Сот ісін жүргізу тілі принципін қолданудың кейбір мәселелері туралы



жүктеу 70.89 Kb.
Дата16.01.2017
өлшемі70.89 Kb.


Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖОҒАРҒЫ СОТЫНЫҢ

__ НОРМАТИВТІК ҚАУЛЫСЫ

2016 жылғы « » желтоқсан Астана қаласы
Сот ісін жүргізу тілі принципін

қолданудың кейбір мәселелері туралы
Сот ісін жүргізу тілі принципін қатаң сақтау сот өндірісіне қатысушы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етудің құқықтық кепілі және Республикамызда қолданылатын барлық тілдерге құрметпен қараудың үлгісі болып табылады.

Сот ісін жүргізу тілі туралы заңнаманы дұрыс қолдануды қамтамасыз ету және бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы


қаулы етеді:

1. Соттар мен қылмыстық, азаматтық және әкімшілік процесті жүргізетін органдар сот ісін жүргізу тілі туралы принципті жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасының Конституциясының 4-ші бабында көрсетілген, соған сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық нормаларын басшылыққа алуы тиіс.

2. Қазақстан Республикасында сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған жағдайларда басқа да тілдер қолданылады.

Қажет болған жағдайларға сот ісіне қатысушылардың өтініштерін қанағаттандыруға, олардың қорғану құқығын қамтамасыз етуге бағытталған процестік әрекеттер жатады.

3. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 14-бабының талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сот істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының талап арыз берілген тілді жеткілікті білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтауы қажет. Сот талап қоюшыдан тиісті арыз түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым қабылдайды.

Тараптардың қорғану құқықтарының тең екендігін ескере отырып, сот осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндетті.

4. Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 30-бабында қылмыстық сот ісі қазақ тілінде жүргізілетіндігі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тілдер де қолданылатыны көрсетілген.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган (лауазымды тұлға) күдікті мен айыпталушыға оның сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін түсіндіруі тиіс.

Қажет болған жағдайларға күдікті мен айыпталушының өздері еркін сөйлейтін және жаза алатын тілде қылмыстық істі жүргізу, қорғаушының көмегіне жүгіну құқықтары туралы өтініштері жатады.

5. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 738-бабының талаптарына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Ал қажет болған кезде іс жүргізуде орыс тілі немесе басқа да тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген судья, органдар (лауазымды адамдар) әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтарға сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, олардың өз мүдделерін қорғауын осы заңда белгіленген тәртіп бойынша қамтамасыз етуі тиіс.

6. Қазақстан Республикасының Конституциясы және соған сәйкес қабылданған заңдар сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдарға, жауапкершілікке тартылған азаматтарға ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, сотта сөз сөйлеу құқықтарын қорғайды және қамтамасыз етеді.

Соттарға сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін адамдар қатарына сот ісі жүргізіліп отырған тілде болған әңгімелерді жетік түсінбейтін, өздерінің ойлары мен пікірлерін сол тілде еркін білдіре алмайтын, әңгімелесу барысында және мәтіндерді оқу кезінде шынайы қиналатын азаматтар жатады деп түсіндірілсін.

7. Соттар мен азаматтық, қылмыстық және әкімшілік процесті жүргізетін органдар сот ісін жүргізуге қатысатын азаматтарға істің олар үшін қажетті, басқа тілде жазылған материалдарын сол адамдар білетін және түсінетін тілдерге өтеусіз аудару, аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқықтарын қамтамасыз етуі тиіс.

АПК-нің 39-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес аудармашы ретінде іс жүргізіп отырған органдардан және іске қатысып отырған адамдарға қызмет бабы бойынша тәуелсіз, соттың құрамына кірмейтін, іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтауға біліктілігі жеткілікті тұлғалар танылады.

Аталған мәселелер бойынша келген шығындар сот ісіне қатысушы азаматтардың қорғану құқықтарын пайдалануға кедергі бола алмайды. .

8. Азаматтық істер бойынша сот талқылауына дайындау аяқталғаннан кейін құжаттар мен өзге де материалдарды сот ісі тілінде емес ұсынған тараптар олардың аудармасын қамтамасыз етеді.

АПК-нің 475-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес шетел тілінде жасалған құжаттар Қазақстан Республикасының соттарына ұсынылған кезде олардың тиісті түрде куәландырылған, сот ісін жүргізу тіліне аударылған аудармасымен бірге ғана емес, сонымен қатар сот ісіне қатысушы тараптардың талабы бойынша олардың ана тіліндегі немесе өздері білетін басқа тілдердегі аудармаларымен бірге берілуі тиіс.

9. Күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған, ақталған және өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адам сот ісі жүргізілетін тілді білмесе немесе жеткілікті түрде білмесе сот процесіне қорғаушының қатысуы міндетті. Қорғаушының сот ісі жүргізілетін тілді білмеуі оның процеске қатысуына кедергі бола алмайды.

10. Істер бойынша қабылданған процестік құжаттар сот ісін жүргізу тілінде қабылданады.

Сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын жақсарту мақсатында істер бойынша процестік құжаттар қабылдаған кезде заңдардың олардың мазмұны мен сот ісін жүргізу тіліне қоятын талаптарына (грамматикалық және орфографиялық) назар аудару қажет.

Сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдарға құжаттардың осы адамдар таңдаған тілінде жазылған, куәландырылған көшірмесін қоса беру процесті жүргізуші органдардың міндетіне жатады.

11. Соттар мен азаматтық, қылмыстық және әкімшілік процесті жүргізетін органдардың әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар екенін ескере отырып, сот ісіне қатысушы азаматтардың сот талқылауының, қылмыстық қудалаудың, әкімшілік жауапкершілікке тартудың кез-келген сатыларында сот ісін жүргізудің тілін өзгерту жөнінде уәжді талап қоюға немесе сот ісін жүргізу ісіне білікті аудармашының қатысуын талап етуге құқылы екенін ескергені жөн.

12. Азаматтық, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы сот ісін жүргізуге қатысушы азаматтар іс бойынша қабылданған процестік әрекеттерге, атап айтқанда шешімдерге, үкімдерге, бұйрықтарға, қаулылар мен ұйғарымдарға шағымдар келтіргенде заң нормаларына сәйкес соттың ұйғарымен (қаулысымен) бекітілген бастапқы сот ісін жүргізу тілі туралы талаптарды сақтауы тиіс.

Бұл қағидат сақталмаған жағдайда келтірілген шағымдар процестік заңнаманың талаптарын орындау үшін кері қайтарылуға жатады.

13. Сот ісін жүргізу тілі туралы заң талаптарын сақтамау процестік заңды елеулі түрде бұзу болып табылады. Сот ісін жүргізу тілі туралы қағидат сақталмай қабылданған сот актілері істің жан-жақты, толық және объективті түрде зерттелуіне кедергі болса немесе іс бойынша заңсыз шешім (үкім) қабылдауға әсер етсе (әсер етуі мүмкін болса), мұндай сот актілері заңсыз деп танылады және жоғары тұрған сот сатыларымен жойылуға жатады.

14. Процестік құжаттарда заңдардың, кодекстердің, құқықтық актілердің, орталық мемлекеттік немесе басқа да органдардың, ұйымдардың атауларын жазғанда (қысқартып жазғанда) сол заңдарда, кодекстерде, құқықтық актілерде белгіленген қағидалар мен тәртіп сақталуы тиіс.

Сот актілерінде басқа тілдерде берілген терминдердің, елді мекендердің, көшелердің, алаңдардың, мемлекеттік ұйымдардың, бірлескен, шетелдік ұйымдардың атаулары транслитерация қағидаларына сәйкес берілуі қажет.

Сот процесіне қатысушылардың аты-жөні, тегі олардың жеке басын куәландыратын құжатқа сай жазылуы тиіс.

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 29 қаңтардағы №73-V «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Заңының 6-бабының талаптарына сәйкес жеке басты куәландыратын құжаттарға Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорты, жеке куәлігімен қатар олардың дипломатиялық паспорты, қызметтік паспорты, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқын куәлігі, шетелдік паспорт, қайта оралуға арналған куәлік, тууы туралы куәлік, теңізшінің жеке куәлігі жатады.

15. Азаматтардың сот ісін жүргізуге байланысты берілген өтініштері мен арыздарына жауаптар Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының 10-бабының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасына сілтеме жасай отырып, мазмұны бойынша негізделген және дәлелді, мемлекеттік тілде немесе өтініш берілген тілде болуға, арыз берушінің қабылданған шешімге шағым жасау құқықтарын түсіндіре отырып, оның дәлелін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты деректерді қамтуға тиіс.

16. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғаш ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.



Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының

Төрағасы Қ.Мәми

Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының судьясы,

жалпы отырыс хатшысы Қ.Шаухаров



Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет