫҢ БIРТҰТАСТЫҒЫ ИДЕЯЛАРЫ – ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ПӘНДЕРІ МАЗМҰНЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ НЕГIЗI
Карбаева Ш.Ш.

Абай ат. ҚазҰПУ Жаратылыстану және география институты, Алматы қ., Қазақстан

karbaevash@mail.ru
Жаратылыстану пәндері білім беру жүйесінде маңызды табиғат заңдарын, қоғамның материалдық өмірін, әлемнің қазіргі заманғы ғылыми бейнесін танып білудегі географиялық, биологиялық, физикалық және астрономиялық, химиялық білімдердің рөлі арқылы анықталады.

Қазіргі кездегі жаратылыстану пәндері теориялық жағынан дами келе, география ғылымындағы ғаламдық мәселелер, геоэкология, географиялық зерттеулердің қазіргі тәсілдері (картография, геохимия, палеография, геожүйелік мониторинг т.б.), әлеуметтік және демографиялық жағдайлар, Жер және Дүниежүзілік мұхит қойнауындағы құбылыстардың; биология ғылымындағы тірі ағзаның тұқым қуалаушылығы мен өзгергіштігінің генетикалық негіздерін молекулалық және жасушалық деңгейде зерттеу, медициналық генетика, молекулярлық биология, биожүйелеу, өсімдік пен мал шаруашылығы, фармокология салаларының; химия ғылымы бойынша Жер қойнауындағы химиялық құбылыстар аумағындағы химия ғылымының зерттеу объектілерінің елеулі түрде кеңейе түсуі; іргелі физикалық жаңалықтар яғни, арнаулы және жалпы салыстырмалық теориясының, кванттық механиканың, элементар бөлшектер физикасының ашылуы дүниенің ғылыми көрінісіне, негізгі зат, кеңістік және уақыт заңдылықтарына біздің көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге әкелді.

Жалпы ғылыми дүниетаным туралы қазіргі түсініктер табиғат, қоғам және адам туралы танымдық білімді, сондай-ақ олардың бір-бірімен байланысы мен дамуын философиялық, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, жаратылыстану-ғылыми, техникалық және басқа да тұрғыда жоғары деңгейде қорытындылап, жүйелейді. Әртүрлі ғылым салаларын саралау нәтижесінде жалпы ғылыми дүниетанымның тұжырымдамалық жүйесі қалыптасады, мұнда басты рөлді философия атқарады. Философия мен жаратылыстану ғылымдары қандай да бір объективтік шындыққа жетуге бағытталған, ал жаратылыстану ғылымының дәлелдемелері қандай да бір философиялық негіздемені болжайды. Сондықтан қоғам мен биосфераның, адамның табиғатпен теңдігін қайтадан орнына келтіру мақсатында заманауи философтар жаңа коэволюциялық зерттеу тәсілдерін қолдануда (В.Д.Комаров). Ол ХХІ ғасыр өркениетінің жаңа парадигмасы ретінде қарастырылады.

Ғылыми-техникалық революция және ғылымның қоғамдық өндіргіш күштеріне айналу кезеңі жаңа бір ғылыми дүниетаным туралы ұғымның туындауына себеп болып отыр. Ғылыми дүниетаным ұғымы өз кезегінде жалпы ғылыми, жаратылыстану-ғылыми, қоғамдық-ғылыми дүниетаным ұғымдарын құрайды [1].

Жаратылыстану және оның нәтижелері мен әдістерін пайдаланатын қолданбалы ғылыми білім ғылыми-техникалық прогрестің негізі болып табылады. Жаратылыстану пәндерін зерделеу барысында алынған білім адам мүмкіндіктерін үздіксіз арттыра отырып, оның техникалық прогресс жолымен сенімді алға басуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ қоғамдық сананың дамуына ықпал етіп, қоршаған ортамен жарастықта болуға әрі онымен саналы қарым-қатынас орнатуға тәрбиелейді. Ол адамды рухани дамытумен қатар, оның дүниеге көзқарасын қалыптастырып, мәдени құндылықтар айдынында дұрыс бағыт алуға үйретеді.

Жаратылыстану пәндерінің мазмұнын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі оның іргелі ғылымдар қатарын құрауында. Жаратылыстану пәндері қоршаған табиғи ортаны адамның тіршілік ортасы ретінде сипаттайды, адамның іс-әрекетінің табиғатқа әсерін және адамның антропогендік өзгерістерге тәуелділігін, яғни жаратылыстану пәндерін ізгілендіруді ашып көрсетеді. Ол «табиғат-адам» жүйесімен тығыз байланысты.

Адамның өзін-өзі танып білуі қазіргі экологиялық жағдайдың күрт төмендеуіне байланысты ерекше маңызға ие, яғни адамзаттың биологиялық түр ретінде жойылып кету қауіптілігін көрсетеді. Осыған орай жаратылыстану пәндерін ізгілендіру екі түрлі жолмен: біріншіден, адамның іс-әрекетінің табиғатқа тигізетін әсерін, табиғатты тиімді пайдалануды, екіншіден, табиғаттағы антропогендік өзгерістердің адам организміне әсерін ашып көрсету арқылы жүзеге асырылады [2].

Адам мен қоршаған ортаның өзара байланысы, олардың бiрлiгi және табиғаттың бiртұтастығы туралы ортақ идеялар жаратылыстану пәндері мазмұнының ғылыми негiзi болып табылады, оның зерттеу нысандары ретiнде адам, қоршаған тiрi және өлi табиғат, техника және технология алынады. Жаратылыстану-ғылыми пәндерде қарастырылатын негізгі дүниетанымдық идеялардың бірі – табиғаттың біртұтастығы идеясы. Табиғат құбылыстарының өзара бір-бірімен байланысы туралы білім табиғаттың географиялық, химиялық, физикалық және биологиялық бейнесін, олардың бірлігі әлемнің жаратылыстану-ғылыми бейнесі ұғымын құрайды. Сондықтан жаратылыстану ғылыми-білімге логикалық-құрылымдық талдау жасау оның бiлiм мазмұнын құрайтын төмендегідей мазмұндық желiлерді (үзiліссiз тақырыптық жүйелер) ажыратады:

- объектiлер (нысандар) туралы ұғымдар: жалпы түсiнiктер, ұғымдарға бөлу, жiктеу, неғұрлым ұсақ түрлерге бөлу; объектiлердiң құрылымы; объектiлердiң қасиеттерi;

- объектiлердi сипаттайтын негiзгi заңдар мен заңдылықтар;

- объектiлердiң қатысуымен өтетiн процестер;

- объектiлердiң өзара әрекеттесуi;

- объектiлер мен процестердi ғылыми тану әдiстерi.

Бұл объектiлердi кiрiктiрiп (интеграция) оқыту білім алушылардың санасында дүниенiң бiртұтастығы туралы түсiнiк қалыптастырады және адам табиғаттың оған ықпал ететiн саналы құраушысы ретiнде қарастырылады [3]. Сондықтан кiрiктiрiлген объектiлердi оқыту бүгiнгi таңда адамзат алдында тұрған ғаламдық экологиялық мәселелердi шешудiң кешендi тәсiлдерiн құру мүмкiндiктерiне қол жеткiзуге, білім алушылардың өмiрлiк маңызды практикалық құзыреттерін шыңдауға жағдай жасайды

Жаратылыстану пәндері оқыту объектiлерiнен, сонымен қатар объектiлердiң өзара әрекеттесуi, процестер, ғылыми таным әдiстерi туралы жаратылыс-ғылыми және экологиялық бiлiмдерден құралады.

Жоғарыда қарастырылған тіршілік ету ортасындағы табиғаттың бірлігі мен дамуы идеясының мазмұнын жаратылыстану пәндеріне енгізу қажеттігіне көптеген ғалымдар қолдау көрсетіп, өз еңбектерінде оны әр қырынан зерделеуде. Мәселен, И.Д.Зверев: «Мектептік физика курсының экологиялық аспектісін күшейту табиғаттың бірлігін ашудағы оның рөлін арттыруға ықпал етеді, алайда оның қазіргі мазмұнында бұл мәселе көлеңкеде қалып қойған" – деген пікір айтады. Қоғам тарихы мен табиғаттың өзара байланысы мектепте оқытылатын жаратылыстану пәндерінде жеткілікті түрде ашылмаған, яғни физикалық теориялар уақыт пен тарихтан тысқары карастырылатын әлдебір тұйық жүйелер түрінде беріліп келген. Мәселен, Галилей-Ньютонның таным әдістері табиғат құбылыстарын басқа табиғаттан оқшау қарастырады.

Қоршаған табиғи ортаның географиялық, физикалық факторларының (температура, ауа ылғалдылығы, қысым, дыбыс қаттылығы, радиоактивтік т.б.) қалыпты нормалары туралы білім, сондай-ақ олардың адамның іс-әрекетінің нәтижесінде өзгеріске ұшырауы, олардың шамадан тыс ауытқуы (радиоактивтіктің артуы, қоршаған орта температурасының едәуір жоғарылауы немесе төмендеуі) биосферадағы үрдістердің ағымына теріс әсер ететіндігі нәтижесінде Жердегі тіршілік иелерінің жойылуына әкелуі мүмкін екендігі жаратылыстану пәндері оқу материалдарының мазмұнында көрсетілуі тиіс.

Жаратылыстану пәндерін оқыту арқылы қоршаған орта және адам денсаулығы идеялары жүзеге асырылады. Техника мен өндіріс технологиясы әрекетінің артуына байланысты адам сыртқы әсер етудің жаңа факторларына ұшырап отырғандығына ерекше көңіл аудару кажет. Адамның өмір сүру ортасы организмнің бейімделу функциясының бұзылуына әкелетін радиацияның жоғары деңгейінде, электромагнитгік өрістің, вибрацияның, шудың және т.б. жоғары шегінде өтіп жатыр. Сондықтан да қоршаған өндіріс ортасының ерекшеліктерін қарастыру кезінде қауіпсіздік техникасының ұстанымдарына сүйену және физикалық параметрлердің мүмкін болатын шегін көрсету оның адам денсаулығына тигізетін түрлі әсерін айқындауға мүмкіндік береді.

Жаратылыстану пәндері мазмұнында қоғам мен табиғаттың өзара әсерінің тиімділігі жетекші идеясы қоғам мен табиғаттың өзара қатынасының қайшылықты сипаты адамның табиғатты тұрақты түрде пайдалануымен және оның табиғи үрдістердің ағымына әсер етуімен сипатталады. Осыған байланысты ғылым жетістіктеріне негізделген техника және өндіріс технологиясын құрастыруда табиғи өзара байланыстардың ескерілуі, оның қоршаған ортаға теріс әсерін азайту немесе болдырмауды естен шығармау керек. Бұл жалпы жетекші идея жаратылыстану пәндеріне тән: а) қазіргі өндіріс мәселелері және қоршаған ортаны қорғау; ә) ғылыми техникалық прогресс және табиғи қоршаған орта сияқты жетекші идеялармен нақтылануы керек. Бұдан шығатын қорытынды жаратылыстану заңдылықтары нақты тарихи жағдайларға сәйкес өзгеріске ұшырауына байланысты жаңа мазмұнмен толықтырылып отыруы, яғни оқу материалында табиғатты пайдаланудағы жетістіктер мен кемшіліктердің, қоршаған табиғи ортаны қорғауға байланысты шаралардың кең ауқымды бағдарламасының көрсетілуі қажет деп санаймыз.
Әдебиет

1. Канке В.А. Основные философские направления и концепции науки. Итоги ХХ столетия. – М.: Логос, 2000.



2. Алиева Н.З. Проблематика становления современного естественнонаучного образования //Материалы Международной конференции «Путь в будущее – наука, глобальные проблемы, мечты и надежды». 26-28 ноября, 2007. 

3. Чакликова С.Е., Карбаева Ш.Ш. и др. Научно-методические основы совершенствования естественно-математического образования. /Сб. Развитие общего образования в условиях становления национальной модели школы. – Алматы, 2004. – С. 150-158.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет