ПОӘК 042-18-28 09/03-2015 2015 жылғы № басылым

Loading...


жүктеу 1.59 Mb.
бет1/8
Дата05.03.2017
өлшемі1.59 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8

ПОӘК 042-18-28.1.09/03-2015

____ 2015 жылғы №_____басылым

беттің беті


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ



3-деңгейлі СМЖ

құжаты

ПОӘК


ПОӘК 042-18-28.1.09/03-2015



ПОӘК «Қазақ тілінің стилистикасы» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар

______2015 жылғы

№ басылым


5В020500 «Филология» мамандығына арналған



« Стилистика және тіл мәдениеті»
ОҚУ- ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ

ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР

СЕМЕЙ

2015


Мазмұны

1 Глоссарий

2 Дәріс сабақтарының мазмұны

3 Тәжірибелік сабақтардың мазмұны

4 Студенттердің өздік жұмысы

5 Өзгерістерді тіркеу парағы

6 Әріптестердің танысуы

7 Әдебиеттер



1 ГЛОССАРИЙ
1 Стилистика– тіл білімінің, тілдің көркемдегіш амал-тәсілдерін, қолданылу аясын, қатысымдық әрекет-қызметін зерттейтін саласы. Стилистика тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық тәсілдерді қолдану принциптерін реттейді, сөйлеу процесінде тілді пайдаланудың заңдылықтарын қарастырады, сондай-ақ тілдік амал-тәсілдер мен стилистикалық мүмкіндіктер арқылы коммуникативті-прагматикалық, эстетикалық қызметті үйретеді.

2 СӨЙЛЕУ – бір мезгілде болатын нақтылы сөйлеу. Сөйлеудің дыбыстық және жазба түрлері бар. Сөйлеуге сөйлеу қызметі және сөйлеу нәтижесі жатады. Әдетте, сөйлеу мен тіл қарама-қарсы қойылады. Тіл – араласу құралы болса, сөйлеу – осы құрал арқылы араласуды жүзеге асырады. Сөйлеу арқылы тіл қолданыс табады. Сөйлеу әрқашанда нақтылы болады, тіл – абстрактілі болып қайталануы мүмкін. Сөйлеу – кеңістік пен уақытта жасалады, оның шегі болмайды, сөйлеу – материалды құбылыс, ол есту мүшелері арқылы қабылданады.

3 ДИАЛОГ – ( грек. dialogos – әңгіме, екі адамның сөйлесуі) – екі немесе бірнеше адамның сұрақ-жауап ретіндегі сөйлесіп, тіл қатысуы. Диалогтың сөздік құрамына әсер ететін факторлардың негізгі сөзді қабылдау не қабылдамау.

4 ДИСКУРС – (фр.discours – сөйлеу)– экстралинвистикалық, яғни, парадигматикалық, әлеуметтік, мәдени, психологиялық факторлармен байланыста болатын мәтін. Белгілі бір оқиғаны баяндайтын мәтін. Дискурс – өмірдің тілі, сондықтан да дискурс термині «мәтін» терминімен салыстырғанда көне, басқа да бүгінгі өмірмен байланысы жоқ текстерге қолданылмайды.

5 ПАРАЛИНГВИСТИКА – (грек. para – қасындағы, маңындағы және лингвистика) – 1. Сөйлеуде қолданылатын мағыналы хабар жеткізуші, бірақ тілге жатпайтын құралдар; 2. тілдік байланысқа қатысатын тілдік емес (вербальды емес) құралдардың жиынтығы.

6 РИТОРИКА – (грек. rhetorike – шешендік өнер) – прозалық қара сөз және ауызекі көркем сөздің жасалуын зерттейтін филологиялық пән. Поэтикамен, стилистикамен тығыз байланысты болады.

7 МОНОЛОГ – (грек.monos – бір және logos – сөз, сөйлеу) – белсенді сөйлеудің нәтижесінде пайда болатын сөйлеу түрі. Монологқа интраперсональды сөйлеу деген анықтама береді.

8 ӘДЕБИ ТІЛ – орныққан, тұрақты нормалары бар, жалпыға бірдей түсінікті, ортақ, қоғамдық қызметі әр алуан, жалпы халықтық тілдің екшеленген, сұрыпталған, сымбатталған жүйелі түрі. Әдеби тіл жалпыхалықтық тілдің бір түрі.

9. ТІЛДІК АМАЛДАР – сөз тудыру, сөйлем құрау ережелері. Олар – көпшілікке ортақ, объективті категориялар. Соның нәтижесінде тіл – жұрттың бәріне бірдей түсінікті қатынас құралы.

10. ТІЛ МӘДЕНИЕТІ – тіл білімінің әдеби тілінің нормасы мен оның дамуын, сөйлеу тілімен қарым-қатынасын зерттейді. Тіл мәдениетінің тілдің басқа салаларынан айырмашылығы оның күнделікті өмірде тілдің қолдану, жазу, сөйлеу мәдениетімен жақсы қарым-қатынаста болуы

11. МӘДЕНИЕТ – адамның рухани және материалдық, білімдарлық (интеллектілік) пен сезімдік қасиеттері айқын аңғарылатын белгілерінің жиынтығы. 

2 ДӘРІСТЕР
1-дәріс. Стилистика мен тіл мәдениетінің ғылыми теориясы. Зерттеу нысаны.

Дәріс сабағының мазмұны:


  1. Стилистика мен тіл мәдениеті

  2. Сөйлеу, тілдік амалдар, тіл мәдениеті

Стилистиканың анықтамасы, зерттейтін мәселелері, шектес ғылымдармен байланысы, оқытудың мақсаты мен міндеттері, негізгі бағыттары мен түрлері.

Стилистикада ең басты назарда болатын екі бағыт бар. Олардың бірі – мәтіннен тысқары стилистикалық ресурстар ( мүмкіндіктер). Бұл аспектіні тіл ресурстары стилистикасы деп те аталады.

Тіл — өте күрделі, көп қырлы құбылыс. Сондықтан оны бірден тұтастықта алып зерттеу мүмкін емес, жеке бір қырынан келіп: логикалық, құрылымдық-жүйелік, психологиялық т.б. зерттеуге болады.

20 ғасыр тіл ғылымының үлкен жетістігі деп тілдің жүйесін, оның құрылымдық ұйымдасуын жан-жақты қарастыруын айтуға болады. Бірақ бұл тілдің кейбір мәнді белгілерін анықтауға жеткізе алмады. Соңғы кездері тілді зерттеуде коммуникативтік-функционалдық бағыт кең өріс алып, тілдің функционалдық жағына, сөйлеуге, мәтінге көңіл бөліне бастады.

Шынында, тілді тек жекелеген бірліктердің жүйесі деп анықтау жеткіліксіз, өйткені жеке тілдік бірлік болсын, не, тіпті, тілдің тұтас жүйесі болсын әлі коммуникативтік қызмет атқармайды. Жеке тілдік тұлға мен жүйеде ол мүмкіндік түрінде ғана қатысады. Бұл маңызды әлеуметтік қызметтің нақты жүзеге асуы тіл шынайы қарым-қатынас процесінде қолданысқа түскенде ғана мүмкін болады. Тек осы жағдайда тіл ақпарат тасушы жүйе түрінде көрінеді. Тілді жүйе мен оның қызметінің (қолданымының) бірлігі ретінде түсіну ғана оның қатысымдық табиғатын толық түсіндіре алады. Мұнда қызмет ету дегенді тек тілдік жүйені сөйлеу актісінде пайдалану ғана деп түсінбеу керек, сонымен қатар тілді жалпы қарым-қатынас процесінде пайдалану деп түсіну керек, яғни қарым-қатынастың мақсаты мен міндеттерін орындау үшін тілдің көптеген сыртқы факторлардың әсерімен қолданысқа түсуі дегенді білдіреді. Бұл сөйлем — айтылымның мағыналық жағын байытады.

Тіл мен сөз (сөйлеу), дәлірек айтқанда, тілдің жүйелік (құрылымдық) және қолданымдық аспектілері өзара бірлікте, бірақ бірдей емес. Қолданыс кезінде тілдің бай шығармашылық мүмкіндіктері ашылады. Олар тілден тысқарғы шексіз жағдаяттар мен әсерлерге байланысты әрдайым жаңадан туындап отырады. Тіл жүйесінде алдын ала қалыптастырылған мағыналық мазмұн электронды есептегіш машиналары (ЭЕМ) үшін, әрине, тиімді, бірақ ол тілдегі шығармашылықты жоққа шығарады. Шынында, табиғи тұрғыдағы тіл мен ойлау тілдегі осы жалпыланғандық пен қалыптылықты (стандарттылықты) әрдайым еңсеріп отырады. Тілдің жоғарыдағы белгілері (дайын үлгі, стандарттылық) — бұлар әрі қажетті, әрі пайдалы да, бірақ олар тілді қолдану процесінде кедергілер де жасайды.

Тілдік жүйенің коммуникативтіктілігі толық көлемінде тек қарым-қатынас процесінде ашылады. Тілдік құралдардың барлық стилистикалық-мағыналық реңктері, мәнерлілігі, стилистикалық әсері, орындылығы, қажеттілігі тілдің қолданысында ғана айқындалады. Сөйтіп, тілдің стилистикалық феномені, яғни тілдегі стилистикалық мән о бастан функционалдық сипатқа ие. Тілді танып білу және оны сипаттау үшін жүйелілігіне   қоса   оның   функционалдық   аспектісін   де   ескеру   керек.

Сондықтан     тіл     грамматикасымен     қоса     жұмсалым      грамматикасы (функционалды грамматика) да пайда болып дами бастады.

Қазіргі таңда ең басты мәселелердің бірегейі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру, барлық қаракөз бауырларымыздың өз ана тілінде сөйлеуіне қол жеткізу. Тек тіл үйренуде ұмыт болып бара жатқан шаруа бала бақша, үй, мектеп, жоғары оқу орындарында ұл-қыздарымызды тілдік қоры бай қазақ тілінде сөйлеу мәдениетіне үйрету. Содан, үйде де, көшеде де, қоғамдық орындарда да бірқатар жастарымыздың бір-бірімен қарым-қатынас жасағанында, әңгімелескенінде қалай болса солай сөйлейтіні, қазақ тілінің қадір-қасиетін түсінбейтіні байқалады. Олай болса, біздің бүгінгі әңгімеміз тіл, сөйлеу мәдениеті, ауызша, жазбаша сөйлеу хақында.


Сөйлеу, тілдік амалдар, тіл мәдениеті. Адамның тіл амалдарын пайдалану арқылы пікірін, ойын білдіруін – сөйлеу деп атайды. Сөйлеуге адамның анатомиялық мүшелері қатысады, алайда ол адамның психикалық қабілетіне, қоғамдық тәжірибесіне тығыз байланысты. Сөйлеу үшін жасалған тілдік амалдар ұзақ уақыт бойы адамдардың пікір алысу тәжірибесі негізінде қалыптасты.
Тілдік амалдар – сөз тудыру, сөйлем құрау ережелері. Олар – көпшілікке ортақ, объективті категориялар. Соның нәтижесінде тіл – жұрттың бәріне бірдей түсінікті қатынас құралы. Сөйлеудің әр коммуникативтік жағдайына сәйкес ыңғайланған стилі болады.
Тіл мәдениеті – тіл білімінің әдеби тілінің нормасы мен оның дамуын, сөйлеу тілімен қарым-қатынасын зерттейді. Тіл мәдениетінің тілдің басқа салаларынан айырмашылығы оның күнделікті өмірде тілдің қолдану, жазу, сөйлеу мәдениетімен жақсы қарым-қатынаста болуы. Тіл мәдениеті қамтитын тілдік норманың 3 түрі: 1. Тілдік норма (лексика, сөз жасамдық, грамматика, дыбысталу нормасы). 2. Этика – сөз нормалары (сөйлеу этикасының ережелері). 3. Коммуникативті норма (сөйлеу қарым-қатынасының тиімділік қағидалары). Сөйлеу мәдениеті орфоэпикалық нормаға негізделген.
Ойдың және сөйлеудің дамуы. Әркім өзінің басындағы ойларын басқаға айтып, түсіндіру үшін оған лайықты сөз таба білуге тиісті. Егерде ондай сөз таба алмаса, ол ой иесіне де шала, түсініксіз болып қалады. Яғни, ойдың дамуы сөйлеудің дамуымен өте тығыз байланысты. Адам өзінің сөйлеу мәдениетін жетілдірмейінше, жоғары ақыл мәдениетіне жете алмайды. Сыртқы сөйлеу ауызша, жазбаша болып бөлінеді. Бұлардан басқа ауызша сөйлеудің мынандай екі түрі бар: 1. Диалогтық сөйлеу. 2. Монологтық сөйлеу. Диалогтық сөйлеу – екі немесе бірнеше адамның тілдесуі. Монологтық сөйлеу – бір адамның сөйлеуі, әңгіме, баяндама, лекция және басқа да түрлері кездеседі. Мұнда сөйлеуші бір адам, тыңдаушы – көп халық. Осылайша сыртқы сөйлесу: ауызша диалогтық сөйлеу, ауызша монологтық сөйлеу, жазбаша сөйлеу болып бөлінеді. Адамның айтқан қандай сөзі де белгілі бір мазмұнды білдіреді және сөйлеушінің, жазушының осы мазмұнға қатынасын көрсетеді. Мұнан туатын қорытынды: сөйлеу ойды білдіріп, іштегі сезімді сыртқа шығарады. Сөйлеудің бұл сипаты – оның мәнерлілігі. Өзара тілдескенде, лекция, баяндама жасағанда мәнерсіз сөйлеу – ол қаншама мазмұнды ойға толы болса да, әсерсіз, жансыз болып шығады. Ауызша сөйлеудің эмоциялық реңкі интонациямен, мимикамен, ишаралармен білдіріледі. Жазбаша сөйлеуде мұндай мүмкіндіктер жоқ. Сол себепті қағазға жазушы адам өз сөздерін барынша қиыстырып, оларды өз орнына тауып қойып, ойын мәнерлі түрде жеткізе алады. Иә, сөйлей білу - өз ойыңды кемстіріп тұрып айтып бере білу, оның мазмұнын ғана баяндап қоймай, нәзік сырларын сол қалпында жеткізіп, тыңдаушының етжүрегін елжірете білу. Дұрыс сөйлей білген адам өз ойын, айтқанын тыңдаушыға толық түсіндіре біледі. Адамдар оны ауызша диалогтық, ауызша монологтық және жазбаша сөйлеуде әртүрлі жолдармен жүзеге асыра алады. Бұл сөйлеу түрлерінің арасында психологиялық айырмалар да баршылық. Мысалы, ірі жазушылардың көбісі ауызша сөйлеуге шебер болмаса, керісінше, бірқатар шешен адамдар өз ойын жазып жеткізуге шорқақ. Психолог – ғалым Б.М.Теплов өзінің «Психология» кітабында (Алматы, Қазмемоқупедбас, 1953 жыл) диалогтық, жазбаша сөйлеу туралы былай дейді: «Диалогтық сөйлеуді кейде қосталған сөйлеу деп атайды. Мұның мәнісі: әңгімеге қатынасқан адам сөйлеушіге сұрақ қою, жауап қайтару, қарсы пікір айту арқылы қостап отырады, егер бұл текті қостау тоқталса, сөйлеу мен монологқа айналады, немесе адам сөйлеуді тоқтатады... Жазбаша сөйлеуді қосталмаған сөйлеу деп атауға болады. Қосталған сөз қосталмаған сөйлеуден жеңіл болады. Онай болатын себебі – сөйлеушілер бір жай-күйді әңгімелеп отырғандықтан, қабылдап отырғаны бір нәрсе болғандықтан, бірін-бірі оңай ұғынысады; кейде сөзді айтып аяқтап болмай-ақ, не екенін түсіне қояды...
Мұндай сөйлеу көп жағдайда ым-ишарамен толықтырылады. Қорыта айтқанда, диалог сөздің құрылысына және өрістетіп айтылу жақтарына онша көп талап қойылмайды. Ал жазба сөйлеу басқаша құрылады; онда барлығы ақырына дейін толық баяндалуы керек. Жазба сөйлеу барынша кең және байланысты түрде құрылуы қажет».
Сөйлеу мәдениетіндегі шешендік өнер. Ел алдында шебер, шешен сөйлеу көп еңбектену, оқып, үйренуді талап етеді. Шешен адамдарда негізінен, сөз көркемдігі ой тасқынынан табиғи түрде туындап жатады. Көркемдік талғам мен шешендік тәсілдерді дұрыс пайдалана білген адам ғана эстетикалық әсер ету күшіне ие бола алады. Сонда шешендік өнерге көп сөйлеп, оны сынатып үйренуге болады ма, әлде оған жазып дайындалған дұрыс па? бұл орайда әйгілі шешен, данагөй Цицерон былай дейді: «Қалам – көркем сөздің ең жақсы жаттықтырушысы. Басқалардан үйренуде ең өнеге тұтарлығына теңесуге ұмтылу керек. Өзің үлгі еткен шешеннің жақсысының бәрін алуға тырыс. Оңайын, көзге түсіп тұрғанын ғана емес, ең маңыздысы – шынайы шеберлігіне жету. Ол еліктеу болып кетпеуі керек. Мықтыға қанша ұқсап тұрсаң да, көшірме түпнұсқадан ылғи да көш төмен болады. Халық алдында сөйлеу үшін сөзіңнің өзіндік «бейнесі», өз мәнері болғаны абзал.
... Егер өнердің басқа саласындағы аты мәлім шебер бір ісін кездейсоқ дағды-дағысынан нашар орындап қалған болса, оны ол өзі әдейі жасады ма, не денсаулығына байланысты сөйтіп қалды, дей салады... Ал, егер шешеннен сондай бір осалдық тапсыншы, оны тек ақымақтық деп санайды, ал ақымаққа кешірім болмайды. Өйткені адам көңіл-күйге немесе іші ауырғанға байланысты ақымақ болмайды». Сөзді тыңдай білмеу. Кейбір адамдардың ерсі мінездері бар: басқаның сөзіне құлақ қоймайтын, өзіне айтылған сөзді аяғына дейін тыңдай білмейтін, өзгелердің сөзіне ретсіз араласып, әңгіменің шырқын бұзатын. Содан сөйлеп отырған адам кейде қақалып – шашалып, тұтығып та қалады. Әрбір адам өз басындағы осы кемшіліктер мен күресе білсе, біздің сөйлеу мәдениетіміз де одан әрі дами түсер еді. Және де кейбір адамдар диалогтық сөйлеудің талаптарын орындай бермейді. Содан көп сөйлеп, бір сөзді сан мәрте қайталап, тыңдаушысын жалықтырып та алады. Олардың ішінде өзіне қойылған сұрауларға, қарсы пікірлерге жауап бермей, өз ойын тәптіштеп айта беретіндері де кездеседі. Бұл да сөйлеу мәдениетіндегі әдепсіздік. Қаратпа сөз хақында. Ағылшын тілінде қазір «сен» деп сөйлесу іс жүзінде жоқ. Оларда мұндай есімдіктің өзі де ұмытылған. Ол ХҮІ ғасырдың өзінде қолданыстан қала бастап, ХҮІІІ ғасырдың басында оны сыпайы «сіз» деген есімдік алмастырған-ды. Тіл мамандарының түсіндіруінше, көне замандағы «сен» сөзі тек шіркеу тілінде, көтеріңкі, лепті поэзияда ғана сақталған көрінеді. Сол себепті, оны «Уа, сен!» деп аударған дұрыс дейді. Кейінгі кезде орыс тіліндегі «товарищ» деген қаратпа сөз де ерсі естіліп, қоғамдық орындарда «мужчина», «женщина» деген қаратпа сөздер күштеп орныға бастады. Алайда оны қазақ тіліне аударып: «Еркек!», «Әйел!» деп айқайлар болсақ, ол өте ұятты. Сол себепті сөз мәдениетін түсінетін біздің бауырларымыз қоғамдық орындарда: «Апай», «Ағай», «Қарындас», «Інім» деген қаратпа сөздерді қолданып, ол транспортта, сауда орындарында, театрда өзара қарым-қатынас тіліне сіңісіп кетті. Шіркін, сөз қадірін түсініп, сөйлеу мәдениетін сақтай білсе, біздің қазақ тілінің мазмұны өте бай, сөздері өте сұлу, мейірім, имандылыққа толы ғой.

Ұлылардан ұлағат


Ой көрігінен сомдалып шыққан сөздің шынайысы да, жалғаны да болады.
Әл-Фараби.
...Әр сөздің айтылуына қарай мың мағынасы бар.
А.П.Чехов.
Тіл – ішкі сырды сыртқа шығаратын құрал.
Ж.Аймауытов.
Ойың дұрыс болса, сөзің дұрыс, олай болса, ісіңнің иесі де дұрыс.
Д.И.Писарев.
* Құнды сөз – құнарлы ойдан туады.
* Сөз көмескілігі – ой, пікір көмескілігінің айнымас белгісі.

Л.Н.Толстой.
Сөйлеу мәдениеті өспейінше, жоғары ақыл мәдениетіне жетуге болмайды.
Б.М.Теплов.
Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы-ой. Ақылды ой, алғыр сөз адамның ең жоғарғы қасиеті.
Ғ.Мұстафин.
Тіріні көрге салар да – сөз,
Өліні тірілте алар да – сөз.

Әлішер Науай.

Мәдениет – адамның рухани және материалдық, білімдарлық (интеллектілік) пен сезімдік қасиеттері айқын аңғарылатын белгілерінің жиынтығы. Ендеше, мәдениет сөзінің аясы кең, мағынасы сан тарау. Соның ең негізгісі – тіл мәдениеті. Тіл, сөз – егіз ұғым.Мәдениеттің туы – тіл, ол адамзаттың мұратымен астасып жатады. Әр ұлттың тілі сол ұлтпен бірге пайда болып, дамып отырады. Сондықтан да, өз тарихына, ұлттық дәстүріне, туған жеріне, туған тіліне қамқор көзбен қарап, қадірлей білген адам ғана мәдениетті болады. Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас құралдарының ішіндегі өмірде кең қолданылатыны және аса маңыздысы – тіл. 



Бақылау сұрақтары:

  1. Стилистика дегеніміз не?

  2. Стилистика мен тіл мәдениетінің ғылыми теориясы?

  3. Сөйлеу, тілдік амалдар

  4. Мәдениет дегеніміз не?

Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі:

  1. М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаев Қазақ тілінің стилистикасы - Алматы, 2010

2. Р.Сыздықова Сөз құдіреті – Алматы, 2012

3. А.Байтұрсынов Тіл тағылымы - Алматы,1992

4. М.Балақаев Тіл мәдениетінің мәселелері – Алматы, 2010

2 -дәріс. Функциональды стилистика ішіндегі стильдер жүйесі. «Стиль» сөзінің тарихы мен мағынасы туралы. Функциональдық стиль және экспрессивті – эмоционалдық стиль. Олардың арақатынасы.
Дәріс сабағының мазмұны:


  1. Стиль сөзінің тарихы мен мағынасы

  2. Функциональды стилистика

  3. Функциональдық стиль және экспрессивті – эмоционалдық стиль.

“Стиль” сөзінің тарихы мен мағынасы туралы. Стилистика, сонымен, өзінің сипаты, мәні жағынан — функционалды сипатқа ие (оның даму тарихы соны дәлелдейді). Бұл теориялық ғылым бола тұра, оның қолданбалы, тәжірибелік маңызын жоққа шығармайды. Керісінше стилистиканың дамуы (функционалды стилистиканың) тілді оқыту әдістемесіне, басқа қолданбалы салалардың дамуына ықпалын тигізді. Лингвостилистика  тілдік теорияның іргелі мәселелерін зерттейді (мыс, тілдің әлеуметтік табиғаты, оның құрылымдық және функционалдық аспектілерінің байланысы, қызмет ету заңдылықтары, тіл мен ойлаудың байланысы). Тіл ғылымы тарихындағы ұлы жаңалықтардың бірі — тілдің қос қырлылығының (жүйелілігі мен қызмет ететіндігі, қозғалмалылығы) ашылуы болды. Тіл осы екеуінің бірлігінен тұрады. Мұның бір жағы -құрылымдық-жүйелік жағы, жеткілікті дәрежеде зерттелсе, функционалдық жағы (сөз тудырушылық аспектісі) енді ғана зерттеле бастады.

Стилистика – тіл білімінің бір саласы. Оның тарихы әріден басталғанмен, қазақ тіл білімінде стилистика мәселелерін зерттеуге жаңа-жаңа көңіл бөліне бастады. Орыс тіл білімінде стилистика мәселелерінің зерттелуі көптен бері қолға алынып, бұл саладан біраз еңбектер де жарияланды. Солардың ішінен Л.В. Щерба, В.В. Виноградов, Г.В. Винокур, А.И. Ефимов сияқты зерттеушілердің еңбектерін атауға болады. Стилистиканың бірқатар проблемалық мәселелері 1954 жылы «Вопросы языкознания» журналы ұйымдастырған дискуссия материалдарында да қамтылған.

Журналда көтерілген негізгі мәселелер: стилистиканың мақсаты мен міндеті, тілдік құбылыстардың стилистикаға қатысы, функциональды стильдер, тіл білімінде стилистиканың алатын орны т.б.

Стилистикадағы негізгі ұғымдардың бірі – с т и л ь. Оны осы күнге дейін әркім әр түрлі түсінеді. Себебі стиль терминінің мазмұны кең, оның жұмсалатын орны көп. Стиль – латынша stylos (қазақша – жазу құралы) деген сөз. Латын тілінде кейіннен стиль сөзі «жазу мәнері» деген мағынада қолданылатын болған. Лингвистикада «стиль» жазу мәнері, сөзге сендіру тәсілі, мәнері сөйлеу және белгілі бір әдеби жанрға тән тілдік құралдар жүйесі деген сияқты көптеген мағынада қолданылып келген.

Оның осы мағынасы Европа білімпаздарының арасына көп тараған. Орта ғасырларда Грецияда, Римде с т и л ь - сөзге сендіру, нандыру тәсілі, стилистика - риторика (шешендік) өнері болып саналған. Үнді оқымыстылары стильді мәнерлеп сөйлеу, ал стилистиканы мәнерлеу туралы ғылым деп есептеген. Кейін, ұлттық әдеби тілдің қалыптасу дәуірінде, кейбір елдерде стиль белгілі бір әдеби жанрға тән тілдік құрал деген үғымда қолданылды. Бүл ұғым Россияға да кең тараған болатын. Мысалы, Ломоносовтың үш стилі (жоғары, орташа, төмен) осы жанрлық принципке негізделген.

Сөйтіп, лингвистикада "стиль" жазу мәнері, сөзге сендіру тәсілі, мәнерлі сөйлеу және белгілі бір әдеби жанрға тән тілдік құралдар жүйесі деген сияқты көптеген мағынада қолданылып келген. Ал стилистика көбінесе шешендік өнері туралы ғылым ретінде танылған. Ол тек XX ғасырдың бас кездерінде ғана шешендік өнерінен бөліне бастайды. В.Г.Белинский былай дейді: "Сөйлеу өнерінің, әсіресе жазу өнерінің, зерттеуді өте қажет ететін өзінің техникалық жақтары бар". Белинскийдің пікірінше, тіл өнерінің осы "техникалық жақтары", яғни тілдің қолдану тәсілдері мен заңдылықтарын зерттеу мәселесі (риторика емес), стилистиканың үлесіне тиеді. Бірақ стильдің жалпыға танылған белгілі анықтамасы әзірге жоқ. Стиль терминінің алғашқы мағыналары қазір де жойылмағандықтан сол ұғымдар негізінде стилистиканы тіл білімінің маңызды саласының бірі деп тануға болады; стилистиканы дербес пән ретінде оқытудың мәні зор.

Стилистика - ең алдымен с т и л ь туралы ғылым. Стиль деп белгілі бір тілдегі лексикалық, грамматикалық және фонетикалық тәсілдердің қолданылу принциптерін айтамыз. Бір ұғымды айтып, не жазып жеткізу үшін қажетті тілдік тәсілдерді сұрыптап қолдануға болады. Бұл ретте әсіресе тіліміздегі синонимдер мен оның варианттары көбірек пайдаланылады. Мұндай синонимдердің түрі әр алуан: лексикалық синонимдер мен фразеологиялық синонимдер, морфологиялық синонимдер (варианттар) мен синтаксистік синонимдер.

Тіліміздегі сөздердің лексикалық және грамматикалық мағыналарын басқа осындай қосымша реңін эмоциональды-экспрессивті бояу дейді. Оларды сондай-ақ тілдің стильдік сапасы немесе мәнерлі тәсілдері деп те атайды. Стильдік сапа – тілдік единицалардың қай-қайсысына да тән құбылыс. Морфологиялық тұлғалар мен синтаксистік құбылыстардың да мәнерлегіштік сипатын дәлелдейтін көптеген мысалдар келтіруге болады: сөйлегіш, сөйлемпаз, сөзшең, сөзуар, сөз құмар т.б.

Бұл сөздердің де, жоғарыда келтірілген мысалдардай, эмоционалды-эксперссивті бояуы айқын сезіледі. Осы сөздерге мұндай өң, бояу беріп тұрған морфологиялық тұлғалар (форма) екенін аңғару қиын емес.



Долларшыл топ – соғыс құмар бөспенің,

Тілейміз біз жер бетінен өшкенін.

(«Бейбітшілік даусы»)

Осында соғыс құмар деген сөздің соғысқор, соғысшыл сияқты әр түрлі реңділікті білдіретін синонимдері бар. Ашушаң, ашуқой, ашуланшақ, ашуланғыш дегендердің де синонимдес екенін байқаймыз. Кейде мұндай рең дамыту тәсілімен де беріледі. Мысалы: көгілдір, көкшіл, көкшілтім, көктеу, көгірек, көк, өте көк, шымқай көк, тым көк. Морфологиялық тәсілмен берілетін жеке ұғымдарды синтаксистік тәсілмен де түсіндіруге болады. Мысалы:

Ақылды – ақылсыз емес.

Біледі – білмей тұрған жоқ.

Түсінеді – түсінбейді емес.

Түсінді – түсінбей тұрған жоқ.

Синтаксистік құрылыстың ойды айтып немесе жазып жеткізуде айрықша мәні бар. Әдетте сөйлемдердің айтылуына, қолдану тәсіліне қарай әр түрлі реңде болады. Олар көбінесе сөздердің орын тәртібі және сөйлемнің құрылысы арқылы беріледі.



Стилистиканың зерттеу нысаны – лексика-фразеология, грамматика және фонетика қарастыратын тілдік тұлға бірліктер. Бірақ тіл білімінің бұл салалары тілдік единицалардың стильдік сапасын қарастырмайды.

Сөйлеуде (речь) сөз бен сөйлем құрылысының дұрыс және айқындығының үстіне, дыбыс үйлесімділігі (благозвучие) болуы да шарт. Дыбыс үйлесімділігі, біріншіден, біркелкі дыбыстардың бір жерге жиналуынан сақтандырса, екіншіден, сөйлеудің мәнерлілігін арттырады. Сондықтан дыбыс үйлесімділігі оқуға және тыңдаушының қабылдауына үлкен жеңілдік туғызады. Мысалы дыбыстардың мәтін ішіндегі қайталануы (ассонанс, аллитерация), интонация, екпін, оның түрлері – стилистикалық ресурсқа ие фонетикалық құралдар. Бұл - фонетикалық тәсілдердің практикалық мәні.

Стилистика жалпы халық тілінің стильдік жүйелерін, жалпы халықтық тілдің ауызекі және жазба түрлері, олардың өздеріне тән ерекшеліктері, әдеби тілдің стильдерін тегіс қамтиды.

Сөйтіп стилистика тілдік единицалардың мәнерлегіштік мүмкіншіліктері мен олардың қандай формада және стильдің қай түрінде қалай қолданылатыны туралы мәселелерді қарастырады.

Қарым-қатынастың әр түрлі саласында, пікір алысудың мақсатміндеттеріне сәйкес, ойдың мазмұнына лайық осы аталған тұлға бірліктерді таңдау мен ұйымдастырудың жалпыға ортақ пртнциптері қалыптасады. Бұл жағдай тілдік құралдардың қызмет ету процесінде әр түрлі функционалды стильдердің жасалуын негіздейді. Белгілі бір салада, қарым-қатынастың белгілі бір түрінде осы тілдік құралдардың қызмет ету ерекшеліктеріне орай фунционалды стиль түрлері ажыратыла бастайды. Бұл функционалды стилистиканың міндеті болып саналады. Сөйтіп стилистиканың салаларына мыналар жатады: 1. тіл құралдарының стилистикасы, 2. функционалды стилистика, 3. көркем әдебиет стилистикасы.

Көркем әдебиет стилистикасының отандық ғылымда жеке сала болып қалыптасуы ғалым, академик В.В.Виноградовтың есімімен тығыз байланысты.

Стилистика – тіл құралдарын (тұлға-бірліктер) талғап, орнымен дұрыс жұмсауды үйрететіндіктен, тіл мәдениеті пәнімен тығыз байланысты екендігі мәлім. Сондықтан қай тұрғыдан болса да сөз болатын тіл мәселесі тілдік нормаға барып тіреледі. Әдеби тілде сөйлеуші адам ойын дұрыс жаеткізуді ғана емес, қалай айтып жеткізуді көздейді, тілдегі дұрыстықты ұстауға тырысады, демек, әдеби тілдік нормада екі қатар мақсат көзделуі қажет: ойды білдіру және оны мәдениетті түрде, яғни белгілі дұрыстық, көркемдік нормаларын сақтап білдіру.

Тілдің функционалды стильдерге қарай ажыратылған нормалары стилистикалық нормалар болып табылады, яғни сөз қолдану нормалары әдеби тіл нормасына сәйкес қалыптасады. Әсіресе, функционалды стилистикаға байланысты сөз қолданудың тұрақтылығы бар. Мысалы, ауызекі сөйлеу тілінде қарапайым сөздер, диалектизмдер, жаргондар, бөтен тілдік элементтер, «барғасын, кеп, боп» т.б. тәрізді морфологиялық тұлғалардың мүмкін болса, жазба стильдерде олар нормадан тыс деп есептелінеді. Тілдің стильдік айшықтаулары, көркемдік құралдары көркем әдебиет стиліне тән, олар іс қағаздары мен ғылыми стильдерде қолданылмайды. Бұдан шығатын қорытынды: стилистикалық нормалар да тілде қалыптасады, олар әр стиль түрлеріне сай келуі керек. Мәселен, өткен шақ есімшенің –тін, -тын және тұғын болып екі вариантта кездеседі. Мұның алдыңғысы қатаң норма, яғни фунционалды стильдердің барлығында қолданылады, ал -тұғын варианты, негізінен көркем әдебиет пен поэзия үшін норма.

Жоғарыда айтылған ауызекі сөйлеудің элементтері (қарапайым, диалект, дөрекі сөздер) әдеби тілдің лексикалық нормасынан тыс тұрады. Бірақ көркем әдебиет тілінде, көбінесе кейіпкер тілінде, шығарманың жанрлық сипатына қарай автордың өз баяндауында да қолданылуы норма болып табылады. Соңғысы стилистикалық нормалар ретінде танылады.

Функционалдық стиль түрінің әрқайсысының өзіне тән стильдік белгісі болады. Стильдік белгі дегеніміз – белгілі бір функционалдық стильдің даралығын, басқа стильдерден өзгешелігін танытатын қасиеті. Мысалы, көркем әдебиет стиліне тән ерекшелік – сөздің бейнелілігі, эстетикалық қуаты. Ғылыми тілге тән басты белгі – сөздің дәлдігі, нақтылығы. Функционалдық стильдерге қойылатын белгі кейде бірнеше түріне ортақ болуы мүмкін. «Қазақ әдеби тілінің әрбір функциональдық стилі өзіндік ерекшеліктерге ие. Осы ерекшеліктері арқылы олар бір-бірінен дараланады.

Әр стильдің өзіндік белгілерін, қасиеттерін, ерекшеліктерін танып, білудің қазақ тілінде ерекше мәні бар. Әдеби тілдің функционалдық стилдерінің тығыз байланыста болуы, олардың саралануының кейіннен пайда болған құбылыс екенін растайды. Бұл байланыс бір функциональдық стильге тән амал-тәсілдің екінші бір функциональдық стильде қолданылуынан, бір функиональдық стильдің екіншісіне әсер етуінен, соның нәтижесінде әдеби тілдің стильдер жүйесінің дамуынан байқалады. Бір стильге тән тілдік ерекшеліктердің екіншісіне ауысып, өнімді қолданылуы стильаралық диффузия деп аталынады».

Функциональдық стилистика өз ішінде стильдер жүйесі бойынша жіктеледі:

ауызекі сөйлеу тілі;

ресми стиль;

ғылыми стиль;

публицистикалық стиль;

көркем әдебиет стилі (тілі).

Тіл ресурстары стилистикасын бұдан сәл ықшамдап, тіл стилистикасы (стилистика языка) деп те атап жүр. Стилистиканың бұл түрінің басты бағыты – сөздердің мәтіннен тысқары күйіндегі стилистикалық қызметін айқындау.

Қорыта келгенде, функционалды стилистика тілдің қарым-қатынастың әртүрлі салалары мен жағдаяттарында қолдануының заңдылықтарын зерттейді, басқаша айтқанда, ол үшін тілдің функционалды аспектісі арнайы зерттеу пәні (предметі) болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, стилистика тілді қоғам тарапынан қолдану заңдылықтарын зерттейді.


: ebook -> umm
umm -> Тарау Пән бойынша глоссарий Тарау Лекциялардың қысқаша конспектісі Тарау соөЖ бойынша әдістемелік нұсқаулар Тарау СӨЖ бойынша әдістемелік нұсқаулар Тарау Бақылау – тексеру құралдары. Тарау Пән бойынша глоссарий
umm -> «Қазақ тілінің стилистикасы» ОҚу- әдістемелік кешені оқУ-Әдістемелік материалдар семей 2015 Мазмұны
umm -> Әбікенова Гүлнат Төкенқызы Когнитивті лингвистика
umm -> Глоссарий
umm -> Үш әулетті отбасы: ата-ана, бала, немере; Үш әулетті отбасы: ата-ана, бала, немере
umm -> ПОӘК 042-18 35/03-2015 №1 баспа 11. 06. 2015ж
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> 1 Менеджмент туралы түсінік Менеджмент ағылшын сөзі, оның түпкі түбірі гректің «Манус» сөзінен шығып
umm -> Мемлекеттік басқару проблемаларын жете түсіну үшін қазіргі менеджмент теориясының кейбір жайларын білу аса тиімді және қажет


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8
Loading...


©melimde.com 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет

Loading...