СӘЛӘфизм және қазіргі заман



жүктеу 53.27 Kb.
Дата06.02.2017
өлшемі53.27 Kb.
СӘЛӘФИЗМ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЗАМАН
Соңғы жылдары елімізде дәстүрлі емес діни ағымдар мен секталар көбейіп кетті. Олардың басым көпшілігі ислам атын жамылған және протестанттық прозелитистік ағымдар десек артық айтқандық болмас еді. Еліміздің рухани тұтастығын сақтағымыз келсе, осы ағымдардың канондық-доктриналық һәм агитациялық ерекшеліктерін екшеу өте өзекті мәселе екені түйсігі бар адам үшін түсінікті жәйт. Біз бүгінгі мақаламызда Хақ діннің атын жамылған сәләфилікке жататын – «сурурия» ағымының діни ұстанымы жайында сөз қозғамақпыз.

Зерделеп қарайтын болсақ, кез келген діннің өз ішінен түрлі ағымдарға бөлінетінін аңғаруға болады. Адам табиғатындағы ой еркіндігін қаперге алсақ, бұл заңды құбылыс секілді. Сол себептен де Хақ елшісі (с.ғ.с.): «Яхудилер 71 топқа, христиандар 72 топқа, үмметім де 73 топқа бөлінеді. Осы 73 топтың ішіндегі біреуі ғана жәннәтқа барады, қалған 72-сі тозақтық болады», деп ескерткен болатын. Осы тұста екі дүниеміз үшін аса мән беретін жәйт; сахабалардың бірі: «Уа Алланың елшісі! Жәннәтқа баратын топ қайсысы?» деп сұрағанда, пайғамбарлар падишасы (с.ғ.с.): «Менің және сахабаларымның жүрген жолымен жүргендер», деп жауап берген еді (Әбу Дәуіт, Сунна 1; Ибн Мажа, Фитан 17).

Ақиқатында Әнас ибн Маликтен жеткен басқа бір хадистегі: «Шын мәнінде, үмбетім адасушылыққа бас қоспайды (бірікпейді), егер қарама-қайшылықтарды көрсеңіздер міндетті түрде үлкен қара топқа (көпшілікке) қосылыңдар!» (Ибн Абу Асым «Әс-суннә») деген өсиеті бүгінгі күнде сунниттердің 87,2 пайызын құрайтын «Матуридилік» пен «Ашғарилік» мектебін ұстанатын сүнниттерді (Әһли сүннет уәл-жамағат) меңзеген.

Тарихта дәстүрлі ислам шеңберінен шығып кетуші ағымдар аз болмаған. Олардың көпшілігі уақыт көшіне ере алмай жойылып кеткенімен, идеологиялық сарқыншақтары сақталып қалды. Оның дәлелі – теріс пиғылды ағымдар – дәстүрлі ислам доктринасына, ұлттық ауызбіршілігімізге сұрқиялықпен сына қаққысы келіп, қоғамда бүлік тудыруда. Сондай адастырушы топтың бірі салафизм ағымының бір тармағы – сурурия ағымы.

Суруриттер – сәләфилердің ішіндегі саяси-идеологиялық ағым. Оның негізін қалаған Мухаммад ас-Сурур Зейнул-Абидин. Ол Сирияның Харран қаласында дүниеге келген. Мухаммад Сурур бұрын «Ихуан ал-Муслимин» (мұсылман бауырлар) ұйымының ресми тұлғасы болған. Кейіннен ол ұйымнан шығып, өзінің саяси көзқарастарын Сауд арабиясында таратқан. Сауд Арабиясы патшалығында әскер қатарында офицерлік лауазымда болып, сондай-ақ, «Имам» ислам университетінде ұстаздық қызметтерін атқарған. Кейіннен Мухаммад Сурур Сауд Арабия билігін күпірлікке шығарып, араб елдерінен қашып, Ұлыбританиядан пана тапқан болатын.

Суруриліктің идеологиясын сәләфизим мен Ихуанизмнің (жиһадизм) қосындысы десек болады. Бұлар біріншісінен сәләфилік теріс ақиданың, соңғысынан саяси басқару, көтеріліс ұйымдастыру тәсілдерін алған. Дегенмен, оның діни концепциясы «Ихуан ал-Муслимин» ұйымынан да, соқыр сеніммен ере беретін сәләфилік бағытынан да біршама өзгеше. Суруриттердің басқа сәләфилерден айырмашылығы олар мемлекет басшысының саясатына немесе ел басқару жүйесіне араласады. Бұл тұрғыда олар мемлекет басқаратын патша суруриттік ағым өкілі болуын, кәпір елдермен ынтымақтастық қарым-қатынас құрмауды талап етеді.

Сарапшылардың тұжырымы бойынша – суруриттердің діни дайындығынан өткен адамның радикалданып, заңды билікке, басқа дін өкілдеріне, зайырлы азаматтарға қатысты шектен тыс агрессия көрсетіп, өзінің саяси мақсатына жету үшін кез келген тәсілді қолданатынын, соның ішінде қарулы қақтығысқа да баратынын айтады.

Суруриттердің негізгі идеологтары ретінде Насыр әл-Омар, Сулайман әл-Ауда және Аид әл-Қарниды жатқызуға болады. Демек, бұлардың бағытына сараптамалық талдау жасай отырып – «Ихуан әл-Муслимин» саяси теріс ағымының идеологиялық тұғырларын негізге алатын және «сәлафизм» ағымының бір тармағы деп танымдық анықтама берсек те болады.

Сәләфизм көсемдерінің суруриттерді «хауариждер» деп сипаттағанымен өздері де сенім тұғырлары мен мәзһаб мойындамауларымен аталмыш топтан ешқандай да ерекшелігі жоқ. Өйткені мадхализм және суруризм сәләфилік бағыттары – дәстүрлі исламның (Әһлі сүннет) қағидаттары мен алғышарттарына қайшы келеді. Аталмыш топтардың ерекшеліктерінің қатарына – ақида негіздерін бұрмалап, оның ішінде «Таухид» ілімін үшке бөліп қарастыруын, сондай-ақ Алла Тағаланың затында антропоморфизмдік, яғни, Алланың физикалық дене бітімі бар деп ұйғару мен Құран аяттарының астарлы мағыналарын (тәуил) теріске шығару идеяларын жатқызуға болады. Олардың басты ерекшелігі – ислам ғұламаларына тіл тигізіп, мәзһаб ұстануға қарсылық танытып, өздерінің санаулы көсемдеріне ғана бағыну болып табылады. Қазіргі таңда үмбеттің жанашырларының ыждағаттықтары нәтижесінде аталмыш топтар барынша «концпирация» тәсілін жүзеге асыруда. Демек, сурурия ағымы өздерінің жансақ пікірлерін тарату мақсатында жасырын әрекет тәсілін қолдануда. Бұл туралы еліміздегі заңгер-шариғатмаманы Мұхан Исахан өзінің бір мақаласында былай дейді:

«Олар Қазақ қоғамына сыйымды болуы үшін әзірге азуын көрсетпей, шынайы құбыжық бейнесін қашан асыл мұраттарына жеткенге дейін жасыра тұруды жөн санады. Сөйтіп, уаһапшылдар «қалыпты сәләфиттер» деген ғылыми негізсіз, жалаң тұжырыммен жұмыс жасауға көшті. Сурурия тармағының бұл әдіс-айласы теология ғылымында «тақия» (жасырыну) деп аталады. Яғни, олардың бұл әдісінен елімізде уаһапшылдықтың «Тақияшылар» атты тармағы ортаға шықты. Түпкі мақсаты мен шынайы бет-бейнесі анық көрінбегенімен, осы тақияшылар уаһапшылардың ішіндегі ең қауіпті тармағы саналады. Өйткені, тақияшылар қалың бұқараның қамын жеген болып көрініп, көпшіліктің сеніміне кіріп, ыңғайы келгенде сол ұлттың бай-мәдениетінің жаназасын шығаруға құмбыл тұрады»(Ислам және өркениет, №5. 11-20 ақпан 2014 ж.).

Сурурия ағымының өкілдері ақидада негізінен Ибн Таймияның концепцияларына арқа сүйейді. Ибн Таймия – 661/1263 жылы солтүстік Сириядағы Харранда дүниеге келген. Сәләфизм ағымының негізін қалаушы. Ислам ғұламалырының қағидаларына қайшы келіп, дін негіздеріне «Таухид» ілімін үшке бөлуді негіздеп, Құран Кәрімдегі «Мүтәшабиһ» аяттарды тікелей мағынасында қабылдаған. Алайда, бұл негіздерді ислам ғұламалары бірауыздан теріске шығарғандығы мұқым мұсылман әлеміне мәлім.

  Яғни, уаһабшылар – суруриттер, мадхалиттер және такфир жамағаттарының ақида (сенім тұрғысынан) негізі бір болғанымен діни ұстанымдары мен көзқарастары әртүрлі.

Бұлардың әрқайсысына жеке тоқтала кеткеніміз жөн болар. Суруриттердің ақида тұрғысындағы көзқарастары қалған екі топтың ұстанымымен бірдей. Бірақ, исламды жеткізу мен түсінудегі пікірлері қарама-қайшы келеді. Міне, осы келіспеушілік уаһабшылардың өз ішінде бөлінулерінің басты айғағы да осы. Ал, қазіргі таңда қарқынды түрде  қоғамға өздерінің теріс пиғылды пікірлерін таңып отырған ағым – мадхалиттер. Десек те, олар өздерін мадхалиттер деп атауға қарсы, себебі өздерін Рабиғ әл-Мадхалидің шәкірті емеспіз деп ақталады. Сондықтан да, өздеріне тағылған бұл атауды негізсіз деп есептейді. Бірақ, олардың мойындайтын көсемдерінің барлығы дерлік – Рабиғ әл-Мадхалидің ұстанымын жақтайды. Мадхалиттер алғашқы уаһабшыларға қарағанда азда болса жұмсақтық танытады. Сондай-ақ, үлкен күнә жасағандарды кәпір санағанын ашық жарияламай, мәзһапқа еруді адасқандар санатына теңейді. Дегенмен, қаншама ислам ғұламаларын жаттап, мәзһабты мойындамағанымен өздерінің мәзһаб құрып алғандарынан хабарлары жоқ. Ал ақида сенім жүйесін негізін қалаған, сүннет жұрты және жамағатының әлемге әйгілі – Имам Әбу Мансур әл-Матуриди және Имам әл-Ашғари сынды ғұламаларының ақиқат сенім тұғырларын жоққа шығарғанымен қоймай, оларға «адасқан философтар» деген сынды жала жабуларынан бас тартар емес. Бұл ғайбат емес, ақиқат. Қазіргі таңда ағымдар айналары ашылып жатыр. Сондықтан да сурурия ағымы – ихуандық бағытының қазіргі таңда сәләфия терісін жамылған айла-тәсілдері қоғамдағы аса қатерлі жайттардан болып табылады. Өйткені, іштегі дүниесін өзара бөлісіп, күндізгі сырттай әңгімелері бөлек болмақ. Ал мұндай теріс сенімдегі ағымдардың қоғам бірлігі мен ынтымағына, өсіп-өркендеуіне зиян тигізері сөзсіз.

Алла еліміздің іргесін аман етіп, халқымызға ауызбіршілік, бейбіт өмір сыйлағай!



Ершат Оңғаров,

ҚМДБ  Ғұламалар Кеңесінің хатшысы, теолог, Ph.D докторы

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет