ШӨже қаржаубайұлының АҚындық шеберлігі



жүктеу 65.56 Kb.
Дата07.09.2017
өлшемі65.56 Kb.
ШӨЖЕ ҚАРЖАУБАЙҰЛЫНЫҢ АҚЫНДЫҚ ШЕБЕРЛІГІ
ТОҒАТАЙ ОМАРОВ
ХIХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің арасында Шөже Қаржаубайұлының орны бөлек. Ол ауыздыға дес бермеген, қарсыластарының бәрін де бет қаратпай жеңген айтыс ақыны ретінде бағаланады. Осы Шөженің аты аталғанда «қырғыз» атауы қоса айтылады. Оны қатарластары қазақ ішіндегі қырғыз кейпінде таныған. Шөжемен айтысқа түскен ақындардың оның бетіне басатын екі міні бар. Бірі – оның жарық дүниені көрмейтін соқырлығы. Екіншісі – тегінің қырғыз халқына қатысты екендігі. Сондықтан сайысқа түскен ақындар оған «түбің шикі, кірмесің, қаңғып жүрген біреусің» деп айып тағатын болған. Бірақ сөзге жүйрік, аяқ астынан жол тауып кететін Шөжені «қырғыздығына» байланысты ешкім де сүріндіре алмаған. Қайта қиыннан қиыстырып, оңтайлы тәсіл іздеп, өзін күстаналаған қарсыластарын тізе бүктіріп отырған. Шөже – айтыстағы алымдылығы мен шалымдылығының шегі болмаған ақын.

Шөженің тегі қырғыз екенін қазақ әдебиетінің тарихын зерттеушілердің қай-қайсысы да жоққа шығармайды. Шоқан Уәлиханов өзінің «Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде» атты еңбегінде поэзия түрлерін талдай келіп, өлеңге сипаттама беру барысында мынадай пікір айтады: «Бұл форма қазіргі кезде барлық жаңашыл ақындар тарапынан суырып салма өлеңдерге де, поэмаларға да, әсіресе Орынбай өлеңдеріне қатысты көбірек айтылады. Өлеңнің жаңа түрін: Орынбай қарауыл ішіндегі атеке – ...тармағынан, атығайдың жаңа қырғыз тармағынан шыққан Шөже ақындар насихаттап, салт-санаға дарытушылар болды. Шөже ақын үнемі Әбілқайыр Ғаббасов сұлтанның жанында болатын-ды» [1, 165 б.]. Сонымен қатар қазақ фольклоры мен әдебиетінің нұсқаларын мол жинаған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Ақын Шөже өзі соқыр, түбі, тегі – қырғыз. Қуандық ішінде өсіп өнген» [2, 258 б.], – деп мәлімет жазып қалдырған. Ал ХIХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихын жете зерттеген Ханғали Сүйіншәлиев мынадай анықтама береді: «Аталары Қуандық, Шөженің әкесі құлдықта, шешесі күңдікте өткен адамдар. Өзі де жасынан жетім қалып, бай босағасында малайлықта күн кешкен. Сондықтан айтысқан ақындар Шөженің ата-тегіне мін тағып, оның кемтар соқырлығын бетіне басады, сөйтіп, оны осы орайдан жеңбек болады. Мұның үстіне, олар Шөжені «қаңғыған қырғызсың, қазаққа келіп тойындың» деп те айыптайды. Бұған қарағанда, Шөженің арғы аталары қырғыз елінде тұрып, кейін қазақ жеріне ауысқан келімсек болуы ғажап емес» [3, 499 б.]. Осы деректердің бәрі, сондай-ақ айтыс үстінде оған ақындардың «Алатаудан келгенсің» деп мін тағуы Шөженің ата-тегінде қырғыздың қаны бар екенін растайды. Ал қырғыздың әдебиетшілері Шөженің өздеріне қатысы бар екенін білгенімен, бұл мәліметті әдебиеттану дерегі түрінде көп қолдана бермейді. Оған Шөженің қазақ ішінде туып, қазақ ішінде өскені себеп болса керек.

Өзінің тегінің қырғыз жұртына қатысты екенін Шөженің өзі де терістемеген. Әрине, кейде «Неге сонша тиісесіңдер, осы елдің ұланы емеспін бе?» деп өзін жат санағандарға қарсы уәж білдіретіні бар. Бірақ, ол ақындардың сынына жауап қайтарған кезде «Мен қырғыз емеспін, сендер не айтып жүрсіңдер?», – дегенді қадап айта қоймайды.

Шөжемен айтысқан ақындардың ішінде оның соқырлығы мен қырғыз екендігін келемеж қылмағандар кемде-кем. Шөже екеуінен де жол тауып шығып отырған. Әсіресе, ақындар оның соқырлығына көп тиіседі. Ондайда біресе тағдырдан мұндай халді тілеп алмағанын айтып, біресе қарсыласының ел-жұртындағы көзі кемтар беделді билерді меңзеп, құрған тұзақтан құтылып кететін болған. «Шөжеге барлық қазақ бірдей еді, Шалқыған ортасында күндей еді», – деп жырлаған ақын өзінің белгілі бір жұрттың сойылын соқпайтынын көрсетеді.

Әдетте Шөженің аталған екі мініне бір-бірлеп тиісетін ақындар кейде оның соқырлығы мен қырғыздығын бірге бетіне басатын болған. Мысалы, Шөженің ауылдасы, қарауыл Орынбай ақын былай депті:
Ассалаумағалейкум, ақын Шөже,

Өлеңге жас күніңнен жақын Шөже.

Кенесары-қырғыздың соғысында,

Ерліктен көзі шыққан батыр Шөже [4, 109 б.].


Бұл – Шөжеге тиісудің ең ауыр түрі. Қазақ пен қырғыздың арасындағы Кенесары жорығына байланысты дау – екі ел ақындарының айтысында үнемі қозғалатын тақырып. Ал осы жолы бұл мәселе Шөженің тегі қырғызға қатысты болған соң ғана көтеріліп отыр. Оның үстіне ол ақынға «көзіңді сол соғыста ерлік көрсетем деп шығарып алыпсың» деп жорта айып тағады. Шөже бұған да төзіп, «тәңірінің қылған ісін мазақ қылғаның не, кәпір болып кеттің бе?» деп құтылады.

Шөжемен айтысқан Балта да оның тегіне тиіседі. Шөженің басынан сөз асырмайтынын білетін ақын қарсыласын жеңудің бірден-бір жолы осы деп ұғады. Өзін қазақ жерінің иесі ретінде танытып, туғалы Көкшетауды мекендеп келе жатқан Шөжеге доқ көрсетеді:


Мұндар құл, аяғыңды абайлап бас,

Шақырған кім бар сені Алатаудан? [2, 263 б.].


Қалай болғанда да адамның жеке басына тиісу, табиғи кемшілігін көзге шұқып көрсету өте өрескел нәрсе болғанымен сол дәуірдегі ақындар айтысының бәрінде де қолданылған үрдіс. Қарсыласын тізе бүктіру үшін айтыс ақындары кез кезген қадамға барған. Мұның мысалдарын Шөже мен Кемпірбайдың айтысынан да көруге болады. Ол да қазақ пен қырғыздың арасына дау туғызатын Кенесары тақырыбын қаузайды:
Жамандар сөзің бар ма мұнан да арман?

Тиеді сөзің суық жауған қардан.

Түбің – қырғыз, тұрағың – Алатауда,

Ит соқыр, туған жерің одан да арман.

Кеше Кенесары қырғызды үркіткенде,

Әкең Қаржау Қаройда аштан өлген [2, 269 б.].

* * *

Қырғыздан келіп қазақты сайқалдайсың,



Аузыңа келген сөзді қайтармайсың [2, 269 б.].
Арғын ішіндегі Қуандықтың ақыны болып жүрген Шөже мен Қаракесектің ақыны Қалдыбай қожаның айтысында да қырғыз тақырыбы қозғалады. Қалдыбай өзін «қазақ емессің қырғызсың» деп кекетіп отырған соң, Шөже де аянып қалмайды. Қалдыбайға «сенің түбің сарт» деп айып тағады. Шөженің ойда-жоқта сөз тауып кететін, айтысып отырған ақынының осал тұсын тауып ала қоятын қасиеті осы сайыста та да кәдеге асады. «Сенің де қазақ болып жетісіп тұрғаның шамалы, менің тегімде нең бар?» дегенді аңғартады. Сондықтан ол Қалдыбай қожаның:
Қырғызда да қырғыз бар, дегдар қырғыз,

Сенің түбің белгілі мұндар қырғыз!

Сүйегім қожа дағы, етім қазақ,

Қазағымның ішінде нең бар, қырғыз? [2, 274 б.], –


деген қағытпасына былай жауап береді:
Мен құдайдан тілеймін денге саулық,

Жалған сөйлеп жаныңа қылма жаулық!

Қожа, қожа дегенге қоқиланба,

Қожа түбі сарт екен өгізтаулық [2, 274 б.].


Шөженің ақындық қарымы осал еместігін байқаған Қалдыбай қожа оған «қазақтың жерінде не ғып жүрсің?» деп тиіседі. «Жер-жерін, жеген суын табар» деген, Соқыр қырғыз кетсейші Алатауға!», деп, бөтенсіген кейіп танытады. Шөже болса, Қалдыбайдан қарымды екенін аңғартып, бір шумақпен өзіне айтылған екі мінге байланысты жауап береді. Соқырлығын ақындардың айта-айта әбден мезі қылғанын айтады («Қожаның өзіме қой жалғыз өзін, Шөженің кім кемітпес екі көзін!»), Қалдыбайдың тегі – қожалардың негізгі рухани міндетін еске салады («Қожа болсаң, шатылма көрге, жерге, Бұл жұртқа ұқтырсайшы құдай сөзін!»).

Шөженің шығармашылығындағы «қырғыз» ұғымы тек оның айтыстарын айшықтап қана қоймайды. Бұл тақырып оның кейбір өлең-толғауларын да қамтиды. Ақынның қырғыздың Бәйтік деген бегіне арнаған үш өлеңі бар. «Ассалаумағалейкум, қара Бәйтік» деген арнау өлең – қырғыз төресін мадақтайтын қошемет өлең. Оның билігі, мал-мүлкі, атақ-даңқы, патшадан алып келген сый-сияпаты мадақталады. Екінші толғауында Бәйтіктің жас күнінен бастап жиған дәулеті дәріптеледі. Ал Шөженің Бәйтікті мадақтаған үшінші толғауында кекесін басымырақ тұрады. Бұл өлең Шернияздың Баймағамбетке айтқан қарсылық жырын еске түсіреді. Осыған орай Х.Сүйіншәлиев: «Бәйтікке арналған үш толғаудың осы сапарғысы ерекшелеу. Бұнда Бәйтіктің патшаға барған сапары, алған сыйлары – оқалы тон, алтын медаль, шар айна, шарна белдік, алмас қылышы, кәмшат бөріктері саналып көрсетіледі. Бірақ мысқылдау да жоқ емес» [3, 500 б.], – деп тұжырым жасайды. Шөженің бұл өлеңдерінде Бәйтік бектің қырғыздығына бола іш тартқан кейпі байқалмайды.

Шөже – сөз өнерінде шоқтығы биік тұрған ақын. Ол негізі, қазақ ортасында жүріп, қырғыз екенін айтып мақтанбаған. Тек қырғыздың ұрпағы екенін бір-ақ жерде ғана еске салады. Шөжеге телінетін «Қырғыздың алтынымын ат басындай» деген тіркес Мәшһүр Жүсіптің қолжазбаларынан табылды. Шығармаларының басқа тұсында ақынның «қырғыздығы» аңғарыла бермейді. Айтыс өнерінің тегі мен даму тарихын зерттеген ғалым Мұхамедрахым Жармұхамедұлы: «Шөже – кезі келгенде бетіне жан келмейтін азуы алты қарыс Құнанбай, Алшынбай, Шорманның Мұсасы секілді мансапты кісілерден де айылын жимай, шындықты бетке айтып, сол қылығы үшін талай рет соққыға жығылса да, айтқан сөз алған бетінен қайтпаған қайсар ақын» [4, 105 б.], – деп бағалаған ақынның қай кезде де сөзі жігерлі, үні өктем болған. Ақындармен айтысқа түскенде осы қасиеттері оны жеңіске жеткізген. Әрине, Шөженің де айтыста жеңілген тұстары баршылық. Бірақ оның қазақ айтыс өнеріндегі құбылыс болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Өзімен сөз сайысына түскен Кемпірбайға:
Мұқтасар, сөзім майда, тақтасындай,

Бұхардың омырауым, қақпасындай.

Ескі аруақ орнаған жер құр қалмайды,

Қырғыздың алтынымын ат басындай.

Балта, Орынбай, Шортанбай түк қылған жоқ,

Сен қыларсың атаңның қақ басын-ай! [2, 267 б.], –


деп асқақ жауап қайтарған Шөже – екі халықтың туыстығы, сондай-ақ олардың арасындағы ежелгі дау-дамайға қатысты мәселелер сөз болғанда ойға оралатын ақын. Ол ақындардың «қырғызсың» деп айыптағанына қорынған жоқ, ағайындарын іздеп, Алатауды бетке алып жол тартқан емес. Айтыста үнемі «қырғыздығынан» соққы жеп жүрсе де, қазақтың айтулы ақыны болып қалды. Қазақ әдебиетінің тарихындағы орнын мықтап тұрып еншіледі. Сондықтан оны әдебиеттегі қырғыз-қазақ тақырыбына өзек болған, екі халыққа да ортақ әйгілі ақын деп танимыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Уәлиханов Ш.Таңдамалы. 2 – бас. – Алматы: Жазушы, 1985. – 560 бет.

2. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 6 том. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2005. – 396 бет.



3. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы: Санат, 2006. – 904 бет.

5. Жармұхамедұлы М. Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуы. – Алматы: Мұраттас, 2001. – 293 бет.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет