ОҢТҮстік қазақстан өҢіріндегі тарихи – МӘдени қорық музейлерінің тарихы әӨЖ: 069(091) (574,5)



жүктеу 160.45 Kb.
Дата08.09.2017
өлшемі160.45 Kb.
ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРІНДЕГІ ТАРИХИ – МӘДЕНИ ҚОРЫҚ МУЗЕЙЛЕРІНІҢ ТАРИХЫ

ӘӨЖ: 069(091) (574,5)

Қозғамбаева Гульнар Бестибаевна



Дауытбекова Маржан Қанатбековна

Әл –Фараби атындағы ҚазҰУ,

Қазақстан Республикасы, Алматы
Аннотация. Мақалада жалпы адамзат баласының өмірінде заттық және рухани мәдениетті танытуда, зерттеу мен насихаттауда үлкен роль атқаратын музейлерге анықтама беріледі. Қазақ елінің тарихы - Оңтүстік өңіріндегі тарихи-мәдени қорық музейлерімен тығыз байланысты екендігі ғылыми зерделеніп, Оңтүстік өңірінің тарихи жәдігерлерін көздің қарашығындай сақтап, насихаттап келе жатқан Әзірет сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі және Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейлерінің тарихтағы орны мен қызметі көрсетіледі.

Тірек сөздер: Музей, рухани-мәдени мұра, археологиялық, этнографиялық, мемлекеттік.
Ата - бабаларымыздан сан ғасырлар бойы мұра болып қалған материалдық және рухани байлықтың жиынтығы болып табылатын әлемдік құндылықтар музейдегі рухани-мәдени мұралар. Қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған мәдениеті мен рухани әлемі қазір жандану үстінде. Елдің өткеніне, тарихына өзгеше көзқарастар қалыптаса бастады. Қазақ мәдениетінің мұрасы - халық тарихының ең маңызды құрамдас бөліктерінің бірі десек қателеспейміз. Дәл осы тұрғыда музей - жалпы адамзат баласының өмірінде заттық және рухани мәдениетті танытуда, зерттеу мен насихаттауда үлкен роль атқарады. Музей өркениет тарихын зерттеуде үлкен орынға ие екендігі барлығына белгілі.

Мұражай, музей, (грек тілінде museіon – муза сарайы) – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, т.б. мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме. Музей заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді. Республикамыздағы ақпарат құралдары мен мерзімді басылым беттерінде соңғы кездері «музей» ұғымының орнына «мұражай» сөзі аудармасын қолданып жүр. Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы мемлекеттік терминология комиссиясының 1998 жылғы 24 маусымдағы мәжілісінде мұражай емес, ғасырлар бойы әлем жұртшылығы қолданып жүрген халықаралық нұсқада «музей» деп бекітілгендіктен, біз тарихи мәдени қорық музейлері деп қарастырдық.

Қазақстан Республикасының 1996 жыл 24 желтоқсанда қабылданған «Мәдениет туралы» заңының 24 бабында «Қазақстан Республикасында түрлі профилді және жеке меншік музейлері жұмыс жасауда. Музейлер рухани және материалдық мәдениеттің ескерткіштерін зерттеуге, есепке алуға және сақтауға арналған. Музей жәдігерлерін мемлекеттік музейлерден жеке меншікке беруге жол берілмейді. Мемлекеттік музейлер тарихи, ғылыми және мәдени құндылығы бар заттар мен объектілерді иеленуге құқылы. Мәдениет мекемесінің келісіміне және музей басшылығының (құрылтайшының) бекіту тәртібіне сәйкес музейлердің барлығы ғылыми жұмыспен, келушілерге қызмет етеді, әрі тегін қызмет етуі мүмкін» делінген [1]. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтарға қарамастан біраз музейлер күрделі жөндеуден өткізіліп, бірнешеуі бой көтерді. Республикада көлемінде еліміздегі музей ісі мен оның өркендеуіне байланысты бірқатар семинарлар өтті.Семинарларда музейлердің материалдық-техникалық базасының ескіріп, талапқа сай еместігі және т.б. өзекті мәселелері көтерілді. 1990 жылы ҚазақССР-нің небәрі 96 музейі ғана Статистика агенттігіне есеп берді. Сол кезде музейлердің жеті түрі бар еді. Тарихи-революциялық -12, мемориалдық-21, өлкетану-41, жаратылыстану-2, өнертану -11, әдеби -3, салалық - 6, ауылдық жердегі музейлер -21. Жоғарыда аталған 96 музейдің жыл бойына келушілерді 81-і қабылдап, оның 15-і атап айтқанда: мемориалдық-3,өлкетану -6,өнертану-3,әдеби -1,салалық-2 музей уақытша жабық болған [2, 139-140б.б.].

Қазіргі уақытта Қазақстанда шамамен 200-ден астам әртүрлі дәрежедегі музейлер жұмыс жасайды. Елімізде музей жұмысына, ондағы тарихи жәдігерлер мен оларды жинау және сақтау ісіне қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Бүгінде Қазақстан музейлері әлемдік музейлер тәжірибесінен өткен жалпыға тән музей қызметінің негізін басшылыққа алып жұмыс жүргізуде. Әсіресе, ұлттық, мәдени, әскери, еңбек жетістіктерін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің ерекшеліктерін танып білуде маңызы зор.Музейлер жүйесі ұзақ тарихи кезеңдер арқылы қалыптасады. Әрбір музей ғылыми пәндердің, өнердің саласына қарай жүйеленеді. Музейлер негізгі профилі жағынан бірнеше топтарға: тарихи музейлер, көркем өнер музейі, табиғи жаратылыстану музейі, техникалық музей, әдеби музейі және комплексті музейлер болып бөлінеді. Жоғарыда көрсетілген музейлердің ішінде тарихи музейлер - тарихи білімі мен ғылымға негізделген жүйе бойынша: жалпы тарихи, археологиялық, этнографиялық, нумизматикалық, арнайы тарихи музей (спорт тарихы, музыка тарихы) және тағы басқа болып бөлінеді[3,15б.]. Бүгінгі таңда елімізде түрлі салада жұмыс істеп жатқан музейлердің ішінде тарихи-мәдени, ұлттық тарихымыз бен қазақ халқы мен республика аумағында өмір сүріп жатқан басқа да этностардың тарихи-мәдени бай мұрасын сақтап, насихаттайтын табиғи қорық-музейлері де бар. Осындай тарихи-мәдени қорық музейлері кең байтақ даламыздың тарихымен, қазақтың атақ - даңқын аспандатқан ұлы тұлғаларымен, олардың кіндік қаны тамып, білім нәрін алған өркениеттің ежелгі ескерткіштерімен тығыз байланысты. Бүгінде қазақ халқының ортағасырлық ғылымы мен білімі, мәдениеті мен өнерінің кең тараған өлкесі Оңтүстік Қазақстан өңірі. Оңтүстік өңірінің тарихи жәдігерлерін көздің қарашығындай сақтап, насихаттап келе жатқан Әзірет сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі және Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейі болып табылады.



Аталмыш мемлекеттік тарихи мәдени қорық- музейлер республика көлемінде археологиялық жәдігерлерді зерттейтін, қазба жұмысын жүргізетін, реставрациялық жөндеу арқылы ескерткіштерді сақтау барысын дамытатын бірден-бір мекеме екендігі баршаға мәлім.

«Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі 1978 жылдың 30 қыркүйегінде Қазақ КСР министрлер Кеңесінің қаулысы бойынша Қожа Ахмет кесенесі негізінде «Республикалық Ахмет Ясауи сәулет кешені музейі» болып ашылып, 1989 жылдың 28 тамызындағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №265 қаулысы бойынша «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі болып қайта құрылды[4, 56 б.]. Қайта құрудан соң, осы музейдің қорғау аймағы біршама ұлғайды, қаулы бойынша қорық музейі құрамына Қ.А.Ясауи кесенесі, Күлтөбе қалашығы, Қылует жер асты мешіті (XII ғ.), Шілдехана, Шығыс моншасы (XVI ғ.), Есім хан кесенесі (XVII ғ.), Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі (XV ғ.), Қожа Ахмет Ясауидің отбасымен тұрған үйі, кейіннен мешітке айналдырылған Жұма мешіті (XIX ғ.), қала қорғаны, сондай-ақ, Әулие Құмшық ата жер асты мешіті, Әлқожа ата, Гауһар ана кесенелері енген [5,27б.]. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары Түркістан қаласының тарихы негізінен Әзірет-Сұлтан мемлекеттік тарихи – мәдени қорық кешенін қалпына келтіру мен қорғауға байланысты зерттелді. Ол туралы мәліметтер негізінен А.А.Семеновтың «Мечеть Ходжи Ахмеда» деген еңбегінде көрсетілген [6, 78 б.]. Қ.А.Ясауи кесенесін қорғау мен жөндеу шараларын жүзеге асыру үшін 1922 жылы арнайы экспедиция құрылды. Экспедиция құрамында А.А. Семенов, Д.И. Печкин, А.Э. Шмидт және инженер С. Орбели қызмет етті. Экспедиция кесенені суретке түсіріп, оның архитектуралық өлшемдерін жасады. Алғашқы археологиялық зерттеулер 1928 жылы Массонның басқаруымен цитадельде жүргізілгендігін К.Байпақов пен М.Елеуовтың «Средневековые горада Казахстана на великом шолковом пути Туркестана» деген еңбегінде, қазіргі Түркістан қаласының орнында Ақсақ Темір дәуіріне дейін-ақ XII-XIII ғасырларда үлкен қала болғандығын айқындады [7, 99б.].

Қазақ жерінде орта ғасырдан сақталған керемет сәулет өнерінің туындысы түркі халықтарының рухани пірі – Қожа Ахмет Ясауи әулие кесенесін музейлендіруде қазақ халқының біртуар ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібектовтің еңбегі үлкен. Музейдің қор аймағы 563 гектар, оның қорғау аймағында 144 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың – 65 археологиялық, – 35 діни-рухани, ал – 14 археологиялық ескерткіштер орналасқан. Ескерткіштердің біреуі халықаралық деңгейде, атап айтқанда Қ.А.Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның шешімімен әлемдік мұралар тізіміне 2003 жылы енген, 50 республикалық, ал 63 жергілікті дәрежедегілер қатарына жатады. Музейдің қаладағы қорғау аймағы 88,7 гектар жерді алып жатыр.Осы аймақта шоғырланған 8 тарихи-мәдени ескерткіш музейлендіріліп, елге ағартушылық және насихаттау мақсатында жұмыс істеуде[8.,37б.]. Музей экспозициясын сегіз бағытқа бөліп қарастыруға болады. Олар: Қ.А. Ясауи кесенесі, XIV ғасырдың сәулет өнері ескерткіші. Алғашқыда қазіргі кесененің орнында XII ғасырда Қожа Ахмет Ясауидің бейітіне тұрғызылған, үш бөлмелі кесене болған. XIV ғасырдың соңында Әмір Темірдің бұйрығымен оның үстінен жаңа кесене тұрғызылған. XII ғасырда кесененің қабырғасының бір бөлігін кесененің солтүстік порталында тарихи стратиграфия арқылы көрсеткен. Келесі объект Қылует жер асты мешіті музейі. XII ғасырдың сәулет өнері ескерткіші, онда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген археолог – ғалымдардың пікірі бойынша, мешіт 18 бөлмеден тұрды. Мұнда «Ғар» бөлмесі, оны Қожа Ахмет Ясауи арнайы салдыртқан. «Ғар» бөлмесіне Қ.А.Ясауи пайғамбар жасынан асқсанан соң түскен. Мұнымен қоса мұнда мешіт бөлмесі, ыстық су дайындайтын, жуынатын және дәрет алатын бөлмелер де ескерілген екен. Бұл тарихи объектіге зерттеу жұмыстарын жүргізуге 1940 жылы мүсінші А.Л.Шмидттің жасаған макеті көп көмегін тигізген, бүгінде макеттің түп нұсқасы Түркістан тарихы музейінің құнды экспонаты болып саналады. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің тікелей өзінің қаржысына 1996 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, жоғарыды айтылған «Ғар» бөлмесінің XII ғасырда салынғандығы мен Қ.А. Ясауидің өмір сүргендігі материалдық мәліметтермен дәлелденген[5,28б.]. Осы жылы мешіт музейлендіріліп, халыққа көрсетілу мақсатында ашылған. «Ғар» бөлмесінің негізгі экспонаты Қ.А. Ясауидің жер асты бөлмесінің макеті. Макет бөлменің толық құрлысы жайында түсінік беріп, одан зерттеушілер мол мәліметтер алуымен құнды. «Қылует» жер асты мешітінің сол жағында ХV ғасырдың сәулет өнері ескерткіші саналатын Қ.А. Ясауидің отбасымен тұрған жұма мешіті орналасқан. Мешіт музейге айналдырылып, онда тастұғыр мен ортағасырға жататын ағаштан жасалған арба және құдық бар. Музейдің келесі обьектісі ХVІ ғасырдың сәулет өнері ескерткіші саналатын Шығыс моншасы, ол көп күмбезді ғимарат, сегіз залдан тұрады. Экспозицияда монша, ХVІІІ-ХІХ ғасырдың қоладан жасалған бұйымдары экспозицияланған, оның негізгі жәдігерлері монша заттары. Монша көшілік жуынатын орын ретінде 1975 жылға дейін жұмыс істеді. Ал 1979 жылдан тарихи-мәдени ескерткіш қатарына қосылып, музейлендірілген. А.Ясауи кесенесінен 60 шақырым жерде орналасқан Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі, XV ғасырдың сәулет өнері ескерткіші. Қарамаудың салдарынан кесене қирап қалған, 1980 жылдардан бастап реставрация жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақыттағы кесене ғимаратын қазпроектреставрация А.Л.Кунның альбомындағы сурет бойынша қайта салды[8,64б.].Түркістан тарихы музейі кесенесінің шығыс жағында орналасты. Музей ғимараты XIX ғасырда салынып казарма қызметін атқарған, кеңес үкіметі тұсында тігін тоқымы фабрикасы ретінде жұмыс істеді. Ал кейін ғимарат сәулет өнері ескерткіші қатарына қосылып, мемлекет қарамағына алынды. Осы ғимаратта 2000 жылы Түркістан тарихы музейі ашылды. Музей сегіз залдан тұрады, экспозициясы хронологиялық тәртіп бойынша орналастырылған. Түркістан тарихы музейінде сол жер оазисінің тарихы заттай ескерткіштер арқылы жан – жақты ашылып, көрсетілген. Музей қорында Түркістан оазисінде жүргізілген археологиялық және музейлік экспедициялық зерттеу жұмыстарының нәтижелері жинақталды. Кесененің қасындағы қорған қабырғасы мен қақпасы 1980 жылы бұрынғы сызбалар мен суреттер негізінде қайта жасалды. Музей қайта салынған қорғанның ішінде орналасқан, музей коллекциясы бірнеше залды алып жатыр. Музейдің негізгі қоры археологиялық және этнографиялық қазба жұмыстары нәтижелерінде табылған жәдігерлерден құралған. Ондағы негізгі жәдігерлер Сидақ, Сауран және Сығанақ қалашықтарынан алынды. Музей көпшілік үшін 2006 жылы ашылды. XIX ғасырдағы Түркістан көшесі-ашық аспан астындағы музей. Келушілер қорғанның қақпасынан өтіп музейге түседі. Шығыс қақпадан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне дейін созылған көше болғанын дәлелдейтін деректер негізінде мамандар регенерациялық жұмыстар нәтижесінде XVIII ғасырдың көшесін қайта жасады. Ашық аспан астындағы музейлердің экспозициялық жоспарына сәйкес азық –түлік сақталған хумдар, құмыралар мен көзелер экспозицияланған [4, 57б.]. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің батыс мұнарасынан оңтүстікке қарай 12 м жерде Есімхан кесенесі орналасқан. Кесенесі қирап, бұзылған қалпында ғана жеткен. Ол XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында қираса керек. Негізгі қасбеті портал түрінде болып келеді. Қасбеттері жылтыр қалақтаспен геометриялық ою-өрнектер түрінде әшекейленген. Сақталған қабырғасының енінің 1,2 м болуы да биік күмбезді көтеруге шыдайтындығын көрсетеді. Кесененің сақталған бөлігі 2000 жылы қайта қалпына келтірілген [8,79б.]. Музейдің тағы бір объектісі Х-ХІІ ғасырларда салынған Әулие Құмшық-Ата мешіті болып табылады. Ол мешіт ұзынша келген екі бөлмелі,оның құрлысы қам кірпіштен салынған. Әулие Құмшық-Ата мешітін 1973-1974 жылдар аралығында Қазақ КСР Мәдениет министрлігі мен Қазақ Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының экспедициясы зерттеген. 1985 жылы ескеркішке жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2003 жылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, мемлекет қарауына алынды.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі ашылғаннан бергі уақытта құнды тарихи мұраларды сақтаумен қатар зерттеу, насихаттау жұмыстарын да атқарады. Мысалы 1991 жылдан бері музей қызметкерлері жоспарланған экспедициялар ұйымдастырып, музей қорына 65 том қолжазба және литографиялық тәсілмен басылған 140 кітап жинақталды. Оның ішінде 50-і арап тілінде, 25-і парсы, 7-і түрік тілінде жазылған [5,18б]. Музейде арнайы көрмелер де ұйымдастырылып тұрады. Атап айтсақ, олар: алтын және бағалы металдар музейінің коллекциясы «Алтын адам» көрмесі, «Нумизматика және Бонистика» атты ақша көрмесі, бұл көрмеде музей қорындағы құнды тарихи мұра болып саналатын кезінде атақты археолог – ғалым Ә. Х. Марғұлан атындағы археология институтының археологиялық қазба жұмысының нәтижесінде[9,29б.]. Музей қорындағы әшекей бұйымдары негізінде, оның ішінде білезіктер коллекциясы, «Қорық-музейінің құрамындағы тарихи ескеркіштер» және «Өшпестей із қалдырған Өзбекәлі» тақырыптарында көрмелер өткізіліп,одан кейінгі жылдарда да ұйымдастырылып өтуде. Сонымен қатар музей қызметкерлері мен ұжымы жылжымалы көрмелерді Шымкент, Созақ, Семей, Баянауыл, Ақтөбе қалаларында ұйымдастырды. Ондай көрмелер халық арасында насихаттау, ағарту жұмысын жүргізудің бір түрі болып есептеледі. Бұл музей ЮНЕСКО жанындағы ИКОМ-Халықаралық музейлер комитетінің мүшесі болып табылады, дүние жүзілік музейлер каталогына енген [4,24б.].Қазіргі уақытта музей қорында 21 мыңнан астам жәдігерлер бар, 226 данасы экспозицияда көпшілік назарына ұсынылған [5,23 б.].

Оңтүстік өңірінің тағы бір ерекше тарихи тамыры тереңде жатқан - Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейі 1979 жылы 11 мамырда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен құрылды. Осы кезден бастап ғылыми зерттеу, мәдени ағарту және Қазақстанда тұңғыш рет археологиялық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі болды. Бүгінгі музей ғимараты 1982 жылы пайдалануға берілді. Сол жылдан бері аудан көлеміндегі ескерткіштерді қорғайтын қорық-музейі болып табылады.1982 жылы ҚазССР Министрлер Кеңесінің №38 шешімімен Отырар, Оқсыз археологиялық ескерткіші, Арыстанбаб кесенесі Республикалық дәрежедегі ескерткіш болып бекітілсе, 1993 жылдың 29 қарашасында Отырар ауданы әкімінің №325 шешімімен Отырар өңірінің ескерткіштеріне жаңа жерді тұрақты пайдалануға құқық беретін мемлекеттік акт алынып, ескерткіштердің қорықтық картасы сызылды. Мемлекеттік актіде барлығы 110 тарихи ескерткіш көрсетіліп, оның 63-не мемлекеттік акт алынды. Олардың қорғау аймағы 11546,78 га болып ұлғайды. Қазіргі кезде Отырар өңірінде жаңа ескерткіштердің табылуына қарай қайта құжаттар жасау ісі қолға алынуда. Отырар археологиялық қорық-мұражайы 1998 жылы 25 желтоқсанда Үкіметтің №1335 қаулысына сәйкес, мемлекеттік мәртебе алып,1999 жылы заңды тұлға ретінде қайта тіркелді[10]. Қорық-мұражайдың мекемесі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында Жібек жолы даңғылы бойында 3 қабатты ғимаратта орналасқан. Қорық-мұражайдың бір бөлігі аудан орталығынан 12 шақырым батысқа таман Арыстанбаб кесенесінде, ал, әдебиет және өнер бөлімі ғимараты Шәуілдір ауылындағы Археология институтының бұрынғы қазба заттар қоймасына арнап салынған үйлерге орын тепкен[4, 58 б.]. «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде тарихи-мәдени ескерткіштерді есепке алу, мемлекеттік қамқорлыкка алу және реставрациялық жүмыстар атқарылды. Нәтижесінде Отырар өңірінің ежелгі тарихына байланысты тың деректер табылып, ескерткіштердің саны 160-тан асты [11,366б.].

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музей қызметінің мақсаты тарихи және мәдени маңызы бар археологиялық және сәулет ескерткіштерін сақтау болса, онда тарихи мұраларды жинақтау, сақтау, ғылыми зерттеу, ескерткіштерді қорғау, ағартушылық-экскурсиялық көпшілік жұмыстарын жүргізетін бес ғылыми бөлім бар. Археология және тарихи ескерткіштерді қорғау бөлімі Отырар өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді ғылыми зерттеу, барлау, қорғау және сақтау жұмыстарымен айналысады. Бөлімнің ғылыми қызметкерлері Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының археолог мамандарымен бірге Отырар оазисіндегі археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, ғылыми зерттеу жұмыстарын атқарып келеді. Ғылыми кітапхана қорында 3000-ға тарта аса сирек кездесетін кітаптар бар. Музей қорында музей саласына қатысты өткен тарихымыз бен рухани мәдениетімізді, тұрмыс-салтымызды халыққа көрнекті түрде жеткізетін 22 мыңнан астам жәдігерлер сақтаулы. 2008 жылғы есеп бойынша, археологиялық көрме залында 356, этнография көрме залында 465, Әл-Фараби залында 78, Арыстанбаб кесенесінде 18, Отырар төбеде 1, музей ауласында 5, музейдің ғылыми кітапханасында 56, әдебиет және өнер бөлімінің экспозиция залында 700 жәдігер қойылған. Жалпы саны 1679 дана көрнекілер мен кітаптар көпшіліктің көріп танысуына және тарихи мәліметтер алу үшін қойылған. Музей қорындағы жәдігерлер саны 22281 дана. Негізгі қордағылар 19861, көмекші қордағылар 2460 дана[10]. Отырар археологиялық қорық-мұражайында археологиялық, этнографиялық экспозициялары белгілі бір тақырыпқа сай орналасқан. Археология бөлімі I-XVIII ғасырларды қамтиды. Экспозицияда Көкмардан бейітінен табылған темір бұйымдар, мақта, бидай күйінділері, ішкі қабырғаларды көркемдейтін оюлы ағаштардың өртенді қалдықтары Отырар мешітінің алтын жалатылған сәулеттік көркем кірпіштері, сырлы ыдыстар, т.б. көрсетілген[4,58б.]. Этнография бөлімінде XIX-XX ғасырларға жататын осы өңірдегі ел арасынан жиналған қазақ халқының тұрмыс-салты, зергерлік өнері, музыкасы, мал шаруашылығы, диқаншылық, құсбегілік, аңшылық, балық аулау кәсіптеріне қатысты құнды жәдігерлер жинақталып қойылған. Отырар мұражайының өткен тарихына көз жіберетін болсақ, өңірдің мәдени құнды мұралары сақтаулы тұрған қорық-музейдің музейдің жұмысын жандандырып, мамандар даярлауда халқымыздың көрнекті қайраткері, тарихшы-этнограф, ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлесі үлкен. Әдебиет және өнер бөлімінде Сыр бойы мен Қаратау атырабындағы ғалымдардың, ақын-жазушылардың, өнер қайраткерлерінің (Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Айтбай Белгібайұлы, Сәдуақас Жақашұлы, Құлыншақ Кемелұлы, Мырзабек Байжанұлы, Ергөбек Құттыбайұлы, Елеусіз Байырбекұлы, Балтабай Тебейұлы, Әселхан Қалыбекова, Тәушен Әбуова, Өзбекәлі Жәнібеков, Кемел Ақышев және т.б. тұтынған бұйымдарын, кітаптарын, қолжазбаларын, зергерлік бұйымдарын көруге болады.

Отырар Мемлекеттік археологиялық қорық музейі жұмысының бағыттарының бірі мәдени-ағарту жұмысы. Осы негізде музейге келушілерге археология, этнография және әл-Фараби көрме залдары, сонымен бірге мұражай экспозициясымен бірге Арыстанбаб кесенесі, Отырар қалашығы, «Отырар руханияты» (әдебиет және өнер) бөлімі, музей ауласында орналасқан этнографиялық кешен «Қазақтың қоржын үйі» экспозиициялары қызмет көрсетеді.

Қорытындылай келе, Оңтүстік өңіріндегі мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейлеріндегі заттық құндылықтарды жандандыру жұмысы көрерменмен белсенді байланыс орнату мәселесін шешудегі рөлінен байқауға болады. Сонымен қатар музейге келуші жастарға экспозициядан көрген материалдық құндылықты дұрыс қабылдап, мән-мағынасын түсінуге талаптандырып, мәдени танымдық дәрежесін көтеру, өзіндік пікір қалыптастыруға көмегін тигізеді. Бұл өңіріндегі мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейлерінің материалдық техникалық базасы әлемдік деңгейдегідей болмаса да мәдени-ғылыми міндеттер арттыруда мүмкіндігі мол. Музей ісі мен оны жандандыру және туризм саласын дамыту арқылы тәуелсіз Қазақстанның мәдениетін өркендету бүгінде үлкен мәнге ие. Адамзат баласы өзінің даму барысында көптеген тарихи – мәдени құнды мұраларды жасап, ұрпақтан-ұрпаққа беріп келеді.

Қазақ елінің тарихы Оңтүстік өңіріндегі тарихи-мәдени қорық музейлерімен тығыз байланысты, өйткені онда көнеден келе жатқан құнды жәдігерлерге бай. Бұл музейлерде: қазақ халқының баға жетпес тарихи мұрасы сақталады, қорғалады, экспозициясында көрсетіліп, насихатталады. Тарихи рухани құндылықтар ұрпақтан- ұрпаққа мұра ретінде беріліп, насихатталып, білім мен тәрбие және мәдени-ағарту көздеріне айналып отырғаны белгілі. Қазақ халқының ерте тарихынан сыр шертетін аты әлемге танымал ғұлама Қ.А.Ясауи және оның ұстазы Арыстанбаб есімдерімен тарихи- мәдени қорық музейлерінің тарихы бірге айтылады, өйткені түркі әлемінің рухани орталығы, мұсылманшылықтың алтын бесігі. Оны бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қасиет тұтады. Оңтүстік өңіріндегі тарихи- мәдени қорық музейлері құндылығы жағынан ұлттық және мемлекеттік сипатқа ие, ұлт рухын асқақтататын қазақ халқының қасиетті дүниесі.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:


  1. ҚР ''Мәдениет туралы'' заңы, 24 желтоқсан 1996 жыл. N56-1. 24-бап.

  2. Казахстан: 1991-2002 годы. Информационно-аналитический сборник. //Под редакцией А.Смаилова., – Алматы., – 2002. –.С– 142.

  3. Райымханова К.,Қатран Д. Музей ісінің теориясы мен практикасы. – Алматы, – 2002., – 91 бет.

  4. Мұстапаева Д.Ө. Қазақстандағы музей ісінің тарихы. –Түркістан: Тұран баспасы, – 2011. – 200 бет.

  5. Рыскелдиев Т Әзірет Сұлтан мемлекеттік қорық музейі. //Қазақстан музейлері. – 2006. №3(9) – 27– 31 бб.

  6. Берденова Х. Түркістанның шығу тарихы. //Қазақ тарихы., – 2004. – №3.,–77–79б.

  7. БерденоваХ.Түркістанның дүниеге келуі.// ҚР Гуманитарлық ғылымдар Академиясының ғылыми журналы., –1999. – №2(4) – 96 – 100 бб.

  8. Тұяқбаев М. Түркістан сырлары. – Алматы. – 2000. – 87 б.

  9. Хамитова М.А. Академик Ә.Х. Марғұланның ғылыми мұрасының Қазақстан музей ісіндегі маңызы. // Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы.– 2010. – 29б.

  10. Ахметов С. Көне заман күмбірі //Егемен Қазақстан. –2009. –2 шілде.

  11. Отырар энциклопедиясы. – Алматы., – 2006. – 6586.

References:

1. KR ''Madeniet turaly" zany, 24 zheltoksan 1996 zhyl. N56-1. 24-bap.

2. Kazakhstan: 1991-2002 gody. Informacionno-analiticheskij sbornik. //Pod redakciej A.Smailova., – Almaty., – 2002. –.S– 142.

3. Rajymhanova K., Katran D. Muzej isinyn teoriajsy men praktikasy.– Almaty, – 2002., – 91 bet.

4.Mustapaeva D.O. Kazakhstandagy muzej isinyn tarihy. –Turkistan: Turan baspasy, – 2011. – 200 bet.

5. Ryskeldiev T. Aziret Sultan memlekettik koryk muzeji. // Kazakhstan muzejleri. – 2006. №3(9) – 27– 31 bb.

6. Berdenova H.Turkistannyn shygu tarihy // Kazak tarihy., – 2004. – №3.,–77–79b.

7. Berdenova H.Turkistannyn duniege kelui.// KR Gumanitarlyk gylymdar Akademiajsynyn gykymi jurnaly., –1999. – №2(4) – 96 – 100 bb.

8. Tuajkbaev M. Turkistan syrlary.– Almaty,– 2000. – 87 b.

9.Hamitova M.A. Akademik A.H. Margulannyn gylymi murasynyn Kazakhstan muzej isindegi manyzy. // Tarih gylymdarynyn gylymi darezhesin alu ushin dajyndalgan dissertacijanyn avtoreferaty. – Almaty.– 2010. – 29b.

10.Ahmetov S. Kone zaman kumbiri // Egemen Kazakhstan. –2009. –2 shilde.

11. Otyrar enciklopedijasy. – Almaty., – 2006. – 658 b.


Summary

Article is about human’s family shows up material and spiritual culture which plays an important role in researches’ and museums’ advancement. Kazakhstan’s history museum and history-culture reservation in south region are closely related to studying of scientifical and historical preservation of South region’s legacy.

Shows value of all historical materials, which are saved in Khazret Sultan’s museum and state museum of Otyrar.

Key words: museum, spiritual and cultural legacy, archaeological and ethnographic condition.

Резюме

В статье дается определение музеям, которые являются материальной и духовной культурой в жизни человека и играют большую роль в научных исследованиях. Написано о связи истории Казахстана с историко и- культурный заповедниковый музей Азрет султана, сохранивший исторические наследия южного региона, и место Государственного археологического музея Отрара.



Ключевые слова: музей, духовное и культурное наследие, археологические и этнографические состояние

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет