Педагогикалық технологияларды білім беру барысында қолданудың ерекшеліктері



жүктеу 72.97 Kb.
Дата22.06.2017
өлшемі72.97 Kb.
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ БІЛІМ БЕРУ БАРЫСЫНДА ҚОЛДАНУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Өмірбек Гүлім (Алматы қ., Қазақмемқызпу)
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті-ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық  коммуникациялық желілерге шығу» - деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді. Бұл міндеттерді шешу үшін, әрбір білім беру мекемедегі ұжымының, әрбір мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибеге, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды. Қазіргі уақыттағы оқытудың маңыздысы – оқушылардың танымдық қызметінің артуы, жеке тұлғаның өзіндік дамуына бағыт, оның мүмкіндігінің жүзеге асуын қадағалау. Оқытудың осындай міндеттері педагогикалық технологияға біздің түсінетініміз алдыңғы қатарлы педагогикалық ойларды, принциптерді, таза ғылым ережесінің негізін игеру болып табылады.

Шетел зерттеуші ғалымдары «педагогикалық технология» терминін енгізді. «Педагогикалық технология – тәжірибеде жүзеге асырылатын белгілі бір педагогикалық жүйенің үлгісі».

Педагогикалық технология оқыту үрдісін жобалау, ұйымдастыру формасымен анықталады. Педагогикалық технологияның өзіндік ерекшеліктері – қойылған мақсатқа жету мүмкіндігіне кепілдік беретін оқыту үрдісін құрастыру және оны жүзеге асыру. Оқытылатын пәннің мазмұны, мұғалім мен оқушының өзара байланыс іс-әрекеті, оқушының ішкі даму үрдісі негізінде анықталған нақты мақсат қана педагогикалық технология құрылымын түсіну кілті бола алады. Осыған орай, соңғы кезде оқытудың әр түрлі педагогикалық технологиялары жасалып, білім беру мекемелерінің өміріне енгізіліп жатыр. Олар: Лысенкованың алдына ала оқыту, Шаталовтың интенсивті оқыту (тірек сигналдарын пайдалану арқылы), Эрдниевтің ірі блоктан оқыту, мәселелік оқытудың белсенді әдісі, т.б.

Ал соңғы жылдары оқытудың модульдік технологиясы мен В.М. Монаховтың оқытудың ұжымдық тәсілі, сондай-ақ профессор Ж.А.Қараевтың оқытуды дербестендіру мен ізгілендіру ұстанымдарына негізделген жаңа педагогикалық компьютерлік технологиясын еліміздің көптеген білім беру салаларында қолданып жүр. Әрбір педагогикалық технология жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға, оның өзіндік және шығармашылық қабілетін арттыруға, қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға қолайлы жағдай жасауға қажетті объективті әдістемелік мүмкіндіктерін қамтиды. Сонымен бірге, педагогикалық технологиялар – бұл білімнің басымды мақсаттарымен біріктірілген пәндер мен әдістемелердің, оқу – тәрбие процесін ұйымдастырудың өзара ортақ тұжырымдамамен байланысқан міндеттерінің, мазмұнының, формалары мен әдістерінің күрделі және ашық жүйелері, мұнда оқушының дамуына жағымды жағдайлар жиынтығы құралады.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында оқыту формасын, әдістерін, технологияларын таңдауда көп нұсқалылық қағидасы бекітілген, бұл білім мекемелерінің мұғалімдеріне, педагогтарына өзіне оңтайлы нұсқаны қолдануға, педагогикалық процесті кез келген үлгімен құруға мүмкіндік береді. Оқытудың бұрынғы жүйесін сүйемелдеу бағытында ең тиімді технологияларға мыналарды жатқызуға болады: жеке тұлғаға бағдарланған оқыту технологиясы, интерактивті оқыту технологиясы, модульдеп оқыту технологиясы, ойын технологиясы және т.б.

Соңғы кезде педагогикалық теорияда әрбір оқушының ерекше мәнділігі мен оның оқу троекториясындағы дербестігін тануға негізделген «жеке тұлғаға бағдарланған оқыту» ұғымы негізделген. С.Френе, В.ВДавыдов, Л.В.Занков өздерінің теорияларын қандай да бір дәрежеде жеке тұлғаға бағдарлап құрды. Ш.А.Амоношвили, И.С.Якиманская, А.В.Хуторской, Е.С.Полат тәрізді ғалымдар әртүрлі педагогикалық жүйелерден ортақ мәселелерді табуға болатыны туралы мәлімдеген. А.В.Хутороской білім берудің жеке тұлғаға бағдарланған мәні кез келген оқыту технологиясына салынуы мүмкін деп көрсеткен. Мысалы, қашықтықтан оқыту негізінде жеке тұлғаға бағдарлап оқыту алынуы мүмкін. Яғни, жеке тұлғаға бағдарлап оқыту – кез келген типтегі оқытудың айырымдық белгілерінің бірі. А.В.Хутороской – білім берудегі сәйкес іс-әрекет түрлерін жүзеге асыру арқылы оқушының жеке тұлғалық потенциалының жүзеге асырылу нәтижесі ретінде анықталады. Мұнда мұғалімнің ролі білім, іскерлік және дағдыларды беруде ғана емес, оқушы өзінің жеке тұлғалық әлауқатына сүйене отырып, сәйкес оқыту технологиясын пайдалану арқылы оқуды жүзеге асыратын сәйкес білім беру ортасын ұйымдастыруда болып табылады.

Ал, қазіргі білім берудегі компьютерлік технологияның негізгі құралы болып табылатын интерактивтік тақта - бұл сабақ барысында оқушының ұжымдық жұмыс жасауға мүмкіндік беретін, бірін-бірі толықтыратын және барлық оқушылардың қатысуын ұйымдастыратын оқыту құралы. Яғни, бұнда интерактивтік тақта (ИТ) – дәріс оқушыға немесе мұғалімге екі түрлі құралдарды, атап айтқанда, ақпарат кескіні мен қарапайым маркер тақтасын біріктіріп қолдануға негізделген. Интерактивтік технологияның жеделдетіп дамуына байланысты тақтаның түрлері де күннен күнге оның типтері даму үстінде.

Интерактивті оқытудың тиімділігі интерактивті ойындар мен жаттығуларға негізделген. Клариннің анықтамасы бойынша қазіргі оқу үрдісі интерактивті әдістерге негізделгендіктен бұл ұғымды жиі кездеседі. Интерактивті оқыту ағылшын тілінен аударғанда interactive learning арнайы ұйымдастырылған оқушы мен мұғалімнің бірлескен іс-әрекеті сонымен қатар, ойындар мен жаттығуларға негізделген. Интерактивті оқытудың негізі тікелей оқушылардың оқу ортасымен байланысты. Бұл ұғымды терең түсіну үшін әсіресе оқушылардың іс-тәжірибесін білім алудың қайнар көзі деп түсіну керек.

Интерактивті технологияны пайдаланып оқыту барысында мұғалім кеңесші, серіктес рөлін атқарады. Бұл жерде топ белсенді түрде әрекет ете отырып, бірін-бірі қолдау, толықтыру арқылы білімдерін толықтыруға үйренеді. Бұл білім алуды жеделдетеді және кездескен қиындықтарды жеңуге көмектеседі.

Бүгінгі таңда жаңа технологияның әдіс-тәсілдер топтамасына енген интерактивтік оқыту педагог ғалымдардың назарын өзіне барынша аударып отыр. Себебі, бұл әдіс оқушыларға мынадай әдет-дағдыларды бойына сіңіреді.



  • оқушы өзін-өзі еркін сезінеді, үйреніп жатқан пәнге деген қызығушылығы артады;

  • өзіне бөлінген тақырып бойынша сөйлеу барысында ойлануға, ізденуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге үйренеді;

  • оқушылар топ болып, жұп болып әрекет етуге үйренеді.

Модульдеп оқыту технологиясы - бұл оқу курстарының жиынынан жеке немесе топтық қажеттіліктерге жауап беретін оқу жоспарын жасауға мүмкіндік береді. Модульдеп оқыту технологиясында мұғалім балаларды оқу мақсаттарымен таныстырып, мазмұны жақын тақырыптармен немесе тарау бойынша жасалған жалпы үлгімен (модульмен) таныстырып, оқу материалын қысқаша баяндауы сызбалар, суреттер, кестелер сонымен бірге өзара сөйлесу негізінде оқушылардың танымдық қызметін ұйымдастыру және әрбір оқушының әр сабақта қандай дәрежеде білім алғандығының нәтижесін бағалап отыру мүмкіндігіне ие болады. Модульдік технологияны пайдаланып оқытудағы алға қойған мақсаты – оқушының жеке тұлға ретінде дамуында, бұл мұғалім мен мектептің біртұтас жүйе ретінде белгілі бағытта дамуына мүмкіндік береді.

Модульдік технологияның ерекшелігі мынада: қойылған мақсатқа сай меңгерілетін білім мазмұны аяқталған жеке дара кешендерден тұрады. Оқу мақсаты меңгерілетін мазмұнның көлемімен қоса оны меңгеру деңгейлерінде көрстеді. Мұнымен бірге оқушы мұғаліммен қалай тиімді әрекет жасауы керектігі жөнінде жазбаша түрде ақыл – кеңес алады. Мұғалім мен оқушының қатынасы модульдер арқылы іске асатын болғандықтан даралап оқыту кезеңі жүзеге асады. Оқушы көбіне өз бетімен жұмыс істейді, мақсат қоюға, өз бетімен жоспарлауға, өз нәтижесін тексеру арқылы бақылауға, өз іс-әрекетін ұйымдастыра білуге үйренеді.

Ойын технологиясына тоқталатын болсақ, педагогикалық ойындар технологиясы дегеніміз- педагогикалық жұмысты ойын түрінде ұйымдастырудың әдістері мен тәсілдерінің жиыны. Ойын түріндегі жұмыстар сабақ үстіндегі қолайлы деген жағдайларда пайда болып, оқушыларды қызықтырушы құрал ретінде қолданылады. Әрбір сабақ барысында қызықты ойындарды қосып, ойын түрінде өткізсе оқушының пәнге деген қызығушылығы арта түспек.

Қазіргі таңда ғылым мен техниканың даму қарқынын оқыту барысында жаңа педагогикалық технологиялық әдістер кең көлемде қолданылу керек. Оқытудың жаңа педагогикалық технологияларының барлығы оқушылардың өз бетімен білім алу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Оқыту технологиясы оқу мен мазмұнын өңдеуге, көлемі мен мақсатын тұжырымдауға арналған әдістер мен құралдардың жиынтығы. Оқытудың жаңа педагогикалық технологиясы негізінде қарапайымнан күрделіге қарай әр түрлі технологияны пайдаланып оқушылардың білім деңгейін бақылауға болады.

Болашақта мынадай қағидаларға сүйеніп жұмыс істеуге болады деп ойлаймын:


  1. Оқушыларға сапалы білім бере отырып, өз бетінше жұмыс істеуге үйрету.

  2. Оқушылармен жекелей, жұптық, топтық жұмыстар жүргізу.

  3. Оқушылардың шығармашылық ой- өрісін дамыту.

Сонымен, сабақ барысында жаңа педагогикалық технологиялардың мәні мен мазмұнын, практикада қолданудың мақсаты мен ерекшеліктерін мұғалімдердің меңгеруіне аса назар аудару керек.

Әдебиеттер



  1. ҚР 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. //Қазақстан жоғарғы мектебі.- 2004. - №1.

  2. К.З.Халықова, Г.А.Абдулкаримова Педагогикалық информатика. Білім беруді ақпараттандыру: Оқулық. – Алматы: Абай ат.ҚазҰПУ, 2007.-274 бет.

  3. Основы педагогического мастерства /Под.ред. Зязюна М., Просвещение, 1989.-302 стр.

  4. Беспалько В.Н. Слагаемые педагогические технологии М.: Просвещение, 1989,- 190 стр.

  5. Гузеев В.В. Педагогическая техника в контексте образовательной технологий. М.: Народ. Образование, 2001. –289 стр.

  6. Кларин М.В. Интерактивные обучение – инструмент освоении нового опыта // Педагогика. –2000 № 7

  7. Білім беру мекемелерін қызметкерлерін ақпараттық-комуникациялық технология саласы бойынша біліктілігін көтерудің ғылыми-әдістемелік негіздері. Алматы, 2006

  8. Мұхамбетжанова С.Т. Мектеп информатикасын оқыту әдістемесі (7-11 сынып материалдары негізінде) Алматы, 2006

ТҮЙІНДЕМЕ


Мақалада оқытылатын пәннің мазмұны, мұғалім мен оқушының өзара байланыс іс-әрекеті, оқушының ішкі даму үрдісі негізінде анықталған нақты мақсаты педагогикалық технология құрылымын және оның түрлерін түсіну кілті бола алатыны қарастырылған.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматривается возложноть использования содержания изучаемой дисциплины, взаимосвязь действий учителя и учащегося и точную цель определенную на основе внутреннего процесса развития учащегося как ключ к пониманию структуры педагогической технологии и ее видов.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет