«Өзін-өзі тану» пәнін оқытуда мұғалім сыйының маңыздылығы. Киреева Гулбаршын Кадировна



жүктеу 75.65 Kb.
Дата15.05.2017
өлшемі75.65 Kb.
«Өзін-өзі тану» пәнін оқытуда мұғалім сыйының маңыздылығы.

Киреева Гулбаршын Кадировна

Атырау облысы Жылой ауданы Құлсары қаласы

16 Д.Жазықбаев атындағы орта мектептің жоғары санатты өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі


Еліміздің егемендігі нығайып, ертеңіне сеніммен қадам басқан шағында заманына сай адамын тәрбиелеу басты міндет. Осы өрелі жолда ұрпақ өнегесі, олардың адамдық болмысы жайлы ой толғап, рухани-адамгершілік білім беруді басты идея етіп ұстанатын «Бөбек» қорының президенті С.Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» авторлық бағдарламасының алға қойған мақсатының өзі ерекше.

Осы орайда «Өзін-өзі тану» пәнінің басты ерекшелігі өскелең ұрпақтың тұлғалық потенциалының дамуына, өзіндік қасиетінің ашылуына, шығармашылық және танымдық белсенділігін ынталандыруға, балаларға сүйіспеншілік, мейірімділік, ақиқат, адалдық, шыншылдық, сұлулық, рақымдылық, мінез-құлық дұрыстығы арқылы үйлесімді жан-жақты дамыған адам қалыптастыруға бағдарланған.

Мұғалімнің балалармен жеке тұлға ретінде қарым-қатынас жасауындағы басты мақсаты - баланың өзі туралы айтуға, өзінің сезімі, ойы, әдеті туралы әңгімелеуге, оны ой елегінен өткізіп, баға бере білуге, тек өзіне ғана емес, жанындағы адамдарға да көңіл аудартып, оларды өзіндік табиғи болмысымен қабылдау, ізгі ниет, ықылас таныта білуге үйрету.

Қарым-қатынас барысында әр баланың жанарына жылы шыраймен қарап, өзінің қимыл-қозғалысы, ым-ишарасы арқылы оған оң көзқарасын байқата отырып, сенімге ие болу керек. [1]



2. «Өзін-өзі тану» бағдарламасының әдіс-тәсілдері:

Бағдарламаның мазмұны төмендегідей оқытудың дәстүрлі және дәстүрден тыс әдіс-тәсілдері арқылы жүзеге асырылады: «Тыныштық сәті», «Үй тапсырмасын тексеру», «Дәйексөз», «Мұғалім сыйы», «Шығармашылық жұмыс», «Сергіту сәті», «Ойын», «Топпен ән айту», «Үйге тапсырма», «Соңғы тыныштық сәті».

Әрбір сабақта төмендегідей негізгі үш мәселе ескерілуге тиіс:
• сабақтың тақырыбын балалардың түсінуіне және оған өзіндік көзқарасын жағымды эмоциясымен байқатуына кол жеткізу;

• адамгершілік ережелер мен құндылықтар жөніндегі ұғымдарды балалармен бірге нақтылай отырып бекіту;

• бала бойында тек жақсылық жасауға деген ниет, ынта-ықылас туғызу, өзі өмір сүретін ортада жағымды эмоциялық ахуал қалыптастыру.

«Өзін-өзі тану» пәні басқа пәндерден алған білім мазмұнын толықтырып, адам баласын адамгершілікке, мейірімділікке, кішіпейілділікке баулитын пән. Бұл пәннің әрбір сабағы балаларды достыққа, сыйластыққа, әсемдікке, әдептілікке шақырады. Себебі: күнделікті сабақта  «Нұрға бөлену» сәтінен бір-біріне деген сезімдерін білдіріп, қуанышпен басталса, дәйексөздің  мәнін  түсіндіре отырып, сабақтың  тақырыбын ашу, әңгімелесе  отырып мәтінді түсіндіру, осы  кезде мұғалім сыйын ұйымдастыруға болады.

Сабақтарды ұйымдастырудағы ең маңызды кезеңінің бірі  «Мұғалім сыйы» - бұл балалардың тақырып мазмұнын түсінуіне мүмкіндік беретін дидактикалық тәсілдің сұрақтар мен жауаптар түріндегі қарым-қатынас нысаны. Балалар әңгімелесу әдісі арқылы тақырыптың мазмұнын саналы түрде меңгереді.

Мұғалім сыйы сол күнгі тақырыпқа байланысты тақпақ, өлең немесе  аңыз әңгімелер мен ертегілерді айтып беруге болады. Осындай,  әдіс-тәсіл арасында оқушыларға қаншама жақсы игі тілектер мен өмірдің әсем де керемет және ол қайталанбайтындығын мұғалім мейірімділікпен жеткізеді.



Күтілетін нәтиже:

• Мұғалімді және оқушылар бір-бірін тыңдауға, тыңдаған шығарманы түсінуге үйренеді.

• Әр бала тақырыпқа байланысты қойылған сұраққа жауап беріп, өз ой-пікірін айтады.

• Мұғалім балалардың ойын, пікірін мадақтап, түрлі жағдайларға баға беруге үйретеді.

• Бала әңгіме, ертегілер арқылы адам бойында болуға тиіс құнды қасиеттермен танысып, негізгі ойды түсінуге үйренеді.

• Бала адамгершілік жөнінде жаңа ережелер мен ұғымдарды түсініп, бойына сіңіреді.

• Шығармадағы кейіпкерлер бойындағы түрлі қасиеттер туралы түсінік алып, олардың жақсы немесе жаман екенін талдауға үйренеді.

Мұндай әдеп әңгімелерін тұрақты жүргізу балаға қоршаған ортадағы болмысты тани түсуге қызығушылық тудырып, өз тарапынан ұсынысын, ойын байқатуға жетелейді.

Шығарма, әңгімелерді кідіріспен, сахналау элементтері арқылы мазмұндап айту түрлерін қолдануғада болады. [2]

2.1. Әңгіме, ертегілерді, қазақ мультфильмдерді, бейнетаспалар мен аудиотаспаларды «өзін-өзі тану» сабақтарында пайдалану.

Әңгімелер, ертегілер - баламен қатынасының ең нәтижелі құралы болып табылады. Атақты педагог Ы.Алтынсарин: «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады», – деп атап айтқан. Ертегілерде жақсылық пен жамандық, батырлық, жауыздық, қорқыныш пен әділетсіздік бар екендігі белгілі. Сондай-ақ, олардың бір-біріне қарсылығы, ең бастысы, небір қиын-қыстау жағдайда қалай жеңіп шығу мүмкіндігі көрсетіледі.

Барлық елдің ауыз әдебиетінен мол орын алған және халықтың жазу-сызу өнері болмаған кезінде ауызша шығарған күрделі шығармасының бір түрі - ертегілер.

Ертегілер көбінесе, қара сөз ретінде айтылатындықтан, оны халықтың ерте заманда шығарған көркем әңгімесі деп қараймыз.

Бала ертегіні тыңдау арқылы, ондағы жағымсыз кейіпкерлерді әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы жағымды етіп көрсетуге тырысады. Осы әдіс арқылы баланың қиялы дамып, сөздік қоры көбейіп, жаңа сөздер, сөйлемдер ойлап табады. Ертегі балалардың шығармашылық қабілет-дарынын дамытып, оны қоршаған ортаның ерекшеліктеріне орай бейімдеп, онымен тығыз байланыстыра отырып, олардың өмірді түсінуіне жағдай жасап, қиял-армандарын жетілдіріп шешен сөйлеп, қайратты болуға жұмылдырады. [3]

Осы мақсатта өз іс-тәжірибемде тұлғаның құзыреттілігін ұлттық құндылықтарды ертегілер негізінде байланыстырып өткізген сабақтарыма тоқталамын.

4-сыныптағы «Жанашырлық – жанға қуат» тақырыбындағы сабағымда «Мұғалім сыйы» бөлімінде «Керқұла атты Кендебай» ертегісін аудиотаспа арқылы тыңдатқандағы мақсатым оқушылардың бір-бірімен жақынырақ достасуы, шығармашылық қабілеттерін дамыту. [4]

Тапсырма:

Әр оқушы Кендебай бойындағы жақсы, жанашырлық қасиеттерді айқындап айту.



Нұсқау:

Ертегідегі Кендебай бойындағы қандай қасиетті жоғары бағалайсың?



Талдау:

І топ: Көрініс көрсету. Баламен кездесу сәті.

ІІ топ: Мақал-мәтелдерді қолдану арқылы Кендебайдың жанашырлық қасиетін аш. (Уәде берілсе неғұрлым ерте, Ғұмыры да болады соғұрлым келте).

ІІІ топ: Адам бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсың? Постер құрастыру.



Басына іс түскен адамдарға жанашыр бола біл, қамқор бол, жанашарлықты сөзбен ғана емес, іспен де, мінез-құлықпен де таныту қажет – ең бастысы осы.

Қазақ мультфильмдері - ұлттық рух пен болмысты көрсету арқылы жас өркендерге орасан зор тәрбие береді.

5-сыныптағы «Сенім – менің серігім» тақырыбын өткен кезде «Мұғалім сыйы» кезеңінде «Қырық өтірік» ертегісінің желісінде түсірілген мультфильм көруді ұсынғандағы мақсатым, оқушыларға өзіне-өзі сенімді адамдар әрқашанда өзі қалаған нәрсесін тез арада бастап кете алатынын түсіндіремін. [5]



  • Сенім деген сөзді қалай түсінесіңдер?

  • Өзіңе сенім артқан кезде қандай сезімде боласың?

  • Қандай адам сенімге ие болады?

  • Адамдардың барлығына сене беруге бола ма? Неге?

Егер өмірде өзіңе өзің сенімді болғың келсе, қиындықпен бетпе-бет

кездесуден қорықпа. Үнемі өмір сынақтарынан жасқанып, қашқақтай берсең, қиындықтар туындай береді, өзіңмен-өзің әлектене бересің. Сондықтан жеңіл жол іздеме, қиындықпен күресе біл.
Бала мұғалімге айтады

  • Егер айтып берсең, ұмытамын.

  • Егер көрсетсең, мүмкін есіме сақтаймын.

  • Егер еліктіре тартсаң, расымен ұмытпаймын, - деген сөзін ескере

отырып, әр сабағымды түрлендіріп өткіземін. Соның бірі «мұғалім сыйына» тақырыпқа сай бейнетаспаларды көрсетемін. [6]
5-сыныпта «Отбасы жарастығы» тақырыбында жаңа сабақты оқиғаларды әңгімелеу барысында, мұғалім сыйына: «Әке деген кім?» бейнетаспасын көрсеттім.

Бейнетаспаны көре отыра балалар әке мен шешенің қадірін түсінді. Кейбір адамдар ата-анасының қадірін білмей қарттар үйіне тапсырады, қиянат жасайды, қалайша өз ата-анасына жаны ашымайды, бұл қылықтары дұрыс емес екендігі туралы шырылдап, жандары ашып, ақиқатын айтты.



Адамға өмірде ең қымбаты-отбасы. Отбасында сүйіспеншілік, сыйластық, татулық, бауырмалдық болғанда бірлік болады. Бір-бірін аялап, кешіре, түсіне білгенде отбасы берік болады.

3. «Өзін-өзі тану» пәні арқылы басқа пәндердің ықпалдасуы.

Қазіргі таңда, жас ұрпақты сапалы түрде оқыта отырып, саналы тәрбиелеу талаптарын жүзеге асыруда рухани – адамгершілік құндылықтарды басқа пәндермен интеграциялау. [7]



Биология - Өзін-өзі тану.

9-сыныптағы биология пәнінен «Басылымдылықтың әр алуан типтері. Талдағыш будандастыру» тақырыбындағы сабақты «өзін-өзі тану» пәнімен интеграциялағанда «Мұғалім сыйы» бөлімінде «Ағайын. Ұрпаққа аманат» үнтаспасын тыңдата отырып, осы бабаларымыздың жеті атаға дейін қыз алыспайтын дала заңын қазір де біз сақтауымыз керек. Аталарымыз оқымай, ғылымды меңгермей-ақ, генетика заңын білген, жеті атаға дейін қыз алыспау да қанның тазалығын, яғни ұлттың таза болуына әкеледі екен, екіншіден, қазақ ұрпағы жеті атасына дейін араласып отырса, ынтымағы жарасқан ел болатынын білген деп тұжырым жасады.



Тектілік жөнінде оқушылар әдебиеттен Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмасын өткенде, екеуінің қосылуына ағайындары қарсы болды, себебі олар туыс еді. Сондықтан Көкенай аулына келген Мамырды атып жазалады, бұл бір жағынан алып қарағанда ұрпақ, болашақ қамы еді. Оған тыйым салмаса ондай әдет елді жайлап кетер еді деген мысалдарды айтып кетті.

Осындай әдістерді қолдану арқылы тақырыпты ашу кезінде жеке тұлғаның қалыптасуына ертегілердің тәрбиелік мәні бар екендігіне көңіл бөлемін, ертегі арқылы оқушылардың бойына адамгершілік қасиеттерін сіңіремін, сөйлеу мәдениетімен шығармашылық қабілетін дамытуға көңіл бөлемін.



Жаңа технологияларды қолдану арқылы оқушылардың жауапкершілігін күшейтіп, әр баланың жанын түсініп, көкірегіндегі саңылауын ашып, өз-өзіне сенімін арттырып, еліміздің болашағын көркейтер, өркендетер ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етемін.

Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. А.Б.Сарсекенова, Д.Б.Алтаева «Өзін - өзі тану» пәні бойынша әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыру. Алматы 2011 ж. [1]

  2. А.С.Кульниязова «Өзін-өзі тану» пәні бойынша көмекші әдістемелік жұмыстарды жетілдірудің жаңа бағыттары. Атырау 2014 ж, 24-бет [6]

  3. А.С.Кульниязова «Өзін-өзі тану» пәні бойынша көмекші әдістемелік жұмыстарды жетілдірудің жаңа бағыттары. Атырау 2014 ж, 70-бет [7]

  4. Аудиокітап - http://ikitap.kz. «Керқұла атты Кендебай» ертегісі. [4]

  5. Әдебиет. 5-сыныбына арналған оқулық. Ә.Дайыр, Қ.Айтқалиев. Алматы (Атамұра) 2005 жыл. [3]

  6. www.google.kz. [2]

  7. www.youtube.com: «Қырық өтірік» ертегісі. [5]




Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет