Сабақтың түрі: Пікірталас Көрнекілігі: Интерактивті тақта, ұлы адамдардың нақыл сөздері, караоке, слайдтар, шарлар

Loading...


Дата07.11.2019
өлшемі51.5 Kb.
түріСабақ
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Шын дос болу-бақыт»

Тәрбие сағатының тақырыбы: «Шын дос болу-бақыт»

Тәрбие сағатының мақсаты:

1.Оқушыларға дос, достық туралы әңгімелей отырып, олардың достық қарым-қатынасын нығайту.

2. Оқушыларды адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелеу, жаман әдеттерден аулақ болуға үйрету.

3. Оқушылардың бойында адамгершілік қасиетін қалыптастыру.

Сабақтың түрі: Пікірталас

Көрнекілігі: Интерактивті тақта, ұлы адамдардың нақыл сөздері, караоке, слайдтар, шарлар.

Сабақ барысы:

I. Кіріспе

II. «Досым, саған арнаймын»

III. «Ойлан, тап!» (Мақал-мәтелдерді жалғастыру)

IV. Тренинг «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады»

V. Жағдаяттан шығу

VI. Тосын сый

VII. Қорытынды.

I. Кіріспе

Құрметті ұстаздар мен оқушылар!

Бүгінгі «Шын дос болу-бақыт» атты тәрбие сағатын бастауға рұқсат етіңіздер!

Абай атамыз айтқандай:

Бес мүшеден бөлекше бас та өзгеше,

Қиғаш біткен маңдайға қас та өзгеше.

Кеңшілікте дос та дос, қасыңда дос,

Таршылықта қайырылмаған дос та өзгеше.

Немесе оны Жүсіп Баласағұни былай деп толықтырады:

Дос табу оңай-сақтауы қиын,

Жау табу оңай-тоқтауы қиын.

Ал, Мұқағалиша айтсақ:

Досым саған сенемін, сеніп өтем!

Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен.

Достық деген-адамның көрігі екен.

Достық деген-ақылдың серігі екен.

Оқушылар, бүгінгі сабағымыз пікірталас түрінде өтпек. Сондықтан өз ойларыңды ортаға салып отырсаңыздар. Жоғарыда айтылған өлең жолдарынан не ұқтыңыздар?

Дос деген кім?

1.Сыр бөлісетін адам.

2. Мені өте жақсы түсінетін адам.

3. Көмекке ардайым дайын адам.

4. Қандай жағдай болмасын бірге болатын адам.

5. Сенімді адам.

Аңыз. «Екі дос»

Ертеде жаугершілік заманда қазақтың екі жауынгері төс қағысып дос болыпты. Бірде әскерлер бір өзеннің бойында шатыр тігіп дамылдапты. Тұтқиылдан жаудың қалың қолы шабуыл жасапты. Олардың мал-мүліктерін тиеп, қолға түскен азаматтарды айдап әкетіпті. Екі достың біреуі жау қолына түседі. Оны естіген досы күздің қара суығын елеместен, өзенді малтып өтіп, жау жатқан жағаға келеді. Анталаған жау әскерлері оны тарпа бас салады. Жауынгер өзін қолбасыларына апаруын өтінеді. Келген соң ол: «Мен қолдарыңа түскен бір жауынгерге құн төлеп сатып алуға келдім, менің оған айырбасқа берер малым да мүлкім де жоқ. Бір-ақ нәрсе беремін, ол-өзімнің өмірім. Досымды босатыңдар! Ол үшін өзімнің өмірімді қияр едім»-дейді.

Қолбасы оны сынамақ болып: -Жарайды мен сені қыршыныңнан қимай ақ қояйын, маған сол өміріңнің бір бөлшегін ғана берсең болады-дейді. –Ол не?-дейді досын құтқаруға келген, асыққан жігіт.

-Маған сенің көздерің керек, екі көзіңді ойып аламын, -дейді қолбасы.

-Олай болса, көзімді тезірек алда, досымды босат-дейді.

Жігіт бұл сыннан да мүдірмей өтеді. Әлгі жауынгер тұтқыннан босаған досының иығына қолын артып, соқыр күйінде қуанып, күлімдеп келе жатады. Мұны көрген қолбасы: «Мынадай ерлері бар халықты тұтқиылдан келіп, қапыда бас салған жағдайда болмаса, бетпе-бет ұрыста жеңу қиынға соғады»-деп ой түйеді. Сөйтіп өз әскерлеріне шегінуге бұйрық берген. Бұндай достармен мақтануға болады, солай емеспе?

-Достықтың екі түрі бар, олар: адал достық және амал достық.

Адал достық өмірлік нұсқа болады,

Амал достық өрісі қысқа болады.

II. «Досым, саған арнаймын»

Әрбір адамға дос керек, өйткені адамдарға сырласатын, қуаныш пен қайғыны бөлісетін, бір-біріне көмек беретін жақын адам керек.

III. «Ойлан, тап!» (Мақал-мәтелдерді жалғастыру)

Енді, оқушылар, слайдқа қарап мақал-мәтелдердің жалғасын табайық.

1.Өз басыңды дауға берсең де, досыңды жауға берме.

2. Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды.

3. Күлме досыңа, келер басыңа.

4. Біреу жаныңа жолдас, біреу малыңа жолдас.

5. Дос басқа қарайды, дұшпан аяққа қарайды.

6. Жақсымен дос болсаң, жетерсің мұратқа

Жаманмен дос болсаң, қаларсың ұятқа.

7. Доссыз адам-тамыры жоқ ағашпен тең.

8. Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас.

9. Ерегескен ел болмайды, есептескен дос болмайды.

10. Заттың жаңасы жақсы, достың ескісі жақсы.

11. Екі ердің достығы асулардан асырар.

Екі елдің достығы ғасырлардан асырар.

Енді барлығымыз қосылып «Дос туралы жыр» әнін орындайық.

IV. Тренинг «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады»

Барлығыңыз орныңыздан тұрып, бір-біріңіздің қолыңыздан ұстап, қасыңдағы сыныптасыңа бірінші жаман қасиетін, екінші жақсы қасиетін айтыңыздар. «Сын түзелмей, мін түзелмейді»-демекші сынды ашуланбай қабылдаңыз да, болашақта кемшілікті жоюға тырысыңыздар. Сонымен қатар, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!»-деп халқымыз айтқандай, жақсы қасиетінде айтып, мадақтап қойыңыздар.

Рахмет, оқушылар! «Кемшіліксіз дос іздеген адам доссыз қалады». Сондықтан әрқашан кешірімді болыңыздар!

V. Жағдаяттан шығу

Ортаға ойынға екі ер баланың және екі қыз баланың шығуын сұраймын. Үстел үстінде жатқан кеспе қағаздағы ситуациялық сұрақтардың жауабын табыңыздар.

1.Саған ата-анаң үй шаруасын орындау керектігін ескертіп, өздері жұмысқа кетіп қалды, кенеттен жан досың қоңырау шалып, оған бір топ балалар тиісіп жатқандығын айтып көмекке келуіңді өтінеді. Бұл жағдайда не істер едің?

2. Көптен күткен әншінің концертіне бара жатырсың, қалтаңда билеттің құнына жететін 2000 теңге бар, жолдан құрбың кездесіп, тығыз ақша керек болып тұрғанын айтып, қарызға 1000 теңге беруін сұрады. Бұл жағдайдан қалай шығасың?

3. Екеуің жан доссыңдар, тағы бір досың бар. Сырткөзге қарағанда қызығарлықтай құрбысыңдар. Бірақта сен онымен көп жағдайда келіспей қаласың. Сен қай досты таңдар едің?

4. Сен математикадан есеп шығарып келдің, досың сенен көшіріп алды. Сенен кеткен қатені ол байқап, ол өзіне қатесіз жазды. Үй жұмысынан сен «4» деген баға, ал ол «5» деген баға алды. Сен бұл жағдайда досыңа не дейсің?

VI. Тосын сый

Енді достар бүгінгі тәрбие сағатымыздан естелікке бір-біріне дайындаған «тосын сыйлықтарын» жылы лебіздерімен білдіріп берсе.

VII.Қорытынды

Дос

Дос емес достық сөзін көтермесе,



Саған жердің түбінен жетем десе.

Не қылып дос атыңа қосылады?

Көтермей бір сөзіңді бүйтем десе?

Нағыз дос бірін-бірі жамандамас,

Араға көп өкпе сап табандамас.

Көңілі татулықтың шабандамас.

Жақсының әрбір сөзін қайырмаңыз,

Жасыған жездей болып мойымаңыз.

Сыр алмаған біреумен дос болам деп,

Сыр алған досыңыздан айырылмаңыз.



Құрметті ұстаздар және оқушылар! Осымен «Шын дос болу-бақыт» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Көңілдеріңізге, уақыт бөлгендеріңізге көптен-көп рахмет!

Достарыңызбен бөлісу:
Loading...


©melimde.com 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет

Loading...