ҚҰндылықтар жүйесінің компоненті ретінде рухани қҰндылықТЫҢ Қазақстан қОҒамындағы орны

Loading...


жүктеу 89.6 Kb.
Дата09.09.2017
өлшемі89.6 Kb.
ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІНІҢ КОМПОНЕНТІ РЕТІНДЕ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ҚОҒАМЫНДАҒЫ ОРНЫ
Қазақ халқының философиялық көзқарасы мен ұлттық ой-санасының өркендеуінде рухани құндылықтар ілімінің өзіндік орны бар. Өз кезегінде ұлттың рухани бағдары, негізгі өмірлік позициялары, дүниетанымы да осы құндылықтарға байланысты қалыптасты. Дәстүрлі танымдағы құндылықтар әлемі – адамның рухани әрекеті, рухани байлығы, оның адамгершілік санасының сипатын білдірді. Бұл қоғам мен адамдарға жақсылық пен жамандықты, ақиқат пен адасуды, әсемдік пен сиықсыздықты, әділеттілік пен әділетсіздікті, рұқсаттылық пен тиым салушылықты, мәнді мен мәнсіздікті ажыратуға негіз болды.

Қазіргі қазақ қоғамындағы әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени өзгерістер мен жаңғырулардың үдерісі бұл мәселенің маңыздылығын арттыра түсуде. Осы орайда, рухани құндылықтардың ұлттық негіздерін жаңа қоғамдық қатынастар талабына бейімдеу, оны рухани өмірдің өзегіне айналдыру тек философиялық, дүниетанымдық мәселе ғана емес, сонымен қатар саяси мәселе. Түрлі жалған ұстанымдарды лаңкестік әрекеттермен ұштастырып, рухани құндылықтарды өз қажеттілігінде таныта білмеу қоғамда теріс көзқарас туындатуда. Рухани құндылықтарды өз деңгейінде бағаламау қоғамды аздырады. Ал, адамзат санасын дендеп келе жатқан рухани бостық жалған дүние кеңістігіндегі зұлымдық, менмендік әрекетінен туындайды. Сондықтан демократиялық қоғамның талаптары рухани құндылықтардың ұлттық негіздері мен ерекшеліктерін мәдени-философиялық тұрғыдан зерттеуді қажет етеді.

Бүгінгі таңда рухани құндылықтардың мәнін, маңызы мен ұлттық ерекшеліктерін анықтау ұлттық сана-сезіміміздің бағдар бағыттылығын қалпына келтіруге ықпал етеді. Сондықтан Қазақстан үшін рухани құндылықтар туралы ілім (аксиология) дәстүрлі дүниетаным мен жаңа жағдайға бейімделу кезінде туындайтын құндылықтардың ақиқаты мен жалғанын ажыратудың, ұлттық болмысымызды танудың негізіне айналып отыр. Оның ішінде жастардың ұлтжандылық қасиеттерін рухани құндылықтар аясында қарастыру күн тәртібінен түспей тұр.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Біздің егеменді және тәуелсіз Отанымызда өзіндік құндылықтарымыз бар және оларды сақтап, қорғай білуіміз керек. Бірде бір қоғам және бірде бір мемлекет патриотизм, бейбітшілік пен келісім, әлеуметтік серіктестікпен үйлесімділік, құқықтық тәрбие идеяларын жүргізбестен аяғынан тік басып тұра алмайды» [1] - деген болатын. Яғни Елбасы ұлтжандылық қасиетті тұғыр ретінде ұсынып отыр. Шынында да отаншылдық, өзара түсіністік, бауырмалдық, батырлық, парасаттылық, ой еркіндігі, қайырымдылық, ар-ождан, әділеттілік пен бостандық сияқты құндылықтарсыз қоғамның жеке мүшелері адамдарды да елестету мүмкін емес. Бұлар адамның, оның ішінде жастардың рухани күшінің қайнар көзі, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуында ынталандырушы шарт. Бұл орайда Ә.Нысанбаевтің мына сөзін келтіре кету ойымызды нақтылай түседі: «Адам бойындағы рухани даму мүмкіндігін көрсететін тағы бір жайт – оның айқын өмірлік позициясының болуы. Егер ол тек ғана баюға ұмтылатын, бірақ еліне өз отандастарына қол ұшын беруді, көмектесуді ойламайтын, имандылық пен адамгершіліктен аулақ тұрған болса, қанша кітап оқыса да, бәрібір, ондай адамның руханилығы туралы сөз болуы да мүмкін емес» [2]. Алайда тарих процесс арқылы жалғасып келе жатқан құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа табыстау дәстүрі кеңестік идеология тұсында жолдан шығып қалды. Тоталитарлық жүйенің құндылықтарын зорлықпен санаға сіңіру, адамдардың іс-әрекетімен дүниетанымының өзегіне айналдыру жаппай етек алды. Бәрін бір идеологияға бағындыру нәтижесінде ұлттар дәстүрлі өмір сүру тәсілінен айырылды. Адамның рухани дүниесінен гөрі материалдық бастамалар, қажеттіліктер алғашқы орынға қойылды. Бір ғасыр ішінде жүріп өткен саяси-әлеуметтік өзгерістер, қоғамның экономикалық негіздерінің ауысуы, қолдан жасалған аштық, саяси қуғын-сүргін, халықты жаппай жайлаған үрей, шовинистік саясаттың нәтижесінде жазу үлгілерінің өзгеруі, ұлт тілінің қолданылу аясының тарылуы ұлттық құндылықтардың, яғни халық шығармашылығы – фольклор, мақал-мәтел, эпос жырларымыздың қоғам сұраныстарынан аластатылуы, ұлтжандылық қасиеттің қатты қуғындалуы, ислам дінінің теріске шығарылып, атейстік көзқарастың басты ұстанымға айналуы және тағыда басқа өзгерістер ұлт санасындағы рухани құндылықтарға кері әсерін тигізбей қалмады. Рухани құндылықтарды бағалай білуге әлемді, адамдарды, табиғатты сүю ғана үйрететіндігі естен шықты. Алайда еріксіз істелінген нәрсенің адамнан бәрібір де еріксіз қалатыны, бағаланбайтыны негізделді. Бұл туралы С.Нұрмұратов: «Ақиқатты түсінуге, игеруге болмайды, оны тек таза жүрекпен қабылдау керек, адам сол әлемге ақ ниетпен ұмтылуы қажет» деп жазады[3]. Рухани құндылықтар адамдар жүрегінде сақталып қалды.

Нарықтық қатынастар кезеңінде қазақ қоғамының санасы комунистік идеология мен тоталитарлық жүйе құрған түсініктер мен көзқарастарға толы еді. Оның үстіне нарықтық қатынастарды қалыптастыру кезеңінің алғашқы жылдарында жіберілген ағаттықтар мен кемшіліктер қоғамның рухани және моральдық азғындауына әкеп соқтырды. Дәстүрлі дүниетаным мен нарықтық қатынастар тудырған құндылықтар арасында қайшылықтар пайда болды.

Жоғарыда қарастырған құндылықтар, рухани құндылықтар, құндылықтық сана адамның рухани өмірін, оның қалыптасуын білдіретіндігін атап өттік. Ал енді сол рухани дүние дегеніміз не, оның жеке тұлға қалыптасуындағы орнына тоқталайық.

Адам өмір сүретін әлем салыстырмалы түрде екі үлкен әлемге жіктеледі. Оның алғашқысын материалдық болмыс құраса, екіншісі рухани қатынастар, құбылыстар әлемі. Адамның тұлға болып қалыптасуында шешуші рөл атқаратын сала рухани әлем болып табылады. Әрине, адамның денесі, бітімі табиғаттың үйлесімді заңдылықтарына тәуелді болғандықтан, ол әрқашанда бұл табиғи заңдылықты бұзбауы тиіс.

Бізді табиғат, заттар мен құбылыстар әлемі қоршап тұр. Материалды әлемнің әрбір заты мен құбылыстары өзара байланыс негізінде біздің санамыз бен ойлауымызда сөздік, тілдік көріністер арқылы бейнеленген. Ал, ойлау, сезім, эмоция, қайғыру, бағалау, пікір, көзқарас, қоршаған ортаны тану, өзін-өзі тану және әлемдегі орнын білу, әдемілік, жақсылық пен жамандық идеалы, эгоизм түсінігі, Отанға деген сүйіспеншілік, ата-анаға, бауырларына, туысқандарына мейірімділік сияқты қасиеттер рухани дүниені құрайды.

Адамды адам ететін басты қасиет – рухани дүниесінің дамуы. Бұл дамудың алғышарттарын анықтау үшін тарихқа жүгініп көрелік. Адамзат тарихының бастауларына назар аударсақ – діннің пайда болуы өнерді туындатқан болатын, ал өнермен астарласа білім мен ғылымның негіздері қалана бастаған еді.

Кеңес дәуірінде рухани дүниені біздерге материалдық дүниеден кейінгі немесе оның дамуының жалғасы, жақсара түскен материалдық жағдайдың әрі қарай дамуының жемісі деп танытты. Философиялық және басқа да сөздіктерде бұл дүниенің бастаулары жан мен рух ұғымдарына теориялық негізделген анықтама берілмей келді. 1994 жылы шыққан «Философиялық сөздікте» тәнге, денелік мәдениетке арналған мақала жоқ, ал жан не психика терминінің синонимі, не діни идеалистік ұғым деп түсіндірілді. Жанға жақын түсінік рух туралы былай делінген: «Рух (лат. Spiritus – леп, дем, иіс) – сөздің кең мағынасында - ойлау ұғымымен деңгейлес» . Жан мен рух ұғымдары соңғы жылдары орыс және қазақ тілінде жарияланған мәдениеттанулық басылымдарда кеңінен зерделенген. Осы жерде айта кететін мәселе олардың біртекті екенін білуіміз керек. Ал адам болмысындағы рухани және тәндік бастаулардың арақатынасы туралы мәселе философия мен мәдениет тарыхымызда шешімін таба алмай келеді. Бұл адамның күнделікті өмір тіршілігінде ешкім тәнін тастап кете алмайды деген түсінік қалыптасқан, бұл түсінікке адам рухы арқылы жетеді.

Тек фантастикалық, аңыздық, мифологиялық қиялдарда ғана жан денені уқытша қалдырып, әлемді аралап содан соң қайтадан ене алады. Дегенмен жанның мұндай күйге түсті дегенін күнделікті әңгімелерден естіп білмесек, дәлелденген аксиома жоқ.

Рухани дүниенің тәнмен қатынасы, оның қалыптасып дамуы туралы мәселе әрбір саналы адамды толғандырары анық. Мәселен, Аристотель адам өмірінің барлық игіліктерін үш топқа ( сыртқы, жандық және тәндік ) деп бөлген. Алайда олар өзара байланыста әрекет етеді. Бұл үшеуін дене, адамгершілік, ақыл-ой тәрбиелері тәрбиелеп дамытады . Жан мен тәннің құндылық деңгейін тек олар арқылы анықтауға мүмкіндік жоқ. Осыған ұқсас мәселе қою тәсілін Абайдан да көре аламыз. Ол өзінің 43-сөзінде былай дейді: «Адам ұлылығы екі нәрсе: бірі – тән, бірі – жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили (еріксіз болатын тілек), қайсысы кәсіби оны білмек керек. Ішсем-жесем демектің басы жибили, ұйықтамақта соған ұқсайды. Аз ба, көп пе білсем екен, көрсем екен деген арзу (мақсат, арман), бұлардың да басы жибили. Ақыл, ғылым – бұлар кәсіби...» [4]. Тән мен жанның қызметін ажыратқан, Абай, ойын-күлкі, ішпек-жемек, ұйықтамақ, мақтан, мансапқорлық, дүниеқорлық – жанды аздыратын нәрселер деп есептейді. Бұл мәселе Фарабиде былай көрсетіледі: «сенің болмысың екі табиғаттан тұрады: біріншісі түр, форма, сан мен сапалық қасиетке ие, қозғалатын немесе қозғалмайтын, жайылып бөлшектене алатын субстанция. Екіншісі біріншісінен табиғаты жағынан мүлде басқа, жоғарыдағы атрибуттардың ешқайсына ие емес субстанция. Осы екіншінің мәні тек сана арқылы танылады. Басқаша айтқанда сен екі әлемнің қосындысынан тұрасың: біріншісі ғайып әлемі, екіншісі жаратылыс әлемі. Өйткені рухың – Тәңірдің әмірімен, тәнің оның жаратылыс әлемінен жаратылған [5]. Яғни ұлы ойшыл көзқарасынша тәннің кемелдігі рух, ал рухтың кемелдігін белсенді сана қамтамасыз етеді.

Бұған дейін жан мен рух көбінесе діни-мәдени дәстүрде талқыланып келді. Бұл дәстүрде жан дегеніміз адамның рухани мәні, оның тұлғалық қасиеттерін айқындайтын күш ретінде анықталады. Мәселен Виссарионның қазіргі діни ілімінде («Соңғы өсиет») жан деп адам туа сала оның тәніне енгізілетін мәңгі құдайлық табиғаттың рухани бастауын айтады. Осы арқылы адам өзіне құдайлық құндылықтарды (жақсылық, игілік, қайырымдылық, махаббат, әсемдік т.б) қосып алады. Міне осы жерден руханилық мәселесі келіп шығады. Себебі адамның адамдығы интеллект, ақыл, зердемен ғана шектелмейді. Тек ақылды болып, рухсыз болу жеткіліксіз. Бұл үшін адам өзін рухани жағынан дамытуы керек. Руханилықтың ең негізгі өлшемдерінің бірі – адамның жақсылыққа қарай талпынысы. Ал кез келген мақсатқа қарай ұмтылыс жақсылыққа қарай барар жол емес. Өйткені, «мақсат – оған жетуге тиісті құралды ақтайды» деген қағида адами өлшем тұрғысынан теріс түсінік болып табылады. Жақсылық жасай білу – адамды адам еткен іс-әрекеттердің бірі, ол руханилықтың құрылымын қалыптастырушы өнердің бірі. Қоғамдағы әділдікті ешқашанда күштеу, зорлау арқылы жүзеге асыруға болмайды.

Ал руханилық дегеніміз, ғалым І.Ерғалиевтің анықтамасы бойынша, барлық әлемге (макрокосмосқа) эквивалентті (тең деп айтуға болады) адамның микрокосмостық универсуммен (космоспен) жіктелмейтін үйлесімділік тұтастығы. Универсуммен бұл үйлесімділік тұтастығын адам ең жоғары ерекше формаларда сезініп, онымен айрықша бірігіп, ырғақты күйге бөленеді. Адамның өзінің космоспен (универсуммен) үйлесімділік тұтастығын сезінетін, соған реалды енетін осы күйін руханилық деп атауға болады [6]. Бір айта кететін жай, адам рухы өзін қоршаған ортасында алғаш танысқан құндылықтар және дүниетанымды ұстындармен тұтастану арқылы өзіндік болмысына қайтып келеді. Осы ойды негізге алсақ, барлық адамдардың рухтық әрекет ету бастаулары бірдей, бұл оның бір жаратушыдан таралғандығын білдіреді. Жер шарының әр жерінде оқшаулықта пайда болған адамдардың рухани мәдениеттік ұстындық түпнұсқалары ұқсас. Мысалы, адамзат қауымдастықтары жасаған көптеген мәдениеттің өзіндік ерекшеліктері мен ортақ белгілерін зерттеген АҚШ әлеуметтанушысы Дж. Мердон 60-тан аса мекенде мәдениеттің барлық барлық қауымдастықта кездесетін ортақ белгілерін көрсетті. Олар: тіл, дін, еңбек құралдарын жасау, сексуалдық ұстамдылық, спорт, сыйлық тарту үрдісі, символдар т.б. Осы жөнінде С.Нұрмұратов өз зерттеуінде: «Адамдар бірінің тілін түсінбесе де, дінін, саяси жүйесін жүйесін қабылдамаса да, өзара жақындастырушы, біріктіруші күштің әрқайсымыздың ішімізде екенін сезеді» - дейді[3.20]. Ол күш рухани құндылық. Рухани құндылық махаббаттың жемісі. Ал махаббат адамды жарқын болашаққа, мақсат, мұратқа жетелейді. Мұны біз Қ.А.Ясауидің:

Ия, достар, пәк махаббатты мақсат еттім,

Бұл дүниені дұшпан тұтып жүрдім міне, – деген хикметінен аңғарамыз[7]. Ал А. Құнанбаев: «Адамшылықтың алды махаббат, ғадалет сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ» – дей келе асыл сезімді жүректе мәңгі сақтап, өмірге арқау етуді өсиет етеді[4.35].

Жеке тұлға руханилығын дамытып ғана өз өмірін үйлесімдендіре түседі. Ол өз жанының сыртқы көрінісі –рухының арқасында биікке көтеріле алады. Рухани дүние тұлғаның дүниетанымымен, іс-әрекетімен тікелей байланысты. Адамның өз бойындағы барлық жақсы қасиеттерін әлемге паш етуге дайындығы, яғни ақылын, дарынын, қабілетін, шеберлігін, ішкі нұрын, жүрек жылуын адамдарға, табиғатқа, ғаламға беруге ұмтылуы – рухани дүниенің бір келбеті.

Рухани дүниенің дамуы – ол күнделікті өмірлік асулардан асам деген атқа лайықты түрде өте білу. Сондықтан, үнемі, үздіксіз дамуда болу керек. Міне, осы мәселе жөнінде Индира Зарипованың ойлары көңіл аударарлық. Ол өз ойын былай тұжырымдайды: «Адам әрбір күннің әрекетімен қайта-қайта жаңғырып отырады деген ойға үйрену оңай емес. Біздің қалыптасуымыз – түкке тұрмаушылықтан ұлылыққа дейінгі жолды қайта-қайта өтуден тұрады. Қайта-қайта құлдырау мен асқақтау. Бұндай қалыптасусыз біз тірі емеспіз». Міне осы қалыптасудың негізгі өзегі – адамдардың өзінен басқа әлемге деген қарым қатынасы. Дүниедегі кез келген адамды өз жақынындай қабылдай алған, оған өз бойындағы ыстық ықылас – махаббатын сыйлай алған адам нағыз рухани дамудың жолына түскен адам. Ал, болмысқа басқаша көзқараспен қараушылық – прагматистік әр түрлі есеп көздеуден құрылған қадам болып табылады.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Назарбаев Н. Тарих толқынында - Алматы: Атамұра, 1999.

2. Нысанбаев Ә. Қазақстан. Демократия. Рухани жаңару. Қазақстан. Демократия. Духовное обновление. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1999.

3. Нұрмұратов С. Рухани құндылықтар жүйесі әлеуметтік-философиялық талдау. – Алматы, 2000.

4. Құнанбаев А. Қалың елім қазағым. Шығармалары. –Алматы: Жалын, 1995.

5. Айталы А. Ұлттану /Оқу құралы. – Алматы: «Арыс», 2000.



6. Ерғалиев. Руханилық – онтологиялық проблема ретінде. Саясат журналы. 1999.

7. Ясауи Қожа Ахмет. Даналық кітабы. Аударған Ж.Әбдірашев. Шымкент, 1993 жыл
: sites -> default -> files -> publications
publications -> Мысыр араб республикасының лаңкестікке қарсы күрес жүргізу тәжірибесі
publications -> Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа қатысты ядролық державалардың ұстанымы Аңдатпа
publications -> Ғылыми жетекші: Омарова А. К. «Қаржы» кафедрасының оқытушысы
publications -> Қазақстан Республикасының экологиялық жағдайы
publications -> Профессор Қ. Жұбанов және қазақ терминологиясындағы мәселелер
publications -> Интерактивті маркетингтің артықшылықтары мен кемшіліктері
publications -> Экология ғылымы және негізгі бөлімдері. Мақсаты
publications -> Экология ғылымы және негізгі бөлімдері. Аплатин Қарақат Ақпараттық жүйелер-16 тобының студенті
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> МӘС бөлімінде куәландыру (қайта куәландыру)тәртібі


Достарыңызбен бөлісу:
Loading...


©melimde.com 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет

Loading...