Мектепте бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің негізгі дидактикалық принциптері



жүктеу 87.75 Kb.
Дата13.06.2017
өлшемі87.75 Kb.
Мукалиева Б.Х (Қ.Р.) аға оқытушы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

(Қазақстан, Қостанай қ)
МЕКТЕПТЕ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ НЕГІЗГІ ДИДАКТИКАЛЫҚ ПРИНЦИПТЕРІ

Бейнелеу өнеріне оқыту әдістемесінің мазмұны педагогика ғылымына негізделіп құрылады. Соның ішінде бейнелеу өнерін оқытуда педагогика ғылымы зерттеп, көрсетіп берген дидактикалық принциптерді басшылыққа ала отырып, жұмысты ұйымдастыру үлкен нәтиже береді, оқыту мен тәрбие беру процесін ғылыми тұрғыда жүйелендіреді.

Ал енді оқыту мен тәрбие берудегі дидактикалық принциптерге келетін болсақ, ол оқытуға қойылатын талаптардың белгілі жүйесі. Оқыту жүйесінің заңдылықтары оның принциптерінде бейнеленеді. Принцип - латын сөзі, "негізгі", "бастапқы" деген ұғымды білдіреді.

Сонымен, мұғалім өзінің педагогикалық тәжірибесінде мынадай дидактикалық принциптерді ұстанады.

Оқу барысында игерілетін әр тақырып, әр мөселе ғылыми дәлелдерге негізделіп берілуі керек, ол оқушылардың қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстар туралы шынайы көзқарасының, дүниетанымдың және адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына әсер етеді. Сондықтан да оқыту әдістемесінің негізінде гылымилық принцип орын алуы тиіс.

Бейнелеу өнері мұғалімінің міндеті - бейнеленуші табиғат көрінісінің немесе нәрсе құрылысының заңдылықтарын және оларды жазықтық бетінде бейнелеу заңдылықтарын түсіндіріп көрсету арқылы оқушылардың сурет салу барысында ойлану дағдысын қалыптастыру. Ол оқушылардың бейнелеу өнері пәнін басқада математика, дүниетану сияқты адамның жан-жақты дамуына әсер ететін ғылыми танымдық пән ретінде тануына мүмкіндік жасайды. Суретті тұрғызудағы перспектива заңдылықтарын әңгімелей отырып, оқушылардың жұмыс барысында сызықтық, кеңістіктік перспективалардың сақталуын қадағалап, талап етеді. Заттардың құрылысына талдау жасап, оқушылардың оны бейнелеуде пайдалана білуі қадағаланады. Оқушылардың сурет салу мақамы әр түрлі болуы мүмкін, бірақ бейнені қағаз бетіне орналастыру, кеңістікті, көлемді көрсету, пропорцияны сақтау талаптары сақталуы тиіс, өйткені ол сурет салудың ғылыми дәлелденген негіздері болып табылады. Қоршаған орта шынайылығын көркем қабылдау барысын ғылыми негізсіз ұйымдастыру мүмкін емес. Осыған орай П.П. Чистяков: "Жоғарыда, шынайы живопись өнері ғылымсыз күнелтуі мүмкін емес, ғылымның ең биік көрсеткіші өнерге айналады", - деп жазған болатын. Белгілі суретшілердің өз іс-тәжірибесінде ғылымды кеңінен пайдаланғандығын тарихтан білеміз, оған Леонардо да Винчи, Дюрер т.б. әйгілі суретшілердің перспектива, пропорция, анатомия жөніндегі ғылыми зерттеу жұмыстарын атап айтуға болады. Олардың бейнелеу өнерінде ашқан кейбір ғылыми жетістіктері қазіргі кездегі оқыту әдістемелерде кеңінен пайдаланылып келеді.

Танымдық ғылыми мәліметтер, әсіресе, тақырыптық бейнелеу, сәндік сурет және көркем құрастыру сабақтарында оқушылардың композиция жасауда шығармашылық жұмыстарын ғылыми дәлелдерге сүйене отырып, ойланып бейнелеуіне мүмкіндік жасайды.

Өнер тарихында белгілі орын алған П. Пикассо, С. Дали т.б. дәстүрлі емес бейнелеу өнері нақыштары мен өлемге әйгілі шығармалар қалдырған суретшілердің тақырыпты ашудағы қолданған композициялық шешімі мен бейнелеу нақышын таңдап алудағы әсер етуші сыртқы (қоғамдық сана, идеология, тарих) және ішкі (суретшінің философиялық дүниетанымы, шығармашылық шеберлігі, таланты т.б.) күштер жөнінде ғылыми зерттеулерді әңгіме етуге болады.

Заттан қарап сурет салу сабақтарында оқушылар затты байқап, танып жазықтың бетіне сыртқы бейнесін бейнелеп қана қоймай, оның қаңқасының құрылысын да зерттеп таниды. Мысалы, текшенің (куб) бейнесін жазықтық бетіне бейнелеместен бұрын оқушы бірінші оның көлемін анық байқап, оның негізгі қырларын және сол қырлар құрап тұрған жазықтық беттердің кеңістікте орналасу бағытын дұрыс қарап, жалпы текшенің сызықтық құрылысын елестетіп, тек содан кейін ғана жазықтық бетіне көмекші сызықтар арқылы бейнелей бастайды.

Мұғалім осылай текшені сыныпқа көрсетіп, оның құрылысымен танысып, зерттеуге мүмкіндік жасаған соң оны бейнелеуді тапсырса, онда оқушылар өз мүмкіндігінше жазықтың бетінде текшенің көлемін көрсетіп бейнелеп шығады.

Ал егер оқушыларға ешқашан көрмеген нәрсені бейнелеу тапсырылса, онда оқушылардың көпшілігі зат бейнесін жазықтық бетінде дұрыс көрсете алмайды. Өйткені олардың санасында көрмеген затқа байланысты образдың елесті құрастыру қиынға түседі. Кез келген зат бейнесін жазықтық бетіне дұрыс түсіру үшін, алдымен бейнелеуші сол заттың құрылысы, көлемі, қоршаған ортадағы орны, дүниетанымдық мәні жөнінде білікті болуы қажет екендігін айтуға болады. Бейнеленуші зат жөніндегі біліктілік оқушының сол затты жазықтық бетіне бейнелеуді саналы түрде ойланып, заттың сыртқы бейнесін ғана емес, сонымен қатар ішкі құрылысын да елестете сезінуіне мүмкіндік жасайды. Осыған орай ұлы Микеланджело "Суретші қолмен емес, баспен салады" деген болатын.

Сонымен, адам баласы бейнелеу арқылы қоршаған әлемді таниды және оны зерттейді. Қоршаған орта шындығын тану, қабылдау ғылымға және өнерге негізделуі қажет.

Бейнелеуге мектепке дейінгі және төменгі сыныптар оқушылары үнемі үлкен құлшыныспен, ынтамен қатысып, ал сынып сатысы жоғарылаған сайын бейнелеуге ынталы балалардың қатары біртіндеп азая бастайтындығы белгілі. Бұл жағдайдың себебі сабақта оқушылардың алдына сыныптар сатысы жоғарылаған сайын ұсынылатын оқу материалдарының ғылыми дүниетанымдық негізсіз берілуі.

Бейнелеу заңдылықтарына (композиция, перспектива, түстану, пропорция т.б.) байланысты, жалпы дүниетанымдық мәселелерге байланысты материалдардың ғылыми деректерсіз берілуі оқушылардың бейнелеу өнеріне қызығушылығын төмендетеді. Сондықтан оқушылардың сынып сатысы жоғарылаған сайын берілетін білім қоры мен оның сапасы оқушылардың рухани сұранысын қанағаттандыратын, қызығушылықтарын оятатын ғылыми жаңалықтарға негізделген мәліметтер болуы тиіс. Мысалы, сәндік сурет және көркем құрастыру сабақтарында бастауыш сынып оқушылары ою-өрнектердің атауларымен танысып, олардың қарапайым түрлерінен композиция құрастырумен шектелсе, жоғарғы сыныптарда ою-өрнектердің этнографиялық зерттеулер нәтижесінде анықталған ғылыми деректермен танысады. Әр ою-өрнектің атауы, нышандық белгісі халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігіне, философиялық дүниетанымына, салт-дәстүріне байланысты пайда болғандығы жөнінде мәлімет алады. Ою-өрнектердің географиялық аймақтарға байланысты өзіндік ерекшеліктері болатындығы туралы, олардың композициялық жүйесінен белгілі бір хабарды, әлеуметтік жағдайды тануға болатындығы жөнінде мәліметтер беріледі.

Көркем құрастыру сабақтарында әр түрлі материалдарды өңдеу кезінде, сол материалдардың физикалық қасиеттері мен өндірілу немесе жасалу жолдары туралы мәлімет оқушылардың материалтану білімдерін қалыптастырады және ол мәліметтер материалдарды құрастыру, көркемдеу, өңдеу жұмыстарында қолданылады. Материалдардың қасиетін ғылыми негізде білу сол материалдармен жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін, құрал-саймандарды таңдап алуға және материалдың көркем образ жасауға мүмкіндігін анықтауға жағдай жасайды. Осындай жұмыстар барысында оқушылардың алдына белгілі бір мәселе қойып, сол мәселені зерттеп, тәжірибе жасау арқылы тапсырылады.

Бейнелеу өнеріне оқытуда жүйелілік принципі бейнелеу жүйелілігінің ережелерін қатал сақтауды талап етеді. Ол – өткен сабақтыға материалдарды меңгермей, оны бекітпей жаңа сабақ материалына көшпеу. Оқушы бейнелеудің әрбір кезеңдерін бірізділікпен жеке-жеке меңгеруі, бекітуі қажет, өйткені әрбір келесі кезең өткен кезеңнің құрамдас кезеңінен туындайды.

Сабақ барысында педагог әр сабақты бейнелеу өнері пәнінің толық тарауларындағы міндеттерді бір-бірімен саналы әрі жүйелі байланыстырғанда ғана жұмыс жемісті болмақ. Сондықтан да мұғалім әр сабақ немесе әр сабақтың кейбір кеөеңдерін жеке-дара қарастырмай, толық пән міндеттерімен байланыстыра қарастыруы тиіс.

Бейнелеу өнері пәнінің мазмұнындағы жазықтықта бейнелеу, сәндік қолданбалы өнер, мүсін, сәулет өнері тарауларына байланысты сабақтар.

Мысалы, сәндік сурет және көркем құрастыру сабақтарында мұғалім оқушыларға қолөнер суретшісі өзінің безендіру жұмыстарына ою-өрнектерді, шынайы табиғаттағы заттарды, құбылыстарды қарап оларды қалай өрнекке айналдыратыны жөніде айтып көрсетеді. әрине табиғаттағы өсімдік жапырақтарын, жан-жануарларды стильдік, сәндік суретке айналдыру бірден оңай меңгерілетін жұмыс емес. Сондықтан, бұл жерде бірінші оқушының заттан қарап бейнелеу сабақтарында алған білімдерін еске түсіру қажет болады. Онда оқушылар зат бейнесін бейнелемес бұрын оны белгілі бейнелеу кезеңдері бойынша жазықтық бетіне түсіреді. Бірінші заттың жалпы жазықтық бетіндегі алатын орны белгіленеді. Сол бейнеленген заттың жалпы сыртқы бейнесінің үстіне оның пропорциялық ерекшеліктері түсіріледі. Екінші белгіленген пропорйиялық ерекшеліктері бойынша заттың жалпылама бейнесі айқындалады. Міне, заттан қарап бейнелеудің осы кезеңіндегі пайда болған бейнені заттың стильдік бейнелеудің алғашқы қадамы ғана. Стильдік бейнелеуде заттың немесе құбылыстың құрылысының ырғақтылығына симметриялы, ассиметриялығына, түстік үйлесіміне мән беріледі.

Сонымен, сәндік сурет салуды меңгеру үшін басқа да сабақтармен байланыс жүйелілігі үнемі сақталу керектігі айқындалады.

Сабақта немесе сыныптан тыс жұмыстарда кескіндеме және композиция негіздерін оқытудағы жүйелілік пен бірізділік барысында аса көңіл бөлінуі керек. Іс жүзінде осы мәселелер бойынша жүйелілік пен бірізділік принципі бұзылып жататыны рас. Ол: кескіндеменің көркемдік мүмкіндігін, композиция негіздерін оқытуда пайдалану, сыныптар сатысы жоғарылаған сайын біртіндеп күрделенетін тақырыптық композицияларды кескіндеме материалдарымен орындау. Бұл жұмытарда сыныптан тыс шаралардың да мүмкіндігі зор.

Қазіргі мектептердегі бейнелеу өнері бағларламаларында заттан қарап бейнелеу, түстану, композиция, мүсіндеу, өнер туралы әңгіме т.б. сабақтары бойынша тақырыптар әр сабақтарда қайталанып келеді (әсіресе әр сыныптағы түстану композиция сабақтарының мазмұны бойынша). Осыған орай осы сабақтардағы мәселелер сынып сайын қайталанып бірін-бірі көшіріп кетпей ме, бұл жағдайда оқытудың жүйелілігі, бірізділігі сақтала ма деген сұрақтар туындайды.

Ол үшін мұғалім бейнелеу өнері пәнін оқу бағларламасына сүйене отырып, тақырыптың күнтізбелік жоспарын құрастыруда осы оқу материалдарын әр сынып бойынша бөліп, сонымен қатар әр сыныптарда сол материалдың оқытудағы білімдік, танымдық мөлшерін анықтап жоспарлайды.

Мұғалім әр сыныпта бір тақырып бойынша оқушыларға қандай жаңалық ұсынатындығын белгілеп жоспарлағанда оқытудың үдемелі жүйелілігі мен бірізділігі сақталады.

Мысалы, мұғалім сыныптар бойынша «Түстану» тақырыбына байланысты мынадай міндеттерді белгілейді:


  • І сыныпта оқушыларға түстану бойынша негізгі түстер және олардың қоспасынан пайда болатын қосымша түстер: қызыл мен сарының қызғылт сары, сары мен көктің қоспасынан жасыл, көк пен қызылдың қоспасынан күлгін түс шығатындығын, түстердің жылы суық болып бөлінетіндігі жөнінде әңгімелеп көрнекіліктерден көрсетіледі;

  • ІІ-ІІІ сыныпта оқушылар көркем бояулар жүйелерімен, атауларымен танысады: ашық сары, ашық қоңыр (охра светлая), қызыл қоңыр (кадмий оранжевый), алқызыл (кадмий алый), қызыл қоңыр (охра красная), көгілдір көк (кобалый голубой), жасыл көк (изумрудный зеленый) т.б. Акварель, гуашь бояуларының түрлерімен, өзіндік қасиеттерімен танысып, осы бояуларды қолданып (акварель немесе гуашь), оқулықта көрсетілген негізгі түстердің ашықтан қояға дейінгі реңдерінің өзгеруін қылқаламмен орындайды;

  • ІV сыныпта оқушылар өткен сыныптарда алған білімдерін одан әрі тереңдетіп «түсті рең» және олардың үйлесімділігі, зат реңінің фонға байланысты өзгеруін, мысалы, қою қараңғы фондағы ашық нәрсе күңгірт болып көрінетіндігі жөнінде, түстердің түстік шеңберде орналасу ерекшеліктерін, соның ішінде, мысалы, көк пен қызғылт сары қоспасынан, қызыл бояу мен жасыл, сары мен күлгін бояулардың қоспаларынан кір түс шығатындығы жөнінде біліп, тәжірибе жұмыстарын жүргізеді.

Осындай сыныптар бойынша оқу мазмұнын жүйелілік пен бірізділік принципін сақтай отырып жоспарлауда әр сыныпқа ұсынылатын материалдың мүмкінділігі мен сәйкестілігі ескерілуі қажет.
Әдебиеттер тізімі:

1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты. Жалпы бастауыш білім. Алматы, 2003.

2. Мұқашев М.С., Сейтімов А.Ғ., Хамзин Н.А. Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі: Оқулық. Астана:Фолиант, 2008. 102-104 бет,

3. Болатбаев Қ., Ибрагимов Ұ.,Бейнелеу өнері оқыту әдістемесі.,Алматы «Атамұра»2000.,21-22 бет.



4. «Бейнелеу өнері» оқулықтары. 1,2,3,4 сыныптар. Алматы, 200-2003.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет