Международный научный журнал «Актуальные проблемы современности»/ Караганда: Изд-во Болашак-Баспа,2014, №4 (6)



жүктеу 89.54 Kb.
Дата07.06.2017
өлшемі89.54 Kb.
Международный научный журнал «Актуальные проблемы современности»/ Караганда: Изд-во Болашак-Баспа,2014, №4 (6)

Қазбеков Н.А.

Ф.ғ.к., доцент ҚарМТУ


Саяси мәдениет: мазмұны мен мәндік сипаттамалары.
Автор осы мақаласында саяси мәдениеттің кейбір теориялық мәселері мен оның мәндік сипатына ғылыми талдау жасаған.
Негізгі терминдер: саясат, мәдениет, құндылықтық бағытталу, нормалар.
Саясат пен мәдениеттің арақатынасы қандай деген сұраққа мән қойатын болсақ, олардың негізіндегі біршама бірлігі мен өзара ұқсастығын байқауға болады. Ол екеуі де билік етудің маңызды өлшемі ретінде әрекет етеді. Мәдениеттің билікті атқару тәсіліне әсер ететіні белгілі, ал оның дамуы саяси өзгерістерге тәуелді. Мәдениеттің саясатқа әсер етуінің негізгі саласы ретінде адамдардың саяси өмірге қатынасуына мүмкіндік беретін әлеуметтендіру, құндылықтар жүйесін жасау мен оны практикаға енгізу, сондай-ақ жүріс-тұрыс үлгілерін, саяси институттар мен әлеуметтік жүйелерді қалыптастыруын айтуға болады. Осы екі құбылыстар өздерінің әрекет ету салаларына қарай бөлінеді. Саясаттың мәні билікті дамыту мен өзгерту болса, мәдениеттің мәні тұлғаны дамыту мен өзгерту. Саясат, адамдар өмірінің бірлестігін сақтаушы және олардың әлеуметтік тамырларын нығайтушы ерекше байланыс жүйесі. Саясат тек мемлекеттің ғана емес, ол жалпы тұтастай қоғам қарамағындағы ең маңызды материалдық, ақпараттық, рухани және басқа да ресурстарды қайта бөліп-тарату механизмі. Қоғам саясаттың арқасында топтық мүдделерге жетудің, бірін-бірі қырып-жою сияқты тұрпайы амалдарынан арылтты. Адамдар саясат арқылы өз мүдделерін жалпы әлеуметтік мүдделермен келістіре отырып бәсекелестік күрестерді белгілі бір тәртіп бойынша жүргізу мүмкіншілігіне қол жеткізді. Екі ұғымның өзіндік ерекшеліктері мен сәйкес еместігін ескере отырып, олардың бірлігі саяси өмірді реттеу тәсілінің тарихи дамуға тәуелділігінен, адамның іс әрекеті нәтижесінде пайда болатынын көрсететін «саяси мәдениет» ұғымынан көрінеді.

Ғылым тарихында ХІХ ғасырда «саяси мәдениет» «ұлттық мінез-құлықтарды» зерттеу шеңберінде қарастырылды. Ғалымдардың пікірінше, ХVIII ғасырдағы неміс тарихшысы И.Гердер осы терминді алғаш қолданған. Солай болғанымен бұл түсінік ХХ ғасырдың екінші жартысында Г.Алмонд, С.Верба, Л.Гай, Д.Каванаха, Д.Элазар, У.Розенбауын еңбектерінің нәтижесінде ғылыми категориялық дәрежеге ие болып саяси лексикаға түбегейлі енді. Саяси – мәдени зерттеулердің дамуына ІІ Дүние жүзілік соғыстың бітуінен кейін басталған саяси жүйелерді салыстырмалы түрде зерттеу жұмыстары жоғары нәтижелерге жеткізді.

Қазіргі замандық социология мен саясаттануда мәдениет және жалпы мәдениет құрамының маңызды бөлігі болатын саяси мәдениет туралы әртүрлі ұғымдар кездеседі. Осындай ұғымдарға сәйкес, адамдардың білім алу және тәрбие жинақтау процесінде біршама тұрақты, белгілі бір қоғамға тән саяси жүйеге, бағдарлау «үлгілері» оның институттарына, саяси процестің өзге қатысушыларына және өз – өздеріне деген бағдарлану «үлгілері» қалыптасады. Мұндай бағдарлануларды, американ саясаттанушысы Л.Пай - саяси процеске тәртіпті реттілік пен маңыздылық беретіндіктен және саяси жүйеде жүріс – тұрыстарды басқарушы болғандықтан оларды «саяси мәдениет» деп атады. Американдық саясаттанушы Д.Дивайн, саяси мәдениетті - нақтылы қоғамдық-саяси жүйенің мүшелері қолданушы фундаменталдық жүріс-тұрыстық саяси құндылықтардың кеңінен таралған тарихи жүйесі деп көрсетеді. Ол саяси идеяларды, құндылықтарды, сондай-ақ саяси практикадағы жұмыс істеп тұрған нормаларды қамтып, саяси идеология, легитимдік, егемендік, заң басшылығын т.б. қарастыруды меңзейді. Ал С.Верба болса, «саяси мәдениет адамдардың саясатты қалай қабылдауы мен өздерінің көргендерін қалайша ұғынуының көрінісі» деп санайды. Американдықтар С.Верба мен Л.Пай, ағылшындықтар Р.Роуз бен Д.Каванах, неміс теоретигі К. Фон Бойме, француздықтар М.Дюверже мен Р.Ж.Шварцберг, голландық И.Ингльхарт және басқалар саяси мәдениет туралы ілімді айтарлықтай толықтырып жетілдірді. Осылардан кейін «саяси мәдениет» түсінігі саяси құбылыстар аясында өзінің мәндік мазмұнынын тапты. Қазіргі кезеңде саясаттануда саяси мәдениетті түсінудің үш бабы қалыптасты. Бірінші топтағы зерттеушілер оны рухани құбылыстар жиынтығына теңеп саясаттың барлық субъективтік мазмұнымен (Г.Альмонд, С.Верба, Д.Дивайн, Ю.Краснов т.б.) немесе рәміздермен байланыстырады (Л. Диттмер ). Екінші топтағылар саяси мәдениетті нормативтік талаптардың (С.Вайт), немесе адамдардың саясаттағы жүріс-тұрысының үйреншікті үлгісі деп санайды (Дж.Плейно). Олай болса саяси мәдениет адам жүріс-тұрысының қоғамда кең тараған нормалар мен ойын тәртіптеріне бағдарланушы, оның әрекеттерін билікпен әрекеттесу стандарты мен қалыптасқан формасына бейімдеуші матрицасы тәрізді көрінеді (М.Даглас). Үшінші топтағы ғалымдар саяси мәдениетті адамның құндылықтық бағдарлануларын, оның практикалық жүріс –тұрыстарын іске асырудағы саяси әрекет стилінің амалы деп түсіндіреді. (И.Шапиро, П.Шаран, В.Розенбаум).

Сонымен «саяси мәдениетті» – қоғамдағы саяси субъектілер әрекеттері мен мінез-құлықтарындағы сенімдер, нанымдар, ұғымдар, құндылықтық бағыттары деп анықтауға болады. Саяси мәдениет тарихи-әлеуметтік құбылыс болғандықтан, ол қоғамдағы саяси өмірдің барлық салаларын қамтиды. Саяси мәдениет адамдардың жүріс-тұрысы мен әр түрлі ұйымдардың қызметіне, олардың ішкі және сыртқы саяси құбылыстарын ұғынуға, саяси болжам жасауға тікелей әсер етеді. Сондықтан оған саяси сана мәдениеті, азаматтардың, топтардың, ұлттардың өзін-өзі ұстай білуі, саяси жүйедегі саяси мекемелер мәдениеті кіреді.Саяси мәдениет қоғам тұрақтылығының кепілі ретінде қоғамдық сана және практика арасындағы байланысты саяси дәстүр арқылы жүргізеді. Қай жерде адамдар биліктен жаттандырылып, өздеріне маңызды саяси құндылықтар мен мақсаттарды басшылыққа ала алмаса, ресми саяси мәдениет пен тұрғындардың көпшілігі бағдарланған құндылықтар арасында қарама-қайшылықтар пайда болады. Мысалы бірқатар Шығыс Еуропа елдерінде «социалистік құрылыстың» ресми мақсаты қоғамдық санаға мемлекеттік мекемелердің белсенді ықпалымен енгізіліп отырды, бірақ, шын мәнінде ол ұлттық құндылықтар мен дәстүрлер жүйесінде орнықпады. Сондықтан Шығыс Еуропа еліндегі азаматтар социалистік құрылыспен өкінішсіз ажырасты. Бірақ та түрлі елдерде, тіпті ресми және реалды саяси мәдениет арасында айтарлықтай қайшылықтар болмаса да, саяси жүйедегі нормалар мен дәстүрлерді қоғамдық топтар мен индивидтердің қабылдау деңгейі түрлі болады.

Саяси мәдениет, қоғамдық-саяси институттар, саяси процестер мен мемлекеттік және саяси институттардың формаларына, қалыптасуына, қызмет етуі мен дамуына, көпшіліктік саяси жүріс-тұрыстарға мән-мағына беретін қоғамдық сананың және рухани мәдениеттің элементтері мен феноменінен құрастырылады. Сондықтан, саяси мәдениет жеке адамға жүріс-тұрыстың басшылық принциптерін, саяси нормалар мен мұратын, ал ұжымға болса – «құндылықтардың жүйелік құрылымы мен рационалдық дәлелдерін» береді.Саяси демократияны қалыптастырушы мемлекеттік қайраткерлер өзінің әрекеттік күштерін формальды демократиялық үкметтік институттар мен конституциялық қоғамды, саяси партияларды құруға бағыттайды. Бірақ-та, тұрақты да тиімді демократиялық басшылық, үкіметтік құрылымдар мен саяси процестерден басқа да жағдайларға тәуелді.Ондай басшылық саяси мәдениетке бағынышты. Егер саяси мәдениет демократиялық жүйені қолдауға қабілетсіз болса, онда саяси басшылық толық жетістікке жете алмайды.Осы ойды айтқан американдық саясаттанушылар Г.Алмонд пен С.Верба «Гражданская культура» деген еңбегінде:-«егер ел ішінде демократиялық қоғам орнатамын десең, соған сәйкес саяси мәдениетті де орнатуға тырысыңыз. Олай істемеген жағдайда ешбір конституция да, саяси және әкімшілік институттар да нәтиже бермейді» деп жазады. Саясаттанушы – компаративистер,- не себептен бір елде қалыптасқан саяси жүйе мен институттар әр елде әр түрлі жұмыс істейді, немесе бір елден басқа елге қолданғанда еш нәтижелі болмайды деген мәселеге баса көңіл қойды. Осы мәселені зерттей отырып олар – мынандай жүйелер мен институттар тек өздеріне сәйкес мәдени контекске енгізілгенде, сондай мәдениет шеңберінде әрекет етуші субъектілер соған тиісті қызмет істей алады деген қорытындыға келді.

Саяси мәденитті әлеуметтік құбылыс ретінде ұғынудың ең байыптысы құндылықтарға негізделген бабы. Себебі бұл адамның саяси билік туралы көзқарасы мен оған тән мемлекетпен әрекеттесу амалын, практикалық әрекет формасын көрсетеді.Адамның практикалық әрекеттері, оның саяси мұраттарды іздестіруімен тығыз байланысты екенін сипаттай отырып, саяси мәдениет оның жүріс-тұрыстарының тек ең тұрақты да ерекше жақтарын көрсетеді.Сондықтан саяси мәдениетті, адамның практика жүзінде қолданатын жүріс-тұрыс кодексі, индивидтің саяси өрістегі әрекет стилі (И. Шапиро, П. Шаран) ретінде де түсінуге болады.

Саяси мәдениеттің мұндай түсінігі адамның мемлекетпен практикалық әрекеттесу формасын ашып көрсетеді. Адамның билік өрісіндегі практикалық әрекеттерінің саяси мұраттар мен құндылықтарды іздестірумен тығыз байланысын сипаттай отырып, саяси мәдениет практикада ұдайы өндірілуші рухани бағдарлама, адамдардың тұрақты жүріс-тұрыс моделі ретінде ұғынылады. Осы тұрғыдан алғанда саяси әрекет стилі, саяси мәдениетті адамның саяси жүріс-тұрысының ең бір тұрақты «рухани коды» сияқты формасының жиынтығы ретінде айқындап,оның бұрыңғы ұрпақтардан қалған тәжірибелер мен позитивті мұраларды игеру формасы болады. Қазіргі кезеңде саяси мәдениет түсінігі «мәдениетке» тиесілі жаңа мәндермен толысуда. Сол себептен саяси мәдениет көп жағдайда нақтылы қоғамның мәдени ортасының, нақты халықтың жүріс-тұрыс сипатының, оның өркениеттік дамуының саяси өлшемі ретінде қарастырылуда. Саяси мәдениет мемлекеттік билік өрісіндегі халыққа тән дәстүрлердің жүрісін, олардың заманауи кезеңде іске асуы мен дамуын, болашақ саясатты қалыптастыру жағдайларына ықпалын көрсетеді. Халықтың осындай «генетикалық кодын», оның рухын, мемлекеттік рәміздер мен атрибуттарды (Ту, Елтаңба, Әнұран) көрсете отырып саяси мәдениет қоғамды өзінше ынтымақтастырып, адамдарға үйреншікті қоғамдағы элитарлы және элитарлы емес топтар арасындағы тұрақты қатынас формаларын қамтамасыз етеді. Саяси мәдениет көпшіліктік ашық саясат өрісіндегі қоғамның тұтастық сапасының сипаты. Сонымен, саяси мәдениет өзіне тән заңдармен дами отырып саяси билікті ұйымдастыру формасына, оның институттарын құруға, халықаралық қатынастардың сипатына ықпал жасауға қабілетті. Саяси мәдениет идеясы азаматтар мен институттардың саяси жүріс-тұрыстары мотивациялары, көптеген конфликтердің, билік үшін күрестер мен ресурстарды қайта бөлісулердің себептерін терең зерттеуге мүмкіндік береді.

Саяси мәдениет саяси үрдістер мен институттарға үш жақты ықпал жасап отырады. Бірншіден, оның әсерінен саяси өмірдің дәстүрлі формалары қайта жасалып отырады. Оның мұндай мүмкіншілігі сыртқы жағдайлар мен басқарушы режим сипаты өзгерген жағдайда да сақталады. Мысалы, дәстүрлі қоғамдарда саяси мәдениет реформация жағдайында саяси жүйенің модернизациясы мен демократизация мақсатына тежеу жасап бұрыңғы билік құрылымына қолдау көрсетеді. Екіншіден, саяси мәдениет жаңа, қоғам үшін дәстүрлі емес әлеуметтік және саяси өмір формасын жасауға қабілетті. Үшіншіден, бұрыңғы саяси мәдениет пен болашақ саяси құрылыс элементтерін қиыстыра алады.

Ендігі жерде, саяси мәдениеттің «позитивті» немесе «нормативті» жақтарымен бірге, оның «негативті» бағдарлануы мен модельдері де болатынын ескеру керек. Мысалы, азаматтардың нанымын немесе шенуліктердің жүріс-тұрысының қайсысын саяси мәдениетке жатқызуға болады? Р.Таркер осының екеуінде саяси мәдениетке жатқызады. Себебі,-дейді ол,- азаматтардың нанымдары да, шенеуліктердің сыбайластық әрекеттері де қоғамның даму кезеңінде оның әлеуметтік саяси жүйесін ұдайы қайта жасап отыруға ықпал жасап отырады және мәдениетке тән репродуктивтік қызметін атқарады. Саяси мәдениетті тек «позитивті» «үлгілер» ретінде қабылдау, саяси субъектінің шын бейне-тұрпаты туралы жалған түсінік береді. Жалпы әр-бір саяси контексте әрекеттенуші кез-келген қоғам, кез-келген тап немесе индивид әр кезде белгілі бір саяси мәдениет түрімен сипатталады. Ал ондай мәдениеттерді өзгертуге болса да, «көтермелеуге» немесе «жақсартуға» болмайды. Дамыған ұлттық саяси мәдениеттер –күрделі және біркелкі бітімдер емес. Ондағы мәдениеттер құрамындағы сана бағдарланушының басым жүйесі, жүріс-тұрыс модельдерімен бірге, өзінше ерекше «субмәдениет» сияқты автономды жүйеде де болады. Саяси субмәдениет әлеуметтік топтарға да (этникалық діни және басқалар) аймақтарға да тән, әсіресе бір аймақта шағын ұлыстар өкілдері жинақы тұрғанда. Сондықтан кез-келген федеративтік мемлекет, саяси субъектілер «федерациясы» болады. Саяси субмәдениеттер көпұлтты мемлекеттердің саяси өмірінде кеңінен дамып айтарлықтай роль атқарады. Егер қоғамның өткел кезеңінде кеңіген субмәдениет болса онда ол оның дамуына кері әсер етуі мүмкін. Түрлі тарихи жағдайларда, әсіресе тұрақсыз саяси процестерде, саяси мәдениеттің кейбір қызметтері бәсеңсуі немесе өз әрекеттерін тоқтатуы да мүмкін. Мысалы, мемлекеттік өмірдің саяси нормалары мен дәстүрлерінң коммуникативті қабілеті төмендеп, нәтижесінде түрлі қоғамдық топтар арасынада саяси бағыт-бағдар туралы даудамай туындауы мүмкін. Сондай ақ, өткел кезеңдік үрдістерде тұрғындар үшін түсініксіз мақсаттар мен құндылықтарға сүйенген саяси мәдениеттің басқару жүйені дезинтеграциялау қабілеті өседі.

Саяси мәдениет теориясы адамдардың құндылықтарына, жергілікті мифологиясына, рәміздердің мазмұны мен таптаурындарына, адамның ділдігі мен институттардың саяси жүріс-тұрыстарының мотивациасын терең зерттеуге, көптеген жанжалдардың себептерін анықтауға жол ашты. Себебі саяси билік үшін күресті, ресурстарды қайта бөлісу сияқты т.б. мәселелерді бұрыңғы дәстүрлі саяси себептермен ұғынуға болмады.


Әдебиеттер:
1.Саяси мәдениет: теориясы және ұлттық үлгілері./ В.С.Ажаева, В.В.Ананьева. М., 1994.

2.Алмонд Г. Азаматтық мәдениет және демократияның тұрақтылығы. //Полис, 1992, № 4.



3.Гаджиев К.С. Саяси мәдениет: концептуалдық талдау // Полис. 1999, № 3.
Резюме

В данной статье анализированы некоторые теоретические проблемы понятий «политическая культура» и ее сущностное содержание в современной политической науке.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет