„Ұраным алаш!



жүктеу 2.22 Mb.
бет10/11
Дата15.01.2017
өлшемі2.22 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

ҮІІ том. Қосымша айғақтар
Бұл томда негізінен қамауға алынғандардың жеке хаттары, құжаттары сақталған. Түптемелердің арасынан жұлынып алынған сияқты. Хаттардың кейбіреуінің түпнұсқасы жоқ, бірақ та орысша аудармасы бар. Біз мүмкіндігінше сарғайып кеткен сол хаттардың түпнұсқасын пайдаландық. Ал кейбір жерлерде оның аудармасын бердік. Мұның өзі тікелей қажеттіліктен емес, мәжбүрліктен туды. Біріншіден: хаттағы жазулар өше бастаған, оны ажыратуға кейде бір-екі күн қажет еді. Ал біздің уақытымыз шектеулі болатын. Екіншіден: орысша аударылған хаттар тасқа басылған еді. Бұл жұмысты жеңілдетті.

Сондықтан да біздің амалсыздықтан барған бұл лажымызды түсінер деп ойлаймыз. Кейін мұның барлығын асықпай, түбегейлі зерттейтін мезгіл туар. Сонда бәрі де орынына келер деп үміттенеміз.



Біз кейбір хаттарды тәржімалау барысында сол адамның сөйлесу, жазу мәнерін және оның сөздік қолданысын сақтауға тырыстық. Біз бұл хаттар тақырыпқа байланысты тарауларда пайдаланылатын болғандықтан да, ішінара ғана іріктеп келтірдік.
Мағжанға Жүсіпбек пен Молдағалидың жазған хаты.

«Орынбор . 1924-жыл. Майдың –16.

Ардақты Мағжан!

Сенің Мағжан, ақындығыңа тосыннан хат жазып, иманыңа, идтихатыңа қол сұққалы отырмыз.

Ақылды не ақылы қысқан аға айтады, не жан ашыр дос-жаран айтады. Жүздес, сырлас болмасақта туыстаспыз. Соған орай қолға қалам ұстап, дос-жарандық білдіргелі, ақындығыңа біз бір ақылсымақ айтқалы келеміз.

Сен ақынсың. Күніміз де, көз алдымызда ұстайтын қазақ әдебиетінің “көгіне өрмелеп шығып күн болатын” үміткер ақын сенсің. “Жаралы жанды ”, “Қорқытты”, “Баянды” берген ақыннан одан да зор күтеміз. Қазақ әдебиетінде артынан мүрида етуге, өзіндік дәуір жасауға сенің қаламыңнан басқасының дәмесі жоқ. Ақындығыңа мін тағуға болмайды. Сенен “әттең ғана” деп табарлық бір кемшілік: сен торығасың, зорығасың, зарланасың. Асау алып жүрегің “сұм өмір” деп жұбаныш таппайды. Келешектен жарық сәуле, жақсы үміт күтпейсің, “бүгінен» жиренесің, безесің, түңілесің, өткенді жоқтап алданыш етесің. Өмірден түңілген, өмірге қол сермеген сары уайым, сары қайғыға түсіп барасың. Мұндай сары уайымшылық (пессимизм) ақынның бойын өсіре ме? Өріс ұзарта ма? Үмітсіз, тілексіз өмірде не мағына бар?

Сен Байронның рухына түсуге таяусың. Бірақ Байрон заманындағы қара күн (реакция) Байронның шеккен жиһан күйігі (мировая скорбь) бұл күнде бар ма? Қазақтың басына қиын қыстау күндер келген болса, қазақ жұтқа, апатқа, талауға, зорлыққа шалдықса, қайғырса күйінсе, оны “жиһан күйігі” деп санауға бола ма? Ол тар көзділік болмай ма? Сұр айдың артынан күншуақ болмай тұрған ба? Күннің көзін мәңгілік бұлт басып тұру мүмкін бе?

Рас, қазақ ақынысың. Қазақ мұңын жырлайсың. Қазақты сүйесің, қазақпен бірге күйесің. Қам көңілді қайғыртып, уайым төгіп, қаяу салғаның қалай? “Торық па, жабықпа, түңілме, алдыңда жарық сәуле бар, жылтылдаған (Короленконың) “от” бар – деп көңілін көтеріп, демеу (ҮІІ том. 153-бет) бермегенің қалай? Болғанды –“болды”-деуден болашақты болжау қиын. Әлде болашаққа сендіру, қараңғы тұманда жылтылдаған сәуле көрсету қиын ба? Қазақтың келешегіне һеш бір сенім жоқ болса, жоғалатын елге сұлу сөз - әдебиет неге керек? Біз сенен дертке дәрмен болғандай, рух бергендей, ауыр халдан шара тауып шыққандай, келешекке, мәдениетке, игілікке сүйрегендей сөз іздейміз. Өткенді өткендер де жоқтаған, зарлаған, жырлаған. Қазақтың жұртшылығына одан келген пайда қанша еді?

Пушкинді Пушкин қылған оның нұрлы ақылы, сергек көңілі, өмірді дұрыс бағалай білгендігі ғой. Сен - туысың қазақтың, адымың - қарға, елің - мешеу болса да, өмірге ашық көзбен қарайтын 20-ғасырдың ұлы емессің бе. “Қу өмір, сұм жалған”, “жауыз жазым” дәуірі сұйылып, өмірдің қожасы, тақтың Алласы - адам болған заманда, адамға жаңа тілек, жаңа арман, жақсы салт-сананың заманында сен сықылды күшті ақынның (?..) өзгеріс кірмейді деуге көңіл бармайды.

Сарыуайымшыл болса да, бүгінде Байронды төңкеріс ақыны деп санап отыр. Төңкерісшіл болмаған ақынның өркені өспейді. Өркеніңнің өсуіне тілектес болғандықтан, дос-жараның сөз айтып, көңілдегі мүддемізді шығарып отырмыз.

Жүрекке, идтихатқа, иманға қолқа салу кімге болса да зорлық, әсіресе, ақынға зорлық. Сүйтсе де себепсіз нәрсе болмақ емес қой: таяу тұрған нәрсеге түткідей себеп болсақ, біздің мақсұтымыздың орындалғаны.

Жүсіпбек.

Бауырларың:

Молдағали”.
Бұл хаттағы жазу үлгісі Жүсіпбектікі емес, зады, Жүсіпбек айтып тұрған да Молдағали жазған болуы керек. Не бұрын, не кейін біреу көшірді ме екен? Және қадым таңбасын пайдаланып отырған. Соған қарағанда, Молдағалидың мәнері. Ал Молдағали – белгілі ағартушы, әдебиетші Молдағали Жолдыбаев па, жоқ па, оны ашып айта алмаймыз. Одан өзге лайықты адамды тағы да болжай алмадық.

Әлихан Бөкеханов пен Ахмет Байтұрсыновтың екеуара жазысқан хаттарының біразы сақталған, біразының фотокөшірмесі бар, ал кейбіреуінің аудармасы ғана сақталған. Түпнұсқаның кейбірі танылмады..



«16 май. 25-жыл.

Бауырым Ахмет!

Әілмхан келіп, сонан естідім, сен ауырып оңалыпсың. Енді ауырма. Жоқтауым 21 болды (Ә.Бөкейханов құрастырған жинақ – авт.) мен қазақ секциясына бердім. Сеид–Ахмет жоқтауымды алып қалды. Өлеңі жақсы болғанымен, қайталамасы көп екен. Соны өңдеп барып, сонан соң баспасаң, қайталама жақсы өлеңді бұзып кететін. Сабындай бұзылған, жалдаптай ойнаған біздің Ц.И. сұлу әдебиет сөзін басатын көрінеді. Сеид-Ахметтің өлеңін өңде. Күзде басылып та қалар. Ц. И. бірінші октябрьге дейін оқу құралын ғана баспақ. Баспа күшінің бәрін осыған салмақ. Орынбор баса алмай отырған мекетеп кітаптары болса, Мәскеуге жіберіп қараңдар. Басқанына ақы аласыңдар, жылдам басып береді.

Біздің Нәзір: Шәңгерейді, Шоқанды, Ыбырайды да (Алтынсары) кітап қылып шығарайық - дейді. Мен “жарайды ”-дедім. Мен Шәңгерейді жазбақ болдым. Ыбырайды саған бермек болдық. Шоқанды Мадиярға берейік деп едім , “латын” ойына түсіп кетіп, тасырқап қалды. Мен: сен тақсыр баспа, өзің жаз - дедім.

Мен майды бітіріп елге кетем. Шәңгерейді ауылдан жібермек болдым. Бәрі бір күзге шейін басылмайды. Сен де күзге жазып берем деп Ыбырайды ал. Шоқанды тағы да көрерміз. Абайды жазатын кім? Білесің бе? Тұрашқа жаздырсам, сыңаржақ болып, жүгі бір жаққа ауып кетеді ме деп қорғанып тұрмын.

Біздің Ц.И. мектепке деп дәптер шығармақ. Ол дәптердің оң бұрышында Абай, Шоқан, Ыбырай (Алтынсары), ақын Ахмет, Шәңгерейдің суреті болмақ. Маған сен өз суретіңді жібер. Мен оны Ц.И.-ге беріп кетейін.

Жоқтауға әлі ақы алғаным жоқ. Алғанда саған жіберем.

Мадияр жолдасқа айтшы, мен “Еңбекші қазақтың” егіз санын алам. Маған біреуі де болады. Екіншісін Қарқаралыда Бәжікейге жібер деп 3-4 рет жаздым. Мадияр дәл Еркесары: баспалап істейді, дәнеме айтпайды. Газетін қосақтап Мәскеуге жібереді де отырады. Тағы да (ҮІІ том. 159-бет) Мадияр газетті былай қылып елге тарат дегенде дым-ақ шешен. Өз газеті Мәскеуге 8 күнде келеді де, соңғы шыққаны озып жүреді. 31 майдан кейін маған Мәскеуге газетті жібермесін. Мен елге кетем. Сеид-Азымға беретін істер әлі де түзеліп біткен жоқ. Мен жүргенше бітпесе, секцияға тапсырып кетем. Ол да күзге дейін басылмайтын жазбалар болады ғой.

Елдесім жолдастың физикасына сын жазайын десем, газетке үлкен, журналым жоқ болып, делдал болып тұрмын. Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті.

Бір күні Шәңгерей маған: “Мен сені жақсы көрем! Білесің бе?”-деді. Мен: “Жоқ”-дедім. Шәңгерей: “Сен шын қазақсың ба? Сені қазақ деп жақсы көрем”-деді.

Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен.

Бәріңді құшақтадым-сүйдім.

Ғали-хан».
Ал мына келтірілген хаттың түпнұсқасын байқай алмадық.
«Қадірлі (құрметті) Әли!..

Қызылордаға ауысу мәселесі түпкілікті шешілмегендіктен де сенің көптеген хаттарыңа дер кезінде жауап бере алмадым. Енді, Қазақ институтының ауыспайтынына қарамастан оқушылардың кетіп жатқанын көрген соң, мен де Қызылордаға көшуге бел байладым, сондықтан пәтер қарап іздестіре беру үшін әйелімді сонда жібердім. Биыл орталықтағы тәржіманың шығуына байланысты еліме баруға да мүмкіндік алдым. Қалғанына және көшудің қамына тамыз бен қыркүйекте кірісерміз деп ойлаймын. Егерде сенің профессорың Торғай мен Ырғыз уезіне баратын болса онда мен де сонымен бірге жүріп кетуім керек шығар. Ән-күйлерді жиыстырып, фотографияға түсіру менің де көптеген ойымда жүрген іс еді. Егерде мен оны профессордан үйреніп алсам, маған да пайдалы болар еді.

Қазақ мемлекеттік баспасымен жасасқан шартым бойынша жаңа жазу үлгісіне орайластырып үш грамматика оқулығын және қырғыздардың әліппесін құрастырып: біріншісін – 15- маусымда, екіншісін – 1-шілдеде, үшіншісін 1-тамызда және төртіншісін 20-тамызда бітіріп беруім керек. Міне, осы уақытқа дейін басқа жұмыстарға мойын бұруға мұршам жоқ, содан кейін де, егерде Қазақ институтында дәріс басталатын болса, бос уақытқа тағы да ділгір болып қаламын. 20-тамызға дейін Ибрагимнің (Абайдың) өмірбаянын жазып бере алмаймын дегенім сол. 20 тамыздан кейін де уақыт бола ма - оны да айта алмаймын. Өзіңе өзімнің фотографқа түскен суретімді жіберемін, бірақ байқарсың, менің суретім сенің шығатын қатираңа кірмей қалып жүрмесін.

Біздің коммунистер, сендердің мәскеуліктердің сияқты жарты емес, нағыз “96-пробаның” өзі.

Алтынсарының баласының суретін “Шолпан”журналының № 6,7,8 кітабынан таба аласыңдар. Одан басқа оның суреті менде жоқ.

Міржақып Қостанай уезіне кетті. Кеше одан: “Гая жеңілдеді, ұл тапты!”- деген телеграмма алдым. Пішпек қаласында өткен қырғыз мұғалімдерінің құрылтайынан (бұл арадағы бір әріпті не санды ажырата алмадым. “келдім” бе, жоқ “Е” келді ме. Егерде қысқартылып жазылған кісі аты болса, онда бұл “Елдес Омаров” деген сөз. Ал “2” деген сан болса –онда “2 күні Пішпектен келдім деген сөз. Аудармашының өзі де түсінбеген сияқты. Сондықтан Пішпектегі сьезге Ахмет Байтұрсынов барды ма, Елдес Омаров барды ма, ол арасын анықтау керек. Ахмет Байтұрсыновтың “Әліппесі” сол жылы қырғыз мектептері үшін басылып шыққаны анық- авт.) 2-де келдім. Күн тәртібіне қойылған мәселе мынадай: тіл, қарып, жазу үлгісі, ғылыми терминдер, көне сөздерді жинастыру және мектептің бағдары.

Латын алфавиті туралы бұларда осы уақытқа дейін бір жиналыс болыпты да қаулы қабылдапты. Сияз оны қолдады. Ол қаулының мазмұны мынадай: қырғыздардың келешегі үшін латын жазуы пайдалы, бірақта, оны бірден қолданудың ыңғайы келмейді, оған дейін арап қарпіне біраз өзгерістер енгізу қажет- делінген. Олар: латын “назира” қарпінен нашар. Бізде үлкен және кіші қаріп деген болмау керек, сондай-ақ, баспаша және жазбаша түрініңде қажеті жоқ. Академиялық орталық жағырафияны орыс тілінде басып шығара алмайды- дейді.

Бұл ұсыныстарды қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының таладауына ұсынамын, нәтижесін кейін хабарлаймын. Соңғылар оны шығаратын шығар деп үміттенемін, себебі, оларға қырғыз жағырафиясы өте қажет.

Құшақтап сүйемін. Ахмет . ІІ/ҮІ-25 жыл.
Осындағы “Ибрагим -”дегенді Абай деп аудармашы жақшаның ішінде көрсеткен. Зады, бұл Ибаргим – Ыбырай Алтынсарин болуы керек.

Ахмет Байтұрсыновтың бұл хатына Әлейхан Бөкейханов маусымның 23 күні жауап жазыпты. Оның да түп нұсқасы жоқ. Фотокөшірмелері ғана бар. Одан әріпті ажыратып оқудың мүмкіндігі болмады. Орысшасы сақталған хат: “Бауырым Ахмет! Сенің ІІ-ҮІ күні жазған хатыңды алдым, профессор Берлин қаласына қайтып кетті” - деп басталады.Әрине алаштың көсемдерінің барлығының әрбір тынысы қымбат, әр сөзі алтын. Алайда шамамыз келгенше қамтуға тырыссақ та, түгелдей кешірудің реті келмеді. Жоғарыдағы жауапты біз толық жазып алмаппыз. Мәтқапылық деген осы.


Осы істе Әлихан Бөкейхановтың Дінше Әділевке де жазған хаты жүр. Әдемі мәнермен жазылған.

«Москва. Воздвиженка. П.Кисловскй, пер.4.кв.15. Бауырым Дінше!

Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. “Шолпанға”, “Темірқазыққа” неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар жазбаса, кім жазады. Не балаларға сабақ беріп, не журнал, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылсаң, не қазақ тілінде кітап жазбасаң - өзге жол бізге бөгелді ғой.

Сүйдім- Ғали-хан».

“Бұл хаттың сыртына мынадай түсінктеме беріліпті: «23/ҮІІ-23 жылы /?/ Рысабайдың ауылында алынған. Тапсырған Мырзағазы. Дінше Әділев”- деп қолын қойыпты.

Хаттың мазмұнына қарасақ, Дінше Әділев Әлихан Бөкейхановқа бірінші боп хат жолдаған және мынау алмағайып заманда ел үшiн қандай іспен айналысуы керектігін, бұған қандай ақыл қосатындығын және өзінің сол кездегі көңіл-күйін білдірген сияқты. Әлекең оған мәдени саланы нысана ет деген кеңес береді. Әрине, бір ұлттың көсемінің «сүйдім» - дегені ел үшін еңіреген кез-келген азаматқа үлкен құрмет әрі сенім. Тек соған лайық бола білу қажет. Ал оны Дінше ақтай алдым ма, жоқ па, оған біз төрелік айта алмаймыз. Мүмкін бойына қуат-күші толған, кей кезде зейінін мінезі жеңіп кететін, қызба қанды жігіттің аласұрып өмір сүруі,ген тіршілігінің мағнасын іздеуі, өз жанына өзі таныштық бермегені - оның ойсыз адам емес екендігін аңғартады.

Соғыс пен қызыл қырғынның ішінде сыр бермеген азаматты кеңес түрмесі осылай «тірі өлік» етіп шығарған. Ендеше, артық сөз айту асылық болар. Ал шындықтың жолы бұл мүлдем басқа мәселе.

Тергеу ісінің ҮІІ томының 117-бетінде «Қожа Мырзағазы» деген адамның хатының соңы сақталған. Әңгіме - Әубәкір Диваев туралы. Мырзағазы қожа дегеніміз – Мырзағазы Есполов болуы мүмкін. Қазақтың ақсақалдарының бірі Ә.Диваев туралы сөз қозғалып отырғандықтан да келтіре кетуді жөн көрдік:

« ... тәрбиелеуге болмайды.

Балалары Рысқыловқа арыз жазып берді. Арызын Рысқұлов сонда алып кетті. Барған соң партия арқылы өткізіп көрейін, жолдастардың күшімен деп. Осыны бірдеме қыларсың. Шалдың халі нашар.

Өздері 4 жан. Жалғыз ақша алатын шал. Оның алғанымен барлығы күн көре алатын емес. Балалары қызметте жоқ. Оның үстіне жақын арада жалдаған малай қыз дымын қалдырмай ұрлап кетіпті. Өте жүдеу, өлмешілік күні бар. Мұнда Ораз Жандосовтар сарттың жігіттеріне айтып көріп еді, болмады, әсіресе, Ирмаков.

Шал өзінің жайына байланысты жазбаған шығар сыпайылықпен, бірақ,тағы да айтамын, халдары нашар.

Қош. Мырзағазы. 15/Х- .”

Жазылған айы мен күні белгілі, ал жылы қойылмаған. Әубәкір Диваевтің күтімсіз қалғаны, Ташкентте аса кедей өмір кешкені жөнінде де дерек бар. Кейін қазақ зиялылары қатты ат салысып, қаулы шығарып, кітабын бастырып, қаржылай көмек берген.


Істе Діншенің ағасы Байсейіт Әділевтің де хаты сақталған. Қолжазбасы төрт бүктеліп тіглген, қарындашпен жазылған жазу өше бастаған. Оны тану өте қиынға соққандықтан да тек қана Қара-Ноғайға қатысты тұстарын ғана көшіріп алдық. Хат 8/І-24- жылы жазылған. Жалпы сәлем мен ауыл-аймақтың жаңалығынан соң былай деп жалғастырады:

... Айтарлық сөз - ескіше бірінші июнь күні Шу бойында Өксікбай ауылында ойдағы, қырдағы кіші жүз бас қосып, қоныс жайын сөйлемек. Сол кеңеске біз де шақырылыппыз. Алдағы екінші күні жүремін. Ол жиылыста менің айтатыным: Жер таппағаның Арқаға шығып кетсін, Хұқмет Әулие-Атада болсын. Ақмоладан бір жолата қолыңды үз - демекпін. Ақмоланың өзі де бұл тамадан күдерін үзгендей болса керек. Бірақ кесірлі Әтидің баласы Плакстың ізденуі, шақыруымен Шабдан Ералиев келіпті, Ахметжан Мықанов келіпті. Үшеуі елден мал жиып алып, ол кездемені сатып жатыр. Шабдан Ералиев өзіне тиген сыбағасына інісіне бір қыз алып беріпті. Мал алған кісілерге берген тиянақты документ жоқ. Артықша қаһар қылған Жүсіп болды. Жалғыз Жүсіптен 13 мал алды. Бәрі де ірі малдар. Бұл қылғандарының толық мағлұмат екенін Ташкенге бір жеткізермін. Тілегім - “Ақ жолға” бастыру.



Ендігі сөз - тірі болсам февраль жұлдызында Әулие-Атаға барып, сендерге хабарласып, Ташкентке барамын. Басқа ел бері Арқаға кетсе де өзім жонға барамын.

Айтпақшы, Плакс Орынборға барамын деп кетіп, Түркістаннан қайтып келді. Бір Омар Диуанов деген ноғайды ертіп келіпті. Ол ноғай ел-елдің налогін алды, кеткеннен қалғанының есебін алды. Ақмоланың хүкімінде қалғандардан да, қашып кеткендерді де есепке алды, қашқындарды ұстайд. Ол ноғай әзір Шу жағасындағы наймандарда жүрсе керек. Тамаға әзір келген жоқ. “Жауды аяған жаралы қалады” - деген. Не қылса да Плакстың ызасы өтті. Адамды құса қып.

Ендігі сөзді өзімнің ауызымнан естисің. Мен мынау Ескендірді разы қылып жібердім. Аман бол, бауырым. Наурыздың бас кезінде барамын. Асқарға көп-көп сәлем, шәкіртке...

Байсейіт Әділ ұлы.8/І-24 ж.”

Бұл хат – Дінше Әділевке арналған. Ал мұндағы айтылатын адамдардың жанама аттарының түсініктемесі былай беріліп, соңына Д.Әділев деп қол қойылған.



«Мұндағы Плакс - Сәдуақас Жалмақанов.

Иралиев - Ақмола милициясының бастығы.

Мықанов - Ақмола уезінің Сарысу ВК-нан.

Шақаев Жүсіп - Сарысу ауданының бір байы.

Ерденбаев Ескендір - Ақмола округінен, ол кезде САКУ-дің –Орта Азия коммунистік университетінің студенті, хатты сол әкелген. Д.Әділев».

25/І-29 жылы”- деп жазылған.

Діншеге Міржақыптың жазған хаты.



«Дін!

«Бабайды» қырын қаратып қойып, күлдіріп, сөйтіп, қабан сияқты болғанын көруге кездесе алмай жүрмін. Ол былай тұра тұрсын. Не істеу керек, қалай істеу керек?

Мадияр.

13/ІХ-25 жыл».
Діншеге хат жазуының себебі - театрға бір адамды алу туралы өтініш еткен. «Бабай» деп отырған адамы - «Айтуар» ма, әлде «Аймауытов» па, оны тергеушінің сілтемесіндегі жазудан анық тани алмадық. Бұл кезде Дінше – қазақ театрының директоры болатын.
Тергеу ісінде ағасы Байсейіт түрмеде жатқанда жазылған Дінше Әділевтің 3-4 хаты бар. Бір-бір жапырақ қағаз. Әбден тозған. Соның бірнешеуін келтіреміз. Әуелгісі Міржақып Дулатовқа арналған.

«8/ІХ 27 жыл.

Жақа! Мырзағазы, Сейдазым ағай және басқа ағайлар!

Жолдастар!

Аманшылық. Ептеп күнімді көріп жүрмін. Қалай, қаладағы жолдастарды сағындым. Ең әрісі бір айдан қалмай Қызылордаға жүремін. Иә, поезбен, иә, атпен барамын. Поезбен жүруді қауіпті көремін. Атпен жүрем. Байсейіттің жұмысын мүмкін болған қадарда бір жола аяқсыз қалдыру жағын қарастырарсыздар – деп өтінемін. Көрген-білгендеріңізді Мұқатай деген жігітке айтып жіберерсіздер.

Жолыққанша қош болыңыздар!

Дінше».

Ендігі бір хат түрмедегі Байсейітке арналған.



«26/ҮІІ-27 жыл.

Бәке!

«Аманшылық. Рамазан мерген мен Нұрланды жіберіп отырмыз. Жетегінде сізге арнаған бос ат бар. Қаражатқа 175 сом бердік. Бір винтовка, бір бердеңке, 200 шама оқ бар. Мерген, 2 мылтық, 200 оқ, өз жігеріңіз, құдай қаласа бір әзірше жарап қалар. Не түрлі ақыл болса да о жерде өздеріңіз лайығына қарап істерсіздер. Жолыққанша. Қош боларсыз. Дінше.».
Түрмедегі жайлар және Байсейітті алып қашып шығушының хаттары бар. ол бізге пәлендей қажет емес әрі ол интриганың түбіне жету өте қиын. Сондықтан да пайдаланбадық. Осы оқиға туралы «Советская степь» газетінің 1927 жылғы 4 январь күнгі санында «Көз-көрген» - деген мақаласы жарияланыпты.
Жүсіпбек Аймауытовтың Д.Әділев Қызылорда да театрдың директоры боп жүргенде жазушыны әдеби кеңесші ретінде қызметке шақыруына байланысты жазған хаты. 7 том, 104 бет: «25/І-26

Дінше! Смағұлдың ділгірамына жауап ділгірам қайырғамын. Өзіңе де ашық хат салдым. Школ оқу біткенше жібере алатын емес. Дүмпу күшті болса жібереді. Мені сонша керек етсеңдер о жағын іс қыларсыңдар. Смағұл ділгірамында: Жалақы екі жүз, келу біздің мойынымызда депті:

Мені кім қылмақсыңдар! Режиссер ме? Пьеса жазушы ма? Әлде екеуі де ме? Екеуі болса, ондай ақыны жай артис те алады ғой. Максимумдарың 250 (жалақы көлемі – авт.) емес пе еді? Ол бір. Проездге ақша жібереміз депті. Ол менің ғана келуіме ме, әйтпесе, қатыныммен келуіме жолдық бермегі болса, аз ғой. Маған көшіп келу үшін, әйтпесе, подьемный беру керек емес пе? Бұл екі. Пәтер туралы сөз жоқ. Маған жазарлық үй болса екен. Оңашалау болса екен. Артистердің ортасында, шетке тұра алмаймын. Театрға жақын жерден бірер бөлме ескергенің жарар. Бұл үш.

Осыларды анықтап, ашып біліп, маған тезірек хат сыз. Барып тұлыпқа мөңірейтін болсам, әуре қылмаңдар.

Сахналарың істелді ме? Не істелді? Түзеген нәрсе бар ма? Ойын қалай шығып жатыр? Одан да сүйкерсің. Мені алдыру жағынан не қам істелді? Жазарсың.

Мынау хатты әнеугі адамға тапсырарсың. Менің шарттарым жолға сиымды шығар. Сиымсыз десең, мінерсің. Әйтеуір саған серік болып көрейін. Іс шығара алсақ жарады.

Ж.»

«Письмо адресована артистке театра Татимовой. Шәкітай, және наркома Татимова.А вот другое письмо передай Амре»- деген сөз жазылған.

Бұл қолжазбада жоқ. Әмірені іске қосу үшін тіркеп жіберген сияқты.

Томның 237 бетіне і тігілген екінші хат.

«Мектебіміз қыңырлық қылып мені оқу біткенше жібергісі келмей жатыр. Қандай заңы барын білмеймін. Біз өз еркімізбен кірген әскер адамы саналмайтын болсақ керек еді. Жасырын жарлығымыз бар дейді. Көрсетпейді. Ол заңын онда білуге болар. Менің сабағымды осы Әскер мектебінің оқытушысы Абай Байтенұлы деген жігіт оқытуға ырза, ол жарайды. Әдебиетке менен осал көріп, түсем дегендерді школ алмай жатыр. Мұнысы тым қыңырлық. Байтенұлын менің орныма қой деп тағы ұсынуға болады. Менде тартыншақтық жоқ.

Жүсіпбек».

Қатты сарғыш открыткаға жазылған Ж.Аймауытовтың екінші хат 240–бетке тігілген..



«Бауырым Дінше. 25/ІІ-26 жыл.

Смағұлға жолықтым. Ол мектеп басшыларымен сөйлесті. Олар кіндік рұқсатынсыз босата алмаймыз депті. Ең үлкен бастығы орынбасар берсеңдер босаталық депті. Сонымен Смағұл УВУЗ-ға (Мәскеудегі) жолықпақ болып кетті. Қайтсем де баратын шығармын. Тек ресми жағы бөгет болып тұр. Пушкиннің екі пьесасын аударып, Мадиярға жібергем. Сыннан тезірек өткізуге қам қыларсың. Бара қалсам, артистерге, өзіме жетекші болғандай театр әдебиетін ала қайтуға Смағұлға тапсырып жібердім. Ойындарың тәуірлеп келеді дегенге қуанамын, қазақтың тұңғыш өнерпаздарына (артистерге) менен түгел сәлем айт (Осы хатты оқып бер).

Жүсіпбек».

Сыртына: « 1/ІІІ-26 жауап қайтардым. Дінше

18/ІІ-26 алынды» - делінген.
Соған ілесе тағы да хат жолдаған: «26/ІІ-26 – Орынбор.

Дінше!

3/ІІ салған хатыңды 6/ІІ – да алдым. Смағұлдан осының алдында алдым.

Менің орныма кісі керек болса табуға болатын. Майор ұлының көнер-көнбесін білмеймін. ПИНО-ны (пед. н-т народ. образование – авт.) (педагог оқуын) бітіретін Әленұлы Әділ деген жігіт оқытушылыққа тіленіп жүр, ол менің орнымды басуға жарайды. Оған әзір сөйлесіп, уәдесін алғам жоқ, алсам – ділгірам саламын.

Газетте жазған сөздеріңді көріп жатырмын. Смағұлды қолдағаның жарайды. Бірақ сен театр туралы «парламан сарынды» әңгімеңде мені алдырудан зор нәрсе күткендей бадырайтып қойыпсың. Сонша үлкейткендей мен де театр ғылымын оқып, жетіліп шыққан кісі емеспін-ғой. Бәрімізге де жаңа нәрсе, бәрімізге де үйрену керек. Жалғыз-ақ – үйрене аламыз ба, жоқ па? Кәп сонда. Бірақ өзге оқудан қиын емес шығар деп ойлаймын.

Театр менің тәуір көретін де нәрсем еді. Баянды нәрсе болса театр арқылы әдебиетке алаңсыз қарауды көксеймін. Әдебиетке бұған дейін тұрақтай алмай, жағдай болмай жүрген кісімін ғой. Театр жанды да, қызық та жұмыс. Тек әлеумет көзінде. «Шуть - скоморых ...» - деген жеңіл қол жаман аты болмаса, анығында ол - өнер ғой. Қайтсе де ол жаман аттан жиренуге болмайды, онсыз да қай бір маңызды кісіміз?

Мен баратын болсам, құр алақан бармайын деп, пьеса қамдап жатырмын: Пушкиннен, «Скупой рыцарь»-ды өлеңмен аударып болдым. «Каменный гость» деген 4 перделі пьесасын аударып жатырмын, бір пердесін бітірдім. Өзімде де бұрыннан жатқан бір-екі пьеса бар еді: мыналарды болған соң соларды түзетіп жазуға кіріспекпін.

Ордадан хабар келмей тұрғанда осындағы Рязанов дейтін тарихшы (110-б.) орыспен қосылып, киноға лайықтап сақналық (сценарий) жазуға кірісіп едім. Бөкейлік те Жәңгірхан тұсында болған Исатайдың көтерілісін жазбақ едік. Оны қалай жазу туралы мұнан да, Мәскеуден де үлгі кітап жинап, теориясымен, жазу әдісімен танысып едім. Сол кинолық жұмысымыздың бір-екі-ақ бөлімі нұсқаланды. Өзгесі әлі біткен жоқ (7 бөлімде жазбақ едік). Жазуымыз орысша, бітірсек, Қызыл-Ордаға (кемпросқа), Мәскеудің Госкиносына лентадағы сөздерді қазақша да, орысша да жазбақшымыз. Бұ да бізде соны жатқан жұмыс, қызық жұмыс. Бір жағынан Наркомпростан алған Покровскийді переводтап, екінші осындай көлденең жұмыстарға алданып, оның үстіне бала оқыту ауыр тиіңкірейтін көрінеді. Әйтсе де, жан кеудеде тұрғанда, арпалысып істемеске болмайды; қай жерімізге қарасақ та, бәрі үңірейіп тұр, жан тыныштық іздеуге жол жоқ. Заманның әлеуметтік бұйрығын орындаймыз.

Сен осы хатты алған соң Смағұлға жолық. Мұндағы Рязанов деген орыс қазақ тарихынан көп материалдарды тауып, көп нәрсе жазған. Қазақтарда төңкерістер болған көрінеді. Сол еңбегін научное Об-во арқылы бастыруға Наркомпросқа берген. Білімпаздар қарап, болуға лайық тауып, еңбек ақысын беруге Стародубцов резолюция салған. Кредит ашылмай ақшасын ала-алмай жүрген көрінеді. Смағұл соған түсінбей қалып, әлде біреудің айтуымен пайдасыз деп танып, ақша бергізбей қойып жүрмесін. Тегінде қазақтың тарихын керек қылсақ, тарихынан әдебиет туғызбақ болсақ, оның еңбегінен көп пайдалы нәрселер табуға болатын.

Тоқтыбаев Иса атына «Октябрь» деген атты пьесаны аударып жіберіп едім. Сол тиді ме? Тағдыры не болды? Жұмысың да көп шығар, әйтсе де тезірек хат жаз. Баруға бел байладым. Школ қай күні босатса, жолдық ақша сұрап ділгірам ұрамын. Бөгелтпессіңдер қайыр.

Ж."
7 томның 106-бетіне тіркелген бесінші хат:

«Дінше!

«Мені алам деп онша белсенбесең де болады-ау деймін. Сөзіңді тыңдаушы бола ма екен? Бірақ мен жұмыстан қашатын кісі емеспін. Орындарың қандай баянды болар? Ордадан көшіп кететін болсаңдар, театрға зор план құрудан мән жоқ. Қайтсе де алды-артын ойларсың. Мен бір төңкеріс сарынды пьесаны аударып, бастыруға Исаға (Тоқтыбаевқа – авт.) жіберіп отырмын. Қоятын шартым: басылмай ойналмасын дедім. Айналасы бір баспа табақтай-ақ. Тез бастырып алуға болады. Жазба күйінде ойналса бағасы кетеді. Сен жазбадай бер деп Исаны қысып жүрме. Ойнауы жеңіл, үгіт мәнлі, жақсы нәрсе.

Зәуде менімен хабарласу керек болса хат жазарсың. Осының ішіндегі міне бір жабық адрес иесінің өз қолына тапсырарсың. Бұл қатыныңа да айтылмайтын сыр болсын. Міне, бір хатты Әміреге тапсырарсың. Оған айтатын сөздерім саған да зиянды болмас.

Әзірше, қайыр.

Жүсіпбек».

« Мұнда, театр - Қазақстанға гастрольге шығатынын айтып отыр. 2. Татимова Шәкітайға жазған. Ол көңілдесі еді. 3. Әміре - әнші. Бұл 26 жылдың январына келеді. 13/ІІІ – 29 жылы Д.Әділ» - деп түсініктеме берген.
Мәскеудің Бутырька түрмесінде жатқан тұтқындар бір-біріне құпия «записка» жазып, өздерінің жауаптарын тиянақтаған. Бүркеншік атпен жауаптасады. Мына «записка» ҮІІ томның 86-87 беттерінде сақталған. Жұқа қағазға арабша жазылған. Жазуы көзге әзер көрінерліктей ұсақ. Біз түпнұсқадағы мәтіндерді сақтадық.

«Заключенный Испулов М.И. комн. №70 подал записку заключенному Булату М.Я.(Дулатовқа – авт.) 62 комн. Через окно во время прогулки с 62 комн. Прогул 2-й корпус.

Исаева 29/ҮІІІ-29 ж».

Түрме күзетшісі әйелдің көрсетуіне қарағанда хатты Міржақып Дулатов терезе арқылы Мырзағазы Есполовқа беріп жатқан кезінде қолға түсірген. Біз әр адамның жазу үлгісін әр түрлі қаріппен береміз. Ал олардың нақты кім екенін ажыратудың мүмкін еместігі түсінікті.



ҮІІ-томдағы түрмедегі записка. 86 бет.

«Жауап басталды. Бірте-бірте бәрімізге де келеді ғой, сондықтан мүмкін болғанынша соларды бір ізге салған жөн ғой. Бұрынғы айтылғандар әлбетте өзгерілмейді. Қалады ғой. Менің айтқаным: жаңа мәселелер қозғалуы тұсында. *(белгі қойылған – авт.). Мұндай болатыны мына жауапқа барғандардан сұрағандарынан көрініп тұр ғой. «Көпірде түйенің үлкені таяқ жейдінің кебі» - әлбетте саңлақ төртеуімізге түседі. Бұл анық. Ғазыға: айтқаныңнан қайт, тәубә қыл, Қужақты тәуір көресің бе, оның жүргізіп жатқан саясаты дұрыс па, жікке айтқан ұлтшылдық...

Міне, осындай, бұлардан басқа, да осы сенімді мәселелерді көтерулері мүмкін деп ойлаймын. Міне, осыларға қай тұрғыдан жауап береміз. Соған ақылдасуымыз тиіс.

(Келесі жазу басқа адамдікі – авт.)





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет