П.ғ. д., профессор С. Н. Жиенбаева ҚазМемҚызпу алматы қаласы



жүктеу 55.36 Kb.
Дата29.04.2017
өлшемі55.36 Kb.
Балаларды еңбекке баулудың әлеуметтік алғышарттары

П.ғ.д., профессор С.Н.Жиенбаева

ҚазМемҚызПУ

Алматы қаласы.


Кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық гүлденуі мен қауіпсіздігі халықтың білімі мен интеллектілік ресурстарымен тікелей байланысты. Елдегі экономикалық ахуалдың жақсаруы тұтастай алғанда білім беру жүйесіне жаңаша талаптар қойып отыр. Қазіргі таңда қоғамымыз алдына қолы жете алатын мақсат қоятын, өзінің мүмкіндігін бағалай және әрекетін басқаратын, жасампаздықпен ретке келтіретін тәжірибелі жеке тұлғаны қажет етеді. Адам ресурстарын даярлау сапасын арттыру, жеке тұлға мен қоғамның қажеттіктерін қанағаттандыру үшін 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Ең ерте жастағы білім беру әлеуметтік, эмоционалды және басқа да өмірге қажетті біліктердің қалыптасуында маңызды рөл атқарады – деп, баланың тұлғасын қалыптастыруда тұлғаға бағдарлану негізінде іс-әрекетіндегі қарапайым тәжірибесін таныта білуге база жасау керектігін белгілеген [1, 60-б].      

Сонымен қатар елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты кезекті жолдауында бірінші бюасымдықтың үшінші кешенді міндеті ретінде – еңбек нарығын жаңғыртудеп қойылып, «Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады. Сонымен бірге, жаңа индустрия құрып, дамыту жұмыспен қамтудың және азаматтардың нақты табысын өсірудің қосымша мүмкіндігі болуға тиіс» делінген[2]. Демек, еңбек нарығына, кез келген өзгермелі жағдайға бейімделуге, өздігімен өмір сүруге дайындау бастауыш мектептен басталып, баланың еңбек іс-әрекетідегі тәжірибесін қалыптастыру арқылы қоғам алдында өзінің дербестігі мен жауапкершілігін сезінетін, бәсекелестікпен еңбек ете білетін, әрбір жұмыстың пайдалы көзін тауып, біліктілігін көрсететін адам капиталын даярлау - қазіргі қоғамның талабы.

«Еңбек», «еңбек тәрбиесі» ұғымдарын талдау қай кез болса да кеш емес, әр қоғамның өзіндік дамуында өзіндік ғылыми тұрғыда сараланған, зерттелген.«Еңбек» ұғымының шығуына келсек, белгілі югослав әлеуметанушысы Данило Маркович европалық тілдерде оның түрліше мағынасы бар екендігін айтады. Мәселен, индоевропалық тілдерде «orbo» ата-аналарсыз тұрмыс мағынасында қолданылады. Венгр тілінде «arba» – жұмыс, ал неміс тілінде «arbеa» – ата-аналарсыз тұрмыс дегенді білдіреді, себебі тұрмыс жағдайының ауырлығы еңбекке душар етеді деп саналады [3, 124-б].

Ежелгі Грек философ ақыны Гомер еңбекке жоғары баға бере келе, жабайы табиғатқа адамның қолы тимейінше, нағыз адам жиіркенгендей болып тұрады деген ой айтады. Ақынның бұл ой пікірі халық арасында еңбек ұранына айналып, сол кезде қоғамдағы прогрессивтік бағыттардың дамуына ықпал етті. Еңбектің жалпыға тән қағидасы белгілі ақын Гесиодтың көзқарасынан орын алды. Ол еңбекті егіншілік жұмыс деп, диқаншылардың көзқарасымен бағалады. Гомер еңбек іс-әрекеті адамның құдайдың ырқын бұзғандарға жіберген ауырпалығы десе, Гесиод еңбек іс-әрекетінен адамның жануардан айырмашылығын көресің, одан қайырымдылықтың негізін табасың деп анықтауға тырысты. «Еңбек және уақыт» атты поэмасында адамның ең басты қасиеті еңбексүйгіш болу керектігін айтады.

Орта ғасырдың белгілі өкілі Августин барлық адамның еңбектенуін талап етіп, «Кім жұмыс істемейді, сол тамақ жемейді» деп ой түйген. Бірақ еңбек тәртібі сол құл иеленушілік қоғамдағыдай таяқтың күшімен жүргізілді. Т.Мор еңбек іс-әрекеті адамның өмірлік қажеттілігі ғана емес, моральдық қажеттілігі, бәрі үшін міндетті деп, дене еңбегін жоғары бағалап, ауыл шаруашылық еңбегіне кемінде екі жылды арнауды ұсынды. Мектеп білімі практикалық тәжірибелерге негізделуін талап ететіндіктен, еңбек іс-әрекеті – бақытқа апаратын бірден-бір жол деп түйіндеді. Т.Кампанелла балалар 7 жасынан ғылымды зерттей бастайды және ой еңбегін дене еңбегімен ұштастыра алады деген тұжырым жасаған.

Алыс шет елдік ғалымдардың еңбектерінде кіші мектеп жасындағы балаларды еңбеке тәрбиелеу теориясы ерте қалыптасқан. Я.А.Коменский 6-12 жас аралығындағы жеткіншек балалардың еңбектегі шыдамдылығын қалыптастыру қандай да бір іспен айналысуы деп, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуді ұсынды [4, 92-б].

Әлеуметтік-философиялық шығармаларда еңбек ултилитарлық-практикалық әрекет тұрғысында рухани материалдыққа қарсы қойылды. Еңбекке мұндай көзқарас белгілі философ Эмманюэля Мунье еңбектерінде кездеседі. Оның пікірінше, адам әлемдегі ақиқатты табу үшін туылған, еңбектің басқа әрекеттен айырмашылығы – оның рухани сипатында. Мунье еңбек қажетті, бірақ адамның қалыптасуында, рухани және бастапқы шығармашылық элементтерінің жоқтығымен ерекшеленеді дейді. Оның ойынша, осындай себептерге байланысты болып табылмайды, еңбек іс-әрекет емес, өйткені әрекетте руханилық көрінуі керек.

Батыстың әлеуметтік-философиялық ойшылдарының бірі Льюис Мэмфорт адам әрекетін екіге бөліп көрсетті: утилитарлық-практикалық және көркемдік-теориялық. Бірінші бағыт еңбектің мәнін төмендетсе, екіншісі жоғарылатты. Мэмфордың айтуы бойынша, утилитарлық-практикалық немесе өндірістік әрекет адамға сыртқы қатынасы жағынан шығармашылықтан жұрдай, адамды жануарлар өміріне жақындатады, ал көркемдік-теориялық әрекет адам өмірінің ақиқатын сипаттайды. Мэмфорд адам бейне, тіл жасау үшін дүниеге келген, ол қиялшыл және әртіс, бірақ еңбек құралын жасаушы емес деп түсіндіруге тырысты. Дегенмен, философ еңбек іс-әрекетінде адамның жануарлар әлемінен бөлініп шығу үдерісін мойындайды. Белгілі философ Фома Аквинский «ара сияқты біреуі бал жинайды, біреуі балауыздан шырын жинайды, ал ана ара мен еркек ара жалпы еңбекке араласпайды, сол сияқты біреуі егісте, екіншісі үй салып, тұрмыс салтына енгізеді, үшіншісі қауымдық қамқорлықтан бос, басқаларды құтқару үшін рухани сабақпен айналысады» деп тұжырымдаған. Ара тіршілігімен адамның тынымсыз еңбек іс-әрекетін түсіндіреді.

Еңбекті ұйымдастыру ұстанымын алғаш америка ғалымы Э Тейлор негіздеді. Ол адамның шаршауы еңбек үдерісіне ықпал ететіндігін айта отырып, шаршауды туғызатын биологиялық және психологиялық факторларын жіктеді. Әрине, біз бастауыш мектептен бастап баланың еңбек іс-әрекетіне жас ерекшелігіне байланысты заттық орта және психологиялық тұрғыда эмоциональдық ахуал туғыза алмасақ, онда еңбек нәтижелі болмас еді. Белгілі әлеуметтанушылар О.Конт, Г.Спенсер, М.Вебер қоғамның әлеуметтік құрылымы еңбек бөлінісі арқылы анықталады, ой еңбегі мен дене еңбегі өкілдерінен тұратын топтардың пайда болуына және одан әрі өмір сүруіне себепші болады. Әлеуметтануда еңбек шығармашылық іс-әрекет, тек адамға тән қасиет тұрғысында танылады [5]. Еңбектің субъектісі тек адам, еңбекте адам өзін жоғары сатыға көтереді. Әлеуметтік әдебиеттерде еңбек, оның қызметі, мазмұны және адамдардың еңбекке жаңаша қатынасының объективтік және субъективті жақтары күрделі қоғамдық үдеріс сипатында айқындалады. Бірақ бұл күрделі мәселені зерттеуде еңбекке жаңаша қатынастың жақтары бір негізде қарастырылмайды. Зерттеушілердің бір тобы оның объективті жағына баса назар аударса, ал басқалары субъективті жақтарына көп көңіл бөледі. Келесі бір топ авторлар (Ч.Кули, Р.Даренфорда, Р.Мертона) негізінен еңбектің объективті және субъективті жақтарының бірлігін тілге тиек етеді [6]. Адамның еңбек ету үдерісі оның әлеуметтік табиғатын бейнелейді, еңбек белсенділігі негізінде адамның қабілеті дамып, білімі жетіледі. Олардың пайымдауынша, адамның өз еңбегіне өмір сүру құралы, өзін-өзі танымал және дамыту факторы сипатында қарайды. Адам және оның еңбекке қатынасы қоғамның қазіргі даму мазмұны мен мақсатына байланысты және солардың талабы негізінде бағаланады. Бұл мәселелер еңбектің мазмұны, еңбектің мәні, еңбек бөлінісі, еңбектің қоғамдағы орны атты мәселелерге бөлініп, әлеуметтанушы ғалымдар тарапынан зерттелген болса да, оның көптеген жақтары әлі де терең ізденуді талап етеді. Қорыта айтқанда, кіші мектеп жасындағы балаларды еңбекке баулудың әлеуметтік алғышарттарын білмейінше бүгінгі мәселесін анықтау қиындыққа ұшыратады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған ғылымды және білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы. http://go.mail.ru/redir?q=2016-

2. Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік.- Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2017 жылғы 31 қаңтар. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1700002017

3. Мир философии. Ч. 1–2. – М.: Политиздат, 1991– 343 с.

4. Коменский Я.А. Избр. пед. соч. – Т.2. – М.: Педагогика, 1974. – 364 с.

5. Песталоцци И.Г. Избранные педагогические сочинения. //Соч.: В 2 т. – М.: Просвещение, 1981. – Т. 1. – 567 с.



6. Мир философии. Ч. 1–2. – М.: Политиздат, 1991– 343 с.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет