Оқытушының абыройы мен мәртебесі

Loading...


Дата02.12.2019
өлшемі172.74 Kb.
Оқытушының абыройы мен мәртебесі
Барша адамзат дамуының шамшырақ тұлғасы және ел мен елдіктің, білім мен біліктің ұйытқысы – ұстаз. Әлемдік деңгейде – педагог, өз ұстанымызда ұстаз ұғымының сипаты, мән-мағынасы қашанда айқын: ол – мазмұны бірыңғай ізгіліктен ғана тұратын кәсіп, ол – ұрпақ пен ұлтқа, адамзат пен болашаққа арналған өмір сүру салты. Тіпті дүниенің асылын іздеп тауып, соны өзгеге үйретпекке ұмтылған жан қалауы.

Міне, сондықтан да шығар, Ел­басының бастамасымен қо­ғам­­ның жіті талқылауынан өткен «Педагог мәртебесі туралы» заң Парламент қарауына түсіп, білім саласының мамандарын ғана емес, күллі халықты жақ­сылықтан үміттендіріп отыр. Өйткені заңның аты – заң. Ол ұстаздар қауымына әрі қорған, әрі ынталандыру болмақ.

Nur Otan партиясы Саяси кеңе­сінің 21 тамыздағы отырысында Елбасы қоғамның бар­лық саласына, соның ішінде өске­лең ұрпаққа, олардың талаптануына, ізденісіне, адал еңбек етуіне жауапкершілікпен қарауды нақтылап айтты. Ұлт көш­бас­шы­сы­ның қойған талабы мен артқан сенімі айқын әрі салмақты деп білеміз. Оны жүзеге асыруда білім саласы аянып қалмасы сөзсіз.

Соңғы жылдарда елімізде жүр­гізіліп жатқан мемлекеттік-әлеу­мет­тік бағдарламалардың мәні мен мақсатына қарасаңыз, көбіне бюджет қызметкерлерлеріне, соның ішінде білім және денсаулық сақ­тау саласы мамандарына бағыш­тал­ғанын аңғарар едік.

Сондай-ақ өздеріңіз көріп-біліп отырғандарыңыздай, кейінгі кезде білімге, мұғалімге қоғам көзқарасы өзгере бастады. Әрине, жақсы жа­ғынан. БАҚ-та да, былайғы өмірде де ұстазға көрсетіліп жат­қан құрметті ескермеу мүмкін емес. Бұл – жақсылықтың нышаны. Бұл – қалыптасқан дәстүрді сыйлау мен қастерлеудің жолы.

Шынтуайтында, бедел – на­рықтық қатынастың емес, адам­шы­лық­тың өлшемі. Ол – мәні терең, тұғыры биік, қалыбы айрықша құндылық. Сондықтан адам да, қоғам да тірнектеп бедел жинайды. Беделсіз адамды да, маманды да ешкім сыйламайды. Оның қоғамда, жұмыс орнында, өз отбасында қадірі жоқ.

Рухани тұлғаларымыздан Жүсіп Баласағұни: «Ізгі атымен ғана ер алғысқа бөленеді» десе, Мах­мұд Қашқари: «Ізгі ердің сүйе­гі шіріп кетсе де, аты өшпейді» деп жаза­ды. Осы ізгіліктің бәрі – ұстаз болмысынан, ұстаз білігінен, ұстаз тәлімінен даритын қасиеттер.

Елбасының: «Халықтың сені­мін ақтаудан артық абырой жоқ, болуы да мүмкін емес» деген тамаша тағылымды сөзі бар. Бұл – ұстаз­дың ғана емес, кез келген ұстамды жанның бағдаршамы. Бұл ретте Президент Қ.К.Тоқаевтың: «Мұғалімнің еңбегі – адамзат игілігімен астасқан өлшеусіз еңбек» деп айтқаны да мәлім.

Еуропаның «авторитет» ұғы­мын тәпсірлеп жіберсеңіз, қазақша «адамгершілік, ар, намыс, қуат, тегеурін, билік» болып шығады. Біздіңше, әлімсақтан ұстаз абыройы осындай болған, қазір де, болашақта да осылай болуы тиіс. Сонда ғана қоғамның береке-бірлік, тәлім-тәрбие, ақыл-парасат өлшемі орнығып дамиды.

Бәзбіреулер «Ұстаздардың өзі ұстаздық атқа лайықты ма?» деп қарсы сұрақ қойып жатады. Рас, «бес саусақ бірдей емес», ондай фактіні де жасырып-жаппаймыз. Бірақ ондайлар кездессе, ұстаз аты мен затына жете алмағанын аңғартпай ма?.. Сол себепті халық қай кезде де – төреші, бағалаушы, сыншы. Біз шын ұстаз туралы және оның мәртебесі жөнінде ой сабақтап отырмыз.

Ұстаз мәртебесі – фило­со­фия­лық, психологиялық, тарихи, әлеу­меттік астары бар қадірлі ұғым және қоғам жауапкершілігін анық­тай­тын өлшем. Педагог тұғыры – қоғам мен мемлекет тұғыры.

Қай мемлекет ұстаздарына қа­­тыс­ты қандай саясат ұстанса, мем­­­­лекеттің беделі де соған сай қа­­­лыптасады. Сондықтан ең бас­ты­­сы, Қазақ елінде мұғалімді қа­дірлеуге байланысты тамаша дәс­түр бар. Қызметтегі, биліктегі бү­гінгі толқын оны ұмыта қойған жоқ.

Сөз жоқ, түптеп келгенде, педагог беделі заңмен емес, қоғамның ар-ұятымен, жауапкершілігімен шегеленеді. Қасиетті «Құранның» өзінде де, біздің мың жылдық дәстүрімізде де ұстазды сыйлау парыз екені ерекше айтылған. Ендеше «Педагог мәртебесі туралы» заңның қорғаушысы да, қолдаушысы да, дәйегі де, мәйегі де – қоғам.

Осыған байланысты мына ой­ды орта­ға салуды дұрыс көрдік.

Бірін­шіден, қоғам немесе бәрі­міз білім ордаларын – мәдениет пен біліктің алаңы деп, ал ұстаз­дар­ды – жол сілтеуші, өнеге рәмізі деп қабылдауымыз шарт. Атқарушы билік те мектепті түрлі саяси науқан кезінде еске алмай, қоғамның күнделікті қайнауы, пісіп-жетілуі деп қарағаны жөн. Аға толқынның имандылыққа ұйып, мешіт жақта жүргені жақсы. Бірақ негізгі болашақ, басты есеп – мек­тептегі жас буында екенін ұмыт­пағаны дұрыс. Сондықтан неме­ресін мектепке жетектеп әкеліп, соның маңында жүйелі әңгіме құрса, қилы жамандықты бірден тыюға әрекет жасаса, ұстаз беделін де, ата-ана ретінде өз беделін де көтереді.

Екіншіден, ұстаздардың сауа­ты, адамшылық бастамалары, қоғам­дық-әлеуметтік қағидаттары шек­теушілікке бармау керек. Бе­дел­ді ұстаз – ашық, демократ ұстаз. Сондықтан сабағыңызға ата-ана, қызыққан адам қатысқысы келе ме – қатыссын. Жиналысыңызда ой айтқысы келе ме – айтсын. Қысқасын айтқанда, барлық оқу орны қоғамнан әрі баға алып, әрі халық айнасынан өзін көре білгені абзал.

Үшіншіден, «нарық және білім ордасы» деген тақырып пыш-пыш әңгіменің емес, қоғам болып кеңесудің өзегіне айналса дейміз. Рас, мемлекеттің мектепке берер немесе бөлер қаржысы аздау болып тұр. Бірақ тәуелсіздіктің 28 жылында тұрғызылған зәулім мектеп ғимараттарын, үлкен қалалардағы бірінен кейін бірі ашылған қазақ мектептерін ұмытпалық. Бұрынғы дәстүрдегі асар, үме, жылу т.б. бар, біз неге нарық кезеңінде білім ордаларына ата-ана, жанашыр, демеуші ретінде нақты көмектесе алмаймыз? Естеріңізге салайық, 20-30 жылдары алғашқы мектептер – жеке адамдардың шым-кірпіштен соққан үйі болатын. Олар мұны сатқан жоқ, саудалаған жоқ, тегін берді. 50-60 жылдары мектептің кірпішін ұжым болып құйып, қабырғасын ел болып көтерді. Нарықтың адамшылық бір амалы – осы. Шүкір, қазір мешіт қана емес, мектеп салып, халыққа сыйлайтын кәсіпкерлер пайда болды. Біз осыған қуанамыз.

Білім саласының өзіндік, кәсіби талай қиындықтары бар. Оқу мен оқытудың шын ма­ғы­­­насындағы еркіндігі мен дер­бес­тігі, бастамаларды қолдау­дың тетік-амалдары әлі де әлсіз­деу. Мектепте де, жоғары оқу орындарында да үлгерім мен бағалаудың қасаң жолынан шыға алмай келеміз. Қағазбастылық пен жалаң есеп жұмысты шідерлейді. Мұны Елбасы да, Президент те, сала басшылары да сынап жүр. Бірақ одан құтылудың тетігі – өз қолымызда.

Білімге қойылатын шарт – нақ­ты ұстаздық талапқа негізделсе дейміз. Шын ұстаз шәкірттерінің алдында ешқашан да жалған, жасанды, жүйесіз әрекетке бармайды. Жалпы әділдік пен тазалықтың бастауы – мектеп. Осы тетік ұмы­тыл­са, қоғам қай жағынан да көштен қалады.

Сонымен бірге ата-ана мен ұстаз арасындағы жауапкершілік шегін, регламентін қоғам болып тал­қы­лап, бір тоқтамға келетін кез әлде­қашан келді. Қоғам, ата-ана мектептің сынаушысы позициясын ұстанса, біз ешқашан алға бас­паймыз. Жоғарыда айттық, Қазақ елі дәстүрінде мектеп немесе білім ордасы – нағыз адалдық алаңы.

Әрине, басты тетік ұстаздың өзінде. Өзін өзі сыйлата білмеген ұстаз оқушы алдына немесе мін­бер­ге шығып, дәріс оқуға мо­раль­­дық құқы жоқ. Сондықтан үне­мі ізденісте жүрген, шеберлігін дәйім шыңдайтын, мәдениеті, адамгершілігі, бар бітім-болмысы жоғары азамат – шәкірттің ғана ұстазы емес, қоғамның ұстазы. Отанымызда ұстаз абыройы артқан сайын, білім мен ғылымның, тәрбие мен мәдениеттің абыройы артатыны сөзсіз.

Дана бабаларымыз балаға бі­лім­­нен бұрын тәрбие берілуі керек екенін мұнан мың жыл бұрын айтып кеткен. Отбасы тәлімі мен елдік тәрбие – білім жүйесінің әрі өзегі, әрі айнасы. Қазақстанның отаншыл ұл-қызын оқытудың мақсаты мен мазмұны жылдан-жылға айқындалып келеді. Атап айтсақ, мақсат – бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыру, ал білімнің мазмұны – елдік тәлім-тәрбие мен адамзат ақыл-ойының інжу-маржаны деп білеміз.

Биылғы республикалық тамыз конференциясында ел Президенті Қ.К.Тоқаев қабылдануы жос­пар­ланған «Педагог мәртебесі ту­ралы» заңда ұстаздарды қол­дау­дың кешенді шаралары қарас­ты­рыл­ғанын, соның ішінде мұғалім жүктемесін азайту, абыройы мен беделін көтеру, материалдық жағ­да­йын жақсарту белгіленгенін қа­дап айтты.

Рас, ұстаз мәртебесі туралы заң қоғамның барлық жігін де бейжай қалдырмады. Барлық жиында, басқосуда бұл тақырыпты айналып өткен адам аз. Біз мұның бәрін – жанашырлық пен жауапкершілік деп ұқтық. Осылай барлық шарада, бастамада халықтың береке-бірлігі арта бергей.

Мұғалімнің беделінің жойылуына не себептер болды, немесе мұғалімнің беделін көтеру үшін мұғалімнің не істеуі керек, оны қалай көтереміз деген сауалдарға әрқайсысымыздың жауап іздейтініміз анық. Мұғалім беделін Кеңес дәуіріндегі келеңсіздіктер әлсіретті деу артықтау болады. Бұл орайда мұғалімдер тарапынан да кетіп жататын, мұғалім атына кір келтіретін жағдаяттар да жеткілікті. Оларға мынларды жатқызуға болады: өз білімін толықтырмайтын, ізденбейтін, өзі оқытатын бала құрлы білімі жоқ кітаптағыны оқып беруден аспайтын немқұрайдылар, сабақ үстінде білім беру орнына бала көңіліне дақ түсірушілер, баланың кішкене кемшілігін түйедей ғып, кекетіп-мұқатушылар, сенің әке-шешең анадай-мынадай деп жәбірлеушілер, тіпті үйіңде не ішесіңдер, қонаққа неге шақырмайсыңдар деп тергейтіндер, менің жұмысымды бітіре салшы деп сабақтан баланы үйіне жіберіп, не жазуын жаздыртып, тіпті сабақ жоспарына дейін көшіртіп жаздыртушылар, олпы-солпы не тар шалбарды киіп алып қалай болса солай баланың алдына тұратын мұғалімдер мен ұшып-қонып жүретін ұрда жықтар баршылық. Ең сорақысы, мектепке арақ ішіп келетіндер немесе көшеде арақ ішіп қызара бөртіп жүретіндер, өсек-өтірік айтатындар, сол сиякты сырт көзге өзін сондай ақылман болып барлық жұмысты тындырып жүрген сияқты болып көрінгенмен, мектеп өміріне аз араласатын жылпостар да кездеседі. Ондайлар өзінен басқаның не істеп жатқанын ешқашан да көрмейді, көргісі де келмейді. Мектеп үшін жанын салып істейтін, мектеп үшін, өз ісі үшін іс тындыратындарды көрсе де көрмейді.

Ал апталық жүктемені ғана біліп, басқа уақытта мектепке жоламайтын, мектеп өміріне араласпайтын, мектептегі жұмысты олар үшін біреу істейтін сияқты көрінетіндер де кездеседі. Ең сорақысы, мұғалімдерге аз талап қоятын, тіпті қоймайтын мектеп басшыларын жақсы көріп, жұмыс талап ететіндерге ала көзбен қарап, әлде біреулерді айдап салып, қарап отыратындар да кездеседі. Кемшілігі айтылса да аттандап, «қырғи қабақ» соғыс пен айғай-шу, арыз жазуды, кір іздеп, қолына «мылтық» берсе атып тастауға даяр ұстамдылық, сабырлықтан ада өз ісіне есеп бере алмайтындар да кездеседі.

Мұғалім мен мұғалім арасындағы келіспеушіліктер, қақтығыстар айлап, жылдап жалғасып, ол ата-анаға, балаға дейін жеткізіліп, ұжым абыройын мұғалім беделін түсірушілер т.б. мұғалім беделіне нұсқан емей, немене?

Бүгінгі таңда ата-ана, жұртшылықтың мұғалімдерді «Ей, соны қойшы»-дейтінін мойындауға тиіспіз. Мұндай жәйсіз жағдайлар барлық мектептерде кездеседі деуден аулақпын, дегенмен әр жерде кездесіп қалып, мұғалім атын артқа тартып, кір келтіретіні шындық.



Мұғалім беделі өздігінен келе салмайды. Бедел мұалім стажына, алған марапаттауына, атақ-даңқына, байланысты болмайды. Бедел мұғалімнің жанқиярлық еңбегі мен адалдығына, білімділігі мен парасаттылығына, сауаттылығына, балаға берген білімінің нәтижелілігіне, елі мен отанын сүйетін адамгершіліген, кеңпейілділігі мен қайырымдылығына, өзі еңбек ететін ұжымдағы орнына, бала жанын танып оны сүйе білетініне, баланың ата-ананың ұстазды жақсы көруіне байланысты болмақ.


Пайдаланылған әдебиеттер


  1. Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру курсының бағдарламасы. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші (базалық) деңгей. ІІІ басылым. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012.

  2. Білім беру қызметкерлерінің Бірінші Республикалық Педагогикалық  оқулары « Педагогтің кәсіби өсуі - білім берудің  жаңа сапасын қамтамасыз  етудің  шарты» баяндамалар жинағы, Алматы, 2013 ж., І бөлім, 482 б.

  3. Мұғалімнің педагогикалық шеберлігі. //Білім әлемі. Алматы., 2004 ж.  №6.


Достарыңызбен бөлісу:
Loading...


©melimde.com 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет

Loading...