Қр омм-ның 1740-Қор қҰжаттары кеңестік цензура тарихының дереккөзі ретінде к. М. Рүстем

Loading...


жүктеу 117.17 Kb.
Дата29.04.2017
өлшемі117.17 Kb.
ҚР ОММ-НЫҢ 1740-ҚОР ҚҰЖАТТАРЫ КЕҢЕСТІК ЦЕНЗУРА ТАРИХЫНЫҢ

ДЕРЕККӨЗІ РЕТІНДЕ
К.М. Рүстем – Абай атындағы ҚазҰПУ аға оқытушысы, PhD доктор, kamshat_rustem@mail.ru
Кеңестік цензураның қоғамда атқарған рөлін, жүйесін, қызметін, патшалық цензурадан ерекшелігін айқындайтын тағы басқа белгілерін зерттеуде негізгі деректердің тобын мұрағаттық құжаттар құрайтыны белгілі. Ал осындай құжаттардың топтамасы, Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатында сақталған 1740-қор арнайы мекеменің қоры болып табылады. Бұл мақалада осы қордың деректік маңызы мен онда сақталған құжаттарға деректанулық талдау жасалынады. Сондай-ақ, қорда сақталған істерге деректанулық сыныптау жасалынып, оның кеңестік цензура тарихын зерттеуде берер мағұлматы мол екені айқындалды.

Түйін сөздер: мұрағат, қор, дерек, құжат, Главлит, цензура.
Қазақтың өткен тарихын зерделеуде ғалымдар археологиялық, этнографиялық тарихи мұралармен қатар, мұрағат мекемелерінде сақталған жазба, аудиовизуалды және т.б. құжаттар топтамасында қол-дана отырып, тарихи оқиғаларға объективті баға беруге мүмкіндік алады. Мұрағат, яғни архив дегені-міз көптің мүлкі, халықтың рухани қазынасы, ұлттық байлығымыздың, шежіре – тарихымыздың бұлақ көзі болып табылады. Ол үкімет бақылауындағы мемлекеттік мұра 1.

Зерттеуші ғалымдар атап өткендей «Қазақстанның мұрағаттық мекемелері  біздің тарихымыздан көрініс беретін құжаттық мұраларды сақтайды. Мұрағаттардың қызметі тарихи, мәдени ескерткіш-терімізді сақтап қана қоймай, қоғамның және мемлекет азаматтарының талаптарына сай өткен тарихи оқиғалар мен фактілерді тануға, оларды түсінуге мүмкіндік беру болып табылады. Мысалы С.В. Рож-дественскийдің пікірінше «тарих ғылымының дамыту үшін  бұрын қолданылмаған дерек көздерінің жаңа түрлерін қолдану керек»2 деген тұжырымға қосыла отырып, Кеңестік дәуірдегі цензура мәселесіне қатысты ҚР ОММ қорындағы құжаттардың деректік маңызын айқындауға тырыстық3.

Мұрағаттық эвристиканы жүргізуде мұрағатқа құжаттардың топтастырылу (өткізілу) заңдылық-тары ескерілді. Мемлекеттік мекемелердің іс-қағаздарын қалыптастыру және сақтауда олардың ведомстваға жататыны маңызды рөл атқарады. Яғни№1740 қор арнайы мекеменің қорын құрайды.

Бұл қорда ҚазГлавлиттің 1936-1959 жж., 1944-1961 жж., 1952-1975 жылдар аралығында қоғамда атқарған қызметі туралы мағұлмат беретін үш тізімдеме тіркелген. Главлиторталықта 1922 жылдың алтыншы маусымында4, с. 82, ал Қазақстанда осы жылдың 1-ші желтоқсанында 5, -244 б. құрылған. Алайда, ҚазГлавлиттің арнайы қорында 1922-1936 жылдар аралығындағы Қазақстан территориясында КирГлавлит, ҚазГлавлит атты цензуралық мекеменің құрылу тарихы мен атқарған қызметі жөніндегі мәліметтер кездеспейді. Сондықтан да, 1922-1936 жылдардағы тарихи оқиғаларды қайта қалпына келтіруге қажетті мағлұматтарды, мұрағатта сақталған басқа қорларда жүргізген ізденістер нәтижесінде қол жеткізуге болады. Жалпы мұндай көріністің Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресей мұрағаттарында да орын алғаны белгілі 6.Біздің ойымызша, мұндай мәселенің туындауында  ҚазГлавлит атты цензура мекемесі қызметінің Қазақстан аумағында жүйеленіп жолға қойылуы мен Қазақстандағы мұрағат ісінің жолға қойылуымен ерекшеленеді2, с. 168.

Алғашқыда Халық ағарту комиссариатының бір басқармасы ретінде құрылған, ал кейіннен ҚазКСР Халық комиссарлар кеңесі жанындағы жеке бөлім болған Главлит 7 «Әдебиет пен баспа істері жөніндегі Жоғарғы Басқарма» 8 болса, ал 1932 ж. 5 маусым мен 1953 ж. 14 наурызы аралы-ғында «ҚазКСР Министрлер Кеңесі жанындағы Әдебиет пен баспа істері жөніндегі Жоғарғы Басқар-ма», 1953 ж. 15 наурызы мен 1953 ж. 7 қазаны аралығында «ҚазКСР Ішкі істер Министрлігінің ІІ-ші Жоғарғы Басқармасы», 1953 ж. 8 қазаны мен 1963 ж. 3 қараша айы аралығында «ҚазКСР Министрлер Кеңесі жанындағы баспа ісінде әскери және мемлекеттік құпияны сақтайтын Жоғарғы Басқарма», 1963 ж. 4 қараша мен күні бүгінге дейін (ескерту: қор құжаттарының тізімдемесі 1975 ж. аяқталады – авт.) ҚазКСР Министрлер Кеңесінің баспа ісі бойынша Мемлекеттік комитетінің баспа ісінде әскери және мемлекеттік құпияны сақтайтын Жоғарғы Басқармасы»9 деп атаулары өзгеріп отырғанымен, ол КСРО ыдырағанға дейін өмір сүрген цензура мекемесі болды деп нақ айта аламыз.

ХХ ғасырдың соңында орын алған саяси өзгерістерге орай, Главлит біраз уақыт баспа ісі мен басқа да ақпарат құралдарында мемлекеттік құпияны сақтайтын Жоғарғы Басқарма (ГУОТ) деп атауын өзгертіп, 1991 ж. КСРО ақпарат және баспа ісі министірлігі жанындағы БАҚ та мемлекеттік құпияны қорғау Агенттігі болып атауын өзгерткен. Негізінен цензура тарихын зерттеген зерттеушілер Главлит КСРО ыдырағаннан кейін өз қызметін тоқтатты деп тұжырымдар айтады.

Жалпы аталған қорда төмендегідей істер сақталған:

– «ҚазГлавлиттің бұйрықтары мен циркулярлары, ақпараттық хаттары;

– мәжіліс хаттамалары;

– тоқсандық және жылдық есептері;

– жылдық қаржы істері бойынша есептер;

– алдын ала және кейіннен жүзеге асырылатын цензуралық қадағалаудың есептік мәліметтері;

– Қазақстанда атқарлыған цензуралық жұмыстар жөніндегі баяндау жазбасы;

– істерді алғаны және өткізгені жөніндегі актілер;

– құнды құжаттық материалдарды жойғаны жөніндегі актілер;

– бірқатар Қазақстандық авторлардың өлеңдері мен шығармаларының қолжазбалары;

– ҚазГлавлиттің КСРО Главлиті арасында Қазақстанда цензура жұмысын ұйымдастыруға байланысты жүргізген хат алысулары;

– ҚазГлавлиттің құрамы жөніндегі штаттық кестесі;

– қызметкерлердің құрамы мен жалақылары жөніндегі есебі (1954-1958 жж.);

– ҚазГлавлиттің цензураға қатысты партиялық және т.б. кеңестік мекемелермен жүргізген хат алысулары.

Осылардың ішінде ең маңыздысы еңбектерді қолданыстан алып тастау, яғни алдын-ала және кейіннен жүзеге асырылатын цензура нәтижесінде, жарияланбай қалған немесе жарық көргеннен кейін көпшілік қолданысынан алынып тасталған әдебиеттер жөніндегі мәліметтердің біршама болса да сақталуы 10.

Қорда сақталған құжаттармен танысу барысында ҚазГлавлиттің жұмысының «жемісті» кезі ХХ ғасырдың бірінші жартысы екені анық байқалады. Себебі, ХХ ғасырдың екінші жартысында бірінші жарты жылдықта қабылданған кейбір бұйрықтардың күшін жойғаны жөніндегі ҚазКСР жанындағы Баспасөздегі әскери және мемлекеттік құпия Бас басқармасының бастығы А. Шалабаевтың 11 қол қойған бұйрықтарынан көруге болады. Алайда мұнымен қадағалау ісі тоқтап қалды деген пікір жасаудан аулақпыз. Жалпы тарихтан белгілі жайт, бұл  сталинизм кезеңінде қоғамдық сананы қалыптастыратын және қоғамға өзгеріс жасайтын оқыған зиялы қауым өкілдерінің саяси қуғын-сүр-гінге ұшырауының бірнеше толқынға ұласуы еді. Мұны зерттеуші ғалым К. Нұрпейісов алты кезеңге бөліп қарастырған12.

Құжаттармен жұмыс жасаудағы негізгі проблемалардың бірі оларды сыныптау. Деректану ғылы-мында сыныптау – деректердің типтері мен түрлерін, олардың тарихи шындықты бейнелеу ерекше-ліктерін зерттейтін маңызды таным міндетін атқарады. Сыныптау дегеніміз – көптеген объектілерді айқын логикалық топтарға бөлу, деректі белгілі тәртіпке келтіру, олардың өзіндік белгілері мен қасиеттерін, ерекшеліктерін айқындау және сол ерекшелік белгілеріне қарай топтастыру. Бүгінгі таңда деректану ғылымында сыныптау мәселесі бірқатар ғылыми еңбектерде арнайы қарастырылған. Құжаттарды сыныптау мәселесіне ауқымды тоқталған авторлар Н.Н. Маслов пен В.В. Степанов 13 есімдерін атауға болады. Деректерді түрлерге, типтерге бөлу, олармен жұмыс істеу сатылары В.П. Данилов 14, В.В. Фарсобин 15, В.И. Буганов 16, Л.Н. Пушкарев 17сияқты авторлардың еңбек-терінде де біршама ашылған. Мысалы, В.В. Фарсобин өз еңбегінде сыныптау мәселесін «тарихи дерек» түсінігімен бірлікте қарастырған.

Қазақстандық ғалымдар арасынан деректерді сыныптау мәселесіне арнайы Қ.М. Атабаев тоқталды 18, автордың деректерді сыныптау, оған деректанулық талдау жасаудың әдіс-тәсілдері туралы зерттеулері мұрағат құжаттарын деректанулық тұрғыдан талдауда негіз бола алады.

Сондай-ақ, деректерді мазмұнына қарай сыныптауда да бірқатар қиындықтар туындайды. Мыса-лы, мұрағат құжаттарына қатысты алсақ, біріншіден, мұрағат құжаттары өз қызметі барысында мазмұны, мақсаты, сипаты жағынан әртүрлі мәселелерді бірден қарастырады. Саяси өмір, идеоло-гиялық жұмыс, халық шаруашылығы, мәдениет, ішкі не, сыртқы саясат, партиялық, кеңестік құрылыс мәселелері – бір ғана құжат мазмұнында орын алуы немесе керісінше бір отырыс барысында жарық көрген бірнеше құжатта жариялануы мүмкін. Сондықтан, мазмұнына қарай топтастырғанда бойына әртүрлі бағыттағы бірнеше мәлімет жинақтаған бір дерек әр мәселеге сай қайталанып отыруы мүм-кін. Сонымен қатар, мазмұны жағынан бір-біріне жақын деректер зерттеудің әртүрлі әдіс-тәсілдерін талап етуі мүмкін. Бұл да өз кезегінде деректанулық талдауды күрделендіреді. Сондықтан да маз-мұнына қарай топтастыру маңызды шарттардың бірі бола тұра, деректі ғылыми пайдалануда қиын-дық тудыратындықтан сыныптаудың негізгі түрі бола алмайды.

Деректерді түріне қарай сыныптаған Л.Н. Пушкарев, ең алдымен деректердің негізгі және басты типтерін – құжаттық және баяндаушы (повествовательный) деп екіге бөле отырып, жазба деректерді сыныптаудың кескіндік циклдік және сызықтық жүйелерін жасап шығарған. Соған қарамастан, автордың құжаттық және баяндаушы деректер арасындағы айырмашылықты: «егер дерек өзі пайда болғанға дейінгі өткенді көбірек баяндаса, ол – баяндаушы дерек, ал егер деректе өткен оқиға тек қана тіркеліп, ол туралы ашық баяндалмаса, ол-құжаттық дерек»деп көрсетеді. Мұрағат құжаттары бір мекеменің қызметі барысында қалыптасқан құжаттар болғандықтан, олар түрлік жағынан іс жүргізу құжаттарына жатады.

Кейбір мұрағат құжаттарымен айналысқан зерттеушілер оларды іс-қағаздарға жатқызып, сегіз түрін көрсетеді. Біріншісіне – ұйымдастырушылық бағыттағы құжаттар жатқызылған. Олардың бастылары – ережелер, жарғылар, келісімдер. Ұйымдастырушылық құжаттар қандайда болмасын бір істің атқарылу ретін, құрылымын, артықшылығын, түрлері мен жүзеге асыру ретін анықтауға көмектеседі. Нұсқаулық құжаттама деп аталған екінші топқа шешімдер, үкімдер, циркулярлар сияқты құжат түрлері жатқызылған. Бұл бағыттағы құжаттар, ұйымдастырушылық құжаттардың жалғасы ретінде басқарушылық жұмыстардың жүзеге асуын көрсетеді. Ал, хаттамалар мен стенограммалар ұйымдастырушылық-нұсқаулық құжаттардың ерекше түрі ретінде үшінші топқа топтастырылған. Төртіншісі – мекемелердің ағымдағы хат алмасулары, яғни хаттар, жеделхаттар және тағы сол сияқтылар. Жоспарлық құжаттар – бесінші, тіркеулік сипаттағы құжаттар алтыншы, бақылау құжат-тары – жетінші, есептер – сегізінші топтарға топтастырылған. Құжаттарды былайша топтастырғаны, әр құжат жеке-жеке талданады. Ал, А.А. Құлшанова мұрағат құжаттар кешенін:«нормативті, ұйым-дастырушылық-нұсқаулық, есептік-мәліметтік және жеке сипаттағы құжаттар» – деп төрт топқа бөліп қарастырады 19. Автор, нормативті құжаттарға декреттерді, қаулыларды, ережелер мен съездер материалдарын жатқызса, хаттамалар, үкімдер, циркулярлар, нұсқауларды нұсқаулық мәліметтерді қамтығандығынан шыға отырып, ұйымдастырушылық-нұсқаулық топ құжаттарына жатқызған. Ал, үшінші топқа есептік-мәліметтік деп өз аты айтып тұрғандай, есептер, баяндамалар, шолулар, құжаттарға негіз болған материалдар, анықтамалар, түсініктеме хаттар, өзара хат алмасулар сияқты есептік сипаттағы құжаттарды жатқызған. Олар, белгілі бір уақыт аралығына қатысты қорытынды материалдарды қамтиды. Жеке сипаттағы құжаттарға хаттарды, басшы ұйымдарға жазылған өтініш-терді жатқыза отырып, «жеке сипаттағы құжаттар, арнайы құжаттарда тіркелмеген көптеген тың мәліметтер береді. Оларда автордың жеке қасиеттері, оның азаматтық ұстанымы, саяси көзқарасы бейнеленеді» –деген қорытындыға келген. Ғылыми негізге құрылған аталмыш сынып-таулардың барлығы мұрағат құжаттарымен жұмыс істеуде үлкен маңызға ие.

Қордың материалдарымен таныса отырып, құжаттардың атқарған функцияларына қарай ішкі сыныптау жүргізілді, яғни белгілі құрылымдыққа жататындығын ескере отырып қордағы құжаттарды төмендегі топтарға бөлдік:

Бірінші топ – нормативтік құжаттар:

– нұсқаулық мәліметтер;

– ҚазГлавлиттің баяндамалары бойынша қарарлар;

– ҚазГлавлиттің циркулярлары, бұйрықтары.

Екінші топ – статистикалық құжаттар:

– әскери цензура бөлімі мәліметтерінің көшірмесі;

– алдын-ала жүргізілген цензура бойынша жасалған түзетулер және кейіннен жүзеге асырылған қадағалау барысында шығармаларды қолданыстан алу және уақытша жарияламау жөніндегі мәлімет-тері;

– ҚазГлавлит органдарының кітапханалар мен кітап сататын дүкендерді тексеру барысында саяси ескірген, троцистік-зиновьевтік, контрреволюциялық т.б. әдебиеттерді айналымнан алу мен уақытша қолданыстан алу жөніндегі актілері.

Үшінші топ – есептік құжаттар:

– жүргізіліп жатқан цензура жұмысының жағдайы жөнінде БКП (б) аймақтық комитетке жазған баяндама хаттары;

– ҚазГлавлиттің кітаптарды айналымнан алу жөніндегі анықтамалары;

– баспа ісінде әскери құпияны сақтау жөніндегі КСРО ХКК атқарушысына жіберілетін обллиттер мен ҚазГлавлиттің тоқсандық есептері;

– алдын-ала цензура барысында жасалынған аса қажетті сызбалар мен кейіннен жүзеге асатын цензураның «А» және «Б» литерлер тізімі бойынша анықталған әдебиеттерге байланысты атқарған істері жөніндегі мәліметтері.

Төртінші топ – қадағалау ісін (цензураны) жүргізгені жөніндегі құжаттар:

– Қазақстандағы цензура жұмысының жағдай жөніндегі есептер;

– ҚазГлавлиттің орталықа берген баяндамалары;

– мерзімді баспасөзді қаржылай қамтамасыз ету және жою жөнінде жазысқан хаттар;

– мерзімді баспасөздер жөніндегі есептер мен пікірлер;

– Қазақстанда дінге қарсы жүргізілген насихаттар жөніндегі ақпараттар т.б.

Қорыта айтқанда, мұрағат қорындағы құжаттардың репрезентативтілігін анықтай отырып,мұрағат материалдары басқарушылық шешімдерді, яғни оларды қабылдау немесе іске асыру сияқты мәселе-лерді көрсететін құжаттар тобын құрайды. Және құжаттардың мазмұнына қарай кеңестік цензура мәселесін зерттеуде біршама проблемалардың тарихи мәнін ашып көрсетеді деген ой түюге болады.


1 Сариева Р. Мұрағат шежірелері – ұлттық мұра // Жалын. – 1998. – № 5-6. – 3-9-б.

2 Хасанаева Л.М. Деятельность центрального архива Казахстана в 20-30 –годы ХХ в. //Материалы международной научно-практической конференций «История социально-экономических и политических катаклизмов: теоретико-методологические осмысление» в рамках традиционных «Бекмахановских чтении». Алматы, 6-7 апреля 2012. – С. – 165-170

3 ҚР ОММ. 1740-қор.

4 Блюм А. За кулисами «Министерства правды»: тайная история советской цензуры 1917-1929. С-Пб.: Гуманитарное агентство «Академический проект», 1994. – 320 с.

5 Ахметов Қ.Ә. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан мәдениеті («Мәдени революцияның» концепциясы, идеологиясы, жүзеге асырылуы): тарих ғыл. докт. ... дис. – Алматы, 2002. – 313 б.

6 Блюм А.В. Советская цензура эпохи большоготеррора. По материалам секретных бюллетеней Главлита СССР//http://www.opentextnn.ru – 20. 06. 2012

7 ҚР ОММ. 1740-қор, 3-тізбе, 4-іс.

8 ҚР ОММ. 81-қор, 1-тізбе, 557-іс.

9 ҚР ОММ. 1740-қор, 3-тізбе.

10 ҚР ОММ. 1740-қор, 1, 2, 3-тізбелер.

11 ҚР ОММ 1740-қор, 1-тізбе, 26-іс.

12 Нұрпейіс К. 30-шы жылдардың басындағы саяси қуғындаушылық және Нәзір Төреқұлов //Кеңес Нұрпейіс. Тарихи тұлғалар / жауапты ред. Б. Аяған. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2007. – 34-36-б.

13 Маслов Н.Н., Степанов З.В. очерки источниковедения и историографии истории КПСС. – М.: Издательство Ленинградского университета, 1974. – 304 с.

14 Данилов В. П. История крестьянства России В ХХ веке. Избранные труды: В 2-х ч. – М.: Российская политическая энциклопедия (РОССПЭН), 2011. – Ч. 1.–863 с.

15 Фарсобин В.В. Источниковедение и метод. –М.: Наука, 1983. – 232 с.

16 Буганов В.И., Туркан Г.А. Актуальные проблемы источниковедения истории СССР // Вопросы истории. 1977. – №3. – С. 3-16.

17 Пушкарев Л.Н. Классификация русских письменных источников по отечественной истории. – М.: МГУ, 1995. – 195 с.

18 Атабаев Қ. Қазақстан тарихының деректанулық негіздері. – Алматы: Қазақ университеті, 2002.- 172 б.

19 Кульшанова А.А. Документы Центрального государственного архива и Архива Президента Республики Казахстан по политике коренизации вКазахстане (1920-1936 гг.) как исторический источник: дис…канд. ист. наук. –Алматы, 1999. 144 с.



: sites -> default -> files -> publications
publications -> Мысыр араб республикасының лаңкестікке қарсы күрес жүргізу тәжірибесі
publications -> Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа қатысты ядролық державалардың ұстанымы Аңдатпа
publications -> Ғылыми жетекші: Омарова А. К. «Қаржы» кафедрасының оқытушысы
publications -> Қазақстан Республикасының экологиялық жағдайы
publications -> Профессор Қ. Жұбанов және қазақ терминологиясындағы мәселелер
publications -> Интерактивті маркетингтің артықшылықтары мен кемшіліктері
publications -> Экология ғылымы және негізгі бөлімдері. Мақсаты
publications -> Экология ғылымы және негізгі бөлімдері. Аплатин Қарақат Ақпараттық жүйелер-16 тобының студенті
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> МӘС бөлімінде куәландыру (қайта куәландыру)тәртібі


Достарыңызбен бөлісу:
Loading...


©melimde.com 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет

Loading...