Өтіріктің философиялық табиғаты мен өмірдегі орны арынғазиева Б. Б. Мақалада Өтіріктің табиғаты, философия мен мәдениетте алатын орны баяндалады. Сонымен қатар, Ф. Кривтің «Природа лжи»



жүктеу 101.69 Kb.
Дата31.01.2017
өлшемі101.69 Kb.
ӘОЖ 130.2:(574+16)
ӨТІРІКТІҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАБИҒАТЫ МЕН ӨМІРДЕГІ ОРНЫ
Арынғазиева Б.Б.
Мақалада Өтіріктің табиғаты, философия мен мәдениетте алатын орны баяндалады. Сонымен қатар, Ф.Кривтің «Природа лжи» және К.Мелитанның «Психология лжи» атты еңбектерін негізге ала отырып, өтіріктің негативті жақтары мен позитивті жақтары қарастырылады.

Кілт сөздер: өтірік, әдет, жала жабу, өтіріктің себептері, өтіріктің түрлері, мәдениеттілік, өтірік – шындықты әдейі бұрмалау.


Адам – құдіреттілігі ой жете бермейтін, саналылығының, даналылығының, қабілеттілігінің шегі, теңі мен телісі жоқ, киелі де қасиетті, аса күрделі жаратылыс. Әлемдік кеңесте жасампаз тіршілік иесі – адамзат, биоәлеуметтік шеңберде жеке тұлға, яғни, ол – сезімтал, пайымды, болжамды. Адам – амалы мен тәсілі мың сан тіршілік иесі. Бүгінгісін ертең қанағат тұтпайтын талғампаз, ізденімпаз, талапты, қажетін таңдай білетін, жоғын таба, барын жаңарта, жасандыра, жетілдіре беретін жаһандағы баламасыз, ішкі жан дүниесінің тылсымды рухани күші мен сыры әлі түгел ашылып үлгерілмеген жер жүзіндегі кемел кемеңгерлер. Адамның дүниетанымдық қуат көзі, нағыз адамдықтың негізгі нәзік болмысы – ақыл, ес, ой-өріс, түйсік және сезім. Ақыл – кісіліктің парқын, парасаттылығы мен бітім-келбетін, өмірге жарасымдылығы мен қабілеттілігін анықтаушы категория. Адамның қадір-қасиеті, көпшілік жағдайда, оның шыншылдығы мен өтірікшілігіне қарай бағаланады, яғни, талай тағдырларға да осы қасиеттер оңды-солды әсер етеді. Өтіріктің табиғатына, философиясына, өмірдегі алатын орнына тоқталмас бұрын «өтірік» ұғымына мынадай анықтама беруге болады: «өтірік – шындықты әдейі бұрмалау, шектеу». Яғни, өтірік шындықтың антиподы болып табылады. Енді, осы өтіріктің табиғатына тоқталсақ, К.Мелитанның «Психология лжи» [1,16] деген кішкене кітапшасында өтірік тең адамның индивидуалды даму үдерісінде қалай құралатынын көрсетеді. Балалық шақта өтіріктің себептері ойын процесінде ойдың дамуы, бір нәрсе жасап қойып, жазаланудан құтылу, үлкендердің көрсеткен үлгісі және т.б. түрлерде көрініс беріп жатады. Одан кейінгі кезеңде, яғни, балалық шақтан кейін осыған қатысты ықпалды қоршаған орта, қоғам жасайды. Факторлар жиынында негізгі орынды (адамды сол бағытқа итеретін) сезімдер, оның ішінде махаббат ала бастайды. Махаббат сансыз мөлшерде өтірікті туғызады. Сүйген адам өзін бағалау үшін өтірік айтады, тағы да ол өтірікті өзінің бәсекелесін төмендету үшін айтады, қызғанышты тудыру үшін..., сөне бастаған сезімді өртеу үшін, ақырында сезімі басылғанда өтірік айтады.

Өтірік менмендік, рухани азғыншылық, сәттілікке құмарлық, пайдаға құмарлық, билікке және т.б. нәрселерге құмарлық салдарларынан пайда болады. Осы жерге бір нәрсені қоса айтып кету керек. Ол – әдет. Әдет – қоғамдағы адамдардың мiнез-құлқына, тұрмыс-тiршiлiгiне қойылатын бұлжымас қағидаларға айналған моральдық талаптар, жөн-жосық, жол-жоралғы. Ислам дiнiн тұтынатын халықтарда шариғатқа қосымша ретiнде қолданылады. Әдеттiң қоғамдағы басты қызметi тұлғалық қатынастарды адамгершiлiк нормаларына сәйкес ретке келтiрiп отыруымен байланысты. Келесi бiр мағынасында әдет адамның күнбе-күнгi тiршiлiк қажетiне байланысты қалыптасқан тұрақты мiнез, iс-қимыл ерекшелiктерiн бiлдiредi. Қазақта «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген қанатты сөз бар. Оң мағынасында әдет күнделiктi өмiрде қолданылатын ой тiзбектерi мен iс-қимыл реттiлiгiн ұтымды, дайындықсыз, қалыптасқан түрде жүзеге асыруға себебiн тигiзедi. Бұл сипатта әдет саналы пайымнан гөрi адамның бейсаналық, тылсымдық қатпарларынан бастау алып отырады. Жағымды әдет қоғамдағы адамаралық және топаралық үйлесiмдiк пен ынтымақтастықты арттырудың құралы және тұлғаны қайталанылатын шешiмдерден босатып, оның әрекетiн күрделi мәселелердi шешуге бағыттайды. Қылық пен мiнез-құлықтағы жағымсыз (терiс) әдет адамдық қауымдастық мәдениетiне керi әсерiн тигiзiп, жүрген ортаның берекесiн кетiрiп және оғаш қылықтарымен өзiнiң де абыройы мен қадiр-қасиетiн төмендетедi. Сондықтан, жүрiс-тұрыс мәдениетiн күнделiктi өмiрде ескеру (есте ұстау) қазiргi өркениеттiлiктiң маңызды талабына айналып отыр. Бұл жерде «әдеттің өтірік табиғатына қандай қатысы бар?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Өтірік – бұл өзі өте бір ерекше құбылыс. Мысалы, кез-келген бір адам әзілдесу үшін, көңіл көтеру үшін, қорқыту үшін өтірік айтады. Бұл оған ұнап, күндер өткен сайын әдетке айналғанын өзі де байқамай қалады. Кейін сол адам осы әдеті үшін таяқ немесе опық жеуі әбден мүмкін. Мысалы, өткен кезеңнен қалған мынадай бір әңгіме бар: «Баяғыда бір қойшы болыпты. Оның көп қойы болыпты. Күндердің бір күнінде тау үстінде қойларын жайып отырған екен. Түске таянған уақыт болыпты. Шопанның іші пысып отырған көрінеді. Сндықтан көңілін көтеру үшін мынадай айла ойлап табады: тау төбесіне тұрып алып «көмектесіңдер, көмектесіңдер, қойыма қасқыр шапты», – деп бүкіл төменде жұмыс істеп жатқан ауыл адамдарын үрейлендіріп, дүрліктендіреді. Ауыл адамдары жүгіріп келіп қараса, ешқандай да қасқыр жоқ екенін, ішек-сілесі қатып күліп жатқан қойшыны көреді. Олар алданғандарын түсініп, төмен түседі. Қойшыға бұл әзіл қатты ұнайды. Енді, ол мұны әдетке айналдырады. Бұл оқиға бірнеше рет қайталанады. Күндердің бір күнінде қойшының қойларына шынымен қасқыр шабады. Сол кезде ауыл адамдарын көмекке шақырады. Ауыл адамдары «келесі бір өтірігі ғой» деп қолдарын сермей салады. Нәтижесінде, қойшы барлық қойларынан айырылып, өтірік айту әдетімен сорлап қалған екен. Міне, орынсыз жайдан-жай өтірік айту осындай халге жеткізеді.

Өтірік біреудің арқасында және біреуге зақым келтірумен байланысты артықшылықтарға қол жеткізуімен де сипатталады. Сонымен қатар, кейбір адамдар үшін өтірік – олардың өмір сүру тәсілі. Алысқа бармай-ақ қояйық, қазіргі күндерде базарда немесе көшеде отырған палшыларды алайық. Олардың көбісі жай бір адамдар, олардың ешқандай да көріпкелдік қасиеттері жоқ. Олар өтірік айтып, сол өтіріктері үшін ақша алады. Дегенмен, олар өтірік айтса да жұртқа жағымды өтірік айтады. Оларға сенім береді, үміт оттарын жағады. Сөйтіп, адамға дүниеге деген жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Міне, өтіріктің философиялық табиғатының сан алуандылығын көріп отырмыз. Балалық шақтағы жазадан құтылу үшін айтылған өтірік, бозбалалық шақтағы махаббат үшін өтірік, әдетке айналған өтірік пен кәсіпке айналған өтірік және уақытша өтірік те бар. Уақытша өтірікке саясат, партия жүйесіндегі өтіріктер жатады. Қоғам деңгейінде, әлеуметтік-таптық қатынастар деңгейіндегі шындықтан ауытқуды және өтіріктің құрылуын бастайтын негізгі факторларға партиялық жатады.

К.Мелитан айтады: «Партиялық деп аталатын қиын және аса мықты құмарлық кез-келген өтірік түрінің таусылмас көзі болып саналады; біз француздарды өте жақсы білеміз, өз мүдделерін әділеттіліктен жоғары қоятын, мейлі ол кінәлі, мейлі ол басқа партия болсын, үлкен өтірікке бөленеді» [1, 48 б.]. Партия болғандықтан, ортақ мүдделер, ортақ көзқарастар, ортақ ойлар болады. Сонымен бірге, тек бір партия болмайды ғой. Партиялар арасында билік үшін күрес пайда болады. Осы билік үшін күрес жолында партиялар өте жаман құралдарға сүйенеді; жаман демагогтарға айналады; партиялық бағдарламаны мейірім мен дұшпандықтың ең таза, ең әділетті ең... деген ойға бөленіп, билікке жету жолында ең төменгі әрекеттерден де тайынбайды, сайлаушыларды ойланбай алдайды, бәсекелестері мен қарсыластарына жала жабады. Осындай өтірік саясаткерлерден басқа саладағы көптеген мекемелердегі ұжым арасында да кездесіп жатады. Мысалы, ұжымдағы мамандардың арасында бір-бірінің жетістігін көре алмаушылықтан басшыға «ол адам өйтіп қойды, бүйтіп қойды» деп өтірік айтып жамандау, қаралаудың салдарынан жазықсыз адам зардап шегіп жатады. Яғни, «қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегендей-ақ, кейбір адамды қасқыр кейпіне түсіреді. Өтірік сөздің парқына түсіне алмаған, кең ойлай алмайтын, өз интуициясы жоқ, бас пайдасынан басқаға басы жетпейтін кейбіреулер (немесе кейбір басшылар) өзінің кемшілігін кеш түсініп жатады (кейбіреулер түсінгісі де келмейді). Өтірікті өрбітіп біреудің соңына шам алып түсіп, түптің-түбінде оны жұмыстан кетіруге болар немесе ұжым арасында абыройын түсіріп, еңсесін басуға болар, бірақ, жаратқан ие бойына дарытқан дарынды ешкім де кетіре алмайды. Енді, өтіріктің философиясына тоқтала кетсек:

Ложь бывает добрый или злой,

Сердобольной или беспощадной

Осмотрительной и безоглядной

Упоительной и безотрадной

Слишком сложной и совсем простой

Ложь бывает гремной и святой

Скроменькой бывает и нарядной

Выдающейся и заурядной

Откровенной, нелицоприятной

А бывает просто суетой

Ложь бывает страшной и смешной

То всесильной, то совсем бесправной

Мималетной или затяжной

Ложь бывает дикой и ручной

Будничной бывает и парадной

Вдохновенной, скучной и иной

Правда же бывает только правдой! [2,116 б.]

Ф.Крив өзінің осы өлеңінде өтіріктің бар қырын, сырын суреттеп береді. Осы өлең өтіріктің адам күйімен байланысты екенін айқындай түседі. Демек, өтірік сан алуан түрлі болады. Осы өтіріктің түрлерін толықтай қарастыру, шағын мақаланың деңгейінде талдау жасау мүмкін емес, дегенмен, кейбір түрлеріне талдау жасауға болады. Мысалы, Ф.Кривтің айтып кеткеніндей, өтіріктің мейірімді, зұлым, аяйтын, өте шиеленіскен, оп-оңай, қорқынышты, күлкілі және т.б. түрлері болады екен. Осындай өтіріктің бір түрі – ол қасиетті өтірік. Ол не? Қасиетті өтірік дегеніміз бір асыл нәрсе, зат, адамды қорғау немесе пәледен сақтау үшін айтылған өтірік. Мысалы, «Екі жан дос болыпты. Олар кішкентайынан бірге өсіпті. Олардың екеуі де бір қызға ғашық болыпты. Бірақ, оны білмепті. Күндердің бір күнінде достың біреуі қызға келіпті. Сонда ол қыздың жанында өзінің досын көріпті. Оны көріп өмірден түңіліп үйіне қайтады. Осы күннен бастап ол бала (жігіт) барлық нәрседен түңіліп, аз сөйлесетін, ойын мен әзілді көтермейтін балаға (адамға) айналады. Досы мұны аңғарып, оны шақырып алып, мәселені былай түсіндіреді: «Мен ол қызды сүймеймін, жай ермек үшін барып жүрмін. Ал, сен оны шын сүйсең, жарайды қызды өз бақылауыңа ал, мен енді оған бармаймын», – деп айтқан сәтте досының жүзіне қан жүгіріп, жымияды. Сол айтқан сөздерден кейін түңіліп жүрген баланың қуанышы қойнына сыймай мәз болады. Сөйтіп, өтіріктің салдарынан адам қуанышқа бөленетін жағдайлар болады екен. Қасиетті өтірік, позитивті өтірік қатарына жатады. Қандай өтірік болса да, ол бір адамның қуанышты болуына әсер етті. Негізінде, өтіріктің позитивті жақтары аз. Дегенмен, олар кездеседі. Мысалы, өтірік жанұядағы үйлесімділікті, тыныштықты сақтау үшін айтылады. Біреудің өмірге деген сүйіспеншілігін арттыру үшін дәрігер психотерапевтер айтады. Біреуді ренжітпеу үшін жағымды өтірік те позитивті жаққа жатады. Бір нәрсенің позитивті жақтары болса, оның міндетті түрде негативті жағы да болады. Оған өтіріктің негативті жақтарының болуы дәлел. Негізінде, өтірік –табиғатынан жаман нәрсе. Біз балалық шақтан бері үлкендердің «өтірік айтпаңдар, ол жаман әдет», «өтірік айтып қара бет болғанша, шыныңды айтып жара бет бол, жара жазылады, қара ешқашан жазылмайды», – дегенді естіп өстік. Алайда, өтіріксіз болмайды. Өйткені, бұл дүние өтірік, жалған. Кез-келген құбылыс, кез-келген зат өткінші. Өтірік – бұл адамның ажырамас бөлігі. Себебі, өмір барысында адам қаншама дұрыс, шыншыл болуға тырысқанымен, өтірік айтуға тура келетін жағдайларға міндетті түрде кездеседі. Бұл адамның өтіріктен құтыла алмайтындығын, өтірікпен байланысты екенін көрсетеді.

Өтіріктің негативті жақтары позитивтіге қарағанда басымырақ. Кез-келген өтірік бір күні ашылады. Ал, алданған адам мұны түсінгенде, оны алдаған адамға (мейлі, ол жағымды өтірік, мейлі, ол қасиетті өтірік болсын) көзқарасы өзгереді. Міне, осыдан өтіріктің негативті нәрсе екенін көре аламыз. Мысалы, бір саясаткерді алайық. Ол депутаттыққа сайланбақшы. Өзінің бағдарламасында ол барлық демократиялық принциптерді жариялады. Өзін әбден мақтайды, «мен парақор емеспін, мен басшылық жасап отырған ұжымдағылар да өзім сияқты қолы таза адамдар, ешкімге ештеңе бермейміз, ешкімнен ештеңе алмаймыз, сыбайластық іс-әрекет жасамаймыз...» деп мақтанады. Сіз оның бағдарламасын оқып, оған «әділетті адам» деген баға бересіз. Сөйтіп, дауысыңызды соған бересіз. Алайда, ол депутат болғаннан кейін демократиялық принциптердің біреуін де іске асырмайды. Сөйтіп, оған берген алғашқы бағаңыз өзгереді. Нәтижесінде сізде сенімсіздік, өкініш пайда болады. Мұның барлығы адам психологиясына кері әсер етеді. Мұнда айтқым келіп отырғаны – өтіріктің арты өкініш, реніш және сол сияқты кері әсерлерге ұласады. Қорытындылай келгенде өтірік қандай да болмасын, кері әсерлер тудыратын құбылыс және оған кездеспеген жөн, не де болса шыншыл болу керек.

Енді қарастырылатын нәрсе – ол өтіріктің өмірдегі, яғни өтіріктің мәдениеттегі орны. Осы жерде, жай қарағанда, өтіріктің мәдениетпен қандай қатысы бар деген сұрақ туындауы заңдылық. Ал, терең ойланып, жан-жақты қарастыратын болсақ, өтіріктің мәдениеттегі алатын орнының маңызды екенін көре аламыз. Өтірік, әсіресе, мәдениетте тәрбиелік мән мен орынға ие. Мысалы, жас бүлдіршіндер ертегі, аңыз-әңгімелерді оқып, тыңдау арқылы ойларын қалыптастырады. Ертегілерде ақ (жақсы) әрқашан да қараны (жаманды) жеңеді. Осы ертегі жас бүлдіршіндерді ақ пен қараны ажыратуға, ойының ұштасуына өте елеулі әсер етеді. Мұны орыстың «Сказка ложь, да в ней намек, добрым молодцам урок» деген мақалы да дәлелдейді. Ал, бұл ертегілер – өтірік кейіпкерлер, өтірік жерлер, яғни, өтірікке негізделіп жазылған, адамның армандауы мен қиялынан туындаған образдар мен оқиғалар. Бір сөзбен айтқанда, өтірік мәдениетте тәрбиелік мәнімен орын алады. Сонымен қатар, өтірік мәдениеттің бір саласы әдебиетте ерекше рөл атқарады. Мысалы, қазақ әдебиеті өтірікке үлкен орын бөледі. Оған «қырық өтірік», «өтірік өлең» және т.б. дәлел болады. Өтірік өлең – қазақ халқының тұрмыс салтына байланысты шығарылған өлең түрі. Өтірік өлең күлкілі сюжеттерге құрылып, көбінесе ойын-сауықтарда айтылған. Оны қиялдау қабілеті мол, дарынды ақындар қиыннан қиыстырып шығарған. Өтірік өлеңде суреттелетін нәрсе нақтылы шындықтан алынғанмен, ондағы іс-әрекет шынайы өмірге сәйкес келмейтін дәрежеде баяндалған. Мысалы,

«Аспанға алты жерден тіреу қойдым,

Той қылып, мың масаны сонда сойдым» [3, 43 б.]

сияқты үлкен фантастикаға, қызықты күлкіге құрылады. Онда, әсірелеумен қатар бейнелеу, шендестіру, салыстыру тәсілдері арқылы көркем образдар жасалынады. Осыдан көріп отырғанымыздай, өтірікті әдебиетте танып білу бұл адамның ой кеңістігін, сөйлеу мәнерін ретке келтіреді. Ал, терең ойланып, мәнерлі, ретімен сөйлеу мәдениеттіліктің белгісі емес пе? Олай болса өтірікті танып білу адамды мәдениетті болуға жетелейді. Дегенмен, «өтірік өрге баспайды» деген қағиданы да естен шығармағанымыз абзал.


Әдебиеттер

1. Мелита К. Психология лжи. – М., 2003. – 88 с.

2. Крив Ф. Полн.собр.сочин. «Природа лжи». – М., 2006. – 284 с.

3. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. (Жаңа басылымы) – А., 2007. – 408 б.


Арынгазиева Б.Б. Философская натура лжи и её место в жизни

В данной статье рассматривается ложь как философская категория, её природа и место в культуре. Также проанализированы негативные и позитивные стороны лжи на основе труда Ф.Крива «Природа лжи».

Ключевые слова: ложь, привычка, оклеветать, причины лжи, виды лжи, культурность, специальное искажение лжи-правды.


Aringazieva B.B. Philasophy nature of lie and its place in life

This article discusses the lies as a philosophical category, its nature and place in the culture. Also analyzed positive and negative sides lie on the basis of labor F.Kryv "Nature of lies."

Keywords: false, habit, slander, the reasons lie, lie, culture, distortion lies : the truth.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет