Құрамы және қолданылу бағыттары



жүктеу 109.78 Kb.
Дата09.06.2017
өлшемі109.78 Kb.
Информатиканы оқытуда қолданылатын электрондық ресурстардың құрамы және қолданылу бағыттары
Бүгінгі күні, оқу орындарының оқу процесінде жаңа ақпараттық технологияларды қолдану туралы түрлі ойлар айтылып жүр. Ондай ойлар осы технологиялардың толық мүмкіндігі мен практикалық қолданылуы аралығында теңеспей тұр. Бірақ көптеген мамандар бір ойда, яғни электрондық ресурстар мен ақпараттық технологиялар оқытуға маңызды басымдылықтар әкеледі. Олар:

  • оқу процесін интенсификациялау;

  • студенттерді ескішіл есептеу жолдарынан құтқару;

  • оқытушыларды оқу сабақтарын қалыптастыру мен нәтижелерін тексерудің ескішіл жолдарынан құтқару;

  • білім алушының білімін жиі әрі жедел түрде бақылап отыру мүмкіндігі.

Кәсіби білім беру жүйесінде арнайы электрондық ресурстарды қолдану теориялық материалдарды игеруге, зертханалық, практикалық сабақтарды ұйымдастыруға, типтік есептерді және курстық жұмыстарды орындауға, білім алушының өзіндік жұмысын ұйымдастыруға, инженерлік графикада және автоматтандырылған жобалау жүйелерінде қолдануда өте лайықты.

Білім беруде мамандарды дайындауда қолданылатын электрондық ресурстар кәсіби дайындау ерекшеліктерін ескеру керек. Ең алдымен, кәсіби қызметті игеру оқу іс-әрекетінің сапалық құралдарымен қамтамасыз етілуі нәтижесінде жүзеге асырылады. Студенттердің оқу іс-әрекеттерін ұйымдастырудың дәстүрлі формасы, көп жағдайда маманның кәсіби қызметімен сәйкес келмей жатады.

Студенттің қызметі мазмұны бойынша да, формасы бойынша да маманның қызметімен сәйкес келмейді. Сонда да, қызмет теориясының басты бір ережесіне сәйкес, бұндай нақты қызметті игеру үшін, сол берілген пәнде немесе құбылыста, жүйеде пайда болатын қызметті жүзеге асыру керек. Бұл жағдайларда электрондық ресурстарды қолдану маңызды рөл атқарады.

Білім алудан еңбекке көшудің мәселесін олардың кәсіби деңгейімен емес, ақпараттық белгілі моделімен, мман қызметінің түрімен емес, оқу түрімен шешу керек. Бұл мәселенің шешілуі контекстік оқыту теориясында жатыр: студент қызметінің оқудан кәсібилікке динамикалық қозғалысы үшін педагогикалық шарттарын құру керек, тұтынушылық, мақсат, қозғалыс, құрал, пән және нәтиже ауысымының біріншіден екіншіге тасымалдануы. Бұл үшін жүйелі түрде (электрондық ресурстарды қолдану арқылы) студенттердің қызмет түріне ммандардың кәсіби қызметі мазмұнын пәндік-технологиялық (пәндік контекст) және әлеуметтік құрамды (әлеуметтік контекст) жағынан моделдеу керек.

Контекстік оқыту шарттарында студент қызметінің үш базалық формасы және көптеген аралық, бір базалық формадан келесі түріне өтпелі формалары бөлінеді. Базалыққа жататындар:


  • классикалық мысалы ретінде ақпараттық лекция жататын академиялық типті оқу қызметі;

  • ең жақын формалары іскер ойындар болып табылатын кәсіби қызмет;

  • студент өндірістік практикада шындық зерттеулер немесе практикалық функциялар орындайтын оқу-кәсіби қызметтер.

Кәсіби қызметте студенттік аудиторияда ғылыми тілде өндіріс мазмұнын және динамикасын, сол іске қатысатын адамдардың қарым-қатынасын жаңадан жасау маңызды болып табылады. Іскер ойындарда, кейін қалып қойған аудиториялық сабақтар маманның кәсіби еңбегіндегі пәндік, әлеуметтік және психологиялық мағына имитациялық және ойын модельдері көмегімен жаңадан жасалады және оның кәсіби қызметіне толық контекст беріледі.

Оқу-кәсіби қызмет формасында студенттер ғылыми зерттеулерге қатысуда, өндірістік практикада жұмыс істеуде, курстық, бітіру жұмыстарын, өндірістік тақырапта диплом жобаларын жасауда білім алушыы ретінде, ал мазмұны, формасы, процесс бойынша және алынған нәтижелер талабына байланысты маман ретінде қалыптаса алады. Бұл жағдайда студенттер білімді игеру мен дағдыларды қалыптастырудың академиялық процестерін емес, бұрынғы алған білімдері негізінде кәсіби қызметті орындайды. Осы кезеңде оқу қызметінен кәсіби қызметке ауысу процесі аяқталады.

Осыған байланысты, контекстік оқыту теориясына сәйкес маманның қызмет моделі оның дайындығының қызметтік моделін көрсетеді. Студент қызметінің пәндік мазмұны, маман қызметінің берілген моделіне, яғни өзінің кәсібилігіне бірте-бірте жақындайтын оқудың мәселелік жағдайларының, тапсырмалар мен мәселелердің жүйесі ретінде жобаланады. Оқу процесіне әлеуметтік мазмұн әрбір студенттің жеке ерекшеліктерін, қызығушылықтары мен артықшылықтарын есепке алу, оқу және келешек кәсіптік тобының, қоғамның өнегелі шамаларына ілесуі арқылы студент қызметінің жеке формасы ретінде қосылады. Осы жағдайлар информатика бойынша білім беру электрондық ресурстарын құруда және қолдануда ескерілуі тиіс.

Барлық электрондық ресурстар студенттерге информатиканы оқытуда мынадай сипаттарды иеленуі тиіс:

      студенттің негізгі мәселесін шешуге бағытталуы;

      іс-әрекет жайлы түсінікті сипаттау үшін білім жүйесінің толық болуы;

     информатиканы оқытудың қызметтік тәсілі, белсенді әдістері, электрондық ресурстардың интерактивтілігі, өзара оқыту арқылы қарқынды болуы;

     студенттерге информатиканы оқытудың әдісін таңдауға мүмкіндік беретіндей коммуникация әдістері мен электрондық ресурстардың кешенде көп болуы;

      психологиялық жағдайдың жағымды болуы.

Жоғары кәсіби білім беру жүйесінде педагогикалық қызметтің лекциялық формасының дәстүрлі қолданылуына қарамастан-ақ, лекциялық сабақтарда оқу материалдарын жасауда және көрсетуде компьютерлік құралдарды қолдану шектеулі сипатта болып отыр. Педагогикалық мүмкіндіктердің молдығына қарамастан, материалды-техникалық және кадрлық себептерге байланысты, бұндай қолданылуларға қол жеткізу қиын болуда. Жоғары оқу орындарының көпшілігінде қажетті компьютерлермен және видеотехникамен жабдықталған лекциялық дәрісханалар жоқ, ал педагогикалық кадрлар талап етіліп отырған кәсіби дайындық деңгейінде емес және информатиканы оқытуда жаңа оқу материалын түсіндіруге электрондық ресурстарды қолдануға қабілетті емес. Одан басқа, информатика бойынша қажетті бағдарламалық қамсыздандыруды қалыптастыру мәселесі шешілмей қалып отыр.

Информатика бойынша зертханалық-практикалық сабақтарда электрондық ресурстарды ендіру біршама факторларды түсіндіріп отыр:

      жеке практикалық сабақтарды өткізу мен тексерудегі оқытушының жұмысын автоматтандыру қажеттілігін;

      электрондық ресурстарды қолдану информатиканы оқытуды жекелендіреді және тәжірибелік зерттеулер шекарасын кеңейтеді;

      информатика бойынша зертханалық-практикалық сабақтар сапасына, қызметтік мүмкіндіктеріне және компьютерлік техниканың бөліктік құрамдарына көп талаптар қоймайды.

Ақпараттық құралдардың, әсіресе телекоммуникациялық технологиялардың курстық және дипломдық жобалар процесінде, сонымен бірге, студенттің өзіндік жұмысы кезінде қолданылуы кең көлем алуда. Бұл факторлардың дамуы Интернет желісінде электрондық ресурстарға қол жеткізу мүмкіндігінің көбеюімен, мамандарды кәсіби дайындау саласына арналған интернет-ресурстардың құрамының кеңейюімен сипатталады.

Жоғары білім беру жүйесінде электрондық ресурстар қолданушыларға теорияны игеруде өздеріне ыңғайлы жекеше жағдай жасауға, тәжірибелік зерттеулер жасауға, біліктіліктері мен дағдыларын жаттығу іс-әрекеттері арқылы қалыптастыруға, өз-өзін бақылауға мүмкіндік жасайды. Бір компьютерлік оқу бағдарламасы информатика бойынша топтық оқу жобасын және курстық жобалауда студенттің өзіндік жұмысын ұйымдастыру үшін, информатикадан ағымдағы, аралық және қорытынды бақылауды жүргізу үшін лекцияда да, лабораториялық-практикалық сабақтада қолданылуы мүмкін.

Бүгінгі күні жоғары кәсіби білім беру жүйесінде информатиканы оқытуда сервистік бағдарламалық құралдар, білім алушының білімін тестілеуге және бақылауға арналған бағдарламалық құралдар, әртүрлі тренажерлар, математикалық және имитациялық моделдеуге арналған бағдарламалық құралдар, ақпараттық-анықтамалық жүйелер, автоматтандырылған оқыту жүйелері, электрондық оқулықтар, эксперттік оқыту жүйелері, интеллектуалдық оқыту жүйелері кеңінен қолданылып отыр. Осы айтылған түрлі жобадағы автоматты ақпараттық өңдеулерді біріктіру тенденциясы жаңа білім беруде бір түсінікпен, яғни білім беру электрондық ресурстары ретінде сипаттау керек.

Республикалық білім беру жүйесінің барлық деңгейінде білім алушының білім деңгейін тестілеу және бақылауға арналған бағдарламалық құралдар кеңінен қолданылуда. Бұл тенденция жоғары оқу орындарында информатиканы оқытуда да сипатты. Осындай компьютерлік құралдар мен білім беру электрондық ресурстары оқытушыларды көп вариантты жеке практикалық тапсырмалар мен олардың орындалуын бақылаудың ескішіл жұмыстарынан құтқарды. Білім алушының білімін жиі бақылап отыру болашақ маманның білімге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік жасайды.

Сонымен, студенттерге информатиканы оқытуда қолданылатын электрондық ресурстардың негізгі түрлері мыналар болып табылады:

      жалпы бағыттағы сервистік бағдарламалық құралдар;

      білім алушының білім, біліктілік және дағды деңгейін өлшеуге және бақылауға арналған бағдарламалық құралдар;

      электрондық тренажерлар;

     математикалық және имитациондық модельдеуге арналған бағдарламалық құралдар;

      виртуалды зертханалық бағдарламалық құралдар;

      ақпараттық-іздеу анықтамалық жүйелері;

      автоматтандырылған оқыту жүйелері;

      электрондық оқулықтар;

      эксперттік оқыту жүйелері;

      интеллектуалдық оқыту жүйелері;

      кәсіби қызметті автоматтандыру құралдары.

Осы электрондық ресурстардың әрбір түрін жеке-жеке қарастырайық.

Жалпы бағыттағы сервистік бағдарламалық құралдар ескі есептеулерді автоматтандыру үшін, оқу құжаттарын безендіру үшін, эксперименттік зерттеулер мәліметтерін өңдеу үшін қолданылады. Олар лабораториялық, практикалық сабақтарда, студенттің өзіндік жұмысын ұйымдастыруда, информатика бойынша курстық және дипломдық жобаларда қолданылуы мүмкін.

Информатика бойынша білім алушының білім деңгейін өлшеу мен бақылауға арналған бағдарламалық құралдар оларды жасаудың жеңілдігінің арқасында кеңінен қолданылып отыр. Информатика курсының оқу тақырыбына байланысты оқытушы сұрақтар тізімі мен жауаптарды біріктіру көмегімен құрылатын инструменталды жүйе қабаттары көп кездеседі. Студенттің шарты осы берілген жауаптардың ішінен дұрыс жауапты табу болып табылады. Осындай бағдарламалар жеке бақылау тапсырмасын беру кезінде және олардың орындалу дұрыстығын тексерген кезінде, әсіресе жоғары оқу орындарында білім беруде оқытушының жұмыстарын жеңілдетеді. Студенттің білім деңгейін жиі-жиі тексеріп отыруға және оқу материалдарын игеруде және қайталауда өзін-өзі тексетуге мүмкіндіктер жасалады.

Электрондық тренажерлар практикалық біліктіліктер мен дағдыларын қалыптастыруға арналған. Бұлардан басқа, электрондық тренажерлар информатикада мәселелерді шешуде біліктілік мен дағдыны өңдеуде қолданылады. Бұл жағдайда, теория бойынша қысқаша ақпарат алуды, түрлі өзіндік дәрежедегі жаттығуларды, бақылау және өзін-өзі бақылауды қамтамасыз етеді.

Математикалық және имитациялық моделдеуге арналған бағдарламалық құралдар эксперименттік және теориялық зерттеулер көлемін кеңейтуге, есептеу эксперименттерін физикалық эксперименттермен толықтыруға мүмкіндік жасайды. Кейбір жағдайда, зерттеу объектісі, ал екінші бір жағдайда өлшеу қондырғылары моделденеді. Бұндай құралдар қымбат қондырғыларды алу шығынын азайтады, оқу лабораторияларында жұмыс қауіпсіздігінің деңгейін төмендетеді. Моделдеуші бағдарламалық құралдарға тағы да, информатика қатысты пәндерді оқытуда жиі қолданылатын пәндік бағытталған бағдарламалық орталар жатады.

Ақпараттық-іздеу анықтамалық бағдарламалық жүйелер қолданушыға түрлі ақпаратты шығару, сақтау және беруге арналған. Бұндай жүйелер қатарына материалдың иерархиялық ұйымдастырылуын және ақпаратты жылдам іздестіруді қамтамасыз ететін түрлі гипермәтіндік және гипермедиа бағдарламалар жатады. Сонымен бірге барлық мүмкіндікті берілгендер қоры кеңінен қолданылады. Берілгендер қорын басқару жүйесі ақпаратты сорттау және іздеу мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді. Берілгендер қоры информатиканың оқу процесінде оқу материалдарының мазмұны мен оларды талдауды ұйымдастыру үшін қолданылады. Оқудың берілгендер қоры білім алушының өзіндік жұмысы кезінде қажетті ақпаратты іздеу және талдау мақсатында қолданылуға ұсынылады.

Автоматтандырылған оқыту жүйесі білім алушының теориялық материалмен, жаттығумен және информатика бойынша білім деңгейін бақылаумен таныстыруды қамтамасыз ететін шағын көлемді электрондық ресурстардан тұрады.

Электрондық оқулықтар негізгі білім беру электрондық басылымдары болып табылады. Электрондық оқулықтар жоғары ғылыми және әдістемелік деңгейде жасалады және бағдарлама мен стандарттың дидактикалық бірліктерін анықтайтын, мамандықтың білім беру стандарттарына толығымен сәйкес келуі керек. Одан басқа, электрондық оқулықтар интерактивті кері байланысты жүзеге асыратын информатиканы оқыту барысында дидактикалық жүйенің үздіксіздігін және толықтығын қамтамасыз ету керек. Электрондық оқулықтардың негізгі қасиеттерінің бірі оның мазмұнын қағаз жүзінде шығаруға мүмкіндік жасау болып табылады.

Электрондық ресурстарды жасау мен мазмұнын таңдау технологиясы игерілген білім, біліктілік, дағдының тұтастығын шартты түрде екі бөлімге бөлуге ұмтылады: артикулденетін және артикулденбейтін. Білім, біліктілік, дағдының артикулденетін бөлігі ақпарат түрінде берілуі мүмкін және білім алушыға электрондық ресурстың декларативті түрінің көмегімен беріледі. Білім, біліктілік, дағдының артикулденбейтін бөлігі студенттің процедуралық түрдегі электрондық ресурстардың көмегімен информатика бойынша оқу тапсырмаларын шешудегі өзіндік жұмысының барысында қалыптасатын жеке тәжірибесінің түрлі формаларынан тұрады.

Өзінің анықталатын қасиеттерінің арқасында электрондық ресурстар визуалды және аудио ақпараттардың сапасын көтереді. Олар әдемі, жарқын әрі динамикалық түрлерге енеді. Бұл жағдайда жаңа мультимедиа технологиялардың мүмкіндіктері зор. Сонымен бірге, информатиканы оқытуда электрондық ресурстарды қолдану кезінде визуалды және аудио ақпараттарды қалыптастыру әдістері өзгереді.

Жоғары оқу орындарында информатиканы оқытуда электрондық ресурстарды қолдану келесідей педагогикалық негізгі ерекшеліктерге мақсатталған:

      электрондық ресурстар берілген ақпараттық технологияның көмегімен ғана тиімді игерілетін мазмұнмен толықтырылған;

      әрбір жаңа электрондық ресурс оқытушыға информатика бойынша оқу процесінде осындай ресурстарды тиімді қолданудың жоғары деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мысалы, жаңа электрондық ресурстарды қолдану арқылы информатика мен ақпараттық технологиялар саласында біліктілік пен дағдыны қалыптастыруда оқу материалдарын игеру уақыты, информатиканы оқытудың дәстүрлі әдістерін қолдануға қарағанда біршама аз, ал оқу материалдарын игеру деңгейі дәстүрлі әдістерді қолдану кезіндегіден төмен емес;

      электрондық ресурстар ақпараттың көп мөлшерін құрайды, оның ішінде, аудио, видео, және басқа да түрлері бар;

      электрондық ресурстарды қолдану жоғары оқу орындарында информатиканы оқытудың алдына қойылған оқу тапсырмалары мен мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Жоғары оқу орындарында оқыту жүйесіне байланысты электрондық ресурстарды келесідей түрлерге бөлуге болады:

      информатика және оған қатысты пәндер саласы бойынша Қазақстан республикасының Білім және ғылым министрлігінің бағдарламалары мен стандарттарына сәйкес оқытудың дәстүрлі жүйесінде қолдануға арналған электрондық ресурстар;

      информатика бойынша білімді тереңдетуге негізделген факультативті жұмыстарға арналған электрондық ресурстар;

      үй жағдайындағы репетитор электрондық ресурстар;

      информатика бойынша студенттер іс-әрекетінің нәтижелерін бағалаушы және бақылаушы электрондық ресурстар;

      ақпараттық-анықтамалық және энциклопедиялық сипаттағы электрондық ресурстар;

      информатика оқытушылары қызметін қолдауға бағытталған, әдістемелік сипаттағы электрондық ресурстар.



Информатиканы оқытудың дәстүрлі жүйесінде қолдануға арналған электрондық ресурстарға бағдарламалық құралдар мен технологиялардың барлық мүмкін түрлері кіреді. Бұл жағдайда, информатиканы оқытудың дәстүрлі жүйесі болашақ бакалаврлар мен магистрлердің өзіндік жұмыстарында электрондық ресурстарды қолданудың кең мүмкіндігін қарастырады.

Информатика бойынша білімді тереңдетуге негізделген факультативті жұмыстарға арналған электрондық ресурстар информатиканы оқытудың дәстүрлі жүйесінде қолдануға бағытталған электрондық ресурстарға көп жағдайда ұқсас болады. Негізгі айырмашылық информатикаға қатысты жоғары оқу орындарына арналған курстар үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бағдарламалары мен стандарттарына кіретін оқу материалдарының мазмұнында болып отыр.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет