Статья посвящена проблеме перевода как важнейшего фактора нашего современного развития. В данной статье



жүктеу 73.7 Kb.
Дата10.04.2017
өлшемі73.7 Kb.
ӘОЖ 130.2(574)

Аударманың философиялық маңызы

Әшімова Балжан – 119-25 тобының студенті

Ғылыми жетекші: Арынғазиева Б.Б. – филос.ғ.к., профессор м.а.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент



Резюме

Онтологическая относительность перевода как культурологическая проблема. Статья посвящена проблеме перевода как важнейшего фактора нашего современного развития. В данной статье перевод рассматривается как культурологический феномен.

Summary

Ontological relatievly of translation as the culturological problem. This article is devoted to the problem of translation as main factor of our modern development. In this article translation shows as the culturological phenomenon.
Адамзат жазулы тарихта жүргеніне біраз уақыт болғандықтан көптеген рухани құндылықтар қағаз бетіне түсірілген мәтін ретінде тіршілік етіп жатқандығы кімге де болса мәлім. Сол мол қазынаны өзіміздің бай мәдени мұрамыздай көріп, одан шығармашылық шабыт алу үшін, алдымен, сол қазынаны түсінікті ететін амал-тәсіл керектігі даусыз. Қазіргі уақытта аударманың алуан түрлі анықтамалары бар. Аударманың өзіндік теориясын беруге ұмтылған әрбір зерттеуші, әдетте, зерттеу объектісіне өзіндік анықтама береді. Мысалы, Француз аудармашысы және аударма теоретигі Э.Кари аудармаға берілген анықтамалардағы алуантүрлілікті былай түсіндіреді: «Аударма ұғымы, шындап келгенде, өте күрделі ұғым. Бұл аударманың біздің заманымызда кездесетін түрлерінің көптігінен ғана туындап отырған жоқ. Ол аударманың ғасырлар бойы әрдайым өзгеріп отыруына да байланысты құбылыс. Мүмкін, нақ осы жағдай өзінікінен бұрын берілген анықтамалармен не келісіп, не оны жоққа шығарып отырған ғалымдардың өз ойларын тұжырымдауын қиындататын да болар» [1, 5 б.]. Ғылыми терминнің ұтымдылығы оның бірмағыналығы, бірізділігінде болса, онда, ең алдымен, аударма сөзінің ондай талапқа сай еместігін, яғни, көпмағыналы екендігін айта кеткен жөн. Ол, ең аз дегенде, екі ұғымға қатысты: аударма – мәдени-интеллектуалды әрекет, яғни, процесс ретінде алынған аударма және аударма – сол әрекеттің, сол процестің нәтижесі, әрекет өнімі ретінде алынған аударма, басқаша айтқанда, аудармашы жасаған сөз туындысы ретінде алынған аударма. Аударма жасау нәтижесінде пайда болған жаңа туындыны ғалымдар «өзара транслат» деп те атайды. Ал, Ф.В.Федоров: «Аудару дегеніміз бір тілдің көмегімен осыдан бұрын басқа тіл арқылы көрсетілген шығарманы анық және толық жеткізу» [2, 10 б.] деп анықтаса, Я.И.Рецкер: «Аудармашының мақсаты – түпнұсқаның стилистикалық және экспрессивті ерекшеліктерін сақтай отырып, басқа тілдің көмегімен оның мазмұнын біртұтас және нақты жеткізу» [3, 7 б.] деп біледі. Осы келтірілген немесе одан да басқа көптеген аударма анықтамаларынан қорытындылай келе айтатынымыз: аударма – белгілі бір о бастағы мәтіннің (түпнұсқаның) барлығын басқа тілге түсінікті етіп жеткізу процесінің жүргізілуін алғышарт етіп қоятын әрекет түрі. Аударма – құндылықты қайта таныту. Егер, кез келген сөз туындысы шындықтың көрінісінің индивид санасы арқылы бейнеленуі болса, онда аударма бейненің бейнесі, көріністің көрінісі болып табылады. Аударма шындықтың тікелей тура өзінің емес, оның Басқаның санасымен сарапталған көрінісі болады. Өйткені, аудармашылар фактінің бейнеленуін емес, факт туралы басқа біреудің ойын аударады. Аударма теориясы ұқсастық туралы, шынайы әлем заттарының ұқсастығы туралы, шынайы әлемнің адам санасында көрініс табуының ұқсастығы мен адамзат тілдерінің ерекше көркем мүмкіндіктерінің ұқсастығы туралы іргелі білім деуге болады. Аудармашылық қызмет қоғамның бүкіл өмірімен байланысын танытып, аударманың өркениет дамуындағы рөлі мен орнын көруге мүмкіндік береді. Мұндай тәжірбиені иемдену басқа тілдердегі әлемді басқаша тұжырымдаудан, көруден, басқаша дүниетаным тәжірбиесінен, әлемді басқаша тану жолдарынан көрініс береді.

Аударманың онтологиялық салыстырмалылығы теориясын негіздеген неопозитивизмнің ағылшын-американдық нұсқасының өкілі – Уилльярд Куайн еді [4]. Оның тұжырымдамасы мәтін шексіздігі, талдау шексіздігі, дискурс шексіздігі мәселесін алға тартады. Уилльярд Куайнның түсінігінде, бір тілден екінші бір тілге қандай да бір сөзді әлде сөйлемді аудару барысында түпнегізінде түзетуге келмейтін бейанықтық пайда болады екен [5]. Демек, аударма түбегейлі түрде түпнұсқаның дәлме-дәл, сөзбе-сөз көшірмесі бола алмайды, олардың арасында белгілі бір салыстырмалы сәйкестік бар деген сөз. Ал, ХХ ғасырдың соңында ғылыми қауымдастықта кез келген коммуникация процесінің онтологиялық салыстырмалылығы туралы түсінік қалыптасты. Аударманың онтологиялық салыстырмалылығын мәдениеттанулық тіл мәселесі ретінде анықтамас бұрын осы «мәдениеттану тілі деген не?» деген сұраққа жауап беріп алғанымыз жөн.

Аударма – күрделі әрі көп қырлы адам әрекетінің түрі. Күнделікті аударманы «бір тілден екінші тілге» аудару деп қабылдаймыз, бірақ аударма барысы бір тілден басқаларға ауыстыру ғана емес. Аудармада әр түрлі мәдениеттер, әр түрлі тұлғалар, әр түрлі ойлау құрылымы, әр түрлі әдебиеттер, әр түрлі дәуірлер, дамудың түрлі дәрежесі, әр түрлі дәстүрлер кездеседі. Сондықтан да аудармаға тек қана тіл мамандары ғана емес, сонымен қатар, философтар, мәдениеттанушылар, этнографтар, психологтар, тарихшылар, әдебиеттанушылар қызығушылық танытып, аударманы адам мәдениетінің түрлі салаларына сәйкес келетін ғылымдар шеңберінде зерттейді.

Аударманың арқасында адамзат рухының шарықтаған биіктерін барлық халықтар өз тілінде оқи алады. Грек философтары, трагиктері, араб ойшылдары, Ренессанс алыптары: Петрарка, Данте, Шекспир, Сервантес, Гете, Шиллер, Кант, Гегель, Толстой, Достоевский, Абай, Мұхтар Әуезов және т.б. жұмыр жердің қай түкпірінде болмасын өз шығармаларының аудармаларымен танымал. Аударуға деген ықыластың ғана арқасында Гете, Гумбольдт, Новалис, ағайынды Шлегельдер, Шлейермахер, Гельдерлин, Лютерлер, Абайлар және т.с.с. қанаттанып қаншама терең аудармалар жасады. Інжілді әулие Жеромның латындық аудармасының тұтқынынан шығарып, өз халқының – немістік рухына толтырмақшы болған Лютер еш пайда көздеп емес, тек аударуға деген тілектің болуы арқасында күні-түні аянбай қызмет етті. Олардың құштарлығы бос кеткен жоқ, өйткені олар тілдерінің өзіндік көкжиегін кеңейтті әрі өздері үшін өз тілдерін қайта ашты десе де болғандай. Кезінде Гельдерлин: «Төлтума дүниелердің бәрін шетелдік дүниелер іспетті терең зерделеу қажет», – деп айтқанының жаны бар.

Философиялық және мәдениеттанулық ізденістер плюрализм, толеранттылық принциптерін ұстанады. Оларға қысқаша тоқталып кетер болсақ, былай: плюрализм принципі бойынша болмыста кез келген феноменге (мәдени, саяси және т.б.) толығымен үйлесімділік танытатын объективті заңдылық жоқ екендігі мойындалады. Болмыстың өзіне алуандылық, көптүрлілік тән. Мәдениеттің өзі әу бастан плюралды әлем. Ол – көпвекторлы, көпполярлы синергетикалық жүйе. Осы айтылғандарды мәдениеттің мәйегі – тілге де қатысты тұжырымдай аламыз. Сондықтан, мәдениеттанулық феномендерді, оның арасында мәдениеттанулық аударманы да плюрализм принципі негізінде қарастырған жөн.

Жақсы аударманы анықтайтын абсолютті өлшемдер, критерийлер жоқ. Біреудің, басқаның аудармасын сынау мүмкіншілігі тек сол сияқты өзіндік аударма берумен шектеледі. «Мені сынаушылар менен де жақсы аударып көрсін» деуге әрбір аудармашының құқы бар. Аударма – түпнұсқаның өмірінің жалғасы. Аударма түпнұсқадан әлдеқайда кейін дүниеге келуі де мүмкін, өйткені, кейбір шығармалардың дүниеге келген кезеңінде оны тәржімалайтын аудармашылар болмауы мүмкін немесе ол аударма өз өзектілігін кейінірек табуы мүмкін. Аударма – бастапқы шығарма өмірінің жалғасы ретіндегі түпнұсқаның өз тарихы. Түпнұсқа өзгеріске ұшырамай тұрмайды, аудармада түпнұсқа бардың түрөзгерісін, бардың жаңашалануын басынан өткізеді. Шығарма мазмұнын беріп қоюмен ғана шектелмеген аудармалар өз заманын артқа тастаған шығарманың даңқы тасыған кезеңінің куәсі. Өйткені, бір тілден екінші бір тілге көрінген шығарма аударыла бермесі анық. Жақсы аудармалар түпнұсқаға қызмет көрсетуші, яғни оны басқа тілде сөйлетуші, басқа мәдениетке тасымалдаушы ғана емес, жақсы аудармалар түпнұсқаға өзінің өмірге келуі үшін тәнті ғана. Жақсы аудармаларда әлгі шығарма жасарып, жаңарып, екінші өмірін бастайды. Не деген керемет – аударманы тудырушы түпнұсқа, өз алдына, аудармада қайта дүниеге келеді!

Аударманың болуы ғылым-білімнің дамуына жол ашады деген көзқарас дұрыс, бірақ, кейбір зерттеулерде ол сыңаржақтылығын танытпай да тұрмайды. Аударманы ғылым-білімнің даму қарқынына сай ақпараттық зәрулік тудырады емес пе?! Ендеше, кейбіреулер сынды, түк болмаған жерде аударма ісінің нәтижесінде бірден мәдени-рухани ахуал күрт өзгерді деген сөз құлазыған шөл бір жаңбырдан соң оазиске айналды деген сияқты аса қисынсыз дүние болар. Аударма құнарлы жерге түскен дән іспеттес тамыр жаюы үшін оған деген қажеттілік болуы тиіс. Біздің қоғамда бүгіндері сондай рухани жағдай қалыптасып отыр дей аламыз. Ендеше, «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде жасалып жатқан игі шаралар құнарлы қазақ топырағында ғылымның сала-саласында көз сүйсіндірер мол жеміс береді деген сенімдеміз. Тоқ етерін айтар болсақ, аударма өзінің бір мезетте тілдік мәселе екендігімен де, мәдениеттанымдық мәселе екендігімен де лингвомәдениеттанулық әлеуетке иелігін танытады.

Әдебиеттер:

1. Гарбовский Н.К. Теория перевода. -М.,2006. 544 б.

2. Федоров А.В. Основы общей теории перевода. -СПб., 2004. 416 б.

3. Рецкер Я.И. Теория перевода и переводческая практика. -М.,2004. 214 с.



4. Куайн В. Онтологическая относительность. // Современная философия науки. -М.,1996.

5. Куайн В. Вещи и их место в теориях. // Аналитическая философия становления и развития. -М.,1998. 25-35 бб.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет