Оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытуда «Жаратылыстану» пәнінің ерекшелігі



жүктеу 40.86 Kb.
Дата13.06.2017
өлшемі40.86 Kb.
Оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытуда

«Жаратылыстану» пәнінің ерекшелігі
Бастауыш білім беру мазмұны ұзақ уақыт баланы тыңдау, қайталау, еліктеу арқылы оқытуға бағытталған десек артық емес. Талдау мен синтездеу, эксперименттерге негізделген түрлі көзқарастарды өздігінен іздеу арқылы ақиқатты тану баланың бойындағы шығармашылық не дарындылық деп танылды. Алайда, жаңа заман жаңа міндеттер белгілейді. Яғни, бүгінгі білім саясатының өзекті мәселелері – біліммен қамтамасыз етудің ғылыми-әдістемелік жүйесін түбегейлі жаңарту, оқытудың формалары мен әдістерінің түрлерін өзгерту, білімдегі жаңашылдықты саралау, білімді жетілдіру үдерісіндегі үздіксіздікті қамтамасыз етуде оның рөлін арттыру және қазіргі заман техникасы мен технологиясын жоғары деңгейде қолдана білу. Ал ол қоғамдағы білім беру талаптарын түбегейлі өзгертуге алып келді. Осы орайда, жаңартылған білім беру мазмұнының басты мақсаты – еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріне белсенді қатысуға дайын, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны ерте буыннан дайындау. Ғылымның жедел түрде дамуы, техникалық прогресс, қазіргі заман талабы төменгі сынып оқушыларының жан-жақты терең ойлау қабілеттіктерін арттырып отыр. Бұл бағыттағы ықпалды қадамдардың бірі білім беру жүйесінде зерттеу әдістерін белсенді қолданып, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру үшін зерттеу-ізденушілік жұмыстарды бастауыш сыныптан жүзеге асыру.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мәлімдеуінше, «ғылымға, технологияға және математикаға деген қызығушылық шын мәнісінде білім берудің бірінші және екінші деңгейлерінде дамиды..., ерте жаста қалдырылып кеткен олқылықтардың орнын толтыру өте қиын». Әлемдік деңгейдегітәжірибелерді қолдануға бағыт алып, қазақстандық білім беру жүйесі жаңа мазмұнға бет алды. Елімізде білім беру жүйесін жаңарту бағытында көптеген іс-шаралар жүргізілуде. Жаңартылған білім мазмұны күтілетін нәтижеге және оқушының бойындағы түрлі дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Бастауыш білім берудің мемлекеттің жалпыға міндетті жаңа стандартында «Дүниетану» пәнінің мазмұны жаңартылып, «Жаратылыстану» дербес пәні енгізілді. Ол негізгі және жоғары мектептерде ғылыми-жаратылыстық цикл пәндерін: физиканы, химияны және биологияны, ал «Дүниетану» пәні «Тарих» және «География» сияқты пәндерді оқып-үйрену үшін негіз болып табылады. Қолданыстағы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты бойынша «Дүниетану» пәні гуманитарлық және жаратылыстық ғылымдардың негіздерін қамтиды, ал 5-ші сыныпта «Жаратылыстану» пәні оқылады. Алайда, бір жылдың ішінде материалдың осыншалықты үлкен көлемін меңгеріп шығу өте қиын және дағдыларды дамыту мүмкін емес. «Жаратылыстану» пәнінің бағдарламасы білімдер мен дағдыларды 4 жыл бойы біртіндеп және үйлесімді түрде қалыптастыруды көздейді. Бағдарлама оқушылардың психологиялық және жас ерек-шеліктерін ескере отырып, халықаралық білім беру стандарттарына сәйкес әзірленді. Бұл оқу пәні білім алушылардың табиғатты тануға деген қызығушылығын, зерттеу дағдыларын дамытуға, қоршаған ортаны ғылыми тұрғыдан түсініп, көре білуді қалыптастыруға бағытталған. «Жаратылыстану» оқу пәні – білім берудің кейінгі деңгейлерінде дербес пән ретінде оқылатын ғылыми-жаратылыстану пәндерін оқып-меңгеруге жол бастайтын, сондай-ақ, білімнің барлық салаларында маңызды орын алатын зерттеу дағдыларының іргетасын қалайды.

Пәнді оқытудағы ерекшелігі, мазмұны оқу бөлімдері бойынша спиральді ұйымдастырылған. Оқу бөлімдері әрі қарай жинақталған білім, түсінік және дағдыларды қалыптастыру мақсаттарын көздейтін бөлімшелерден тұрады. Әр бөлімше ішінде дәйектілікпен ұйымдастырылған оқу мақсаттары мұғалімдерге өз жұмысын жоспарлауға және оқушылар жетістігін бағалауға, сондай-ақ, оларды оқудың келесі кезеңдері жөнінде ақпараттандыруға мүмкіндік береді. «Жаратылыстану» пәнін оқытудағы келесі мақсаттарының бірі – түрлі көпшілікте тиімді қарым-қатынас жасауға қабілетті әлеуметтенген тұлғаны, яғни азаматты тәрбиелеу. Яғни, оқушылардың зерттеу дағдаларын дамыту үшін қарым-қатынас түрлі формада бағаланып, ынталандыратын және оқушылар өз пікірін сенімді түрде білдіре алатын ортаны құра отырып, қарым-қатынас дағдыларын дамытуы қажет. Оқыту үрдісінде оқушылардың түрлі ақпарат құралдарын, «Жаратылыстану» пәнінің ғылыми лексикасын сауатты қолдана отырып, өз сыныптастарымен, мұғалімдермен және одан да кең көпшілікпен танытқан қарым-қатынасын көтермелеп ынталандыру қажет.

«Жаратылыстану» пәнін оқыту үдерісін ұйымдастыруға қойылатын талаптарда бастауыш сыныптары кабинеттеріндегі жиһаздардың орналасуы еркін қозғалуға, ойын, эксперименттер өткізуге, оқушылар жұмыстарының көрмесі мен ресурстарға жеткілікті кеңістік, орын болуын қамтамасыз етуге тиісті. Алайда, пәнді оқыту үшін мамандандырылған зертхананың болуы міндетті емес, мүмкіндік болған жағдайда биология, физика және химия кабинеттері ресурстарын қолдану ұсынылады. Бұл өз алдына бастауыш сынып оқушыларының өздігінен ізденіп, зерттеушілік іс-әрекетке бағыттайды.



Жаңартылған білім беру бағдарламасындағы жаңа пәннің негізгі бағыттары білім беру жүйесінің мазмұнын жаңарту ғана емес, педагогикалық кадрлар да үнемі зерттеушілік іс-әрекетте болып, төменгі сынып оқушыларының жаратылыстану сауаттылығын арттыруда кең ауқымды дағдылар негіздерін меңгертуді қамтиды. Бұл пән, алынған ғылыми білімдерін өз өмірінде және қоғам өмірінде қолдануға жарамдылығын ұғынатын саналы азаматтарды тәрбиелейді. Сондай-ақ, «Жаратылыстану» пәні оқушылардың дұрыс ақпаратты таңдай алуы, жалған идеяларды теріске шығару үшін өз пікірін ғылыми көзқарас тұрғысынан айта білуі, оларды білімдермен, түсінікпен және дағдылармен қаруландыруға бағытталған. Қазір оқушыларды заманауи әдіс–тәсілдермен оқытып, ой–өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу қажеттілігі көптеген дәлелді себептерден туындап отыр. Себебі, ХХІ ғасыр – қатаң бәсеке дәуірі, яғни, бүгінгі күні барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Өйткені қазіргі заманда елдің бәсекеке қабілеттілігі оның азаматтарының парасаттылығы мен сауаттылығымен анықталады.

Ү.А. МАЙБАСОВА

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы

Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің

біліктілігін арттыру институты

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет