Н. С. Молдабекова Бастауыш мектептегі сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуда ұтымды әдіс-тәсілдерді қолдану бүгінгі күннің білім сапасын көтерудің өзекті мәселелерінің бірі. Себебі әдістері дұрыс іріктеп қолданылған сабақ

Loading...


жүктеу 86.1 Kb.
Дата29.04.2017
өлшемі86.1 Kb.
САУАТ АШУДА ОҚЫТУДЫҢ ҰТЫМДЫ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІН ҚОЛДАНУ

Н.С. Молдабекова

Бастауыш мектептегі сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуда ұтымды әдіс-тәсілдерді қолдану – бүгінгі күннің білім сапасын көтерудің өзекті мәселелерінің бірі. Себебі әдістері дұрыс іріктеп қолданылған сабақ – білім мазмұнын сапалы меңгертудің негізі. Бастауыш мектеп мұғалімі сауат ашудың әліппе кезеңінде әдістерді орын-орнымен қолдана білсе, оқушының білімді игеруі, қазақ тілінің дыбыстары мен әріптерін меңгеруі қарқынды жүретіні белгілі. Бұл жөнінде ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлының: «Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс жоқ. Олақтықтың белгісі – бір ғана әдісті болу; шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу; әдісті көп білуге тырысу керек, оларды өзіне сүйенетін қолғабыс нәрсе есебінде қолдану керек», – деп сабақта әдіс-тәсілдерді дұрыс қолданудың қаншалықты маңызды екенін ескертеді.

Қазақ тілін оқытуда оқыту әдістері жайлы А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Сарыбаев, Қ.Жұбанов, Ғ.Бегалиев, Т.Шонанов, Д.Әлімжанов, Х.Арғынов, С.Рахметова, Ф.Оразбаева, Р.Шаханова, А.Қыдыршаев, Г.Уаисова, Ә.Жұмабаева, Н.Құрманованың еңбектерінде жан-жақты қарастырылған.

ХІХ ғасырдың орта тұсында әлемдік педагогикада балалардың сауатын ашуға бірнеше әдістер қолданылған. Олардың алғашқысы «Жакота әдісі», ол сауат ашуда қолданылатын дыбыстық - аналитикалық әдіс, екіншісі, «Стефани әдісі». Неміс педагогы Г.Стефани қалаған сауат ашуда қолданылатын дыбыстық - синтетикалық әдіс, үшіншісі, «Толстой әдісі», бұл орыс елінің ғұламасы Л.Н.Толстой негізін қалаған дыбыс есту немесе буын есту әдісі, төртіншісі, дыбыстық талдау - жинақтау әдісі. Осы талдау - жинақтау әдісі бүгінгі күнде әліппе кезеңін оқытуда қолданылады. Бұл әдіс бойынша сауат ашудың әліппе кезеңінде оқушыларға алғаш дыбыстар үйретіліп, кейінірек осы дыбыстарды біріктіру арқылы сөздер оқытып, сөздерден сөйлемдер құрастырылады. Бұл синтез. Осы сөздерден буынды, буыннан дыбыстарды тапқызып, оларды айтқызу талдауға жатады.

Сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуда қолданылатын талдау - жинақтау әдісін қазақ тілін оқыту әдістемесінде тұңғыш пайдаланып, осы әдістің ұтымды екенін көрсеткен ғалым – А.Байтұрсынұлы. Ол «Ана тілінің әдісі» атты мақаласында сауат ашу кезеңінде қолдануға тиімді әдістерге жалқылаулы, жалпылаулы, жылқылаулы - жалпылаулы әдістерді жатқыза келе, бұл тұрғыда былайша ой қорытады: «1.Кей әдістердің негізі қосу, жинау болады, ол негізді әдістер жалпылау немесе жиылыңқы әдіс деп аталады. 2. Кей әдістердің негізі талдау, айыру болады, ол негізді әдістер жалқылау немесе айрыңқы әдіс деп аталады. 3. Кей әдістердің негізінде қосу да, айыру да болады. Ондай әдістер жалқылаулы - жалпылаулы немесе айрыңқы - жиылыңқы әдіс деп аталады».

А.Байтұрсынұлы өзінің еңбектерінде жалқылаулы, жалпылаулы, ойын, зерттеу, сұрақ-жауап, салыстыру әдістерінің қолдану жолдарын көрсеткен. Сол кезеңдегі қазақ елінің біртуар азаматтары Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Т.Шонанұлы, Қ.Кемеңгерұлы қазақ тілін оқыту әдістемесінде әдістердің дамуы мен қалыптасуына өзіндік үлес қосып, оқыту үрдісінде қолдануға ыңғайлы әдістерді өз пікірі тұрғысынан таниды. Мысалы, Ж.Аймауытов талдау, жалқылау, жалпылау, сұрақ-жауап, әңгімелесу, түсіндіру, көрнекілік, іздендіру, т.б. әдістерді айқындаса, М.Жұмабаев көрнекілік, көшіру, көрініс қойдыру, әңгіме және т.б. әдістерді тиімді деп санаған. Т. Шонанұлы зерттеу, аудару, салыстыру, талдау және т.б. әдістерді, Қ.Кемеңгерұлы үйлестіру, әңгіме және т.б. әдістерді жіктеп көрсеткен.

Келесі ғалымдар тобы қазақ тілін оқыту әдістемесінде әрбір әдістің қолдану жолдары мен сабақтың қай уақытында, қандай мақсатта пайдалануға болатыны туралы тұжырымдар мен жаңа пікірлер келтірген. Ғалымдардың көрсеткен әдістері қазіргі күні оқыту үрдісінде кеңінен қолданылып, осы әдістер негізінде жаңа әдістердің пайда болуына, дамуына себепші болды.

Әдістерді жіктеу классификациясын: Д.Әлімжанов, Ы.Маманов салыстыру, индукция - дедукция, баяндау, әңгімелесу, жаттығу, көрнекілік, т.б. әдістері; А.Әбілқаев оқушылардың білім алу кезеңіне қарай – мұғалімнің сөзі, әңгіме, көрнекілік, жаттығу; оқушылардың қатысу дәрежесі мен сыныбына қарай – актив-пассив, тапсырманы орындау; оқушылардың жұмыс сипаты мен орнына қарай – бақылау тапсырмалары, жұмысты жазбаша орындау, жұмыстың ауызша орындалуы деп әдістерді оқушының білім алу, тапсырманы орындау жұмыстарына қарай екшеп, саралаған. Ә.Исабаев қазақ тілін педагогикалық жақтан үйрету әдістеріне: қазақ тілін әдебиет материалдарымен байланыстырып өту, түсініксіз сөздерді үйрету, диалогтық және монологтық сөйлеуді үйрету, ауызша түсіндіру, ауызша мазмұндау және мәнерлеп оқыту әдістерін; қазақ тілін теориялық жақтан үйрету әдістеріне: әңгіме, хабарлау, тәжірибе, түсіндіру және кітапты пайдалану әдістерін; қазақ тілін теориялық - практикалық жақтан үйрету әдістеріне: талдау, тілдік материалдың түрін өзгерту, мазмұндау, сөйлем құрау, шығарма, көшіру, диктант жаздыру әдістерін; С.Рахметова оқыту әдісіне белгілі бір пәнді оқыту барысында оқушылардың әрекетін ұйымдастыру деген анықтама бере отырып оларды былай топтайды:



  1. Балалардың оқу-таным әрекетін ұйымдастыру және оны іске асыру әдістері. Оған сөздік, көрнекілік және практикалық әдістер (олар қабылдау мен есте сақтауға негізделеді); дедуктивтік әдістер (логикалық ойлауға негізделеді); өздігінен орындау, мұғалімнің басшылығымен орындайтын әдістер (қиялға, ерікке негізделеді) жатады.

  2. Оқу-таным әрекетіне түрткі (мотивация) жасау, әсер ету әдістері. Бұл топта балалардың қызығу мүддесін туғызу, зейінін жинақтау және оқуда борыш, жауапкершілік туғызу әдістері қарастырылады.

  3. Оқу-таным әрекеттерінің тиімділігін тексеру әдістеріне ауызша тексеру, жазбаша тексеру, лабораториялық-практикалық тексеру және өзін-өзі тексеру әдістері енеді.

Ғалымдардың көрсеткен, жіктеген әдістері белгілі бір сабақтың мақсаты мен міндеттеріне қарай қолданылғанда ғана тиімді болып саналады. Сондықтан сауат ашу кезеңінде мұғалім әдістерді саралап, тиімділігін болжап қолданғаны жөн. Қазіргі кезеңде оқушының өздігінен ізденуі, шешім шығаруы, өз пікірін дәлелдей алуы олардың жеке тұлғалық қабілеттерінің дамуына, ең бастысы оқуға, пәнге деген қызығушылықтарының артуына, тапсырмаларды өз бетінше орындауына, пәнді меңгеруге ынтасының оянуына игі ықпал ететін әдістер көптеп кездеседі. Бұл әдістер оқушының білімді сапалы меңгеруіне, дыбыстардың өзіндік ерекшеліктерін тануына, шығармашылық қабілеттерінің дамуына игі әсер етеді. Мысалы,

Н.Құрманова:



  1. Грамматикалық талдау бойынша

  2. Модельдеуді меңгеру.

  3. Текспен жұмыс істеу барысындағы талдау.

  4. Логикалық ойлауды дамыту бойынша.

  5. Танымдық белсенділігін арттыруға арналған әдістер, деп шығармашылық сипаттағы тапсырмалар жүйесін орындау әдістерін белгілесе, И.Я.Лернер мен М.И.Скаткин:

  1. Объяснительно-наглядный.

  2. Проблемный.

  3. Частично-поисковый.

  4. Исследовательский.

М.Н.Махмутов:

  1. Методы преподавания.

  2. Методы учения.

В.Оконь:

  1. Методы ассимиляции знаний.

  2. Методы самостоятельного освоения знаний.

  3. Методы эмоционально-художественной активности.

  4. Практические методы әдістерін оқыту үдерісінде қолдану арқылы тиімді нәтижеге қол жеткізуге болатынын атап көрсетеді.

Бастауыш мектепте сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуда қолданылатын әдістерге қатысты бірнеше зерттеу жұмыстарында (С.Рахметова, Г.Уаисова, Ә.Жұмабаева, Б.Қабатай және т.б.) аналитикалық-синтетикалық әдісі негізінде дыбыстарды созыңқырап қосу, табиғаттағы дыбыстарға еліктеу, ұқсас сөздерді тапқызу, сөздегі дыбыс, буын санын үдету, дыбыстарды, сөздерді салыстыру, дыбыстардың орнын ауыстыру арқылы жаңа мағыналы сөз жасату, алақанды иек астына қою арқылы буын жігін тапқызу, ойын әдістерінің ұтымды екені дәлелденген.

Алайда бұл зерттеулер бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты болып, сауат ашу кезеңінде қолданылатын әдістер жөнінде толық мағлұмат бермейді. Сауат ашу барысында қолданылатын әдістер оқушылардың продуктивті ойлауын дамытуға, дамыта оқыту тапсырмаларының мазмұны оқушылардың танымдық қызығушылығын жетілдіруге, балалардың «жақын даму аймағына» әсер етіп, дамытуға негізделуі керек.

Бастауыш мектепте сауат ашудың әліппе кезеңін оқыту жүйесін жетілдіруде дамыта оқытуға негізделген сабақтарда талдау, жинақтау, талдау-жинақтау, жаттығу, ойын, салыстыру, нақтылау, жалпылау, жұптап оқыту, т.б. әдістер жиі қолданылады.

Талдау әдісі – сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуда жиі қолданылатын тиімді әдістердің бірі. Бұл әдіс бойынша сабақтарда оқушылар заттар мен құбылыстардың өзіндік айырмашылықтары мен ерекшеліктері туралы әрдайым жұмыс жасап, суреттерден, сөйлемдер мен сөздерден өздеріне қажетті дыбысты табуға ұмтылады. Орынды және дұрыс қолданылған талдау әдісі арқылы сабақтың алдына қойылған мақсаты мен оқушылардың дыбыстардың өзіндік ерекшеліктерін сапалы меңгеруіне қол жеткізуге болады. Талдау әдісі арқылы оқушыларға дыбыстарды дұрыс айтуға дағдыландыруға ерекше назар аударылып, дұрыс жолға қойылады.

Жинақтау әдісі – оқушылардың әріптер мен буындарды дұрыс оқу біліктері мен дағдыларын қалыптастыруда, сөздерді, сөйлемдерді тіркестіріп оқуда қолданылады. Бұл әдісті қолдануда оқушылардың өткен дыбыстарды қатыстырып, мағыналы сөз құрауға, өтілген дыбыстар төңірегінде ғана бір немесе екі буынды сөз құрауға, әріптердің жазба және баспа түрлерін ажыратуға, буындарды тіркестіріп дұрыс оқуға үйрету жұмыстарына басты назар аударылады. Жинақтау әдісі арқылы оқушылар өтілген дыбысты тіркестіріп сөз құрауға, сол сөздерден сөйлем құрауға үйренеді.

Жинақтау әдісін қолдану арқылы оқушылардың дұрыс оқу, сөзді, сөйлемді құрау біліктері мен дағдылары қалыптастырылады.



Талдау - жинақтау әдісі бойынша оқыту үрдісінде оқушылар әрі талдау, әрі жинақтау әдістерін қатар орындайды. Бұл әдіс оқушылардың таным әрекетін белсендіруге, өзіндік шешім шығаруға, алдарында тұрған проблеманы өздігінен шешуге баулиды. Талдау - жинақтау әдісіне негізделген тапсырмаларды орындау барысында оқушылар талдау, жинақтау, қорыту, ізденімдік, шешім шығару, шешімнің дұрыстығына көз жеткізу секілді әрекеттер орындайды. Осы әдіс арқылы оқушылар берілген әріптерді таңдап қосу, оқу, дауысты не дауыссыз дыбыстарды өзара дұрыс тіркестіру арқылы буын не жаңа мағыналы сөз жасау, дыбыстардың тіркесу жолдарын анықтау, әріптерді қосу арқылы шыққан сөздің мағынасын түсіндіру, шешімдерінің дұрыстығына көз жеткізу, өтілген дыбыстың дауысты не дауыссыз екенін айқындау, дыбыстардың өзіндік ерекшеліктерін меңгеру секілді білік, дағдыларға ие болады.

Сауат ашудың әліппе сабақтарында талдау - жинақтау әдісін қолдану арқылы оқушылар сөздерді, сөйлемдерді талдайды, өтілген тақырыптар бойынша білімдерін жинақтайды, ой қорытады, шешім шығарады. Өз шешімінің дұрыстығына көз жеткізеді.



Жаттығу әдісі бойынша сауат ашудың әліппе кезеңіндегі сабақтардың қай- қайсысында болсын оқушыларды дыбыстарды дұрыс айтуға, бірнеше қайталап, дыбыстарды өзара орынды тіркестіруге, сөздерді құрастыруға жаттықтырады. Сауат ашудың әліппе кезеңінде берілетін жаттығулар оқушылардың өздігінен іздену дағдыларын шыңдайды, проблеманы дұрыс шешуге, өз бетімен білім алуға дағдыланады. Жаттығу әдісі арқылы оқушылар қазақ дыбыстарының айтылуындағы, жасалуындағы және қолданылуындағы өзіндік белгілерін анықтауға, танымдық белсенділіктерін жетілдіруге үйренеді.

Ойын әдісі – оқыту барысында оқушылардың өтілген материалдарды сапалы меңгеруіне олардың эмоциялық жай - күйін көтеруіне игі әсер етеді, олардың сабақтағы белсенділігі көтеріліп, өтілген материалдарды саналы меңгерулеріне қол жеткізуге болады. Мектеп есігін алғаш ашқан балалардың әрекеттерінің негізгі түрі – ойын әрекеті, әлі оқу әрекетіне ұласа қоймаған кезі. Сондықтан олар сабақта ойын әдісін пайдаланғанда бірден қуанып, көңілденеді, белсенділіктері, қызығушылықтары күшейеді. Бұл әдіс оқыту үдерісін қызықты ұйымдастыруға көмектесіп, әрбір оқушыға сабақтың тартымды болуын қамтамасыз етеді. Ойын элементтері қарастырылған жаттығулардың барлығы дерлік оқушыларға қызықты, бір-бірімен жарысатындай етіп құрылды. Сауат ашудың әліппе сабақтарында қолданылған ойындардың мақсаты, ережесі, барысы, қызметі мен уақыты айқындалды. Ойын әдісін сабақтың басында, ортасында, аяғында да қолдануға болады. Сабақтың қай кезеңінде қолданылуына қарай, оның мақсаты өзгеріп отырады.

Тест әдісі – сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуда балалардың игерген білімдерін тексерудің ұтымды әдістерінің бірі. Тест әдісін қолдану арқылы мұғалім оқушылардың білімін тексереді, балалардың өтілген материалдарды игергені туралы болжам жасап, қолданылған әдістеменің тиімділігін анықтайды. Сонымен қатар балалар тест жұмыстары арқылы өздігінен жұмыс істеуге үйренеді, оқу материалдарын еске түсіреді, сұрақтарға дұрыс жауап беруге үйренеді, сонымен қатар тест жұмыстары арқылы оқушылар өздерінің білімдерін дербес тексеріп, шешімдеріне сыни тұрғыдан қарау дағдылары қалыптасады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. –Алматы: Ана тілі, 1992, –448б.

  2. Рахметова С. Қазақ тілін оқыту методикасы. –Алматы: Ана тілі.– 184 б.

  3. Құрманова Н. Қазақ мектептерінде сөз тіркесі синтаксисін дамыта оқыту технологиясының ғылыми-әдістемелік негіздері. пед.ғыл.докт. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. –Алматы, 2004. –369 б.

  4. Исабаев Ә. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. –Алматы: Қазақ университеті, 1993. –160 б.

  5. Лернер М.Я. Дидактические основы методов обучения. – Москва: Педагогика, 1981. –83 с.

  6. Әлімжанов Д., Маманов Ы. Қазақ тілін оқыту методикасы. – Алматы: Mектеп, 1996. –248 б.

  7. Әбілқаев А. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы: Санат, 1995. –120б.

: sites -> default -> files -> publications
publications -> Мысыр араб республикасының лаңкестікке қарсы күрес жүргізу тәжірибесі
publications -> Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа қатысты ядролық державалардың ұстанымы Аңдатпа
publications -> Ғылыми жетекші: Омарова А. К. «Қаржы» кафедрасының оқытушысы
publications -> Қазақстан Республикасының экологиялық жағдайы
publications -> Профессор Қ. Жұбанов және қазақ терминологиясындағы мәселелер
publications -> Интерактивті маркетингтің артықшылықтары мен кемшіліктері
publications -> Экология ғылымы және негізгі бөлімдері. Мақсаты
publications -> Экология ғылымы және негізгі бөлімдері. Аплатин Қарақат Ақпараттық жүйелер-16 тобының студенті
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> МӘС бөлімінде куәландыру (қайта куәландыру)тәртібі


Достарыңызбен бөлісу:
Loading...


©melimde.com 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет

Loading...