Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа қатысты ядролық державалардың ұстанымы Аңдатпа



жүктеу 146.65 Kb.
Дата15.01.2017
өлшемі146.65 Kb.
УДК 327 (5-191.2)
Ж.Д.Кошербаев

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

Халықаралық қатынастар факультеті, Алматы, Қазақстан

e-mail: kosherbaev.zhan@mail.ru


Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа қатысты ядролық державалардың ұстанымы
Аңдатпа: Бұл мақалада Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа (ОА ЯҚАА) қатысты ядролық державалардың ұстанымына талдау жасалған. ЯҚАА құру жөніндегі келіссөздер барысындағы түйткілді мәселелер мен аймақтың өңірлік ерекшеліктері көрсетілген. Аталмыш аймақта ЯҚАА құрудың геосаяси маңызы оның орналасу жеріне байланысты екендігі атап өтілді. Сондай-ақ ОА ЯҚАА-ның халықаралық-құқықтық мәртебесін шартпен рәсімделу үдерісі талданған. Автор, ядролық қарусыз аймақтар идеясының дамуы мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ядролық қаруды таратпау тәртібін сақтауға жол ашады деген тұжырым жасайды. Сонымен бірге әлемнің басқа өңірлерінде құрылуы мүмкін осындай аймақтар ОА ЯҚАА тәжірибесін ескеруге болады, ал орталық-азиялық республикалардың өкілдері бұдан бұрын құрылғын әлем аймақтарының халықаралық тәжірибесін ескерді.

Түйін сөздер: яролық қарудан азат аймақ, Орталық Азия, ядролық державалар, ядролық қаруды таратпау туралы шарт.
Zh.Kosherbaev.
The position of the nuclear powers regarding a zone free of nuclear weapons in Central Asia

Abstract: This article discusses the position of nuclear powers with respect to a zone free of nuclear weapons in Central Asia. Showing the most difficult issues in the negotiations on the establishment of a NWFZ in Central Asia and its regional characteristics. Notes geopolitical importance of establishing a zone free of nuclear weapons in Central Asia (CA NWFZ). Also in the paper analyzed the process of registration of contractual international legal status of a NWFZ in Central Asia. The author concludes that the development of ideas and the creation of a nuclear-free zone in the region contributes to the strengthening of trust between States, security, compliance with non-proliferation regime. However, proponents of a NWFZ in other regions of the world may take into account the experience of the Central Asian NWFZ.

Keywords: Zone free of nuclear weapons, Central Asia, the nuclear powers, Treaty on the Non-Proliferation of Nuclear Weapons.

Кошербаев Ж.Д.
Позиции ядерных держав относительно зоны, свободной от ядерного оружия в Центральной Азии

Аннотация: В данной статье рассматриваются позиции ядерных держав относительно зоны, свободной от ядерного оружия в Центральной Азии. Показаны наиболее сложные вопросы в ходе переговоров по созданию ЦА ЗСЯО и ее региональные особенности. Отмечается геополитическое значение создания зоны, свободной от ядерного оружия в Центральной Азии (ЗСЯО ЦА) в зависимости от ее геополитического положения. Также в работе проанализирован процесс договорного оформления международно-правового статуса ЗСЯО в ЦА. Автор приходит к выводу, что развитие идеи и создание безъядерной зоны в регионе способствует укреплению доверия между государствами, обеспечению безопасности, соблюдению режима нераспространения ядерного оружия. Вместе с тем, инициаторы ЗСЯО в других регионах мира могут учесть опыт ЦА ЗСЯО.

Ключевые слова: Зона, свободная от ядерного оружия, Центральная Азия, ядерные державы , договор о нераспространении ядерного оружия.
Саясаткерлер Орталық Азияда қақтығыстар пайда болу ықтималдығын айтарлықтай жоғары деп бағалайды. Аймаққа шекаралас орналасқан елдерде саяси тәртіп тұрақсыз. Сол тұрақсыздықтың қайнар көзі ретінде Ауғанстандағы ауыр жағдайды, батыс Қытайдағы этникалық шиеленісті ахуалды жатқызуға болады. Бұған қоса, Иранның ядролық саясаты төңірегіндегі үздіксіз “уайымдар” және өздерінің ядролық саладағы жетістіктерін әлемге іс жүзінде жариялап үлгерген Үндістан мен Пәкістан арасындағы әскери тайталасты естен шығармау керек. Осыған байланысты ірі қаржы-қаражат иелеріне өте тартымды аймақтардың бірі ретінде Орталық Азиядағы тұрақтылықты қолдауға бағытталған кез-келген игі бастамалар негізінде барлық ықтимал шетелдік инвесторлардың мүддесіне сәйкес екені белгілі. Инвесторлардың рөлінде аздаған толықтырулармен тағы сол “ядролық бестік” сахнаға шығады. Сондықтан Орталық Азияда қалыптасқан жаңа геосаяси, геостратегиялық және экономикалық жағдайға байланысты ядролық державалардың аймақтағы тұрақты мүдделері жөнінде сөз қозғауға болады.

1997 жылы 15-17 қыркүйекте Ташкентте өткен конференция барысында алғаш рет Орталық Азияда ЯҚАА құру бастамасы ресми түрде арнайы талқыланды. Ядролық қару таратпау саласындағы тәжірибелі мамандардың бірі Р.М. Тимербаев Орталық Азияда ЯҚАА құру мәселесіне арналған сөзінде бұл бастаманың жүзеге асыруға ықпал ететін негізгі факторларды қысқа да нұсқа тұжырымдаған еді. Олар мынадай: бастаманы іске асырудағы аймақ мемлекеттерінің саяси ерік-жігері және оған қатыстын ядролық державалардың келісімі [1].

Ташкент конференциясы бір жағынан, келіссөздер жүргізетін тараптардың іркіп кейінге қалдырған ЯҚАА туралы өз пікірлерін біршама айқындауға мүмкіндік берді дағы, екінші жағынан жиынға қатысушылар өздерінің бастамаға деген оң көзқарасын білдіруде ғана емес тіпті өз ұстанымындарын сақтықпен тұжырымдауда да айырықша ынтымақ танытты. Конференцияға Өзбекстан Республикасындағы өз елшілерін қатыстыру арқылы ядролық державалар бұл шараға қаншалықты мән беретіндіктерін көрсетсе керек. Тек Ресей ғана сол кездегі сыртқы істер министрінің орынбасарын И. Ивановты жолдағаны мәлім. Ол Орталық Азияда ЯҚАА құру мәселесіне қатысты РФ-ның ұстанымын баяндады.

Назарға ұсынылып отырған мәселенің қиындық тудыратын аспектілерін басынан бастап ұғыну үшін ресми ядролық мемлекеттер жақтайтын немесе қарсы болатын тұстарын талдаудың зор маңызы бар.

Ресей Федерациясының ұстанымы. Ядролық мемлекеттер арасынан Ресей Федерациясының ұстанымын бірінші кезекте қарастырған жөн. Оның себебі, Ресей ТМД елдері арасында “ядролық клубқа” кіретін жаңғыз өкіл. ТМД кеңістігінде болып жатқан оқиғалардың барлығы (әсіресе ядролық салада) Ресей мүдделеріне тікелей қатысы бар. Оның үстіне бұл ел біздің солтүстіктегі маңызды көршіміз. Ал бәрінен бұрын Ресей, ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысатын стратегиялық одақтасымыз. Осының өзі көп нәрсені білдіртсе керек.

Ресей ұстанымының негізі мынада: ЯҚАА Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайту мүддесіне сай және ЯҚАА құру ісінде қазіргі кездегі халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалу қажет. Ресей ашық аймақ жасауды жақтайды. Бастапқыда оған Орталық Азияның бес елі – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан кіру керек, бірақ келешекте басқа да елдердің қосылу мүмкіндігі сақталу қажет. ЯҚАА-қа жаңа мемлекеттердің қосылу мәселесі “өзара келісім” негізінде атқарылып, олар бастапқы құрылтайшы-елдер сияқты құқықтар мен міндеттерді қабылдау керек.

Ресей шартты қолдану өрісіне байланысты ЯҚАА бүтін кеңістікті құрау керек, яғни онда шартпен қамтылмай қалған жерлер болмау керек деген талап қойды. ЯҚАА құру туралы Шарт жобасының осы мәселеге қатысты бабына Ресей өз тұжырымдамасын ұсынған болатын. Оның мәтіні төмендегідей: “Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақтың қолдану өрісі тек осы Шартқа қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түркіменстан және Өзбекстан Республикасына тиесілі құрлықтағы аумақтары, барлық ішкі су кеңістіктері (теңіз, шығанақ, бұғаз, көл, өзендер мен бұлақтар), сондай-ақ құрлықтағы аумақ пен су кеңістіктерінің үстіндегі әуе кеңістігі ретінде анықталған” [2].

Орталық Азиядағы ЯҚАА арқылы ядролық қару немесе ядролық материалдар тасымалдау мәселесінде Ресей жағы болашақ шартта оған қандай-да бір шектеу қойылмау жөніндегі ереже бекітіліп, бұл мәселеде ЯҚАА-қа қатысушы елдерге өздерінің қалауына қарай шешім қабылдауға мүмкіндік берілу тиіс деген пікірді ұстанады.

Қауіпсіздік кепілдіктері туралы айтатын болсақ, Ресей Федерациясы Орталық Азиядағы ЯҚАА-қа қатысушы елдердің барлығына бірдей негативті қауіпсіздік кепілдіктерін беруге негізінен дайын болатын.

Орталық Азиядағы елдердің ТМД шеңберінде жасасқан шарт міндеттемелерін орындау мәселесінде Ресей өкілдері ЯҚАА туралы шарт жобасының 12-ші бабында “Осы Шарт күшіне енгенге дейін жасасқан басқа халықаралық шарттар бойынша тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды” деп баяндалған тұжырымдамасын қолдайды. Олар бұнда ең алдымен 1992 жылы Ташкентте қол қойылған ұжымдық қауіпсіздік туралы шартты (ҰҚШ) меңзеп отырғаны белгілі. Ресей ҰҚШ міндеттемелері толық орындалуы тиіс деп отыр. ҰҚШ-та оған қатысатын елдерге әскери–саяси кепілдіктердің барлық түрін (соның ішінде ядролық кепілдік те бар) беру қарастырылған. Мысалы, ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қолдану жөніндегі ұжымдық шешімдер қабылау мен жүзеге асыру тәртібі туралы Ережеде “Ресей Федерациясының стратегиялық ядролық күштері шартқа қатысушы мемлекеттерге қарсы ықтимал басқыншылық ниетін іске асыру әрекеттерін тежеу қызметін атқарады” деп көрсетілген [3].

Ресей жағы “ашық аймақты” жақтай отырып, оның себебін алғаш рет ЯҚАА құрамына әскери келісім-шарт бойынша ядролық державаның серіктес елдері ғана кіріп отырғандығымен түсіндірді. Ал шарт жобасынан 12 бап (ЯҚАА туралы Шарттың ҰҚШ-пен сәйкестігі туралы) алынып тасталған жағдайда (АҚШ, Ұлыбритания және Франция нақ осы бапты шарт мәтінінен алып тастауды талап етіп отыр) Мәскеу Орталық Азиядағы ЯҚАА-тың құрылуын ТМД елдерінің ұжымдық қауіпсіздік жүйесіне, сондай-ақ Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған шара ретінде бағалайтынын жасырмады.

Орталық Азияда ЯҚАА құру мәселесінің экологиялық аспектілері Ресей жағын қызықтыра қоймайтындығын белгілі. Ол аймақ құру туралы шарт жобасын талқылау барысында орталық-азиялық мемлекеттерінің экологиялық мәселелері бойынша қосымша хаттама қабылдау ниеттерін құптамады. Бұл мәселе жөніндегі көзқарасын Мәскеу “шарттың негізгі мақсаты мен басқа міндеттері арасында саналы тепе-теңдік” сақталу қажет және “шарт экология туралы емес ЯҚАА туралы болу керек ” деп екпін түсіре түйіндеді [4].

Қытай Халық Республикасының ұстанымы. Объективті түрде Қытай аймақтағы ықпалды державалардың бірі және еліміздің оңтүстігіндегі жақын көршіміз. Сондықтан оның Орталық Азия ЯҚАА құру мәселесіне қатысты көзқарасын ескеру төтенше маңызды.

1997 жылы Ташкент конференциясында ҚХР-ның өкілі Пекиннің ғаламдық және аймақтық ядролық қару таратпау мәселелеріне қатысты сыртқы саяси бағытының жалпы алғанда өзгермегендігін мәлімдемеді. Қытайдың ЯҚАА құруға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдап және оған құрметпен қарайтындығы айтылды. Пекин ядролық қаруы жоқ мемлекеттерге, сондай-ақ ЯҚАА-қа қарсы ядролық қару қолданбауға немесе оны қолданамын деп қоқан–лоққы жасамауға ешбір шарт қоймай-ақ өзіне міндеттеме қабылдаған болатын. ҚХР Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінде (Тлателолко шарты); Оңтүстік Тынық мұхит аймағында (Раротонга шарты); Африка құрлығында (Пелиндаб шарты) ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттарға қол қойып олардың хаттамаларын бекіткені белгілі.

Қытайдың Орталық Азиядағы ЯҚАА-қа қатысты ұстанымына келетін болсақ ол біршама анық әрі үзілді-кесілді түрде тұжырымдалған. Ресей Федерациясы, АҚШ және Ұлыбритания басшылары Қазақстанға қауіпсіздік кепілдіктерін беру туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін 1995 жылы 8 ақпанда ҚХР да өз тарапынан осындай кепілдіктерді беру туралы мәлімдемесін жариялады. Кейбір қытайлық саясаттанушылар Қытайдың Үкіметі мұндай маңызды ұстанымын ЯҚАА құрамына кіргелі отырған қалған төрт орта-азиялық республикаға да қолдануға келісуі мүмкін деген ой айтқан болатын .

ЯҚАА-тың құрылуы Қытай мүдделеріне жауап беретіні анық, өйткені сол арқылы аймақтық немесе ғаламдық жағдайдың кез-келген өзгерістеріне орай аталған аймақта Ресейдің стратегиялық ядролық күштерінің орналастырылмауына жол бермеуге болатын еді. Бірақ Пекинді осы уақытта Ресейдің емес, АҚШ-ның ядролық арсеналдары көбірек алаңдатады.

Орталық Азия елдерінің бастамасын жалпы қолдаумен қатар ЯҚАА-ты ұйымдастырушылар, ресми Пекиннің пікірінше маңызды бірнеше шартты орындау қажеттігін де қадап айтты. Олар ескерілмесе шартты жүзеге асыру барысында айтарлықтай қиындықтар туындау мүмкін. Олар төмендегідей:

- ЯҚАА осы өңірдің шындығы тұрғысында ерікті келісім негізінде құрылу керек

- ЯҚАА туралы шарт Біріккен Ұлттар Хартиясының мақсаты мен қағидаларына сай болу керек және ол мұндай аймақтарға жатпайтын елдердің ішкі істеріне қол сұғу үшін пайдаланылмау қажет.

- ЯҚАА-тың құқықтық мәртебесі қауіпсіздік жүйесіне әсер етпеу қажет. Аймаққа қатысатын мемлекеттер қандай-да бір сылтауды алға тартып өз міндеттемелерін (әскери одақтарды қоса есептегенде) орындаудан бас тартпау керек.

- ЯҚАА-қа “құрлықтық шельфтер мен еркін экономикалық аймақтар” жатқызылмау керек.

- қалыптастырылып жатқан ЯҚАА осы өңірдегі әскери тепе-теңдікті бұзбау қажет.

Жасалып жатқан ЯҚАА шекарасы сынақ полигонына тікелей жанаса өтетіндіктен, егер Қытай есепке алу қажет осы өңірдің “шындығы” дегені өзінің ядролық полигонын меңзеп отырған болса, онда ол ЯҚАА мәселесі жөнінде келісімге келу ісінде қосымша кедергілер тудыруы мүмкін.

Бірақ, 2001 жылы тамызда Алматыда “ХХІ ғасыр: ядролық қарудан азат әлемге бет алу” атты халықаралық конференцияда сөз сөйлеген ҚХР-ның халықтық саяси консультативтік Кеңесінің сыртқы істер жөніндегі Комиссияның төрағасы Тянь Цзэнпэй: “Қытай ядролық қаруды иеленген алғашқы күнінен бастап оны бірінші болып қолданбауға өзіне сөзсіз міндеттеме қабылдады және ядролық қаруды ондай қаруы жоқ елдерге немесе ЯҚАА-қа қарсы қолданбауға немесе қолданамын деп қоқан-лоққы жасамауға нақты уәде берді” деп мәлімдеді. Орталық Азиядағы ЯҚАА туралы сөз қозғай келіп Қытай өкілі өз елінің ЯҚАА құруды ядролық қарудың таралуын болдырмаудың тиімді жолы ретінде қабылдайтындығын айтты. ”Біз – деді Тянь Цзэнпэй, - орталық-азия елдерінің ЯҚАА құру ұмтылысын қолдаймыз, өйткені бұндай аймақ ядролық қаруды таратпау мен қысқартудың халықаралық ісіне қолайлы болып қана қоймай, осы аймақтағы бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақтылыққа да қолғабыс етеді” [5].

Америка Құрама Штаттары. АҚШ ЯҚАА құру ісіне кеңінен қолдау көрсетіп жүр. Дегенмен АҚШ-тың бұл қолдауы ЯҚАА құру туралы Шарттың «америкалық стандарт» болып қалыптасып үлгерген шарттармен үйлесімін табу/таппауына байланысты болып келеді. Ресми Вашингтонның Орталық Азияда ЯҚАА құру туралы бастамаға оң көзқарас танытқанына қарамастан, аймақ елдері де бұл шарттардан тыс қалмады. ЯҚАА мүшесі болғалы отырған орталық-азиялық республикаларға осы талаптар қайталанды. Олардың мазмұны төмендегідей:

- ЯҚАА құру туралы бастаманы соған мүдделі аймақтың елдері білдіру қажет.

- ЯҚАА қалыптастыру ісінде қатысуы қажет деп саналатын елдердің барлығын жұмылдыру керек.

- ЯҚАА туралы келісімде оның ережелерінің орындалуын тиісті бақылауды қамтамасыз етілуі тиіс.

- ЯҚАА жасау қауіпсіздік жөніндегі келісім-шарттарды бұзбау керек және сол арқылы аймақтық немесе халықаралық қауіпсіздікке нұқсан келтірмеу қажет. Сондай-ақ ол БҰҰ-ның Жарғысымен кепілдік берілген дербес немесе ұжымдық өзін-өзі қорғау сияқты ажырамас құқығын шектемеуге тиіс.

- ЯҚАА-тың құрылуы оған қатысушыларға ядролық жарылатын құрылғыны жасауға немесе оған қандай мақсатта болмасын басқа-да жолдармен қол жеткізуге тыйым салуды лайықты деңгейде қамтамасыз етуге тиіс.

- ЯҚАА жасалуы оған қатысушылардың халықаралық құқық нормаларына сәйкес ұлттық аумағы, ішкі сулары мен әуе кеңістігі, (соның ішінде айлақтарға кіру немесе әуежайларға қонуға) арқылы бөтен мемлекеттің ядролық энергетикалық қондырғысы бар немесе ядролық қару тасымалдаушы теңіз және әуе кемелерін өткізуге тыйым салу немесе рұқсат беру құқықтарын қозғамауға тиіс.

- ЯҚАА құру туралы уағдаластықтар халықаралық құқық нормаларымен бекітілген құқықтарды, әсіресе ашық теңізде жүзу еркіндігі, аумақтық және архипелаг суларында болу құқықтарын шектемеу керек.

Ұлыбритания және Франция. Егер Ресей, Қытай және АҚШ үшін Орталық Азияда ЯҚАА құру болашағы бірқатар геосаяси және геостратегиялық сипаттағы қайшылықтармен үндесетін болса, Ұлыбритания мен Франция болса бұл аймақта негізінен «таза» экономикалық мүдделеріне көбірек көңіл бөледі. Ұлыбритания мен Францияның бастаманы жүзеге асыруға байланысты ұстанымдары негізінен АҚШ сияқты қуатты мемлекетпен атлантикалық одақтастық ынтымақтастығы факторымен анықталып отыр. Оның дәлелі ретінде аталған үш елдің шарт жобасына қатысты ескертулерінің біркелкілігін айтуға болады.

Дейтұрғанмен Орталық Азияда ЯҚАА құру туралы шарт мәтінін келісу барысында Ұлыбританияның ерекше наразылығын тудырған тұсы – 12 бап боп тұр (осы шарттың ҰҚШ-мен сәйкестігі). Лондон 12 бап шарттың бүкіл қызметін бұзады, яғни негізгі мақсатына қайшы келеді деп отыр. Сонымен бірге ЯҚАА туралы шарттың жасалып жатқан аймақтың ашықтығы жөніндегі ережелеріне және оған шекаралас мемлекеттердің ЯҚАА-қа қосылу мүмкіндігіне қатысты британдықтар жағынан «мұнда нақты қай елдер жайлы айтылып отыр?» деген сауал тудырды [6] .

2002 жылы қыркүйекте орталық-азия елдері арасында келісілген шарт жобасын алғаннан кейін Париж де құжатпен мұқият танысып, өз ұстанымын біраз айқындады [7]. Бірден айту керек, осы мәселеге қатысты Франция ұстанымының іс жүзінде АҚШ пен Ұлыбританияның ұстанымдарынан өзгешелігі жоқ десе де болады.

Сонымен, ядролық державалар әсіресе АҚШ, Ұлыбритания және Франция шарт жобасына байланысты айтарлықтай ескертулері бар екендігі анықталды. Соңғылары қарсы болып отырған шарттың ең күрделі тұсы – 12 бап болып тұр. Д. Данапала бұл мәселенің Орталық Азия елдері жасалып жатқан ЯҚАА-та қорғаныс мақсатында ядролық қару пайдаланылмайтындығы жөнінде біржақты мәлімдеме жасаса шешілетіндігіне сенімді. Бірақ олардың шешімін табу ұзақ уақытты талап етеді. Бұл мемлекеттер шартқа қатысқалы отырған республикаларға тиісті қауіпсіздік кепілдіктерін беру туралы мәселеге қатысты шешім қабылдауға асықпайтындықтарын екпін түсіре айтты. Осы үш ядролық державаның пікірінше, олармен шарт мәтінін келісу үрдісі ұзаққа созылуы мүмкін. Осы айтылған сөздерінің дәлелі ретінде олар аймақ елдерімен түпкілікті уағдаластыққа он жыл ішінде қол жеткізілген Раротонга шартын мысал етіп келтірді.

2002 жылы қазан айында Нью-Йоркте Орталық Азия республикалары мен ресми ядролық мемлекеттер өкілдерінің бірлескен кездесуі өткізілді. Кездесу барысында ядролық державалардың өкілдері өздерінің шарт мәтінімен мұқият танысулары қажет екенін айтты. Іс жүзінде ядролық елдер олармен қосымша консультациялар өткізуге және шарт пен оның хаттамасына қол қою ісін ажыратпай, сақтық танытуға шақырды. Орталық Азия елдерінің делегациялары өз сөздерін ядролық державалардың шартқа қатысты келісімі одан арғы жұмыстың негізі болып табылатынын және ядролық мемлекеттердің барлық ескертулері мен ұсыныстары ескерілетін болады дегенге келтірді.

ЯҚАА құру туралы шарт, ядролық қарусыз елдердің ондай қаруды жасамау және қабылдамау жөніндегі міндеттемелерін бекітуді ғана көздемейді, сонымен бірге онда ядролық қарусыз өңірде орналасқан елдерге қарсы ядролық қару қолданбау және қолданамын деп қоқан-лоққы жасамау туралы ядролық мемлекеттердің міндеттемелері де қарастырылады. Көп жағдайда аймаққа қатысушы елдердің міндеттемелеріне қосымша, ядролық қаруы бар барлық елдер өздеріне ЯҚАА мәртебесін құрметтеуге міндеттеме алса қамтамасыз етілетіні мәлім. Түптеп келгенде, бөтен елдің ядролық қаруын өз аумағында орналастырмауға немесе өзінің меншік ядролық қаруын өндіруден бас тартқан елдердің қауіпсіздігі ядролық мемлекеттердің ұстанымына және олардың ядролық қаруды ЯҚАА қарсы қолданбау туралы кепілдіктеріне тәуелді. Қазіргі уақытта ядролық қаруы жоқ елдердің аумағына оны орналастырмау туралы уағдаластықтарға қол жеткізілсе, ол ядролық қарусыз аймақ идеясын жүзеге асыруды жеңілдететін фактор болар еді.

Шарт және оның хаттамасына қатысты ядролық державалар ұсынған түзетулер әжептәуір ұзақ консультацияларды талап етеді. Қазіргі кезде оларды орталық-азиялық бес республика қарастырып жатыр. Құжатқа қол қою мерзімі кейін қосымша анықталады делінді.

2014 ж. 7 мамырда ядролық қаруды таратпау туралы шарттың Шолу конференциясының Дайындық комитеті Үшінші сессиясының аясында Қауіпсіздік кепілдіктері туралы хаттамаға қол қою рәсімі өтті [8]. Қол қою рәсіміне БҰҰ қарусыздану мәселесі жөніндегі жоғарғы өкілі Ангела Канне, сондай-ақ БҰҰ жанындағы Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның тұрақты өкілдері қатысты. "Ядролық бестіктің" Шартқа Хаттамаға қол қоюы Орталық Азия мемлекеттеріне кепілдік беру мәселесі бойынша консультация үрдісінің аяқталғанын білдірді. БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун ядролық мемлекеттер бұл хаттаманы кешіктірмей, ратификациялайтынына үміт артты.

 

Әдебиеттер:

1. Проблема создания в Центральной Азии зоны, свободной от ядерного оружия. - Алматы, 1998. - С. 17.

2. Позиция РК на замечания Р-5 к проекту Договора ЦА ЗСЯО и Протокола к нему // Текущий архив МИД РК за 2002 год.

3. Положение о порядке исполнении и принятия совместных решении о применении сил и средств системы коллективной безопасности // Национальная безопасность: итоги десятилетия. - Астана, 2001. – С. 403-404.

4. Сафранчук И. Создание зоны, свободной от ядерного оружия, в Центральной Азии: что думают в России // Ядерный контроль. – 1999.– №4. - С. 46.

5. Выступление Председателя Комиссии по иностранным делам Народного Политического Консультативного Совета КНР Тянь Цзэнпэя // Международная конференция “ХХІ век: навстречу миру, свободному от ядерного оружия” . – Алматы, 2001. - С.42.

6. Документ Великобритании в отношении зоны, свободной от ядерного оружия в Центральной Азии от 10.01.2003 г. (неофициальный перевод) // Текущий архив МИД РК за 2003 год.

7. Предложения и комментарий Франции к проекту Договора о зоне, свободной от ядерного оружия в Центральной Азии от 09.01.2003 г. (неофициальный перевод) // Текущий архив МИД РК за 2003 год.

8. Ядролық мемлекеттер бестігі Орталық Азия қауіпсіздігінің кепілдігі туралы хаттамаға қол қойды http://www.inform.kz/kaz/article/2656058
1. Problema sozdanija v Central'noj Azii zony, svobodnoj ot jadernogo oruzhija. - Almaty, 1998. - S. 17.

2. Pozicija RK na zamechanija R-5 k proektu Dogovora CA ZSJaO i Protokola k nemu // Tekushhij arhiv MID RK za 2002 god.

3. Polozhenie o porjadke ispolnenii i prinjatija sovmestnyh reshenii o primenenii sil i sredstv sistemy kollektivnoj bezopasnosti // Nacional'naja bezopasnost': itogi desjatiletija. - Astana, 2001. – S. 403-404.

4. Safranchuk I. Sozdanie zony, svobodnoj ot jadernogo oruzhija, v Central'noj Azii: chto dumajut v Rossii // Jadernyj kontrol'. – 1999.– №4. - S. 46.

5. Vystuplenie Predsedatelja Komissii po inostrannym delam Narodnogo Politicheskogo Konsul'tativnogo Soveta KNR Tjan' Czjenpjeja // Mezhdunarodnaja konferencija “HHІ vek: navstrechu miru, svobodnomu ot jadernogo oruzhija” . – Almaty, 2001. - S.42.

6. Dokument Velikobritanii v otnoshenii zony, svobodnoj ot jadernogo oruzhija v Central'noj Azii ot 10.01.2003 g. (neoficial'nyj perevod) // Tekushhij arhiv MID RK za 2003 god.

7. Predlozhenija i kommentarij Francii k proektu Dogovora o zone, svobodnoj ot jadernogo oruzhija v Central'noj Azii ot 09.01.2003 g. (neoficial'nyj perevod) // Tekushhij arhiv MID RK za 2003 god.

8. Jadrolyқ memleketter bestіgі Ortalyқ Azija қauіpsіzdіgіnің kepіldіgі turaly hattamaғa қol қojdy http://www.inform.kz/kaz/article/2656058


Автор туралы мәлімет:

Көшербаев Ж.Д., халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет