МАҒжан өмірі мен шығармашылығының елеулі кезеңдері



жүктеу 311.91 Kb.
Дата10.05.2017
өлшемі311.91 Kb.
МАҒЖАН ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЕЛЕУЛІ КЕЗЕҢДЕРІ
Дайындаған Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай,ф.ғ.к.М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің профессоры,Мағжанның Қызылжары деген монографияның авторы
Мағжанның өмірі мен шығармашылығы туралы накты,шындыққа негізделген ақпар алғысы келгендерге,әсіресе мұғалімдерге,жастарға арналды.Қажет десеңіздер ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мақалалар бере аламын.Бұл тақырыпта осы уақытқа дейін әлі беті ашылмаған,бұра тартып,теріс мағлұмат беріп жүргендер баршылық.Сұраңыздар,жауап беруге дайынмын.Жастарға шындықты,тек қана шындықты жеткізейік.Мағжан атамыз өте турашыл,жалғандықты,бояманы жек көрген.

1893 25-маусымда Мағжан Жұмабаев дүниеге келді.

1893 Ауылда Ахметдин молладан оқып тіл сындырды, хат таныды.

1905 12 жасында Қызылжарда Мұхаметжан Бегішевтің «Шалақазақ» медресесіне түседі.

1908 Мұғалім Міржақып Дулатовтан оқиды, оның ақындық мектебінен тәлім алады, қоғамдық көзқа-расын қалыптастырады.

1910 Қызылжардағы медресені бітіргеннен кейін, Уфа қаласына барып, Ғали қазіреттің медресесіне («медресе Ғалия») оқуға кіреді.

1911 «Айқап» журналының 2-санында Мағжанның «Жатыр» деген өлеңі басылды.

«Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр,

Кілтін өнер-білім ашып жатыр.

Бірі –ай, бірі – жұлдыз, бірі – күн боп,

Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр...
... Ойламай біздің қазақ текке жатыр,

Бір іске жанаса алмай, шетте жатыр.

Азырақ көз жүгіртіп қарап тұрсаң,

Қазекең таң қаларлық кепте жатыр».

1911 «Айқаптың» 9-санында Мағжанның «Шын сорлы» деген өлеңі басылды. Сюжетке құрылған шығар-мада қазақ қызының басынан өткен қайғылы оқиға сөз болады.

1911 «Айқаптың» 12-санында Мағжанның «Күз күні» деген өлеңі басылды. Бұл – ақынның табиғат лирикасы жанрындағы тұңғыш шығармасы.

1912 «Айқаптың» 4-санында Мағжанның «Жазғы-тұры» деген өлеңі басылды.

«Май кірді, жер құлпырды, гүлдер жайнап,

Жібектей көкорайлар жатқан жайрап,

Сұлудай бұраңдаған бұтақтарда,

Ән салып, әртүрлі құс тұрған сайрап...»

1912 «Айқаптың» 5-санында Мағжанның «Дала, қала» деген өлеңі жарияланды.

1912 «Айқаптың» 7-санында Мағжанның «Бұлбұл» деген өлеңі жарияланды.

«Бұлбұл құс! Көзімде жас, кеудемде от,

Болып мен саған келдім, ішімде шоқ.

Дертіме сенен ғана дәрмен болар,

Басқадан анық білдім, еш пайда жоқ...»

«Мағжанның ақын болатындығы «Шолпанда-ғы» «Бұлбұл» деген өлеңінен көрінген1.

1912 Қазан қаласында Мағжанның «Шолпан» жинағы басылып шығады. Қазан университетінің профес-соры, жасырын цензор,жандарм тыңшысы,нәсілі хакас,түрі қазаққа ұқсас,өзі қазақша шамалы болса да білетін Н.Катанов осы жинақтағы бірнеше өлеңді жолма-жол орысшаға аударып, Петербургке, Ішкі істер министрлігінің баспасөз басқармасына жібереді. Үкіметке қарсы насихат жа-сады, деген айыппен М.Жұмабаевтың соңынан жандармдық бақылау қойылады.Шын мәнінде Кеңес тұсында Мағжанның қуғын көруінің бастауы осында жатыр.Патшалық орыс үкіметінің мұрагері Кеңестік орыс өкіметі, оның жалдаптары қазақ коммунистері Мағжанға орысқа қарсы деген айып тақты.Мағжан орысқа да,неміске де ...ешкімге қарсы болған емес,ол Қазақтың жоғын жоқтады,сол үшін айыпты болды.

1913 9-наурыз. «Қазақ» газетінің 5-санында Мағжанның «Туған жер» деген өлеңі басылды.

«Адам басы – Алла добы» деген рас,

Қалай қуса, солай кетпек сорлы бас.

Кім біледі, мен де шетке кетермін,

Туған жерім, сені тастап басым жас...»

Сорлы азамат өзінің тағдырын ерте-ақ осылай болжаған.
1913 22-наурыз. «Қазақ» газетінің 7-санында Мағжанның «Орал тауы» деген өлеңі басылды.

«Екі дүние: күн мен түн, өмір - өлім,

Бірі – бесік, бірі – даяр көрің,

Бала болып жата бер бесігіңде,

Сары даланың еркесі – қазақ елім...»

1913 Омбы мұғалімдер семинариясына оқуға түседі.

1914 «Айқап» журналының 22-санында Мағжанның орыс ақыны Мотиннің «Сибирские мотивы» кітабынан аударған «Кең дала» өлеңі басылды.

1915 8-сәуір, «Қазақ» газетінің 117-санында «Көңіл» деген өлеңі басылды.

«Жас баладан артық жеңсік

Мұндай нәрсе көрмедім.

Тұрағы жоқ шайтан секек,

Тіпті-ақ сырын білмедім...»

1915 22-сәуір. «Қазақ» газетінің 121-санында «Жарыма» деген өлеңі басылды.

«Жол алыс, жақын үшін жаннан кештім,

Бауырдың халін көріп, бейнет құштым,

Құшақта, сүй, күл, жыла, қайраттандыр,

Жан-жарым ұзақ, ауыр жолға түстім...»

1915 25-маусым, «Қазақ» газетінің 134-санында «Есімде... тек таң атсын» деген өлеңі басылды.

«Мезгілше, мейлі келсін, тісі батсын,

Сұр жылан өзі оятар, қатты шақсын.

Жаңадан жолбарыстай ұмтылармыз,

Көрелік төңіректі тек таң атсын...»

1915 22-қазан, «Қазақ» газетінің 154-санында «Зар» деген өлеңі басылды.

«Жалғанның бір көрермін көп пен азын,

Өмірімде енді болмас жылы жазым.

Енді бір өлгенім де, жүргенім де,

Қолымнан ұшқаннан соң қоңырқазым...»

1916 9-маусым, «Қазақ» газетінің 184-санында «Дін үйренгенге» деген өлеңі басылды.

«Кешегі арыстандай айбыны зор,

Жүректі жолбарыстай қайраты мол,

Айырып, ар-намыстан, күштен, естен,

Кім қылды шала-жансар бір қорқақ құл?!..»

1916 «Балапан қанат қақты» деген қарасөзбен жазылған өлеңі Омбы мұғалімдер семинариясының оқушылары ұйымдастырған «Балапан» қолжазба журна-лының жарық көруіне арналған.

1917 16-ақпан, «Қазақ» газетінің 218-санында «Орамал» деген өлеңі басылды.

«Қасірет батты жаныма,

Уға толды жас жүрек.

Орамалды жарыма,

Бітірем қашан кестелеп...»

1917 жыл, маусым. Омбы мұғалімдер семинариясын бітіріп шығады.

1917 Омбыда Ақмола облысы қазақтарының съезіне қатысып, бірінші Бүкілқазақ съезіне делегат болып сайланды.Алаш қозғалысына саналы түрде қатысуы осыдан басталады

1917 21-қазан. Омбыда Ақмола облыстық қазақ комитетінің кеңесінде Мағжан Жұмабаев баяндама жасады: «Омбы уезінің қазақ комитеті төра-ғасының орынбасары С.Әлжанұлы мен хатшысы А.Қылышбайұлы «Омбы уезінің милициясы» де-ген шүберек байланған үш адаммен облыстық қа-зақ комитетінің кеңсесіне келіп қоқан-лоққы жаса-ды, заңды түрде сайланған қазақ комитетін тара-тып жібермек болды... Олар Омбы қаласының жа-тақтары жасаған ереуілдің айтағымен келген...».

Қазақ комитеті «милиционерлердің» ісін заңсыз деп тауып, тиісті қаулы алды.

1917 14-қараша. «Қазақ» газетінде «Алаш» партиясы атынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына партия тізімімен Қазақстан губернияларынан сайлан-ған адамдардың тізімі басылды.

«Ақмола һәм Семей облыстарынан: 1.Әли-хан Бөкейханов... 15. Мағжан Жұмабайұлы...» де-легат болып сайланды.

1917 желтоқсан. Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегат болып сайланып, Мәскеуге жүріп кетті.

1917 Алашорда үкіметінің құрамына сайланды, оқу-ағарту комиссиясының құрамына енді.

1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынборда «Жалпы қазақ-қырғыз съезі» болып өтті. «Алашорданың бастығына Әли-хан Бөкейханұлы сайланды. Оқу комиссиясына: 1. Ахмет Байтұрсынов; 2. Мағжан Жұмабаев... сай-ланды».

1917 жылғы 18-желтоқсан, «Қазақ» газетінде басылған хабардан: «Омбыда «Алаш» партиясының комитеті ашылды. Комитетке сайланғандар: ...Асылбек Сейітұлы, Мағжан Жұмабайұлы...» Бәз біреулер айтып,жазып жүргендей.Мағжан Алаш идеясына еліктеуші ғана емес,Алаш партиясының қазығын қағушылардың,Алаш көсемдерінің бірі.

1918 ақпан. Омбы Кеңес Атқару Комитетінің қаулы-сымен Қази Торсанов пен Мағжан Жұмабаев «Алаш» партиясының мүшелері ретінде тұтқынға алынады.

1918 3-наурыз. «Сарыарқа» газетінде М.Дулатовтың «Кім дос, кім қас?» деген мақаласы басылды.

«...біздің түсімізді басқаларға бояп көрсетіп отырған өзімізден шыққан шағымшылар. Олар бүгін большевик болмақ түгілі, тескен тау өтіп кетсе де, жолың болсын дер едік, бірақ жұрт атынан сөйлеп, соңынан ерген он қазақтың баласы жоқ, жұртты адастырып отыр, соған күйінеміз. Кешегі қаралы патша заманында бірі шоқынып миссионер болып/Әліби Жанкелдинді айтады/, бірі сатылып жандарм мекемесіне тыңшы болып, бірі ел алдап, бірі жол тосып жолаушы тонаған соғылғандар... Мынадай ылай-саң заманда большевик бола қалып, ақ ордалы алаштың ортасына от тастағалы отыр. «Алаш» ордасына сайланған он бес кісі қазақтың дұшпаны, оларды жоқ қылу керек деп шағым қылып отыр. Қазіргі шығып тұрған «Қазақ» газеттері, бостандық дұшпаны, бұлардың жазушылары Николай-шыл/ С.Сейфуллин.Тар жол тайғақ кешуді оқыңыз/ деп отыр!»

1918 10-наурыз. Крестьян, жұмысшы және солдат депутаттары Советтерінің Батыс Сібір және Омбы облыстық атқару комитетінің 55-санды хабаршы-сында Социалистік Қазақ партиясы «Үш жүздің» Орталық комитетінің қарары басылды.

«Қазақтың буржуазиялық «Алаш» партиясы-ның мүшелері А.Сейітов, М.Жұмабаев, Е.Итбаев, Е.Мұқышев, А.Тұрлыбаев және басқалары рево-люцияға қарсы деп танылды.

...Облыстық қазақ комитетінің мүшелерін айыпты деп жауапқа тарту және тұтқынға алу жөінідегі барлық материал Омбы Советінің рево-люциялық трибуналына жолдансын»: 1) Асылбек Сейітов, 2) Мағжан Жұмабаев, 3) Айдархан Тұр-лыбаев, 4) Ерқосай Мұқышев, 5) Ережеп Итбаев 6) Мұсылманқұл Сейітов.

«Үш жүз» 1918 жылы мамыр айында жұмысын тоқтатты. Яғни М.Жұмабаев 1918 жылғы наурыз-дың аяғы, мамырдың ортасына дейін шамамен 40-45 күн Омбы түрмесінде отыр.

1918 мамырдың басы. Омбыда Алаш жастарының қазақ жастарының бүкілелдік бірінші съезі болды. Съез-де Қазақстанның әр қиырындағы жастар ұйымда-рының басын қосатын «Жас азамат» ұйымы құры-лып, оның кіндік комитеті басқармасы сайланды, «Жас азамат» газетін шығару ұйғарылды. Съезде Семейден Мұхтар Әуезов, Омбыдан Мағжан Жұ-мабаеҚошке Кемеңгеров,Аққағаз Досжанова т.б. қатысты.

1918 қазан. Петропавлда «Үш жүз» газетінің баспа-ханасында шыққан «Жас Азамат» газетінің бірін-ші санына Мағжан Жұмабаевтың «Жастарға» деген өлеңі басылды. Өлеңнің алдына автор мына-дай жетексөз берді:

«...Жастар! Алда жүрген, алаш жолына аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі-өнеге алыңдар. Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар. Күнді – түн, жақыныңды –жат, пайданы – зиян деп жүрген толық саяси құқықтарын іздеп алуға ер жетіп, есі кірген елді ойлаңдар...»

1919 қыркүйек-қазан.Омбыдан Қызылжар уезінде халық санағын өткізуге Сибревком өкілі болып келді.

1919 желтоқсан. Омбыда Сибревкомның «Азад Сібір» газетінің жанынан «Кедей сөзі» газетін ұйымдас-тыруға белсене қатысты.Кейін,1921 жылы 5 наурыздан бастап «Бостандық туы»газеті аталып Петропалда,1921 ж.мамырдың аяғынын бастап шыға бастаған газетті өзі ұйымдастырды,1922 жылғы мамырдың басына дейін,бір жыл осы газетте жұмыс істеді.

1919 Граждан деген баласы дүниеге келді.

1919 Әйелі Зейнеп Тастемірқызы қайтыс болды.

1919 «Сибирская кооперация» ұйымының мүшесі, әрі қызметкері.Кооперация жарғысын,кооперация туралы орыс тілінде жбасылған үгіт-насихаттық әдебиеттерді қазақшалап,бастырып таратты.

1920 «Автономия кімдікі?!» деген мақаласы шықты.Мақалада Қазақ автономиясы тапқа,топқа,руға бөлінбеген Қазақтікі,біздің ұлттың игілігі деп жар салды.

1920 жылы 10-қаңтар. Сібір ревкомы жанынан оқу бөлімі құрылды. Аз ұлттар бөлімінің қазақ бөлімшесіне жұмысқа Мағжан Жұмабаев пен Қошмұхамет Кемеңгеров тағайындалды.

1920 қазан. Мағжан Жұмабаев Сибревком өкілі ретінде Петропавл уезіне келіп, халық санағын жүргізді,іссапарда екі айдай болып,тұрақты орны Омбы қаласына қайтты . Демек,І917-1921 жылдары,анда-санда келіп-кетіп тұрғаны болмаса,Мағжан Петропавлда тұрған жоқ.

1921 3-ақпан. «БК(б)П Сібір бюросы мұсылман секциясымен бірігіп, 2000 дана газет шығаруға рұқсат берді. Баспахана Омбы губерниялық атқару комитетіне қарайтындықтан, апталық «Кедей сөзі» газеті айына бір рет қана шығады. Газет ресми түрде губаткомның органы. Бұлай бола берсе, Ақ-мола және Семей облыстарына сөзіміз жетпейді. «Кедей сөзін» қазақ өкілдігіне беруді сұраймыз. Редакция алқасын құрдық. Оның құрамында Әбдірахман Әйтиев, Телжанов, Жұмабаев және Серкебаев бар».

1921 7-ақпан. Большевиктер партиясының Сібір бюр-сы «Кедей сөзі» газетінің редакция алқасын бекітті. Газет редакторы Бородихин, алқа мүшелері Әйтиев, Телжанов, Тоқжанов, Жұмабаев.

1921 21-ақпан. Қазақ автономиялы республикасының Сибревком жанындағы өкілдігінде мәжіліс болды. Мәжілісте өкілдік жанынан 9 адамнан әдеби алқа құрылды. Олар: Айбасов, Серкебаев, Кемеңгеров, Фазылов, Сейітов, Кәкенбаев, Телжанов, Тоқпанов және Мағжан Жұмабаев. Алқаның міндеті: Қазақ республикасы туралы жұртшылықты кеңінен құлақтандыру, қазақша газет, листовкалар шығару.

1921 7-наурыз күні бұрынғы «Кедей сөзі» деген атауы жойылып, «Бостандық туы» газетінің бірінші саны Омбыдағы Қазақ өкілдігінің, яғни Қазақстан республикасының атынан шықты. Ре-дакция алқасының бір мүшесі Мағжан Жұмабаев, арнайы тамақ үлесін алмайды. (1921 жыл, 21-наурыз).

1921 сәуір айы. Омбы қаласында «Центросибирь» деген атпен Батыс Сібір кооперативтер бірлестігі құрылды. Мағжан Жұмабаев осы бірлестіктің жар-ғысын «Жұмыскер – қара халықтың ұйым дүкен-дерінің ережесі» деген тақырыппен қазақшалап, «Кедей сөзінің» 5, 11, 22-сәуірдегі сандарына бас-тырды.

«...Мұжық пен қазақ арасында ұйым дүкен-дерін ашу бірдей емес, екі басқа нәрсе...»

1921 12-сәуір. «Бостандық туы» газетінде Мағжан Жұмабаевтың «Қазақ оқығандарына хаты» басылды.

«...елге қамқор оқығандар билік төріне шығу керек... Оқыған адамдарда дүниеге белгілі көзқарас болады, нық бекіген мақсаты болады, айнымайтын бір идея меншіктейді. ...Қазақ төңкерісінің нәтижелерін қазақтың мойнына қамтыша кигізе салуға болмайды...»

1921 1-мамыр. М.Жұмабаев «Бірінші май мейрамы» деген мақала жазып, «Бостандық туы» газетінің 4-санына бастырды.

«Бірінші май – жер жүзі пролетариатының жұмыскерлер табы мейрамы...

...Қазақ, әділдік туын көтерген пролетариат қатарына қосыл! Оның қайғысы – сенің қайғың! Оның қуанышы – сенің қуанышың! Бірінші Май мейрамы – сенің де мейрамың! Өркендесін, Бі-рінші май мейрамы!»

1921 5-мамыр. Ақмола губревкомыныңтөрағасы Ә.Әйтиев Омбыға жеделхат соғып: «...Мағжан Жұмабаевты баспа жабдықтарымен Петропавлға тез жіберуді» сұрайды.

1921 5-10-мамыр аралығында Мағжан Омбыдан Қызылжарға, «Бостандық туы» газетінің редакция-сы құрамына келді.

1921 «Бостандық туы» газетінің 4-санында Мағжанның «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз» деген мақаласы басылды.

«...Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіре-леді.

...Мектебімізге негіз саламыз дегенде ескеретін іс – соңғы кезде соқыр еліктеу ауруы біздің жа-нымызға сіңіп барады. ...сынамай, икемдемей, да-яр қамытты қазақ баласының мойнына кигізе қою тарих алдында, еліміздің тағдыры алдында кеші-рілмес күнә болар еді».

1921 «Бостандық туы» газетінің 13-санында Мағжан-ның «Сайлау» деген мақаласы басылды.

«Ақмола губерниясында 15-августен қалдыр-май губерниялық ревком таратылып, болыстық, ояздық һәм губерниялық исполкомдар құрылмақ болды..

...исполком жоғарыдан жасырып беретін ме-кеме емес, елдің өзі құратын мекеме, һәм оның мүшелерін ел жиылыс қылып өзі сайламақ. Жақын болсын, жат болсын ел өзі білетін, өзі сенетін адамдардан сайламақ...».

1921 10-желтоқсанда Орынборда БОАК саяси хатшысы М.Әуезовтің тікелей ұсынысымен және ұйымдастыруымен қазақ коммунистерінің жиналысы өткізілді.уге. Жиналысты Жангелдин ба-қарды. Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған қазақ халқына нақты көмек көрсету туралы М.Әуезов баяндама жасады.

«... Дәл қазір шұғыл түрде шешуші шара қолданылмаса, онда Қазақ республикасы қазақсыз қалады...»

1921 21-ақпанда қазақ облыстық ІІ партия конференция-сында М.Әуезов түскі мәжілісте сөз сөйлеп:

«...Қазақ болыстарында аштықтың зардаптары асқынып бара жатқанын, оларға мемлекет тарапы-нан көмек көрсетілмегенін айтып, мұның мәнісі аштықпен күрес комиссияларының құрамында қа-зақ азаматтарының жоқ екендігінде», - деді. Сол үшін Мұхтар Әуезовке және басқаларына алғаш рет «ұлтшыл» деген айып тағылды.

1922 5-мамыр. Мағжан Жұмабаев аштықпен күрес жөніндегі Ақмола губерниялық (Петропавл) төтенше комиссия төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

1922 9-маусым. Помгол төрағасының орынбасары М.Жұмабаев губерниялық әскери комиссар Приморскийге хат жазып, жетім қалған қазақтың 100 баласын және мүмкін болғанша орыс балаларын қамқорлыққа алуды сұрайды.Тапсырманың орындалысын өзі бақылап отырды.

1922 11-маусым. Ақмола губерниялық «Мир труда» газетінде Мағжанның «Сарыарқадағы аштық» деген мақаласы орысша жарық көрді.

«...Криклив и суетлив человек голода, что он не замечает тихой смерти сына Сары-Арки. Шум-лив город культурного человека, что он своим шумом заглушает тихий стон Сары-Арки. Вот одна из причин незнания русского общества об ужасах голода кригизской степи... На почве голода разрушается киргизские хозяйства и сам народ подвергнут нравстенному разложению...»

1922 1-шілдеде Мағжан Көкшетау уезіне іссапарға аттанып кетеді.

1922 14-шілде. Мағжан Көкшетау уездік Атқару Комитетінің мәжілісін өткізіп, аштарға көмек көрсету шараларын ұйымдастырады.

1922 «Мир труда» газетінің 9-тамыздағы санында Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы Сабыр Шәріповтің «Қазақ болыстарындағы Кеңес сайлауы қарсаңында» деген мақаласы «Рибас» де-ген жасырын атпен басылып шықты. Онда М.Жұ-мабаев, Ж.Тілеулин, Қуанышев..... алашорда мү-шелері, жаулар деген айып тағылды.

1922 «Мир труда» газетінің 11-тамыздағы кезекті санында Жұмағали Тілеулин Сабыр Шәриповтің аталған мақаласындағы айтылған пікірдің жала екендігін, М.Жұмабаев бастаған қазақ азаматтары-ның кеңестік құрылысқа адал қызмет етіп келе жатқандығын көрсетіп, жауап мақала жазды.

1922 17-20-тамыз. Мағжан Көкшетаудан оралып, іссапар қорытындысы бойынша есеп-баяндама да-йындап, губаткомге тапсырады.

1922 қыркүйектің басы. Мағжан Жұмабаев Қызылжар-дан Ташкентке Челябинск қаласы арқылы жүріп кетті.

1922 13-қазан. Губерниялық төтенше комиссия Мағжан-ның Көкшетауда атқарған жұмыстары туралы есепті күн тәртібіне енгізді. Жиналысқа Мағжан қатыспаған.

1922 қазан. Кеңес үкіметіне қарсы бағытталған қимыл-әрекеттер жасады деген айыппен Ж.Тілеулин түрмеге қамалды.

1922 Орынборда Мағжанның «Педагогика» деген ғылыми-әдістемелік еңбегі жеке кітап болып ба-сылды.

«Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім.

Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі...

...Бірге оқысқан, бірге оқытысқан, жылдары-мыз бір, жолымыз бір қазақ мұғалімдері!

Қолымнан келген осы еңбегімді сендерге тар-ту қылам. Ниетімнің тазалығы үшін тартуымды қабыл көріп алыңыздар.



Мағжан Жұмабаев».

Осы кітаптан:

...Бізде бұрын жасалған пән тілі болмаған-дықтан, түрлі терминдерге тап басқандай қазақша сөз табу көп күшке тиді.

Тәрбиеден мақсұт – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі - әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты; адамзат дүниесінің мүшесі – әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты...»

1922 Қазан қаласында Бернияз Күлеевтің дайындауымен Мағжанның өлеңдер жинағы басылып шықты.

1923 Мағжан Ташкентте «Сана» журналын ұйымдас-тыруға белсене қатысып, журналдың 1-санына «Ақан сері» зерттеу мақаласын ұсынды. Журнал-дың 2, 3-сандарында «Ақан сері сөздері» деген тақырыппен жалғастырды.

«...Ұшы, қиыры жоқ дариядай Сарыарқаның ортасында аралдай көгерген Көкшетау, Абылай-дың ордасы құрылған, Кенесары, Наурызбайға отан болған Көкшетау – алаштың ақындығының да ордасы болған жер еді...

...Ақынның өмірі – ертегі өмір. Судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат өмір. Сондық-тан, біз Ақанның алдымен өмірін жазып, сонан соң сөздерін тексереміз...»

1923 22-қаңтарда «Ақжол» газетінде Бернияз Күлеевтің қазасына байланысты «Бернияз Күлеев» деген мақала жазып, бастырды.

«Бағытты бір қылып, таспиқ болып тізіліп келе жатқан аз ғана жазушыларымыздың қатарына жас Бернияз келіп тізіліп еді. Бірақ, не лаж, таспиқтан сол тас үзіліп түсті...»

1923 М.Горькийдің «Сұңқар жырын» қазақшалап, «Ақжол» газетінің 307-санында бастырды.

1923 «Ақжол» газетінің 314-санында М.Горькийдің «Ана» деген әңгімесін аударып бастырды.

1923 «Ақжол» газетінің 374-санында - «Базар жырау» деген зерттеу мақаласын бастырды. Ташкенттегі «Талап» ұйымының мүшелері «Ақжол» газетінде «Қазақ ақындары» деген сериямен материалдар жариялап тұрған. Бұл мақала Мағжанның ұйым мүшелері алдында жасаған баяндамасының ық-шамдалған нұсқасы.

«...Талайлар ұмытылып қалды деп қанша өкін-генімен, әлде болса да ауызда аман қалған әде-биетіміз талай елдердің ауыз әдебиетінен бай.

...Асса, елдің қамын ойлаған, қалса, өзінің ойына терең бойлаған, «кеңесі кеңінен келетін» ақын екендігі өлеңдерінен байқалады».

1923 Түркістан республикасының квотасымен Мағжан мемлекеттік стипендия алып, Мәскеуге оқуға кетеді.

1923 Ж.Аймауытов «Талап» қоғамы бағдарламасының аясында, «Мағжанның ақындығы туралы» Таш-кентте студенттер алдында баяндама жасады.

1923 Ташкенттегі «Шолпан» журналының 4-8 санда-рында «Шолпанның күнәсі» деген ұзақ әңгімесі басылды.

1923 «Шолпан» журналының 4-8-сандарында Мағ-жанның «Батыр Баян» поэмасы басылды.
«Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,

Сұм өмір абақты ғой саналыға.

Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,

Сондықтан жаным күйіп-жанады да...

Ойланды, күңіренді, толғайды ақын,

Күрсініп көзіне жас алады да.

Ақында адамзаттан дос болмайды,

Жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына...»

1923 «Шолпан» журналының 2-3 сандарында Мағжанның «Қорқыт» поэмасы жарияланды.

«...Атасы ақындардың – ақын Қорқыт,

Өмірде жүрген жерін қанды ор ғып...

Шомылып көз жасына сарнай, зарлай,

Құшақтап қарағайын жатыр Қорқыт...
Ес білдім – аласұрдым сағым қуып,

Жете алмай, бетті талай жаспен жуып,

Артымда – ор, алдымда – көр, өтеді өмір...

Дариға бесігімнен көрім жуық...»

1923 Ташкент қаласында «Қойлыбайдың қобызы» поэ-масын жазып, өлеңдер жинағына қосып бастырды.

«...Қойлыбай жын жүгендеп, пері мінген,

Алдында жорғалаған шашты шайтан...»

1924 Мәскеуде «Жүсіп хан» дастанын жазды. Дастан 1925 жылы «Еңбекші қазақтың» 395-396-санда-рында «Шын ертегі» деген атпен басылды, 1928 ж. Жеке кітап болып Мәскеуде «Жүсіп хан» деген атпен шықты.

1924 16-маусым. Жүсіпбек Аймауытов пен Молдағали Жолдыбаев Мағжанға Орынбордан хат жазды:

«...Сен – ақынсың. Күніміз де, көз алдымызда ұстайтын қазақ әдебиетінің «көгіне өрмелеп шы-ғып, Күн болатын» үміткер ақын сенсің.

...Сары уайымшыл болса да, бүгінде Байронды төңкеріс ақыны деп санап отыр. Төңкерісшіл бол-маған ақынның өркені өспейді. Өркеніңнің өсуіне тілектес болғандықтан да, дос-жараның сөз айтып, көңілдегі мүддемізді шығарып отырмыз...»

1924 12-қыркүйек. Абдолла Байтасовтың Жүсіпбек Аймауытовқа жазған хатынан:

«...Мағжанға жолықтым. 15 күндей бірге бол-дық. Ол саған қатты разы... Мұхтар оған:

«Түбінде жалғыздар тобы жасайды, біз жал-ғыздар тобының құрамасымыз», – деп жазады екен. Бұл пікірді Мағжан да қуаттайды. Екпіні күшті қалам, сиқырлы сөз негізі берік пікір тү-бінде алып та, шалып та жығады деп ақын шал-қып-ақ жүрген көрінеді. Оның настроениесін кө-теріп отырған – Мәскеу.

...Мағжан Әлекең «Восиздаттың» нау. сотруд-никтері...

...Мұхтар: әдебиет соңынан жарық алып түс-тім. Оқимын деп Ленинградқа кетіпті. ...Мұхтар Мағжанмен жиі жазысып тұрады екен. Пікірлерін оқыдым...»

1924 24-қараша. Қазақстаннан жіберілген нұсқау-тапсырмаға сәйкес Нәзір Төреқұлов Мәскеуде Күншығыс халықтарының Коммунистік универси-тетінде оқитын қазақ жастарының «Жерлестік» ұйымын жинап, Мағжан шығармашылығын тал-қылатты, негізгі баяндаманы өзі жасады.

Н.Төреқұлов: «Біз айтамыз, Мағжан Кеңес топырағында отыратын адам емес. Мәселен, «Жолдастарға» деген... өлеңінде бізді кекетіп, кә-мунес партиясын қоңыз қылып көрсетіп, «оларда түпкілікті идея, жол жоқ. Олар қарын тойғызуға жүр» дегенге келтірген...»

Сол кезде Мәскеуде жүрген Мағжанның өзі шақырылмаған.

1924 Түркістанның баспасөз таратушы мекемесі эт-нограф-ғалым Әбубәкір Дибаев жинаған қазақ әдебиетінің үлгілерін «Тарту» деген атпен кітап етіп шығарды. Осы жинаққа М.Жұмабаев «Әбу-бәкір ақсақал Дибаев» деген тақырыппен алғысөз жазды.

«...Елге еңбегін сіңірген ер қымбат. Ердің елге бағасы қаны бір болуда емес, жаны бір болуда, қуаныш-қайғысы ортақ болуда. Ердің бағасы елге еткен еңбегінің зор яки кішілігінде емес, ел деген жүректің таза болуында; тілегінің елмен ортақ болуында; ер өмірінің өрі мен көрі ел өмірінің өрі-көрімен бір болуында».

1924 3-желтоқсан. Алматы облыстық «Тілші» газетінде Мағжанның Мәскеуден жолданған «Сәлем хат» деген өлеңі басылды.

«Сәлем сөзім алыстағы еліме,

Алыстағы ақ селеулі беліме.

Айдан да анық сендерді іздеп қайтуым.

Күнім бітіп, кіргенімше көріме...

Қайтуым хақ, белді будым тас қылып,

«Кет!» деме, елім, енді мені басқа ұрып.

Дейтін болсаң: «Қой жырыңды, жырауым!»

Қобызымды қиратармын тасқа ұрып.

Сөзім осы алыстағы еліме,

Алыстағы ақ селеулі беліме,

Жатсың демей, өзімсің деп баурыңа ал,

Қолың беріп, мендей саяқ серіңе...»

1924 19-желтоқсан. «Еңбекші қазақ» газетінде Мағ-жанның осы өлеңіне жауап ретінде С.Мұқанов-тың «Сәлемге сәлем» деген ұзақ өлеңі басылды. Онда Мағжанды күтіп отырған елі жоқ, деген са-рында айыптау пікірлер айтылды.

1925 21-наурыз. Петропавлға, губерниялық Лито басқармасына құпия хат келді. Онда: «М.Жұма-баевтың 1923 жылы Ташкентте шыққан өлеңдер жинағын қаттап, жинап алу, ерекше нұсқауға де-йін таратпау» айтылған.

1925 14-қаңтар. «Еңбекші қазақ» газетінде «Мағжан кітабы туралы» деген тақырыппен ақын шығарма-шылығының Мәскеудегі қазақ жастары ортасында талқыланғаны туралы мақала басылды.

«Кәмунестер партиясының жолына қарсы Мағ-жанның «жұмбақты» өлеңдері газет-жорналдар бетіне тексерусіз басылмасын дейміз...»

1925 2-наурыз. Ресей Коммунистік партиясы Орталық комитетінің секретариаты «Қазақ баспасөзінің жағдайы және оны жетілдіру шаралары туралы» арнайы қаулы қабылдады.

Қаулыда сол кездегі мерзімді қазақ баспасө-зіндегі ұлтшылдық көріністері атап көрсетіліп, «Ұлтшылдармен, алашордашылармен күрес шара-лары» белгіленді. Соның нәтижесінде Мәскеудегі Шығыс баспа орталығында жұмыс істейтін Нәзір Төреқұлов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмаба-ев тағы басқалары қызметтерінен босатылды.

1926 Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» зерттеу еңбегі жарық көрді. Кітапқа өлең сөздің теориясын түсіндіруге мысал ретінде Мағжанның 14 өлеңі кейбірі толық, кейбірі үзінді күйінде берілді.

1926 Ахмет Байтұрсыновтың «Сауат ашқыш (Дыбыс әдіс жолымен тәртіптелген қазақша әліпби)» оқу-лығы Семейдің губерниялық баспасынан 7400 дана болып басылып шықты. Оқулыққа Мағжан-ның «Түн еді» деген өлеңі енгізілді.

1926 «Жаңа мектеп» журналының 6-санында «Өтірік өлең» деген дастаны басылды.

«...Хан қырағы данам деп,

Ханның тілін алам деп,

Қырылды ел бейбақ!

Ау, әлеумет, ойлаңдар!

Ойлап қана қоймаңдар!

Қырыламыз ба, хан деп-ақ?!..»

1926 ...БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің баспасөз бөлімінің №:44367 қатынас қағазында жауап ретінде жазылған «Қазақтың көркем әде-биетінің қазіргі халі туралы менің пікірім» деген құжатта С.Мұқанов: «Мен қазіргі жазушыларды төрт түрге бөлемін...

3. Нағыз оңшыл ұлтшылдар Мағжан Жұмабай-ұлы, Мұхтар Әуезұлы, Міржақып Дулатұлы, Ах-мет Байтұрсынұлдары,

4. Жолбикелер Жүсіпбек Аймауытұлы, Шәкәрім Құдайбергенұлы, Иса Байзақұлы, Сәбит Дөнентай-ұлдары және т.б.» деп жазды...2

1926 14, 15-қазанда, «Еңбекші қазақ» газетінде С.Мұ-қановтың «Көркем әдебиет туралы» деген мақа-ласы басылды.

«...Неше жылдан бері жазуға кәнігіленген, оқуы мол, әдебиет заңына жетік: Жұмабайұлы Мағжан, Аймауытұлы Жүсіпбек, тағы сол сы-қылды....»

«...Қазақтың өз ішінен шыққан «Алашорда» партиясы бар. Оның өз мүддесін аянбай қорғай-тын Мағжан сықылды ақыны бар. Олар қағаз жү-зінде жоғалғанмен, әлі өліп біткен жоқ...»

«Міржақыптың «Оян, Қазағындай», Мағжан-ның «Шолпанындай» көже өлеңдерді біздің кедей-ден көтеріліп келе жатқандарымыздың қайсысы болса да жазады...».

1927 15-16-қаңтар. «Еңбекші қазақ» газетінде Смағұл Сәдуақасовтың «Әдебиет әңгімелері» деген мақа-ласы жарық көрді.

«Мағжанды қайтсе де жақсылайын деген ойдан мен, сірә, аулақпын. Бірақ барын бар, жоғын жоқ деу керек. Мағжанды күйдірсек, біз барына күй-діреміз. Қайткенде де Мағжанды «доңыздатып, қо-ңыздатушыларға» қарсымын...»

1927 қыркүйек Смағұл Сәдуақасов Мәскеудегі «Ого-нек» баспасына дайындаған «Молодой Казахстан» деген жинаққа алғысөз жазды.

«...Ал М.Жұмабаевқа келсек, ол бір кезде қазақ жастарының ең сүйікті ақыны болды. Мағжан қазақ тіліне Лениннің бірнеше том шығармаларын ауларған. Коммунист ақындардың ішінен ең атақ-тыралары Сәкен, Мұқанов және көп үміт күтті-ретін талантты Жансүгіров. Өлеңінің формасы жө-нінен Сәкен Жұмабаевтан әлдеқайда әлсіз...»

1927 19-тамыз, «Тоқсанның тобы» деген өлеңі «Еңбекші қазақта» басылды.

«...Жырладым елді жалпылап,

Жасырмай жүзді жоқтадым,

Тоқсанға енді тоқтадым,

Толғанып, ойлап, талқылап...»

1927 «Лениншіл жас» журналында Жүсіпбек Аймауы-товтың «Мағжанның ақындығы туралы» деген баяндамасының мәтіні басылды.

«...Мағжанның ақындығын сынауға біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз; толық сынау үшін, оның алды-артын орап, өрісін арыл-тып шығарлық сегіз қырлы, негізді білім керек».

«...Күшті ақын. ...нәзік сезімнің, тәтті қиялдың ақыны, ол – кедейдің ақыны емес, ұлт ақыны».

1927 «Еңбекші қазақ» газетінің 223-224-сандарында С.Мұқановтың «Байдың толғағы» деген мақаласы басылды.

«Жақында ғана баспада жарияланған Мағ-жанның: «Ал, мен тоқсанға қосылам, кедейшіл бо-лам, нанбасаң байды ит-шошқа, жуан қарын, па-сық, арамтамақ деймін. (Бұлай десе баяғыдан бері қайда қалды екен?-С.М.) Маған қалай сенбейсің, мен де кеңесшілмін» деген сөзі қазақ байының бояма пікірінің нағыз өзі. Мағжанның бұл бояма-сы қазақ байының өліп бара жатқанын сыпаттай-ды. Бірақ, Мағжан осы оймен жазды ма, болмаса, «дәм-тұзымызға» еріксіз келді ме, ол арасы әлі талас мәселе...»

1927 «Қызыл Қазақстан» журналының 22, 23-сан-дарында. С.Мұқановтың «Кейбір қортындылар» деген мақаласы басылды.

«...Бұрынғы Қызылжар уезінде Зілғараның Әлібегі деген кісі «атымды атадың» деп біреуге пышақ салып алған екен. Сол сықылды, Мағжан-ның атын атап, «ол да үйренген» десек, Қошке пышақ ала ұмтылудан қашатын емес».

1927 Қызылорда қаласындағы ҚССР-нің мемлекеттік баспасынан А.Байтұрсынов пен Т.Шонанұлының «Оқу құралы» хрестоматиясы (көлемі 26 баспа табақ, 5000 дана) басылып шықты. Оқулыққа Мағ-жан Жұмабаевтың «Жазғы түнде», «Орман пат-шасы» (Шиллер-Жуковскийден), «Дін үйреткен-ге», «Орамал», «Толқын», «Жазғытұрым» деген өлеңдері енгізілді.

1929 17-қазан. «Еңбекші қазақ» газетінде С.Мұқановтың «Жазушылар конференциясы керек» деген мақа-ласы басылды.

«1923-1926 жылдардың бас кезінде байшыл жазушылар Қазақстаннан қуғын көрді.

...Аймауытұлы Жүсіпбек, Жұмабайұлы Мағ-жан, Кемеңгерұлы Қошке, Байтасұлы Абдолла, Ысқақұлы Даниал сықылды байшылдар тұтасы-мен Түркістанға барып, Қожанұлының қолтығына паналады...»

1929 18-маусым. Ахмет Байтұрсынов түрмеде тергеушіге берген жауабында былай дейді:

«...Жұмабаев пен Бөкейханов 1924 жылы күзде Мәскеуде маған... жатқан жеріме келді ме, әлде өлкетанушылар съезінің мәжілісінде кездестік пе, әйтеуір бір жүздескеніміз анық (233-бет).

1929 Мұхтар Әуезов: «Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. ...Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Қа-зақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Европадағы мәдениет пен сұлулық сарайына ба-рып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп, се-зінгендей боламын...»

«Мағжан – культурасы зор ақын. ...бүгінгі күн-нің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалатын сөз – Мағжанның сөзі».

1929 6-шілде. Мағжан саяси сенімсіз адам ретінде күдікпен ұсталып, тұтқынға алынды. Ұстаған екі адамның бірі – Шаяхметов Жұмабай.

1930 4-сәуір. ОГПУ-дің ерекше қаулысы бойынша Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев... ату жазасына кесілді.

...Жалақы мөлшерінен артық мүліктері тәркіге алынды.

1930 30-мамыр. Жоғарыдағы азаматтарға кесілген ату жазасы он жылдық бас еркінен айыру шарасымен алмастырылды.

1930 18-қыркүйекте «Еңбекші қазақ» газетінде С.Мұ-қанов, Б.Майлин, І.Жансүгіров қол қойған «Ашық хат» жарияланды.

«...М.Жұмабайұлы «Алқа» деген ұйым ашпақ болды...

...Мағжан ұлтшыл, байшыл, төңкеріске қарсы, бірақ әдісі, айласы, мол байшыл жазушылар қа-тарында...»

1930 қазан. Мұхтар Әуезов түрмеде тергеушіге берген жауабында былай деді:

«... 1925 жылдың басында «Табалдырық» әде-би тобының декларациясы қосып салынған Жұ-мабаевтың хаты маған пошта арқылы келді... өзі-нің бағыт-бағдарынан байқалып тұрғандай, М.Жұ-мабаевтың бұрынғы көзқарастарына қарағанда мүлде басқаша, мазмұны жағынан солшылдыққа жақын, бүгінгі күнге бейімделе жасалған еді.

1931 «Жаңа әдебиет» журналының 6-7-сандарында С.Мұқановтың «ҚазАПП алтыға толды» деген ма-қаласы басылды.

«Мағжан төңкеріске қарсы... Пролетариат әде-биетіне жан-тәнімен қарсы».

1931 20-қыркүйек. Протокол допроса обвиняемого Ауезова Мухтара: «В Ташкент я приехал в конце ноября 1922 г. .. Из знакомых своих в Ташкенте одного только Магжана Джумабаева, сотрудни-чавшего в журнале «Чолпан».

«Алку» и письмо от Джумабаева я получил в Семипалатинске одновременно и в одном конвер-те и никакой предварительной переписки с ним не вел. Никакой нелегальщины в этой «Алке» я не видел и по полученным платформам... а Джума-баеву я написал, что принципиально «Алку» я одобряю и считаю нужным созвать совещание казахских литераторов для оформления офици-альной организации литературоведов. Этим все и закончилось...»

1931 «Жаңа әдебиет» журналының 4-5 сандарында С.Мұқановтың «Қазақтың пролетариаттық әде-биеті туралы» деген мақаласы басылды

«...Өлеңнің түрі жағынан «Ғаббастың Сәкенді «бейшара» көрсетіп, Мағжанға жығыла беруі дұ-рыс емес...

...Мағжаннан үйрен деуден тыйылмай болмай-ды...

...Мағжаннан үйрен деушілер оның «толқын-дарын» пайғамбардың хадисіндей көріп, аузынан сілекейі шұбырғаннан басқаны білмейді, залалы-нан сақтандырмай, орынсыз «намаз» оқиды. Бұл – жақсы ауру емес...»

1931 Айдауда жүргенде «Ботамды көрдім түсімде» деген өлең шығарады.

1933 5-маусым. «Социалистік Қазақстан» газетінде С.Мұқановтың «Поэзия мәселесі» деген мақаласы басылды.

«...Мағжан байлар поэзиясының ақыны...»

1933 11-қыркүйек. Ғ.Мүсірепов «Әдеби мұраны игеру ісін алашордашылардан үйренуге кеңес береді: «Біз шеберлікке Абайдан, Мұхтардан, Мағжаннан және Омардан (Қарашев) үйренейік» деген сөз үшін жазғырылды3.

1934 Мағжанның әкесі Бекмұхаммет Жұмабайұлы (1868 ж.т.) 66 жасында қайтыс болады

1935 27-мамыр «Қазақ әдебиеті» газетінде С.Мұқановтың «Қазіргі сатымыз» деген мақаласы басылды.

«...Алашордашыл ақын, жазушылар табиғаты-ның мылқау күшінің құлы...

...Қалмақанның (Әбдіқадыров) «Бұрғы» деген жиырма жолдық өлеңінің мазмұн байлығын, сөзі-нің екпінін, сенімнің күштілігін, уақиғасының ты-ғыздығын, пікірлерінің материалистігін алсақ, Мағжан сияқты алашордашылардың барлық поэ-зиясы садағасына да тұрмайды...»

1936 маусымда түрмеден Қызылжарға келді.

1936 Айдаудан оралып келіп, Еслам деген жігіттің қа-засына «Еслам қазасына көңіл айту» деген өлең жазған.

1936 27-қазан. С.Мұқанов Мағжанның Петропавлдан жолдаған хатына жауап жазды:

«Сізбен жолығып сөйлескенде де мен айттым ғой: егер де өзіңіз шын ниетпен совет әдебиетіне қызмет етемін десеңіз, жазуыңызға ешкім бөгет болмайды деп. Сол сөзім әлі де сөз, жазуыңызды бетке қақпаймыз. Совет платформасында отырып жазған сөзіңізді басамыз. Мұнда келем десеңіз, Сізді бетке қағатын ешкім жоқ...»4.

1936 27-қыркүйек. М.Жұмабаев Петропавлдан Ал-матыға, Қазақстан жазушылар Одағына (төрағасы С.Мұқанов) хат жазады:

«Өзімнің кінама лайық жазамды өтедім. Еңбек-тің қара қазанында қайнап, адасулар мен арам ойлардан мәңгілікке арылдым. Мен бұрынғы ойла-рымнан арылып, бай мен ұлтшылдардың жолы-нан бас тарттым және жаңа жолға, еңбекшілер жолына бет бұрдым. Мен қалған өмірімді берік ниетім мен үмітімді дәлелдеу үшін социалистік құрылыста еңбек теуге бел будым. Мен үшін енді еңбекші таптың, коммунистік партияның жолынан басқа жол жоқ.

Еңбекші табы әдебиетінің жетекшісі – жазу-шылар Одағы баяндамасынан менің өткен кезең-дегі адасушылығымды қатал сынға ала отырып, сыртқа теппей, өзіне тартып, Жазушылар Одағына мүшелікке қабылдап, жетекшілік етуін, көмек беруін сұраймын».

Мағжан Жұмабаев,.

Петропавл қаласы, Дзержинский көшесі №19 үй.


1936 жылдың аяғы. Мағжан Петропавлдан Алматыға С.Мұқановқа хат жазды:

«Құрметті жолдасым Сәбит. Сіз менің Петро-павловскідегі орыс мектебінде орыс тілі мен әде-биетінен сабақ беріп жүргенімнен хабардар бо-ларсыз. Январьдің басында мені қызметімнен бо-сату туралы мәселе қозғалғанмен де, біраз уақыт басылып қалған еді. Бірақ январьдің соңында бұл жәй тағы әңгіме болды да, мені жұмыстан шыға-рып жіберді. Не себептен босатылғанымды сұра-сам, қалалық оқу ісінің меңгерушісі жалпы саяси себептерге байланысты дегенді айтты. Міне, 20 шақты күн болды, жұмыссыз отырмын.

Декабрьде көркем әдебиеттердің қазақ баспа-сымен Толстойдың «І Петр», Некрасовтың «Дека-бристерін» аударуға келісімшартқа отырған едім. Содан бері одан да хабар жоқ. Ол жақтан мен өте қиын халде оралдым. Әсіресе, жұмыссыздығым жаныма жаман батады.

Мен Қазақстанға жаңа жолға түскенімді өзім-нің қалам ұшымен көрсетсем деген жалғыз тілек-пен оралдым. Қалай болғанда да орталыққа жетуім керек деп шештім. Егер жолға қаражат тапсам, орталыққа баруды ойлап отырмын. Әрине, өз халімнің қиындығын айта отырып, Сізді де бірде-меге міндеттегім келмейді. Сізге осылай жазуға қазіргі халім итермелеп отыр. Кешіріңіз. Бұл хат-ты қыдырып келген туыстарым жақтан, Степняк-тан жазып отырмын».

1937 18-наурызда Мағжан Қызылжардан Алматыға жүріп кетті.

1937 наурыз-желтоқсан. Алматыда музейде, мектепте, колхоздағы дәрігерлік пунктте жұмыс істеді. Бас-падан кітап алып, аударып, қаламақы таппақ бол-ды.

Қазақстанның бірінші басшысы Л.Мирзоянға арыз жазды. Сол арыз бойынша басшы қызметтегі Ғ.Мүсіреповке жолықты.

1937 «Жамбылға» деген ұзақ өлеңін жазады. Қалғаны бір ғана шумақ.

«...Жан аға! Шықтым өлімнен,

Халімді менің көрсейші.

Жаның нұрға көмілген,

Нұрыңнан ұшқын берсейші!..»

1937 «Қаламыма» Л.И.Мирзоянға арналып шығарылған ұзақ өлеңі. Сақталғаны үш шумақ.

«...Осы бетім – ақ ниетім, елге ере алсам,

Гүлденген өмірге үндес жыр бере алсам.

Социалды Отанды қанмен қорғап,

Керек болса кезінде жан бере алсам...»

1937 30-желтоқсанда Мағжан Жұмабаев тұтқындалды.

«...Мен қоштаспаймын. Бір күнәға құдайдың өзі екі жаза бұйырмайды. Өзің білесің, Кеңес үкі-метіне, қазақ халқыма ешқандай қылмысым жоқ. Ал, осы жолдан қайтпасам, «бөлтірік бөріні талап, мерт қылды» деп түсінерсің. Осы есіңде болсын».

1949 31-қараша. Қазақстан жазушылар Одағының ІҮ пленумында С.Мұқанов баяндама жасады:

«...Алашорда жазушыларының ең көрнектісі-нің бірі, шығармалары шылқып тұрған реакция-шыл символизм бағытында жазылған Мағжан Жұмабаевқа әдеби суд жасап, оның... халық бос-тандығына жаулық сырын ашты..»

1960 4-наурыз. С.Мұқанов «Досыма хат» деген ұзақ мақала жазды. Мақала «Жұлдыз» журналының сол жылғы 8-санына басылды, «Өсу жолдарымыз». А, 1960 ж. деген кітапқа «Соңғы сөз орнына» бе-рілді.

«...Октябрь революциясына, Совет үкіметіне қарсы көптеген өлеңдер жазған Мағжан Жұма-баев...

...Ячейка мүшелері Мағжанның осы арам ние-тіне қарсы шығып, курста сабақ беруден қуған...

...Алашорданың ең реакцияшыл ақыны Мағ-жан Жұмабаев та оқу-ағарту ісіне тартылды..» ...Мағжан Жұмабаев біраздан кейін (1923 ж) тіпті еркінсіп алды да:
Кене мен Абылайдың жолын қумай,

Жапанда жайылудың мәні қалай? –

деп қазақты Россияға қарсы құралды көтеріліске шақырды...

...Алашорданың председателі болған Әлихан Бөкейханов, Батыс Алашордасының председателі Жиһанша Досмұхаметов, Мағжан Жұмабаев тағы басқалары Москваға кетті...

...Аузымыз «дуалы» екен: «Байтұрсыновтың аты, шынында да советтің қара тақтасына мәңгілік болып жазылды...

...Екінші қатты соққы 1924 ж. күзінде Мағжан Жұмабаевқа берілді...

...Мағжан – «қазақ еңбекшілерінің тап жауы» деп танылды...

...Байтұрсыновтан, Жұмабаевтан бастап Алаш-орда жазушылары...

...Жұмабаев сияқты ашық алашордашылар...

...Алашорданың ең революционер жазушысы – Мағжан Жұмабаев...

...Совет өкіметі орнағаннан кейін орыс әде-биетінде, Совет баспасөзінде советке қарсы жаз-ған шығармаларын жариялаған Мағжан Жұмабаев сияқты ақынды таба алмайсыз...

...Мағжан Жұмабаевтың революцияға ашық түрде жазған шығармаларына ілесе алмайды...»

1964 Сыншы, профессор Есмағамбет Ысмайылов башқұрт жазушысы Сәйфи Құдашты Мағжан Жұ-мабаев деген қазақ ақынының шығармашылық мұ-расымен таныстырады. Бұл жөнінде Сәйфи Құ-даштың жазғаны:

«Профессор Мағжан шығармаларының қайта басылып шығуына бөгет болып отырған өзі біле-тін екі себепті атады. Бірінші – Мағжанның жеке басына жау болғандар енді не қыларын білмей отыр. Ол бір кезде ақынды «әшкерелеп» бақты, ал, енді қазір, артық айтқан сол сөздерін адал ниетпен қайтып алуы керек пе, әлде бұрынғысынша «тура-шылдыққа» салынып, ақынды әлі теріс бағалаудан таймау керек пе? Кейбіреулер осы екінші жолды күйттеп, өзінің жеке басының бақ-беделін қазақ әдебиетінің мәртебесінен жоғары қойып отыр».

1968 қараша. Алматыда, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде жиналыс болып, оған қатысушылар республиканың тиісті орында-рына М.Жұмабаевтың екі томдық шығармалар жинағын бастырып шығару туралы ұсыныс қойды.

1969 Башқұрт жазушысы Сәйфи Құдаш Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа, Башқұрт обкомының бірінші хатшысы М.З.Шәкіровке Қа-зақстан Жазушылар одағының басқармасына «Қа-зақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың тағдыры тура-лы» хат жазды.

«...Мағжанның шығармаларын қайта басып шығаруға, менің ойымша, С.Мұқанов қарсы. Осы жөнінде мен хат жазып сұрағанымда, ол сырғыт-палап, тіпті кекесінге сүйеп, «қазір М.Жұмабаев-тың қамқоршылары жоқ» деп жайап берді».

1974 25-шілде. Профессор Тұрсынбек Кәкішев Ғабит Мүсіреповпен үш жарым сағат әңгімелесіп, сөз арасында Мағжанға байланысты сұрақар қояды.

...Мысалы, «Мен тоқсанмен біргемін» дейтін Мағжан да бізге жақындап қалған кісі еді. Сол кезде оған іші жылыған адам болмады ғой.

Мысалы, әлгі

Ертеде бар екен қалың Найман,

Қытайда қалың Найман қанат жайған,

Қалың Найман ішінде Бағаналы,

Қазақта бақсы асқан жоқ Қойлыбайдан,-

деп келетін нәрсе бар ғой. Қобызын қосқан, қо-бызы бәйгеден келген. Сонымен тоқтап, аяғын ке-сіп тастаса. Мысалы, аяғында: «Шіркін-ай, кер заманды күл қылар ем, Бата алсам Бағаналы, Қой-лыбайдан», дейді ғой соңында. Ал, енді мұны шын, тексерген адамға кер заманның өзі рево-люцияның алды екен. Көрдің бе? Соны кейін жа-риялаған дейді. Кейін жариялаған соң біздің заман сөз болып тұр»5.

1988 желтоқсан. Жазушы Әнуар Әлімжанов «Дружба народов» журналының 12-санына Мағжанның орысшаға аударылған бір топ өлеңін және 1969 жылы Сәйфи Құдаш жазған хаттың орысша нұс-қасын алғысөз жазып бастырды.

«Қонаев пен Шәкіров Сәйфи Құдаштың бұл ха-тына жауап қайтарған жоқ. Жауапты, міне, уақыт-тың өзі беріп отырды».

1988 28-желтоқсан. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюросы М.Жұмабаевтың, А.Байтұр-сыновтың, Ж.Аймауытовтың қоғамдық-саяси, ғылыми-педагогикалық және әдеби қызметі жө-ніндегі тарихи шындықты қалпына келтіру туралы қаулы қабылдады. Тиісті орындарға бұл қайрат-керлердің еңбектерін басып шығару туралы нұс-қау берілді.

1989 Алматыда, «Жазушы» баспасында «Мағжан Жұма-баев. Шығармалары: Өлеңдер, поэмалар, қара сөз-дер» деген кітап басылды. Көлемі 448-бет. Құрас-тырғандар: Абдуллин Х., Дәрімбетов Б., Жұма-баева З.

Алғысөзін жазған Әбділдә Тәжібаев: «Біз ба-сымыздан кешірген сұмдық оқиғалардың бәрін де жарық күннің астына жайып саламыз, кім кінәлі деген сұрақтарға, аттарын атап, кіналарын мой-нына қоя жауап береміз».

1993 Қазақ ақыны Хамза Абдуллин «Мұстафа мен Мағжан – Тұран елінің даналары» деген кітап құ-растырып бастырды.

«Мағжанның үнін өшіргендер – тыстан келген қаныпезерлер емес, керісінше, өз шаңырағымыз-дың астында шарықтап жүрген мансапқорлар еді. Олар... Мағжан атын атаған адамдарға да қауіп төндіретін әдіс қолданды. Бір ғана «Мағжан» де-ген сөздің төңірегінде үрейден биік мұнара ор-натты.

«...Мағжаншыл жігіттердің аса білгір де сауат-ты ақынның өлеңдерін өзінің сол мүлтіксіз қал-пында бере алмағанына қатты ренжиміз, қинала-мыз».

«...Мағжан 1938 жылы атылған жоқ, 1956 жылы өз ажалынан Новая Земля аралында қайтыс болды».

Ілияс Омаров: «Мағжан – қазақ поэзиясының жарық күні. Күн нұр шашса, кейбір «әдебиеттің жұлдызы боламыз» деп жүргендер сөніп қалады. Осы бір кертартпалардың қырсығынан Күніміз әлі күнге дейін нұрын шаша алмай келеді».

1995 Алматыдағы «Жазушы» баспасынан Ә.Тәжібаевтың «Есімдегілер» кітабы басылып шықты.

«...Россиядағы шығыс халықтарының ішінде орыс поэзиясының бұқарашыл-демократтық прин-цптерін барынша биік және берік ұстаған санаулы ірі ақындардың бірі Абай десек, ХХ ғасырға ауыса берістегі орыс поэзиясындағы декадент символис-тер деп аталған ағымды берік ұстанған шығыста Мағжан Жұмабаев еді...

...Мағжан біздің бітіспес жауымыз дегенді ме-нің ұстаз ағаларым да айтты. Мен де солай сөй-леп, солай жаздым...

...Біз жүрегін ашып, шынын барлық дауысымен жариялап келген үлкен ақынды қабылдамадық. Онымыз теріс болды...»

2000 19-наурыз. Профессор Тұрсынбек Кәкішев «Сәбит өз халқына дұшпандық ойлады ма?» деген мақала жазды. Бұл мақалада Тұрсынбек Кәкішев «Толғам» деген кітабына кірді6.

«... Саяси жолы терісі, төңкеріске қарсы өлең-дер еңбекшілер әдебиетіне өң бермеді. Коммунис-тік партияның жолына қарсы» Мағжанның «Жұм-бақтым» өлеңдері газет-журнал бетіне тексерусіз басылмасын. Мағжанның саяси жолы қазақ еңбек-шілеріне » деп алған шәкірттер қаулысы сол кезде қалыптасса бастаған төңкерісшіл күштерге, ақын-жазушыларға, мәдениет қызметкерлеріне, не ке-рек, идеология саласындағыларға большевиктік бағдарламадай болды. 1988 жылға дейін осы көз-қарас өмір сүріп, одан безген заңды болған емес».

Міне, осындай кезеңде Сәбиттің дауысы өзге-ден гөрі басым шыққалы рас! 1925 жылы «Ең-бекші қазақ» газетінде «Көркем әдебиет туралы» жазған атты мақаласында мейлінше зор екпінмен пікір айтқанда шоқпардың басы әуелі Мағжанға тиіп жаққаны өтірік емес. Сәбит Мағжанның идеялық көзқарасы туралы нағыз пролекульттік түсінікте болды. Сәкеннен де асырып жіберді.



«Қазіргі кезіміз де жаймашуақ емес, больше-вик адал арысымыздың сорпасын ішіп қалғандар-дың сана-сезімі оңайлықпен оңға бұрыла қоятын емес».


1 «Еңбекші қазақ», 1926, 1-желтоқсан.

2 ҚР Президентінің мұрағаты. 141-қор, 1-т., 980-іс, 2-7-парақтар.

3 ҚР Президентінің мұрағаты. 141-қор, 1-т., 5817-іс, 1-17-парақтар.

4 Елеукенов Ш. Мағжан. А., 1995, 135-бет.

5 Кәкішұлы Т.Толғам. А., 2004, 196, 199-беттер.

6 Т.Кәкішев. Толғам. 2004, 39-82-беттер.


Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет