ҚР ҰҒА академигі А. М. Ғазалиевтың редакциясымен

Loading...


жүктеу 2.72 Mb.
бет1/12
Дата16.03.2017
өлшемі2.72 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚАРАҒАНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚҰҚЫҚ

НЕГІЗДЕРІ
Студенттік топтардың кураторларына көмек ретінде

6-жинақ
3-ші басылым, өңдел. және толық.


Қарағанды 2016
ӘОЖ 34.01 (574)

КБЖ 67. 400 (5 Қаз)

Қ 18

ҚР ҰҒА академигі А.М. Ғазалиевтың редакциясымен

Құрастырушы-авторлар: Т.С. Сүлейменов, К.З. Сарекенов, Н.А. Алпысбаева, Д.Е. Джакупова, А.К. Мубаракова, Р.М. Сәдуақасова, Л.Т. Айдарова, К.С. Марченко, Ж.Т. Мұсаева, М.М. Кожухова.

Қ 18 Қазақстандық құқық негіздері. Студенттік топтардың кураторларына көмек ретінде. 6-жинақ / ҚР ҰҒА акад. А.М. Ғазалиевтың ред. - 3-ші басылым, өңдел. және толық. - Қарағанды: Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің баспасы, 2016. – 175 б.

Жинақ азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің қалыптасу мәселелері, Қазақстан Республикасындағы адам мен азаматтың негізгі конституциялық құқықтары мен бостандықтары қарастырылатын, сондай-ақ студентке білу пайдалы болуы мүмкін құқық нормалары туралы мағлұматтар берілетін мақалалардан түзілген.

Жинақ материалдары «Жаңа Қазақстандық Патриотизмді қалыптастыру» патриоттық тәрбие Тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде кураторлық сағаттарды және басқа да іс-шараларды дайындау үшін кураторларға ұсынылады.

ӘОЖ 34:01 (574)

КБЖ 67. 400 (5 Қаз)



© Қарағанды мемлекеттік

техникалық университеті, 2016

Кіріспе
Құқықтық тәрбие дегеніміз құқықтық білімдерді, құқықтық тәжірибені, құқықтық мәдениет пен қоғамның құқықтық мұраттарын бір ұрпақтан екінші ұрпаққа беру жөніндегі мақсатты қызмет болып табылады. Құқықтық тәрбиенің мақсаты – жекелеген адамның да, тұтастай қоғамның да құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалаптастыру.

Жеке тұлғаны құқықтық әлеуметтендіру ісіндегі құқықтық тәрбие маңызының көрсеткіші Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша ҚР мемлекеттік егемендігі қалыптасуының алғашқы жылдарында-ақ «Қазақстандағы оқушы жастардың құқықтық тәрбиесінің тұжырымдамасы» болды (Ел Президентінің 1995 жылғы 21 маусымдағы Жарлығымен бекітілген). Тұжырымдамада құқықтық тәрбиенің басты мақсаты ретінде «жоғары құқықтық сананы және заңдарды құрметтеу дәстүрлерін», «заңды саналы түрде құрметтеуді және оны өмірлік тәжірибеде белсенді пайдалана білуді» қалыптастыруды белгіледі.

Сонымен, жоғары оқу орнындағы құқықтық тәрбиенің мақсаты таңдап алынған еңбек қызметіне даярлау үрдісінде құқық бұзушылықтардың алдын алу және арнаулы құқықтық білімдерді беру ғана емес, сонымен бірге жеке тұлғаның дүниетанымын, оның адамгершілік-құқықтық сапаларын, атап айтқанда: адамның жоғары азаматтылығын, оның жалпы құқықтық мәдениетін және әлеуметтік белсенділігін қалыптастыру болуға тиіс.

Конституция күніне арналған өз сөзінде Н.Ә. Назарбаев атап көрсеткеніндей: «Біздің ортақ парызымыз – негізгі заңға ұқыпты қарау, оны өз Отанымызды, өз Тарихымызды құрметтегендей құрметтеу». Бұл Қазақстан Республикасының Конституциясын, ҚР негізгі конституциялық құқықтарын және адам мен ҚР азаматының міндеттерін, әумесерлік мінез-құлық салдарынан жеке тұлғаның құқықтық жауапкершілігі мәселелерін зерделеуді көздейді. Осы, сондай-ақ жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтары жүйесінің демократияның негізін қалайтын қағидаттарға сәйкес келуін сезіну Жаңа Қазақстандық Патриотизмді қалыптастырудың негізгі факторларының бірі болуға тиіс.

Аталмыш жинақ Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің оқытушылары әзірлеген мақалалардан құрастырылған, оларда құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам туралы, Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтары, құқық бұзушылықтар және құқықтық жауапкершілік түрлері туралы, сондай-ақ еңбек, отбасы негіздері және заңнаманың басқа да түрлері туралы мағлұмат беріледі. Олар кураторларға «Қазақстандық құқық негіздері» тақырыбы бойынша кураторлық сабақтарды дайындау және өткізу кезінде кураторларға ақпараттық көмек көрсетеді.
http://thenews.kz/static/news/9/6/964emnse.jpg


А.О. Шәкіров,

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл




АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ – ЗАМАНАУИ СЫН-ҚАТЕРЛЕР КЕЗЕҢІНДЕ ӘЛЕМДІК ҮДЕРІСТІҢ ТІРЕК НҮКТЕСІ

Бүкіл әлемде 10 желтоқсан Адам құқықтары күні ретінде атап өтіледі. 1948 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы қабылданған еді. Осы күн сол кезде бекітілген болатын. Аталмыш күнге орай халықаралық қоғамдастықта адам құқықтарына көңіл бөлуге шақыратын кең ауқымды ұлттық, өңірлік және жаһандық іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.

Жылдың соңғы күндеріне келетін бұл күн құқық қорғаушылар үшін, сондай-ақ, жыл қорытындысын жасап, болашаққа перспективаларды белгілеуге арналған белгілі бір мүмкіндік те. Қазақстан үшін бұл тезис қазіргі уақытта таяудағы оқиғалар аясында анағұрлым өзекті болып естілетінін атап өту қажет.

2015 жылғы 30 қарашада Президент Н.Ә.Назарбаев ел халқына дәстүрлі Жолдауын арнады. Оған қоғамның барлық топтары ерекше назарын аударған еді, себебі Елбасы сөзі бүгінгі нақты жаһандық ахуалдағы ұлттық стратегияны тұжырымдайды.

Африка, Таяу Шығыс, Орта және Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар елдеріндегі әскери қақтығыстар, халықаралық дау-жанжалдар, саяси дезинтеграция мен әлеуметтік апаттар, миллиондаған босқындар ағыны, әлемге төнген ланкестіктің нақты қаупі, өзара санкциялар, жаһандық әскери-саяси шиеленістің ұлғаюы, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі адам құқықтарының ең күрделі және жаппай қамтитын жаһандық дағдарысын тудырып отыр.

Еуразияның орталығында орналасқан еліміз әлемдік және өңірлік державалар арасындағы өткір қарама-қайшылықтарға тартылып, құрлықтағы барлық жағымсыз үдерістердің әсерін сезінуде, оның өзі мемлекет алдына жаңа сын-қатерлер қойып отыр.



Құқық қорғау стратегиясы

Жоғарыда аталған мәтінде Мемлекет басшысының Жолдауы, адам құқықтарымен тікелей байланысты, себебі әлемдік құқық қорғау дағдарысы жағдайында ол адам құқықтары саласындағы іс-әрекеттер бағдарламасы болып табылады.

Осылайша, Республиканың «дағдарысқа қарсы стратагемасының» үш негізгі ұғымы өзіне назар аудартады. Біріншіден, экономикалық өсім мен жеке бастамаларды дамыту, екіншіден, мемлекеттік және корпоративтік менеджментті, қаржылық және фискальдық секторларды реформалау, үшіншіден, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының, жоғары әлеуметтік жауапкершіліктің, халықтың неғұрлым осал тобына атаулы көмектің қағидаттарында барлық мемлекеттік, қоғамдық және жеке институттардың дамуы мен өзара іс-қимылы.

Құқық қорғау тұрғысынан қарағанда аталмыш бағыттар қазақстандықтардың экономикалық құқықтарын қорғау, сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге құқықтарды және әлеуметтік, соның ішінде, еңбек құқықтарын қамтамасыз ету сияқты көкейкесті тақырыптарды бейнелейді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесінің тәжірибесі бұл мәселелер елдің қазіргі даму кезеңінде маңызды екенін айғақтайды. Омбудсменге келіп түсетін шағымдарда азаматтар көп жағдайда түрлі мемлекеттік органдардың қызметі, мемлекеттің басқарудың сапасы, өздерінің еңбек, әлеуметтік және тұрғын үй құқықтарының бұзылу фактісі мәселелерін қозғайды.

Тиісінше, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған дағдарысқа қарсы және құрылымдық өзгерістердің бес бағыты адам құқықтары саласындағы басымдықтарды, атап айтқанда, жеткілікті өмір сүру деңгейіне, еңбек, әлеуметтік қорғау, зейнетақымен қамтамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтауға берілетін құқықтарды және басқаларды бейнелеп отыр.

Осылайша, қазақстандықтардың жеткілікті өмір сүру деңгейіне берілетін құқықтарын қорғау мақсатында ұлттық валютаны тұрақтандыру, инфляцияны бақылау, Ұлттық банктің институттық кемшіліктерін жою және кірісті арттыру бойынша шаралар қабылдай отырып зейнетақы қорын жеке қазақстандық немесе шетел компанияларының басқаруына беру жөнінде міндеттер белгіленді.

Бюджеттік саясатты оңтайландырудың жарияланғанына қарамастан, Мемлекет басшысы бұл саясаттың әлеуметтік міндеттемелерге еш қатысы жоқ екенін атап көрсетті. Оның сыртында, бюджеттік шығындарды оңтайландыру кезінде босатылған қаражат бірінші кезекте «халық үшін нақты нәтижелер әкелетін» жобаларға бағытталатын болады.

Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру мәселесіне Жолдауда ерекше салмақ салынған. Осылайша, әркімнің де экономикалық бастамаларын іске асыруға берілетін құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында экономикалық бәсекелестікті ынталандыру мен жекешелендіруге қатысты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, жұмыс орындарын құру мақсатында инвестициялар тарту міндеті қойылды. Ел Президентінің тапсырмаларына сәйкес, техникалық білім беруді дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда, 2017 жылдан бастап жаңа «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске қосылады. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мүддесінде әлеуметтік төлемақыларды, зейнетақыларды, жәрдемақылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне еңбекақыларды арттыру қажеттігі айтылды.

Аталмыш саясаттың мәтінінде бизнес пен адам құқықтарының арақатынасы тақырыбының маңыздылығы арта түсуде. Аталмыш мәселе БҰҰ және көптеген шетел мемлекеттерінің деңгейінде белсенді түрде зерттелуде, оған қазақстандық Омбудсменнің мекемесі де атсалысуда. Сөз жоқ, кәсіпкерлік жеке әл-ауқаттылықты арттыру, сонымен қатар, қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру арқылы адам құқықтарының сақталуын жақсартудың тиімді құралы болып табылады. Елбасының соңғы тапсырмалары ең үздік халықаралық тәжірибені зерттеу мен Ұлттық кәсіркерлер палатасын, халықаралық және ұлттық құқық қорғау ұйымдарын, сондай-ақ, шетелдік әріптестерді қоса алғанда, барлық мүдделі тараптардың бірлесіп жұмыс жасауын қажет ететін бұл проблеманы айтарлықтай белсенді ете түседі.

2015 жылғы адам құқықтары

2015 жылы-ақ мемлекет елдегі адам құқықтарына қатысты жағдайды әрі қарай жақсарту бойынша, ең бастысы, «Бес институттық реформа мен оларды іске асыру бойынша «100 нақты қадамды», сондай-ақ, Мемлекет басшысының басқа да тапсырмаларын іске асыру шеңберінде айтарлықтай шаралар қабылдаған болатын. 1 қаңтардан бастап жаңа Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу мен Қылмыстық атқару кодекстері қолданысқа енеді, онда азаматтардың құқықтары анағұрлым кеңейтілген, сот билігінің рөлі артқан, шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарттары жеңілдеген, кең танымал Миранда ережесі және сот төрелігімен мәміле жасасу институты енгізілген, жазалаудың баламалы түрлері кеңейтілген, қылмыстардың айтарлықтай бөлігі түрмеге қамалумен байланысты емес қылмыстық іс-әрекеттер категориясына ауысқан. Еңбек кодексі қабылданды, ол кәсіподақтардың рөлін арттырды, еңбек қатынастарының анағұрлым икемді жүйесін енгізді, жалдау және кадрлық орналасу, еңбек шарттары мен ақы төлеуді белгілеу процедурасын жеңілдетті, келісімшарттар арқылы кеңейту мүмкіндігімен жұмысшылардың негізгі еңбек кепілдіктері мен құқықтарын бекітті, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құралдарын белгіледі. Сондай-ақ, кәсіби және есеп беретін мемлекетті нығайтуға бағытталған «Ақпаратқа қолжетімділік туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар қабылданды. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымын тағайындау бойынша жұмыс аяқталуға жақын.

Бұл шаралар азаматтардың Омбудсменнің атына жолдаған шағымдарында көтеріп отыратын көптеген проблемаларды шешу үшін қабылданып отыр. Осылайша, жыл сайын келіп түсетін барлық хаттардың төрттен бірге жуығы жоғарыда көрсетілген кодекстердің нормаларын қолдану мәселелерін қоса алғанда, құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты. Айтарлықтай бөлігі еңбек құқықтарының бұзылуына, соның ішінде еңбекақыны, есеп айырысу сомаларын төлемеу, жұмыс уақыты режімі, еңбек қатынастарын тиісті түрде ресімдемеу, еңбек келісімшартын бұзу, қауіпті еңбек жағдайлары және тағы басқа мәселелер туралы ұжымдық және жеке шағымдарды құрайды. Шамамен 14%-ды құрайтын әкімшілендіру мен мемлекеттік органдардың ашықтығына байланысты шағымдарға келсек, азаматтар, негізінен, ақпараттың берілмегенін, қызметтердің көрсетілмегенін, олардың уақытылы болмауы мен төмен сапасын, жұмысқа орналасу, құжаттарды ресімдеу кезінде белгіленген процедураларды сақтамау, мемлекеттік қызметшілер жұмысы сапасының төмендігін, немқұрайдылық, сөзбұйдалық, мемлекеттік органдардың жекелеген қызметкерлерінің әрекетсіздігін, шешімдерді қабылдаудың ашық болмағанын айтып шағымданады.

2015 жылы қабылданған шаралар азаматтар құқықтарының тұрақты бұзылуына қатысты шағымдарында көтеріп отырған мәселелерді шешу үшін құқықтық мүмкіндіктер туғызды.

Одан басқа, БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясының Факультативтік хаттамасынан туындаған міндеттемелерге сәйкес құрылған Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) өз қызметін жалғастыруда. Оның шеңберінде Қазақстанда «Омбудсмен плюс» үлгісі негізінде алғаш рет заң бойынша азаматтардың бас бостандығынан айыру немесе шектеудің барлық орындарына тұрақты негізде мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін тетік құрылды. Бұл ретте ҰАТ қатысушылары тек қана азаматтық қоғам өкілдері болып табылады, оларға қызмет ету тәуелсіздігі мен кім-кімнің де болмасын тарапынан орын алатын заңсыз іс-әрекеттерден қорғауға кепілдік берілген. Олардың қызметін үйлестіретін тұлға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл болып табылады.

Бұл тетік айқын көріністегі алдын алу сипатына ие және жабық мекемелер деп аталатын орындардағы жеке адамның дербес құқықтылығына, жеткілікті өмір сүру деңгейіне, денсаулық сақтауға, білім беру мен ақпаратқа қолжетімділікке, еңбек бостандығына және тағы басқаларына қатысты кең ауқымды адам құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізуге және жағдайды жақсартуға ықпал етуге бағытталған.

Тәжірибе көрсеткендей, Қазақстан таңдаған Омбудсменнің үйлестіруші рөлі арқылы азаматтық қоғам өкілдерінің мониторинг жүргізуінің үлгісі адам құқықтарының бұзылуы факторларын тиімді анықтау мен оларды жоюға ықпал етуге мүмкіндік береді. Факультативтік хаттаманың нормаларын имплементтеу кезінде Қазақстан одан да әрі қадам жасады: біріншіден, қатыгез әрекеттер туралы мәліметтерге шұғыл әрекет ету формасы болып табылатын «арнайы барулар» қарастырылған, екіншіден, ҰАТ жыл сайынғы жалпы баяндамасынан басқа, әрбір барудан кейін ҰАТ тобы кешіктірмей орындау үшін мекеме әкімшілігіне өз ұсынымдарын жолдайды.

Ақпанда Қазақстанның мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғам дамуына лайықты үлесін қоса алатындай барлық құқықтар мен бостандықтарға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын ратификациялағанын атап өту қажет.

3 желтоқсанда Президент мүгедек жандардың әлеуметтік нысандарға, инфрақұрылымға, байланыс қызметтеріне, ақпарат пен көлікке кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз ету, инклюзивті білім беру мен басқа да үдемелі нормаларды ескере отырып, мемлекеттік білім беру стандарттарын әзірлеу бойынша талаптар белгілеуді қарастыратын тиісті заңға қол қойды.

Ағымдағы жылы Омбудсменнің мекемесі ЮНИСЕФ-пен, «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы» БҚ-мен ынтымақтастықта, ЮНИСЕФ халықаралық сарапшы-консультантын, заңгерлер мен тіл мамандарын тарта отырып, кемсіту мен теріс түсінік беруден ада, бала мүгедектігінің анықтамалары мен индикаторларын әзірлеу жөнінде жобаны іске асырды. Оның қорытындысы бойынша қысым жасайтын терминологияны неғұрлым әдепті және таптаурын емес терминологияға алмастыру бойынша ұсынымдар әзірленді.

Бала құқықтарын қорғау бағытында жұмыстар жалғасуда. Қазіргі уақытта Омбудсмен мекемесі Penal Reform International бірлесіп «Орталық Азиядағы бас бостандығынан айыру орындарында балаларға қатысты зорлық-зомбылықты біртіндеп жою» жобасына қатысуда. Баланы қорғау бойынша жобалалар шеңберінде БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) көпвекторлы ынтымақтастық жалғасуда. ombudsman.kz сайтында балаларға арнайы бейімделген ақпараттық ресурс қызмет етуде.

Перспективалар

БҰҰ деңгейінде Адам құқықтары күні осы жылы 1966 жылғы 16 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған адам құқықтары саласындағы екі пактінің – Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакті мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 50 жылдығын тойлау жөніндегі науқанның басталуына арналған. Қазақстан Республикасы бұл халықаралық-құқықтық құжаттардың қатысушысы болып табылады және тұрақты негізде оларды имплементтеу туралы баяндамаларды, тиісінше, аталмыш шарттардың нормаларын елдің орындауын бақылайтын Адам құқықтары жөніндегі комитетке және Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі комитетке ұсынып отырады.

Жоғарыда аталған пактілер Жалпыға ортақ адам құқықтары декларациясымен бір кешенде Адам құқықтары туралы халықаралық билль деп аталады – халықаралық деңгейде адамның әмбебап құқықтарының іргелі тізілімі. Жалпыға бірдей декларация заңды міндеттеу сипатына ие болмаса да, Қазақстанда аталмыш құжаттың нормалары ел Конституциясының мәтініне кіріктіре енгізілген.

Еліміздің азаматтарының мемлекетшілік құқық қорғау тетіктері сарқылған жағдайда, сондай-ақ, Адам құқықтары жөніндегі комитетке өз құқықтарының бұзылғандығы туралы шағымдануға құқылары бар. Қазіргі күні БҰҰ-ның аталмыш органы қазақстандықтардың осындай шағымдарын қарастыруда, ал кейбіреулері бойынша шешімдер де қабылдаған болатын. Мемлекеттік органдар үшін комитеттің шешімі өз жұмысына өзгеше құқық қорғау тұрғысынан қарау, қызметін жақсарту, жекелеген кемшіліктерді жою мүмкіндіктерін береді.

Сондай-ақ, тарих көрсеткендей, адам құқықтары соңғы онжылдықта жаһандану мәнін белгілейтін халықаралық интеграцияның негізін қалаушы дәйек болып отыр, оны 10 желтоқсанда аталып өтетін Адам құқықтары күні де еске салады.

«Егемен Қазақстан», 2015, 10 желтоқсан





Р.М. Сәдуақасова,

e-mail: kzraisakz@mail.ru



ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢДЫЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ТУРАЛЫ
«Конституция» термині «constitutio» – «орнатамын, тағайындаймын» деген латын сөзінен туындаған. Ол біздің дәуірімізге дейінгі бірінші ғасырда Ежелгі Рим заңнамасында, әдетте, мемлекет құрылымын бекітетін императордың әралуан актілерін белгілей отырып, кездеседі.

ҚР конституциялық заңнамасының қалыптасу кезеңдері келесі конституциялық актілердің қабылдануымен белгіленген: 1) кеңес кезеңі – Алаш партиясының 21.11.1917 ж. бағдарламасы; Қырғыз АКСР еңбекшілері құқықтарының 6.10.1920 ж. Декларациясы; 1926 ж. Конституция жобасы; 1937 ж. және 1978 ж. Қазақ КСР Конституциясы; 2) «ҚазКСР Президентінің постын тағайындау туралы» 24.04.1990 ж. Заң; «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» 25.10.1990 ж. Декларация; 3) «Қазақ КСР атауын өзгерту туралы» 10.12.1991 ж. ҚР Заңы; «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» 16.12.1991 ж. Заң; 4) 28.01.1993 ж. ҚР Конституциясы; 5) 30.08.1995 ж. ҚР Конституциясы; 6) «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 7.10.1998 ж., 21.05.2007 ж. ҚР Заңы.

Мемлекеттер мен ынтымақтас ұлттардың әлемдік қауымдастығындағы егеменді мемлекеттік дамудың жаңа дәуірін Қазақстанның алдында бүкілхалықтық талқылаудан кейін ел парламенті қабылдаған Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы және халықаралық әрі ішкі саяси өмір шындығына сәйкес Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Жаңа Конституциясы ашып берді.

Н.Ә. Назарбаев 1993 жылғы ҚР Конституциясының белгілі бір оң рөлін атап көрсетті – яки, ол Қазақстанның егемен мемлекет және әлемдік қауымдастықтың толық мәнді мүшесі ретінде қалыптасуының аяқталуын ресімдеді, қорытынды құжат, конституциялық заң шығарудың 1990-1992 жылдардағы бірінші толқынына өзінше бір белгі болды және «...қазақстандық конституциялық құрылыс жолындағы елеулі кезең болды» [1, 78 б.].

Сонымен бірге, өтпелі кезеңде, тәуелсіздік алу, мемлекеттік құқықтық жүйенің ауысу және елді демократиялық даму жолында бекіту жағдайында жасалған 1993 жылғы ҚР Конституциясы қазіргі заманғы дамудың қажеттіліктерін қанағаттандыра алмады. Бұл жаңа Конституцияны қабылдауды негіздеді, оның басымдықтарын ел Президенті Н.Ә. Назарбаев 1995 жылғы наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында мазмұндады. 1995 жылғы 30 тамызда өткізілген жалпыхалықтық референдум нәтижесінде, бұрынғы мемлекеттік құрылымның кемшіліктерін жойдырған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданған еді.

Конституцияны мемлекеттің басты, негізгі заңы деп әділ атайды. Егер елімізде қолданыста жүрген көптеген құқықтық актілерді белгілі бір ұйымдастырылған және өзара байланысқан тұтас, әлдебір жүйе ретінде қабылдасақ, онда конституция – бүкіл құқықтың негізі, өзегі және бір мезгілде оның дамуының қайнар көзі. Конституция негізінде өткенде қолданыста болған дәстүрлі, сондай-ақ жаңа, экономикадағы, әлеуметтік дамудағы, саясаттағы және мәдениеттегі өзгерістерді есепке ала отырып жасалған құқықтың әралауан салаларының қалыптасуы жүреді.

1995 ж. ҚР Конституциясы оның құрылтайшы сипатын білдіретін кіріспе сөзбасынан, және 9 бөлім бойынша топтастырылған 98 баптан тұрады:

1-бөлім. «Жалпы ережелер» мемлекеттік құрылыс негіздерін белгілейтін қағидаттарға арналған.

2-бөлім. «Адам және азамат» жеке тұлғаның құқықтық мәртебесінің негіздеріне арналған, бұл бөлімде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ азаматтық институтының негіздері реттемеленеді.

3-бөлім. «Президент» бөлімінде президенттік басқару нысаны бекітіледі, бапқа сәйкес, президент биліктің бірде бір тармағына жатпайды, мемлекет басшысы, халық пен Конституция бірлігінің нышаны және кепілі болып табылады және мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісіммен жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

4-бөлім. «Парламент» заң шығару функцияларын жүзеге асыратын Парламенттің жоғары өкілетті орган ретіндегі құқықтық мәртебесін белгілейді, Парламент қызметінің ұйымдастыру-құқықтық түрлерін және оның депутаттарының мәртебесін бекітеді.

5-бөлім. «Үкімет» Республикадағы атқарушы билікті жүзеге асыратын Үкімет қызметінің негіздеріне арналған, Үкімет пен Премьер-министрдің құзыретін бекітеді.

6-бөлім. «Конституциялық Кеңес» Конституциялық Кеңестің құқықтық қағидасының негіздеріне арналған, оның негізгі функцияларының бірі Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру болып табылады.

7-бөлім. «Соттар және әділсот» сот жүйесіне арналған, Конституциялық Кеңеске нормативтік-құқықтық актіні конституциялық емес деп тану үшін жүгіну мүмкіндігін бекітеді. Бұл бөлімде Конституция анықтау мен алдын ала тергеуді сот пен прокуратурадан бөледі.

8-бөлім. «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» 85-бапқа сәйкес жергілікті мемлекеттік басқаруды жергілікті өкілетті және атқарушы органдар жүзеге асырады. 89-бапқа сәйкес Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқару мойындалады, оның міндеті –жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу кезінде тұрғын халықтың дербестігін қамтамасыз ету.

9-бөлім. «Қорытынды және ауыспалы қағидалар» (90-98 баптар), жекелеген конституциялық дәлелдемелерді іске асыру рәсімін жүзеге асырады.

1995 жылғы ҚР Конституциясында негіз белгілеуші проблемалардың 3 блогы көрініс тапқан: 1) республиканың конституциялық құрылысының негіздері, 2) жеке тұлғаның құқықтық мәртебесінің негіздері, 3) мемлекеттік билік органдарының жүйесі және жергілікті өзін-өзі басқару негіздері.

Конституция елдің негізгі заңы ретінде Қазақстан халқының еркін, елді «жоғары құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде» нығайтуға ұмтылысын білдіреді [2]. Демократияның үздік идеяларын бойына жинақтап, адамды оның құқықтарымен және бостандықтарымен жоғары қояды. Адамның құқықтары мен бостандықтары әрқайсысына туғаннан тиесілі, абсолюттік және ажыратылмайтын болып танылады, заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуын белгілейді (12 б. 2 т.) [3].

1995 жылғы Конституциясымен Қазақстан Республикасы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын таныды және өзіне халықаралық міндеттемелерді жүктей отырып халықаралық жұртшылық алдында таниды. 1995 жылы Қазақстан адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы халықаралық құжаттардың елеулі ауқымын ратификациялады. Солардың қатарында халықаралық азаматтық және саяси құқықтар, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактілер бар.

Мазмұнына байланысты конституциялық құқықтар мен бостандықтарды топтарға бөлуге болады: 1) жеке құқықтар мен бостандықтар; 2) әлеуметтік, экономикалық және мәдени; 3) саяси.

Азаматтық (жеке) құқықтар әрбір адамға туғанынан тиесілі және азаматтықпен байланысты емес. Оларға өмір сүру құқығы (ҚР Конституциясының 15 б.), жеке бостандық (16 б.), ар-намыстың дербес құқықтылығы (17 б.), жеке өмірдің дербес құқықтылығы (18 б.), ар-ождан бостандығы (22 б.) сияқты және басқа да құқықтар жатады.

Әлеуметтік-экономикалық құқықтар адамға лайықты өмірді, әлеуметтік қорғауды кепілдік етеді. Бұл еңбек бостандығы құқығы (24 б.), жеке меншік құқығы (26 б.), демалыс құқығы (24 б.), зейнетақымен қамтамасыз ету құқығы (28 б.) және басқалар. Мәдени құқықтарға тегін орта білім алу құқығы (30 б.), шығармашылық еркіндігі (20 б.) жатады.

Саяси құқықтарға бірлестіктер еркіндігі құқығы (32 б.), мемлекет ісін басқаруға қатысу (33 б.), сайлау және сайлану құқығы (33 б.), сөз бостандығы сияқты (20 б.) құқықтар жатады.

Жеке тұлғаның конституциялық міндеттері республиканың Конституциясымен және заңнамасымен белгіленген тиісті тәртіптің түрі мен мөлшерін орындауды құқықтық талап ету нысанында бекітілген. Мәселен: Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтау, басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын, басқа тұлғалардың абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеу, Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеу (35 б.), заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу (35 б.), Қазақстан Республикасын қорғау. Республиканың азаматтары әскери қызметті заңмен белгіленген тәртіппен және нысанмен атқарады (36 б.), тарихи және мәдени мұраны қорғау туралы қамқорлық жасайды, тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтайды (37 б.), табиғатты сақтайды және табиғи байлықтарға ұқыптылықпен қарайды (38 б.).

ҚР Конституциясында негіз қалаушы қағидаттар ретінде қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, экономикалық даму және мемлекеттік өмірдің барынша маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу нақты белгіленген. Негізгі заңға сәйкес ел үшін жаңа демократиялық институттар құрылды, демократияның негізгі қағидаты іске асырылды: билік үш тармаққа – ірку және қарама-қарсылықтың нақты тетігі бар заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлінді.

Нарықтық жүйенің дамуымен меншік нысанын өзгертудің елеулі мәселесі туындайды, сондықтан Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттік меншікті де, жеке меншікті де таниды, ол меншіктің екі нысанын бірдей қорғауға кепілдік береді.

Елде мемлекеттік тіл болып қазақ тілі танылған, алайда Конституциямен билік органдарында және мемлекеттік ұйымдарда орыс тілін де пайдалануға ресми рұқсат берілген.

Қазақстанда саяси пікір алуандағы және көппартиялылық қамтамасыз етілген. Елде саяси үдеріске ықпал ететін ірі жалпыұлттық, соның ішінде оппозициялықтары да бар, партиялар жұмыс істейді, азаматтық қоғамның үкіметтік емес ұйымдар сияқты аса маңызды буыны елеулі нығайды.

ҚР Конституциясы президенттік басқару нысанын түбегейлі бекітті және мемлекет басшысы мәртебесінің саяси-құқықтық негіздерін нығайтуға қолғабыс етті.

Екі палаталы жүйе бойынша тұрақты негізде жұмыс істейтін қазақстандық парламентаризм іргетасы қаланды, соның арқасында Негізгі заңның талаптарына жауап беретін елдің жаңа құқықтық жүйесі құрылды.

Соттардың қызметін ұйымдастыру және соттар мәртебесінің мәселелері, сондай-ақ соттардың қызметін қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері реттелді, бұл шешімдер қабылдау кезінде соттардың дербестігі мен тәуелсіздігін айғақтайды, сайланбалы қосшы билер сотының институты табысты жұмыс істеуде.

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап БҰҰ Жарғысында және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында жарияланған адам құқықтарын ынталандыру мен қорғаудың жалпы таныған қағидаттарын қолдауын білдірді. Республика халықаралық құқықтың толық құқықты субъектісіне айналды.

1995 жылғы Конституция елдің құқықтық жүйесінде ұлықтылыққа және тікелей пәрменге ие бола отырып, адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің сенімді және тұтас негізін қалап, мемлекет пен жеке тұлғаның өзара үйлесімді қатынастарын орнықтырады. Бүгінде біз Қазақстанның ТМД, Еуразиялық экономикалық қауымдастық, ШЫҰ және басқа да бірлестіктер форматтарындағы интеграциялық үдерістерге белсенді қатысуымен бедерленген қазақстандық заң шығаруды дамытудың жаңа кезеңіндеміз.

Елдің құқықтық жүйесі Конституцияға сәйкес одан әрі үдемелі дамуға ие болды, ол саяси және қоғамдық құрылыс тұрақтылығының сенімді құқықтық кепіліне айналды. Құқық үстемдігі, Конституция ұлықтылығы, заңның, әрі тиімді заңның билігі – бұл бүгінде Қазақстанның табысты дамуының және оның қазіргі әлемде лайықты орын алуының бірінші дәрежелі мәселесі.

Соңғы жылдар ішінде қол жеткізген экономикадағы табыстар, тұрақтылық, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, саяси институттарды дамыту уақыт өте келе қолданыстағы Конституцияның бірқатар қағидаларын жаңғыртудың мүмкіндігі туралы мәселені қойды. Бұл жаңғырту Президенттің өзекті ұстанымын сақтай отырып заң шығарушы биліктің рөлін күшейтетін конституциялық түзетулерді енгізу жолымен 2007 жылы табысты жүзеге асырылды.

Негізгі заңға енгізілген түзетулер іркулер мен қарама-қарсылықтардың жаңа жүйесін іске қосты, оның шеңберінде мемлекетті басқарудың аса маңызды функциялары қазір атқарушы биліктің қолында ғана емес, сонымен бірге Парламенттің де иелігінде, ол іс жүзінде Үкіметті құрайды, оның қызметін бақылайды, ішкі және сыртқы саясатты жүргізудің тұжырымдамасына түзетулер енгізеді. Өзгерістерге сайлау үдерісі де ұшырады, онда айрықша рөл, басқа да жоғары дамыған демократиялық мемлекеттердегідей, саяси партияларға берілді.

Біздің Конституция орасан зор әлеуетке ие, ол елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық дамуының орнықтылығын да, динамизмін де қамтамасыз етуге тартылған бүкіл құқықтық жүйенің берік және бір мезгілде икемді тірегі. Ең бастысы – бүкіл қоғамның өмірінде заң шығарудың және құқық қолданудың күнделікті машығында конституциялық қағидаларды іске асыруды қамтамасыз етеді.

Н.Ә. Назарбаев: «…кез келген елдегі конституциялық үдеріс Конституцияны қабылдаумен тоқтамайды, әлеуметтік-экономикалық және саяси үдерістерді заңгерлік көмкеру қоғамда болып жатқан динамикаға сәйкес болып қана қоймай, сонымен бірге одан озып кетуге тиіс» деп атап көрсетті [1, 88 б.].

Осыған байланысты 1998 және 2007 жылдарда Конституцияға Президент пен Парламенттің өкілеттіктерін қайта бөлген елеулі өзгерістер енгізілді. Өзгерістер 2011 жылы да енгізілді, бұл өзгерістермен президентке президент сайлауларын мерзімінен бұрын өткізу құқығы берілді. Қазақстандық қоғамды демократияландыруды дамыту белгілерінің бірі ел Президентінің бастамасымен туындаған селолық деңгейдегі әкімдерді сайлау идеясы болып табылады және тәуелсіз Қазақстан тарихында жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы алғашқы рет 2013 жылғы 5-9 тамызда табысты өткізілді [4].

Қазақстанда өткізілген және өткізілетін барлық реформалар мемлекет пен қоғам институттарын одан әрі демократияландыруға бағытталған. Қабылданып жатқан заңдар адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау кепілдіктерін нығайту тұрғысында мемлекеттік тетікті және азаматтық қоғам институттарын жетілдіруге қолғабыс етеді.

Сонымен, Конституция сапалық жағынан жаңа кеңістік құрды және елді орнықты саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық дамыту базасына айналды. Қазір еліміз әлемнің алдыңғы қатарлы Конституциясына – адам мен азаматтың кең құқықтары мен бостандықтарының, дамушы азаматтық қоғамның, демократиялық, егемен мемлекеттің Конституциясына ие болып отыр.
Әдебиеттер тізімі
1. Назарбаев Н.А. На пороге XXI века. – Алматы: Онер, 1996. - 285 с.

2.Официальный сайт Президента Республики Қазақстан http://www.akorda.kz.

3. Конституция Республики Казахстан от 30 августа 1995 г. с изменениями и дополнениями от 21 мая 2007 г. – Алматы: Жеті Жарғы, - 2007.

4. Стратегия «Казахстан-2050» новый политический курс состоявшегося государства. Послание Президента Республики Казахстан - Лидера Нации Н.А. Назарбаева народу Казахстана, г. Астана, 14 декабря 2012 года. // «Казахстанская правда» от 15.12.2012 г., № 437-4387.

5. Президентская дипломатия // «Казахстанская правда» 2015 г. 20 июня.

лаура (2)

Л.Т. Айдарова,

е-mail: laura444@mail.ru







ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ

ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ МӘРТЕБЕСІ
Нарықтық экономикалық қатынастардың қалыптасуы, бірпартиялылықты жою, билікті бөлу қағидатын дәйекті енгізу Қазақстанда президенттік институтты орнықтыруды және нығайтуды талап етті. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР Президентінің постын тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 1990 жылғы 24 сәуірдегі Заңмен саяси және экономикалық түбегейлі өзгерістер, конституциялық құрылысты, азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және қауіпсіздігін нығайту, мемлекеттік билік пен басқарудың жоғары органдарының өзара әрекетін жақсарту мақсатында ҚазКСР Президентінің постын тағайындады [1].

Республика Президентінің өз өкілеттіктерін тиімді және тәуелсіз жүзеге асыруы, президенттік басқару нысанын одан әрі нығайту үшін президенттік билік көзін, жанама өкілетті орган арқылы емес, бүкіл Қазақстан халқы атынан заңдастырудың объективтік қажеттілігі туды. Сондықтан Республикадағы президент институты қалыптасуының маңызды кезеңі 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен мемлекет басшысын бүкілхалықтық сайлау болды. Республика аумағында құрылған 21 сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 9 961 242 азамат енгізілді. Солардың ішінен дауыс беруге 8 788 726 адам, яғни 88,23 пайызы қатысты. Сайлау бюллетеніне құпия дауыс беру үшін ҚазКСР Президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаев енгізілді. Нәтижесінде дауыс беруге қатысқандар қатарынан 98,78 %-ы Н.Ә.Назарбаевқа дауыс берді.

Президент президенттік басқару нысанын нығайту бағытын дәйекті жүргізуге бүкілхалықтық қолдау тапты.

ҚР Жоғарғы Кеңесі 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылдаған ҚР Конституциясы ҚР Президенті атқарушы биліктің бірыңғай жүйесін басқаратынын бекітіп, президенттік билікті күшейту тенденциясын жүйелі түрде жалғастырды.

Президент мемлекеттік егемендікті, конституциялық құрылысты қорғау, республиканың қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету, мемлекеттің қорғаныс қабілетін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайту жөніндегі қажетті шараларды қабылдау құқығына және міндетіне ие болды.



Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық орны ҚР Конституциясының III бөлімінде белгіленген. Осы бөлімнен бастап мемлекеттік органдар туралы мәселені регламенттеу басталады, бұл ҚР Конституциясымен Президентке биліктің жоғары органдары жүйесінде қандай орын берілгендігін куәландырады. Президент – жеке-дара тұрақты іс-әрекет ететін мемлекет басшысы.

Бүкілхалықтық дауыс берумен 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған ҚР Конституциясы, президенттік басқару нысанын және соған сәйкес мемлекеттік құрылысты біржолата бекітті [2]. Президенттік басқару нысаны шеңберінде, билік тармақтарының үстінде тұрған, шын мәнінде, төрелік функцияларына ие болған және соның арқасында мемлекеттік билік органдарының келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз ететін мемлекет басшысының мәртебесі, Қазақстан жағдайында қоғамның саяси және экономикалық жүйелерін кері айналмайтын реформалауды табысты жүргізу үшін барынша қолайлы алғышарттарды жасауға мүмкіндік береді. Президенттің әлеуметтік тұрғыдағы конституциялық-құқықтық мәртебесінің маңызы бірде бір кем емес: көпэтносты және көпконфессиялы, оның үстіне онда жіктелу жүріп жататын, қоғам үшін Президент тұлғасында азаматтық татулық, қоғамдық тұрақтылық және ұлтаралық келісім кепілінің болуы өмірлік маңызды. Бұл дегеніңіз өзін құрған халық алдында биліктің жауапкершілігін арттырудың тиімді құралы болып табылады.

«ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы туралы» ҚР Конституциялық заңы Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарының сабақтастығын, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және демократиялық өзгерістерді одан әрі қамтамасыз ету мақсатында, жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы, оның бірлігін, Конституциясын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен Ұлт көшбасшысы ретіндегі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің – Ұлт көшбасшысының саяси және құқықтық тұғырын белгілейді.

Осы Конституциялық заңда Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңмен және Республиканың басқа да заңдарымен қарастырылған Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерімен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің – Ұлт көшбасшысының саяси-құқықтық мәртебесі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің – Ұлт көшбасшысының оның Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерін тоқтатқаннан кейінгі де прерогативтері және кепілдіктері белгіленген [3].

Қазақстандық мемлекеттілікті құрудың бастауларында тұрған және демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретіндегі егемен Қазақстанның дамуына аса көрнекті үлес қосқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Ұлт көшбасшысы болып табылады.

«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға 2011 жылғы 14 желтоқсанда толықтыру енгізілді, соған сәйкес Республикада мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің күні тағайындалды [4].

Мереке күнін 1 желтоқсанға белгілеу кездейсоқ емес, өйткені 1991 жылы нақ осы күні Республика Президентін тікелей сайлау алғашқы рет өтті, онда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.

Сол есте қаларлық күннен бері 20 жылдан сәл асты. Қазақстанның нұсқалған кезең ішіндегі жетістіктерін зерделей отырып, солардың қатарында – қоғамдағы ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылық бар, біз Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сіңірген еңбектерін мойындамай тұра алмаймыз.

Мемлекет басшысының кемеңгер және сарабдал саясатының арқасында, Қазақстан Республикасы халықаралық аренада жоғары орын алады.

Аталмыш норманы іске асыруға 2000 жылғы 20 шілдеде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы» Конституциялық заң қабылданды, ол Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарының сабақтастығын, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және демократиялық өзгерістерді одан әрі қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің саяси және құқықтық орнын белгіледі.

2010 жылы, Қазақстан халқы тарапынан орасан зор шынайы құрмет пен сенімді ескере отырып, нұсқалған Конституциялық заңға түзетулер енгізілді, соларға сәйкес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Ұлт көшбасшысы болып табылады.

Республика Президентінің конституциялық мәртебесі, мемлекеттік органдар жүйесіндегі орны Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-бабымен белгіленген. Нұсқалған бапқа сәйкес Республика Президенті:

- Мемлекет басшысы;

- Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын белгілейтін және Қазақстанды ел ішінде және халықаралық қатынастарда өкілдік ететін мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасы;

- Халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының мызғымайтындығының нышаны және кепілі болып табылады. Президент мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісіп жұмыс істеуін және билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің елдің тіршілік қызметінің барлық салаларында жүзеге асыратын, тек Республика Президентіне ғана тән өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Конституциясында, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңда және Республиканың басқа да заңдарында қарастырылған.

Республика Президентінің өкілеттіктері:

1. Елдегі жағдай және Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жолдайды;

2. Республика Парламентіне және оның палаталарына кезекті және кезектен тыс сайлауларды тағайындайды; Парламенттің бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына антын қабылдайды; Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақырады; Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды жариялайды не болмаса заңды немесе оның жекелеген баптарын қайталап талдау және дауысқа салу үшін қайтарады;

3. Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялардың фракцияларымен кеңескеннен кейін, Мәжілістің қарауына келісім беру үшін Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; оны лауазымынан босатады; Премьер-Министрдің ұсынысы бойынша Республика Үкіметінің құрылымын белгілейді, Үкіметтің құрамына кірмейтін Республиканың орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта ұйымдастырады, Республика Үкіметінің мүшелерін лауазымдарға тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін лауазымға тағайындайды; Үкімет мүшелерін лауазымдардан босатады; Үкімет мүшелерінен ант қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарында төрағалық етеді; Үкіметке заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуге тапсырма береді; Республика Үкіметінің және Премьер-Министрінің, облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің актілерінің күшін жояды не болмаса толықтай немесе жартылай тоқтатады;

4. Парламент Сенатының келісімімен Ұлттық Банк Төрағасын, Бас Прокурорды және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын лауазымдарға тағайындайды; оларды лауазымдардан босатады;

5. Республика Президентіне тікелей бағынысты және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта ұйымдастырады, олардың басшыларын лауазымдарға тағайындайды және лауазымдардан босатады;

6. Республиканың дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларын тағайындайды және шақырып алады;

7. Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екі мүшесін, республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің Төрағасын және екі мүшесін бес жыл мерзімге лауазымға тағайындайды;

8. Республиканың мемлекеттік бағдарламаларын бекітеді;

9. Республика Премьер-Министрінің ұсынысы бойынша Республиканың мемлекеттік бюджетінің есебінен ұсталатын барлық органдар үшін қаржыландырудың және қызметшілердің еңбекақысын төлеудің бірыңғай жүйесін бекітеді;

10. Республикалық референдум өткізу туралы шешім қабылдайды;

11. Келіссөздер жүргізеді және Республиканың халықаралық келісімшарттарына қол қояды; ратификациялық грамоталарға қол қояды; оның жанында тіркелген шетелдік мемлекеттердің дипломатиялық және өзге де өкілдерінің сенім және қайтарылмалы грамоталарын қабылдайды;

12. Республика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

13. Республиканың мемлекеттік наградаларымен марапаттайды, құрметті, жоғары әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендерді, дипломатиялық дәрежелерді, біліктілік сыныптарын береді;

14. Республика азаматтығының, саяси баспана берудің мәселелерін шешеді;

15. Азаматтарға кешірім беруді жүзеге асырады;

16. Республиканың демократиялық институттары, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы, саяси тұрақтылық, оның азаматтарының қауіпсіздігі елеулі және тікелей қауіп-қатерде болған және мемлекеттің конституциялық органдарының қалыпты жұмыс істеуі бұзылған жағдайда, Премьер-министрмен және Республика Парламенті Палаталарының төрағаларымен ресми кеңескеннен кейін, бұл туралы Республика Парламентін іле-шала хабардар етіп Қазақстанның бүкіл аумағында және оның жекелеген жерлерінде төтенше жағдайды енгізуді, Республика Қарулы Күштерін қолдануды қосқанда, аталған жағдаяттармен мәжбүр етілген шараларды қабылдайды;

17. Республикаға қарсы агрессия жасалған не болмаса оның қауіпсіздігіне тікелей сыртқы қауіп-қатер төнген жағдайда Қазақстанның бүкіл аумағында және оның жекелеген жерлерінде әскери жағдайды енгізеді, жартылай немесе жалпы жұмылдыру жариялайды және бұл туралы Республика Парламентін іле-шала хабардар етеді;

18. Президенттің өзіне бағынатын Күзет қызметін және Республикалық гвардияны құрады;

19. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады, оның мәртебесі мен өкілеттіктерін белгілейді; Республика Президентінің Әкімшілігін құрады.

Нұсқалған өкілеттіктер Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа әрі ішкі, әрі сыртқы саясатта көрініс тапқан тұрақтылық пен Қазақстан Республикасын дамытудың дәйекті бағытын сақтаудың кепілі болуға мүмкіндік береді.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы туралы» ҚР Конституциялық заңында Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңмен және Республиканың басқа да заңдарымен қарастырылған Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерімен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің – Ұлт көшбасшысының саяси-құқықтық мәртебесі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің – Ұлт көшбасшысының оның Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерін тоқтатқаннан кейінгі де прерогативтері және кепілдіктері белгіленген [5].

Мысалға, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне оның тарихи миссиясы арқасында өмір бойы келесі құқықтар тиесілі:

1. Тиісті мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың міндетті түрде қарауына жататын мемлекеттік құрылыстың, ішкі және сыртқы саясаттың және ел қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері жөнінде Қазақстан халқына, мемлекеттік органдарға және лауазымды тұлғаларға бастамалармен шығуына;

2. Ел үшін маңызды мәселелерді талқылаған кезде Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының алдында, Республика Үкіметінің мәжілістерінде сөз сөйлеуге; Қазақстан халқы Ассамблеясын басқаруға, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің, Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына кіруге.

Сондай-ақ мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен – Ұлт көшбасшысымен келісілетін болуға тиіс.

Нұсқалған Конституциялық заңмен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы дербес құқықтылыққа ие екендігі белгіленген. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерін атқарған кезеңде жасалған іс-әрекеттері үшін, ал олар тоқтатылғаннан кейін – өзінің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы мәртебесін жүзеге асыруымен байланысты, мемлекеттік опасыздық жағдайларын қоспағанда жауапкершілікке тартыла алмайды. ұстауға, тұтқындауға, тінтуге, жауап алуға не болмаса жеке тексермеге тартыла алмайды.

Өз өкілеттіктерін тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің – Ұлт көшбасшысының қызметін қамтамасыз ету үшін, Конституциялық заңға сәйкес қызметтік үй-жай бөлінеді, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің – Ұлт көшбасшысының Кеңсесі құрылады, ол өз міндеттерін орындағаны үшін тек соның алдында ғана жауапкершілік алады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін – Ұлт көшбасшысын күзету Конституциялық заңмен Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметіне жүктеледі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Ұлт көшбасшысына, сондай-ақ оның отбасы мүшелеріне өмір бойы оның тұрақты немесе уақытша жерлерінде мемлекеттік күзет беріледі.

Оның Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттіктерін тоқтатқаннан кейін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Ұлт көшбасшысына белгіленген прерогативтер мен кепілдіктер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінінің күнін мерекелеу –Мемлекет басшысына оның аса көрнекті сіңірген еңбегі үшін құрмет көрсету.
Әдебиеттер тізімі
1. Конституция Республики Казахстан. Алматы, 2007.

2. Конституционный закон Республики Казахстан от 26 декабря 1995

года «О Президенте Республики Казахстан».

3. Конституционный Закон Республики Казахстан от 20.07.2000 г.,

№ 83-ІІ «О Первом Президенте РК – Лидере Нации» (с изменениями и дополнениями по состоянию на 03.07.2013 г.).

4. В.А. Малиновский. «Н.А. Назарбаев – Первый Президент Республики Казахстан – Лидер нации – созидатель казахстанского суверенного государства», Астана. 2013 г.



c:\users\admin\desktop\с рабочего стола\ппс\фото ппс\ксения.jpg


К.С. Марченко,

e-mail: mar.ksusha@mail.ru



ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІ
Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері 1992 жылдың 4 маусымында бекітілді, яғни биыл еліміз рәміздердің салтанатты Жиырма жылдығын атап өтеді.

Мемлекеттік рәміз – бұл еліміздің бұрынғысы мен бүгінгісі. Олар Қазақстан Республикасының өзіндік даму жолы мен өзге елдерден ерекшелігін бейнелейді, ал мазмұны мен мәні адамгершілік, ынтымақ, бірлік сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды ту етеді [1].


: wp-content -> uploads -> docs
docs -> Педагогикалық технологияны жобалау-дың әдіснамасы. Ақпараттық, инновация-лық, оқыту, педагогикалық технология-лар
docs -> Ұйымдастыру дегеніміз не? Белгілі топ ұйым болып саналуы үшін бірқатар міндетті талаптарға сәйкес келуі қажет. Оларға мыналар жатады
docs -> ҚР ҰҒА академигі А. М. Ғазалиевтың редакциясымен
docs -> КӨрнекті инженерлердің елімізді индустрияландыруғА ҚОСҚан үлесі
docs -> 1. Салыстырмалы артықшылықтар теориясын әзірлеген: a дж. С. Милле
docs -> Резюме Оразбаев Кайрат Серикович
docs -> Воспитания в системе непрерывного образования республики казахстан
docs -> Мемлекеттік басқару дегеніміз
docs -> Қазақстан Республикасының Заңы Білім туралы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Loading...


©melimde.com 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет

Loading...