Рухани қҰндылықтарды қалыптастыру ерекшеліктері

Loading...


Дата19.01.2017
өлшемі30.44 Kb.
РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Қазақ халқының философиялық көзқарасы мен ұлттық ой-санасының өркендеуінде рухани құндылықтар ілімінің өзіндік орны бар. Өз кезегінде ұлттың рухани бағдары, негізгі өмірлік позициялары, дүниетанымы да осы құндылықтарға байланысты қалыптасты. Дәстүрлі танымдағы құндылықтар әлемі – адамның рухани әрекеті, рухани байлығы, оның адамгершілік санасының сипатын білдірді. Бұл қоғам мен адамдарға жақсылық пен жамандықты, ақиқат пен адасуды, әсемдік пен сиықсыздықты, әділеттілік пен әділетсіздікті, рұқсаттылық пен тиым салушылықты, мәнді мен мәнсіздікті ажыратуға негіз болды.

Қазіргі қазақ қоғамындағы әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени өзгерістер мен жаңғырулардың үдерісі бұл мәселенің маңыздылығын арттыра түсуде. Осы орайда, рухани құндылықтардың ұлттық негіздерін жаңа қоғамдық қатынастар талабына бейімдеу, оны рухани өмірдің өзегіне айналдыру тек философиялық, дүниетанымдық мәселе ғана емес, сонымен қатар саяси мәселе. Түрлі жалған ұстанымдарды лаңкестік әрекеттермен ұштастырып, рухани құндылықтарды өз қажеттілігінде таныта білмеу қоғамда теріс көзқарас туындатуда. Рухани құндылықтарды өз деңгейінде бағаламау қоғамды аздырады. Ал, адамзат санасын дендеп келе жатқан рухани бостық жалған дүние кеңістігіндегі зұлымдық, менмендік әрекетінен туындайды. Сондықтан демократиялық қоғамның талаптары рухани құндылықтардың ұлттық негіздері мен ерекшеліктерін мәдени-философиялық тұрғыдан зерттеуді қажет етеді.

Бүгінгі таңда рухани құндылықтардың мәнін, маңызы мен ұлттық ерекшеліктерін анықтау ұлттық сана-сезіміміздің бағдар бағыттылығын қалпына келтіруге ықпал етеді. Сондықтан Қазақстан үшін рухани құндылықтар туралы ілім (аксиология) дәстүрлі дүниетаным мен жаңа жағдайға бейімделу кезінде туындайтын құндылықтардың ақиқаты мен жалғанын ажыратудың, ұлттық болмысымызды танудың негізіне айналып отыр. Оның ішінде жастардың ұлтжандылық қасиеттерін рухани құндылықтар аясында қарастыру күн тәртібінен түспей тұр.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Біздің егеменді және тәуелсіз Отанымызда өзіндік құндылықтарымыз бар және оларды сақтап, қорғай білуіміз керек. Бірде бір қоғам және бірде бір мемлекет патриотизм, бейбітшілік пен келісім, әлеуметтік серіктестікпен үйлесімділік, құқықтық тәрбие идеяларын жүргізбестен аяғынан тік басып тұра алмайды» [1, 140б.]– дегенболатын. Яғни Елбасы ұлтжандылық қасиетті тұғыр ретінде ұсынып отыр. Шынында да отаншылдық, өзара түсіністік, бауырмалдық, батырлық, парасаттылық, ой еркіндігі, қайырымдылық, ар-ождан, әділеттілік пен бостандық сияқты құндылықтарсыз қоғамның жеке мүшелері адамдарды да елестету мүмкінемес.

Бұлар адамның, оның ішінде жастардың рухани күшінің қайнар көзі, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуында ынталандырушы шарт. Бұл орайда Ә.Нысанбаевтің мына сөзін келтіре кету ойымызды нақтылай түседі: «Адам бойындағы рухани даму мүмкіндігін көрсететін тағы бір жайт – оның айқын өмірлік позициясының болуы. Егер ол тек ғана баюға ұмтылатын, бірақ еліне өз отандастарына қол ұшын беруді, көмектесуді ойламайтын, имандылық пен адамгершіліктен аулақ тұрған болса, қанша кітап оқыса да, бәрібір, ондай адамның руханилығы туралы сөз болуы да мүмкін емес» [2, 416б.]. Алайда тарих процесс арқылы жалғасып келе жатқан құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа табыстау дәстүрі кеңестік идеология тұсында жолдан шығып қалды.

Тоталитарлық жүйенің құндылықтарын зорлықпен санаға сіңіру, адамдардың іс-әрекетімен дүниетанымының өзегіне айналдыру жаппай етек алды. Бәрін бір идеологияға бағындыру нәтижесінде ұлттар дәстүрлі өмір сүру тәсілінен айырылды. Адамның рухани дүниесінен гөрі материалдық бастамалар, қажеттіліктер алғашқы орынға қойылды. Бір ғасыр ішінде жүріп өткен саяси-әлеуметтік өзгерістер, қоғамның экономикалық негіздерінің ауысуы, қолдан жасалған аштық, саяси қуғын-сүргін, халықты жаппай жайлаған үрей, шовинистік саясаттың нәтижесінде жазу үлгілерінің өзгеруі, ұлт тілінің қолданылу аясының тарылуы ұлттық құндылықтардың, яғни халық шығармашылығы –фольклор, мақал-мәтел, эпос жырларымыздың қоғам сұраныстарынан аластатылуы, ұлтжандылық қасиеттің қатты қуғындалуы, ислам дінінің теріске шығарылып, атейстік көзқарастың басты ұстанымға айналуы және тағыда басқа өзгерістер ұлт санасындағы рухани құндылықтарға кері әсерін тигізбей қалмады.

Рухани құндылықтарды бағалай білуге әлемді, адамдарды, табиғатты сүю ғана үйрететіндігі естен шықты. Алайда еріксіз істелінген нәрсенің адамнан бәрібір де еріксіз қалатыны, бағаланбайтыны негізделді. Бұл туралыС.Нұрмұратов: «Ақиқатты түсінуге, игеруге болмайды, оны тек таза жүрекпен қабылдау керек, адам сол әлемге ақ ниетпен ұмтылуы қажет» [3, 31б.] деп жазады. Рухани құндылықтар адамдар жүрегінде сақталып қалды.

Нарықтық қатынастар кезеңінде қазақ қоғамының санасы комунистік идеология мен тоталитарлық жүйе құрған түсініктер мен көзқарастарға толы еді. Оның үстіне нарықтық қатынастарды қалыптастыру кезеңінің алғашқы жылдарында жіберілген ағаттықтар мен кемшіліктер қоғамның рухани және моральдық азғындауына әкеп соқтырды. Дәстүрлі дүниетаным мен нарықтық қатынастар тудырған құндылықтар арасында қайшылықтар пайда болды.

Ұлттың рухани тазалығын сақтауда рухани құндылықтардың ұлттық негіздері қандай, жаңа ғасырда оларды адамдар санасына қалай енгіземіз, ұлт дүниетанымында қалыптасуы мен даму ерекшеліктері қандай, жаңа жағдайға бейімделуі қалай жүреді, оның ішкі қайшылығын анықтау, бағыты мен

бағдарын көрсету, тәрбие жүйесінде ұлтжандылықты рухани құндылық ретінде қарастыру осы тақырыптың өзектілігін көрсетіп отыр.

Құндылықтарды зерттейтін саланың аксиология деп аталатыны зерттеушілерге белгілі. Философия мен мәдениеттануда мейлінше мол тағлым-тәжірибесі бар құндылықтар туралы ілімді зерттеу қызу философиялық пікір таластың негізінде қалыптасып келе жатыр. Ал рухани құндылықтардың ұлттық негіздерінің қалыптасуы мен даму ерекшеліктерінің зерттелуіне тоқталатын болсақ, бұл мәселе әлеуметтік философиялық тұрғыдан әлі толық зерттеліп болмаған, философ және мәдениеттану ғалымдардың көз қырына енді ілініп келе жатқан мәселелердің бірі. Құндылықтардың ұлттық негіздерінің уақытқа сай зерттелмеуі, оның халық танымынан жасырын қалуына алып келді. Бұл түрлі теріс көзқарастар мен пікірлердің туындауының себебіне айналды.

Құндылықтардың абсолютті және салыстырмалы қасиеттері туралы түсініктер антика заманында өмір сүрген Сократ, Платон, Аристотель еңбектерінде өздерінің даму деңгейіне сәйкес анықталып отырған. Өз кезегінде немістің ұлы философтары Кант пен Гегель де құндылықтар мәселесіне назар аударып, әрқайсысы талдаулар жүргізген.

Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Йүгінеки, ақын жыраулар, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев шығармашылығындағы рухани құндылықтар әлемі және адам жанын кемелдендіру туралы айтылған ойлар ұлттық дүниетанымызды құндылықтармен қуатты етті. Олардың дүниетанымында сонымен қатар ұлтжандылық туралы да маңызды қағидалар айтылған. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи «Отанды сүю–иманнан» деген пайғамбар хадисінің негізінде ойлар айтқан. Ал ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлт азаттық қозғалысының көрнекті өкілдері А.Байтұрсынов, А.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, М.Шоқаев және басқалары қазақ халқын ұлтжандылық негізінде, ұлтқа қызмет ету қажеттілігі негізінде жалпы зиялылармен адамзаттық құндылыққа жақындастыруды уағыздады.

Қоғамымыздағы өзгерістерге байланысты рухани дүниемізді жаңғыртып, ұлттық мұрамыздың қайта түлеуін көздеген А.Х.Қасымжанов, Ә.Н. Нысанбаев, О.А.Сегізбаев, Ғ. Есім, М.С. Орынбеков, С.Е. Нұрмұратов және т.б. ғалымдарымыз рухани құндылықтарға немқұрайлылықпен қараудан арылуға шақырады. Сондай-ақ, ұлтжандылық пен рухани құндылықтарымызды философиялық тұрғыдан талдауға мән беріп, оны дамытуға және сол арқылы әлемдік мәдениеттермен бір ырғақта болуға үндейді.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму барысында саяси-идеологиялық, мәдени тұрғыдан жаңаруына сай жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру үкіметіміздің жаңа стратегиялық бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып отыр.

Еліміздің географиялық орналасуы мен ұлттық–этникалық ерекшелігіне орай оқушыларға халықтық дәстүрге негізделген батыр бабаларымыздың ерлік дәстүрлерін насихаттау, билер мен шешендердің өнегелі тәлім-тәрбиелерінен жан-жақты тәрбие жүйесін құру қажеттілігі қазақстандық білім саласының маңызды проблемаларының бірі болып табылады. Сол себепті де қазіргі таңда жастардың ұлтжандылық мінез-құлқын зерттеу және оны қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі болуда. Соған сәйес жастар патриотизмі мәдениеттанудың объектісі болуда. Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының міндеттерінде: «Қазақстандық патриотизмге, биік мәдениетке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу» туралы айтылады. Мұндай мазмұндағы мемлекеттік талап-міндеттер бүгінде жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру ісінің жалпы ұлттық сипатқа ие болып отырғандығын көрсетеді. Ал мұндай күрделі тәрбие үрдісі әр отбасынан бастау алып, білім беру жүйелерінде үздіксіз, кешенді жүргізілуін талап етеді. Педагогика тарихында түрлі кезеңдерде патриотизм, советтік патриотизм, ұлтжандылық, қазақстандық патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік, оны жүзеге асырудың жолдары туралы айтылған педагогикалық тұжырымды ойлар бұл проблеманың тамыры тереңде екендігін көрсетеді, яғни дерек көздеріне сүйенетін болсақ, 1898 жылғы ескі «Энциклопедиялық сөздіктегі»: «Патріотизм – любовь к отечеству. ...привязанность к своей культурной среде или к родной гражданственности», –деген анықтама біздің пікірімізді айқындай түседі [2, 36 б.].

Ал «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында: «Отаншылдық, отансүйгіштік, патриотизм (грек. patris – Отан) – адамның Отанына, туған еліне, оның тіліне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілік сезімі», –деп анықтама берілген [3, 218 б]. Ертедегі грек және рим ойшылдары (Платон, Аристотель, т.б.) еңбектерінде отансүйгіштік тәрбие идеялары көрініс береді. Платонның пікірінше: «Государство любить с самого детства и быть приспособленным к

их обязанностям, чтобы, то есть, сделать их мужественными, рассудительными, свободными и тому подобное», –деп, мемлекетті сүюді, оның міндеттерін жас ұрпақтың бала кезінен бойына сіңіріп, ерлікке баулудың маңызы зор екенін айтады [4, 82 б.].

Аристотельдің «Саясат» туралы еңбегінде: «Законодатель должен отнестись с исключительным вниманием к воспитанию молодежи любить отечество, так как в тех государствах, где это нет, и самый государственный строй терпит ущерб», –деп, отансүйгіштік тәрбиенің қоғамдық роліне баға береді [5, 274б.].

Қазақ елінің ғасырлар бойы қалыптасқан отансүйгіштік тәлім-тәрбие дәстүрлерін, әдістері мен құралдарын жинақтап, оны бүгінгі оқушы тұлғасын тәрбиелеуде оқу-тәрбие үрдісінде ұтымды қолдану – уақыт талабы. Тарихты парақтасақ, қазақ патриотизмі ерте кезден бері қалыптасты. Оның дәлелі, халықтық мәнге ие мол рухани мұра - түркі халықтарына ортақ тас ескерткіштеріндегі (Орхон-Енисей жазулары) тағылымдарда, орта ғасырлар ойшылдары (Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Ясауи) мен жыршы-жыраулардың (Асан Қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Махамбет, т.б.), қазақтың ағартушы-гуманистерінің (Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин,А.Құнанбайұлы, т.б.) және КСРО–ның алғашқы жылдарындағы қоғам қайраткерлерінің (А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, т.б.) ой-пікірлерінде көрініс табады.

VІ-ІХ ғасырларда қазақ жерін мекендеген ұлы түркілердің ардақтайтын моральдық құндылықтарының ішінде отансүйгіштік рух жетекші орын алады. «Тоныкөк» жырындағы Тоныкөктің өмірі мен қызметі, түркі халқының патриоттық тарихы және өсіп келе жатқан ұрпақты ерлік дәстүрінде тәрбиелеу турасында айтылады. Жырда қағанның кеңесшісі Тоныкөк үшін халық пен Отан даңқы бәрінен жоғары екендігі көрінеді: «Бүкіл түркі халқына Қарулы жау келтірмедім, Атты әскер жолатпадым. ... Еліміз қайта ел болды, Халқымыз қайта халық болды»,–деген жолдардан отаншылдық маңызы зор тағылымды ой-пікірлерді айқын байқаймыз [6, 58б.].

Бумын қағанның баласы Мегенің жат жұртқа бір уыс топырақты беруге болмайтыны туралы түркілерге өсиет ретінде қалдырған: «Топырақ – халықтың негізі, оны беруге болмайды!» – деген даналық сөзі басқаларға жерді таптатпау, туған елден айрылмау түркілердің өте киелі дәстүрі болғанының куәсі деп білеміз [7, 87 б.].

Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» («Түркі сөздерінің жинағы») кітабында түркі халықтарының ерлігі, тұрмыс-тіршілігі және

қаһармандық істері жайында баяндалады. Мұнда отансүйгіштік, ерлік жайында: «Мен түркілердің зерек қабілет иелерінің бірі, әрі ұрыстарға шебер найзагерімін, бүкіл шаһарларды қорғаған болатынмын», – деп айтылады [8, 9 б.].

Жүсіп Баласағұнидің отансүйгіштік тәрбиеге арналған тағылымдық еңбектері өте бай және көркем жазылған. Оның «Құтадғу білік» («Құтты білік») атты дастанының тәрбиелік маңызы зор. Мұнда жастарды ерлік, кісілік, сөз өнері секілді жақсы қасиеттерге тәрбиелеу туралы баяндалады. Мысалы: «Ер ажары – сабырыңды сақтай біл», – деп ерліктің қадір-қасиетін бағалау туралы тұжырымды ой-пікірлер айтады [9, 118 б.]. Сондай-ақ түркі тілдес халықтардың ойшыл қайраткері Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» («Даналық кітабы») атты еңбегі адамгершілік, Алла Тағалаға құлшылық ету, дінге берік болу, елін қорғау туралы отансүйгіштік тәлім-тәрбие бағытындағы ой-пікірлерге негізделген. Әдетте жеке тұлғаның бойынан табылуы тиіс ерлік, отансүйгіштік қасиеттердің «негізі сабырлылық, төзімділік, шыдамдылық қасиеттерден тұрады» деп түсінік беріледі. Бұл қазақ батырының тұлғасындағы асыл қасиеттермен байланысты [10, 58 б.].

Жоғарыда аталған мысалдарда жалпы білім беретін орта мектептің оқу-тәрбие үрдісінде түрлі тәрбие міндеттерін шешуде отансүйгіштік тәрбиені пайдалану мәселесі бойынша да маңызды ғылыми мағлұматтар бар. Алайда қазақ батырларының қаһармандық бейнесін оқушылардың ұлтжандылық тәрбиесін жүзеге асыру барысында оқу-тәрбие үрдісінде кешенді пайдалану мәселесі арнайы педагогикалық еңбектерде әлі көрініс таппаған.

Өкінішке орай, жалпы білім беретін орта мектептің іс-тәжірибесі де орта және жоғары сынып оқушыларына отансүйгіштік тәрбие беруде ұлттық рухани мұраны пайдалануда бірегей жүйенің жоқтығын дәлелдейді.

Қорыта келе, қазақтың ұлттық дүниетанымындағы ұлтжандылық пен рухани құндылықтарды зерттеуге бағытталған жоғарыда аталған еңбектерде біз зерттеген тақырып, яғни қоғамымыздағы рухани құндылықтардың ұлттық негіздері мен соның негізінде туындаған мәселелер қаралмаған. Міне, осы зерттеу рухани құндылықтарды қалыптастыруда ата жұртымыздың мәдениетінің өркендеуіне септігін тигізген ілімдер мен дәстүрлерді қайта ашады.

Шүкір деп айталық, кеңес өкіметі орнағанға дейін, кейін КСРО кезінде де орыс империясының ықпалымен тілінен, ділінен, дінінен айрыла бастаған Қазақ елі тәуелсіздік алғалы бері біртіндеп ұлттық құндылықтарына оралып келеді. Тіл де, дін де дами түсті. Бұған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қамқорлығы себеп болды деп толық айта аламыз. Ендігі керегі – ұйымшылдықпен жас ұрпаққа ұлтжанды тәрбие жүргізу. Ата-бабамыздың асыл мұраларын жастардың бойына сіңіру.
Қай елде болмасын, жас ұрпақты ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу қоғам мен мемлекеттің назарынан тыс қалған емес. Осы бір ауыр да ардақты міндеттің бүгінгі таңда қоғамымыздың барлық саласында, соның ішінде білім беру саласында жүргізілуі әлемдік деңгейге сай дамуды талап етеді. Білім саласында мұғалім оқыту процесін, оның заңдылықтарын, принциптерін пайдалана отырып, азаматтық тұлғаны тәрбиелеп, оның бойындағы ұлтжандылық сезімін зиялылыққа, мәдениетшілдікке ұластырса, құба-құп.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


  1. Назарбаев Н.Ә. Өзекжарды ойлар. – Алматы: Мектеп, 2003 – 172 б.

  2. Энциклопедический словарь / Издатели Ф.А. Брокгаузъ, И.А. Ефронъ. – С.-Петербургъ: Типо-Литографія И.А.Ефрона, 1898. – Т . 23. – 450с

  3. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. Т.7. / Бас ред. Б. Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2005. – 728 б.

  4. Платон, Аристотель. Политика. Наука об управлении государством. – М.: Эксмо. 2003. – 864 с.

  5. Аристотель. Политика / Пер. С.А. Жебелева, М.Л. Гаспарова. – М.: ООО Издательство АСТ, 2002. – 393 с.

  6. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 264 б.

  7. А.Қ. Жұмабеков Түркі халықтарының жазба мұраларындағы педагогикалық ой-пікірлер (VІ-VІІІ ғғ.): пед. ғыл. канд. дисс: 13.00.01. –Шымкент, 2004. – 132 б.

  8. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі («Диуани лұғат ит-түрк»). – Алматы: Ана тілі, 1993. – 192 б.

  9. Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы / Құрастырған Қ. Жарықбаев, С. Қалиев. – Алматы: Рауан, 1994. – Т. 1. – 320 б.

  10. Ахметбек А. Қожа Ахмет Йассауи: Көмекші оқу құралы. – Алматы: Санат, 1998. – 112 б. Вырщиков А.Н., Кусмарцев М.Б. Патриотическое воспитание молодёжи в современном российском обществе / Монография. – Волгоград: НП ИПД Авторское перо, 2006. – 172 с.



Түйіндеме

Мақалада «рухани құндылықтар» түсінігі әртүрлі ғылыми көзқарастар тұрғысында қарастырылады және оның ерекшеліктері мен қоғамда алатын орны талданады.



Резюме

В статье рассматривается понятие «духовные ценности» с разных научных позиций, анализируется его специфика и роль в обществе.


Summary

In article the concept "cultural wealth" from different scientific positions is considered, its specifics and a role in society is analyzed.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Мысыр араб республикасының лаңкестікке қарсы күрес жүргізу тәжірибесі
publications -> Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа қатысты ядролық державалардың ұстанымы Аңдатпа
publications -> Ғылыми жетекші: Омарова А. К. «Қаржы» кафедрасының оқытушысы
publications -> Қазақстан Республикасының экологиялық жағдайы
publications -> Профессор Қ. Жұбанов және қазақ терминологиясындағы мәселелер
publications -> Интерактивті маркетингтің артықшылықтары мен кемшіліктері
publications -> Экология ғылымы және негізгі бөлімдері. Мақсаты
publications -> Экология ғылымы және негізгі бөлімдері. Аплатин Қарақат Ақпараттық жүйелер-16 тобының студенті
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> МӘС бөлімінде куәландыру (қайта куәландыру)тәртібі


Достарыңызбен бөлісу:
Loading...


©melimde.com 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет

Loading...