Ұлттық біріңҒай тестілеуге дайындық МӘселесі п.ғ. к., профессор м а. Жұмақаева Береке Дәулетханқызы



жүктеу 62.97 Kb.
Дата07.09.2017
өлшемі62.97 Kb.
ҰЛТТЫҚ БІРІҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУГЕ ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕСІ

п.ғ.к., профессор м.а.

Жұмақаева Береке Дәулетханқызы
Бірыңғай ұлттық тестілеу бүгінде көптің көкейінде жүрген мәселе. Жыл да әрқилы талас пікірдің де туындап жататыны жасырын емес. Жалпы алғанда мектеп бітіруші түлектер үшін де, ата-ана үшін де, мектеп қауымы үшін де ҰБТ үлкен «басауруға» айналғаны шындық. Білім беру саласында ұйымдастыралатын конференция, семинарларда, мерзімді басылымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында тестіні алмастыру туралы пікірлер де жиі-жиі айтылып жүр.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тікелей ұйымдастыруы және қадағалауымен өткізілетін ҰБТ білім беру саласына енгеннен бастап жылма-жыл көп тәжірибе жинақтауға мүмкіндік туғызды. Әйтсе де әлі көп жетілдіруді қажет ететіні айқындала түсуде.

Туындайтын мәселелер көп: Біріншіден, тест тапсырмаларын құрау төңірегінде де бірнеше мәселе бар. Тестің сапасын, мектеп бағдарламасына сәйкестік мәселесін қадағалау. Тест тапсырмаларындағы ойдың анықтығы, сөйлем құрылымының дұрыстығы, қатенің жіберілмеуі т.т. Бұлар жылда апелляциялық комиссияға жүк болып журген мәселелер.

Тестке дайындықтан туындайтын ең үлкен мәселе – оқушыға қатысты, оқушыға әсер ететін факторлар туралы.

Біріншіден, қазіргі білім беру саласында жаңа технология, оқытудың инновациялық әдістері деген көп сөз болып жүргенімен, білім берудің негізгі ұстанымдарын өзгерте қойғанымыз жоқ. Олай дейтініміз, мектеп оқушысына берілітен білім әлі де ақпарат көлемімен өлшенеді. Яғни, білімді оқушы түсінігі қажетті ақпаратпен қаруланған, әр пәннен мейлінше мол мәліметтерді (белгілі бір дата, цифр т.б) есте сақтай алатын оқушы дегенге саяды.

Қазір мектеп бағдарламасы бойынша орташа есеппен жаратылыстану пәндерінің өзінен қаншама түсінік, анықтама, факт, физикалық құбылыс, физикалық шама, физикалық, химиялық қасиеттер, өлшем бірліктер, қаншама аспаптың, жабдықтардың атауы ереже, формула, диаграмма, аксиома, таңба, математикалық есеп түрлері, теорема, олардың дәлелдемелері, шешімі т.т есептеп көріңіз. Ал гуманитарлық бағыттағылар үшін де ақпарат оңайға түспейді. Қаншама ереже, емле, атау, дата, оқулық атаулары, олардың шыққан жылдары, тарихи оқиғалар, олардың болған жылдары мен жерлері, авторлар, көркем шығарма кейіпкерлері т.т. Осы ақпаратқа негізделген білім көбіне анықтаманы айтып беру, еске түсіру, көшіріп жазу, жаттау сияқты репрадукцияға негізделген тапсырмалармен орындалады.

Адамның жаратылысында есте сақтау қабілеті әр түрлі болуы заңдылық. Психологтардың нысанындағы «ес», «есте сақтау» деген мәселелерді терең қазбағанның өзінде есте сақтау қабілеттің күшті, әлсіз болуы баланың тумысынан берілетін қасиеттердің бірі екендігін мойындамауға болмайды. Әрине, есті ұлғайту, есте сақтау мерзімін ұзарту дайындық нәтижесінде жүзеге асатыны белгілі. «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар» дейтін Абайдың 31 қара сөзі адамның есте сақтау қабілеті, оны дамыту жолдары туралы сындарлы таным. Абай атқандай «ғибратланып, тұшынып, ынтамен ұғып, оны бірнеше уақыт қайталап ойланып, көңілге бекіту, адам жадын (память) ұлғайтатыны анық.

Дегенмен білім тек есте сақтаумен өлшенбеуі керек. Естігенді қайта айтып беру, жаттау ой операциясының қарапайым қызметі, таным мен ойлаудың ең төменгі деңгейі. Қабілеттілік – кең ұғым. Оған оқушының шапшаң ойлауы, жүйелі ойлауы, терең ойлауы, басқа да көп ой амалдары кіреді. Адам интелектісі басқа қасиеттерден айқындалып, іс-әрекеттен танылады. Білім ұғымы білік, дағды, машық, құзырлылық ұғымдарымен кеңиді. Адам миы – ақпаратты сақтайтын құрал ғана емес, оны саралайтын, сараптайтын, жүйелейтін, жаңаны тудыратын Алланың кемел туындысы. Адам миының есте сақтау мүмкіндігі де шексіз. Алайда оған уақыт, дағды қажет. Оның үстіне тұлғаны дамыту, оның есте сақтау қабілетін дамытумен шектелмесе керек. Осыған қарап ой қорытындысына келуге болады. Бізге ең маңыздысы не? Тұлғаны жан-жақты дамыту ма, әлде есте сақтау қабілетін ғана дамыту ма?

Өкініштісі бүгінгі білім беру жүйесіндегі тесттің тұлғаны дамытуға қаншалықты ықпалы тиеді деген мәселе ескеріліп отырған жоқ. Оқушының дағды, машығын тексеретін тестер бар бола тұра, ҰБТ да тестің бір ғана нұсқасы пайдаланылып жүр. Тестің бірнеше түрі бар: бір ғана жауабы бар ашық тестер; бірнеше жауабы бар тестер, салыстырмалы тестер, шығармашылық тестер т.т.

ҰБТ-ға дайындық көбіне мектеп бітіретін сыныптарда қарқынды жүргізіледі және білім беру мекемелері тарапынан қатаң қадағаланады. Жылда тест нәтижесі сарапталатын болғандықтан барлық мектеп тарапынан тест үлкен қарбаласпен, қобалжумен, дақпыртпен, «ұранмен» өткізіледі.

Тәжірибе көрсетіп жүргеніндей жаратылыстану пәндерін таңдаған оқушылар гуманитарлық сабаққа салғырттық танытады, ал керісінше гуманитарлық пәнді таңдаған оқушы (тестке міндетті математикадан басқа) жаратылыстану пәндерін оқуды қояды. Бұл құбылысқа оқушыларының тесті жақсы тапсыруына мүдделі мұғалімдер қауымы да «түсінікпен» қарайды. Мәселен, әдебиеттің тарихи курсын оқитын 11 сынып оқушылары бағдарлама бойынша ХХ ғасырдың ірі тұлғалары: А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Нүрпейісов, І.Есенберлин т.б. қазақ әдебиетінің классиктерін оқиды. Бағдарлама бойынша аталмыш қаламгерлердің әңгімелері, өлеңдері, романдары басқа да шығарма түрлері оқылуға міндетті. Өкінішке орай көркем шығарманы оқыту жылдан-жылға қиындап бара жатқаны шындық. Оның да көптеген себептері бар. Соның бірі тест екендігі жасырын емес. Тестің дайындығында жүрген оқушыға әр романды оқу үшін белгілі бір уақыт мөлшері керек. Оқушының шығарма оқуға ынта, ықыласы, бейілі (мативациясы) керек. Ал басқа мамандықты таңдаған оқушы психологиясында үстірт ой болатыны жасырын емес. Сол аталмыш тұлғалар мен олардың шығармашылығы болашақ ел азаматының рухани әлеміне қаншалықты қажеттігі, тұлға қалыптастырудағы маңызы өзінше бөлек әңгіме.

Бүгінде оқушыны білім алуға даярлаудан гөрі тестке даярлау басымдық алып отыр. Дәл сол әдебиет сабақтарының өзінде ақпараттың молдығынан мұғалім есте сақтаудың оңай тәсіліне жүгінеді. Әдебиеттің тарихи курсын оқитын сыныптарда семантикалық карта толтыру, негізгі ақпаратты конспектілеу т.б репрадоктивті тапсырмалар орындатылады. Ал көркем шығарманы оқу, саралау, кейіпкерлер жүйесіне талдау, образдарды салыстыра талдау, шығарманың композициялық құрылысы мен құрылымына талдау, проблемалық мәселерді талқылау арқылы оқушының өзіндік пікірін қалыптастыру, шығармадағы сөз образы, көркемдік таным мәселесі, тілдік құралдар, ой конструкциясы сияқты шығарма ауқымында қалыптастырылатын білім, білік, дағды екінші кезекке сырғытылады. Көркем шығарманы оқып, тұшынбаған, оның өзіндік әлемін танымаған оқушы тесті жалаң жаттағанымен ойда бекітіп ұстап қала алмайды.

ҰБТ–ға дайындық барысында, сондай-ақ білім мазмұнын қалыптастыруға көмек ететін мұғалімге пайдалы әдіс-тәсілдер, қағидалар көп. Соның біріне тоқталып көрейік.

Дайындық барысында мұғалім мектеп бағдарламасы бойынша сол пән аясында қарастырылатын белгілі бір тақырыпты бастан-аяқ талдау, талқылау, барысында негізгі жадына сақтайтын басты түйінді ойларды оқушыға сараптату, қорытындылату керек. Білім қалыптастыру үдерісі бірнеше кезеңнен құралуы заңды.

Бірінші кезең теориялық білім қалыптастыру мақсатын көздейді. Мәселен, «Қазақ хандығының құрылуы» деген тақырып болса, қазақ хандығының құрылуына түрткі болған тарихи жағдайлар, териториялық жер аумағы, құрылған мерзімі, құрылуына ықпал еткен тұлғалар туралы т.б. теориялық материал, мәлімет жалаң хабарлама түрінде берілмеуі керек. Кең көлемдегі (видиофильм, слайд, музей материалдары, тарихи дерек көздері қолданылатын) білім мазмұны қамтылуы тиіс.

Екіншіден, алған мәліметтер негізінде стратегиялық жобаларды топтық жұмыс түрінде жасату (топ біріге отырып жасайтын ойын жоба), оны әр оқушыға қорғату білімнің қолданылуына мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар, білім қалыптастырудың таным, түсінік, саралау кезеңдеріне мүмкіндік туғызады. Осыдан келіп «Айтып берген ұмыт болар, Жасатып көрсең, үйреніп алармын» (Конфуций) деген қағида негізі жүзеге асады.

Үшіншіден, Сол тақырып аясында қамтылатын түйінді ойларды (бұлар көбіне тестке алынатын ақпарат көзі деп түсінуге болады) жүйелеу, қорыту оқушы тарапынан атқарылуы керек.

Төртіншіден, келесі өткен тақырып пен алдағы тақырыпты байланыстыратын ақпараттық жүйе жасалу керек. Ол үнемі үдемелі-қайталамалы түрде (спираль типтес) болуы керек.



Қазақ тілі пәнінде «Сатылы-кешенді талдау жобасы» (авторы Н.Оразақынова) осы қайталамалы қасиетімен оқушыларды тестке даярлауда нәтижелі болғандығы практикадан белгілі.

Қорыта айтқанда, «тестіге дайындау» деген жалаң түсінікті оқушыға сапалы да жүйелі білім беру деген оймен алмастыру қажет. Білім беру кезеңдерінің: бастауыш білім, орта білім мазмұны, жоғары білім мазмұнының оқушы үшін өзіндік үлес-салмағы бар. Орта буынды дұрыс оқымаған оқушы жоғары сыныпқа келіп аз уақыт ішінде мол ақпаратты сіңіре алмасы анық. Сондықтан әр сыныпта қалыптастырылатын білім мазмұны сол жыл аяғында сарапталуы керек. Яғни әр сыныпта, әр сабақта, әрбір бөлімді аяқтағанда білім мазмұнының меңгерілуі (өзін-өзі тексеру тестілері арқылы) анықталуы керек. Мектеп оқулықтарында да осы өзін-өзі тексеру тапсырмалары немесе тестілері көрініс табуы керек. ҰБТ-ға алынатын ақпарат көзі, тест тапсырмалары стандарт пен мектеп бағдарламасы бойынша жазылған оқулықтардағы сол тапсырмалар мен тестерден алынуы қажет. Тест тапсырмалары оқушының білім, білік, дағдыларын анықтайтындай болуы керек, яғни тестің шығармашылық түрлері де енгізілгені дұрыс. Оқулықта және сабақ үдерісінде әр тақырып теориялық матералдар мен практикалық сабақтарға жіктеліп, ол білім берудің түсіну, қолдану, талдау, қорыту, бағалау деңгейлеріне жұмыс істеу керек. Оқушыларымызға білім берудің сапасын көтермейінше, тестің нәтижесі көтерілмейтіні анық.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет